• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

РУХАНИЯТ ШАМШЫРАҒЫН КІМДЕР ЖАҒАДЫ?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылары мен Журналистер одағының мүшесі

Ауық-ауық әлем әдебиетіндегі жауһарларға көз жүгіртіп отыратын әдетіміз бар. Жуырда Лев Толстойдың мына сөзіне көзім түсті. «Ойын ойнау үшін қарын тоқ болу қажеттілігі түсінікті. Қоғамның әр мүшесі қарыны ашпаған кезде ғана өнерге ден қоя алады. Егер қоғам мүшелері тоқ болмаса, нағыз өнер өркен жаймақ емес. Салғырт өнер – кескінсіз, аш қоғамдағы өнер-дөрекілеу, өкінішті...».

Ойланып қалдым. Өйткені, өзім куә болған мына оқиға жанымды жаралаған еді. Осы оқиғамен әлем әдебиетінің арыстаны айтқан ойдың арасынан бір байланыс іздегім келді. Қазір қой үстінде бозторғай ұялаған заман дейміз. Дегенмен...

Тыңдап көріңіз. Таяуда Түркістан облысындағы бір ауданның мектебінде болдық. Мектеп барлық ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздық жолында көңіліне түйген пікірлерін толғамды ойларымен толықтырып жаднама, жинақ жазып кеткен көшелі кісінің атында екен. Арнайы бөлмеде мектеп мұғалімдері мен оқушылары қаламгерлермен кездесу өткізді. Қарап отырмай,  «Ақиқат», «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері туралы сөз қозғадым.

Өйткені мектеп кітапханасынан осы басылымдар көзіме түседі.

– «Жұлдыздар отбасы» журналы ма? – деп қалды мектеп директоры.

Өзі сондай сымбатты жан екен. Жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері келісіп-ақ тұр.

– Жоқ, «Жұлдыз» журналын айтамын, – дедім.

Мұғалімдер бір-біріне қарады. «Ол қандай журнал еді?» деп бір-бірінен көздері арқылы сұрасып тұрғандарын аңғардық.

– Ал, «Жалын» журналын білесіздер ме?

Мұғалімдер тағы да иықтарын қиқаңдатты. Біз бір-бірімізге қарастық. Содан кейін қос журналды  және аталған газеттерді  кезінде әдебиетіміздің алыптары басқарғанын айтып өттік. Бірақ «мұны білмегендеріңіз ұят емес пе?» дей алмадық. Тілімізді тістеледік. Өйткені, олар бізді аттай қалап шақырып, төріне отырғызған болатын. Асын ішіп отырып, текеметін тіліп кеткіміз келмеді. Дегенмен, көңілде, көкейде көп ой кетті. Өзегімізді өкініш өртеді.

Япыр-ай, қайда кетіп барамыз? Әлемді алапат апаттан әдебиет пен әдемілік құтқарады дейміз. Әдебиет қашан да ұлттық мәселе. Қай елдің әдебиеті мен мәдениеті, өнері мәуелі болса, сол елдің еңсесі тік, мәртебесі жоғары, шығар шыңы биік, өресі – өрісті, еңбегі – жемісті! Ендеше, әдебиет – ұлттың ұлы қазынасы! Қазақтың кестелі де қасиетті көркем сөзі ежелден-ақ талайларды тамсандырған. Көркем сөз сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектеліп қалмай, жаңашылдық жалынын лаулатып, философиялық ойлармен шендесіп жатады.  Қазақ сөз өнерімен есейіп, ержеткен халық. Сөз сиқырын терең меңгерген бабаларымыз терең толғаулы толғауларымен талай өршігелі тұрған өртті тұншықтырып, тоқтата білген. Құдіретті көркем сөз арқылы адамдардың жүректеріне жол тауып, қалыптасқан ойлар мен пікірлерді өзгерту арқылы пенделерді дұрыс жолға сала білген. Бүгінгі өскелең ұрпаққа даналықтың дәнін еге алмасақ, ертеңгі күніміз қараң болмай ма? Осыларды ойлап, тұнжырадық.

Денеміздің тітіркеніп, бойымызды белгісіз үрей билеп келе жатқаны бұл  ғана емес. Көптеген мектептерге барып жүрміз. Алдымыздан мұғалімдер шуылдап шығады. Айтатындары бір сөз. Уәждері де осы. Қазақстан Республикасының «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қандай да бір басылымға күштеп жаздыруға болмайды! Бітті! Үзілді-кесілді қарсылық бұл! Тіпті, өздеріне керекті төл басылымдары болсын, керек етпей ме, жазылмайды. Сонда олар білімдерін қалай жетілдіреді? Жаңалықтарды қайдан алады?  Япырай, қатардағы мұғалімді қойып, мектеп басшысы әдебиетіміздің басты басылымдарының атауын білмесе, олар қандай шәкірт тәрбиелеп шығарады? Ондай мұғалімнен салғырт шәкірт шығады емес пе?

Бір ойды бір ой қозғайды. Бүгінде мұғалім дегендеріңіз министріңіздің өзінен кем шіренбейді. Сенбесеңіз, әлеуметтік желілерге үңіліп көріңіз. Министрдің өзі ашық пікірсайысқа (мұны енді пікірсайыстан көрі ашық айқас деуге келеді)  шақырған мұғалімде қандай әдептілік, мәдениеттілік бар? Осы мұғалімдеріміз, ұлағатты ұстаздарымыз ұрпаққа өнеге-үлгі көрсетуге келгенде және кейіншектейді. «Ойбай, бізді сенбілікке шығаруға болмайды!», «Ойбай, бізді театрға күштеп апаруға болмайды!», «Ойбай, бізге көше аралауға болмайды!». Бұл неткен таусылмайтын «ойбай»? Ойбайлағандардың оңғаны қане? Қолына кетпен-күрек алып, шәкірттеріне үлгі көрсете алмаса, еңбекке, көпшілік ісіне баулымаса, осы арқылы оларды өзімшілдікке, еріншектікке тәрбиелесе, мұндай мұғалімнен не күтуге болады? Театрға барып, жан-дүниесін байыта алмаған ұстаз шәкірттеріне жүрек жылуын дарыта алар ма? Туған өлкенің табиғатына оқушыларын  алып шығып, бай мұрамыз бен киелі орындарымызды көрсетпеген, насихаттамаған мұғалімнен отаншылық рух табылар ма? Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» демеп пе еді? Бұл ұстаздарға да тікелей қатысты. Ағаш егуді, табиғатты аялауды бала бойына сіңіру тікелей мұғалімнің міндеті. Күні кеше емес пе еді, көшеде  мұғалім келе жатса, үлкендердің өздері олардың алдында иіліп сәлем беріп тұратыны. Ешкім танымайтын, ешкімге керегі жоқ мұғалім мектепке керек пе? Осындай сан сауалдар жүрек сыздатады. Ал, біздің қоғамның қозғаушы күші болады деген ұстаздарымыз жалқаулықтың жетегінде кетіп бара жатқан секілді. Қазір оларға мектепке барып, төбе көрсеткендерінің өзі міндет.

Басқаны білмедік, Түркістан облы-сының барлық қалалары мен аудандары, ауылдарында болып жүрміз, көптеген кітапханаларда жоғарыда аты аталған басылымдар мүлдем жоқ. Мұның мәнісін сұрастырсақ, «қаржы жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Әншейінде түрлі керекті-керексіз шараларға миллиондап теңге бөлдіретін әкімдіктегілер руханият үшін болмашы қаржыға неге тарынады екен деп күйінесіз.

Османлы халифатының ІІІ Осман (һижри 1171/ 1775) және ІІІ Мұстафаның (һижри 1187/ 1774) бас уәзірі Рағып паша  аса ірі мемлекет қайраткері әрі парасатты кісі болған екен. Сонымен қатар ол османлы диуан әдебиетінің жарқын тұлғалары санатына кірген. Өлеңді үш тілде еркін жаза біліпті.Рағып паша кітапхананың таза әрі мұқият ұсталуына үлкен көңіл бөлген. Өзі де кітапхананы жиі аралап тұрыпты. Кітапхана күтіміне арнайы маман тағайындаған. Зерттеушілер кітапханада 1173 қолжазба сақтаулы тұрғанын жазады. Әрине, кітаптардан бөлек. Белгілі ақын, жазушы, публицист Сүлеймен Назиф бір келгенінде кітапхана жөнінде: «Уа, оқырман! Стамбұлдың немесе басқа жердің тұрғыны. Қай жерден болғаның маңызды емес. Егер Рағып пашаның кітапханасында болмасаң, егер сол жерде бірнеше сағат көз жүгіртіп бақылап, айрықша сезімге бөленіп, уақыт өткізбесең, біліп қой, сен бұл керемет аймаққа бөтен һәм надан адамсың» деп жазып кетеді. Ал, бұл сөз Стамбұлдың Фарих шағын ауданындағы кітапхана маңдайшасында күні бүгінге дейін ілінулі тұр. Сәулетті де кітап қоры бай оқу залына  Стамбұлға келген саяхатшылар күні бүгін де толассыз келіп жатыр.

Біз осыларды екшегенде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасынан басқа руханият ошағын еске түсіре алмадық. Бұл жерде мәдениет үйлері, кітапханалар салынбай жатыр дегіміз келіп отырған жоқ. Салынуын салынып жатыр, бірақ бұл жерде әкімдердің руханият әлеміне деген көзқарастары әлі де кемшін екенін еске салғымыз келеді. Айталық, кітапханаларға әдеби басылымдарды жаздыру жағына келгенде қаржының жетіспей қалатыны осы сөзіміздің айғағы. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық, көптеген кітапханашылар «неге сіздерде мынадай журнал, газет жоқ» деп сұрағанымызда қаржының жоқтығын айтып ақталды. Руханиятқа бөлінбеген қаржы қайда бөлінбек?

Бүгінгі көтерілер басты мәселенің бірі – кітапханашылардың айлық жалақысы. Олардың көпшілігі мардымсыз жалақымен күнелтіп жүр. Өйткені, басқа барар, басар жері жоқ. Кітапханашы деген мамандығы бар адамды бүгінде басқа мекемелер маңайларына жолатпайды. Мұғалімдер уыстап теңге алып жатқанда шайлығана жетпейтін айлық алатын кітапханашылар мұңайып қалады. Мұңайып отырған маманның жұмысы маңдымайды. Ендеше тиісті орындардың осы жағына да көңіл бөлулері керек-ақ. Кітапханашылар: «мынадай-мынадай газет-журналдар бар, мұғалімдер үшін өте керек» деп мектеп басшыларына айтып отырса, жоғарыдағыдай директорлар болмас па еді? Бірақ, кітапханашылар қойдан жуас, жусаннан аласа, бетегеден биік.

2018 жылы Алматыда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық қазақ ПЕН клубының ұйымдастыруымен «Құбылмалы әлем-дегі әдебиеттің ролі» тақырыбында жазушылардың І халықаралық форумы өтті. Осы форумда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Бір парадокс бар: Қоғам байыған сайын рухани аштық үдей түседі. Сондықтан, тоқ қоғамда жүріп рухани аштыққа ұшырамас үшін, жазылған һәм жазылмаған рухани қазыналарымызды жойып алмау үшін асыл Сөзді қадірлейік, көркем Сөздің құнын түсіріп алмай, көздің қарашығындай қорғап, арымызды сақтағандай ардақтай білейік. Сөздің оты сөнбесін! Сөз, тіл алдындағы жауапкершілікті ұмытпасақ болды» деді.

Сөздің отын сөндірмеудің жолы қайсы? Әрине, баланың бойына бармақтай кезінен сөз құдіретін сіңіре білгенде ғана өшпейді. Ал, соны жас өркеннің бойына дарытады деген ұлағатты ұстаздар, руханият шамшырақтары ашқарақтық, салғырттық, немкеттілік танытып, ұзын арқан, кең тұсауға салынып, бойкүйездене берсе болашағымыз бұлыңғырлана түспек.

Кейбір білім ошақтарындағы, руханият орталықтарындағы жоғарыдай жағдайлар еске түскен сайын ойға қаласың. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт арылып, ертеңімізге көз жүгіртуіміз керек-ақ. «Жоқ,жоқ» дей берген жоғалды, «бар» деген байлыққа кезігеді. Бірді екеу ете алмай мұрындарынан шаншылып жүрген биліктегілер осы айтқандарымызға бір сәт ой жүгіртсе, бәлкім, руханияттың өлімсіреп, өшкелі тұрған шамы қайтадан маздар? Менің бүгінгі айтпағым осылар еді.

 

Құс тілін білетін

                       Есенғали да жоқ...

Мизамшуақ туа жылы жаққа ұшқан құстар сәуірдің созылыңқы күндері жылдағыдай сызыла қаңқылдап, қос қанатын еркін қағып, бұрынғы сән-салтанатымен  аспан әлемін әдемі әуезге бөлемей, сыңқылдап жылап келді. Өйткені, сиқырлы жүзікті Сүлейменнен соң құстың тілін білетін айдарлы да ақиық ақын Есенғали Раушанов достарын тоса алмай, о дүниеге аттанып кеткен еді.

Бүкіл дүние аһ ұрды. Дала күңіренді. Теңіз шайқатылды. Таулар тебіренді.

Сәулесі солғын тартып жарықтың да,

Жаза алмай соңғы жырды жанықтың ба?

Ақсүйек Аманханың кеткеннен соң,

Жалғанның жармағынан жалықтың ба?

Теңселтіп текті жырдың тұнық көлін,

Сен кеттің, қалам қалды бүгіп белін.

Сұңқардай сыңарынан айырылған,

Өзіңді жоқтап жатыр Ұлықбегің, – деп жыр жүйрігі Әлібек Шегебай қанаты қапелімде қайырылған қара өлеңге қайғырып көңіл айтты.

Иә, ол қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелді, мектеп қалыптастырды. Оның өлеңдерін қазақ жұрты мен шетелдік оқырмандар да жата-жастана оқиды. Өйткені, оның поэзиясында шынайылық лебі есіп тұратын. Сезімтал жүрек қағысы да ешкімге ұқсамайтын. «Есенин жұлдыз болып айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр» деп сонау жас кезінен ғарыш әлеміне құмартқан ол қиял қанатына мініп, поэзияда өзіндік түрен салды.

Ақын да құс сияқты. Құс қанатымен ұшса, ақын қиялымен ғаламды кезеді. Аспан әлемінде ақиық ақын құстардың үнін естіп қалды ма екен, қанаттылар тілінде сөйледі. Есенғалидың бір қанаты – өлең болса, екінші қанаты – құстар, мезгіл әуендері туралы поэтикалық шығармалары. Оның «Құстар – біздің досымыз» атты дүниесін оқыған адам «япырмай, Есенғали құстардың тілін қалай білген?» деп тамсанды, таңырқады, толғанды. Қазақтың танымдық дүниесінде бұл да бір әлем, ашылмаған парақтар еді. Тылсым табиғаттың тілін түсініп, оны адамша сөйлете білген әзірге ешқайсымыз жоқ. Осыдан-ақ оның ерекше сезім иесі, тарлан талант екеніне дауымыз қалмайтын.

«Тырналар мен сарғалдақ, көкек пен қарлығаш көрінбейді. Бөдененің быты-быты естілмегені қашан. Қайтеміз, қайтқан құстардың жолы болсын! Есесін «таудан түсіп келе жатыр салқын күз» (Аманхан Әлім) деп ақын айтпақшы, алты ай жаз биікте жүрген сарыбауыр шымшықтар төменге түсіп, «қырдағы, ойдағы елмен араласқандай» жыра-жыра, сай-сала, азан-қазан, у да шу. Жылы жаққа қайтарда біздің далада аз күн аялдап өтетін құстар қашама?!

Қараторғай мен жаурауық, таушымшық пен бүрген торғайдың жаздағыдай сайран салғанын қалар едік, бір сұмдықты сезгендей бәрі де үнсіз, ән салса даусын шарықтатпай бәсең салады, шуылдамайды, қанаттарын қатты қақпай төмен ұшады. Қарғаның өзі қарқылдамайды. Сақ сауысқан бәрін сырттай бақылап, тал басында жеке отыр. Не ойлайды ол? Нені біліп отыр? Не болды сендерге құстар?».

Болмыс-бітімі бөлек ақын құстармен осылай сөйлесті. Ол қыркүйек пен қазан, қарашада құстармен осылай тілдесер-ді. Сонда Есенғалидың қара торғайы мен жаурауығы, таушымшық пен бүрген торғайы қандай сұмдықты сезіп, момақан күйге түсті екен? Дағдысынан жаңылып, неге төмен ұшты?

Сөздің сәулесі мен сыңғырын, сыбдырын жүрек сүзгісінен өткізіп, сұлу суреттер салатын ақын неге құстар әлеміне ғашық болды? Кеше ғана ғарышқа аттанған ақыннан мұның сырын енді сұрап ала алмайсыз. Бірақ оның тұнық та таза әлемге ғашық болғанын, оған қиял-пырағымен, өткір жыр-әнімен, түйсік-танымымен, құстардың қанатымен ғана жете алатынын сезімтал жүрек білген болуы керек.

Ол кеше ғана ақжарма ақын, сыршыл суреткер әріптесі әрі  жан досы Аманханынан айрылып қалды. Дүниеде сырлас та қимас достан айырылғаннан ауыр азап жоқ. Бәлкім, ақын жүрегіне қадалған шөңгенің бірі осы шығар? Әлде мына өмірдің даң-дұңы, бітіспес майданы, іштарлық пен күндестігі, қызғаншақтығы мен сұрымшақтығы жалықтырды ма? Абайды да ауыр дертке ұшыратқан қазақтың кесір мінезі Есенғалиды айналып өтті дей алмаспыз.

Кеше көк жүзінен бір топ тырна көрдім. Тыраулап, қиқулап зау биікте жүріп алды. Есік алдынан көрінген қос қарлығаш шиқ-шиқ етіп, көкті тілгілеп әрі-бері ұшты. Жылы ұяларын сағынып келсе де онымен қауышуға, ішіндегі артық затты сыртқа шығарып тауысуға асыққан жоқ. Шырылдаған үнінен жүрек шошынды.

Мен құстардың шырылынан сұмдық бір сыр аңғардым. Олар досы әрі сырласы Есенғалиды жоқтап жүр екен ғой.

Иә, Есенғалидың сүйкімді құстары биыл жылы жақтан жылап қайтты...

Құстың тілін білетін Есенғали да жоқ. Оларды кім жұбатар?..

 

 

Өмірдегі  ең  маңызды  мәселе

 

Адамдардың қатыгезденіп бара жатқаны соншалық, біз енді бауыр етіміз-баланы, өміріміздің жалғасы – ұрпағымызды қорғау жөнінде арнайы Заң шығардық. Балаларды қорғау күнін белгіледік.

Рас, қоғамда балаларға зорлық-зомбылық көрсететіндер бар. Тіптен, өзегінен шыққан баласына жаны ашымайтындар көп. Балаларға көрсетілер қатыгездіктер, қанша жеткіншектің зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны жөнінде дерек келтіріп, көңіл-күйіңізді бұзғымыз келмейді.

Жасыратыны жоқ, бізде Балаларды қорғау күні тиісті мекемелер қанша балдырғанның балалар бақшасымен қамтылғанын, балалар үйлерінде тәр-биеленушілерге  қандай қамқорлықтар жасап жатқандарын, оларға қанша киім-кешек, азық-түлік жеткізгендерін, жазғы демалыстарында қаншама баланың лагерьлермен қамтылатынын, ірі қалаларға саяхат жасатып қайтқандарын жарыса жазып жатады. Бітті. Осымен шектеледі. Әрі кеткенде қолайсыз отбасылардан қаншама баланың арнайы орталықтарға өткізілгені, «Ана мен бала» оңалту орталығында қанша баланың емделіп жатқаны айтылады.

Баланы қорғау осымен ғана шектелмек пе? Тереңінен толғанайықшы, біз балаларымызды қорғау үшін оларды нендей зиянды әрекеттерден тиюымыз керек?

Бүгінде балалардың қас жауы –әлеуметтік желілер. Соларға жүктелген небір сұмдық ойындар, адамдарды қатыгездіктің нешеме атасына баулитын бағдарламалар салдарынан тек қана Қазақстанның өзінде күніне жүздеген жеткіншек өз-өзіне қол салады екен. Бұдан тыс әлеуметтік желілерден көргендерін істеп, бірін-бірі аяусыз ұрып-соғып, мұның соңы орны толмас өкінішпен аяқталып жатқан оқиғалар аз ба?

Міне, біз баланы қорғаймыз десек, ең әуелі осы зиянды әлеуметтік желілерден қорғайық. Балаңыздың телефонына, дәптер-күнделігіне күн сайын көз жүгіртіңіз, күмәнді әлдене байқасаңыз, психолог мамандармен кеңесіңіз.

Телефон тажал деген ұғымға бүгінде екінің бірі қарсы дау айтары сөзсіз. «Несі бар, балалар өздеріне керектінің барлығын содан алады ғой» деп кермалдасып, қарсы пікір айтатындар көп екеніне де таласпаймыз. Бірақ, ойланып көріңізші, мамандар, дәрігерлер ұялы телефонда ұзақ отырған баланың түрлі кеселге ұшырайтынын айтудай-ақ айтып жатыр емес пе?  Телефондағы радиотолқындар адам миын кептіріп жібереді екен. Жапондықтар мектептерде көзілдірікті балалардың көбейіп кеткенін зерттегенде, олардың ұзақ уақыт телефонға байланып қалатындықтарынан жанарларынан айырылатынын дәлелдеген. Ал, біз соны біле тұра өзіміздің бас тыныштығымызды ойлап, «солар жыламасыншы» дегенге сайып, бүлдіршіндердің қолдарына телефон ұстатып қоямыз. Ал, енді телефон ұстаған балдырғанды бақылап көріңізші. Тез ашуланады, өкпелей салады, тамаққа тәбеті кемиді, сабаққа барғысы келмейді, кітап бетін ашпайды, ең сорақысы ұйқысынан шошынып ояна береді. Неге? Өйткені, түрлі сайдтардағы сайтандар түстеріне кіреді.

Ой-сезімдерін сөз формасына келтіре алмағандар оның ауыр жүгін бір сәтке ұмыту үшін уақытын әлдебір нәрсемен алдарқатып өткізуге тырысады екен. Осылайша адам өзін ұмыту үшін әлеуметтік желінің ағынына ілесіп кете барады. Әлеуметтік желіге тәуелділікті «поведенческая зависимость» деп атайды. Әлеуметтік желі таудан құлаған арынды су сияқты жол-жөнекей кездескенін ілестіріп алып кетеді.  Өзін қолға ала алмай жүргендер әлеуметтік желілерге тәуелді. Ал, ақыл-есі әлі толық қалыптаспағандар жалмауыз желінің улы тырнағына бір іліккен соң, одан өздерінше малтып шыға алмайды. Қазіргі балалардың ойлау, есептеу, есте сақтау қабілеті, логикасы тіптен төмендеп барады. Аяқ-қол жұмыс істемей, қозғалмай жата берсе, бұлшық еттер кеміп, жұқарып, жіңішкеріп әлсірей бастайды. Міне, сіз балаңызды осы кесепат кеселден қорғаңыз.

Хакім Абай: «Балаға үш мінезі алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбыдан» демеп пе еді? Біз балаларымыздың кімдермен қарым-қатынас жасайтынын, кімдермен дос екендіктерін бақылай бермейміз. Бүгінгі балаларды шеше емес, көше тәрбиелейді. Көшеден көрген-білгенін өмірлік ұстанымы еткен баладан не күтуге болады? Үйдегі балаңыздың мінезі түздегі «тәрбиешісінің» тәлімімен тоқайласып жатса, бұл сіздің осалдығыңыз. Сондықтан, балаңыз тәрбиелі болып өссін десеңіз, ең әуелі оның кімдермен қарым-қатынас жасайтынын біліңіз. Тентектерден тоқсан шақырым алыс жүрсін. Тентектігін тиыңыз. Оларды қараусыз қалдырмаңыз. Қараусыз қалған баланың түрлі кесепатқа ұрынатынын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы.Ардақты ата-ана екенсіз, балаңызды еріншектіктен, жалқаулықтан, ма-сылдықтан, мақтаншақтықтан, өтірік пен ұрлықтан, басқа да толып жатқан  жат мінездерден қорғаңыз.

Этнопедагогикалық, идеологиялық қағидаларға назар аударыңыз. Балаңызды бес жасқа дейін патшаңыздай төбеңізге көтеріп, он үшке дейін құлша жұмсап, мүшел жастан асқан соң досыңыздай сырлас  болыңыз.

Әл-Фараби бабамыз адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек деп текке айтып кеткен жоқ. Тәрбиенің қайнар көзі қайда? Ол – ұлттық педагогикада. Ол – төл әдебиетімізде. Игілік атаулының бәрі-кітапта. Ол ақыл-ойдың үнемі дамып, өркендеуі үшін қызмет етеді. Әдебиет –әсемдікке, әдемілікке, әдептілікке тәрбиелейді. Бабаларымыздың бай да құнарлы , өрнекті тілінен нәр алған, ұлттық тәрбиені бойына жан-жақты  сіңірген бала өскенде өркен жаймақ, еліміздің тұғырлы тұлғасына айналмақ.

Тәрбие тұтқасы өз қолыңызда. Жас шыбықты сындырып аламыз деп қорықпаңыз, қаталырақ болыңыз. Америкалық жазушы Марк Твен: «Жасым он төртте болғанда әкем өте ақылсыз, ақымақ еді. Мен оны әзер түсінетінмін. Ал, жасым жиырма бірге келгенде, сол жеті жыл аралықта әкем өте ақылды, өзіме ақылшы – тіреу, одан артық адам жоқ болды» деп жазды. Неге? Оның әкесі расымен де ақымақ па еді? Жоқ. Жазушы есейген соң әкесінің қатал қарым-қатынасының  мәніс-мағынасын түсініп, дұрыс қабылдай бастады. Егер әкесі соншалықты қатал болмаса, үлкен де ауыр талаптар қоймаса, әлемге белгілі жазушы қайдан шығар еді?

Әдебиеттің тәрбие мен тіл игерудегі орнын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та дөп басып айтты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларымен қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып  шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деп балалар әдебиетінің тәрбиедегі орнын нақпа-нақ көрсетіп берді.

Ұлы педагог Сухомлинский: «Баланы сүйе білуге үйрену – өмірдегі ең маңызды мәселеге үйрену» деген екен. Міне, балаларды қорғау деп осыны айтар болар.

1081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз