• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ҚАМЫСЫ ӘУПІЛДЕКТІҢ ИРЕК-ИРЕК

  Серікқали ХАСАН,

 «Ақиқат» журналының бөлім

  редакторы

Алыс сапардан кеше ғана оралған. Осыншама арып-ашып, сондағы сол ұзақты жолдан Алматыға дейін әрең жеткен Арғымақовты дәл қазір де өзінің тау бөктеріндегі осынау тыныштығы ұйыған жұмыс бөлмесінде еш маза бермей, осыншалықты әуреге салып қойған бір қиын жағдай алғаш осыдан бірнеше тәуліктей ғана уақыт бұрын, сонау алыс өңірден өзі отырып келе жатқан «Мәскеу – Алматы» бағытындағы жүрдек жолаушылар пойызы бір сәт арнасы кең Сыр өзенінен жүйткіп өтіп, Түркістанға қарай біршама жақындап қалған кезде-ақ басталған. Арғымақов осы жолғы алыс сапарға шығардың алдында-ақ соған іштей мұқият даряланып жүріп, өзінің алдағы ауыл өміріне қатысты жазатын көлемді жолжазба очеркін ау бастағы өзі жоспарлағанындай, бір емес, енді бірнеше тарауларға дейін де жеткізуге бел байлаған еді ғой. Оның да ішіндегі бұрын-соңды ауыл өміріне қатысты анаукерім көп сөз етілмей жүрген тағы талай тақырыптарды да барынша қамтып қалуға тырысты. Соның өзін енді бейнебір барша елдегі ауыл тұрғындарының аттарынан айтып отырғандай-ақ болып, бірақ, өз тараптарынан ауыл өміріне барынша жанашырлық танытып, жер-жердегі сол ауыл тұрғындарына дер кезінде қол ұшын соза алатындай билік органдарына қаратып айтудың оңтайлы бір әдісін де ойлап таппады ма?! Ақыры бұның бәрі солай болған да еді ғой. Соған өзі алғаш жазу столына еш тапжылмай отырғанның өзінде де, қаншама уақыты кетті десейші?! Бұл кезде бұның өзі де әбден болдырып, тым қатты шаршағандай да күй кешті. Арғымақов әдетте үйде қарапайым қара қарындашпен ғана жазатын. Өзінің Алматыдағы көптеген қатарлас қаламдастары бүгінде бұрынғыдай электронды мәшіңкені қойып, енді бірден компьютермен жұмыс істеуге көшсе де, бұл сабазың әманда өзінің шабытын шақырып, қалам сілтесіне әрдайым жел бітіретіндей болатын жеңіл қарындаштармен ғана жұмыс істегенді қалайтын. Сондағы өзінің ондаған қарындаштарын да алдын-ала осыншама ықыластана ұштап, жазуға мұқият түрде даярлана бастады. Әдетте осылайша ұзақ уақыт алыс сапарда болып, ал, Алматыға осыншалықты зор әсерге бөленіп қайтқаныңда, сен үшін алдағы бір ұзақ жазуға отырып, не бұндайда жазуға қолайлы орын таңдауға да көп уақытың болмай, ертеңді-кешке дейін әлгіндей шабыт құшағына бөленіп жүріп, кез-келген жерде-ақ бірден қызу іске батыл кірісіп кететінсің! Жо-жоқ, Арғымақов бұл жолы тап ондай асығыстыққа бара қоймады.

Арғымақовтың елдің шалғай өңірлеріне жасаған бұл жолғы шығармашылық іссапары, шынында да,  тым ұзаққа созылды. Сол кезде бұл ерінбей-жалықпай, елдің әр қиырындағы көптеген танымал ауылдық жерлерде де болды ғой. Сондағы бірқатар ауылдарға өзінің тым ұзақтау кідіргендігі, басты тақырыпқа байланысты көп нәрселерді әр қырынан осыншама бір тәптіштей сұрағандығы тағы бар. Хе-хе, бұл өзі сонда ғана бір көрді емес пе, бұрынғы көп жерлердегі ондаған, жүздеген шағын ауылдар ауылдар ма, хе-хе, олардың қатарына кейінгі жылдары жаңадан қосылған тағы қаншама ақшаңқан ауылдар да бар десейші?! Солардың бәрі ылғи да өздерінің көрік-келбетімен бейнебір бірінен бірі өтіп, көздің жауын да алғандай еді-ау! Ең бастысы, бүгінгі ауылдар сол бір күндерде сонау алыстан осыншама ат арытып, өздерін осылайша арнайы іздеп келген қаламгер Арғымақовты қай жерде де осыншама құрақұша қарсы алды. «Алматыдан жазушы келіпті, ол алда осындағы біз туралы да жазбақ екен» деп жүріп, әр жердегі ауыл атқамінерлері өзінің сондағы әрбір барамын деген жерлерінің бәріне де апарып, көремін деген жерлерінің бәрін де асықпай аралатып көрсеткен де еді ғой. Әлдебір мал қорасы, сондағы жағалай іркес-тіркес жалғасып жатқан пішен ауласы, жайлау, өзен, көлдер мен жекелеген ауылдардағы шаңырақтарда ауыл өмірі, ауыл тынысы, ауыл тұрғындарының бүгінгі тұрмыс-тіршілік, келер күндерге деген қам-қарекеттері хақында талай сағаттарға дейін созылған қызықты әңгімелер шертілді. Соның бәрінде де бүгінгі ауыл, ауыл тұрғындары, олардың қалыпты тұрмыс-тіршілік, ауыл өмірін дамытудағы әлдебір кем-кетік, не тағы да олардың көптен бері әлдебір таршылық көріп отырған жәйттері және ауыл балаларының оқу-білім, тәлім-тәрбиесі мен болашағына қатысты небір жанашырлыққа толы ойларға дейін да ортаға салынды. Осы бір күндерде Арғымақовтың сондағы ағыл-тегіл әсер, толғаныс, дерек-мәліметтер, ұсыныс-тілектерден өзінің талайғы қойын дәптерлері де толып үлгерген. Арғымақов жолай тағы талай ондаған үлкенді-кішілі ауылдарда, сондағы жергілікті тұрғындардың арасында болып келіп, енді сол жағынан, алыс өңірдегі өз туған өлкесіндегі қос бірдей көлдің қиылысқан тұсындағы өзінің кіндік қаны тамған қастерлі ауылына да соға кеткенді жөн көрмеді ме?! Па, шіркін, бұның өзі де қатты толқыды-ау, сонда! Сол жүргенде, өзі соңыра сол ауылдағыларға: «Мен осы келгенде, осындағы сіздерді тіптен қатты сағынып, шынымды айтсам, өздеріңді арнайы іздеп келдім ғой», – дерін де, жоқ, әлде: «Осылайша бір реті келген соң, сапарлап жүріп, араларыңа оқыс кеп қалдым», – деп, бірден өзінің шынын ақтарып саларын да білмеді. Енді сондағы сол қиналыс-толғаныстарының бәр-бәрі де артта қалғандығына қапелімде өзі де сене алар емес қой. Сондағының бәрі де бейнебір бір сәттік көрген түс те секілді болды ма, қалай?!.

Купе вагонда бұл кезде кешкі шәйдің қамымен дәлізде әрі-бері шапқылап жүрген жолаушылар да көп еді. Арғымақовтың сондағы іштей қатты толқып, әлсін-әлсін өзінің есіне түсе берген бір кездегі әнші-ауылдасы Мәрлен туралы осы кезге дейін қаншама рет осыншама жазамын деп оқталып, бірақ, қай кезде де өзінің онысынан қапелімде жарытымды ештеңе шығара алмай жүргенмен, неге екендігі қайдан, кешегі күндері пойыз Сырдағы аспалы көпірден өте бергенде, сонау кең жазықтағы көз талдырарлықтай алыс қиырларға қарай осыншама үңіле қарап, өзінің бұған дейін бірде сонау тау бөктеріндегі тыныш саяжайында, бірде қала орталығындағы көп қабатты үйлердің біріндегі терезесі тау шыңдарына қарай бағытталған жұмыс кабинетінде біршама сәтті бастағанмен, әрі қарай тағы еш жалғастыра алмай, ылғи да өзінің соған дейінгі әлгі жазғандарының бәрінің белінен асығыс түрде бір тартып, кейін соны енді тездетіп қайта бастаудың сәтін күткен шақтарын осымен қаншама рет қайта-қайта есіне түсіріп отырып, жоқ-ау, тіпті, сондағы әлі де он екіде бір нұсқасы жоқ сол дүниесін енді осынау жол үстінде-ақ қайтадан жедел түрде қолға алып, «қашан сонау Алматыға дейін жеткенше өзін біршама еңсеріп тастаудың қолайы енді ғана келді ме» дегендей ойға бірден табан тіреп, әлгінде ғана өзінің купелес серіктері өздерінің тамақтарын ішіп алып, артынша бетін жалтырата сүртіп кеткен шағын столдың алдына асығыс отыра қалып, осыншама төгілдіртіп түсіре бастағысы келгенмен, ой, тәйірі-ай, оның әлгі жерде тағы да еш реті болмай-ақ қойды емес пе?! Былайынша айтқанда,  бұл кезде бұның кешкі шамның жарығымен-ақ өзінің алдында жатқан ақ қағазға шұқшия үңіліп, тынымсыз жаза бастауына артық-ауыс ешқандай кедергі де болмаған еді ғой. Күнұзақты өзімен бірге келе жатқан жолаушы серіктері әлгінде ғана Сырға жақындағанда-ақ жолай бір шағын резьезден түсіп қалып, ал, артынша Қызылордадан отырған ерлі-зайыпты қос жолаушы ішке өздерінің қарны қампиған сөмке-мөмкелерін орналастырып болғаннан кейін, әрі қарай тағы ұзақ кідірмей, бірден дәлізге қарай шағып кеткен. Енді солар іште жоқ кездегі осы бір оңашалықта да тағы еш тыным таппай, осыншама мазасыз ой кешіп: «Қызық-ау, тегі, өзім болсам, осынау алыс сапардан осыншама арып-ашып келе жатырмын. Алдағы әлі жан қинап жазатын дүнилерімнің молдығы өз алдына, бұл бағыттағы тақырыптың арада тағы қаншама жылдар өтсе де, әлі күнге дейін өзімнің есімнен бір шықпай, ылғи да өзі туралы тездетіп жазуды ғана тіленіп жүрген әнші Мәрленге еш қатысы да жоқ емес пе?! Дей тұрғанмен, аһ, ол туралы осы тұрған өзімнің осыдан көп уақыт бұрын жазатындай да ретім болып еді ғой, тегі. Бәлкім, сол кезде жазып, артынша оны тездетіп елдегі белді газет-журналдардың біріне жариялатқан дүниемнің менің өзімнен бұрын, сол талантты әнші Мәрленнің алдағы ұлттық өнердегі үлкен болашағы үшін өзіндік бір септігі де тиген болар ма еді, қайдан?!» – деп, сосын жалма-жан қарсы алдындағы столдың жанына асығыс отыра қалып, қаралай өкініп, өзінің бармағын да тістегендей болмады ма?!.

Арғымақов өз басы сол атақты әнші-ауылдасы Мәрленді баяғыда мектептегі оқушылық өмірінде алғаш рет мектеп сахнасында ән айтып тұрған қалпында көріп, оны әрі қарай тағы да тереңдетіп тани бастаудан еш жалықпады емес пе?! Жоқ, айтпақшы, бұлар сол Мәрленді алғаш мектеп сахнасынан көргенге дейін де мектептегі дәстүрлі концерттердің кездерінде талайғы жақсы, әрі әрдайым көңілдің ажарын ашып, өздерін әлдебір ыстық құшаққа бөлейтіндей небір әсерлі әндерді, өз ретінде әдетте оларды өте шебер орындайды дегендей ұл-қыздардың талайының дауыстарын да талай мәрте осыншама қызыға тыңдаған еді ғой. Бұлар сол кездерде олардың да талайына қолдау білдіріп, өте бір үлкен ризашылықпен қаншама рет осыншама дуылдата қол соқты десейші, бірақ, бірақ... сондағы өздері қатарлас Мәрленнің әдетте сахнада ән шырқағандағы дауысындай еш қайталанбас дауысты өздерінің бұрын-соңды ешқашан еш жерден де естіп көрмегендіктерін енді несіне жасырсын?! Әдетте ол өзінің аузын ашып, әуелетіп әндете бастағанда-ақ, сондағы бір сиқырлы сезім тездетіп сенің де ішіңе дендей еніп, дәл сол сәттен бастап, сені де сондағы өзіндік әсер-ықпалымен емін-еркін билеп-төстеп ала жөнелетін еді-ау. Ал, бұлар бұндай кездерде өздерін өзгеше бір жұмбақ әлемге еніп, өзгеше бір жағдайда ғұмыр кешкендей-ақ, қиял әлемінде де өздерін тым еркін сезініп, тым-тым алысқа қарай да сапарлап кете бармайтын ба еді?!

Сол баяғы өз қиялындағы Мәрлен, оның да бүгінде тек бір өз қиялындағы әндері ғана екен дейді!.. Па, шіркін, бұндайды бұрын-соңды кім көрген?! Жоқ-ау, сен, бәрінен бұрын, бұлар баяғыда ауылдағы мектепте және сол мектептің күнделікті өздері отыратын класындай келесі бір жарық кластардың бірінде, не сондағы күнделікті үзілістердің кездерінде өздері әрі-бері ағылысып жататын кең дәліздерінде, жоқ-ау, тек бір ол ғана емес, жалпы тұтастай бұлардың ауылдарында әлі күнге дейін сиқырын ешкім аңдай алмай, үнемі тек бірыңғай өзіне таңырқап, әр жолы өздерінің бастарын шайқаумен ғана келе жатқан Мәрлендей талантты әнші баланың бар екендігін бұлар осы кезге дейін қалайша білмей, сезбей, эһ, тым құрыса, оның осындай ғажайып әншілігі туралы ешқашан ешкімнен олай-былай деп, артық-ауыс әлдебір таңсық әңгімелерді естімегендіктері қалай?!

Осындайда да болады екен-ау, тәйірі. Енді ол мектептегі сахна төрінде тұрып, ән шырқағанда, бұларды да бірден өзіне қарай баурап, ал, бұлардың сондағы өздерін бейнебір дәл сол сәтте әнші Мәрленнің өзімен бірге тыныстап, соның өзімен бірге ғұмыр кешкендей-ақ сезімге бөленіп, өздерінің төбелері де бірден-ақ көкке жеткендей болатындығына не дерсің! Тек бір бұл ғана емес, бұның басында бұндай жағдай бұрын да талай рет кездескен еді ғой, ха-ха, бұл соның бәрінде де баяғыдағы ауыл мектебінің терезелері түгелімен кең жағалауында қалың құрақ өскен айдын-көлге қаратылған акт залында, сондағы әрбір мерекелік концерттерде үнемі өз кластастары және өздерімен көршілес кластардағы ұл-қыздардың ортасында емес, бейнебір жастай өзінің әншілігімен кең тұрғыда танымал болған Мәрленді енді облыстық, не астаналық қаладағы үлкен сахналардың бірінде ән шырқап тұр екен-ау деп те ойлайтын.

 – Эһ, Мәрлен, Мәрлен! – дейді Арғымақов қашан да өзінің сол әнші Мәрленнің талантына деген таңырқауы бір басылмай.

Рас, бұл сол кездерде тіптен де қатты толқымады ма?! Басқасын былай қойғанда, бұның өзі көптен бері сырттай болса да, жақсы білетін, әрі былайғы кездерде мектептегі өзге оқушылардың ешқайсысынан анау-керім ешқандай да бір айырмашылығы жоқ, не өзінің өзге балалардың ортасында әлдебір оқыс мінез, өзгешелік белгісін де байқамаған қарапайым ғана ауыл баласының енді кеп, әне, осынау кең залдағы ағыл-тегіл жұрттың алдында өзін осыншама жарқырата көрсетіп тұрғандығын өз өмірінде бірінші рет көріп, таңырқауы да еді ғой. Жоқ-ау, өзге бір кластың, не өзге бір көшелердегі балалардың бірі болса да, бір сәрі ғой, ал, мына Мәрленнің... Рас, бұл сонда қапелімде көпке дейін біртүрлі өз көзіне өзі сене алмай, әрі сондағы өзінің ішін осыншама жарып алып бара жатқандай қуаныштың әсерінен одан әріге тіптен шыдай алмай:

-Мәр-лен, Мәр-ле-ен!.. Бұл мен ғой, Мәрлен!.. Мен мына осындағы мына оң қапталдағы қабырғаға сүйеніп тұрмын!.. О-оу, ести-міс-ің, Мәр-лен?! Мәр-ле-е-ен!.. Жарай-сың, Мәр-ле-ен!.. – деуге де шақ қалған еді-ау.

Аһ, сен бәрінен бұрын, бұның сондағы өзін шаққа дегенде, әрең тежеп қалғандығын айтсайшы, әйтпесе, сондағы көрермендерге лық толы кең залдың алдыңғы жағында қашанғыдай мектеп басшылығы мен ұстаздар қауымы, ал, ортаңғы жақта ылғи ата-аналар және жоғары кластардың оқушылары да отыр еді ғой! Жоқ-ау, сен, бәрінен бұрын, Мәрленнің сондағы әнді әбден өзінің нәшіне келтіріп, осыншама әуелетіп-ақ ала жөнелгендігін айтсайшы! Оның алдында да жоғары класс оқушылары, тіпті, керек десең, олардың бірқатары екеуден, үшеуден, ал, ендігі біреулері ұл мен қыз болып, одан әрі тағы біреулері жекелеген нөмірде балдай тәтті балалық шақ пен небір ғажайып шуақты күндердің елестері туралы бірқатар танымал әндерді әрқайсысы өз мүмкіндіктерінше шеберлікпен орындаған болатын. Зал толы жұртшылық олардың әрқайсысын әр деңгейде қол шапалақтап, өзіндік бір қолдау-қолпаштауларын да әрқалай білдіріп жатқан еді. Сен де бұндайда кезекті бір жақсы ән, оны орындаушының өзіндік жоғары деңгейдегі шеберлік және өзінің талант ұшқынымен ажарландырып, жүрек төрінен орын алып, тыңдаушыларды әлгіндей зор толғаныс, тебіреніске бөлеп қоятындығын, не оның дәл бір сондағы өнерсүйер қауымның әлгіден бергі осыншама асыға күткендегісіндей болмай, тіптен де көңілден шықпай, әлі де өзінің жетіспей жатқан, не сәл кемшіндеу соғып жатқан тұстарын да анық аңғара қоятынсың!

Жоқ, бұл жолы тіптен де олай болмады! Мәрленнің әнді «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше» деп бастағандағы дауыс ырғағы, көмейін тереңнен бүлкілдетіп, ішкі сезім иірімдеріне қарай бойлай түскендегі өзін-өзі ұстауы, сол қолын сәл жоғары қарай көтеріп, оң қолын дәл бір өз қиялындағы әлдебір Әупілдек-көл, Әупілдек-аққу, не Әупілдек-аруды өз алақанына салып, сәл бір жоғары қарай мақтанышты сезіммен көтергендей болғандығының өзі де сондағы сансыз көп жүректерге өзінің шуақты сәулесін түсіріп, көңілдерін ерекше бір ажарға да бөлегендей-ақ әсер бергендігін қайтерсің?! Мәрленнің өзі сонда кімді бейнелеп, кімнің образын жасап тұрғандығы қайдан, ал, бұл (бұлардың екеуі де ол кезде ғашықтық, махаббат дегенді енді ғана сезініп келе жатқан бозбалалар ғана еді ғой) оның әнмен бірге қалықтап, әлдебір арман-қиялдардың жетегіне еріп, алыс қиырларды бетке алғандай болғандығын көргенде, сол заматта өзі де әп сәтте-ақ ән-шуақ, ән-шапақ, ән-арай, ән-армандарға айналып, көңілдегі әлдебір қиялға, арманға тым шексіз берілгендігі соншалық, сондағы ғажайып ән, сондағы сахна төрінде ән шырқап тұрған Мәрленді, әрі дәл сол күні ерекше нұрға бөленген кең залды, айналадағы тыңдармандарды – бәр-бәрін тіптен-ақ өзінің есінен шығарып, өзгеше бір күйге бөленгендігін бұл енді қалайша ұмытсын?! Сондағы сол әннің, не оны сондайылықты шеберлікпен орындаушылықтың әсер-ықпалы солай болды ма, қайдан, бұл ән енді көпке дейін зал толы тыңдармандарды да ағыл-тегіл шабыт шалқарына шомылдырып, мөлдіреген сансыз көп жанарлардан бір сәт мөлтілдетіп, ып-ыстық жас та шығарғандай болған еді-ау!..

Ең қызығы, сондағы бұл әннің әрбір жүректі еліктіріп, сан түрлі сезім арпалыстары мен небір тәтті арман-қиялдарға жетелегенде де, өзінің бойындағы әрбір түйінді ой, түйінді сөздерін үнемі ішке сақтайтындығында еді ғой. Сол әндегі Әупілдек-көл, әлде Әупілдек-өзеннің жағалауындағы көріністер мен бір кездегі өз сүйіктісіне ынтығып, осыншама асыққан ғашық жанның сондағы жүрек лүпілі, жүрек сезімі, жүректегі арман-қиялға осыншама елітіп отырғаныңда, үнемі сенің көз алдыңа ән әлеміндегі Әупілдек-ару, Әупілдек-арман ғана көрініс беріп, жоқ-ау, тіпті, сенің дәл осы бір сәттердегі сол әнге деген ерекше ынтықтығыңды одан сайын да құлпыртып, ұлғайта түсетін. Сірә, Мәрлен сол күнгі мектептегі биік сахнаға шығып, осы бір халықтық мәндегі әннің бойындағы бар әсем ырғақ, ішкі иірімдері мен нұрлы сәулесін барынша жарқыратып көрсету үшін де мектептегі әлдебір кластарда, не түстен кейінгі бос уақыттарында осы залдағы алдын-ала жасалынған даярлықтарға жиі қатысып жүріп, ақыры енді әлденеше рет, кейде өз тәлімгерлерінің ескертуі, жоқ, әлде солардың өзін сәл түзетуі, әлі де нақышына келтіре түсуді өтінген сұраныс-тілектеріне орай, тағы қаншама рет шырқап, кемелдендіріп, жетілдіргендігі де шығар-ау, тегі?! Шамасы, сонда-ақ алдағы өзі орындайтын халықтық әні, не осы әнді бұрын-соңды ешбір мектеп оқушысы осындайылықты дәрежеде шебер орындай алмағандай етіп, әбден-ақ өзінің кемеліне келтіре шырқаудағы дауысы, кемел шеберлігі, сондағы өзінің дәл бір кәсіби әртістерге тән қимыл-қозғалыс, өзін-өзі ерекше қалпында ұстағандығына дейін қатты қызығып, оған қалай да халықтық әннің табиғатына және тыңдармандарға ерекше әсер етудің бір айрықша белгісіндей-ақ, оған халықтық ұғымдағы өрнектерге толы, ара-арасында қошқар мүйізді оюларына дейін бар кәстөм кигізу қажеттігі де алға тартыла берсе керек.

Мәрленнің сондағы көк түсті халықтық кәстөм-шалбарын қаншама жерден сондағы биік сахнаға шығып, дәл сол халықтық әнді осыншама асқақтатып, аспандата орындауға деген құштарлығы тіптен ерекше болса да, оны арнайы тапсырыспен тіктіртіп алуға оның көп балалы ата-анасының жағдайы тіптен жоқ екендігі де түсінікті, шамасы, соған қарағанда, әу баста ұстаздардың әлгіндей ұсыныс-тілектерін бірден іліп әкетіп, тиісінше қолдау жасаған да мектеп басшылығының өзі  болса керек. Ол жағы, әрине, сонда бұл үшін тағы мүлдем құпия күйінде ғана қала берген еді ғой. Жоқ-ау, Мәрлен әдетте әнді әбден өзінің шырқау шегіне дейін жеткізіп, бір кездегі өз ғашығынан, өмірдегі ең бір аяулы адамынан мәңгіге көз жазып, бейнебір мына өмірден біржолата түңілген жанның кескін-кейпіне дейін елестетіп, манағы өзінің ән салғандағы осыншама аспандатып, әлдилеткен қос қолын енді бірден сылқ еткізіп, төменге қарай түсіріп, өзінің де әнді орындау кезінде үнемі билетіп, сан түрлі ажарға бөленген тымақты басын енді тәмам  тізесіне дейін жеткізіп, әннің аяқталғандығын мәлімдегенде, манадан бергі өздерінің демдерін іштеріне алып, үнсіз ғана құлақ түріп тыңдағандар бір мезгілде тағы үздіксіз дуылдатып, қол шапалақтай жөнелгендігінің өзі де тағы бір ерекше толғанысты сәтке ұласпады ма?! Аһ, әсіресе, сондағы Мәрленнің өз кластас-достары және оны өздерінің көптен бері жақсы білетіндіктері, не өзімен сырттай ғана таныс-білістері барлары бар, іші көрермендерге осыншама сықап тұрған кең залдың артқы жағынан және қос қапталдан да қайта-қайта үздіксіз:

– Мәр-лен, Мәрле-е-е-н!..

– Жар-рай-сың, Мәр-ле-ен, жар-рай-сың!.. – десіп, гулетіп ала жөнелгендіктерін қайтерсің?!

«Қамысы Әупілдектің ирек-ирек...» – Мәрленнің осынау халықтық әндегі осы бір құлаққа сан құбылып естілетін сөздерді өзіндік әуен-сезіммен осыншама құйқылжыта ойнатып, дәл бір жүрек қылын шертіп-шертіп өткендей қылып, өте бір әсерлі түрде шырқайтындығын қапелімде сөзбен айтып жеткізу, сірә, мүмкін бе?! Әупілдек-ару, Әупілдек-көл!.. Ха-ха, әу баста бұлар сондағы әріден сыңғырлай естілген ән әлеміне, ән сиқырына қарап отырып, өздері сонау бір жылдары бастауыш кластарда оқып жүрген кезден бері білетін, тіпті, сол кезде талай рет өзінің тұп-тұнық суына шомылып, кейде іргедегі көне қайыққа отырып, көлдің әлдебір тереңдеу тұстарына, сонау қамыс, қоғалары қалың өскен ұйыққа дейін барып, қармақпен балық аулайтын Ақайдынды, оның да әлдебір тыныш жағалауы, не кей жылдары аққулар келіп, әр тұста бір жұп-жұп болып жүзіп жүретін, ал, былайғы кездерде көгінде тек ақ шағалалар ғана шаңқылдап, әлсін-әлсін терең суға қарай күмп беріп, сауыры жылтыраған майшабақтар аулайтындығы, сондағы осыншама кең көсіліп жатқан терең көлдің басқа да толып жатқан қызықтарын өздерінің көз алдарына дейін елестеткендей бола ма, қалай?! Аһ, әдетте осындайда қашан да көңілдің хошын кіргізетін осы бір әнді бәз-баяғысынша тамылжыта шырқап тұрғанда, дәл сол сәтте Мәрленнің өзі де Ақайдынның ақжал толқынды әлдебір оқыс мінезін айтпағанда, қалыпты кездегі ерке, сылқым, тіптен-ақ тәтті мінез, тағысын-тағы әлдебір сиқырларын сағына еске алып, өзіндік бір сүйіспеншілікке толы сезімін шалқытып, тағысын-тағы тасыта түскендей-ау деп ойлайтын. Жоқ, бұл енді мүлдем олай емес-ті. Бұл ауылдағы Ақайдын көл әдетте қаншама жерден әнге қосылып, не дәл бір осы Мәрленнің талантты әндерімен ажарланып, өзгеше бір сырға бөленсе де, ешқашан өзінің көз қарықтырғандай ажар-көркін өзгертіп, сондағы қарапайым қалпынан тіптен де айнымас еді. Қалай десең де, оның ендігі сыры да, жыры да бұларға әбден-ақ мәлім емес пе?! Ал, сондағы мына әнші Мәрлен дереу әнге қосып, жұрттың бәріне әлден-ақ шырқата естіртіп, тіпті, дәл сол сәтте сенің көз алдыңа дейін елестетіп тұрған, не сондағы ән тексіндегі сөздердің өзін де сан қайтара құлпыртып, бейнебір ертегі әлеміндегі бұрын-соңды ешкімнің құлағы естіп, ешкімнің көзі шалып көрмеген әлдебір хош иісті гүлдердей-ақ жайнатып қойған Әупілдек бұл өмірде мүлдем жоқ, тек осы Мәрлендей дарын иесі ғана көмейінен шығарып, осыншама шырқатып ала жөнелген әні кезінде ғана ауық-ауық елес беріп, құлпыра қалатындай өте бір жұмбақ та, сиқырлы әлем еді ғой. Жоқ, тіпті, бұл Әупілдек әндегі Әупілдек те емес, әлдебір өзгеше жұмбақ әлемдегі ешкімге ешқашан сиқырын алдырмастай дара жарасым ба дерсің-ау! Сол Әупілдек... Сол тұрғанда, әнші Мәрлен де өз сиқырлы әлеміндегі таңғажайып Әупілдек көлге жетсем бе деп, құшағын тағы кең ашып, үнемі алға қарай ұмсына да түскендей емес пе?! Ал, бұлар... бұлар... Сол ілуде бір көз алдарына дейін елестей қалатын, сонда да тек әдетте сахнадан Мәрлен ән шырқап тұрғанда ғана өз ғажайыптарын барынша паш етіп, бейнебір қас пен көздің арасынша-ақ көзден ғайып болатындай Әупілдекті енді қаншама қатты сағынса да, өздерін қаншама рет соған біршама жетіп қалдық-ау десе де, ылғи да тек бірыңғай қиял әлемі, арман қанатында ғана өмір сүріп, сиқырлы, сырлы Әупілдекпен тек сондай кездерде ғана табыса алатындай күйге бөленетіндіктеріне не дерсің?!   

Бұлардың ауылында, дәл сол кездегі бұлардың мектебінің кең залында әр кездерде өткен қаншама қызықты ойын-сауық, концерттік бағдарламалардың кездерінде бұрын тап осындай оқыс жағдай болып па еді?! Дәл сол кезде, Мәрленнің атақты «Әупілдек» әнінен кейін де сахнада тағы қаншама ғажайып әндер шырқалып, небір құйқылжыған билер орындалып, кең залдың ішін осыншама кернеген қуаныш пен шаттық еш сарқылмағанда да, бұл сондағы Мәрленнің әнінің әсер-күшінен әлі де арыла алмай, әрі, бір жағынан, алдыңғы қатарда отырған мектеп басшылығы мен ұстаздар қауымының да дәл сондай бір жоғары көңіл күйде отырғандығына еш күмәні қалмай, бұдан былай, рас, мектептегі ұстаздар оған ерекше бір көзқарас танытып, мектептегі барша ұл-қыздарға дейін оған тағы зор құрметпен, әрі іштей қызығып, әрі біртүрлі қызғана да қарайтын шығар, болмаса, ендігі жерде Мәрленнің өзі де күнделікті өмірде дәл бұрынғыдай артық-ауыс қимыл-қозғалыс жасамай, соңыра дәлізде, не мектеп ауласында жүргенде, дәл бір ересектерге ұқсап, өзінің аяқтарын тіптен ақырын басып, өзін енді өзгелерден мүлдем өзгеше жағдайда сезінетін шығар-ау деп те ойлаған еді-ау. Жоқ, бұл енді тіптен де олай болмады. Соның ертесіне-ақ бұл Мәрленнің кластағы өзге балалармен бірге таласып-тырмысып, асығыс үзіліске шыққандығын, сосын кең де, ұзын дәлізде, не мектеп ауласында ұл-қыздармен бірге қуыспақ ойнап, кейде олармен өзара әзілдесіп, қалжыңдасып, шаттана күлісіп тұрғандығына да талай куә болған еді-ау. Жоқ, сөйтсе, әнші, асқан дарын иесі Мәрлен өмірде тым қарапайым, әрі көпшіл, әзілқой да бала болып шықты. Эһ, бұл сол кезде неге оған соншама әуес болып, соны неге үнемі өзінің есіне алып, не әрбір көзі түскен жерлердің бәрінде де, неге оған осыншама зер салып, қарай берді десейші?! Мектепте бұл кезде әдемілеп ән сала білетін, өздерінің дауыстарына сай, сондағы небір жақсы әндерімен жарқырай көрінген, не пәндік олимпиядаларда басты жүлделерге ие болып, спорттағы бәсекелерде де талайғы жақсы жетістіктерге жетіп, үнемі көзге түсіп жүрген ұл-қыздар аз ба еді?! Сол кезде дәл бұл секілді, Мәрленнің әндеріне, жоқ, әлде оның сахнадан ән шырқағандағы дауыс мәнері мен әндерді әр жолы да ерекше құлпыртып, гүлдей-ақ жайнатып жіберетіндей қасиетіне үнемі көңілдері ауып, одан өздері әлі көп үміт күтетіндей-ақ болып, өздеріне әр жолы да өзінше бір жаңалық ашқандай-ақ әсерге қалып жүргендер болды ма екен десейші?! Неге екендігі қайдан, Арғымақов сол кешегі күндері алыс сапарда болып, Алматыға қарай пойызбен келе жатқанда да, әнші Мәрленнің алдында өзін біртүрлі кінәлі жандай-ақ сезінді.

Қазір де сондағы сол азап. Қазір де өзінің сондағы сол бір естен шықпай-ақ қойған әлдебір кінәсін барынша жуып-шаюдың амал-айласын іздеп, осыншалықты әуреге түсіп отырғандығына тағы не дерсің?! Арғымақов осы отырғанда, өзінің тау бөктеріндегі бір тыныш жердегі жұмыс кабинетінде отырса да, әлі де ешқандай бір қолайлы үміттің жетегіне ілесе алмай, енді бөлмесінің ішінде әрі-бері теңселіп, тағы да ұзақ жүріп алды. Кейде өзінің орнынан тұрып, әлгіден бері желдеткіштері айқара ашық тұрған терезенің жақтауына жақындап келіп, іргедегі суық бұлақтардың түнгі бір қалыпты салдыр-гүлдіріне кәдімгідей ықыластана құлақ түреді, кейде бір сәт асығыс далаға шығып, түнгі салқын ауадан сіміре жұтып, сондағы сол тынымсыз сарқыраған тау бұлағының іргесінде біразырақ серуендеп жүргісі де келетін. Әттең, күндіз болса, бір сәрі ғой, ал, осынау іңір шағыда бұл енді түз далада жалғыздан-жалғыз не істемек?! Бәлкім, сондағы бұнысы да өзінің іштегі осыншалықты мазасыздығын басатындай әлдебір алданышты іздегендіктен де шығар-ау?! Ал, кешегі күндері... кешегі күндері... Жоқ-ау, сондағы бұның өзінің алдағы шығармашылық мақсатына сәйкес, соңғы біраз жылдардан бері ауылдық жерлердегі орта және шағын кәсіпкерлік немесе әлеуметтік-мәдени саламен кәдімгідей-ақ білек сыбана шұғылданып жүрген тағы көп адамдармен оңаша шүйіркелесіп, олардың өз қызметтері мен алда жоғарыдағылардың қолдау-көмегін қажетсінетін жәйттерге қатысты тағы талайғы көптеген құнды дерек-мәліметтерді өзінің қойын дәптерінің беттеріне төгілдірте түсіріп алғаннан кейін, бұның сол күні кешкілік үйіне барып, дастарханынан дәм татқан ауылдасы осындағы байырғы кластас-досы Жаушыбайдың үйі еді ғой. Аһ, сондағы бір тек соның өзімен ғана осынау туған ауылда шұрқыраса көрісіп, осыншама әңгіме-дүкен құрысқандықтарының өзі-ақ бұған тағы қаншалықты қуаныш сыйлады десейші?! Ал, бұл оның бертінде қаладан жоғары оқу орнын аяқтап, артынша аз уақытқа әскер қатарына шақырылғандығы хақында кезінде өзінің әлдекімдерден там-тұмдап естігендігі ғана болмаса, одан арғы көп жағдайдан мүлдем хабарсыз да еді-ау. Тек ол ғана емес, бұлармен баяғыда осындағы бір класта бірге оқып, онжылдықты бірге бітіргендердің көбісі бертінде қайда жүріп, тағы қандай қызметтер атқаруда екендігінен де ешқандай хабары жоқ-ты. Өмір шіркін деген де сол емес пе?! Бәріне де бір тек уақыт қана төреші екен ғой, ал, мына Жаушыбайдың баяғыда мектепте оқып жүргенде, шахматта өз қатарластарынан әлдеқайда жақсы ойнап, мектепте және ауылішілік әртүрлі жарыстарға жиі-жиі қатысып жүретіндігі, тіпті, сол кезде бір-ер рет ауданға дейін барып, сондағы олимпиядашылардың арасындағы әртүрлі жүлделерге іліккендігі, ал, бертінде мектептегі бір шығармашылық кеште алда өзінің математик, онда да, алгебраист болуды армандайтындығын ерекше бір мақтанышты сезіммен айтқандығына дейін де есінде болатын. Ол өзінің сол ойынан қашан ауылдағы мектепті аяқтағанға дейін де бір танбады емес пе?! Бұлар сонда оның әлден-ақ өмірдегі табандылығы мен бірбеткейлігіне іштей қызыға да қарап жүрмеді ме?! Ақыры, міне, ол тынбай ізденіп, өзін де әр қырынан көрсетіп жүріп, өмірдегі өз дегеніне жетіпті; ол бұрын осындағы ауыл мектебінде ұзақ жылдар бойына қарапайым ғана мұғалім болса, енді өзінің байырғы ауылдастарының қолдап-қолқалауымен жергілікті әкімдіктегі білдей бір лауазымдық қызметке де ауысыпты.

Екеуі сол күні оның ауыл орталығындағы кеңсесіндегі жағалай ұзын столдар қойылған кең кабинетінде кездесіп, кәдімгідей құшақтаса көрісті. Сондағы сол сағыныштан өздерінің көздеріне ептеп ыстық жас та алғандай болды ма, қалай?! Бұл сонда ал дегеннен оған өзінің не дерін де білмей:

– Тәйірі-ай, уақыт деген де сол екен-ау, Жаушыбай! Мен сені баяғыда қалада институтта оқып жатыр деп естігем. Сол ғана есімде мұқият сақталып қалыпты. Ұмытпасам, мен баяғыда қиыр шетте әскерде жүргенде, екеуіміз бір-ер рет бір-бірімізден хат та алыстық-ау, осы?! Содан кейін, рас, Жаушыбай, осы тұрған сен де, мен де біраз уақытқа дейін мүлдем үнсіз қалғандай болмадық па?!. Оның бәрі де енді біршама түсінікті ғой!.. Әркімнің өмірдегі өз жолы, өзіндік бір қызу тірліктері де жетіп-ақ жатыр емес пе?!. – деп, бірден желпілдетіп ала жөнелсе, ол сонда бұдан тіптен көз айыра алмай отырған қалпында:

– Сенің жазғандарыңды осында ылғи да қызыға оқып, кейде көп болып, талқылап та жүреміз, Арғымақов. Бәрі де дұрыс-ау, бірақ, сені ауыл жаққа қашан келеді, алда-жалда бұндағы біз туралы бірдеңе жазбай ма екен дегенді бұндағы мына мен ғана емес, барша ауылдастарың әлі күнге дейін де айтып отырады!.. – дейді.

Әңгіме арасында бүгінгі осындағы ауыл өмірі, ауылдың іші бүгінде бұрынғысына қарағанда, әдеуір ұлғайып, әсіресе, соңғы жылдары тұрғындары тіптен көбейіп, бұрынғы осы маңайдағы малды ауылдар, шалғайдағы шағын фермалардың негізінен орталыққа қарай ұйысып, ауыл шаруашылығы өзінің барлық жағынан да қыза түскендігі, көп ретте бүгінгі еңбектегі жаңаша қарым-қатынас, жаңа бір іргелі бастамалар, жаңа бір ынта-жігермен қолға алынған шаруалар жәйі, бір сөзбен айтқанда, ауылдың кешегісі мен ертеңіне қатысты тағысын-тағы біраз қызықты жәйттер де тілге тиек етілді. Жаушыбайдың өзінің бұл лауазымдық қызметке келгендігіне арада әлі көп уақыт өте қоймаса да, өзі осы ауылдың байырғы тұрғыны, әрі осындағы байырғы жергілікті шаруа адамдарының отбасында өмірге келіп, осы кезге дейінгі барлық өмірі, барлық талпыныстарына дейін тек бір осы ауылда ғана өтіп келе жатқандықтан, оның ауылдық жердегі әр тұрғыдағы шаруа жәйі мен күнделікті тұрмыс-тірлікке қатысты жәйттердің бәр-бәрін әр қырынан өте-мөте жетік білетіндігі де өзінің сондағы әрбір сөздерінен-ақ анық көрініп тұр еді. Бұл ретте, әрине, көбінесе тағы да оның бір өзі ғана сөйледі. Ауыл дегенде, апыр-ай, оның өзі де ешқашан ештеңеден тартынып қалмай, осы кезге дейін-ақ бір өзінің жедел түрде қолға алуымен біраз игілікті шаруаларды да тындырып үлгерген екен. Жасыратын несі бар, басқа бір өңірлердегі бейтаныс ауыл болса, бұл енді тап бұл жерде ауылда атқарылған шаруаларға осыншалықты қатты таң қалмас та еді-ау, ал, енді бір кездегі өз туған ауылы, сонау балалық шақтан бергі бар ыстық-суығын бір кісідей-ақ бастан кешкен, әрі осындағы ауданның орталығынан және өзге де темір жол, не іргелі қала орталықтарынан да тым шалғайда жатқан бұл ауылға осыдан бес-алты жылдай уақыт бұрын әлдебір қиырлардан тартылған газ құбырлары арқылы көгілдір отын келіп, бүгінде осындағы жергілікті тұрғындар, тіпті, осындағы талайғы үлкенді-кішілі көшелердегі тұрғындардың бәрі де соның игілігін осыншама көрудей-ақ көріп отыр дегенде, рас, бұл қапелімде соны өзімнің құлағым жаңылыс естіп қалған жоқпын ба деген кісіше, бірден оқыс жаутаң етіп, өзінің қарсы алдында тұрған Жаушыбайдан да, оның көмекшілерінен де:

– Ә-ә?.. Осындағы жергілікті ауыл тұрғындары да бүгінде дәл бір ана қаладағылар сынды, өз үйлерінде көгілдір отынды пайдаланып, баяғыдағы біздің бала кезіміздегідей бірде қи, бірде көмір жағып, артынша олардың күлін далаға шығарып, күнұзақты әлдебір ашқылтым ыстың иісін иіскеуден мүлдем арылды дейсіңдер ме?! – деп, әлгінің бәрін тәптіштеп тұрып, тағы қайта сұрады емес пе?!

Сондағы кезек-кезегімен өрілген, әрі тым ұзаққа созылған  көп әңгіменің кезінде бүгінде ауылдағы жергілікті халыққа үлгілі қызмет көрсетіп, тұрғындардың әр таңда да асығып, сағынып көрісер адамы атанып жүрген ауылдағы тасымал көлігінің ең үлгілі жүргізушісі де дәл бұның баяғы балалық шақтан бергі адал досы, әрі өзін мектеп бітіргелі бері бір рет те көрмеген, тіпті, осы жолы өзін осындағы бір жерден ұшыратып қалармын-ау дегендей ойы да болмаған, керек десең, бүгінде оның өзінің осынау туған ауылында, әлде өзге бір ауылдарда тұратындығынан да бейхабар Әбдімомын Қайсадықов болып шыққандығына не дерсің?! Эһ, Әбдімомын, Әдімомын! Әлгінде ғана оның есімі алғаш ауызға алынғанда-ақ, бұның өзінің де жүзіне сәл күлкі үйіріліп, әлгі жерде төрдегі стол басында отырған Жаушыбайға ал кеп жармасып:

-Сол Әбдімомын, дәл сол кешегі балалық шақта біз өзін еркелетіп, бірде Әпитөк, бірде Момын деп атайтын досымыз ба?! Ол өзі қазір қайда? Осы ауылда ма еді, тәйірі?! Ой, өмір-ай, баяғыда Қашқантаудан автошколдың оқуын бітіріп келгелі бері, ол сабазың осында ма еді?! Онымен соңыра бір жерде бетпе-бет жүздесіп, шүйіркелесіп көрудің сәті түсер ме екен, Жаушыбай?! - деп, тағы да қадала сұрасын.

Әкім де мәз.

–Аһ, Арғымақов, сенің дәл осы жолы ауылымызға осылайша бір тұстан сау етіп келе қалғандығың осындайылықты жақсы болар ма еді, тәйірі?! – дей береді күлімдеп.

Сол екі ортада ол бірден қабылдау бөлмесіндегі қызға қоңырау шалып, оны өзіне шақыртып алды да:

– Әбдімомын Қайсадықов ағаларыңды тездетіп осында алдырта қойыңдаршы?! – деп тәртіп бере қалды.

Көп ұзатпай, бәз-баяғы ақ көңіл, құшағы кең, үнемі екі езуіндегі күлкінің шуағы ұдайы есіп тұратын байырғы кластасы Әбдімомынның өзі де келіп жеткен. Тапалтақ бойлы, еңгезердей біреу болыпты. Жүзінде баяғы өзінің бала кезіндегідей күлкі шуағы әлі де осыншама есіп-ақ тұр. Бұлар арадағы осыншалықты ұзақ үзілістен кейін, тағы да сағынышпен құшақ жайысып көрісті. Сондағы сол түрегеліп тұрған қалыптарында өзара тоқтаусыз қауқылдасып, көздеріне қайта-қайта ыстық жас та алды. Сонда да бұлар осындағы ауыл өмірі, осындағы байырғы ауылдастардың өміріндегі соңғы жылдардағы небір іргелі өзгеріс, жаңалық-қуаныштар хақында тағы біраз ағыл-тегіл сыр шертіскен. Опыр-ай, бұл ауылдағы бұл білмейтін жәйттер тіптен де көп екен. Бір тек осы Әбдімомынның шаңырағында ғана соңғы жылдары қаншама оңды жаңалықтар болған? Балалары шетінен ер жетіп, бір баласы көптен бері шетелде оқуда болса, бір баласы Орталық Қазақстанда темір жол саласындағы бір үлкен қызметте жүрген көрінеді, өзінің тағы бір баласы осындағы облыс орталығында бір үлкен базарды ұстап отыр дейді, ал, ортаншы қызы болса, іргелес ауылдағы онжылдық мектептің директоры болып отыр. Жер-жердегі немерелердің бәрін қосқанда, ұзын саны он бес-жиырмаға дейін де жетіп қалады екен. Ал, Әбдімомынның өзі және ауыл мектебінде астрономиядан дәріс беретін бәйбішесі Бүлғайша болса, екеуі әлі де тың.

Әлгінде ғана кабинетке сол Бүлғайша да келіп:

– Ауылға Арғымақов келіпті, ол неге бірден осындағы біздің үйге келмейді?! Біздің кластас-ымыз, әрі Әбдімомынның парталасы деген аты қайда өзінің?! – деп, бұларды біраз күлдіріп кеткен еді.

Бұлар әкімінің кабинетінде одан кейін де тағы біраз уақытқа дейін кідіріп отырып қалды. Ауыл өмірі, тағы да сол ауылдың алыс келешегі, осындағы ауыл тұрғындарының көптен бергі тағы талайғы орындалмай келе жатқан арман-тілегі, алдағы әлі атқарылатын қыруар шаруалар, жастар өмірі, олардың ішіндегі мектепті енді ғана бітіргендері мен ауық-ауық әскерден келгендері біржола ауылда қалып, адал еңбек етіп, өмірдегі өз жолдарын тауып кетулеріне қатысты тағы талайғы толғақты әңгімелер де ортаға салынды. Керекті жерінде әкім ауылдағы әртүрлі кәсіп иелері мен білікті мамандарды, алда ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс тауып беріп, қызмет түрлерін көбейткісі келетін кәсіпкер жастарды да шақырып алады. Оларға сол жерден-ақ талай қызықты сұрақтар қойылып, сөйтіп отырғанда, ауыл өмірі, ауыларалық қарым-қатынастардың жәйіне қатысты тағы біраз түйткілді жәйттердің де тиегі ағытылды.

Бұның бәрі Арғымақовтың осы сапардың кезінде арнайы сөз ететін қадау-қадау тақырыптарымен де тікелей байланысты болатын. Жоқ-ау, алматылық танымал қаламгер Арғымақовтың тап бұлайша елдің алыс өңірлеріне ұзақ мерзімдік іссапарларға шығып жүргендігі тек бір бұл жолғы сапары ғана емес қой! Бұрын бұл тек нақтылы бір қауырт шаруалармен ғана, онда да, кейде әлдебір іс-шараларға байланысты, арнайы шақыртулар бойынша ғана жолға шығып, ал, сол жағынан өзінің тиісті жұмыстары аяқталған соң, бірден Алматысына қарай кейін қайтып оралатын; өзі қаншама жерден жазғыш, ізденгіш, жүрген жерлерінің бәрінде де үнемі жаңалықты, сондағы қаншама жақсылықтарды өз көзімен осыншама көргісі, тағы талай жәйттерді соншама тәптіштеп тұрып сұрағысы-ақ келіп тұрса да, бәрібір, әдетте бұл кездегі жұмыстың реті де солай болып жататын; дегенмен, Арғымақов өзінің алдағы үлкен өмірге жетелейтін қаламгерлік жолын бір кездері осынау туған жердегі аудандық газеттің редакциясында бастамады ма?! Ондағы шығармашылық жұмыс та тіптен қызу болатын. Жазғыштығы, әрбір үлкенді-кішілі материалын өте әсерлі етіп, қандайма дерек-мәліметтерді де өмірмен, адамдардың тағдыр талайымен терең ұштастыруға әбден машықтанып алғасын ба, редактор ағай өзінің әкесіндей жастағы адам болғандығына қарамастан, әйтеуір, әр нөмірге де бұның бір нәрсесін жариялатуға ерекше мән беретін. Әлі оқу оқып, кәсіби тұрғыда білім алып үлгермегендігіне қарамастан, өзі үнемі іссапарларға шығып, ауылдардағы, сондағы егістік және шабындық алқаптарындағы еңбек адамдарымен кездесіп, шүйірлесуге асығатын. Эһ, бәрінен бұрын, сондағы редакциялық тапсырмалар бұны сол тұста тағы қайда жұмсамады десейші?! Аудандағы әрбір жаңалық бұлар үшін өз алдына қызықты тақырып та еді ғой, сондықтан, бұл әр жолы да жаңа бір тапсырмалармен әр өңірлерге қарай құстай ұшып кете бармайтын ба еді?! Бір сөзбен айтқанда, бұның ел-жұртпен араласып, жер-жердегі әрқандай мінез-құлықты, әрқандай бір арман-тілектегі адамдармен шұрқырасып, ауыл өмірі, шалғайдағы жолсыз, қатынасқа қолайсыз ауылдардағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілік қарекеттері мен қажеттіліктерін әріден танып-білуі де сол тұстардағы өзінің әрбір көрген-білген, көңілге түйгендерінен басталмады ма?! Сол кезде бұлар жер-жердегі қаншама малшы, шопан, жылқышы, түйеші, егінші, сауыншы, механизаторлар мен шөпшілердің арасында жиі болып, солармен сондағы әрбір кездескен, танысқан жерлердің бәрінде де, мәселен, сондағы комбайн штурвалында, трактор тіркемелерінің жандарында, шабындықта, қырманда, сауын фермаларында, кеңселерде де отыра қалып, сол бір күндердегі ел игілігі үшін тынымсыз атқарылып жатқан шаруалардың жәй-күйі, сондағы өз кейіпкерлерінің өмірлеріне қатысты тағы талайғы жәйттерді де осыншама тәптіштей сұрап, осыған орай, солардың ауыздарынан шыққан әрбір сөздері, тілек-өтініштері, жұмыс тәсілдері, араға талай күндер салып алып тұрса да, елдің бас мерзімдік басылымдарынан оқыған қайсыбір қомақты дүниелеріне қатысты ой-толғаныстарына дейін де ескерусіз қалдырмай, өзінің қойын дәптерлеріне төгілдірге жазып алатын! Енді арада қаншама жылдар зымырап өтіп, тағы да сол өзіне жете таныс шалғай өңірлерге қарай сапарға шыққанда, рас, Арғымақов бұл жолы сондағы жергілікті ауыл-селоларда болғанда, енді бұрынғы өзіне таныс жағдайлардан  бөлек, мүлдем басқаша жағдайларға да жолықты емес пе?! Алыс өңір дегенмен, бүгінде ел шалғайындағы шаруашылық жүргізудің өзіндік бір әдіс-тәсілдері және күнделікті еңбекке деген ынта мен ықылас та бөлекше! Ең бастысы, бүгінде әр жердегі жергілікті адамдардың өз алдына бір үлкенді-кішілі жеке шаруашылықтары да баршылық! Сондағы  жұмыстарды көптеп-көлемдеп атқарып, өздерінің әрдайым жақсы бір нәтижелерге де жеткізгілері-ақ келеді. «Бүгінде біз осындағы жергілікті жастарды шаруаға үйретіп, Жер-анамен тұрақты түрде жұмыс істеудің, жер жемісін теріп, игерудің сан қилы әдіс-тәсілдерін де үйретудеміз!», «Қай кездеде Жер-ананың тілін таба білсек, бүгінгі біз үшін бақыт, береке деген де сол емес пе?!»  – дейді өздері шаттанып. «Қайран ауыл адамдары-ай» дейсің, осындайда. Дәл бір өзінің кезекті бір көркем дүниесін жазудың кезіндегі біресе анаған, біресе мынаған қарайлап, әу бастағы өзінің ең негізгі ойға алған шаруасын әлі де мазмұндық жағынан байытып, одан әрі де тереңдетіп, ширата түсуге ұмтылатындығы сынды, бұл сапардың кезіндегі есепсіз көп кездесу, әрі өзінің елдің ең шеткі аймақтарының бірі болып табылатын дәл осы өңірде бүгінгі ауыл өміріне қатысты бір іргелі материал даярлап жүргендігін естіп, сол кезде қай жерде жалма-жан өзінің алдынан шығып, өзін бірден өз ауылдарына қарай ертіп ала жөнелетіндердің қарасы тағы көп болғандығын қайтерсің?!

Ойпыр-ай, бұның сондағы өз есебінше, сол жолы бұның ендігі сол өңірдегі облыс орталығына дейін жетіп, арғы жағынан сондағы алып әуе лайнерлерінің бірімен бірден тау бөктеріне қарай бағыт алып, соңыра сол өзінің Алматысына аман-есен жеткен соң да, онда тағы көп уақыт оздырмай, осы жолғы тым ұзаққа созылған сапардың кезіндегі өз қолына іліктірген бар дерек-мәлімет, сондағы әрбір көрген-білген, көңілге түйгендерін арқау ете отырып, көңілдегі көп әсерлерін сондағы ыстық сезіммен тездетіп қағазға түсіріп үлгеруі де қажет емес пе?! Соның бәрі де үнемі өзінің ойында жүретін, алайда, Арғымақов әу баста осынау алыс жолға шығардың аз-ақ алдында арнайы елдегі керуен жолдарының стратегиялық мәселелерімен көптен бері тұрақты түрде шұғылданып, оның барлық ұңғыл-шұңғылдарына дейін елдің алдағы экономикалық тұрғыдағы жедел дамуы және аймақтардағы өсу, өркендеу көрсеткіштері бойынша есепке алып, тұтастай жол саясатын жасап отырған ғылыми-зерттеу орталықтарында да болып, осы кезге дейінгі өзінің әлемнің өзге де құрлықтары, көптеген дамыған елдері мен әлдебір алыс аймақтардағы жол қатынасындағы рекордтық көрсеткіштерге тіптен көп үңіліп, жағрафиялық тұрғыдан алып қарағанда, сондай үлкен жетістіктердің, түптеп келгенде, біздің еліміздің табиғаты мен қазіргі қолдағы бар мүмкіндеріне де өте-мөте сай келіп тұрғандығына тағы жіті көңіл аударды. Тіфә-тіфә, бұл тұрғыдағы ел ғалымдарының ізденістері, дер кезінде олар ұсынған жобалардың өз ретінде салалық министрліктің басты назарына ілігіп, одан әрі Парламанттегі заң жобасы тұрғысындағы өзіндік бір бағытқа айналу жағы да әлден-ақ көңіл қызықтырарлықтай еді-ау.

Сол күні Арғымақов тау бөктерінде таза ауа жұтып, тағы біраз серуендеп, бейнебір жан сергіткендей-ақ болып жүрді де, соның артынша-ақ, оқыс елең ете қалып, ендігі жерде тек бірыңғай тездетіп, алдағы жолға шығып кетудің қамына қызу түрде кірісе бастамады ма?! Соның бәрінде де өзінің көңілі кәдімгідей-ақ қияға самғап, ал, өзі көп ретте іштей: «Жо-жоқ, осыншама ауыл, ауыл дейміз, әйтсе де, бұл жердегі барлық мәселе тек сол ел ішіндегі, әсіресе, осынау алыс аймақтардағы шағын экономикалық орталықтардың арасындағы жол қатынасына ғана келіп тіреліп тұр емес пе?! Ал, шындап келгенде, сол ауылдың қалыпты дамуы, алдағы бір тек сол жер-жердегі ауылдағылардың өздері талайдан бергі арман етіп келе жатқандағыдай, әрі елдің қазіргі үздіксіз экономикалық қарқынды дамуына тиісінше үлес қоса алатындай жағдайларға жеткізетін бірден-бір мүмкіндік, ең негізгі қажеттілік те тек бір сол ауыл, аудан, облыс, не тұтастай ел ішіндегі қатынас жолдарының ыңғайына ғана қатысты болып тұрғандығын мамандар да жоққа шығармайды», – деп, сол тұрғанда, өзі алдағы сапардың өзіне тіптен де оңайға түспейтіндігін есіне алып, қаралай тағы жаныға бастамады ма?! Ал, енді жеме-жемге келгенде, бұның осынау ұзаққа созылған сапардың кезінде, тіптен көп жерлерде сол ауылдағылардың, сондағы жол қатынасы мәселесіне тікелей жауап беретін мамандар мен тұлғалардың жауапсыздығы, не соған тіптен өздерінің жандары ашымай, әлі күнге дейін «баяғы бір жартас сол жартас» дегізіп, көп жерде қаралай шаршата жаздағандығына сонда бұның өзі де әбден-ақ ыза болмады ма?! Алда әлі талай жергілікті жерлерде болып, тағы да сол жолдың жағдайына байланысты өзінің тағы көп жерлерді шаршап, тағы көптеген түйткілдерге кездесіп, әбден-ақ шаршап, болдыра жаздайтындығы есіне түскенде, рас, Арығымақовтың кейде қаралай ыршып, әбден өзінің есін жиғанша, әрі қарай бірден жүгіре басып, далаға қарай шыға жөнелгісі де келетін. Жол, жол, тағы да жол...

Бұның әу бастағы осы сапардың кезіндегі үнемі өзінің ойында жүрген, тіпті, басында Алматыдан әлі ұзап шықпай жатып-ақ ең негізгі бір басты тақырып арнасына айналдыруды көздеген өзекті деген мәселесі де осындағы өз ауылы сынды жер-жердегі шалғай ауылдардағы жол қатынасының ыңғайы еді ғой. Осыған дейін өзі елдің қай өңірінде, қайсыбір ауыл, аудандарда, тіпті, кеше ғана бірқатар соңғы жылдары шаруашылығы өрлеп, тұрмыстары шырқап тұрған облыстардың орталықтарында болғанда да, Арғымақов бірден сол өңірлердегі көлік қарым-қатынасын реттейтін керуен жолдарына тікелей жауап беретін адамдарды тездетіп тауып алып, әр жолы да қолайы келген жерлердің бәрінде де олармен ұзақ әңгімелеспеді ме?! Қазіргі замандағы еркін экономикалық дамудың өзіндік бір қызу қан тамыры дейсің бе, әлде жер-жердегі әр ауыл, аудан, не шағындау бір өңірлердегі қызу өмірдің күретамыры дейсің бе, қалай дегенмен де, соның бәрі тағы да тек бір сол кедергісіз жалғасып жатқан жол арқылы ғана өлшенбейтін бе еді?!

Мезгіл жадыраған жаз айының енді ғана бастау алған кезі еді ғой, оның үстіне, Арғымақов кешегі күндері Алматыдан әлі ұзап шықпас бұрын, салалық министрліктегі тиісті адамдармен жедел түрде телефон арқылы хабарласып, алдағы өзінің батыл алға тартып, коғамдық негізде көтеретін және соңыра өзінің басты қаламына арқау еткелі отырған ауыл тақырыбына қатысты талайғы түйткілді жәйттердің қыр-сырына әбден-ақ қанығып алған соң, бір сәт өзі де оңашаланып, соңғы күндері үйдегі жазу столының үстінде күнұзақты жәйіліп жатқан, әр жолы өзіне шұқшия үңіліп қараған сайын, тосыннан тағы талайғы тың ойларға жолықтырып, қиялын тіптен үсті-үстіне өршіте түсетін елдің басты Жол картасына соңғы рет жүзінші, әлде мыңыншы рет тағы соншама ұзақ үңіле қараған болатын. Ол кезде Арғымақов тіптен-ақ көңілді де еді. Елдегі осыншама айқыш-ұйқыш жалғасып, жан-жаққа қарай шұбатылып ала жөнелетін қатынас жолдары, жалпы тұтастай алғанда, кәдімгідей бір көңіл көншітерліктей-ақ еді. «Құдайға шүкір, тәуелсіздік дәуірінің сол алғашқы күндерінен-ақ бұл жағына елде тіптен ерекше жағдайлар жасалынып, сол кезде көптеген оңды шаруалар жедел түрде қолға алынып, кәдімгідей ыждағаттылықпен іске де асылып үлгермеді ме?!» – деп, өзі де іштей бір мақтаныш сезіміне бөленгендей болатын. Жер-жердегі алып доңғалақты, әрі тіркемелі көліктер күн-түн демей, небір ауыр жүктерді тасып, бүгінде Иран мен Ресей, тіпті, сонау алыстағы Еуропа елдеріне және іргедегі Қытайдың өндірістік қалалары тұрмақ, арғы жағындағы әйгілі Тынық мұхитының етегіндегі небір атақты портты қалаларына дейін де жете алатын. «Жоқ, бұл жерде оған тап соншама бір таңырқап, не әлден тым шектен шыққандай-ақ масайраудың да қажеті шамалы емес пе?!» - дейді кейде өзі де тым салмақты қалпына түскендей болып. Ежелгі Ұлы Жібек жолының байырғы көне соқпақтары кезінде, тіпті, сонау есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде де дәл осылайша жолай талайғы тау-тас, өзен, көлдерді кесіп өтіп, осынау алып құрлықаралық, әлде сол кездің өзінде-ақ өз алдына бір жаңа құрлық болып қалыптаса бастаған ұшы-қиыры жоқ алып аймақта Батыс пен Шығыстың құшағын айқастырып, тағы талай ғасырларға дейін де айқұшақтандырып жатпады ма?! Есінде, бұл өзі тарихи тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел есінде мұқият сақталып қалған талайғы тосын да, қызықты жәйттердің бірі еді ғой. Маңайдың бәрі кәдімгідей-ақ қыж-қыж қайнаған қызықты өмір. Қалта толған сабан ақша... Артынша өзіміздің тарихи дәстүрімізді қайта жаңғыртып, Абылай хан, Әбілқайыр хан, дана Сүйінбай, Жамбыл, Құрманғазы, Шоқанның көркемдік шеберлікпен жазылған бейнелері сомдалған ұлттық теңгеміз өмірге келіп, содан бастап-ақ ел іші сәл сабасына түсіп, әрі қарай да қызу өмірдің тереңдеріне қарай сүңгіп кете бармады ма?!

Арғымақов бұл кезде де елдегі өнімді жұмыс істейтін танымал қаламгерлердің бірі болғандықтан, ағымдағы ызу-ғызу тірліктердің арасында тап бір өзгелер (аһ, өзіне таныс сол жігіттерге әлі күнге дейін де аянышпен ғана қараумен келе жатыр емес пе?!) құсап, уақыттың жағдайына байланысты, орта жолдан өзінің әу бастағы таңдап алған кәсібін кілт өзгертіп, не көлденеңнен әлдебір жеңіл жолдар (ол да баяғы сауда-саттық мәселесі ғой) іздеп, тезірек байып, өзінің қалтасын қампитып алудың жәйін де ойламады. Ол жағы, тіпті, шындап келгенде, сол жүрген бұның өзінің қолынан тағы келмейтін де еді ғой. Рас, бұл бастапқыда (тәуелсіздіктің аз-ақ алдында) өзінің тәп-тәуір көркемдік туындыларымен танылып, елдегі әлдебір әдеби басылымдарда жиі-жиі көрініп жүргенмен, енді мына жаңа дәуір, жаңа кезеңде бұрынғыдай тек бірыңғай жадағай көркемдік ойларға құрылған дүниелерімен тым алысқа ұзай алмасын сезіп, алайда, өзі сол жүргенде, әлі де қалың елдің назарына ілігіп, үнемі елдегі оқырман-замандастарының рухымен ғана бірге күн кешу үшін тағы да сол уақыт-төрешінің талабына сәйкес, тек бірыңғай арғы-бергіні ғана арқау еткен деректі дүниелер жазумен ғана шұғылдана бастады ма?!.

Арғымақов бұл тұрғыда өзінің ең әуелгі тегеурінді бір қадамдарын шығармашылық тұрғыдағы әртүрлі ізденістерден бастады. Қанша дегенмен, бұл өзі сол бір қастерлі де, тарихи тәуелсіздіктің алғашқы таңы кеше ғана арайлап атқан кезең емес пе еді?! Жо-жоқ, бұл кезде сенің тап бұрынғыдай күнұзақты кітапхана ішінен шықпай, көз майын тауысқанша, сондағы талайғы кітап қорларын әрі-бері ақтаруыңның да көп көмегі бола бермейтін! Сондағы елдегі осыншама қызу, әрі күні-түні бір тынбай, бар қарқынымен бұрқ-сарқ етіп қайнасып жатқан шынайы өмір ғана сонадайдан менмұндалап, сені тек бірыңғай алға қарай жетелемейтін бе еді?! Иә, өмір; сол тұстағы қызу өмірді мықтап өз уысына алған заман, уақыттың өзі-ақ саған өмірдің басты тәлімгер-төрешісіндей де емес пе еді?! Рас, бұл сол кездің өзінде де елге танымалдығын былай қойғанда, жазғандары үздіксіз басылым беттерінде жарық көріп жүрген алымды қаламгер болғандықтан, үнемі күнделікті елде шығып жатқан барлық ресми басылымдарды үздіксіз қадағалап, оны айтасың, тіпті, солардың әрбір жаңа санын осыншама сүзе оқумен де болған еді ғой. Жасыратын несі бар, бұл сол кезде өз тәуелсіз елімізге және жаңа тәуелсіздік дәуіріне енді ғана қадам басқан өз еліміздің алдағы ұлы болашағы мен әлемдегі өзге де көптеген өркениетті елдермен тұрақты түрдегі қарым-қатынастарына қатысты аса құнды деген көптеген дерек-мәліметтерді, тіпті, соның бәрі бертінде толықтай іске асырылып үлгерілмеген күннің өзінде де, елдің ертеңгі кемел болашағына әлі талай игілікті қызмет ететіндей тағы талайғы телегей теңіз ой, идея, небір батыл болжамдарды да сол кездегі елдің бас мерзімдік басылымдарында үздіксіз жарияланып тұрған кесек-кесек материалдардан кездестірген еді ғой және де, соларды күнділікті үзбей қарап, әрі өзара салыстыра да оқитын. «Аһ, қаншама көп күш-жігер, елдегі қаншама танымал қайраткер-кадрлардың кешегі кеңестік дәуірдегі алған бар білім-парасат, таным-біліктері мен тағы қаншама бай іс-тәжірибелері енді осынау жаңа бағыттағы іс-шаралар мен іргелі ізденістер жолына осыншама ыждағаттылықпен сарп етілмеді десейші?!» деп, кейде соларға бұның өзі де іштей қатты таң қалмайтын ба еді?! Бәлкім, бұның бәрі бұның сол алғашқы кездегі бір сәттік әсері де шығар?! Жоқ, сен енді бұл тұрғыда кейде «сол кешегі өткен кеңестік дәуірдің нағыз бір күйіп тұрған шағының өзінде де біздің алыңғы толқын алыптарымыз өздерінен бұрынғылардың арман-тілек, өсиеттерін ұмытпай, алдағы санаулы жылдардан кейінгі төбе көрсеткен тарихи тәуелсіздіктің ұлы шаңырғы ішіне батыл еніп, ел ертеңі, тәуелсіздіктің мәңгілігі үшін  барынша адал қызмет етуге іштей алдын-ала мұқият даярланғандай-ақ қой», не «дәл осы кезеңдегі тағы қаншама қыруар істерге бірден бел шешіп, қызу түрде кірісіп кетуге олар да әлден-ақ даяр тұрғандай екен ғой, бұл тұста да әлі талай түгел сарқып айтылмаған небір терең сырлар жатқандай емес пе?!» деп, барынша ақтарыла да сөйлегің келер еді. Бұл тұрғыда, сөз жоқ, сол тұстағы елдегі небір білікті мамандар, тағы талайғы танымал ғалымдар, талантты саясаткерлер мен мемлекеттік деңгейдегі қайраткер тұлғалардың өздері де күні-түні бір тынбай, тіптен өлшеусіз тер төгіп, ағыл-тегіл еңбек сіңіргендігін тағы жоққа шағара алмас едің! Осындай бір толғақты кезеңдер де болды ғой. Оның үстіне, әлгіндей қомақты дүниелердің бәрі де күнделікті газеттерде өзіндік бір айқын көрінісін тауып, сондағы тағы көп жәйттер әлі сиясы кеуіп үлгермеген материалдарға осыншама шұқшия қарап отырған сені де үсті-үстіне қызықтырып, үздіксіз ынтықтыра түсетіндігін бертінде бұның өзі де талайғы жерлердегі отырыстарда жан-жақты ашып айтпады ма?» Жо-жоқ, бұл сондайда сондағы авторлардың кезінде әртүрлі шараларға байланысты, талайғы алыс елдерге дейін барып, сондағы көптеген шетелдердегі өздерінің бар көрген-білгендерін елге келген соң, тездетіп қағазға түсірген баяндамалары мен мақалаларының іштерінде, яғни, жалпы көпшіліктің алдында бірден жәйіп салғандықтарына ғана емес, сондағы олардың өзіндік биік өре, зор талғамдарына да қызығып, шексіз разы болғандай да еді ғой. Ал, қайсыбір авторлар өз ретінде артық-ауыс ешқандай философиялыққа да салынбай, тек бір өздерінің өмірдегі бай іс-тәжірибесін, сондағы әр жердегі зауыт-фабрика, шаруашылықтар мен үлкенді-кішілі кеңселердегі өздері атқарған істердегі озық әдіс-тәсілдерін үнемі батыл түрде алға тартып, не өздері көптен бері сол тұстағы әлдебір мемлекеттік маңызды істердің басы-қасында жүргендіктен де, әдетте сондағы өзіндік бір озық ойларын өз материалдарында барынша сарқып айтқанда, дәл сондағы сол бір телегей-теңіз ойларға толы, тағысын-тағы дәл сол бір азат жолдар, не сондағы кейбір жекелеген дерек-мәліметтер немесе сондағы әлі де көп шұқшиюды қажет ететін жекелеген жолдардың кейін тағы талай елдегі небір білікті деген жандардың одан әрі де тереңдетіп, ғылыми-танымдық тұрғыда айтқан ойларына кереметтей бір тамызық болып, жоқ-ау, түптеп келгенде, соның бәрі одан әрі тағы көп ұзатпай, елдің сол тұстағы саяси және басқа тұрғыдағы үздіксіз қарқынды дамудағы басты бағыт-бағытымен бірге, өмірде біршама табысты түрде іске асырыла бастайтындығын да білмеген шығар-ау, тегі?!

Осының бәрі сондағы ұзықты сапардың кезінде үнемі өзінің есіне түсіп отырғанмен, соған дейін де талай мәрте өзін үздіксіз толғандырумен ғана келмеді ме?! Қалай дегенмен де, сол кез, сондағы өтті-кетті деуге келмейтін көптеген деректер, тағы көптеген ең озық деген идеялардың өздері әлі күнге дейін толық күйінде зерттеліп, құндылықтары жан-жақты айқындалып үлгермесе де, өмірде бірден сәттілікпен іске асып, өздерінің небір оң нәтижелерін беріп жатқандығы, оның үстіне, сондағы бұл әр жолы да үздіксіз шұқшия үңіліп, көп ретте әрқайсысының астарын қара сиямен қалыңдата сызып, әлсін-әлсін қайта-қайта үңіле беретін материалдардың әлі біршама өңдеп, жөндейтін тұстарының көп екендігіне қарамастан, өздерінің сондағы сонылығы, басты жаңалығымен-ақ сені де бірден еліктіріп ала жөнелетіндігін-ай десейші?! Сондай бір кез, сондайылықты бір қайталанбас күндер бұның өзі басынан да талай өтті-ау, тегі?! Эһ, сен енді оның қайсыбірін еске түсіріп, осыншама сөз қылып жатарсың, дегенмен, сол кездегі ағымдағы қоғамдық-саяси тұрғыдағы осыншама ашылып айтылған ағыл-тегіл ой-толғаныстардың арасында талай небір баға жеткісіздей аса бір құнды деректер, тіпті, «біздің атажұрттағы бұдан қаншама ғасырлар бұрынғы талайғы қызу өмір, небір үрдісті кезеңдермен де өзіндік бір үндестік тауып, сол замандардағы біздің байырғы өткен ата-бабаларымыздың да келер ғасырлардағы дәл бүгінгідей тарихи тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдік ауқымдағы өз даңғыл жолдарын тез айқындап, одан әрі тағы үздіксіз жетіліп, қарыштап дамудағы сара бағытқа түсуіне өзіндік септігін тигізетіндей дәрежеде аз еңбек сіңірмеген екен ғой» дегізерліктері де жетіп-ақ жатыр еді-ау. Ұмытпаса, бұл өзінің осындай бір ойларын осыдан бір-ер жыл бұрын, өзінің оқырмандар тарапынан бір үлкен қолдауға ие болып, әртүрлі қызықты пікірлер туғызған бір танымдық эссесінде де әр қырынан ашып айтқан. Ал, бірде бұның кезекті бір тынымсыз жазудан кейін, үйдегі ас бөлмесінде отырып, әлдеқалай өзінің қолына түскен әлдебір көне газеттен, онда да, содан бірнеше апта бұрын ғана ғайыптап тайып, дер кезінде өзінің көзі түспей, әлдеқалай өткізіп алған сол бір танымал ресми басылымның енді жартылай жыртылып, ал, бір жағы тұсастай аман қалған бетіндегі бір зиялы тұлғаның талдау тұрғысындағы мақаласынан: «Өз еліміздің әлемдік ауқымдағы сауда-саттық қарым-қатынастарын жолға қойып, алда ауқымды тұрғыда дамытуды көздеп, нақтылы бір іс-шараларды белгілегенде, біз өзіміздің бүгінгімізбен бірге, кешегі және арғы дәуірлердегі геосаяси және халықаралық қарым-қатынастардағы барлық баға жеткісіздей мүмкіндіктерімізді де барынша елеп-ескеріп отыруымыз қажет. Бұның бәрі біздің алдағы үрдісті өмір, адамзаттық мәндегі өркениет өрісінде әлдеқалай жаза баспауымызға, жоқ, қайта, тіпті, біздің сол алдағы өзіндік алымды да, шалымды, әрі өзіндік тың ой-идеяларымызға барынша күш-қуат беріп, үрдісті дамудың жаңа бір кезеңдеріне батыл түрде бағыт алуымызға да өлшеусіз қызмет етер еді», – дегендей сөздерді оқып, енді тездетіп соның ішкі бір мәніне үңіле қалғандығы-ақ сол еді, әлгінің ертесіне дәл сол газеттің ішкі беттірінің көрнекілеу бір тұсына жарияланған тағы бір танымал қайраткер тұлғаның: «Біз көп ретте өзіміздің кемел келешегімізге қатысты дүниелерді барынша кең тұрғыда ойлағанда, тек бір бүгінгі өзіміз, әрі өзіміздің заманымыз қажетсінген шаруалар тұрғысында ғана емес, жалпы тұтастай еуразиялық ауқымда да ойланып, байырғы Ұлы Жібек Жолы бойындағы тіптен-ақ шет-шегі жоқтай-ақ болып көрінетін Батыс пен Шығысты айқұшақтандырып жатқан, әрі сол көне дәуірлердегі халықаралық қарым-қатынастардың нағыз бір қызу ендігіне айналған тұстардағы алысты-жақынды шет елдер мен өз еліміздің арасындағы барлық қолайлы деген мүмкіндіктерді жан-жақты ойластырып, осынау өркениет өрісіндегі үрдісті дамудағы өзіміздің қос қанатымызды да бірдей қомдауға қажетті нәрселердің бәр-бәрін барынша елеп-ескеріп отыруға міндеттіміз», – дегендей ой-пікірлерге көзі түсіп, қиялы тағы тіптен-ақ өрши түспеді ме?!

Өзінің сол бір ізденістерге толы күндерінде осындай толғанысқа толы кездері тым жиі кездесіп отырды. Қанша дегенмен, ел-жұрттың әлі де естерінде шығар, елдегі ресми мерзімдік және ғылыми-көпшілік басылымдарда бұндай құнды дүниелер сол бір тарихи күндерде тіптен де аз жарық көрмеген еді ғой. Бұл сондағы бірқатар құнды деген деректер мен үзінділерді түпнұсқаға сілтеме жасап отырып, әр жылдары өзінің көптеген үлкенді-кішілі мақалаларында барынша тиімді пайдалануға да тырысып бақты. Артынша кезінде өзін соншалықты зор әсер-толғанысқа бөлеп, қолына тездетіп қалам ұстауға дейін жетелеген әлгіндей көлемді материалдардың авторларымен жүздесіп, дәл бір ескі таныстарша емін-еркін сырласа да бастамады ма?! Бертінде солардың бірқатарымен достасып, шығармашылықта тығыз қарым-қатынас жасап, өзара үздіксіз хабарласып тұратын жағдайға дейін жетіскендігін қайтерсің?! Арғымақовтың сол тұстағы дәл сондайылықты талайғы құнды материалдарды дер кезінде газет, журнал беттерінен қиып алып, өзінің жеке мұрағатында сақтап жүргендігі енді арада тағы көп жылдар өткенде, өз шығармашылығы, алдағы жазатын дүниелері үшін тап бір осыншалықты зор игілікке айналып отырғандығына не дерсің?!

Арғымақов соңғы күндері өзін тым сергек қалпында ұстады. Әдетте жазу столына отырудан бұрын, далаға шығып, таза ауада, реті келсе, сонау тау жаққа қарай барып, сондағы қалың шыршалардың арасынан өтіп, төменге қарай сарқырай ағып жатқан суық бұлақтардың етегінде серуендеп, сондағы қайсыбір арыны қатты сарқырамалардың тынымсыз дүбіріне мұқият құлақ түре отырып, өзі де ағыл-тегіл ой кешіп, емін-еркін тыныстағанды тағы теріс көрмеді. Бұл, бір жағынан, бұның соңғы жылдардағы өзіне ерекше қатты ұнайтын қалыпты демалысы да еді ғой. Осындайда сен әлдебір көлденеңнен киліге кететіндей мағынасыз ойлардан мүлдем арылып, тек бір көңілдегі салмақты ойлардың тереңдеріне қарай сүңги беретінсің. Осы жолы да солай болды. Осы жолы да Арғымақовтың ойларына көптен бері өзі жинақтап жүрген материалдарыңдағы бір құнды деректер түрткі болып, өзін де жүгіртіп жібергендей әсерге қалдырмады ма?! Ха-ха, осы күндері бұл өз қолындағы әлгіндей кезінде газет-журналдарда жарияланған аса құнды жәдігерліктердің бәріне осыншама терең ой жіберіп, әлгілерге тіптен-ақ шұқшиып, әлсін-әлсін тағы үңіле қарап отырса, тарихтағы қай-қай кезеңдерде де әлемдік ауқымдағы еларалық, халықаралық сауда-саттық, не басқа да қарым-қатынастардың ешқайсысы да сол елдердегі қарапайым, тіпті, өздерінің тұрғындары да аса көп емес, не өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінде аса бір кісі қызығарлықтай кереметтей ештеңесі жоқ, бірақ, стратегиялық тұрғыдағы мән-маңызын ешқашан жоймаған ауылдарсыз іске аса қоймаған екен ғой. Иә, солай да, солай; бұл да бұның осы сапарға шығардың аз-ақ алдындағы мықтап бір ойға түйгендері еді. Мәселен, әлі күнге дейін өзінің ең негізгі деген бағыттарын өзгерте қоймаған, қайта, тіпті, дәл қазіргідей жаңа дәуірдегі және адамзаттық өркениет өрісіндегі мән-маңызы тіптен өлшеусіз арта түскен талайғы айтулы да, тарихи асу-белес, небір қиын өткелдер мен талайғы биік көпірлерің де жер-жердегі дәл сондай тағдырлы ауылдардың маңайларында емес пе?! Сен көне дәуір карталарын ақтарғанда да, дәл сондай атақты ауылдардың аттары жиі қайталанып жататын. Жоқ-ау, бәрінен бұрын, сол көне соқпақтардағы ежелгі Ұлы Жібек Жолының сонау алыс Еуропаға бағыт алар тұстарында сонау көне ғасырларда ондаған, жүздеген, не мыңдаған есектер, қодастар, түйелер, өгізарбалар іркес-тіркес болып, күні-түні жүк тасыған көне соқпақтарда енді бүгінде небір ауыр составты пойыздар жүйткіп, құрылықаралық тіркемелі көліктер іркес-тіркес болып, тынымсыз зуылдап жатқанмен, солардың бәрі де бір сәт сол ұзақты жол үстінде сәл-пәл тыныстап, әрі қарай тағы өзгеше бір тың серпінмен жүйтки берулері үшін де әлемнің әр қиырындағы дәл сол шалғай өңірлердегі үлкенді-кішілі ауылдардың аз қызмет етіп отырмағандығы қазіргі кезде барша жаһанға да мәлім жәйттер емес пе?! «Ауылдар, ауылдар, айналайын ауылдар-ай!» – дегенді бұл кешегі жол үстіндегі күндердің бәрінде де жиі-жиі қайталаумен болмады ма?!

Жоқ-ау, бұндай тарихи ауылдар осынау алып Алатаудың о жақ, бұ жағы, не сонау төбесі әлдебір ұшы-қиыры жоқ ақшабұлттармен тіресіп, өзара аймаласып жатқан Тянь-Шань мен атақты Гималай, тағы басқа да дәл сондай ондаған таулы өңірлер мен небір атақты өзен, көл, теңіз, мұхит жағалауларын былай қойғанда, бір тек бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өзінде де ондап, жүздеп саналатындығын қайтерсің?! Бұл тұрғыда Қазақстанның геосаяси бағыттағы және халықаралық сауда қатынастары жағынан келгенде де, маңдайындағы жұлдызы тым жоғары және әлден-ақ жарқырап тұрғандығы осындайда тағы да сені үсті-үстіне қуанта түсер еді. Ха-ха, сен енді бұл елді, яғни, өз тарихи Отаныңды  Жер-жаһанның бір қиырындағы шөл даланың үстінде жатқан, не өзінің бір қиыры мен келдесі бір қиырының арасы көліктінің өзіне де талай күндік жолды алып жатқандай алыс өңірлер дегенді айтып көрші, кәне?!

Арғымақов, рас, сол кезде тіптен де шамадан тыс қатты толқыды. Тау бөктерінде серуендеп, тастан тасқа шығып, кейде бұлақтардың етегімен қайтадан төменге түсіп, таза ауада сағаттар бойына жүріп алғандығы тағы бар. Бұл бағытта өзінің бұрын да талай мәрте сөз қозғасып, көп ретте өздерінің ел дамуы бағытындағы ой-пікірлері үнемі бір жерден шығып жүрген бірқатар алматылық қаламдастарына тездетіп тағы шұғыл түрде телефон шалып:

– Жарандар-ау, сіздер біле білсіңіздер, біздің бүгінгі жер-жердегі әрбір үлкенді-кішілі ауылдарымыздың өзі де бейнебір байырғы Ұлы Жібек Жолы бойындағы ескі жұрттан табылған жақұттай-ақ болып отыр емес пе?! Халықаралық ауқымдағы сауда-саттық қатынастардағы сол бір көне соқпақтарды жан-жақты жаңғыртып, жедел түрде дамытудың кезінде біздің кешегі кеңестік дәуірде мүлдем ұмыт қалған, мешеу қалпына түскен сол бір үлкенді-кішілі тарихи ауылдарымыздың маңдайлары тіптен-ақ та жарқырап, бағы жанғалы тұрғандығына не дерсің?! Ха-ха, түптеп келгенде, біздің бүгінгі тәуелсіз еліміз өзінің алысты-жақынды өңірлердегі сол бір танымал ауылдарымен де мықты емес пе?! – дегенге дейін де айтпады ма?!

Арғымақов сол тұрғанда, енді соңыра соның бәрін де өз көзімен тым жақын жерден көргісі, тым құрыса, сондағының бәрін алыс өңірлердегі жергілікті ауыл тұрғындарының өз ауыздарынан да естігісі-ақ келді. Сосын да іштей тағат таппай, осыншама асыға бастамады ма?! Ха-ха, сөйтіп жүріп, бұның өзі де тек сонда ғана бір анық аңғарды емес пе, былайғы кездерде бірімен-бірі жалғасып жатқан қалыпты шығармашылық жұмыстар, оған қосымша тағы редакциядағы ағымдағы тіптен бітпейтін шаруалар, тағысын-тағы өзге де толып жатқан ізденістермен жүргенде, уақыт шіркін деген де зыр-зыр қағып, осыншама тез өте шығыпты-ау! Жоқ, бұл жердегі мәселе тек сол жүйрік уақытта да емес еді, соңғы жылдары Арғымақовтың өзі әбден-ақ жұмысбасты болып, онда да, тек бірыңғай үздіксіз жазумен ғана шұғылданып жүріп, ал, енді бұрынғыдай кезең-кезеңімен шығармашылық іс-сапарларға шығу дегенді мүлдем ұмыта да жаздапты-ау. Күнұзақты редакцияда отырады да, кешкілік асығып үйге қайтады. Онда да бос емес, тек қана жазу да, жазу! Өзінің сол жазуы үздіксіз жүріп тұрған кезде, әдеттегідей редакциялар мен баспалардың өзіне жүктеген тапсырмаларын тездетіп орындаймын, сол кезде тағы талай ондаған, жүздеген беттік қолжазбаларымды дер кезінде аяқтап, басылымға да уақыты ұсынамын деп, тағы жан салмайтын ба еді?! Қайсыбір кездері өзінің бірден шұғыл түрде, әрі асқан шабыт құшағында бастаған дүниесін ертесіне дәл сондай уақыт, не дәл сондағыдай алдын-ала біразырақ таза ауада тынығып, артынша тойына тамақтанып алғанмен де, кейде тіптен өзінің жұмысы өнбей, ұзақ уақытқа дейін кідіріп, үйде де, редакциядағы тыныш бөлмесінде де үн-түнсіз мелшиіп отырып қалатын. Бірақ, байқайды, бұл сол жүргенде, онымен де тап бір өзі ойлағандай осыншалықты ауқымды ештеңе тындыра алмай, әбден-ақ тағы азапқа да түсумен болыпты ғой. Өзінің шығармашылық өмірдегі осындай кездері, әсіресе, осы соңғы жылдары тіптен де көп кездеспеді ме?! Осының бәрі де әдеттегідей жұмысбастылықтан, былайынша айтқанда, дер кезінде бой сергітіп, дәл бұрынғыдай шығармашылық іссапарларға жиі шықпайтындықтан екендігін өзі де тек бертінде ғана бір ұқпады ма?! Сондықтан да, Арғымақов осыдан айдан астам уақыт бұрын, редакция басшылығы тарапынан өзіне елдің алыс өңірлеріне қарай іссапарға шығып, бүгінгі ауыл өмірінен көлемді бір дүние жазу туралы ұсынысын бірден-ақ құп алып, одан әрі қалаға ұзақ кідірмей, тездетіп сол алыс жолға қарай шығып кеткен болатын. Сапары өте сәтті басталды.

Сол кездің бәрінде де жол үстінде Арғымақовтың есіне тағы да сонау көне дәуірлерде осынау ұлан-байтақ қазақ жерінің үстімен әрі-бері айлап, апталап жол жүрген талайғы еуропалық жиһангерлердің өз уағында әртүрлі тауарлар тиеген көліктерімен, басқасын айтпағанда, бір тек Еділден Жайыққа, одан әрі Сыр, Іле өзендері және Шығыстағы өзге де іргелі сауда орталықтарының аралығында тағы қанша күн, не қанша түн бойына үздіксіз жол жүргендіктері, жолай өздерінің ешбір жергілікті тұрғындардан ешқандай зәбір-запа шекпегендіктері хақында осыншама көсілтіп жазғандықтары түсе берді. Жоқ-ау, бақса, өз тұсында солардың ешқайсысы да сол ұзақты жолда әлдебір көлденеңнен көп қиындық көрдік, не жолай әлдебір қиын өткелдерден өте алмай, тағысын-тағы жол үстінде әбден ашығып, тарықтық дегенді де еш айтпаған ғой! Соның бәрі енді өзінің есіне түскенде, кейде бұның отырған жерлерінің бәрінде де іштей ашынғандай болып:

– Ал, бүгінгі мына біз ше?! Біз сол көне соқпақтардың бойларындағы жаңаша бағыттағы қарым-қатынасқа өз дәрежесінде жан-жақты қызмет көрсетуге даярмыз ба?! Кешегі күндерде де көп жерлердегі ауылдарда дәл осындай тақырыпқа тіптен-ақ көп әңгіме шертілді. Ал, мына сіздер ше?! Сіздер бұл тұрғыда өз тараптарыңыздан не деп, тағы қандай ақыл қосар едіңіздер?! – дегісі де келетін.

Бұл тұрғыда Арғымақов көп ретте тек жәй қатардағы қаламгер ретінде ғана емес, алдағы сол бір әр өңірдегі жол тағдырына тікелей жауап беретін, не сол үшін де жаны ауырып, шынымен де қам жейтін әлдебір жауапты ресми тұлға сынды, өзінің сондағы небір өткір сауалдарын батыл алға тартып, сондағының бәр-бәрін де осыншалықты тәптіштеп-ақ сұрайтын. Иә-иә, бұл ондайда көп жәйттердің әбден бүге-шігесіне дейін де ескерусіз қалдырмайтын... Мәселе тағы да сол әлгі керуен жолдарына қатысты түйткілді жәйттерге қарай ойысқанда, тәйірі-ай, Арғымақов енді араға қаншама ұзақ жылдар салып, өз туған ауылына осыншама сағынышпен келіп тұрғанда да, қапелімде еш тынши алмай, тағы да тіптен-ақ қатты сұстана бастаған...

– Ауылдағы жолдың ыңғайы қалай? Бүгінде облыс, аудан орталықтарымен қалай қарым-қатынас жасап тұрсыңдар?! Күзде мал өнімдерін өткізгенде ше?! Астықты қалай жеткізесіңдер?! Жауынды күндері адамдар өздерінің көліктерімен даладағы жолда қалып қойып жүрген жоқ па?!  – Жоқ-ау, оның сондағы осыншама жұлқынып, ал, жергілікті  тұрғындардың өзіне жан-жақты етіп жауап беруіне де еш мұршасын келтірместен, бұл сабазың әлгі жерде тағы да үсті-үстіне төпелетіп:

– Жайылым жағы ше?! Жо-жоқ, бәрінен бұрын, жылма-жыл ауылға су жақсы келіп тұр ма?! Су келген жылғы көктемде, ана көрші аудандағылар баяғы біздің бала кезіміздегідей, даладағы бөгеттерді тас қып бекітіп тастап, сендерге суды тым сараңсыта беріп жүрген жоқ па?! Тұрғындардың жағдайы қалай?! Ең бір үздік, еңбекте өздерінің алдарына жан салмай, үнемі көптің құрметіне бөленіп жүргендер кімдер?! – дей бергендігін қайтерсің-ау?!.

Ауылдағы көгілдір отын мен басқа да бірқатар тұрмыстағы игіліктер Жаушыбай әлі бұл қызметке келмей тұрғанда-ақ мұқият іске асырылса, ал, осыдан аз ғана жылдар бұрын, бұл ауылға жерасты құбырлары арқылы, әлдебір қиырлардан ауыз су әкелу жұмыстарының бар мехнатын ауыл әкімдігі қызметіне тағайындалысымен, Жаушыбайдың өзі де осыншама көрудей-ақ көріпті ғой. «Аһ, Жаушыбай, Жаушыбай! Сол ауыз су дегеннің азабын кешегі балалық шақта біздің бәріміз де бірдей бастан кешпедік пе?!» Қазір ойлап қараса, бұлардың шалғайдағы ауылда өткен сол бір балдай тәтті балалық шағының тең жартысы кезінде қырдағы малды ауылдардан қи ойып, артынша ауылға отын тасып және қысы-жазы ауыл сыртындағы Көпқұдықтан қыста шана, жазда қос доңғалақты қоларбамен су тасумен ғана өткен екен-ау! Сол кездерде бұлар қаншама рет әлгі жерден тереңдетіп құдық қазып, сондағы өздерінің бір қазған құдықтарының суы кейін тіптен кермек болып шығып, оны енді бұндағы өздері тұрмақ, мал екеш мал да жарытып ішпей, артынша келесі бір тың жерден қайтара тағы құдық қазатындықтары ше?! Ауыз су демекші, бертінде бұлардың ауылында қазынаның құдығы дейтіндей өзгеше бір құдықтар пайда болып, іштері цементтелген сол құдықтардан күнделікті су алудың кезегіне тұрып, сол кезекті әлгі жерде жарты сағаттай, кейде бақандай бір сағаттай уақыт бойына күткенде, ондағы мөлдіреген тұщы су кезекте тұрған жұрттың бәріне бірдей жетпей, сол күнгі мүлдем сусыз қалған кездері ше?! Сол құдықтың кілтін ұстаған жандар көбінесе бұларға: «Су таситын көлік жалғыз өзі алыстағы артезиан құдықтан су тасып үлгермей жатыр», – не: «Көлік майып болып. Су дегенің қазір қат. Сондықтан, бір шелек су енді бес тиын емес, он тиын тұрады!» – деп, тым қатты еркінси де бастамайтын ба еді?! «Мейлі, солай болса, солай-ақ болсын!» – деп, бұлар бұндайда мектептегі әлдебір үйірме жұмысынан кешігіп бара жатқандықтан, не тездетіп ертеңгі өтетін сабаққа даярланатын болғандықтан, әлгі жерде соның бәріне де оңай-ақ келісе қалмайтын ба еді?! Сол кез, сондағының бәрі бүге-шігесіне дейін осы жолы тағы да осылайша өзінің еске түсер деп кім ойлаған?!

Жо-жоқ, бұның бәрі кезінде өз бойында тау қопарардай күші бар Жаушыбайға да тіптен-ақ оңай болмаған. Бұл ауылға алда қанша көлемде ауыз су қажет болса, сонша көлемде тұщы су беруге және жерастынан құбырлар жүргізу арқылы, сол суды ауылға дейін дер кезінде жеткізіп беруге келісімін беріп тұрған тиісті мамандар, тағысын-тағы тиісті кәсіпорындар да бар дейді. Ал, енді жеме-жемге келгенде, бұл тұстағы көп кілтипан тағы да тек бірыңғай көп көлемдегі қаржыға келіп, тіреле беріпті. Сол кезге дейін ауылда қаншама рет жергілікті тұрғындардың жиындары өткенде, ауылдың небір беткешығар, әрі өздерінің сөздері өтімді деген тұлғалары әлі күнге дейін өздеріне осыншама қолбайлау болып, көп ретте тұрмыста көптеген қиындықтар туғызып келе жатқан осы бір түйткілді мәселені көтеріп, өз ретінде әлгі тиісті орындардың жауапты өкілдері оларға сан рет өздерінің уәделерін бергенмен, соның өзі тағы тым ұзаққа созылып, ақыры іскер, алымды да, білікті деген Жаушыбайдың өзін де әбден-ақ әуре-сарсаңға салыпты. Байырғы өзінің кластасы, бар сыры өзіне мәлім Жаушыбай ғой дегенмен, бұл ретте оның өзінің де табандылығы тым мықты екен.

– Ағайындар-ау, шалғайдағы біздің ауылға ауыз су қажет болып тұр. Кешегі кеңес өкіметі құрылған кезде-ақ көтерілген бұл мәселе ақыры ол жүйе біржолата күйреп тынғанға дейін де бір шешімін таппаған еді. Құдайға шүкір, бүгінде біз тәуелсіздік заманында ғұмыр кешіп жатырмыз ғой. Шындап келгенде, өз қолымыз өз аузымызға дейін енді ғана жетіп отыр емес пе?! Соңғы жылдары облыстағы өзге аудандар мен ауылдарға жерасты ауыз су құбыры тартылып, сондағы жергілікті тұрғындардың әлден-ақ соның рахатын көріп отырғандығын талайдан бері күнделікті газеттен оқып, теледидардан көріп, ара-арасында радиодан тыңдап, ауылдастарымыз үнемі: «Бұндай  игілікті енді біз қашан көрер екенбіз?!» – деп, күнде кеңсеге келіп, әбден кабинетіміздің табалдырығымызды тоздыруға дейін де жақындады. Былайынша айтқанда, біз өзіміз тұщы судың көзін де, ауылға су құбырын тартушыларды да тауып отырмыз, Тек енді соған қаржы жағы ғана қажет болып тұр, – деп, Жаушыбай тынбай ізденіп жүріп, ақыры сонау облысқа дейін барып, сол жағынан аталмыш мәселені түбегейлі түрде шешіп қайтыпты.

Арғымақов соны естіп, әлгі жерде тағы да балаша шаттана қуанып, мәз болды. Жаушыбай мен оны қолдап, үнемі оның өзіне сенімді серік болып жүрген өзге ауылдастарына да шексіз разы еді. Өзінің онысын да сонда бірден-ақ ашып айтты, дегенмен, бұл енді өзінің сондағы көп толғаныстарынан дәл осы өз туған ауылына келгенде ғана ептеп арылғандай болып, сондағы әңгіменің арасында алда әлі бұрынғы кезде тек бірыңғай «артта қалған» шалғай ауыл ғана болып өмір сүріп, ал, өркениетті дамудағы көп жәйттерден біршама кенжелеп қалған бұл ауылдың ендігі жерде өлкедегі өзге бір дамыған ауыл-аймақтармен тікелей, әрі алда тұрақты түрде әртүрлі өндірістік қатынастарға түскелі отырғандықтарын естіп білгенде, осыншама көңілі тасып, тағы да қуана қалмады ма?! Сондықтан да, бұл жаңағы жердегі осыншама көп айтылған жәйттердің бәрін де сол заматында-ақ тездетіп өзінің қойын дәптеріне төгілдірте түсіріп алды. Ал, енді әкімдіктен шығарда, Әбдімомын әлгінде ғана әкімнің бұны өзінің үйіне қарай алып кетпек болған ниетіне бірден қарсылық танытып:

– Әкім мырза, бұл Арғымақов бауырымыз өзі бұл ауылға бар-жоғы бір-ер күнге ғана келіпті. Онда да өзі кезінде бір партада бірге отырған бізді қатты сағынып қалыпты. Алда әлі өзінің бұндағы арнайы баратын, әлі талай бетпе-бет отырып көрісетін ауылдастары да баршылық. Сондықтан, сіз біздің, байырғы парталас достардың бір сәт арқа-жарқа болысып, сағыныш мауқымызды басуымызға мұрсат бергейсіз?! – деп еді, жоқ, әкім-кластас оған еш ырық бермей, бұны да, әлгі Әбдімомынды да сол күні бірден өзінің үйіне қарай алып кетті.

(Жалғасы бар)

1185 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз