• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Исатай СМАТОВ,

Маңғыстау облыстық сотының

әкімшілік істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бөлімінде: «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіп-сіздігін күшейтудің негізгі факторы» деп атап өткен болатын. Сонымен қатар «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жолдауында да сот саласының жұмысын ілгерлету, яғни, реформалау мәселесіне арнап: «Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек» деп нақты айтты. Осы орайда біз Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Исатай Маратұлы Сматовпен сот саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар мен өзгерістер жөнінде сұхбаттасқан едік.

Исатай Маратұлы, соңғы бірнеше жылда еліміздің сот саласын реформалау ісіне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Мұндағы негізгі мақсат – сот жұмысының тиімділігін арттырып, халықтың сот саласына деген сенімін күшейту. Қазіргі таңда осы реформалық бастамалардың барлығы да өз нәтижесін бере бастағанын байқау қиын емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сот төрелігіне жүгінетін азаматтардың қатары бұрынғы уақыттармен салыстырғанда едәуір өскендігі мәлім. Алғашқы сауалымызды сот саласында енгізіліп жатқан жаңашылдықтардан бастасақ...

– Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басты бағыт ретінде ұстана отырып,  сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында «Сот төрелігінің жеті түйіні» атты жеті басымдықты құрайтын міндеттерді айқындады. Олар: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-сот», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы». Осы жеті басымдықтың әрқайсысы сот саласы жұмысының тиімділігін арттыруға, оларды заманауи тұрғыдан дамытуға бағытталған деп айтуға толық негіз бар. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде сот саласында елеулі өзгерістер орын алып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2019 жылы алғашқы Жолдауында азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігін айтқан болатын. Президент тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты қандай шаралар атқарылуда?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында сот саласының жұмысын әрі қарай дамыту жөнінде нақты міндеттер айқындалған. Бүгінде Президент белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар орындалуда. Атап айтар болсақ, азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында 1 шілде 2021 жылдан бастап жаңа Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіліп, рес-публикамызда 21 жаңа мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар, сондай-ақ, облыстық соттарда және оған теңестірілген қалалық соттарда әкімшілік істер жөніндегі алқалар жұмысын бастады.

Қазақстанда бұған дейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің 3 түрі қарастырылған болса, енді төртінші түрі – билік органдарымен дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет құрылымы іске қосылды. 

Әкімшілік соттардың құрылуына рес-публикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінген жоқ және соттардың жалпы штаттық саны өзгерген жоқ. Әкімшілік соттардың құрамы басқа соттардың судьяларының штаттық құрамын азайту, сол сияқты жаңа соттардың ғимараты, жабдықталуы, түрлі шығындардың барлығы бюджетті оңтайландыру арқылы жүргізілді.

Сот жүйесінде енгізілген электрондық қызметтер қаншалықты тиімді?

– Өзіміз тілге тиек етіп отырған элек-трондық қызметтер мен қазіргі заманғы технологиялар сот ісін жүргізуді оңайлатып, кедергілерді жоюға мүмкіндік берді. Әсіресе, карантин кезінде міндетімізді абыроймен атқарып шығуға оң әсерін тигізді. Сондықтан, әлі де болса осы салада заманауи технологияларды қолдануды арттырып, олардың жұмысын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жаңашылдықтар халықтың сот төрелігіне қолжетімділігін жоғарылатып, халық пен сот арасын жақындата түсер деген сенім мол.

Халық әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, өздеріне қажет  қызметтерді онлайн алып, цифрлы жүйенің қолжетімділік ауқымы кеңейгенін айта кеткеніміз жөн. Әсіресе, сот саласының цифрлы технологияларға жедел түрде бет бұруы, сот пен халықтың арасын жақындата түсіп, карантиндік кезеңде де сот отырыстарының кейінге шегерілмей дер кезінде сот шешімдерін шығарып отыруына жол ашты. Сот саласындағы енгізілген құқықтық реформалардың қай қайсысы болмасын сала жұмысын жеңілдетіп, оң әсерін берді. Сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру сот қызметінің басты мақсаты екенін ескерсек, елді әбігерге салған карантиндік кезеңде де сот қызметінің жүрісінен жаңылмауы аталған саланың заман сұранысына сай толық бейімделіп үлгергенін аңғартса керек. Сондықтан, сот жүйесінің дер кезінде заманауи технологияларға бет бұруының игілігін пандемиялық кезеңде анық сезіндік деп айта аламыз.

Пандемия, карантиндік шектеулерге байлайнысты сот процестері онлайн режімде де жүзеге аса бастағанын жақсы білеміз. Осы жөнінде айтып берсеңіз...

– Жоғарыда тоқталып өткен жеті басым-дықтың ішіндегі «Е-СОТ» немесе  «SMART SOT» іске қосылған. Аталған бағытта автоматтандырылған электронды сот өндірісі қолға алынды. Ең алдымен қолданыстағы  «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі негізінде барлық іс жүргізу жұмыстары электронды түрде жүзеге асырылады. Яғни, тараптардың талап арыздары мен өтініш-тілектері  электронды түрде тапсырылады. Сот отырыстары дыбыс-бейнетаспаға жазылып,  жазбаша хаттама электронды хаттамамен алмастырылды. Денсаулық жағдайына немесе өзге де тұрмыс-тіршілігіне байланысты сот отырысына келе алмаған шалғай елді мекендердегі тараптар, олардың заңды өкілдері процеске қашықтан қатысу мүмкіндігіне ие болды. Процестер бейне конференц байланыс арқылы өтеді. Мұның барлығы азаматтар үшін қолайлы болып отыр. Жаңа реформалардың арқасында кез келген азамат еш шығынсыз, уақытын үнемдей отырып, сот отырыстарына қатыса алады.

Қаралған істер бойынша сот отырыстарын онлайн тәртібінде  өткізу – ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығына деген қауіпті барынша сейілтуге, іс жүргізуге қатысушылардың қаржылық шығындарын  азайтуға, төтенше жағдайға байланысты іс жүргізуге қатысушылардың келмегені үшін тағайындалған сот отырыстарын кейінге қалдырмай, уақытылы қарауға мүмкіндік берді.

Бұл жерде айта кететін мәселе, сот отырыстары қолданыстағы заң нормаларына сәйкес әдеттегідей жағдайда қаралады. Сот отырысы кезінде техникалық ақауларды болдырмау мақсатында сот мамандары алдын ала, дыбыс құрылғыларын тексеріп, қатысушыларға «TrueConf» бағдарламасының пайдаланылуын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қатысушылардың онлайн режимде сот отырысына қатысуы кезінде олардың басқа қатысушыларды жақсы естуі және көруі қамтамасыз етіледі және оларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, сот отырысы ойдағыдай өткізіледі.

Мұндай жаңашылдықтың кері әсері жоқ деп ойлаймын, себебі сот процестерін виртуалды өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жойып, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдеп, сот төрелігіне шексіз және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Әрине, онлайн процесс өткізу уақытша құбылыс болар, дегенмен, қоғамда сенімсіздік тудырмау үшін әлі де не істеуге болады? Осы тұрғыдағы ойыңызды білсек..

– Сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі – бүгінгі күннің талабы.  Кейінгі жылдары сот саласында кеңінен қолданыстағы «Сот кабинеті, «Төрелік», «Талдау форумы», «Ахуалдық орталық», АВФ, ВКС ақпараттық сервистері, электронды сенімхат, мемлекеттік баж салығын төлеу функциялары, «Цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында «Ұлт жоспары –  100 нақты қадам» жобасы бойынша сот жүйесінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, өзінің мақсатына жетті деп айтсақ қателеспейміз.

Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін, жаңадан ашылған әкімшілік соттардың ерекшелігі туралы айтып берсеңіз.            

– Жаңадан ашылған әкімшілік соттарды республикамызда бұрыннан жұмыс жасап жатқан әкімшілік соттармен шатастырмаған жөн. Себебі,  бұрыннан жұмыс жасап жатқан әкімшілік соттар – әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын. Бүгінгі күні бұл соттардың атауы тиісінше өзгертілді. Ал жаңадан ашылған әкімшілік соттар, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды.

Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар дегеніміз азаматтар мен кәсіпкерлердің әкімшілік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты туындаған даулар. Жария-құқықтық қатынастар ретінде айқындалатын жаңа Кодекс аясында мемлекеттік орган жеке және заңды тұлғаларға қарсы талап арыз бере алмайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтар мен заңды тұлғалардың өздеріне қатысты әкімшілік құзыретке ие органдарға, билікке қарсы талаптарын қарауды реттейді.

Бұл жерде әкімшілік органдар дегеніміз тек мемлекеттік органдар емес, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік заңды тұлғалар,адвокаттар алқасы, нотариустар мен сот орындаушылар да бар. Себебі олардың шығарған актілері де мемлекеттік заң күші бар құжат болып табылады. Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар жүзеге асырады. Сонымен қатар, талап қоюшының таңдауы бойынша келесі шарттар сақталған жағдайда жалпы юридикциядағы соттармен қаралуы мүмкін. Сақталуға жататын міндетті шарттар бұл: талап қоюшының соттылық туралы арызы; талап қоюшы жеке тұлға және оның арызы кәсіпкерлік қызметімен байланысты емес болуы; талап қоюшы мамандандырылған әкімшілік соттар құрылған қала, облыс орталығында тұрмауы болып табылады.

Сонымен қатар, әкімшілік органдардың шешімдерімен, әрекеттері немесе әрекетсіздігімен келтірілген зиянды өндіріп алу туралы талаптарды да әкімшілік соттар қарайды. 

Сот саласындағы статистикаға назар аударсақ, елімізде жария-құқықтық даулардың жыл сайын артып келе жатқанын байқаймыз.  Бірақ ол даулардың 80 пайызынан аса бөлігінде әкімшілік органдар басым түсіп жатады. Азаматтардың тарапынан бұл қаншалықты заңды деген сауал туындайды ғой...

– Бұлай болуы заңды құбылыс. Өйткені, бұған дейін осы дауларды реттейтін Азаматтық процестік кодексте сот екі тарапқа тең қарайды. Кімнің дәлелі анық әрі көп болса, сот соның пайдасына шешім шығарады. Ал өз заңгері бар, кеңесшілері бар, сот практикасын көрген әкімшілік органдар қарапайым азаматтарға қарағанда барлық жағынан басымдықтарға ие болуы да түсінікті. Өйткені, бұл жеке және заңды тұлғалар осы қарсылықта әлсіз тарап болып отыр. О баста Кодексті қабылдаудағы негізгі мақсат аталған тараптардың теңсіздігін жою болатын.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, жалпы, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, әкімшілік рәсімдер, әкімшілік сот ісін жүргізу секілді төрт бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім – заңнаманың мақсатын, онда көрініс тапқан ұғымдарды қамтыса, екінші бөлім – мемлекеттік органдар ішіндегі әкімшілік іс жүргізуге, үшінші бөлім – сотқа дейін уәкілетті әкімшілік органдармен әкімшілік іс жүргізуге арналған. Ал төртінші бөлім – сот ісін жүргізуге бағытталған.  Айта кету керек, кодекс күшіне енгеннен кейін, Қазақстан Республикасының 27 қараша 2000 жылғы «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаң-тардағы Қазақстан Республикасының Заңы,Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27, 28, 29-бөлімдері  де жаңа кодекске өтіп, 1 шілдеден бастап күшін жойды.

Кодекс тараптардың қоғамдық-құқықтық даулар бойынша қатынастарын және  әкімшілік процедураның өзін реттейді, сәйкесінше соттар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдар да әкімшілік кодекске бағынады.

Жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту – әкімшілік рәсімдердің міндеттері болып табылады.

Өз кезегінде, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізудің қандай қағидаттары бар?

– Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады: заңдылық; әділдік; құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау; мөлшерлестік; әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері; құқықтар басымдығының қағидаты; сенім құқығын қорғау; формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу; анықтық презумпциясы;соттың белсенді рөлі; әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі; сот актілерінің міндеттілігі.

Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр ма?

– Иә, судьяның белсенді рөлі бар. Бұл дегеніміз судья азаматтың талап арызын қалыптастыруға, дұрыстауға, әкімшілік процеске қатысушылардың ұсынған дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, өз еркімен қажет деп санаған дәлелдемелерді жинауға, әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Бұрынғы процессуалдық заң бойынша судьяға ондай құқық берілмеді ғой.

– Дұрыс айттыңыз, судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын. Судья сот процесінде өзінің алдын ала пікірін айтатын болса тараптар дұрыс дайындалып, қосымша мәліметтерді толық ұсынатын болады. Бұл процестің сапалы жүріп, онда қабылданатын ақырғы шешімнің дұрыс қабылдануына оң ықпал ететініне сенеміз. Өйткені, тараптар жобамен процестің бағытын біліп отырады.

Кодекстің тағы да қандай ерекшелігін атап айтар едіңіз?

– Кодекстің тағы бір ерекшелігі «сот талқылауының қисынды мерзімі» деген қағидаттың енгізілуі. Қазір әр істі қараудың өзіндік мерзімі бар. Судьяның істі қарау мерзімін бұзуына жол берілмейді. Іс сапалы қаралуы үшін және азаматтардың заңды мүдделері бұзылмауы үшін Кодексте қисынды ретінде максималды 6 ай шекті мерзім ұсынылған. Яғни, істің құқықтық және нақты күрделілігі, процеске қатысушылардың тәртібі, істі жедел қараудағы судья әрекетінің процессуалдық жеткіліктілігі мен тиімділігі жағдайларына қарай отырып, кей істер  1-2 отырыстан бітуі мүмкін. Кей істер ұзақ мерзімді қажет етуі мүмкін.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданыла ма?

– Eгер де жаңа Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады. Осы ретте жаңа кодексте көзделген жекелеген айырмашылықтарға тоқталып кеткім келеді.

Талап арыз тіркелген сәттен бастап әкімшілік іс қозғалған болып есептеледі. Талап арызды сот өндірісіне қабылдау және әкімшілік істі қозғау туралы ұйғарымдарды шығару қажет емес. Талап арыз заңда көзделген негіздермен кері қайтарылуы мүмкін. Дегенмен, талап арызды қабылдаудан бас тарту, қараусыз қалдыру және істі сот өндірісімен қысқарту кодекс-пен көзделмеген. Шағым беру әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің орындалуын тоқтата тұрады. Бірақ, жауапкер дау айтылатын әкімшілік актіні дереу қолданысқа енгізу қажеттігі туралы уәжді өтініш хатпен жүгінуге құқылы. Мұндай өтінішхат әкімшілік процестің кез келген сатысында мәлімделуі мүмкін және судья оны талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы қағидаларға сәйкес қарайды.

Сот шешімінің орындалуын бақылау сотпен жүзеге асырылады. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер сот шешімінде белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, бірінші сатыдағы сот заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу процестік мәжбүрлеу шараларымен қатар ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасы көзделген.

Ақшалай өндіріп алу туралы кеңірек тоқталып кетсеңіз. Өйткені осы сауал азаматтар тарапынан жиі қойылатыны жасырын емес.

– Ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасын бұрын соңды кез келген сот ісін жүргізу кезінде қолдану заңмен көзделмеген болатын. Бұл мәжбүрлеу шарасы әкімшілік іс жүргізу барысында әкімшілік органдардың орындаушылық және жауапкершілік тәртібін ұлғайтатын болады.

Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.

Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау кезінде өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамды алдын-ала хабарлай отырып, сот отырысында жүргізіледі, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады.

    Ақшалай өндіріп алу:

 – сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға 10 а.е.к. мөлшерінде;

 – соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны үшін 20 а.е.к дейінге мөлшерінде;

 – соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін 50 а.е.к мөлшерінде қолданады.

Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.

–  Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы ма?

– Құқылы. Арыз иесін шақырта отырып сот отырысында қаралады. Ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот ұйғарымның орындалуын кейінге қалдыруға немесе екі айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы. Сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.

Мысалы, сот шешімін орындамаған үшін 50 а.е.к. мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға соттың талаптарын орындамаса, сот оған он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.

Сот саласына енгізілген «Татуластыру рәсімдері», медиацияның рөлі қандай?

– Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітуден бас тартады. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.

Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастыратыны туралы айтылып жүр. Осы жөнінде пікіріңіз қандай?

– Бұл мысалдар жаңа Заңның гуманитаралық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұған дәлел, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бірінші қадамы, алғашқы ісі тараптардың арасында медиация келісімімен бекіту арқалы аяқталды. Судьяның әкімшілік іс бойынша құқықтық пікірін білдіруі, тараптарды алдын ала тыңдау барысында бітімге алып келді.   Дегенмен ескерген жөн, салық және кеден саласындағы даулар бойынша, олар императивті сипатта болғандықтан, әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғаларға  әкімшілік қалауы бойынша татуластыру рәсімдерін қолдануға жол берілмейді. Мысалы,  салықтардың төленбеген сомасы үшін алынатын салықтар сомасы және сыйақы мөлшеріндегі бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді азайтуға, сонымен қатар сыйақы төлеуден босатуға болмайды.

Құрметті Исатай Маратұлы, сұхбатыңызда сот саласындағы бірқатар мәселелерді жан-жақты түсіндіріп бергеніңізге алғысымызды білдіреміз! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

– Сіздерге де рахмет!

Сұхбаттасқан

Азамат ОМАРОВ,

«Ақиқат» журналы

***

Исатай Маратұлы 1978 жылы Қызылорда өңірінде дүниеге келген, ұлты қазақ, білімі жоғары, заң ғылымының кандидаты. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. 1995-1997 жылдары АҚШ-тың «Bradford College» және «University of Tulsa» оқу орындарында, 2017 жылы «Болашақ» оқу бағдарламасы бойынша «INTO City University of London» Ұлыбритания, Лондон қаласында білім алған. Алғашқы еңбек жолын прокуратура органынан бастап, Қызылорда қалалық және облыстық прокуратураларында қызмет жасаған. Қызылорда қалалық сотының  судьясы (2006-2008 ж.), Қызылорда қаласының  мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы (2008-2014 ж). 2014 жылдан Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2020 жылдан бастап осы күнге дейін  Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болған. ҚР Президентінің 28 маусым 2021 жылғы 607 Жарлығымен  Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік  істер жөніндегі  сот алқасының төрағасы болып тағайындалды. Бірнеше рет ҚР Судьялар Одағының филиалдарында төрағалық қызмет атқарған. ҚР Жоғарғы Соты мен Судьялар Одағының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. ҚР Судьялар Одағының «Үш би» құрмет белгісінің иегері.

1406 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз