• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ҚАРА ШАҢЫРАҚТАҒЫ ҚЫМБАТ БҰЙЫМДАР

Ұлмекен  ЖАМАНҚҰЛҚЫЗЫ

Мыңбұлақтағы үйге келгенде іздеп, көз қиығымды салып жүретін біраз бұйымдарым бар. Олар Қанекең екеуміз бірге өткізген өмірдің куәгерлері секілді. Сондықтан да, маған тіл қатып, оңаша қалғанда сырласып тұрғандай болады.

Міне, мынау «Зингер» деген тігін мәшіңкесі әлі күнге дейін зырылдап, мінсіз жұмыс істеп тұр. Баяғыда Қанекең Қайнарбұлақ бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезде социалистік жарыстың озаты атанып, осы мәшіңкені сыйлыққа алған. Сол жылы Жансейітім дүниеге келіп еді.

Бұл мәшіңкенің біздің отбасымызға сіңірген еңбегі зор. Балаларыма да, өзіме де осымен көйлек тігетінмін. Сондықтан, көзіме жылы ұшырайды. Шынымды айтсам, әліге шейін қолым іс тігуді қалап, ескі досын сағынып тұратын сияқты.

Ал мына ұршық шешемнің маған тартқан сыйы. Мұның басындағы тас нағашы әжемнің, яғни менің шешемнің шешесінің көзін көрген бұйым. Ал ұршықтың сабын әкем тобылғының шыбығынан жасап, бұрмашасын өз қолымен ойып берген еді.

Ұршықты көргенде есіме түседі ғой, ел ішінде мынандай бір әңгіме бар.

Баяғыда бір еріншек әйел жүн түтіп, жіп иіріп, өрмек құрып жатқан  жұртқа қарап есінеп, ештеңе істемей отыра береді екен. Бірде күйеуі оған: «Сен не, осылай қол қусырып отырғанға ұялмайсың ба? Елдің әйелі істеп жатқан нәрсені неге істемейсің?!» деп ұрсыпты.

Сонда әлгі жалқау әйел: «Өрмек құрайын десем, ағашым жоқ. Маған бүйтіп ұрысқанша, тауға барып, ағаш кесіп әкелмейсің бе» дейді.

Сөйтіп, күйеуі балтасын алып, тауға барып, ағаш таңдайды. Ал әйелі оның ізінен аңдып барып, бұта-бұтаның арасынан сығалап қарап жүреді. Бір кезде күйеуі: «Әй, осы жарап қалады-ау!» деп, көңіліне жаққан тобылғыны кесіп алайын деп жатқанда, арамза әйел: «Е-ей, пендем, ол бұтақты кесіп алсаң, өзің де өлесің, әйелің де өледі!» дейді даусын өзгертіп.

Күйеуі шошып кетеді. Тағы бір бұтаны кесейін деп еңкейсе, жаңағы дауыс тағы да қайталанады. Оның енді, зәресі ұшып, ауылға қарай қаша жөнеледі.

Содан көпке дейін тілден қалып, сөйлей алмай жүреді. Бір күні еріншек әйелі білегін сыбанып, оған наздана қарап: «Тауға барып әкелген ағашың қайда?» дегенде, «Өй, қатын, өрмегі құрысын! Оны енді, аузыңа алушы болма! Өрмексіз де өлмеспіз!» деп әрең тіл қатыпты.

Иә-ә, бұрын ел мұндай әңгімені қызық үшін айтатын шығар деуші едік. Сөйтсек, қызық үшін ғана емес, өсіп келе жатқан ұрпаққа сабақ болуы үшін де айтады екен ғой.

Ал мына сандыққа өзімнің кейінгі кездегі жиған-тергенімнің бәрін салып қоямын. Тап-таза боп тұрады. Кез-келген жерде шашылып, аяққа оралғы боп жатпайды. Сандық деген сондай бір жақсы зат.

Оның ішіндегі жиған-тергенім, не болушы еді, балам-ау! Әр ұлдың, әр қыздың үйіне барғанда сыйлаған, кигізген киім-кешектерімен заттары ғой. Осының көбісі қамзол, шапан, көйлек-көншек. Кей-кейде келіндерім: «Апа-ау, оны сандыққа салғанша, неге жарқыратып киіп жүрмейсіз» деп қалады.

Мен болсам, оларға қарап: «Әй, мұның бәрін қашан киіп үлгеремін. Ол үшін тағы да тоқсан жыл өмір сүруім керек қой» деп күлемін.

Қарағым, Алла тағаланың осы күнге жеткізгеніне, бала-шағамның, немерелерімнің қызығын көрсеткеніне шүкір. Мың да бір тәуба, тәуба!..

Есіме баяғы жас күнімдегі бір оқиға оралады. Қайнар ауылына келін боп түсіп, қара шаңырақтың анау-мынау тірлігін істеп жүрген кезім ғой. Бір күні тоғайдан отын алып келуге бардым. Қара есекке екі бума етіп артып, өзім де босқа қайтпайын деп, бір бума отынды арқалап алдым.

Қураған ағаш онша ауыр болмайды ғой. Қара есек оны бұйым құрлы көретін емес, тұяғы сыртылдап желіп барады. Ал маған өрге қарай шығу қиындау болды. Екі самайымнан тер ағып, алқына бастадым. Ішімнен: «Көзім қимай, отынды көбірек буып алдым ба, қайдам» деп қоямын.

Бір кезде қарасам, қырға шыға берісте екі құлағы қалқайып, қара есегім тоқтап тұр. «Әй, бұған не болды? О-о, күйдіргі-і-і!..» деймін.

Есектің үстіндегі отын ауып, түсіп қалыпты. Біразы жерде шашылып жатыр. Аяғымды жылдам-жылдам басып, асығып келем. Қара есек тұрған жерге жеткенше қан сорпам шықты.

Шашылған отынды жинап, қайта буып, артқан кезде өзімнің әбден шаршағанымды сездім. Қыр басында отырып, аздап демімді басып алғым келді.

Айналадағы дүниеге, алыстағы көкжиекке қарап отырып ойладым: «Осы біз көрген қиыншылықты балаларымыз көрмей-ақ қойса екен!» деп...

Аллаға шүкір, ғылым-біліміміз дамып, еліміз өз тәуелсіздігін алып, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүріп жатырмыз ғой.

Адамзат баласы бір белеске шықса, алдынан тағы да бір биік белес көрініп, енді соған жетуге асығатын тынымсыз жолаушы сияқты. Содан да болар, үнемі ұмтылып, ұзақ сапарын жалғастыра береді. Бүгінгі жеткеніне көңілі толып, іркіліп, тоқтап қалмайды.Келіндерім: «Апа-ау, ортамызда аман-есен, ақылшы боп жүре берсеңізші» дейді.

Сондай кезде менің есіме баяғы заманныңтағы да бір әңгімесі түседі.

– Ертеректе бір кемпір үстіне қабаттап-қабаттап бірнеше көйлегіп киіп алады екен, – деймін оларға. – Сөйтіп, үйдің онша-мұнша тірлігін істеп жүре беретін көрінеді. Бір кезде келіні: «Апа-ау, үстіңіздегі көйлегіңіз кір боп қапты ғой. Ауыстырмайсыз ба?» десе, «Е-е, шырағым-ай, оның ауыстыратын несі бар, шешіп тастаймын да, жүре берем. Астындағысы таза ғой!» дейді екен.

Мұны естіген келіндерім күліп: «Осы апамның әңгімесі қызық-ай!» деп жатады.

Ал енді... мына бесік – біздің үйдегі ең киелі зат. Қанекең екеуміз бағып-қағып өсірген балалардың барлығы осы бесіктен өрген.

Баяғыда Қожа атам Күсей деген жердің талынан кесіп әкеліп, өз қолымен иіп, ойып, құрастырып жасап берген еді. Міне, қараңдаршы, әлі күнге дейін ағашы айнымаған. Сол қалпында.

Әуелі өзімнің ұл-қыздарымды, содан соң олардан өрген немере, жиендерімді тербеткен киелі бесік. Соны білетін ауылдастар, ағайын-туыстар нәрестелі болса, құтты бесікке ырымдап бір жатқызып алайықшы деп келеді.

Затқа, әрине, күтім керек. Зымырап өтіп жатқан уақыт өзінің ізін қалдырмай тұра ма. Сондықтан да, Жансейіт үйге келгенде ыждағаттап  қарап, бір-екі ағашын түзетіп отырғанын көрдім.

Көрдім де ішімнен сүйсініп: «Қандай үлкен азамат болып өссеңдер де, айналайын, өздерің жатқан бесікті ұмытпаңдар!» дедім ішімнен.

Кейін қарасам, бесіктің табанын жақсылап жөндеп қойыпты. Бұрын тербеткен кезде бір ағашы тоқылдап тұрушы еді. Енді міне, дыбысы шықпайды.

Ал мына бастырманың астындағы ошақты айтамын да, бұрын біреу еді, енді үшеу болды. Кейінгі екі ошақты жасатқан Иманкелді балам.

Алғашқыда: «Әй, балам-ау, бір ошақтың өзі де жетпейтін бе еді» деп ем: «Апа, көп болғаны жақсы емес пе. Мынаған ет асамыз, мынаған қуырдақ қуырамыз, ал мынаған палау басамыз» деді күліп.

«Е-е, жарайды» деп қоямын.

Баяғы әкесі сияқты бұл да қонақжай. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, Алла тағала ырыс-несібелеріңді молайта берсін, ботам.

Осы ошақтардың жанындағы мына бөлмеге ыдыс-аяқ, кәкпір, ожау секілді заттарды қоямыз. Ортада тұрған дөңгелек жозының үстіне ұн илейміз, қамыр жаямыз.

Бір қызығы, бұл бөлмені біз – «Жылан там» деп атаймыз. Өйткені, жаздыгүні ми қайнататын ыстықтан қорғанып, жыландар кіріп кетеді.

Бірде үйге қыдырып келген абы-сындарымның біреуі осы там салқындау екен деп, жалғыз өзі тынығып отырса, текшеге жинап қойған ыдыс-аяқ сықыр-сықыр ететін көрінеді.

Алакөлеңкеде біреудің ішке кіргенін байқамай қалдым ба деп: «Әй, бұ кім-ай!» дейді. Әлгі сықыр-сықыр сап басылып, жым-жырт бола қалады.

Бірақ, арада біраз уақыт өткенде қайта басталады. «Әй, бұ қайсың-ай?!» дейді тағы да даусын көтеріп. Ыдыс-аяқтың сықыры сол сәтте басылады. Сонда барып, жаңағы абысынымыздың көңіліне күдік кіріп, жан-жағынан жылан қаптап келе жатқандай шыңғырып, тұра қашады ғой.

Әне, шырағым, бұл бөлменің «Жылан там» атанып кетуінің себебі осындай.

Міне, мұндағы қаз-қатар тізіліп тұрған самаурындар менің өткен өмірімнің бел-белестерін көз алдыма қайта елестететін үнсіз, тілсіз куәгерлер.

Бұлардың қайсысын қай жылы, қайдан әкелгенім бірден есіме түседі. Сонымен бірге үйде, ауылда сол жылы қандай оқиғалар болғаны, кімдердің қонақ боп келгені, қалай күткеніміз де ойыма оралады. 

Баяғыда анау Темірлан елдімекенінде бір келіншек төртем туып, аттарын – Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп қойды. Бұл өзі өмірде сирек кездесетін оқиға ғой. Сол жылы Темірланға қазақтың көрнекті жазушысы Әзілхан Нұршайықов келіп, жаңағы сәбилерге ақ батасын береді.

Одан соң біздің ауылға қарай ат басын бұрып, осындағы еңбек адамдарымен кездесті. Кездесуден кейін біздің үйде қонақ болды. Сол күні мына самаурын есік алдында бұрқылдап қайнап тұрды.

Жүзі жылы, кішіпейіл кісі екен. Бау-бақшамызға, қора-қопсымызға қарап жымиып, басын ақырын ғана шұлғып, ауыл тіршілігіне ризашылығын білдірді.

Қанекең бірде осы үйдегі қыздарға: «Самаурындарды сүртіп қойсаңдаршы» деген көрінеді. Кейін олар: «Папам, оп-оңай іс сияқты етіп айта салып еді. Бір қора самаурынды тазалаймыз деп, әбден сілеміз қатты ғой» деп күліп жүрді.

Қалай дегенмен, ескінің көзі бізге ыстық көрінеді. Кей-кейде өзімнен өзім қиялға батып отырып: «Барлық балаларымды осында қара шаңыраққа шақырып, самаурынның шайын ішіңдер десем бе екен. Себебі, самаурынға қайнаған шайдың жөні бөлек қой. Одан қалса, анау-мынау тұмау-сымауды Арыстанды Қарабастың желі-ақ алып кетеді.

Шіркі-і-ін, біздің ауылдың ауасы ем ғой. Туған жерге келіп, ыстық топырағына аунап-қунап қайтсаңдаршы,» дегім келеді. 

Азамат елін аңсайды,

Аққу-қаз көлін аңсайды, - деп бұрынғы өткен ата-бабаларымыз текке айтпаған.

Балаларым ауылға, қара шаңыраққа келгенде, менің көңілімде көктем орнайды. Құстар сайрап, гүлдер шешек атып, дала құлпырып жатқандай болады. Сол кезде мен ұл-қыздарымның көзінен туған жерге деген сағынышты, мейірімді көремін.

Олар баяғы бала күніндегідей менің жаныма жиналып келіп, әңгіме айтып, шүйіркелесіп отырса деймін.

«Алты ұл тапқан ананы, Ханым десе болады,» деген екен ғой бұрынғылар. Ал мен он үш перзент тәрбиелеп өсірген анамын. Менің мерейім осы – балаларым, немерелерім, олардан тараған үрім-бұтағым.

Жазып алған –

Нұрғали ОРАЗ,

"Ақиқат" журналының

 шолушысы

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз