• Тарих толқынында
  • 30 Шілде, 2021

МЕРГЕНДЕР

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс  Қазақстан  университетінің  доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Соғыс қазақ халқының тарихын күрт өзгерткен, бұрылыс әкелген, мил­лиондаған отандастарымыздың арасында өшпес із, жазылмас жара қалдырды,– дей отырып, – Ұлы Отан соғысы тек біздің замандастарымызды ғана емес, адамгершілік, игілік сезімдер тұрғысынан болашақты да толғандыратын тақырып», – деп көрсеткен еді. Ұлы батыр айтса айтқандай, бұл тақырып әркімді де толғандырып, зерттеушілерді қызықтырып келе жатқаны анық. Осы тұста майдангер орыс жазушысы Василь Быковтың: «Ұлы Отан соғысының тарихы тек төрт жылмен шектеліп қалмайды, ол тұтас дәуірді қамтиды, қиындығы мен құпиясы уақыт өткен сайын бір­тіндеп ашылады», – деген пікірі өте орынды айтылған деп санаймыз. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы туралы тың деректердің біртіндеп табылуына байланысты біздің де түсінігіміз бен танымымыз жыл өткен сайын тереңдеп келеді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа  қатыс­қан қазақстандықтардың арасында жауынгер қыз-келіншектердің үлесі зор. Тарихшы ғалым М.Қозыбаев өз еркімен майданға сұранып, өтініш жазған қазақстандықтардың 40 пайы­зы  қыз-келіншектер екенін айтқан еді.  Ал тылдағы кеңес әйелдерінің майданға қосқан ерен еңбегі жөніндегі Г.Нұрбекованың «Женщины Казахстана – фронту»  атты  зерттеуінде: «Всего в боях на фронтах Отечественной войны из Казахстана, по неполным данным, участвовало около 6 тысяч женщин», – деп көрсеткен. Демек, осыншама жауынгер қыз-келіншектердің жауынгерлік өмірі, ұлттық құрамы, олардың арасында   қазақ қыздарының саны қанша? Ауыр жараланып мүгедек болғаны қанша?  Бұл сұрақ қазірге дейін анықталған жоқ. Ел басына күн туған заманда, өз еркімен (тіпті барлығы дерлік)  майданға аттанған  қыздардың жауынгерлік өмірі, шет жерде шейіт болғандарының қаза тапқан жерлері де толық анықталмай келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарын­да қыз-келіншектердің  өз еркімен майданға аттануына, тылдағы өндірістік еңбек майданына  белсенді қатысуына әсер еткен негізгі күш, олардың Отан алдындағы адалдық, парасаттылық, батырлық  қасиеттері деп пайымдаймыз. Бұдан бұрынғы жарияланған мақа­ламызда (Ақиқат, 2021. №5, 39-42 бб.) КСРО мемлекетінде 800 мың қыз-келіншектердің соғысқа қатысқаны айтылған еді. Кеңес әйелдерінің  жауға деген өшпенділіктері  олардың қабылдаған   үндеулерінен де анық аңғарылады. 1941 жылдың шілде айында Мәскеу қаласында өткен жиында кеңес әйелдері:«КСРО-ның барлық әйелдеріне! Әйелдер үшін Гитлерден, фашизмнен үлкен жау жоқ. Үй шаруасындағы әйелдер! Сіздің  ұқыпты қолдарыңыз қазір өндіріске қажет болып отыр. Фабрикалар мен заводтарға барыңыздар. Жұмысшы әйелдер, колхозшы әйелдер және қызметкер әйелдер! Ерлердің профессияларын әлі де сенімді түрде меңгеріңдер. Алдыңғы қатарлы пози­цияға кеткендердің орнына станокта, тракторда, мәдениет пен исскуствоның учаскелерінде әлі де батыл жұмыс істеңдер. Әрбір қаланы, әрбір селоны, әрбір үйді жаудың қолы батпайтын айбарлы қамалға айналдырайық. Біздің әрқайсымыз саналы, кішіпейіл сестра, ауру бағушы донор болайық» – деп үндеу қабылдайды. Бұл  үндеуге  РСФСР халық әртісі Г.Уланова, Кеңес Одағының  Батыры М.Раскова, жазушы А.Ахматова, тракторшы П.Ангельина, суретші А.Остроумова-Лебедова сияқты т.б. елге белгілі 38 әйел қол қояды.  Одан кейін, 1941 жылы  7 қыркүйекте  Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында өткен митингіде дүниежүзінің әйелдер қауы­мын гитлершіл Германияға  қарсы күреске  шақырған «Женщины всего мира –  на борьбу против фашизма!» атты үндеу жарияланады.Үндеуге Кеңес Одағының Батыры В.Гризодубова, КСРО  халық әртісі В.Барсова,  ғылым академиясының корреспондент мүшесі,тарихшы ғалым А.М. Панкратова,  ұшқыш  Гастеллоның анасы сияқты т.б. 53 әйел қол қояды.Кеңес әйелдері қабылдаған бұл үндеуге енді Бүкіл Одақтық Лениншіл Жастар Одағы (БЛКЖО) қолдау көрсетіп, 1942 жылдың басында ел ішінде жастардың қатысуымен  жаппай митингілер өт­кізіледі. Жайық бойындағы  қыз-келіншектердің майданға өз еркімен аттануы 1942 жылы сәуір айында қалалық комсомол жастар ұйымы өткізген митингіден кейін басталғанын, 600 қыздың өз еркімен майданға сұранып  өтініш бергенін осы журналдың өткен санында жарияланған   мақаламызда (Ғарифа мен Замиха – қазақтың батыр қыздары. Ақиқат, 2021. №5, 39-42 бб.) айтқан едік.

Деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатыс­қан жауынгерлерден уақыт  110 түрлі мамандықты игеруді талап еткені айты­лады.  Осы орайда ер жүрек жауынгер қыздар туралы   Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременко әскери мемуарлық еңбе­гінде: «Ұлы Отан соғысында қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген әскери мамандық кем де кем»,– деп жазды. Ендеше, қолына қару алып,  сұрапыл соғысқа қатысқан қазақтың жауынгер қайсар қыздары аспазшы, хат тасушы, дәрігерлік көмек көрсету сияқты мамандықтарды игерумен бірге, сол уақыттағы қыздар арасында сирек кездесетін ұшқыш, механик жөндеуші, танкшы, мерген, пулеметші, десантшы,  барлаушы, байланысшы, көлік жүргізуші  сияқты әскери мамандықтардың барлы­ғын да  меңгеріп, ерлермен  бірге ерліктің үлгісін көрсете білген.

Жоғарыда айтылғандай, осы басы­лымның өткен сандарында жария­ланған мақаламызда (Ақиқат, 2021. №5, №6) Мәскеу қаласындағы радио­байланысшылар мектебін бітіріп, Бас қолбасшы И.Сталиннің 6 мәрте алғыс хатымен марапатталған  І гвардиялық шабуылдаушы авиакорпустың ІІ класты байланысшылары Рахметова Ғарифа, Наушева Замиха және  Белоруссия партизан отрядының байланысшысы Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Бай­сейтова Нұрғаным, Карелия партизан штабының байланысшысы партизандар арасында «Эфирдің сұр мергені» атанған  Мақатова Майраның жауынгерлік ерлігі баяндалған еді. Енді  Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова оқыған Подольск Орталық мерген қыздар мектебінің түлектері Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Габдушева Әлима, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Тоқтамышева Малика,  ІІІ дәрежелі  Даңқ орденінің иегері  Кожахметова Мүслиманың  жауынгерлік ерлігі мен  өнегелі өмірін  мақала арқауына айналдырып, оқырманға таныстыруды ұрпақ парызы санадық.

Дерек көздері бойынша 2484 нәзік жанды атқыштарды сұрапыл майданға дайындап аттандырған Подольск Орталық мерген қыздар  мектебінің тарихына қысқаша тоқталсақ, неміс басқыншыларына қарсы соғыстың қызған тұсында, 1942 жылы желтоқсан айында Москва қаласында қысқа мерзімді мергендер курсы ұйымдастырылады.Курсқа 403 патриот қыз өз еркімен жазылады. Бүкілодақтық Лениншіл Комсомол Жастар Одағы  Орталық Коми­тетінің  бастамасымен 1943 жылы 21 мамырда осы курстың негізінде Москва облысының Вешняки ауылында Орталық мерген қыздар мектебі құрылады. Сол жылы күзде мерген қыздар мектебі Подольск қаласына көшіріледі. Алғашқы мергендер мектебінің бастығы Нора Павловна Чегодаева, кейін 1944 жылдың қаңтарында подполковник Н.Н.Колчак тағайындалады. Мерген қыздар мектебінің әскери өмірі туралы мына дерек біраз мәлімет береді: «Вся жизнь школы была подчинена строгому распорядку. В любую погоду, каждое утро начиналось с утренней зарядки на воздухе, после завтрака политинформация, потом 8 часов занятия, 40 минут отводилась на чистку оружия, полтора часа на политподготовку. Личное время 1 час. А всего 15 часов в  сутки напряженной работы. Очень много внимания отво­дилась, ее  нужно было изучать так, чтобы с завязанными глазами быстро разобрать и собрать. Необходимо было изучить принцип действия оптического прицела, почти автоматически уметь определять расстояние по цели, скорости ветра, скорость движения цели и быстро произвести соответствующие расчеты, необходимые для меткого выстрела. Нужно было постоянно и упорно тренировать зрение, наблюдательность, отрабатывать твердость руки, умение плавно нажимать на спусковой курок. Курсантки осваивали правила маскировки, учились ползать по-пластунски и  быстро делать перебежки, оборудовать ячейки (окопчики) основную, запасную и ложную. Обеспечивая тщательную маскировку. Огромную работу проделали курсантки чтобы научиться стрелять из любого положения». Деректерден анықтағанымыздай,  Батыс Қазақстан  облысы бойынша Подольск мергендер мектебін 30 қыз  бітіріп майданға аттанған.

Солардың бірі – мерген Габдушева Әлима. Ол 1924 жылы 30 маусымда Орал облысы, Орда ауданында дүниеге келген. Оның өз қолымен жазған ғұмырбаянында: «1938 жылы күзде ағам  фин соғысына кеткенде мен  мектепте оқып жүрген едім.   Әке-шешемді асырайтын адам болмаған соң байланысшы болып жұмысқа орналастым. Өз еркіммен майданға аттандым»,–  дейді. 1944 жылы 2 наурызда Подольск Орталық мергендер мектебін бітірген ефрейтор  Габдушева  Әлима І Балтық майданы, 145 Витебск атқыштар дивиясының  403 атқыштар полкіне жіберіледі. 18 күннен кейін  мерген қыздың «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылғанын: «Майдандағы әрекет етуші Армия. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан:  1944 жылы 6 сәуірде Орталық  мерген әйелдер мектебінен  келіп,  аз ғана уақыт ішінде 5 фрицтің көзін жойып үлгірген ефрейтор – мерген Габдушева Ә.«Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 145 атқыштар дивизиясы 403 атқыштар полкінің «Жеке құрамын марапаттау туралы» Бұйрық. 24 сәуір.1944 ж. №013»  деген архив  дерегі  дәйек.

Осылайша аз уақытта көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған  қазақ қызы Ә. Габдушеваны сол 1944 жылдың 24 шілдесінде  №403 атқыштар полкінің  командирі:«Отан үшін күр­есте  жауынгер Габдушева ержүрек батылдығымен көзге түсті.  Онкиты селосы үшін болған ұрыста винтовкасымен 3 гитлершілдің көзін жойып, жаяу әскердің ілгері жылжуына көмектесті.  Қорғаныс жағдайындағы оның есебіне өлім құшқан 18 фриц тіркелді», деп  мерген қызды енді «Қызыл Жұлдыз» орденіне  ұсынады.Осы ұсыныс негізінде ефрейтор Әлима Габдушева 1944 жылы 12 тамыз күні  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.  Сөйтіп, майданда не бәрі төрт айда  көзге түскен мерген Габдушева Әлима коммунистік партия қатарына қабылданады. Ал майданда  жүзден жүйріктер ғана  коммунистік партия қатарына қабылданғанын еске саламыз.

Соғысты Берлинде  аяқтап, 1946 жылы елге оралған  Габдушева Әлима бейбіт еңбекке араласты. Соғыс ардагері К.Көпжасаровпен отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер ана 1987 жылы  28 желтоқсанда 63 жасына қараған шағында дүниеден озды. Қазіргі кезде Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында тұратын ұрпақтары  жауынгер аналарын   мәңгілік мақтаныш етеді. 

 Мерген қыз Мәлика Тоқтамышева  жайында айтатын болсақ, ол 1924 жылы Орал облысы Жымпиты ауданында дүниеге келген. Мәлика мектеп қабыр­ғасында  жүргенде-ақ Қызыл Крест және Қызыл жарты ай қоғамы бөлімшесінің белсенді  мүшесі болды.

1939 жылы байланысшы (телефо­нистка)  болып жұмыс жасаған Тоқта­мышева Мәлика Ұлы Отан соғысы басталған уақытта  Жымпиты ауылынан Оралға келіп, қаладағы жүннен басылған аяқ киім (байпақ) шығаратын «Красный Октябрь» фабрикасына   жұмысқа орналасады.

1943 жылы 23 маусымда өз еркімен  майданға аттанған Тоқтамышева  Мәлика оралдық  24 қызбен бірге  Москва түбіндегі Подольск Орталық мергендер мектебіне жіберіледі. Сөйтіп, оптикалық прицелді винтовканы (оптический прицел) қолдануды меңгерген ол, 1944 жылы 2 наурызда бір топ мерген қыздармен бірге І Балтық майданы, 145-атқыштар дивизиясы, 509-атқыштар полкына аттанады. Мәлика анасына айтқан уәдесін бұзбай  майданнан жиі хат жазып отырды. Мерген қыздың жауынгерлік өмірінің хабаршысындай болған сол хаттарға кезек берсек: «Біздің тұрған жертөлеміз сондай жылы, төрт қыз бірге тұрамыз, біріміз апа, біріміз сіңлі, құрдас сияқты өте тату доспыз. Бір күні жауды торуға шыққанбыз, фрицтің мергені бізді көріп қалыпты, оны менің серігім Люба мұрттай ұшырды. Одан басқа екеуміздің біреумізге қатер еді», – дейді. Мәликаның үйіне жазған тағы бір сондай хатында: «Аңдуда отырғанда кірпік қағуға болмайды. Өйткені сені де ол аңдуда. Сондықтан көз жазып қалмау үшін қадала қарап отырмасаң жаныңа қауіп. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе  қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы серігім Люба кірпігін қағуға келтірместен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жалғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұлағанның қасына біреу бауырымен жер сызып келіп аударам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі разведчик группасынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сонымен сол күнгі отырған жеріміз  құтты болып, санды он беске жеткіздім. Люба да қылаң еткенін қиып түсіп, қайтіп қарсы шықпайтын еткен көрінеді», –  деп қуанып жазады.

Енді бір хатында: «Мен Отан алдында берген антымды орындауға әрқашан дайынмын. Бүгін жер кепеден шығып, винтовкамды кеудеме қысып тұрып, дұшпан позициясына көзім талғанша ұзақ қарадым. Кенет, бірдеңе қарсы жақтан қылаң еткендей болды. Винтовкамның дүрбісінен қарап едім, арнайы бүркеме халат киген немісті көзім шалды. Көздеп тұрып, атып қалғанымда неміс солдаты құлап түсті. Мұндай қуанбаспын. Тіпті ыңылдап әндеткім келіп кетті. Қазір мен өлтірген фашист солдатының саны он беске жетті. Біздің бәріміздің де фашистерге деген ыза-кегіміз сағат сайын қайнай түсуде. Совет адамдары қандай ержүрек, батыр десеңізші! Сіздермен кездесер күн де алыс емес. Ия, алыс еместігіне мен кәміл сенемін. Дұшпанның жуық арада жер құшары сөзсіз. Әзірге сау болыңыздар, сүйікті ата-анам, бауырларым», – деп  жазған хат мазмұнынан қазақ қызының патриоттық бітім болмысын анық көруге болады.

Мәликаның 1944 жылы 1 май күні жазған хатында:  «Сендерден бүгін екі айдан бері күткен хатты алып, аман­дықтарыңды біліп, сондай қатты қуанып қалдым. Міне, қазір жорықтан келіп отырмын. Мереке құрметіне санын санағаным жоқ. Люба екеуміз талайын жайратып құрбан еттік. Немістер өздері бізге жердің бірінші қабат бетінде қадамдап жүруге ешқандай мүмкін емес, қисаңдар екінші қабатын беріңдер дегесін тілектерің болсын дедік», – деп мақтанышын да жасырмайды. Осы жазған хатынан соң көп кешікпей Мәлика 1944 жылы 6 май күні Балтық майданы қолбасшысының №820-бұйрығымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болады .

Алайда: «Осы уақыт ішінде мен тағы да біраз фашисті жайраттым. Бұрынғыдай емес, енді олар бұғып, еңбектеп, жер бауырлайтын болды. Қорқақ қой олар, әрбір солдатының бейшара  және опасыз екеніне көзім анық жетті»,  – деп жазған хаты Мәликаның үйге  жазған соңғы хаты болды.

Осы хаттан кейін ата-анасы көп кешік­пей Мәликаның майдандағы серіктес досы  Люба Крайновадан: «Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым. Мен Мәликанің жақсы құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қанша, сіздерге жайсыз хабар жолдап отырмын. 11 июнь күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, Мәликадан бұрын атып үлгерді. Сөйтіп, ол екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпитальда жатыр, жазылып қалар, уайымдамаңыздар» ,  – деген  хат   алады.

Өкінішке қарай ауыр жараланған    Мәлика арада үш күн өткен соң 1944 жылы 14 маусым  күні  қаза табады. «Ерлігі үшін» медалімен наградталған  қазақтың мерген қызы Мәлика Тоқтамышованың денесі  Витебск облысы  Городок ауданы,  Большой городок селосында жауынгерлер зиратына қойылады.

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында Орал қалалық әскери комиссариатына майдан даласында шейт болған мерген Тоқтамышева Мали­ка Ғұмарқызының аты-жөні комсомол билеті арқылы түзетіліп жазылғаны туралы далалық жылжымалы госпи­тальдан келген жеделхат сақталған.

«21 июня 1944 г.

22/ VI.     Секретно

Город Уральск – Горвоенкамату

В прилагаемом нами извещении о смерти ефрейтора Тухтамышевой Марьям Гумаровны – внесите по­правление на Тохтамышеву Малика Гумаровна, уточнено по комсомольскому билету

Зав. Медицинским делопроиз­водством сержант Ковалев». Демек, Ұлы Жеңіс  жолында ажал құшқан қазақтың   мерген қызы Мәлика Тоқтамышеваның  есімі ұмытылмайды. Бұл ерлік өскелең ұрпақ жадында мәңгілік сақталады.

Кеңес Одағының Маршалы   К.К.Рокос­совский сұрапыл соғысқа қатысқан кеңес­тік жауынгер қыздар туралы: «Когда я думаю о том, что свершил наш народ в те суровые и грозные годы, меня особенно восхищает стойкость советских жен­щин, на долю которых выпали столь жестокие испытания. Рядом с мужчиной шагали они по пыльным дорогам войны, вязли в болотах, ходили в штыковые атаки. Девушки – снайперы днем и ночью выслеживали врага на самом переднем крае», –  деп жазған еді. Әскери қолбасшының тебірене жазғанындай, Жеңіс күнін жақындатуға  үлесін қосқан мерген қыздардың арасында қазақ қызы Мүслима Қожахметова да болды.

Қожахметова Мүслима Батыс Қазақстан  облысы Жымпиты ауданының Қособа елді  мекенінде 1924 жылдың 15 тамызында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған соң Мүслима  кешкі мектепке ауысып, күндіз баспаханада жұмыс істейді.

1943 жылы 9-класс бітірген соң өз еркімен майданға сұранып,  жазған өтінішін әскери комиссариат жасы жетпейтінін айтып, кері қайтарады. Алайда өжет қыз алған бетінен қайтпай, әлденеше рет сұранып жүріп, ақыры 1943 жылы 24 маусымда Оралдан аттанған 24 қызбен бірге (осы топтың ішінде мерген Ә.Габдушева, М. Тоқтамышева да бар) Москва түбіндегі Подольск Орталық мерген қыздар мектебіне жіберіледі.Бұл туралы ардагер ана: «Мені  мергендер мектебіне алғысы келмеді. Мергендер мектебіне бару үшін бойымның ұзындығы 150 м болу керек екен, ал менін бойымның ұзындығы 149 м. Мен  елімізге қатер төніп тұрғанда соғысқа барғым келетінін айтып, бойымды  өсіремін деп болмадым» , – дейді.

Подольск Орталық мерген қыздар мектебін бітірген соң мерген  қыз М.Қожахметова 1944 жылы 14 наурызда Калинин майданының Великие Луки қаласы маңындағы 21-дивизияның 3-атқыштар армиясына жіберіледі.

Ол өзінің қаруластары рота командирі Нина Лобковская, Клавдия Киселева, Руфа Ускина, Фатима Мухамбетжановалармен бірге Ресейдің солтүстік батыс қалың орманды аймағындағы Михайловск, Святые горы,  Псков қалаларын, Эс­тония, Латвия, Польша жерлерін азат етіп, Берлин қаласы үшін шайқасқа  қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы сұрапыл шайқастардың бірі  1945 жылы 16 сәуір - 8 мамыр күндері аралығында болған соңғы  стратегиялық шабуыл «Берлин операциясы».Әскери деректерге жүгінсек, Германия астанасы Берлинді алу операциясына 2,5 млн. кеңес жауынгерлері, 42 мыңға жуық зеңбірек, миномет, 6250-ден астам танк және  артиллериялық зеңбірек пен 7500 әскери самолет қатыстырылған. Кеңес Армиясының қатарында  осы  сұрапыл соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлермен бірге қазақтың ұлдары мен қыздары да жанқиярлық ерліктің үлгі-өнегесін көрсетті.

Майдангер   М. Қожахметова  сол бір сұрапыл соғыс күндері туралы: «Майданда орден жайдан-жай беріле салмайды. 1945 жылдың басында Висла өзені үшін қатты шайқас болды. Взвод командирі қасымдағы Зинаида Викторовна екеу­мізге жаудың пулеметшілер дзотын басып алуға бұйрық берді. Бұйрықтың аты бұйрық. Екеуміз 500 метр жерге 2 сағаттай еңбектей жүріп жетіп,  қарлы шұңқырға келіп жайғастық. Енді жаумен арамыздағы қашықтық 150 метр. Түннің бір уақытында қуатты прожекторлар жарқылдай бастады. Немістер болса беті жабылған окопқа тастай болып бекініп алған. Түннің ысқырық аязы болса күшіне басып, буып тұр. Осы кезде жер бауырлап жатқан біз  жаудың жасырын жамылғыларымен  бүркелген техника шоғырларын байқадық. Нысананы үздік­сіз атқылап, бірінші тапсырманы абыроймен орындадық. Ертеңіне күн батуға таянғанда Зина екеуміз көмейінен снарядтар төккен жау дзотының үнін өшірдік. Осыдан соң біздің жақ жаппай шабуылға шықты. Алайда осы жерде мен контузияға ұшырадым. Бұл мен үшін естен кетпес күн болды. Кейін маған осы шайқастағы ерлігім үшін «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен марапаттады» , –  дейді.   

Мергендер ротасының құрамында Берлин көшелерінің бірін басып алуға  қатысқан  М. Қожахметова көптен күткен қуанышты сәтін: «Клава екеуміз түнгі кезекшіліктен келсек, қаруластарымыз би билеп, ән салып жүр. Таң атқанша  бәріміз Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс! деп айғайлап, көз шырымын алмадық», – деп еске алады.

Осылайша, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосқан мерген қыз «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін», Одерден өту шайқасында «Қаһармандығы үшін» «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін»  медальдарына ие болып, 1945 жылы маусым айында Жеңіспен елге оралды. Бейбіт өмір тірлігіне белсене араласқан ол Орал қаласындағы  ет комбинатының  мал сою цехында 36 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шықты.  Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

1991 жылы 18-25 мамыр күндері аралығында Орал қаласында Подольск Орталық мерген қыздар мектебі түлек­терінің салтанатты кездесуі өткізіледі. Москва, Ленинград, Одесса, Кишинев, Куйбышев, Омск, Рязан, Краснодар өлкесі, Алматы, т.б. қалаларынан  майдангер 45 мерген қыздар жиналып қауышады.

Осы кездесуде мерген М.Қожахметова жерлестері Р.С.Пискунова, Л.Н.Жировамен бірге Бүкілодақтық Лениншіл Комсомол  Жастар  Одағы Орталық Комитетінің (БЛКЖО ОК) Құрмет грамотасымен марапатталады. Архив қорында  мерген қыздардың осы бір тарихи кездесу сәтінің айғағы ретінде сақталған құжат­тар мен суреттер арасында мерген М.Қож­ахметоваға:«Ветеран труда» скром­ная, незаметная женщина, малень­кого росточка, а какая доброта, сила, мужество судя по ее боевым наградам», деп айтылған   жылы лебіздер майдангер қазақ қызының  болмысын анық аңғар­тады. Осылайша өнегелі өмір сүріп,  артына өшпес із қалдырған ардагер ана  Қожахметова Мүслима 1998 жылы өмірден озды.

Түйіндеп айтқанда, қанатымен су себелеген қарлығаштай болса да Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосқан қазақтың  батыр қыздарының жауынгерлік ерлігі мен  адамгершілікке толы, өнегелі өмірін бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің жас ұрпағы  мәңгілік мақтаныш етуі тиіс.

3761 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз