• Еркін ой мінбері
  • 30 Шілде, 2021

ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ФОРМУЛАСЫ

Тәуелсіз мемлекет құру – барлық халықтардың арманы. Кез келген халық тәуелсіздігін құра отырып, ұлттық даму жолын айқындайды. Ұлттың ұлт ретінде қалыптасуы да осы даму бағытына байланысты болады. Қазіргі заманда бұл үрдіс тәуелсіз мемлекеттік формада жүзеге асуда: тәуелсіздік алған әрбір елдің мемлекеттілігі халықаралық деңгейде мойындалады және халықаралық заңдар аясында қабылданады.

Міне, 2021 жылы Қазақстан халқы тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне отыз жыл толғанын атап өтуде. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ халқының ежелгі арманы шындыққа айналды – көптеген республикаларды бір орталыққа бағындырған КСРО мемлекеті ыдырап, Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбас­шылығымен тәуелсіздікке қарай қадам басты.

Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде «Тәуел­сіздікке жетудің жолы қандай ауыр болса, Тәуелсіздіктің іргесін бекіту, мемлекеттілікті нығайту одан да ауыр» деген өте мағыналы ой айтқан еді. Ол түсінікті де, себебі, осыдан 2000 жыл бұрын адамзаттың бірінші ұстазы ұлы Аристотель «Өнердің ең биік шыңы – ел басқару» десе, одан 1000 жылдан кейін өмір сүрген біздің даңқты бабамыз, әлемнің екінші ұстазы ұлы әл-Фараби де Ізгілікті мемлекет құрудың нақты да дәл, ешқашан мағынасын жоймайтын формуласын жазып қалдырған болатын...

2020 жылы Қазақстан халқы және әлем­дік ғылыми орта ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Осы мерейтой аясында әл-Фараби ілімі жан-жақты насихатталды. Халық өз данасымен қайта қауышты десе болады. Осы орайда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бас газет «Егемен Қазақстанда» көлемді мақалалар жариялады.

Біз үшін әл-Фараби ілімі тек мәдени мұра саналмайды. Фараби мұрасы Қазақстан мен қазақ халқы үшін «мемлекет құру формуласы» ретінде қабылдануы тиіс. Себебі, оның универсалды ережелерін біз Фараби ілімінен табамыз. Сондықтан, төменде біз Қ.Көшербаевтың мақаласында айтылған мәселелерге толығырақ тоқталуды жөн көрдік. Себебі, Қ.Көшербаев та өз мақаласында «мемлекет құру» мәселесін көтереді және оны Фараби ілімімен сабақтастырады.

Мақалада Мемлекеттік хатшы әл-Фара­бидің іліміне терең талдау жасап қана қоймай, әл-Фараби ілімінің қазіргі заманға сай өзекті жақтарына тоқталады. Мақала тарауларының «Ұлылық ұлағаты», «Тәрбие тағылымы», «Қайырымдылық қағидаты» және «Өркениет өнегесі» деп аталуының өзінде  логикалық терең мағына бар.

Мысалы, мақалада «әл-Фараби Батыс пен Шығыс мәдениеті арасындағы алтын көпір» деп айтылады. Әрине, бұл тарихи шындық. Себебі, «жаңа дәуір» кезеңінде еуропалықтардың әл-Фараби еңбектері арқылы антикалық мәдениетті қайта жаңғыртқандары рас. Соның нәтижесінде Еуропада классикалық неміс философиясы пайда болып, ол әлемдік философияның дамуына зор қарқын бергені философия тарихынан жақсы белгілі. Әрине, шағын мақалада әл-Фарабиге қатысты барлық мәселені қамту мүмкін емес. Алайда, «Батыс-Шығыс қатынасына» байланысты мына бір мәселені атап өту керек: Әл-Фараби Аристотель еңбектерімен сол заманғы өркениет ошағы болған Бағдат қаласында алғаш танысты. Содан бастап Аристотель ілімі оның даналық жолының басты мақсатына айналды. Неге? Әрине, бұл сұраққа әр елдің ғалымдары әртүрлі жауап беріп келді. Мұнда, негізгінен Аристотель іліміне көңіл бөлінеді де, Фарабидің тұлғалық болмысы назардан тыс қалып қояды.Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Мысалы, Қазақстандағы фарабитану ілімінің бастауында тұрған белгілі философ А.Қасымжанов өз еңбек­терінде ежелгі сақтар мен ежелгі грек  мәдениетінің өзара ықпалы туралы жазады. Ал, ғылыми деректерде «тарих атасы» Геродоттың«гректер сақтармен сауда жасайды, олардан көп мөлшерде астық алады» деген жазбасы бар. Яғни, бұдан Ежелгі Грек және Ежелгі Сақ елдері арасында сол кезден-ақ «мәдени-рухани алмасу» үздіксіз жүріп жатты деген қорытынды жасауға болады. Оның дәлелін алғашқы грек даналарының «кіші Азияға барып, ол жақтан даналыққа үйренуі» туралы жазбалардан табамыз. Міне, осы рухани үндестіктің нақты көрінісі көне грек мифологиясынан және Платон философиясынан көрінеді. Мысалы, Платонды мұқият оқыған философ оның ілімінен біздің дүниетанымымызбен ұқсас көптеген сюжеттерге тап болады. Бұл кездейсоқтық емес. Мәселен, Платон өзінің космология теориясында «жердегі өмірінде шаршамай, денеден бөлінген жан шарықтап ұшқанда Құдайлар әлеміне мейлінше жақындайды, одан қуаттанып, білімге және даналыққа толығып, қайта айналып Ұлы адамдарға қонады. Ал, жердегі өмірінде  шаршаған жан көтеріле алмай, қалбалақтап төмен ұшады. Ол жан «құдайлар әлемінің» біліміне жете алмай, қайта айналып құл-құтанға, тіптен, жануарға не жәндіктерге де қона береді» дейді.. Енді, осыны өзімізге белгілі «Абылайдың түсімен» салыстырсақ, одан  керемет ұқсастықты көреміз!

Сонымен қатар, грек-сақ даналық үн­дестігі құдайларға қатысты да орын ала­ды. Мысалы, ежелгі гректерде құдайлар мекені – Олимп тауы болса, бізде – Хан Тәңірі тауы, оларда жер бетіндегі тіршілік бастауы Артемида және Деметра болса, көне сақтарда тіршілік бастауы Ұмай ана...Міне, осылай жалғасып кете береді...

Бұл айтылған көне түркілік дүние­танымның Әбунасыр әл-Фарабидің да­на­лық-тұлғалық болмысына тікелей қатысы бар деп санаймыз. Себебі, Фараби өз елінен ілім іздеп аттанғанда өзінің түркілік дүниетанымнан нәр алған, рухани тұрғыда қалыптасқан тұлға деңгейіне жеткен,  тұлғалық болмысын қалыптастырып үлгерген болатын. Оны көптеген тарихшылар мойындайды. Сондықтан, ол Бағдатқа келіп, тіл үйреніп, алғаш рет Аристотельдің, Платонның еңбектерімен жолыққанда, оған өз бойына сіңірген түркілік дүниетаным мен Ежелгі грек ойшылдарының ілімі арасындағы дүниетанымдық синкретизмнің ықпалы қатты әсер еткен десек қателеспейміз. Әрине, А.Қасымжанов өзінің Фараби туралы ғылыми еңбектерінде бұл туралы жазады, бірақ, бірер сөзбен шектелген. Өйткені, сол кездегі идеологиялық цензурада «түркілік бастауға» жол берілмейтін. Сондықтан, А.Қасымжанов Фарабидің ғылыми еңбек­теріне баса назар аударып, оның тұлғалық болмысын анықтауға көп бармаған. Себебі, ондай жағдайда А.Х.Қасымжанов бастаған фарабитанушы философтардың да еңбектері Ә.Әлімжанов жазған «Ұстаздың оралуы» шығармасының күйін кешуі әбден мүмкін еді...

Міне, сондықтан да, Қ.Көшербаевтың мақалада әл-Фарабиді «Батыс пен Шығыс­тың және Ежелгі Грек және Араб өркениеті арасындағы алтын көпір» деп атауы − ғылыми тұрғыда негізделген, бірақ, әлі де зерттеуді талап ететін мәселе ретінде көтерілген деп сеніммен айта аламыз.

Мақаланың екінші тарауында әл-Фара­бидың тәрбие тағылымы туралы сөз болады. Бұл  тәуелсіздікке бет алған еліміз үшін өте маңызды. Бүгінде философия адамзат тарихын әр қырынан зерттеуге қол жеткізді − дамуды тек экономикалық емес, мәдени-рухани-дүниетанымдық  тұрғыдан бағалауға болатыны айқындалды. Мысалы, бүгінгі дамыған елдердің көшін философиялық-универсалды ойлау сатысына жеткен халықтар бастап келе жатқанын көреміз. Мысалы, Еуропа халықтары бірлесіп даму­дың прагматикасын меңгерген. Олар прагматизмді адам құндылығымен ұштастыра отырып, мемлекет басқарудың өздеріне ғана тән, әрі, тиімді жолдарын тапты. Ал, Азияда Жапония өз мәдениетін сақтай отырып, өзіне ғана тән философиялық дәстүрді жасап шықты. Сонымен бірге, бұл бағытта Корей халқы да, Қытай халқы да даму үстінде. Мысалы, қытайлар мыңдаған жылдар Конфуций мен Лаоцзы философиясын басшылыққа алып, небір қиын жағдайларда одан айныған емес. Осы тұрғыда, Мемлекеттік хатшының өз мақаласында тәрбие тағылымы ретінде әл-Фараби ілімін ұсынуы өте маңызды. Өйткені, әл-Фараби ілімі өзінің теориялық-практикалық мазмұны жағынан ділімізге жақын, ал оның ілімінің қуаты Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына жаңа серпін беруге жеткілікті деп білеміз.

«Әл-Фарабидің «тәрбиелі ғылым» концепциясы − білім мен ғылымның ел игілігіне қызмет етуін көздейді. Осы мақсатта елімізде қабылданған «Ұстаздар мәртебесі туралы» заң өз функциясын толық атқарады деп сенеміз» деп жазады Мемлекеттік хатшы. Бұл сөз Фарабиді ілімінде нақты көрініс тапқан. Ол бойынша, Ұстаз әрбір шәкіртіне «потенциалды интеллект» деп қарап, соған сай ұстаздық етеді. Ұстаз шәкіртті жан-жақты жетілдіріп, біршама уақыттан кейін оны «актуалды интеллектіге» айналдырады. («актуальды» деп шәкірттің қабілеттерінің көрінісін айтамыз). Қабілет шыңдала келе, Ұстаздың көмегімен «өзіне-өзі жеткен интеллектіге» айналады. Одан әрі «өзіне жеткен интеллект» өзіндік даму қабілетіне ие болып, елін, жерін, ғылымы мен білімін, өнері мен мәдениетін алға сүйрейтін, Мемлекеті мен Отанының көркеюіне үлес қосатын «Әрекетті интеллектіге» айналады. Міне, әл-Фараби көрсетіп кеткен осы ереже біздің қоғамда тұрақты қалыптасуы тиіс. Мемекеттік хатшы өз мақаласында осыған баса назар аударады.

Мақала еліміздегі отбасылық институтын дамыту мәселесін қарастыру барысында әл-Фарабидің «Бақыт дегеніміз – ақыл-парасат арқылы мақсатқа жету»  қағидасын еске салады. Бұл өте дұрыс. Себебі, тәуелсіздіктен кейін бұл мәселе қоғам назарынан біршама тыс қалып қойды. Бұл елдегі демографиядан өзге көптеген салаларға кері әсерін тигізетін құбылысқа айналуы мүмкін.  Сондықтан, әл-Фарабидің «мейірімді қала тұрғындары бір-біріне қайырымды» деген қағидасын қайта жаңғыртып, жас отбасыларға көмекті қоғам тарапынан да, мемлекет тарапынан да күшейтудің қолға алынып жатқаны − мыңдаған жастарға қуаныш сыйлайды деп сенеміз. Отбасы – мемлекет іргетасы екенін әл-Фараби бабамыз көптеген еңбектерінде жазып қалдырған. Енді оның осы өсиетін өмірлік ұстанымға айналдыратын кез келді. Тәуелсіздік тұғыры отбасы беріктігімен өлшенеді.

Философияда «ғылымдардың атасы – философия» деген сөз бар. Ғылым дегеніміз мына дүниені тұтас бейнелейтін ақыл-ойдың жемісі болғандықтан, оның бастауында универсалды ой (философия) тұруы заңды. Сол себепті, алғашқы философтар көптеген ғылымдармен айналысқан. Әл-Фараби де медицина, математика, химия, астрономия  және басқа көптеген ғылымдарды зерттеді. Әсіресе, оның дыбыс әлемін зерттеуі – музыканың дамуына зор қарқын берді. Ал, шын мәнісінде, ғылым тек адам үшін, оның физикалық және рухани дамуы үшін қажет екендігін ол сол кезде-ақ анықтап берген болатын. Міне, қазіргі таңда, еліміздің мемлекеттік дамуы ғылыммен, инновациямен, прагматикалық санамен, әрекетшілдікпен, азаматтық позициямен, тиімді мемлекеттік басқарумен тығыз байланыста қаралып, қоғам мен биліктің мүддесі мемлекеттік даму мақсатында бірігіп, ортақ мақсат жолында болашақты бірлесе игеруге бағыт ала бастады. Бұл әл-Фарабидің қайырымдылық қағидаттарына толық сәйкес келеді. Мақалада осы мәселеге де елеулі көңіл бөлінген.

Әл-Фарабидің қайырымды қоғамның орнауы тек әділеттілік болғанда ғана мүмкін деген ойы, әсіресе,  қазіргі жағдайда өзекті мәселеге айналуда. Әділеттілік – қоғам өмірінің бар саласында көрініс тапса, онда бүгінде орын алып отырған жемқорлық, пайдакүнемдік және т.б. келеңсіз құбылыстардың бәрі дерлік табиғи түрде архаизмге айналары анық. Бұл мәселе де мақалада егжей-тегжейлі талданған.

Сөз соңында, Мемлекеттік хатшының әл-Фараби мен Абай мұрасын зерделеу тек мерейлі жылдармен шектелмейтіні, енді оның тұрақты жүргізілетіні туралы айтқан сөздеріне назар аударамыз. Бұдан Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан  бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болашақта «Ұлттық жаң­ғыру» бағытында  жалғасатыны туралы қорытынды жасауға болады. Сондықтан, қазақ халқы даналығының қос алыбының мерейлі жылдарының қатар келуін, оның халқымыздың рухани өрісін кеңейтуге тигізген әсерін оң бағалау керек.

Әл-Фараби мен Абай қазақ халқының интеллектуалды бастауы әрі болашағы деп  санаймыз. Біз Әл-Фараби армандаған мемлекетке қол жеткіземіз.

Әбдірашит Бәкірұлы,

әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің философия кафедрасының аға оқытушысы,

Жұман Жылысбаев,

Еуразия технологиялық университеттің аға оқытушысы

3078 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз