• Ұлттану
  • 24 Тамыз, 2021

ҰЛТ БОЛМЫСЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,

қаламгер, гуманитарлық   ғылымдар магистрі

Девальвация қай кезеңде жүзеге асатын процесс екенін қазіргі қоғамның санасын тұрмыс билеген әрбір екінші мүшесі нақтылап айтып берері сөзсіз. Қаржылық құлдыраудың экономикалық индексі мен сандық коэффициенттері белгілі бір капиталистік құрылымдардың қозғалысы мен ішкі нарықтардың нормаларынан төменге сырғуынан болар. Ал санадағы құлдырау мен ұлттық болмыстың жаһандық жұтылумен, рухани жалмаудың алдында дәрменсіздік танытуы бір орасан олқылықтың барын айқын ұстатар көрсеткіш.

Мәдени ақпараттық экспансия әлем халқына тұс-тұстан, ту сыртынан, күні-түні қолындағы байланыс құралы арқылы арындап, ағындап төнуде. Теріс «рухани» шабуылға қоғамдық сана мен әлеуметтік пікір аяусыз ұшырап жатыр. Ділдің дертіне соқтыратын бұл кесапаттың себеп-салдары ұшан-теңіз. Тек ұлттың болмысыңдағы бірізділікті, бабаңнан генетикалық код арқылы тасымалданып келе жатқан мінез мінбері мен дара ерекшеліктерін аса қатты есеңгіреуге ұшыратпай сақтау – бүгінгі мемлекеттің идеологиясының тұтқасын ұстап отырғандардың басты міндеті. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында талай «рухани» шабуыл ұлттық сана-сезімге жармасып, жасалды. Ауылдан қалаға ағылған жұрттың ойындағы елең-алаң шақта өзге мәдениеттің біршама субъективті сұлбалары біздің болмысқа да біртіндеп жармасып, жұғып алды. Сынықтан басқаның бәрі жұғадыға теңейтін қазақ сақтануды әлімсақтан айтса да, бұл мәдени-рухани экспансияларға ұрынды. Санасын тұрмыс торлап, ауылдағы атамекенді қимай тастап, тастамаса нан табудың мұңы күн санап қиындап бара жатқан қоғамды қаланың капиталистік шеңгелі бір қысып, ақпараттық мылтықсыз майдан екі қысып, өң мен түсін түрге бөліп, басар қадамын қазықтарға көгендеп жіберді. Оған да жиырма жыл өтті. Бүгінде ел өз мәдениеті мен өзгенің тықпалап тастаған қаңсығының арасында арпалысып келеді. Біразын, байырғы ұлттық болмыс ұжданы қайта өзіне тартып, магниттік өрісінің өшпегенін ұқтырып, қайта жаңғырып, «рухани ренесанстық» күй кешіріп те жатыр. Бірақ, осындай жымысқы жасалған импорттық идеология ұлттық болмысты байырғы осінен тайдырып, тарихи транспартирлермен өлшеп, қалпына келтіруге кедергі жасап бағады. Сол сәттерде алдын алмаған бейқамдықтың өтеуі екі есе амалдың зорығуына әкеліп соқтырары тағы анық. Бірақ басқа амал да жоқ. Қайта тарихи тізбекті ұлттық саналарда жаңғыртып, жауланған ұлттық болмыстың территорияларын қайтарып алу мақсаты мен әрекеті бүгінгі әлеуметтің ең бірінші міндетіне айналуы керек.

Ұлттық сананы сақтау, «рухани» шабуылға ұрынған қоғам бөлігіндегі жауланған жерлерді азат ету, импорттық идеологияларға, ақпараттық экспансияларға өз өресіндегі өнімі арқылы қарсылық эффектілерін тірілту, рухани рэфлекстік қабілетін жаңғырту шаралары шұғыл қолға алынуы керек. Жоғары басшыдан «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақалаларының бағдарлама болып бүгінгі біздің қоғамға келуінің өзі осы біз атаған дүниелерге қамқорлықтың керек екендігіне үндеу, ұлт болып ұйысып, осы мәселелердің мазмұнын менмұңдалатпай анықтау еді. Көп нәрсенің басы айтылып, назарға салынып, жолына насихат тураланса да бергі жағындағы орындаушылардың олқылығынан орайын таппай жатыр. Көп дүние қағаздың деңгейінде, есеп берулердің есебіне жете алмай, ақ парақты тауысып, бәрі түгелдің төңірегінде қалып кетіп жатыр. Қоғаммен алтын көпір болатын орындаушы, атқарушы билік өкілдерінің осы Елбасы бағдарламасын шынайы жүзеге асыруға есеп беру деңгейінде ғана емес, бір-екі тарихи жерге он тарихшыны топтап жіберіп алып, суретін толтырып жинақ альбом шығарумен емес, форуым ұйымдастырып, жалаулатып даңғазамен емес, нақты идеологиялық импульсті анықтап алып, әлеуметті түгел қамтитын бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып енгенінде ғой деп, шартты райды шартсыз қолдана жазуға мәжбүрміз. Бөлінген қаражат жоқ емес, бар. Тек оны мірдің оғындай етіп, девальвацияға ұшырап бара жатқан ұлттық сана дертіне басына құлан-таза айықтырар дәрі тамызған жебедей дәл тигізетін амалдардың аздығы болып тұр. Бүгінгі қоғамға жоғары заманауи дәрежедегі инфрақұрылымнан өзге, ділдің дәрігерлерінің рухани рецептері де ауадай қажет. Рухани рецепт Елбасы мақалаларының бағдарлама ретінде жүзеге асуы-ақ болатын еді. Әр облыста осы жайттарды емдеумен тікелей айналысуы тиіс деп саналып бекітіліп, ашылған «Рухани жаңғыру» орталықтары бар. Ішкі саясат басқармаларының құзіретіндегі. Бірақ, олар алып ділдің диагностикалық орталығы емес, жәй бір елеусіз медбикесі табылмай тұрған амбулаториялық пункт деңгейінде ғана қалып кеткендей. «Рухани» шабуыл үдеп барады, бұрын жарақат алғандар ақпараттық асқыну алдында тұр. Бірақ, ділдің дертіне жедел-жәрдем көмегі де, рухани профилактикалық сауықтыру шаралары да уақытылы, өз деңгейінде жетіп жатыр ма екен. Оған қоғамның әлеуметтік әлпеті мен рухани ахуалы өлшем болады.

Біз нені ұмыттық, неге ұмтылдық, неден ұтылдық? Көбі аян, азы жұмбақ. Жұмбақты өз күйінде қоя тұрып, аян арналарды тексеру шарт. Шарттылық біздің қоғамның шашбауы секілді ұлдың тұлымы мен қыздың бұрымына бекітілмей кеткелі қашан. Әсілінде қазақ ұлттық болмысты бала бойында қалыптастырып, санасына жауқазындай егу процесін жүргізгенде көп дүниелерді жаппай қоғамдық шарттылықтармен жүзеге асырушы еді. Сол рухани, ділдік жалғастықтың біршама жерінің үзілуі сыртқы өнімдердің қаптап кетуіне себеп болды. Себеп осы, салдар анау, шешім мынау дейтін ұлттың болмысын сақтауға, сақтандыруға жан-тәнімен даяр пенделердің айтқаны жалпы қоғамдық қалып пен рухани иммундық жүйеге желім боп жабыс-пай тұр. Толғандыратын түйіткілдердің төрттағандап тұруы саналы жаратылыс, есті болмыс, ұлт санасына теперіш соққы. Ұлттық қасиет құндылықтарының құнсыздануы теңгенің қаражат тұрғысынан құнсыздануының көлеңкесінде қалып қоюы да мәселе мәнісін ұғындырып тұр. Жабайы капиталистік экономикалық ахуал бәсекелестікке емес, бақталастыққа апарар жол. Шынайы капитализм бұлай болмасы анық. Қазақтың төл теңгесінің өзі «тең» түбірінен шығып тұрғаны ешкімге мәнді емес болып қалды. Теңдік, тең, эквивалент мағынасын ғажап тауып, қолданысқа келген қаржылық-ұлттық символдың өзі құнсызданып кеткені нарықтық нормаларды қанағаттандырмауынан шығар. Оны экономистер айтар. Бірақ, оның мағыналық мән құнының айырмасының өзі алып ауқымды қамтып тұр. Тұрмыстық теңдікті қамтамасыз етуі керек құралдың, өзінің соңына әлеуметті түсіріп қоюының өзі тікелей теңсіздікке алып келеді. Демек, аты затын ақтап тұрған жоқ. Жалпы атасы мен төркіні, этимологиясы сонау тотемдік түсінікке тірелетін ұғымнан шыққаны жасырын емес. Жә, ол бөлек әңгіме астары, біз тек құнсыздану тұрғысынан ұлтқа сәл жанасар тұсын топшылап өттік.Девальвацияға ұшырамаған қазақтың сенгіштігі ғана шығар. Осы сенгіштік талай рухани рэкеттердің реконструцияларына реакция білдірмей сапарына бағдар беріп, межелеген бағытына сәттілік тілеумен шығарып салып жүрді. Әлі де импорттық идеологиялар мен бейтаныс психологиялық  иірімдердің әпсаналары мен ертегілеріне сену аз кездеспейді. Өз болмысымыздағы құнды қасиеттер шоғыры, ұлт ретінде қалыптасқан брендтік болмыс бірізділігін сақтау осы заманның күн сайын түгендеп, сәт сайын қадағалайтын нормасы болуы керек-ақ. Көп дүние атқарушы билікке байланысты амалдар. Осындай ұлт болмысына кезек күттірмей ділдің дәрумендерімен демеушілік жасап, жаңғыртып, жаңашылдыққа сана тұтастығының түгел жұтылып кетпеуін қадағалау сол мінбердің міндетінен тарайтын тұжырым.

Ұлттық болмысты құнсыздандырып алу өзге жұрт түгілі, социум шеңберінде жүріп сыртқы экспансиялық руханиятты азық тұтар топтың байырғы сана қатпарына ашық қарсылық танытуы да мүмкін. Одан дүдәмал пікірлердің көбеюі пайда болады. Сонау іргетасындағы ұлттық код жаныштала бергеннен, жаһандық төрт құбыласы тең тұлғаның қалыптасуы екі талай. Ұлттық негізді бойына сіңірген, этноинтелектісі рухани қабаттармен қорғалған, адамзаттық болмыс тұжырымға да құрметпен мән беретін пендеден аталмыш тұлғаның жасалуы бек мүмкін. Негізден ажырап, ұлттық санадан алыстап қалу қандай межелі бағытқа апарарын болжау қиын емес. Жаһандық руханият майданы мылтықсыз арпалысқан ақпараттық арпалыс заманында өз ата-тегіңнің құндылығына темірқазықтай бастап апаратын жарық жұлдыз – тіл мен діл, ұлттық тәрбие, мәдени мұра. Заманауи қарыштап дамып жатқан, әлемдік деңгейдегі технологиялық прогреске де ұлт болып ілес, жақсысын ал, отандықта ғалымдардың өндіріске үлесін дамыт, қолда, оған ешқандай дау да, күмән да жоқ. Бірақ, ұлттық құндылықтарды құнсыздандырып алмау – бүгінгі шарт. Ұлт ретінде болмысты сақтап қалу қарынның қамынан да қымбат дүние. Жабайы капитализмнің бүгінгі қағидалары қарынның қамына ғана бас-тайтын жағдайларды көбейтіп барады. Сананы шынайы тұрмыс биледі деген осы болар, мүмкін. Бар уақыт теңге тауып, ұрпақты асырауға арналуда. Одан өзге амал болса, жасар еді. Теңге тұрмысты тең ұстауға қауқары жеткенше, ұлттық болмыстың қанша қалыбы өзгеріске ұшырар екен...

2628 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз