• Еркін ой мінбері
  • 24 Тамыз, 2021

ОСЫ ЖҰРТ КЕҢЕСБЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Есет ДОСАЛЫ,

журналист     

Тараз қаласының  іргесінде Бесағаш деген ауыл бар. Жамбыл ауданына қарайды. Сол ауылдағы балалардың жартысы – балуан. Балуан болмай ше? Ауылдас  ағалары  күрестің майталман шеберлері атанып, белдескеннің белін үзіп жатса. Тізбелеп көрейікші, еркін күрестен  екі дүркін КСРО чемпионы Кеңесбек Галиакбаров, қазақ күресінен әлем чемпионы Дәулет Пахрединов, қазақ күресінен Азия чемпионы Руслан Мұхамедқалиев, қазақ күресінен ел чемпионатының жеңімпаздары, Азия чемпионатының жүлдегерлері ағайынды  Әмір, Дамир  Хабиболлаевтар. Оған бокс-тан Еуропа чемпионы Болат Жараровты қосыңыз. Барлығы бір ғана Бесағаштан. Ал, біз бүгін балуан Кеңесбек Галиакбаровқа кеңінен тоқталмақпыз.

Чемпион

 Кеңесбек 1962 жылы осы Бесағашта туылып, бастауыш сыныптарда сол ауылдағы мектептен дәріс алған екен. Жоғары сыныпта Тараздағы №5 мектеп-гимназияда білім алады.  12  жасында Аса интернатына күрес секциясына барып жазылады. Әдетте біреулерді әкесі, көкесі апарып жатады ғой. Бұл күрес секциясына өзі барып жазылған! Бірден Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Шоқан Нәдірбеков деген білікті бапкердің қолына түседі. Жолының болайын деп тұрғаны да. Айтпақшы, күрес үйірмесіне алынғаны да бір қызық! Бұл келгенде мектеп интернаттың ауласында 10-15 бала жаттығу жасап жатады ғой. Бапкерлері – Шоқан ағай. «Ағай, мына балаларыңыздың бәрін жеңсем, күрес секциясына мені қабылдайсыз ба?» – депті. Сол кезде Шоқан ағайы бұған жалт қарап, назар аударыпты. Сол жерде 6-7 баланы қатар жеңіп кеткен екен. Енді күрес тәсілін білмегенімен, қымыз ішіп, жылқының етін жеп, ауылда өскен қара күштің иесі емес пе? Табиғатты тікелей тамашалап жүрген шопанның баласы еді. Интернатқа қабылданады. Екі ай дайындалып, еркін күрестен жасөпірімдер арасында облыс чемпионы атанды. Екі-ақ айда! Ал, артынша Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы біріншілікте күмістен алқа тағынды. Оның өзінде ақтық сында жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегеріне жол берген екен. Осы жолы финалға дейін 8 балуанды ұтқан екен. Сонда жүзден астам баланың ішінен екінші орын алып тұр ғой. Мұндай жылдам нәтиже бапкері Шоқан Нәдірбековке де қатты ұнайды. Содан жеңісті жолы жүріп берді. Арада алты ай өткенде еркін күрестен Ақтөбе қаласында екі дүркін Кеңес Одағының батыры Владимир Патцаевты еске алуға арналған бүкілодақтық турнирде алтыннан алқа тағынды. Міне, осы жеңісіне қол жеткізгенде Кеңесбектің жасы 13-те ғана болатын. Онан кейін де біраз ел ішіндегі жарыстарды ұтты. 1978 жылы еркін күрестен жастар арасында  өткен  КСРО чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Финалда армян ұлтының өкілі Степан Саркизанды бет қаратпай ұтты. Осы ерлігін 1979 жылы КСРО чемпионатының финалында  қайталап, тағы сол Степан Саркизанды айқын ұтып, 15 Одақтас республикадағы ең жеңімпаз, теңдесі жоқ спортшы атанды. КСРО құрама командасының сапында күресті.

Украинаның Себера-Донецк қаласында өткен сол КСРО чемпионатында Кеңесбек Галикабаров КСРО чемпионы Сергей Кошкинды, әлем чемпионы Аслан Дзгоевты де айқын ұтты. Тіпті, Сергейді 7:0 есебімен соқыр ұпай ұстатпай ұтады. Сөйтіп, чемпиондық атақты жұлып алады. Әйтпесе, ол кезде Одақ көлеміндегі төрешілердің бүйрегі қазақтың қара баласына бұра бермейтін.  Сол Степаныңыз кейіннен ересектер арасында екі дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы атанады.

Бұйырмаған әлем чемпионаты-ай!

Ол кезде Одақтың басқару жүйесін уысында ұстап тұрғандар қазақ қандастарымыздың жарқырап көрінгенін онша қолдай қоймаған ғой. КСРО чемпионаттарының өзінде біздің елдің жігіттерін көп қақпайлап, тек таза жеңбесе, бағалай бермеген. Ал, Кеңесбек екі мәрте КСРО чемпионатында әр кездесуде қарсыластарын  бет қаратпай, айқын басымдылықпен ұтқан ғой. Сосын төрешілер амалсыз мұның қолын көтереді де. Басқа қайтеді? Бірақ, мұның әлем чемпионатына баруына қарсы болғандар, аяғынан шалғандар өте көп болған екен. Дегенмен, КСРО чемпионатын ұтқан соң, 1978 жылы Куба жерінде өткізілуі тиіс әлем чемпионатына Кеңесбек Галиакбаров баратын болады ғой.

Әттең, әттең батыр аңғал дейді ғой. Мәскеудегі КСРО құрамасына қосылу үшін Алматыдан ұшаққа билет алады ғой. 16 жасар кезі ғой, алып-ұшып тұрған. Кеңесбек әуежайда бір қариямен әңгімелесіп тұрғанда, мұның ұшағы ұшып кетеді ғой. Сөйтіп, Кубадағы әлем чемпионаты Кеңесбекке бұйырмайды. Әйтпесе, ол кезде КСРО чемпионатында 6-орын алған балуанның өзі әлем чемпионы болып оралып жүреді екен. КСРО күрес мектебінің деңгейі өте жоғары болған ғой.

Келесі жылы, 1979 жылы  тағы КСРО чемпионатында алтыннан алқа тағынады. Кеңесбек Галиакбаров:  «Бұйыртса, осы жолы әлем чемпионатынан да алтын жүлде алатын болдым-ау!», – деп сол сәтте қуанып тұрады.

Алайда, әлем чемпионатына қатысу Кеңесбектің маңдайына жазылмаған дүние екен. Тағдырға жазылғаннан артық болмайды ғой, ештеңе.  Бұл жолы Болгарияға әлем чемпионатына бара жатып, Алматыдағы жатақханалардың бірінде  жатқанында, мұның сөмкесіне біреулер  жасырып ақша салып жібереді. Ізінше полиция өкілдері бөлмеге тінтіп келіп, мұның сөмкесінен ақша тауып алып, жас балуанды тергеуге алып кетеді. Осылайша, бабы келіп, күресті тілеп тұрған жерінен белгісіз біреулердің дұшпандығынан, қастығынан әлем чемпионатынан екінші мәрте қалып қояды. Қандай өкініш, қандай өкініш десеңші!

Мықты  қашанда мықты!

Содан ересектер арасындағы бәсекеге ауысып, Кеңесбек 1981 жылы еркін күрестен Қазақстанның чемпионы атанады. Финалда анау-мынау емес КСРО чемпионы Валерий Самонкичты айқын басымдықпен ұтады. Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 90 жылдығына арналған тойда қазақ күресінен өткен турнирде тағы да чемпион атанады. Ересектер арасында. Бұл турнирде Алмас Мұсабеков, Досан Тамбиев секілді біздің облыстың аты шулы балуандары да  өнер көрсеткен екен. Дегенмен, Кеңесбекке тең келер балуан табылмапты.

Кеңесбек  аға арада бір жағдайлармен күрестен қол үзіп, 1989 жылы қайтадан жалғайды. Осы жылы еркін күрестен ересектер арасында Алматыда өткен ел чемпионатында чемпион атанады. Қарсыласының бәрін қоғадай жапырып ұтады.  Қазіргі кезде де Кеңесбек балуан ардагерлер арасында еркін және қазақша күрес түрлерінен республикалық, әлемдік  жарыста топ жарып жүрген жағдайы бар.

Кеңесбектің баласы Ермек Галиакбаров та біраз жыл күресті серік етті. Еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Сайтиевты еске алуға арналған халықаралық турнирдің қола жүлдегері, Ресейдің Новосибирск қаласында еркін күрестен өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері, еркін күрестен спорт шебері екен. Дегенмен, әке балаға сыншы ғой. «Кеңесбек  аға:  «Бұрын біз үшінші орын алып қалсақ жылаушы едік, тек алтыннан алқа тағынуға күш салатынбыз. Қазіргілер қола медаль алса қуанады» деп бір әзілдеп қойды.

Кеңес аға өзінің замандасы еркін күрестен 16 жасында КСРО чемпионы атанған Жалел Семізбаев , КСРО спорт шебері Ақан Бекназаров, бокстан Еуропа чемпионы Болат Жараров  жайлы толғана, тебірене сыр шертті. Бұл спортшылардың  өмірі бөлек бір тақырыбымыз екен-ау деп ойланып қалдық біз. Кеңесбек аға содан кейін өзінің шәкірттері туралы да жақсы пікірлер айтты. Әуелі Дәулет Пахридиновты, Фахтан Гарифоллаевты дайындаған екен. Олар қазір әлемдік деңгейде олжа салып жүр. Қазір Галиакбаров  Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін және қазақ күресі түрлерінен жаттықтырушы.  Ол өзінің Ғалымжан Әбдіразақов, Нұрбол Құттыбай, Іңкәр Хабиболла, Айбатыр Тұрар секілді шәкірттерінің болашағынан үміт күтетінін, оларға ірі жарыстарға баруы үшін қолдау қажет екенін айтып қалды.

  Иә, Кеңесбек Галиакбаров аңыз адам. Күреске жаралған, күресті жанындай жақсы көретін адам. Енді ол дайындаған шәкірттердің биік белестерді бағындырарына сенеміз.

Жамбыл облысы

3317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз