• Ұлттану
  • 24 Тамыз, 2021

СҰЛТАН БАЙСҰҢҚАР ҚАНДАЙ ТҰЛҒА?

Айнаш ҚАСЫМ

филология ғылымының кандидаты, шығыстанушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, 2001-2020 ж.ж. Иран Ислам Республикасының астанасы Теһрандағы Қазақ радиосының редакторы болып қызмет істеді. "Абай және парсы әдебиеті" атты монографияның авторы. Парсы тілінен сегіз кітап аударған. Ғылыми-танымдық мақалалары мен көркем аудармалары баспасөз бетінде жиі жарияланып тұрады.

«Байсұңқар Мырза», «Сұлтан Байсұңқар Баһадүр хан» немесе «Моез ад-дин» деп танымал болған Ғиас ад-Дин ибн Шаһрух ибн Әмір Темір – Ақсақ Темір билігінің шаһзадасы. Ол 1397 жылы Һератта Әмір Темір Гурканидің  немересі Шаһрух пен оның ең беделді әйелі Гауһаршад бегімнен туған; Шаһрухтың жеті ұлының үшіншісі, астроном Ұлықбектің туған інісі. Өзі өнерлі, өз дәуіріндегі көркем жазудың шебері, ақын болуымен қатар, өнер мен мәдениетті, сәулет өнері мен әдебиетті, өнерпаздарды қолдауға үлес қосқан саясаткер. Байсұңқардың саясаткер, билеуші ретінде атағының көп шыға қоймауының себебін кейбір зерттеушілер оның даңқты ағасы Ұлықбектің беделінің тасасында қалып қоюымен байланыстырады. Ол ағасы Ұлықбек сияқты Самарқандта билікке ие болмаса да, әкесінің оң қолы ретінде Һератта оған қызмет етті. Һижра қамари жыл санағы бойынша 813, милади жыл санағы бойынша 1410 жылы Шаһрух Мәуераннаһрдағы көтерілісті басу үшін жорыққа аттанған кезде Байсұңқар Һератта әкесінің орнында қалды. Билеуші деңгейіне жетпегенімен, әкесі Шаһрух Һератта жоқта үнемі оның орнын басып, еліне ие болды. Байсұңқар маңызды жорықтарға қатысқан. Ол әртүрлі шайқаста әкесінің қасынан табылған. Ақсақ Темір билігінің ең қауіпті дұшпандарымен соғысқа шыққан. Ол 1421 және 1429 жылдары солтүстік-батыста түркімендерге қарсы жорықтарда Шаһрухпен бірге жүрді. 1427 жылдың басында Ұлықбекті ойсырата жеңген Барақ Өзбекпен (туған жылы белгісіз, 1428 жылы қайтыс болды) солтүстік-шығысқа шайқасқа аттанды. Осы жылдың мамыр айында Барақты артқа шегіндіре салысымен, Байсұңқар Һератқа оралды. Оның себебі Ұлықбектің әкесінен оны қайтаруды өтінуінен болса керек. Зерттеушілердің пікіріне сай, ол Байсұңқар орнын тартып алады деп қорыққан сыңайлы.

Байсұңқар мырза Хорасан мен оның шығыс бөліктерінің билігіне жауапты болды. Темір билігі кезеңіндегі тарихшы Фасих Хафидің мәліметіне сәйкес, Байсұңқар он жеті жасында Тус пен Нишабур және Астарабадтың уәлиі болып тағайындалған. Шаһрухтың 1428 жылы Әзірбайжанға жасаған жорығында Байсұңқар маңызды рөл атқарды. Осы соғыстан қайтқан соң оның саяси қайраткерлігі де аяқталып, өнерге біржолата ден қойды.

Тарихшылардың деректері бойынша, оның саяси өмірімен байланысты қызық жәйт – әскери жорықтардан кейін Байсұңқардың еш жерге аялдамастан іле-шала Һератқа оралатындығында. Шежірешілер Байсұңқардың Һератта қалуға құштарлығының бір себебін осы қаладағы мәдени өмірдің өркендеуі және сұлтанның өнерге деген ықыласын сол қалада жүзеге асыруға мүмкіндіктің болуында деп санайды.

Ол әскери істерге қабілетімен әкесіне ел басқаруда көмегі зор болғанына қарамастан, өнерсүйгіш қасиеті әскери билікпен таразыға түскенде басымдық танытып, өнерді таңдады. Осылайша Байсұңқар мырза өмірінің қалған жылдарында саяси істерге араласпай, өнерде де әкесіне сенімді серік болып, осы саланы өркендетуге күш салды.

Тақ мұрагері дәрежесіне жетпегенімен, шарапқұмарлығы сияқты жағымсыз әдетін атамағанда, тарихшылар оның жағымды әрекеттері мен өркениетке қосқан үлесі үшін «патша», «сұлтан» және «тақ мұрагері» сияқты атақтармен ұлықтап, мадақтады. Байсұңқардың ана тілі Ақсақ Темір билігіндегі кезеңге тән шағатай тілі болды. Ол парсы және араб тілдерінде еркін сөйледі. Шаһзадаларға лайық өнер болмағанына қарамастан, өзі жетік тілдерде өлең жазып, ол заманда мадақпен ғана шектелмеген сарай ақындарының стиліндегі поэзияны жалғастырды.

Орта ғасырдың тарихшысы Доулатшаһ Самарқандидің тәзкересінде (шежіре) Байсұңқардың Самарқандтағы ағасы Ұлықбек пен Шираздағы бауыры Ыбырайыммен парсы өлеңі жайлы хат жазысқаны туралы азды-көпті мәлімет бар.

Ағасы Ұлықбек Гәнжелік Низамидің поэзиясын жақсы көрсе, Байсұңқар парсы поэзиясында үнді стилінің негізін қалаған Әмір Хұсрау Деһлевидің шығармашылығына құмартқандықтан оның барлық өлеңін жинақтауды мақсат еткен. Деһлеви өлеңінің жалпы саны жарты миллион деп естептелген. Алайда Байсұңқар ақынның 120 000 өлеңін жинап, жобаның жүзеге аспайтынын түсінгендіктен, жұмысты жалғастырудан бас тартқан.

Доулатшаһ Самарқанди «Тазкарат уш-шоара» еңбегінде Байсұңқарды сипаттағанда: «Кемел сұлулық иесі болды... Хосроу Парвизден кейінгі сұлтандардан Байсұңқар сұлтандай ешкім сауық-сайран құрып, сән-салтанатпен өмір сүрген жоқ. Түркіше (шағатай тілінде), парсыша өлеңді жақсы шығарып, түсінді; каллиграфияда  алты стильмен жазды» деді. Ол каллиграфияның алты стилінде «Шамс Байсұңқари» деп танымал болған Шамс ад-дин Мұхаммед ибн Хесам Һаравидің шәкірті болған. Парсы тарихшысы Хандмир (1475-1534) да: «Ол жүзінен сұлулығы тасыған, ізгі қасиеттер мен жоғары өнер-білімнің түр-түрін бойына жинаған, замандас тәж иелері ол паналатқан халықтың сарайында төменгі қатарда отырғандарын мақтаныш ететін патша болды» деп жазды.

Байсұңқардың Ақсақ Темір дәуірін-дегі өнер тарихындағы теңдессіз рөлі тарихшылардың еңбектерінен көп көрініс тапты.

Өзі нағыз өнерпаз болған Байсұңқар мырзаның даңқы саясаткерлік пен биліктен гөрі оның ғылым мен әдебиетке, өлең мен музыка, сурет, сәулет сияқты әсемдік өнерлеріне деген үлкен ықыласы мен құштарлығына, өнер иелерін жан-жақты әрі жомарт қолдауына байланысты. Ол өз заманындағы мықты шеберлерді сарайына алдырып, оларға шексіз демеушілік жасап, көркем жазу, кітап беттеу, безендіру, түптеу бойынша жасаған үздік, нәзік туындылары үшін ақыны аямай төледі. Тарихшы Доулатшаһ Самарқанди Байсұңқар мырзаны дәріптеп: «Өнерпаздарға қамқорлық жасадың, шайырларды жақсы көрдің, сән-салтанатқа ұмтылдың, талғампаз сұхбаттастарға ие болдың», - деді. Келесі тарихшы Абдураззақ Самарқанди (1413-1482) да: «Оның білім мен өнер иелерінің жағдайын жасайтын жақсы даңқы «жеті елдің»  төңірегі мен құрлық пен теңізге жетті. Білімді данышпандар мен шебер өнерпаздар әлемнің түкпір-түкпірінен мәртебелінің сарайына үмітпен ағылды» деп жазды. 

1420 жылы түркімендермен соғыстан оралған соң бейбітшілік талап еткен, қалаларды көркейту мен дамуға ықыласы ерекше болған, ғалымдарды қамқорлығына алған, кейін бұл жақсы дәстүрін ұрпағы жалғастырған әкесі Шаһрух екеуі атақты «Һерат мектебін» құрды. Сол жылы Байсұңқар Табризден өзімен бірге «насталиқ»  стилінің шебері Моулана Жапар Тәбризи мен тағы басқа мамандарды ертіп келді. 

«Һерат мектебі» – Ауғанстанның Һерат қаласында Ақсақ Темірдің ұрпағы Шаһрухтың билігі кезінде құрылған миниатюра стильдерінің бірі. Бұл мектептің тарихи кезеңі һижра жыл санағы бойынша 836-880 жылдарға, милади жыл санағы бойынша 1433-1476 жылдарға сәйкес келеді. Һерат стилі өзіндік сипатқа ие. Оның ерекшеліктерінің біріне Қытаймен байланыста елшілермен алмасу нәтижесінде енген қиыршығыс элементтерінің болуы жатады. Һерат суретшілерін Бейжіңге дипломатиялық миссиямен жібергені, әрі ол жақтан да өнерпаздардың келгені тарихтан белгілі.

Һераттың «Ақ бақ» сарайындағы кітапхананың өнер шеберханасында «Жапар Байсұңқари» деп танымал болған Моулана Жапар Табризидің басшылығымен сол уақыттағы атақты шеберлердің бір тобы көркем жазу, сурет өнері, кітап түптеу сияқты әртүрлі өнермен айналысты. Байсұңқар сұлтан мен оның бақылауында болған өнер шеберханасының атағы кітап безендіру ісімен қатты шықты. Олар «Байсұңқар Шаһнамасы», «Байсұңқар Құраны», «Кәлиле мен Демне», «Гүлстан» мен «Бустан», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты әдеби жауһарларды әсемдеп, безендірді. Осындай жауһарлардың жиынтығы өнер саласында «һерат стилін» қалыптастырып, танымал болды.

Байсұңқардың Һераттың Ақсақ Темір империясының мәдени орталығы ретінде қалыптасуына қосқан үлесін 1912 жылдың өзінде шығыстағы сурет өнері мен кітап безендіру бойынша ең беделді мамандардың бірі  доктор Ф.Р.Мартин мойындағанын Браун жазды: «Байсұңқар мырза мен Құсайын мырза Персия үшін 400 жылдан кейінгі Англиядағы Уильям Моррис (1834-1896) сияқты. Олар кітапта жаңа техника қалыптастырды. Бірақ олардікі шексіз артық болды: (оларға) ақсүйектік, мықтылық пен сәнділік тән. Кейбір сирек экземплярларды қоспағанда, еуропалық ең үздік кітаптар мен қолжазбалар әсемдік тұрғысынан Темір билігі заманындағы шығыс кітаптарымен салыстыруға тұрмайды».

Байсұңқардың осы салада атқарған жұмыстарының қатарында Фирдоусидің «Шаһнамасы» бар.

«Байсұңқар Шаһнамасы» – суреттермен безендірілген, көркемдік құндылығы тұрғысынан жоғары, Һерат стиліндегі 22 миниатюрадан тұратын көне нұсқа. Қолжазбаны жазу жұмыстары Байсұңқар Мырзаның бұйрығымен 1426 жылы басталып, 1430 жылы аяқталған. Бұл үлкен жобаға қажет Самарқанд қағазын өндіру үшін самарқандтық қағаз шығарушылар шақырылған. Парсы миниатюрасының жауһары саналатын ескерткіштің Ирандағы «Гүлстан» мұражай-сарайының кітапханасында сақталып келе жатқанына бүгінде 100 жылдан асты.

Құранның ең көркем қолжазбаларының бірі «Байсұңқар Құраны» деп аталады. Байсұңқардың ең маңызды еңбегі «мохаққақ»  стилінде жазылған «Байсұңқар Құраны» – Құранның алып қолжазбаларының бірі. Құран қолжазбасының әр парағының биіктігі – 180 см, ені – 105 см.

Бұл еңбектің кейбір парақтары бүгінде Иранның Машһад қаласындағы Астане Қодсе Разави кітапханасындағы Құран мұражайы мен Гүлстан мұражайы сарайының кітапханасында, Ұлттық кітапханасы мен тағы бірнеше мекенде сақталған.

Байсұңқар дайындатқан Құранның қолжазбасын жазған каллиграфтарға қатысты пікір әртүрлі. Авторы Қази Мир Ахмад  «Голестане Һонар» кітабына сәйкес, Байсұңқардың Құранын Омар Ақта жазған. Ол өз кітабында мынадай дерек келтірді: «Келесі танымал каллиграф – Омар Ақта. Оның оң қолы болмаған. Ол сол қолымен қағазға жазғанда көргендер таңданып, данышпандар оған қарауға тайсалды».

Шаһрухтен тараған Әмір Темірдің ұрпағы парсы өнері мен мәдениетіне қатты қолдау жасап, оның гүлденуіне үлкен үлес қосты. Бұл ретте Байсұңқардың өзі мен өнерсүйгіш әкесі Шаһрух және парасатты анасы Гауһаршад бегімнің еңбегі зор.

«Гауһаршад Аға» және «Маһдалие» деген атпен танымал Хорасанның ақсүйек әйелдерінің бірі Гауһаршад бегім (1378-1457) – Әмір Темірден кейін 43 жыл бойы Иран мен Ауғанстанның үлкен аймақтарын басқарған, 1405 жылы Темірлер билігінің астанасын Самарқандтан Һератқа көшірген Ақсақ Темір ұрпағы, саясаткер, сұлтан Шаһрухтың өте қуатты, қайырымды, ауқатты, сыпайы, өнер сүйгіш, дана әйелі болған.

Гауһаршад бегім күйеуі Шаһрух және балаларымен осы кезеңде өнер мен мәдениетті, ақындар мен өнерпаздарды, сәулетшілерді, көркем жазу шеберлері мен философтарды қолдау арқылы өнер Ренессансын тудырды. Классикалық парсы әдебиеті кезеңінің аяқтаушысы Әбдіррахман Жәми Гауһаршад бегім қолдаған ең танымал ақындардың бірі болды.

Иранның Машһад қаласында Гауһаршад бегімнің бұйрығы және қолдауымен һижра қамари жыл санағы бойынша 821 жылы, милади жыл санағы бойынша 1418 жылы мешіт салынды. Оның құрылысы он екі жылға созылды. Мешіттің оңтүстік ейванындағы  мозаикалық плиткалардың бетіне «Гауһаршад» есімін бегімнің ұлы Байсұңқар «сұлыс»  жазуымен жазды. Гауһаршад мешітіндегі келесі көркем жазбаны да Байсұңқар жазды. Кейін сол жазбамен мозаика плитканың беті нақышталды. Бұл Құран аяттарының жазбасы «куфи»  стилінде безендірілді. Тарихи жәдігер Гауһаршад мешітінің оңтүстік ейванында әлі сақталған. Оған «Байсұңқар бен Шаһрух бен Тимур Гуркани 821 ж» деп араб тілінде қол қойылған. Ол кезде Байсұңқар жиырма жаста болған.   

Байсұңқардың ғұмыры қысқа болды. Ол һижра қамари жыл санағы бойынша 837 жылы джумада әл-аууалдың жетісі күні, милади жыл санағы бойынша 1433 жылы Һератқа жақын жердегі «Ақ бақ» сарайында дүние салғанда небәрі 36 жаста еді. Оның денесі Һераттағы анасы салдырған «Гоуһаршад» медресесінің  ауласында жерленді.  

Байсұңқар мырза мен әкесі Шаһрух қалыптастырған өнер дәстүрі кейін Байсұңқардың үш ұлының үлкені Ала ад-Доуленің қолдауы және басшылығымен жалғасты.

2754 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз