• Ұлттану
  • 31 Шілде, 2021

АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ

Бұлар от пен судай бір-бірімен ешуақытта да одақтаса алмайтын және ешқашан да ортақ тіл табысуы мүмкін емес одағай нәрселер. Анығырақ айтсақ, біріншісі бар жерде екіншісінің, соңғысы бар тұста алдыңғысының болуы мүмкін емес! Яғни,  бұл екеуі жақсылық пен жамандық секілді бірін-бірі іштей де, сырттай да жоққа шығарып отыратын бір-біріне мүлде кереғар ұғымдар. Сондай-ақ шын мәніндегі азамат адам не нәрсеге болса да немкетті көзбен немқұрайды қарай алмайды. Ал, осылай қарайтын адамның азамат болуы ешбір мүмкін емес. Себебі, немқұрайдылық дегеннің өзі шындық пен әділдік жолындағы күрестен қашу, оны жоққа шығару болып табылады. Сонымен бірге азаматтық асыл қасиет өмірдің өз заңындай болмай, жеңбей қоймайтын тарихи-адамгершілік күш екенін де ұмытуға болмайды.

Сөйтсе де қашанда есте ұстайтын бір нәрсе бар. Ол немқұрайдылық үстемдік алған жерде жалған азаматтықтың дамуына қолайлы жағдай жасалатындығын ешуақытта естен шығармау. Жалған азаматтық билік құрған ортада тоғышарлық тоқыраудың салдары – немқұрайдылық психология қалыптасып, қоғам дамуына, ұлттық-адамгершілік прогреске кең көлемде кесірін тигізетін кесепат кесел – жақсы мен жаманды айырмаушылық етек алады. Бұл жайында, анығырақ айтсақ, «жақсы мен жаманды айырмаудың» не екендігін біздің дәуіріміздің ІІІ ғасырында өмір сүрген грек ойшылы Диоген Лаэрций тамаша айтқан. «Государства погибают тогда, когда не могут боле отличать хороших от дурных» деген Диоген сөздерінде терең шындық бар...

Азаматтық және адамгершілік сезімдер мен қасиеттердің айрықша молдығы жеке адамның ғана рухани құдірет күшін танытып қоймайды. Бұл сонымен қатар сол өмір сүріп отырған ортаның яки сол қоғамның да орасан зор рухани-моральдық байлығы боп саналады. Кез келген қоғам қашан да өзінің табиғи және материалдық байлығымен қуатты көрінетіні рас, сөйтсе де, нағыз адамгершілік пен азаматтық принциптерге негізделген қоғам ғана өзінің рухани және моральдық байлықтарымен тіпті құдіретті.

...Азаматтық пен адамгершілік! Бұлар бірінсіз бірі жоқ біртұтас ұғым. Тіпті бұл екеуі бір-бірінен бөлуге келмейтін түп негізі бір егіз ұғым. Немесе олар бір медальдың қос беті десе де болады. Нағыз азаматтықтың қуат алар қайнар көзі, арнасы терең адамгершілік болса, ал адамгершіліктің ақшаңқан апогейі азаматтық екені анық. Ал, екеуінің өзара бірлігінен саналылықтың ең жоғарғы сатысы күрескерлік сезім немесе патриоттық сезім келіп шығады. Осы жерде анықтап айта кететін нәрсе, патриоттық, яғни күрескерлік қасиет жақсылық немесе адамгершілік үшін күреспен ғана шектелмейді. Өмірдегі жамандық атаулының үлкенді-кішілі қандай түріне болмасын қарсы бағытталған табанды әрі принципиалдық күрес патриоттықтың басты шарттарының бірі болып табылады. Асылы, көптің бірі, көпшілік санатындағы жұлын-жүйкелі адам бар да, ал, адамның асыл төресі ақиық азамат басқа екендігін уақыт төрешінің өзі көріпкел ретінде көрсетіп келе жатқан жоқ па? Несін жасырамыз, көбіміз сол ақиық азаматтардың арқасында алшаң басып, асығымыз алшысынан түсіп, солар жасаған жақсылықтың жемісін жеп шалқып жүргеніміз рас қой.

Біз әдетте азамат деген телегей ұғым беретін терең мағыналы сөзді реті келсін, келмесін парықсыз көп қолданамыз. Сөзді жауапкершіліксіз айтқан жерде сөзге жауап берушілік азаятыны мәлім. Демек, жауапкершілік дегеннің өзі ең алдымен ар алдында жауап берушілік екенін ұмытуға болмайды.

Сағат ӘШІМБАЕВ,

«Шындыққа сүйіспеншілік» кітабынан

«Жазушы» баспасы, 1993 жыл

3562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз