• Еркін ой мінбері
  • 30 Шілде, 2021

СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

Дина ИМАМБАЕВА,

«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап елдің ішкі саясатында мемлекеттік биліктің бәрінен жоғары тұруы және сыртқы саясатта толық тәуелсіз болуын қамтамасыз ету бағытында батыл іс-қимыл жүргізілді. Егемендік ұғымының өзі мемлекеттік биліктің үстемдігі мен тәуелсіздікті білдіреді және ішкі-сыртқы саясаттан көрініс табады. Қазақстан тәуелсіздігін әлемнің көптеген елдерінің мойындауы елімізбен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, араласуға, өзге мемлекеттермен ықпалдасуға негіз болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ туындаған ішкі және сыртқы сын-қатерлерге байланысты мемлекеттілікті нығайту мақсатында еліміз бұрын-соңды болмаған тәуекелдерге төтеп берді.  «Егемендіктің отыз жылы» атты бұл дәуірде мемлекет құру ісінде тың әрі тиімді шешімдер қабылданып, қазақстандық даму стратегиясы қалыптасты. Ендігі міндет – тәуелсіздік дәуірінде қол жеткен жетістіктерді сақтау және жаңа сын-қатерлердің алдын алу.    

1990 жылы 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» Қазақстанның тәуелсіздігін бекітуге жасалған алғашқы қадам болды. Онда елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы жасалды. Осы бағдарлама негізіңде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Қазақ елі мүлдем жаңа даму жолына қадам басты.

Сонымен қатар, жаңа тәуелсіз мем­лекеттің алдында көптеген сын-қатерлер тұрды. Олар: мемлекеттік шекараның ресімделмеуі және шетелдер тарапынан мойындалмауы; ядролық полигонға байланысты мәселелер; дербес қарулы күштердің жоқтығы; ұлттық заңнаманың болмауы; экономикалық дағдарыс; ауыл шаруашылығының күйреуі; ақша-қаржы жүйесінің ыдырауы; әлеуметтік шиеленістің өршуі; экологиялық апаттар. Осындай жағдайда мемлекет бас­шылығы биліктің тиімді институтын қалыптастыру, экономикалық саясаттың басым бағыттарын айқындау, нарықтық жүйеге көшу міндеттерін белгілеп, нақты іс-әрекеттер жоспарын қабылдауға тура келді. Қоғам мен ішкі тұрақтылыққа баса назар аударылды.  1992 – 1995 жылдары, яғни өтпелі кезеңде банк жүйесін нығайту, ұлттық ваютаны енгізу, еркін баға бағамына көшу, сыртқы сауданы ұлғайту, шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай қалыптастыру, тұтыну нарығын толтыру, мемлекеттік меншікті жекеге беру сияқты елді дағдарыстан шығарып,  экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін көптеген іс-шаралар  атқарылды. Бұл стратегия Қазақстанның мықты президенттік билігі бар мемлекет ретінде дамуын басты негізге алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­ды­ғында  егемен мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы бағдарын айқындауда орасан зор іс-шаралар жүргізілді. Кеңес одағының құрамында дербес сыртқы саясат жүргізіп көрмеген еліміз үшін тыңнан түрен салу оңай болған жоқ. Орта Азия мен Еуразияның тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстан үшін мүлдем жаңа геосаяси жағдайларда өз мүддесіне сәйкес ұстаным белгілеу қажет еді. Посткеңестік кеңістіктен шыққан көршілес мемлекеттер әлі экономикалық жағынан тұрақталмаған жағдайда қауіпсіздік мәселесін шешуге де қауқары шектеулі болатын. Осындай геосаяси ахуалда Қазақстан ядролық қарудан бас тартты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Тәу­елсіздік дәуірі» атты кітабында бұл кезең жөнінде:   «Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы мен экономикалық әлеуетіне орай аймақтық тар ау­қымда шектеліп қалмауға тиісті еді. Қазақстанның болашағы Азиямен де, Еуропамен де, Шығыспен де, Батыспен де байланысты болатын. Шығыс пен Батыс арасындағы өзара түсіністік бір-бірінің ерекшелігін білуіне және біз­дің елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі жолында барлық мүмкіндіктерді есептеуге байланысты болатын. Дәл осындай саясат жүргізген мен Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төндіретін қандай да бір құбылыстың алдын алатынымызға сенімді болдым» деп жазады. Осылайша Қазақстанның саяси бағытының негізі ретінде көпвекторлы сыртқы саясат жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Көршілес мемлекеттермен екіжақты байланыстар негізінде аймақтық тұтастық пен қалыптасқан шекараның мызғымастығы, ішкі істерге араласпау, адам құқығы мен негізгі бостандықтарды сақтау, өзара міндеттемелерді орындау, жанжалдарды бейбіт реттеу, экономикалық және басқа да қысым тәсілдері бар күш немесе қауіпті әрекеттер қолданбау қағидаларын қамтитын келісімшарттар қабылданды. 

Қазақстан жағдайында іргелес Ресей мен Қытай және бүкіл әлемге ықпалды АҚШ сияқты ірі мемлекеттермен өзара тиімді, достық қарым-қатынас құру маңызды еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймақтағы және әлемдегі геосаяси сын-қатерлердің алдын алу мақсатында өзара сенімге негізделген қарым-қатынастың негізі қаланды.  Екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын нақтылаған бірінші тарихи құжат Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1992 жылы қол қойылған Достық, әріптестік пен өзара көмек туралы келісім болды. Келісімде Қазақстан мен Ресей одақтас мемлекеттер ретінде қалыптасқан берік тарихи байланыстар жасауға  келісті.  1993 жылдың қазан айында Қытай Халық Рес­публикасымен екі ел арасындағы өзара достық қарым-қатынастың негіздері туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды. Тараптар барлық даулы мәселелерді ешқандай күш қолданбай және қандай да бір формадағы қатерлі әрекеттерге, бір-бірінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қимылдарға бармай, бейбіт тәсілдермен шешетінін көрсетті. 1992 жылы  Америка Құрама Штаттарымен Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және Екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстанның ортаазиялық көршілері – Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстан және Түркіменстанмен байланысқа ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. 1994 жылдың сәуірінде Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан басшылары Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойды. Сол жылы тұрақты атқару комитеті бар Мемлекетаралық кеңес, Премьер-министрлер кеңесі, Сыртқы істер министрлігінің кеңесі және Қорғаныс министрлерінің кеңесі жұмыс істей бастады. Жаңа саяси жағдайларда азиялық кеңістікте бейбітшілікті қамта­масыз ететін ұйым құру мақсатында Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) құрылды. 

Бұл жылдары еліміз үшін жетекші державалармен қарым-қатынас орнату ұзақ мерзімді мемлекет қауіпсіздігін нығайту үшін маңызды әрі қажет болды. 1994 жылы Будапеште өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Кейіннен Қазақстанға мұндай кепілдікті Франция мен Қытай сияқты ядролық мемлекеттер де берді.Ең бастысы, мемлекеттік шекараны делимитациялау жүзеге асырылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық мемлекеттің  қалыптасуы    жас мемлекеттің алдында тұрған сын-қатерлерге лайықты жауап беру қажеттігіне байланысты болатын. Ішкі және сыртқы саясатта өткір проблемаларды дер кезінде шешу,    шекаралардың беріктігін қамтамасыз ету,  шиеленістер мен жанжалдардың алдын алу мақса­тында   аймақтық және әлемдік қарым-қатынастар оңтайлы қалыптасып, Қазақ­стан тұрақты даму жолына түсті.

Тәуелсіздіктің жаңа дәуірі және жаңа сын-қатерлер

Қазiргi заманғы кез-келген қоғамның экономикалық, әлеуметтiк және мәдени тыныс-тіршілігіне әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы және геосаяси мүдделер қақтығысы тiкелей ықпал етіп отырғаны баршаға аян. Жаһандық  індеттің жаппай таралуы адамдардың да, мемлекеттердің де күн тәртібіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастарында сөй­леген сөзінде жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіретін және бүкіл әлемдегі адамдардың көптеген апаттары мен азаптарының көзі болып табылатын коронавирустық пандемия басты проблема болып отырғанын айтты. Президенттің Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездесу барысында да Орталық Азия елдерінің өңірлік өзара байланыстарымен қатар сын-қатерлерге төтеп беру жөнінде сөз қозғалды. Өйткені, кез келген мемлекеттің де, жалпыадамзаттық өркениеттің де бұдан әрі өмір сүруі қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер мен проблемаларға байланысты туындаған мәселелерді шешуге тікелей байланысты.

Атақты америкалық саясаттанушы Збигнев Бжезинский «Стратегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы» атты еңбегінде бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне өте тәуелді екенін айтады және планетамыздағы адамзат үшін ең көкейкесті мәселе заманауи сын-қатерлерден аман қалудың амалдарын іздестіру қажеттігін атап өтеді. Шынында бүкіл дүниежүзін шарпыған экологиялық, климаттық, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және басқа елеулі сын-қатерлерді жекелеген елдердің дербес шешуі мүмкін емес жағдайға жетті.  Жаһандық сын-қатерлер қазіргі адамзат өмірінің әр­түрлі саласының тепе-тең дамымауы, адамның қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынасы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-табиғи, саяси-идеологиялық және басқа қатынастарда туындаған қайшылықтар нәтижесінде пайда болды. Бұл дүниежүзіндегі әрбір мемлекетке, соның ішінде әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде Қазақстан Республикасына да қатысты.

1990 жылдары қолданысқа енген жаһандану немесе глобализация термині (латынша globus – жер шары) бір аспан астында өмір сүретін әлем елдерінің тіршілігі бір-бірімен тығыз байланыс­ты екенін білдіреді. Бүгінгі таңда жер шарының басқа бір құрлығында болып жатқан уақиғалардың келесі құрлықтағы адамдар өміріне әсер етпей қоймайтыны белгілі. Осылайша әлемдегі жаһандану үдерісі күшейген сайын қазіргі заманның сын-қатерлері аталатын проблемалар да жаһандық сипат алды. Шаруашылық саласы жағынан да, экологиялық жағы­нан да жаһандық коммуникациялар арқылы біріне-бірі тәуелді болып қалған дүниежүзі адамдарының проблемалары да ортақ. Бұл проблемалар қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтиды және жекелеген елдер мен тұтас аймақтардың тұрақты дамуына елеулі ықпал етеді, өйткені, ол әлемдік экономикалық және әлеуметтік дамудың аса қуатты объективті факторы болып табылады. Жаһандық сын-қатерлердің белгілері:

– Жаһандық проблемалар жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл адамзаттың өмірі мен мүддесіне әсер етеді;

– Жаһандық сын-қатерлерді жеңу үшін бір емес, әлемнің көптеген елдерінің бірігуі арқылы мақсатты күш-жігері, бірлескен іс-әрекеті қажет;

– Жаһандық проблемалар әлемдік дамудың объективті факторы болған­дықтан, оларды ешкім елеусіз қалдыра алмайды;

– Жаһандық проблемалардың шешіл­меуі болашақта бүкіл адамзат және оның өмір сүру ортасы үшін өте күрделі, тіпті түзелмейтін салдарға әкеп соғуы ықтимал;

– Жаһандық проблемалардың өзара байланыстылығы соншалық, бір мәселені шешу үшін бүкіл проблемалар жиынтығын қозғау қажет.

Жаһандық проблемалардың арасында ең маңыздысы кезекті дүниежүзілік соғысты болдырмау, оның алдын алу болып табылатыны сөзсіз. Сондай-ақ  дамушы елдердің экономикалық теңсіздігін және артта қалушылығын жеңу –  бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Дүниежүзілік соғыстың алдын алу үшін: соғыстан және әскери-күштік саясаттан бас тарту; халықаралық гуманитарлық құқық басымдығы; БҰҰ, ЕЫҰҚ сияқты халықаралық саяси ұйымдардың ролін көтеру; мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын, бұзылмауын мойындау; көп полярлы әлем құру; әлем­­дік қауымдастықты ізгілендіру; мемлекетаралық ынтымақтастық және өзара сенім; елдер мен халықтардың өз даму жолын дербес таңдау құқығын тану;  ХХІ ғасырдың бейагрессиялы тұлғасын қалыптастыру; жалпыадамзаттық құн­дылықтардың басымдығы; ядролық қаруды таратпау және қарусыздануды халықаралық бақылауды ұйымдастыру; өркениеттік дәйекті даму үшін әскери шығындарды едәуір азайтуға қол жеткізу қажет. 

Әлем елдерінің тұрақты дамуы үшін қауіп туғызатын келесі жаһандық проблема антропологиялық-әлеуметтік сипатқа ие. Оның ішінде халықаралық терроризм, нашақорлық, қылмыстар, аштық проблемасы, денсаулық сақтау сияқты ауқымды мәселелер тұр. Қазіргі ХХІ ғасырдың өзінде әлемде орта білім алуға, медициналық көмекке қол жеткізе алмай отырған, тойып тамақ ішпейтін адамдар бар екені жасырын емес. Мәселен  Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, әлемдегі шектен тыс кедейлер саны COVID-19 пандемиясына байланысты көбейіп, 2020 жылы 100 миллионнан асқан.

Әлемдік сарапшылар адамзат үшін негізгі проблемалар қатарында геосаяси текетіресті (мысалы Таяу Шығыстағы қақтығыстар), экономикалық теңсіздікті, климаттың өзгеруін және демократия қағидаларын сақтамау сынды мәселелерді атайды. Бұлар бір-біріне тығыз байланысты. Мәселен геосаяси жанжалдар және бұрынғы байланыстардың үзілуі көптеген мемлекеттердің климаттың өзгеруі, инфекциялық індеттер, табиғат ресурстары секілді жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуіне кедергі болып отыр. Давос форумы сияқты ауқымды экономикалық жиындарда айтылғандай, саяси сын-қатерлер – терроризм қаупінің өсуі, геосаяси жанжалдардың шиеленісуі әлем елдерінің тұрақты дамуына қауіп төндіреді және өздерінің өзекті мәсе­лелерін шешуге кедергі жасайды.

Экономикалық теңсіздік немесе табыстың теңсіздігі көптеген елдерге тән мәселе. Қазіргі таңда тұрғындардың басым көпшілігі иеленетін байлықтың үлесі 10%-дан аспайды. Қалған 90%-ы аздаған ауқаттының еншісінде. Бұл мәселе әсіресе дамушы елдерге тән көрсеткіш және мұндай табыс деңгейі арасындағы айырмашылық барған сайын өрши түсуде. Сондай-ақ жұмыссыздық мәселесі де халықтың тұрмыс жағдайына теріс ықпал ететін мәселенің бірі. Бұл мәселе қазіргі технология дамуына байланысты еңбек нарығының жылдам өзгеріп отыруы және Covid пандемиясының әсерімен кейбір кәсіп иелерінің жұмыссыздар қатарына қосылуына әкеп соғып отыр. Индустрия­ландыру, автоматтандыру үрдісінің қарқын алуы бұл проблеманың ұзақ мерзімдік екенін білдіреді. Жалпы кез келген елдегі экономикалық дағдарыс, оны жеңе алмау билік орындарына, демократия институттарына деген халық сеніміне селкеу түсіреді. Бұған мәселен кейбір елдердегі халық толқулары дәлел. Сондықтан, әрбір саладағы шенеуніктер заманауи коммуникация құралдарын пайдаланып, тұрғындардың түрлі тобымен кері байланысқа шығуы қалыптасқан жағдаятты өзгерте алады дейді сарапшылар.

Жаһандық сын-қатерлердің алдыңғы қатарында экология проблемалары тұр. Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластану дәрежесі адам өмірі мен денсаулығына қауіпті шекке жетті. Жер планетасының шикізат және энергетика қорларының азайып бара жатқаны, табиғат ресурстарын (қуат көздері, отын, тұщы су) тиімсіз пайдалану,  әлемдік мұхит пен ғарыш мәселелері әлем адамдарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Дамыған әлемдегі индустрияландыру үдерісі қор­шаған ортаның шектен тыс ластануына әкеп соқты және бұл барған сайын үдеп барады. Зауыттар мен фабрикалар, өндіріс орындары экономиканы дамытумен қатар ауаға зиянды қалдықтар шығарып, экологиялық проблемаларды ушықтырды.

Соңғы жылдары ауа райының елеулі деңгейде өзгергені, түрлі төтенше жағ­дайлардың жиілегені байқалады. Бұл жаһандық сын-қатер болып саналатын климаттың өзгеруінің тікелей салдары. Төтенше табиғи апаттар барған сайын қиратушы сипатқа ие болып отыр. Мысалы елімізде соңғы жылдары мемлекет пен халыққа үлкен материалдық залал келтіретін күшті желдер, көктайғақ құбылыстары, шаңды дауылдар мен дала өрттері, сел мен нөсер жаңбыр, қарлы борандар санының өсуі байқалады. Сондай-ақ біраз бөлігі жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан Қазақстан үшін бұл проблеманың алдын алатын іс-шаралар жүргізіп отыру маңызды. Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибеге қарағанда, орасан зор табиғат апаттары көбінесе кедей елдерде болады екен және оның алдын алудан гөрі салдарын жоюға, зардап шеккендерге көмек көрсетуге көбірек көңіл бөлінеді екен. Яғни, салдармен күресумен қатар, болашақ катаклизмдердің алдын алу үшін сол салаға назар аудару, қаражат бөліп тиісті жұмыстар жүргізу қажет. Бұндай шығындар ел экономикасы үшін де, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін де қажет және өзін ақтайтыны анық.

Қазақстан үшін аса маңызды проб­леманың бірі – халықты тұщы сумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ауыз суға қол жеткізудің қиындығы қаражаттың және ресурстардың жетіспеушілігі сынды факторлардан туындайды. Қазіргі күні әлемде 750 миллионнан астам адам ауыз су тапшылығын тартып отыр екен. Ал 2030 жылы 2 миллиардқа жуық адам «су күйзелісін» тартады дейді ЭЫДҰ сарапшылары. Бұл әсіресе шөлді және шөлейтті аймақтары көп біздің еліміз үшін өте өзекті мәселе. Шөл және шөлейтті аймақтар Қазақстанның солтүстіктен оңтүстікке 900 км, шығыстан батысқа дейін 3000 шақырымды алып жатыр. Бұл аумақ өзінің өте құрғақтығымен  ерекшеленеді. Жылдық жауын-ша­шынның орташа мөлшері өте төмен. Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжы­рымдамасында су тапшылығының қаупі және су ресурс­тарын тиімсіз басқару елдің тұрақты экономикалық өсуі мен әлеуметтік дамуы үшін негізгі кедергі болуы мүмкін екені атап өтілген. Қолайсыз климаттық және трансшекаралық гидрологиялық жағдайларға байланысты 2040 жылға қарай Қазақстан бойынша жер үсті су ағыны жылына 11,4 км3-ке азаяды деп болжанған. Халық санының ұлғаюына және экономикалық өсімге қарай суға деген қажеттілік те артады.

Халық денсаулығы – кез келген ұлттың ең басты проблемаларының бірі. Бұл әсіресе қазіргі коронавирус пандемиясына байланысты бұрынғыдан да өзектілене түсті. Қауіпті вирус еліміздің медицина саласының әлеуеті мен тұрғындардың денсаулығының сапасы қандай екенін шынайы көрсетіп берді. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап тастүйін дайындық жағдайында болуға тиіс медицина жүйесі індетпен күресуге қауқарсыз болып шықты. Науқастарға емдеу-сауықтыру әдістері дұрыс қолданылмай, дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар жетіспеушілігі туындады. Соның салдарынан коронавируске шалдыққан көптеген науқастар дертіне шипа таба алмай бақи­лық болды. Пандемия жылдар бойы қордаланған проблемалардың шешімін таппай, басқару және ұйымдастыру ісінде көптеген кемшілікке жол берген отандық медицина саласына түбегейлі өзгерістер керек екенін көрсетті.

Мемлекеттің экономикалық да­му деңгейінің қарқыны халықтың ден­саулығы мен өмір ұзақтығына тікелей әсер ететін фактор екені белгілі. Мемлекет халық денсаулығын сақтау үшін қаражатты жеткілікті бөлсе және оны тиімді жұмсаса, бұл елдің әл-ауқаты мен өмір сапасынан көрініс табатыны дәлелденген. Денсаулық саласына бөлетін шығындарды ұлғайту және биомедициналық зерттеулерге қаражат бөлу елдің дамуына, экономикаға қо­сылған үлес екені сөзсіз.

Жалғыз отанның болашағы

жарқын болсын десек

Қазіргі таңда жаһандық геосаясат, мемлекетаралық қарым-қатынастар адамзат өркениетіндегі жаңа өзгеріс­термен қатар жүріп жатыр. Төртінші индустриялық революция туғызған ғылым жетістіктері балама қуат көздеріне жол ашты. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы дамуының негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақстан-2050» стратегиясында жалпыға ортақ экономикалық прагматизмге қол жеткізу басты мақсат деп көрсетілген және «Жасыл экономикаға» көшу тұрақты дамуға қозғалыстың жаңа бағыты деп белгіленді. Бұл ретте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев: «Бізге өз табиғи байлықтарымызға де­­ген көзқарасымызды ой елегінен өт­кізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үй­ренуіміз керек» деп атап көрсетті. Осыған орай Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта «Жасыл экономика» халықтың өмір сүру сапасының жоғары деңгейі, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесінде табиғи ресурстарды ұқыпты және ұтымды пайдалану, ел қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелерге, оның ішінде Рио-де-Жанейро қағидаттарына, XXI ғасырға арналған күн тәртібіне, Йоханнесбург жоспарына және Мыңжылдық декларациясына сәйкес экономика ретінде айқындалған. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамада айқындалған негізгі басым міндеттер мынадай: 1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және т.б.) пайдалану және оларды басқару тиімділігін арттыру; 2) қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа инфрақұрылым салу; 3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельді жолдары арқылы халықтың әл-ауқатын және қоршаған ортаның сапасын арттыру; 4) ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде су қауіпсіздігін арттыру. Бұл тұжырымдама бойынша технологиялық инновацияларды ілгерілетуге баса мән берілген.

Осы тұрғыда саясаттанушы Нұрлан Сейдін геосаяси жағдай әр кезеңде күрделеніп тұратынын айта келіп, Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің байланысы маңызды екеніне назар аударады: «Орта Азия және Қазақстан орналасқан еуразиялық кеңістік әлемдік державалардың мүдделері тоғысатын жер және түрлі қайшылықтар да содан туындайды.  Сондықтан,  Қазақстан Рес­публикасы отыз жыл бойы өзгермелі геосаяси жағдайда тұрақтылықты сақтау саясатын жүргізіп келеді. Қазақстан үшін аймақтағы 5 мемлекетпен қарым-қатынастың жақсы болуы өте маңызды. Кезінде Елбасы Н.Назарбаев Орта Азия мемлекеттері одағын құру жөнінде бастама көтергенімен, ол өзге елдер басшыларынан қолдау таппаған болатын. Алайда, алпауыт державалардың саяси мүддесі тоғысқан аймақта түрлі сын-қатерлерден аман қалу үшін бұл мемлекеттердің бірін-бірі қолдауы, осы бағытта ортақ саясат жүргізуі қажет. Бұл, бір жағынан, аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, экономикалық байланыстарды арттыратыны сөзсіз. Сондықтан, Қазақстан Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты күшейту мақсатын көздеп, түрлі іс-шаралар жүргізуде. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездесуі соның дәлелі. Соңғы кезде Орталық Азияда орын алған проблемаларды шешу және алдын алу үшін бірлескен күш-жігер қажет. Мәселен таяу­да Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған текетіресті түпкілікті шешпесе, ертеңгі күні одан ары ушығып кетсе ол тек осы екі ел үшін ғана емес, аймақтағы бүкіл мемлекеттердің проблемасына айналуы ықтимал. Сондықтан, осы оқиға кезінде ҚР Президенті аталған мемлекет басшыларымен кездесіп, бейбіт жолмен шешілуіне ықпал етті. Меніңше, алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан осы аймақтағы жетекші елдер ретінде қауіпсіздік және экономикалық байланыс мәселелерін екіжақты және көпжақты келісімдер негізінде шешуді өз қолдарына алуы керек. Сондай-ақ бұл аймақтағы үлкен мәселенің бірі – трансшекаралық өзендер суы. Қазірдің өзінде кейбір облыстарда су тапшылығын тудырып отырған бұл проблеманың шешімін таппауы ертеңгі күні Орта Азия мен Қазақстан арасындағы түсініспеушіліктерге әкеп соғуы мүмкін.  Өзара ортақ проблемалар мен төніп келе жатқан жаңа қауіп-қатерлерді анықтап, талдап, алдын ала шешіп отырғанда ғана тұрақтылықты сақтауға болады».

Жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін қабылданатын іс-шаралар елдің экономикалық әлеуетіне байланысты. COVID-19 пандемиясы өршуіне орай әлемдік өндіріс көлемінің күрт азаюын қайта қалпына келтіру үдерісі кеңінен жүргізіліп жатқанына қарамастан, әлемдік сарапшылардың айтуынша, өсім қарқыны біраз уақытқа дейін індетке дейінгі деңгейден төмен болады. Пандемия тіпті алдағы онжылдықтағы экономикалық дамуды күрделендіріп отыр. Саясаттанушы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, қазір Қазақстан үшін ең үлкен сын-қатер – экономика өсімін мұнай мен металдар экспортына тәуелді етіп қою. «Қазақстан – әлемдік экономиканың бір бөлігі, бірақ ең бастысы бұл біздің отанымыз, жалғыз мемлекетіміз. Сондықтан да, негізгі экономикалық бағыттар – азық-түлік, тағам өнімдерімен, киім-кешекпен қамтамасыз ету, медицина және білім беру саласы бойынша еліміз тәуелсіз болуға тиіс. Егер біз осы салаларда бәсекеге қабілетті маман даярлай алсақ және олардың өнімді еңбек етуі үшін дұрыс жағдай жасай алсақ, онда біз еліміздің болашағы жарқын және жоғары деңгейде болады деп сеніммен айта аламыз» дейді Р.Рысмамбетов. Саясаттанушы сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың қысқа мерзімдік екендігі, Үкіметте ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарлардың жоқтығы немесе олардың қысқа мерзімдік бағдарламалардан көрініс таппай отырғаны экономикалық дамуға кедергі деп есептейді. «Ішкі қажеттіліктер үшін ұлттық қорға үздіксіз иек арта беруге болмайды, қазірдің өзінде бұл қауіпті шекке жетті. Сол себепті Қазақстан ішкі және сыртқы сын-қатерлердің алдын алу үшін негізгі міндеттер – тұрақты экономикалық даму, қысқа мерзімдік жоспарларда ұзақмерзімдік басымдықтардың көрініс табуы, адам капиталы сапасын арттыру және азаматтардың өмір сүруі мен еңбек етуіне жағымды ахуал қалыптастыру» деп пайымдайды Р.Рысмамбетов. Бүгiнгi адамзат қоғамының  құбылмалы тарихи даму жағдайын терең  зерттеп, ондағы  ықтимал жағдайда кездесетiн жаhандық сын-қатерлердi ескере отырып, қазақ  мем­лекетін  оған әзiрлеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілуі өте өзекті. Эконо­микалық қауқарлы мемлекеттердің арасында жүріп жатқан әлемдік табиғи ресурстарды иеленуге және  экономикалық басымдыққа бағытталған бәсекелік жа­рыс болашақта жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіруі, әр аймақта шиеленістерге әкеп соғуы жоққа шығарылмайды. Бұндай сын-қатерлер өзге мемлекеттермен ықпалдасуды, тиімді геосаяси әріптестік орнату арқылы ортақ проблемаларды бірлесіп шешуді талап етеді.

Иә, отыз жыл мәңгілік үшін бір ға­на мезет болса, тұтас бір халықтың, мемлекеттің тағдыры үшін аз уақыт емес. Тәуелсіздігінің алғашқы отыз жылын қорытындылап, ішкі және сыртқы саясатта елеулі жетістіктерге жеткен Қазақстан мемлекеті өз мүддесіне сәйкес ұзақмерзімдік геосаяси нысаналарын айқындап, әлемдік державалармен және аймақтағы бауырлас мемлекеттермен ықпалдастықты нығайту жұмысын бұдан да зор жетістіктерге жету үшін қуатты мемлекет құру ісімен үйлестіре жүргізуі маңызды. Халықаралық тұрғыдан абыройлы және Еуразия кеңістігінде салмақты орны бар Қазақстан Республикасына аймақтағы жетекші мемлекет ретінде жүктелетін міндет үлкен.

1806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз