• Ұлттану
  • 24 Тамыз, 2021

АСЫЛ ҚҰБЫЛАМЫЗ – ШЫҒЫС БОЛУЫ КЕРЕК

Асан ОМАРОВ, абайтанушы

        Қазақта: «Екі кемені ұстаған адам суға кетеді» деген мақал бар. Соған сәйкес әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі соңына қарай Абай:

                                    Ғылымды іздеп,

                                    Дүниені көздеп,

                                   Екі жаққа үңілдім.

                                   ...Екі кеме құйрығын –

                                   Ұста, жетсе бұйрығың!  – дейді.

Бұл арада ойшыл «Бөтенге еліктеуден қаш, өз жолыңды тап, жазмыш бұйрығы сол!»  деген ой тастаған. Өйткені, екі кемені ұстау соңы – трагедия. Қазақ деген діні, жері, тарихы, дәстүрі һәм менталитеті – Шығыстық халық. Азия топырағынанбыз. Бірақ, өзіңіз де білесіз, киген киім, жүрген жүріс, алған білім, ойлау жүйесі, істеген іс – бәрі-бәрі Батыстікі. Көңілді күпті қылатын тап осы екіұдайылық. Өз білуімше, екі кемені ұстағандық, бірінші кезекте, қамсыздық һәм көзсіз еліктеушілік салдары. Екіншіден, стратегиялық құбыламыз Батыс па, әлде Шығыс па? деген мәселені анықтап алсақ құба-құп. Төменде Абай ілімдеріне сүйене отырып, өзара тығыз байланысты екі мәселе төңірегінде ой-пікірлерімізді ортаға салғанды жөн көрдік.

Еліктеушілік –

орға жығатын оғаттық

Еліктеушілік (өзгенікіне әуестік), қоғамдық тұрғыдан алғанда, өзіне деген сенімі жоғалған ұлтқа тән мінездің бірі. Мұндай ұлттың өкілі өзінің тілін, мәдениетін төмен санамақ. Ой-санасына менсінбейтін «вирус» ұялап алмақ. Бұл озық, өркениетті елдерге аян нәрсе, сондықтан соқыр еліктеуден ат-тонын ала қашады. Олар өнер, кәсіп, тәрбие беру, мейлі, ғылым дейік, міндетті түрде дара соқпағын салып, тек өз жолымен жүруге бейілді.

 Әрнеге еліктеу һәм қызықпақтық – адамның табиғатында бар нәрсе. Бұл туралы Абай былай дейді: «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. ...Сонда есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен» (15-сөз).

Көріп отырмыз, Абай жеке адамдарды, яғни есті кісі мен есер кісіні салыстырған. Бірақ бұл сөзі бүкіл қоғамға да қатысты. Өзінің қайраты мен ақылына сенген, өсетін есті ұлт – дамуының дұрыс бағытына түседі. Әрнеге  құмар, еліктегіш, сол себепті өспейтін ұлт – алтын уақытын баянсыз, бағасыз нәрсеге жұмсап, ақыр соңында зор өкініште қалары айтпасақ та түсінікті.

Тереңдей түсейік. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде адамдықтың тамыры – «үш сүю» ілімі екенін ұқтыра келе, кемеңгер:

Осыларды бұзатын және үш іс бар:      Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, –деп ескерткен.

Бұл жерде «әуесқой» дегені – сөз болып отырған еліктеушілік һәм әрнеге қызықпақтық. Ол – жасандылыққа ұрындыратын пәленің бірі.

  Кәне, осы айтылған үш дұшпаннан (пайда, мақтан, әуесқой) шошыдық па? Бұлай деп мақтана алмаймыз. Шыны керек, білім саласын жаулаған реформалар секілді  еліктеудің түр-түрінен көз ашпадық. Израиль мемлекеті құм басқан шөл далада ауыл шаруашылығын гүлдендіріп отыр. Міне – ғылымның құдіреті. Биылғы қуаңшылық, турасын айтқанда, келе жатқан жұт Жаратқан Иеміздің ата кәсіпті ардақта,  өңір-өңірге қажетті ғылымға көңіл бөл, тек өз күшіңе сен деген ескертуі есепті. Қабылдасақ, сабақ алсақ, кәне.        

Сонымен, әсіре еліктеушілік, яғни фәни дүние жарқылына алдану, ақылдың көзін байлау жақсылыққа апармайды. Айтылмыш мінезден арылу амалы – «әсемпаз болмай әрнеге» ұлттың өзіндік жолын тауып, төл кәсібін, өнерін дамытуда болса керек.  Үш сүю (ар мен имандылық) тұнығын бұзатын үш оғаттың бірі – әуесқойлық (еліктеушілік) деген Абай ескертпесін қаперге алатын уақыт жетті.

                      

Адастырмас құбыланы – Шығыстан іздейік

 Ұлт болмысы сақталуы үшін қайтпек керек? Стратегиялық құбыламыз Батыс па, әлде Шығыс па? Енді осы мәселеге көшейік. Ұлт дамуының дұрыс бағытын іздестіру – дүниетанымдық мәселе. Дамудың құбыласын білудің жөні ерекше, дүниеде тиетін пайдасы зор. Абай: «Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», –  деп осыны айтқан.

Жә деп, Батыс пен Шығысқа үңілейік. Олардың айырмасы неде? Өркениеттің қос жағалауы несімен бөлек? Абайды қатты қызықтырған бұл мәселе әлі күнге ескірген жоқ, керісінше, өзектілігі арта түсуде.

Қазақ зиялы қауымы әлі күнге Батыс әлеміне бас иіп, оған табынып келеді. Өйткені, Батыс демократияның үлгісі және адамның заңмен қорғалу деңгейі керемет. Осы заманғы өркениеттің локомотиві екені сөзсіз. Әділі керек, жастық шағында Абай да  «Күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті» деп Батысқа таңырқап, оның ғылымынан үйренген, өнеріне еліктеген еді. Бұл – 1879-1883 жылдар оқиғасы (осы бес жылда Абай Семей шаһарына жиі қатынаған, 12 үлкен іспен тергелуіне орай, шаһарда айлап жатуға тура келген).

1885 жылы Семейге келген американдық саяхатшы Джордж Кеннан Абай Семей кітапханасындағы ғылыми-танымдық әдебиетті құныға оқыды, түгесті дегенді естіп, таң-тамаша қалған. Абайдың меңгергені –  Аристотель, Сок-раттан бастап, бертінгі Бокль, Милль, Дрэпер сынды ғалымдар жазған кілең философия, социология ілімдері. «Сибирь и ссылка» атты кітабында Кеннан дедукция мен индукция мәселесін көтерген  Абайды сүйсіне жазады.

 Абай жазған алғашқы екі поэма («Әзім әңгімесі» және «Масғұт») Пушкинге еліктегендік, ал тырнақалды екі мысал өлеңі («Лашын мен шымшық», «Есек») Крыловтан алынған үлгі. Көркем әдебиеттен бөлек, Михаэлис, Гросс, Блэк, Долгополов, Лобановский, Коншин секілді Семейге жер аударылып, жазасын өтеуге келген орыс достары да ой өрісін кеңейтті.

Дей тұрсақ та, жігіт ағасы Абай Батысқа мойынсұнған, оған еліктеген кезең ұзаққа бармады. Рухани жетілу, толысуының келесі сатысына шыққан соң, ойшыл ақын Батыстың ғылымы жаратылыстану (өз сөзінше «дүниені танымақтық») шеңберінде қалып қалғанына, сол себепті Еуропаның дамуы  сыңаржақ екеніне көз жеткізеді. Бұл өркениет алды тығырық екенін көре біледі. Онан рухани қазына таба алмай, Шығысқа қайтадан үңіледі. Көңілі шарқ ұрып іздеген ой өрісін, толық ғылымды сонан табатын болады.

Сөйтіп, 1894-1895 жылдары Абайдың «Күн батысы күн шығыс, күн шығысы күн батыс болып» Шығыс қайнарымен қайыра қауышқаны анық. Тәңіріні тануға құлшынысы және «Толық адам» ілімін қолға алуы соның айқын дәлелі.  Естеліктерден мәлім, медреседе бірге оқыған, көбісі есейгенде Семейдің мешіт-медресесінде ишан, имам, молда болып қызмет еткен, Кәмәли бастатқан татар достарымен Абай ешқашанда қарым-қатынасын үзген емес. Шыны сол, ол күнде медресе сөрелерінде сан алуан әдебиеттер иін тіресіп тұрды. Құран және шариғат кітаптары өз алдына, сонымен қатар, Қазан баспасынан жарық көрген реформатор тұлға Шаһабуддин Маржанидің «Уафит әл-әссәләф» («Өткен бабалар өмірінен») деген жеті томдық кітабы сияқты әдебиеттермен дәйім толығып отырды. Абай кітапханасы, ақын нәр алған Шығыс қайнары дегенде осы жағдайды ұмытпай ескеру керек. Сонымен, Батыс ғылыми-техникалық прогресске қалай жол салса, солай сананы нәпсі (өзімшілдік, тұтынушылық) билеуіне айқара жол ашты. Рухани қазына жұтады. Сол себепті Абай ол жағалаудан көңілін суытты. 

Айтпағым ұғынықты болу үшін «Батыс пен Шығыстың айырмасы неде? Екі жақтың танымдық тәсілдері несімен бөлек?» деген мәселеге көшейік. Шығыстың танымдық тәсілі – жоғарыдан төменге қарай. Адамның Алланы тануы, онан соң өзін тануы, онан соң дүниені тануы деген реттілік бар. Адамның аты адам болуы, яғни өмірде адаспауы ғылым-білімді осылай саты-сатылап үйренуіне тәуелді екенін Абай 38-сөзінің кіріспесінде қадап айтқан. Бұл тәсіл ғылымда «дедукция» делінеді. Адамзат дамуының дұрыс бағытта және орнықты болуының кепілі – осы дедукциялық таным.  

 Батыс әлемі ше десеңіз, Еуропада бес ғасыр бұрын «Қайта өрлеу» атты зор бетбұрыс болған-ды. Ол бойынша батыс ғалымдары «индукция» дейтін (төменнен жоғары қарай, яки объективті дүниені зерттеушілік) танымдық тәсіл сорабына ауысты. Оның жақсы жағы – фәни дүние сырына қанықты. Бүгінгі таңғажайып материалдық гүлдену соның арқасы. Алайда Құдайды ұмытты. Абай қойған: «Ғылым, өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға (Құдай заңына) муафих (сәйкес) болсын» деген талап жайына қалды. Жаратқан Ие мен адамдар арасындағы нәзік байланыс, яғни әлемдік гармония заңдылығы бүлінді. Адамның мәні – жан, рух екені ескерілмеді. Еуропа материалистік деңгейге құлдырады. Қазақы түрде айтсақ, жетелеуші жоқ – «жетесіз» қалды.

 Қорыта келгенде, Батыс дүниенің көрінген сырына, Шығыс дүниенің көрінбеген сырына жүйрік. Осыменен ерекшеленеді. Батыс әлемінде сананы нәпсінің билеуі, Шығыста тұрмысқа сананың қожа болуы содан. Яғни сана деңгейі әртүрлі. Батыста – ақыл деңгейінде заң арқылы қалыптасқан сана, Шығыста – ақылға жүрек сенімі қосылған сана басым. Принциптік өзгешелік осы арада.

 Қазіргі таңда кісілік бірте-бірте алыстап барады. Оның жалғыз себебі –  жан тәннен жеңілді. Тепе-теңдік жойылды. Шәкәрімге жүгінейік:

  Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы,

  Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?

  Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма

  Жоғарғы кереметті неше қилы?      

Бүгінгі күннің шындығы – жарқыраған материалдық прогреске бола, жанды тәннің құлы еттік. Дінсіздік (жан жоқ деушілік) жайлап алды. Құдайшылық (жүректегі иман) кетіп, үстіңгі қабаты – адамшылық (мораль, этика деп ұғыңыз) қана қалды. «Адам немене?» өлеңінде тағы Шәкәрім:                

Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,

Бірін бірі шұқылап қылды жауыр.

Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,

Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.

Еуропа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан ол да мүлде, – дейді. Бір ғасыр өтті, ахуал өзгерді ме? Өзгерген жоқ, осы заманғы өркениет онан әрмән тығырыққа әкеп тіреді. Заман ақыр белгісі көп. Құдайшылықтан ада, тек адамның заңымен өмір сүруге мүдделі өркениеттің жеткен жері осы.

Заттықтан жоғарылап рухани деңгейге көтерілген ойлы кісі үшін барша адамзат – туған бауыр. Айуандық (жарым ес, жарым сана деп оқыңыз) сырын шалғай Шыңғыстау бөктерінен-ақ көріп-білген, зерттеген хакім Абай:   «Адамзаттың бәрін сүй!» деп әлемге жар салды. Жан мен тәннің «балансын» сақтауға шақырды. Сол себепті Абай ілімі адамзат көшінің дұрыс бағытта және ғаламмен үйлесімді дамуының кепілі.    

Осы айтылғандар жаңалық емес. Батысшыл азаматтар ойға тоқысын деп қайталадық. Батыс әлеміне дәл қазақтай ерген, еліктеген ұлт, әй, некен-саяқ. Онан не таптық? Ресейдің, кең мағынасында Батыстың, отаршылдық жүйесі дәстүрлі қоғамды күйретті. Әлемдік екі соғыс өртіне шарпылдық. Ең жаманы, қолдан жасалған ашаршылық қазақтың жарымын жалмады.

Енді есті жисақ, шын ерікті ел болсақ. Ай асты әлем үшін Абай Шығыс ғұламасы, қаймана қазақ та асыл құбыла – Шығыс деп білсін. Сонда ғана ұлт болмысы сақталмақ, көңіл төрінде Жаратқан Иеге сенім, кәміл иман терең орнықпақ. Ниеті түзелген  ұлт рухы көтеріліп, өмірін мағыналы, өзін бақытты сезінбекші. Күтулі дүние. Осындай үмітпен мақаланы сабақтаймын. 

2659 рет

көрсетілді

101

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз