• Еркін ой мінбері
  • 31 Шілде, 2021

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ УАҚЫТ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Уақыт – әр ұрпақтың мойнына белгілі бір жауапкершілік жүктейтіні кәміл. Жалпы, уақыт – философиялық ұғым. Адамзат өмірінде, тіпті әрбір жеке адамның ғұмырында аса қымбат қазына, үлкен құндылық есепті дүние саналатын уақытты, әсіресе, ұлттың тарихи даму жолындағы уақыт дейтін бағалы құндылықты біз қалай пайымдап, мәртебе-мәнін қалай ұғынып жүргенімізге бір сәт зер салатын кезіміз келген сияқты. Дәуірлер өтіп, ғасырлар белесін артқа тастаған сайын өздеріне тиесілі мезгіл-кезеңде, яғни уақытта өмір сүретін ұрпақтар ұлтының, ата-бабасының жүріп өткен жолын, арғы-бергі тарихын өзінше таразылап, бүгінгі және ертеңгі уақыттағы ұлт шаруаларын алабөтен пысықтап, жөн-жосығын бір арнаға келтіріп отыратыны хақ. Бүгінгі қазақ баласы өзіне берілген уақыт дейтін аманатқа бара-бар ұғымды қалай пайдаланып жүр деген заңды сауал төңірегінде азды-көпті ой толғайтын болсақ, ұлт ғұмырында ойып тұрып орын алатын уақыт дейтін құндылықты кей-кейде орынсыз жұмсап, рәсуа етіп, мән-маңызына жете алмай жүрген жоқпыз ба деген ой келеді. Кешегі Алаш арыстарының ғибратты ғұмырларына зер салып, еңбектерімен етене танысатын болсақ, олардың әрбір сәті, әрбір минуты үлкен күреспен, ұлт үшін жанкешті әрі еселі еңбек етумен өткен сияқты сезіледі. Себебі олар өздерінің алдында тұрған аса ауқымды тарихи миссияны, жауапкершілікті жақсы сезініп, пайымдай білді. Яғни, уақыттың бағасына, қадіріне жете алды. Уақытпен санасып жұмыс істеді. Уақыт талаптарына лайық болды. Өз заманының озық ойлы ұрпағы болуымен қатар жоғары білімге, біліктілікке де қол жеткізіп, адами-азаматтық сапалық қасиеттерді бойларына сіңірді. Сөйтіп, бар жиған-терген білімдерін, өмір тәжірибелерін (соқтықпалы, соқпақсыз жолдармен жүре отырып) халқының, ұлтының жолына жұмсады. Туған халқының, елінің азаттығын, еркіндігін армандап, сол бағытты нақты істермен бекітті. Кітап жазды, газет шығарды, қазақ қоғамын алға бастады, ел басқарды, әйтеуір, бір сәт тыным көрмей, қандай жұмыс атқарса да елдің жарқын келешегін зор мақсат етіп ұстанды.

Міне, осы арналы жұмыстардың барлығы нәтижесіз кеткен жоқ. Олардың соңынан  ілескен  қазақ азаматының заманға сай көкірек-көзі ашылып, зиялы қауымның бір шоғыр легі қалыптасты. Егер де біз бүгін ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілік дәрежесі, интеллектуалдық байлығы турасында сөз ететін болсақ, олардың негізін уақыт талабымен санасып ғұмыр кешкен Алаш зиялыларының атқарып кеткен еңбегімен де байла­ныстыруымыз заңдылық. Баршамызға жол көрсетіп, жоба нұсқаған аяулы тұлғалардың есімдерін ұмытпай, жүре­гіміз­­де сақтап жүруіміздің бір мәнісі осында болса керек.

Ал енді қазақтың бүгінгі ұрпағы өз­деріне берілген алтын уақытты қалай бағамдап, қалай таразылап жүр деген мәселеге қайта оралайық. Еркін елде, азат мемлекетте өмір сүріп отырғанымыздың өзі Тәуелсіздігіміздің қадірін жеке-дара пайымдап, бағасын бағамдай білуге ерекше жол ашатыны сөзсіз. Солай болуы керек те, жалпы. Сондықтан «Қазақ» және «уақыт» дейтін ұғымды бөлек қарастырып отырғанымыздың мәнісі бар. Өйткені, егер біз өзіміз өмір сүріп отырған уақытқа сай болмасақ ескі жұртта қалған ұрпақтай күйде жүретініміз хақ. Бүгінгі қазақ баласы да өз заманының озық білімдерін игеріп, басқа елдердегідей ғылымның шыңына жетіп, таңдаған саласының көрнекті өкіліне айналуы керек-ақ. Жанымыздан жылыстап өтіп жатқан алтын уақыттың қадірін білмесек, осынау уақыттың беріп отырған мүмкіндігін ұлт жолында тиімді пайдаланудың жолын қарастырмасақ, көп еншімізден тыс қалып қалуымыз ғажап емес. Демек, ойлануымыз ке­рек. Уақыттың бағасын, қадірін аздау сезінетін жұрт екеніміз жасырын емес. Аз уақытта көп дүние жасап, үлгеріп қалуға тырысатын машық-дағдымыз да оншалықты қалыптаса қоймағандай. Бүгінімізден, ертеңшілдігіміз көбірек. Көп шаруаларды келер күннің иығына артып қойып, емін-еркін жүре беретін әдетіміз тағы бар. Уақыт дейтін қазына-байлықтың ырыс-несібесін толыққанды сезіне алмай жүрген кісінің өмірде опық жейтін өкініші де аз болмаса керек. «Әттең-ай, кезінде бүйтуім керек еді, сөйтуім керек еді» дейтіндер алтын уақыттарын жіберіп алғандар санатынан. Бір-бірінің уақытын бағаламайтындар да, өзінің ғана емес, өзгенің де уақытын зая кетіретіндер де өмір айдынында аз кездеспейді. Ал мұндай кезде уақыттың қадірін өздерінен де артық бағамдайтын ұлттар тыным таппай, мақсатты түрде қызу жұмыстар атқаруда. Мақсатты деп отырғанымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені, ұлт шаруасын түгендеуге келгенде белгілі мақсаттың жетегінде болғанымыз абзал. Бұл да уақыт дейтін ұғымға бағынышты һәм байланысты дүние.

Өкінішке қарай, біздің санамызға «күн», «сағат», «минут», «секунд» дейтін ұғымдар әлі де ентелеп кіре қоймаған сияқты. Уақытты аймен, жылмен өлшей саламыз. Уақыт дейтін ұғымға кең қараймыз. Ол бітпейтіндей, түгесілмейтіндей, шетсіз-шексіз дүние есебінде қабылдай саламыз. Яғни, әрқайсымыздың қоржынымызда «уақыт» дейтін қымбат дүние бағасыз болып тұр. Кейбіреуіміз үшін уақытты тиімсіз жұмсай салу түк те емес. Бұған өкініш те білдірмейміз. Демек, бұл олқылығымызды түзеп, уақытқа капитал ретінде қарайтын көзқарасты орнықтыратын кез келді. Адам капиталы деген ұғымды жиі айтатын болдық. Ал уақыт неге капитал болмайды? Ол да капитал. Оның да өз бағасы бар. Қолданылатын жері, жұмсалатын орны бар. Ол шетсіз-шексіз емес. Капитал қалай басқарылса, уақыт та солай басқарылады, басқарылуы да тиіс.

Уақытқа адам өмірінің аса бағалы ресурсы, ұлтымыздың даму жолындағы кем-кетіктерді түзеуге ғаламат мүмкін­діктер беретін құндылық ретінде қарасақ, бүгінгі күнімізден де көп шаруалар тындырар едік.  Мемлекетіміздің тұғырын бекітуге, елдігіміздің шаруаларын кемеліне келтіруге мол мүмкіндік сый­лай­тын бірден-бір қазына уақыт екенін көп жағдайда ескерусіз қалдырып жүргеніміздің бір мәнісі оның қадірін жете білмеуімізде жатқан жоқ па деген ой келеді. Қалай болғанда да қазақ үшін уақыттың парқы бөлек екенін, оны тиімді жұмсаудың өзіндік маңызы бар екенін бір-бірімізге жеткізіп отыруға тиіспіз. Қазіргі қоғамда көптеген адамдардан «уақытым жоқ», «қолым тимейді» деген сөздерді жиі еститін болдық. Яғни, адамның өмірін уақыт дейтін ұғым көбірек билей бастағанын тіршіліктің өзі көрсетіп отыр. Демек, уақытпен санасып ғұмыр кешетіндер қатары көбейе бастады. Өйтпеске амал жоқ. Себебі заманның қарқыны сондай күшті, уақыттың өзі де жылдам өтуде. Бұл орайда, «ұлт уақыты» дейтін ұғымға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені, біз қазір қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын басымыздан өткерудеміз. Қарап тұрсақ, отыз жылдың өзі сіз бен бізге білінбей, зулап өте шықты. Ұлт өмірінде не істелді, не қойылды дейтін мәселенің өзін отыз жыл шеңберіне сыйғызып, зерделейтін болсақ, қуанатын да, көңіл тола қоймайтын да сәттер табылар. Бірақ, отыз жылдық кезеңнің өткені рас. 2000 жылдары тап қазіргі кезеңдер бізден едәуір алыста сияқты көрінуші еді. Қазақстан-2030 Стратегиясы қабылданғанда: «Ол жылға дейін әлі қайдааа» деп күдік-күмәнмен қарадық. Міне, Құдай қаласа, ол межеге де бірте-бірте иек артып келеміз. Бір есептен, Елбасының алдағы уақытты тап басып болжай білетін көрегендігі, стратегиялық ойлауы да қайран қалдырады. Уақыттың қадірін жете сезінетін, оның философиясына емін-еркін ой жүгірте алатын даралығы да осындай стратегиялық жоспарлар құра білуінен де көрініс тауып келеді. «Бүгінгі уақыт қазаққа жұмыс істеп жатыр» деген сөзі де «есемізді жіберіп алмай, сабыр сақтайық» дегенге саяды. Қазақтың саны артып, демографиялық өсімнің көбеюіне де уақыт керек. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына да, отаршылдық психологиядан арылуға да уақыт керек. Ұлт жолындағы талай міндет-мақсат уақытпен бірге еңсеріледі. Тап қазір бола қалсын дегенмен ештеңе іске аспайды.

Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық кезеңін мемлекетіміз үшін, ұлтымыз үшін қалай өткіздік, қандай келелі шаруалардың басы-қасында жүрдік, жасай алғанымыз не, жасай алмағанымыз не, қандай тұстарда мүлт кеттік, қандай тұстарда бәсіміз жоғары болды дейтін сауалдар төңірегінде осы отыз жылдық белесінде кеңірек ойланып, көбірек толғануымыз керек сияқты. Қазақ мұндайда «Өткен күнге – салауат» дейді. Тәуелсіздікті алу – бір мәселе болса, тәуелсіздікті әрмен қарай ұстап тұру – екінші мәселе. Ұлт жолында екеуі де маңызды. Осы жауапкершіліктің жүгін шама-шарқымызша сезінеріміз хақ. Ал тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, бағалау мәселесі бізде қалай? Осы сұрақтың жауабын іздей бастасақ, бір жақты жауап таба алмай қиналып қалатынымыз бар. Өйткені, тәуелсіз елде өмір сүре отырып, оның барлық қадір-қасиетін дұрыстап сезіне алмасақ, тәуелсіздікті сақтау үшін аянбай еңбек етпесек, қандай азамат болғанымыз деп те ойланасың.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын қолымызға алып, қайта бір оқып шыққан жайымыз бар. Президент Тәуелсіздіктің отыз жылдық белесіне орай былай деп жазыпты:

– Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет, – депті Қасым-Жомарт Кемеұлы.

Иә, алда баршамызды кешегі мен бүгінгіден де жауапты кезеңдер күтіп тұрғаны сөзсіз. Себебі дүние дидарының, әлемдік беталыстың күн сайын қалай құбылып, қалай өзгеріп бара жатқанын көріп отырмыз. Бір ғана коронавирус індетінің барша әлем елдеріне соққы болып тигені, одан туындаған зардаптармен күрес әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Осындай кезеңде көп мәселеге ой жіберуге тура келеді. Бүгінгі уақыттың өзі не болып барады? Коронавирус індетімен байланысты жағдайларға назар аудара отырып, ертеңгі күнге үміттен гөрі күдік басым болып кеткендей ме, қалай. Бұл да осы уақыттың басты сынақтарының бірі болып тұрғанын мойындаумызға тура келеді. Жә, тақырыбымыздан сәл-пәл ауытқып баратқан сияқтымыз. Олай болса, тілге тиек етіп отырған мәселемізге қайта оралайық.

Жалпы, Тәуелсіздікке байланысты түйіндер тұсымыз мынау: отыз жылдық ғұмыр қайтіп келмейтін өлшем. Ол енді тек қана өткен уақыт ретінде бағамдалып, таразыланары анық. Себебі ол кезең тарихқа айналды. Ұлтымыздың, мемлекетіміздің жүріп өткен жолын көрсетерлік шежірелі кезеңді құрайды. Бәлкім, отыз жыл ішінде бұдан да көп дүниеге қол жеткізуге болар ма еді? Бұл риторикалық сұрақ екенін де түсінеміз. Бірақ, барға – қанағат. Жеткенімізге, жетпегенімізге де шүкір. Отыз жылдық уақытты сіз бен біз, өзіміз өмір сүріп отырған қоғам, тұтас мемлекетіміз, халқымыз қалай пайдаланып, қалай қолданды дейтін мәселеге келгенде бұған берілер жауап та әрқилы, әртүрлі болатыны түсінікті. Шынтуайтына келгенде, уақыттың ұлтымыз үшін парықсыз нәрсеге айналып, құр босқа өткенінен қорқуымыз керек. Уақыт дейтін аса бағалы құндылықты құнсыздандыратын тағы өзіміз ғой. Әйтпесе, ұлтымыз үшін уақыт жақсы мүміндіктер беріп тұр. Ізден, шыңдал, өс, көбей, мұратыңа жет, кәсібіңді дөңгелет, қатарыңнан қалма, алға ұмтыл, озық бол, ұлтыңның, еліңнің бақыты үшін үлес қос дейтін биік өлшемдерді алдымызға көлденең тартып тұрған жоқ па? Ал осының бәрін сезінетін, түйсігімен қабылдап, пайымдайтын санамыз сергек пе? Кейбір тұстарда мүлгіп кеткен жоқпыз ба? Мұқағали жазғандай, уақыттан алар бағамызды қаншалықты біліп жүрміз?

Небір қиын-қыстау уақыттардан аман-есен осы күнге жеткен қазақ қандастарымыз арқаны кеңге салмастан, ұлтының алдында тұрған келелі шаруа­ларды міндет қып алып, жұмылған жұдырықтай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қуатты етуге білек сыбана кірісіп кетсе, қандай ғанибет. Арамыздағы кейбір қазақ қандастарымыздың тірлігіне қарасаң, олардың пайымы бүгінгі заман талаптарымен ұштаса қоймайтын, өз уақытынан көп кейіндеу қалып қалғандай әсерде болатының да жасырын емес. Мұның барлығы өзі өмір сүріп отырған уақыт туралы толғанбаудан туындайтын дүние ғой. Толғанса, уақыт жайында азды-көпті ойланса, өйтпес те еді. Басқа деңгейге көтеріліп, басқаша дәрежеде тіршілік кеше бастайтын еді. Бос жүрісті қойып, нәпақа тауып, еңбек етіп, оқу оқып, ұлтының қажетіне жарайтын перзентке айналар еді.

Бұл орайдағы барлық кінә-кінә­ратымыз – уақыттың философиялық мәнін толыққанды ұғынып, қадіріне жете алмай жүргенімізде жатыр. Біздің уақытты қабылдауымыз, уақытты түсінуіміз де бөлек, басқаша ма деймін. Сайын дала төсінде емін-еркін күн кешкен атам қазақтың ұрпағын бүгінгі зымырауық заманның жалына жармастырып, бір қалыпқа сыйдырып, телегей-теңіз уақытын тар шеңберіне салып қою да мүмкін емес сияқты сезіледі. Асықпайтын мінезіміз «Асыққан – шайтанның ісі», «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» дейтін мақалдарымыздан көрініс тауып жатқандай. Әрине, мақал-мәтелді санамыздан, рухани болмысымыздан өшіріп алып тастай алмаймыз. Оның да керек жерінде өз маңызы, қайталанбас ғибраты, ұмытылмас тәлімі баршылық. Бірақ, мұндай мақалдарды тұтас өміріміздің арқауына айналдырып, барлық шаруамызға таяныш ете беру қаншалықты ақылға қонымды болмақ деген заңды сауал туындайды. Бәлкім, қажет жерінде асығуымыз да керек шығар. Ұлт үшін маңызды болып тұрған жұмыстарда өзіміз тежеп, іркіліп, дағдарып, тосылып қалуға да болмас. Біз еркіндігімізді алғанымызға отыз жыл ғана уақыт өтті. Бодандықта, бодаушылықта өткен кезеңдерде ұлт жолында атқарылар талай шаруалар қордаланып қалды. Абай атамыз айтпақшы, енді қолымызды мезгілінен кеш сермеуге тура келіп тұр. Солардың арасындағы маңыздыларының бірі де бірегейі – ұлттық сана-сезімді қайта жаңғырту. Ұлттық сана-сезімді жаңғыртпай, қалыптастырмай ісіміз алға баспайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ұлттық сана-сезім дегеніміз – ұлтыңның келешегіне үлес қосу. Мемлекетіме болсыншы, елім өсіп-өнсінші, халқым көркейіп, кемелденсінші, қоғамдық қарым-қатынастар өркениеттік деңгейге жетсінші деп толғанудан туындайтын көзқарастар жүйесі. Ұлттық сана-сезім қалыптасқан жерде – патриоттық ахуалды, адами-азаматтық белсенділікті іздеп шарқ ұрмайтынымыз кәміл. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан азаматтың, мейлі ол Қазақстанның қай аймағында өмір сүрсе де, одан тек ұлтқа пайдалы болатын келелі істерді күте аламыз. Ондай азамат елдің үмітін ақтайды. Мемлекеттің қаржы-қаражатына қол салмайды. Мемлекеттің мүлкіне өз мүлкіндей жанашырлықпен қарайды. Ұлттық сана-сезімнің түп бастауында адамгершілік қағидалары жататынын да ескеруіміз керек. Ұлттық сана-сезім арқылы азаматтық сана-сезім, перзенттік сана-сезім қалыптастып, бекиді. Ал ұлттық сана-сезімі жоқ адамнан не күтеміз? Иә, ол да осы елдің азаматы ретінде өмір сүре береді. Бірақ, оның бойында өз халқының ұлттық құндылықтарына деген жанашырлығы байқалмайды. Құлқынның қамын ғана ойлайтындар осындайдан келіп шығады...

Өткен тарихымызға қарасақ, өздеріне берілген алтын уақытты тиімді қолдана білген басқа тәуелсіз мемлекеттердің жанында біздің көшіміз кейіндеп қалғанын жоғарыда айттық. Мұның себебі азаттығымыздың, еркіндігіміз болмағанымен байланыстырдық. Ұлттың даму жолындағы еркіндігі шектелсе, ол өзінің алдындағы арман-мақсатын толыққанды жүзеге асыра алмайтыны анық. Өйткені, тәуелсіздік қана ұлтқа серпін беріп, толыққанды жетілуіне, кемелденуіне, саяси санасының өсуіне, ұлттық құндылықтарының гүлденіп, көркеюіне жақсы мүмкіндіктер сыйлайды. Ал ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігіміз – төрімізде, уысымызда тұрғанда неге алабөтен қарманып, іргелі шаруалардың жолында тер төгіп, табанды еңбектің көрігін қыздырмасқа? Тәуелсіздігімізге отыз жыл толса да, әлі де ойланбай, көп мәселенің байыбына бармай, тереңіне бойламай, етек-жеңін жимай, арқаны кеңге салып жүрген жандарға не айтамыз. Бостекі сөзбен, бостекі жүріспен ештеңе өндірмей, ұлтына пайдасын тигізбей, керісінше озған заманды кері тартқысы келіп, зиянды іс-әрекеттер жасауға құмбыл болып тұратындарға не айтамыз.

Президент мақаласының мына бір тұсына зер салайықшы: «Біздің мақса­тымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген. Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін» деп жазыпты.

Асылы, бүгінгі жаңа заман жастары уақыттың қадірін ерекше сезінеді. Өйткені, олар «Тайм-менеджмент» (уақытты басқару өнері) ілімі пайда болған заманның өкілдері. Уақытын тиімді басқара біледі. Отыздың ар жақ-бер жағында көп жетістіктерге жетіп жатқан жастарымыз соның айқын дәлелі. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Міне, бұл азаматтар ұлтымыздың интеллектуалдық байлығы. Уақытын тек қана пайдалы арнаға бағыттайтын шығармашыл жастар легі алдағы кезеңдерде ұлтымыздың сапалық қасиеттерін жаңа деңгейге көтеруі де әбден мүмкін. Жалпы, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, көшпенді кезеңдегі тіршілігімізге қарасақ ұлтымыз уақытты тиімді пайдаланудан кенде болмағанын байқаймыз. Көшпенді өмір салтының өзі уақытпен санасып өмір сүруді талап еткені сөзсіз. Демек, біздің бойымызда уақыттың жүрісінен кеш қалмау, бірге даму тәрізді сапалық қасиеттер бар...

Шынтуайтына келгенде, жер бетіндегі әрбір ұлтты «уақыт» дейтін құдірет шыңдайды. Уақытпен бірге жетіле отырып, кез келген ұлт өзінің бағыт-бағдарын айқындайды. Әрбір ұлттың, мемлекеттің жүріп өткен жолы – өткен уақыт бедерінде қалдырған іздерімен өрнектеліп, айшықты бола түседі. Бір қызығы, уақыт деген құбылыс жер бетіндегі ұлттардың бәріне ортақ.  Мұхиттың аржағындағы америкалық азаматқа да берілетін уақыт – бір, кәрі құрлықтың азаматына да берілетін уақыт бір. Мәселе – сол уақытты кімнің, қалай қолданатынында. Дамып кеткен елдер – уақытты қаншалықты тиімді пайдаланып отырғанын өздерінің даму көрсеткіштерімен-ақ дәлелдей алады. Ал артта қалған немесе дамушы елдердің үлесіне мұндай жетістік уақыттың қадірін алабөтен сезініп білгенде ғана келеді. Біздегі өмір қарқыны мен дамып кеткен елдердегі өмір қарқыны бірдей емес. Олардың адамдары көшеде жылдам адымдап бара жатады деп естиміз. Ал біздегі жаяу жүрістің орташа жылдамдығы қанша екенін өлшегендер бар ма? Оншалықты қарқынды емес сияқты. Біздегі өмір арнасы олармен салыстырғанда оншалықты тез де емес. Осының барлығы біздің уақытты қаншалықты дәреже бағамдап, қадірлей алатынымызды білдіретін сияқты. Шаруасы көп адамның уақыты жетпей, мұрнына су жетпей жүреді. Демек, ондай адам өз уақытын максималды түрде қолданып келеді. Олар нағыз еңбектің өкілдері саналады. Қоғамды алға сүйрейтін осындай топтағы адамдар легі.

Жаңа уақыттың біздің еншімізге беріп отырған құндылықтарын қанша жерден мойындағымыз келмесе де, амал жоқ, кейде оның ортаға салған заңдылықтарын қабылдауға мәжбүр боламыз. Тәуел­сіздіктің отыз жылдық уақыты, кезеңі ел ретіндегі, мемлекет ретіндегі жүріп өткен жолымызды сана сарабына салып, бағдарлайтын кезең екенін жоққа шығар­маймыз. Иә, жарық дүниедегі кез келген үрдіс, бастаманың өміршеңдігі уақытпен өлшеніп, уақыт тұрғысынан бағаланары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде ұлтымыз үшін қажетті саналатын уақыттың өзін бірнеше сипаттарға бөліп қарастыруға болатын сияқты.

Ең бірінші мәселе, бұл – тарихи уақыт. Тарихи уақытта ұлт өміріндегі шешу­ші кезеңдер өмірге келеді. Тарихи уақыттың мән-маңызын дұрыс бағамдай алмау ұлтты ұшпаққа шығармайды. Тарихи уақыттарды елемеу, ондағы жасалған дүниелерді жоққа шығаруға тырысу да ұлт үшін пайда әкелмейді. Демек, тарихи уақытты өзінің барлық жетістік және кемшілігімен де қабылдай білуді үйренуіміз керек. Тарихи уақытта жасалған дүниелердің барлығы да бірдей керемет бола бермейді. Тарихи уақыттың құндылыққа бара-бар өлшемі сондай, ол – ұлттық деңгейдегі дәреже беделіңді анықтап, бағдарлап береді. Кімсің және әрі қарайғы өміріңнің кезеңдерінде қандай сапалық қасиеттерге ие боласың, міне, осының барлығы да тарихи уақыт өлшемінің кеңістігіне сыйып кететін құндылықтар жүйесіне жатқызылады. Тарихи уақытты өзгерте алмайсың, оны тек ұлт өміріндегі шешуші кезең ретінде танып, білесің. Ақиқатын анықтап, құпия тұстарының сырын ашуға талпынасың. Тарихи уақытты толыққанды сезіну үшін де уақыт керек. Белгілі бір кезеңдер өту керек. Қазір біз Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын барлық мән-маңызымен сезініп отырсақ та, белгілі бір кезеңдерден кейін осынау отыз жылдық кезеңіміздің басқа да жаңа қырлары, бел-белестері ашылуы ғажап емес. Өйткені, бұл тарихи уақыттың еншісіндегі дүние.

Уақыт дейтін құндылықтың екінші бір қыры – ұлт уақыты. Уақыт алдындағы жауапкершілігімізді тұтас ұлт ретінде сезінетін дәрежеге қашан жетер екенбіз? Ұлттың ұпайы түгел болуы үшін уақыттан ұтылмау керек. Уақыттан ұтылу деген – ұлт болып ұйыса алмау. Ұлт және уақыт дейтін ұғымды дұрыс арнаға бағыттай алмау. Ұлт ретінде атқарар көп міндетті уақыттың иығына жүктей салып, екі қолды қусырып қарап отыру жарамас. Уақыттың бағасын оншалықты жақсы сезіне алмайтын мінезімізден ұлт болып ұйысу жолында сол уақытпен санаса отырып ғұмыр кешу дағдыларын бойымызға сіңіре алмай жүрген жайымыз да бар. Бүгінгі жүйткіген уақыт біздің өзгергенімізді күтіп отырмасы анық. Уақыттың мінезі, табиғаты сондай – ол әрдайым алға қарай адымдайды. Ұтыласаң да, ұтсаң да уақыт дейтін ұлы дүние бір сәт мүлгуді білмейді. Өткен уақытқа біз қаншалықты баға берсек, уақыт та бізге өз бағасын береді. «Бәріне уақыт төреші» дейтін сөз бар емес пе. Уақыт төрешілігінде жүзіміз жарық болып, бәсіміз жоғары тұру үшін қазірден бастап еліміз үшін пайдалы болатын нақты істердің легін көбейткеніміз абзал.

Елбасының бастамасымен көтерілген маңызды идея – Мәңгілік Ел идеясы. Мәңгілік деген ұғымның өзі уақыттың мәңгілігін білдіретін ұғым. Яғни, қазақтың жер бетіндегі ғұмыры, ұлт ретіндегі өмірі – Мәңгілік болу үшін Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, алға қарай нық қадамдармен адымдай беру. Бүгінгі дүниенің бет алысын барлығымыз бағамдап, сын-қатерлерді де сезініп отырмыз. Жер бетінде төрт құбыласы тең болып тұрған ештеңе жоқ. Қайта барған сайын жекелеген елдерге де, тұтас әлемге де табиғи-техногендік дәрежедегі қауіп-қатерлер төнуде. Осындай сын-қатерлерді еңсеруге де күш-жігер, табанды әрекеттер керек.

Жалпы, дәл бүгінгі таңда біз «уақыт» мәселесін көп әрі жиі қозғауымызға тура келеді. Себебі уақыт жайында аз айтсақ, уақыт мәселесіне дұрыс көңіл бөлмегеніміз. Ал уақыт жайында жиі сөз қозғасақ, уақыт мәселесіне сергек қарай бастағандығымыз. Сондықтан, «уақытқа уақып болу» жайын күн тәртібіне шығарсақ, артық болмайды. Өйткені, қайран уақыттың қадірін білу, оны алтыннан да қымбат көріп, бағалау жайы ойдағыдай емес. Көпшілігімізге жинақылық жетіс­пейді. Қолға алған ісімізден нәтиже шығару, жұмыстарымызды түбегейлі әрі тиянақты жоспарлау және оны сол жоспарды бұзбастан дер кезінде жүзеге асыра білу, Абай атамыз айтқандай, өткен күндерімізден есеп алу да маңызды міндет ретінде айқындалуы керек-ақ. Ең бастысы өткен уақыттан қорытынды шығарып, келер уақытымызды құр босқа шығындап өткізіп алмау мәселесіне барынша ден қойғанымыз абзал. Орыс халқы айтатын «Время – деньги», яғни «Уақыт – ақша» деген сөзде белгілі бір шындық та жатыр. Біз, қазақтар, уақытты алтынға теңейміз. Екі көзқарас та уақыттың соншалықты қымбат, бағалы екенін көрсетіп тұр.  Ал бүгінгі нарық заманында уақыттың бағасы тіпті, қатты сезіліп кеткен жайы бар. 

Тақырыбымызды Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласындағы мына сөздерімен қорытындылағымыз келіп отыр:  «Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі. Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».

Осы айтылғандардың барлығы да уақытпен үндесе жүріп өмір сүру дағдыларын қалыптастыру мәселесімен тікелей байланысты. Адам өмірінің мәні – өзі өмір сүріп отырған уақыттың талабына сай болу. Ал ұлт өмірінің мәні – уақыттың өзі сыйлап отырған мүмкіндіктерден көз жазып қалмай, уақытты өз ырқына көндіріп, одан өзіңе тиесілі үлесіңді алып, алтын уақытты ұлттың бітпей жатқан қым-қуыт шаруаларын түгендеуге бағыттау.  

2612 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз