• Ұлттану
  • 24 Тамыз, 2021

АБАЙ ДӘУІРІ ЖӘНЕ ДЕРЕКНАМАЛАР

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор

Азаматтың ақыл-ойы  орта және генетика факторлары негізінде дамып, өркендейді. Сол үшін Абай дәуірінің отбасылық және қоғамдық ортасын жан-жақты тани беру үшін барынша сол дәуірден мұра болып жеткен аңыз-әңгімелер, заттық ескерткіштермен бірге зерттеуші, саяхатшылардың күнделігі мен естеліктері тарихи ортаның бет-келбетімен танысуға мүмкіндік береді. Сол себепті мен «Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы түркі және парсы ақындары» атты еңбегімде Абайдың өмір сүрген дәуірін Әрһәм Кәкітайұлы, Мұхтар Әуезов, Мекемтас Мызахметұлы тағы басқа қазақ ғалымдарының зерттеу жұмыстарының негізінде танып, танытуға талпындым. Енді бұл мақалада Абай дәуірін европа саяхатшылары мен зерттеушілерінің еңбектерін негізге алып саралап отырмын. Бұндай жазба деректерге сүйеніп  тарихи дәуірлерді тануға талпыну өте маңызды тәсілдердің бірі деп санаймын. 

Абай қазақ халқының саяси өліара дәуірінің (1845-1904) елін жоқтаушылар қауымының бас идеолог тұлғасы болды.  Ол 1845 жылы дүниеге келгенде 1465 жылы құрылған қазақ хандығы өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан болатын. Саяси тұрғыдан қазақ хандығын әл үстінде жатқан ауыр науқас болғандығы соншалық Кенесары (1802-1847) қаншама рет жанталасып хандық жүйесін қалпына келтіруге еңбек етсе де, оңды нәтиже ала алмай ұлы арманының құрбаны болып, ел үшін шейіттік  кебін киіп қазақ халқының соңғы ханы ретінде тарих қойнауына енді.

Қазақтың хандық дәуірін әдеби тұрғыдан алғанда батырлық пен парасатты арқау еткен қазақтың ауыз  әдебиеті 1465 жылынан бастап соңғы күндеріне дейін қазақ рухының биік, ой өрісі кең екенін өз шығармалаларында дәлелдеп келді. Оған анық айғақ Махамбет Өтемісұлының (1804-1846) өмір жолы мен жалынды жырлары куәлік бере алады. Махамбеттің қазасы қазақ рухының соңғы шұғыласы іспеттеніп қазақ хандығының саяси өлімінің хабаршысы болды. Абай тәңірінің сүйген үмметі қазаққа алдын-ала сүйіншіленіп 1845 жылында дүниеге келуін жазды. Өйткені, сәби Абай Махамбеттің зарын, Кеңесарының бұғауда қалған шарасыз жанының айқайын әлемнің рухани кеңістігінде бойына сіңіру керек болғандай тағдыр кешті. Осы ретте біз Абайды қазақ халқына жаратқанның берген сыйы деп қабылдауымыз керек. Себебі Алла азаматтың да, ұлт-ұлыстың да дұға-тілегін, ұлы армандар үшін жасаған жанкешті ерліктерінің жемісін кейінгі ұрпағына үлес етіп береді. Демек жаратқан Абай сынды перзентті қазақ халқының Елдік жолындағы көрген азаптары мен ерлікпен қиған жандарды, шын жүректен жасаған дұға-тілектерінің жемісі ретінде сыйлады. Жаратылыс заңына орай адам баласының титтайда қайыр ісі, титтайда жаман ісі әлемнің болмыс кеңістігіне өз әсерін қалдырып, ұлы табыстарға немесе үлкен күйреу мен күйзелістерге алып барады. Демек, адам баласының әрбір қайыр ісі немесе жауыздығы заңды түрде өз жалғасын табады. Елдердің елдік мәртебесі де әр азаматтың іс-шарасымен бірге оның ниет-тілегінің бағытымен айқындалады.

Абайдың сәбилік бойына қазақ хан-дығының күйзеліс пен күйреуінің лебі сіңді. Қазақ хандығы Кеңесарының қайғылы қазасынан соң саяси қимылын тоқтатты. Қазақ халқы 1847 жылынан бас-тап Абайдың қайтыс болған 1904 жылына дейінгі аралықта саяси басқарудан әрі саяси іс-әрекеттен ада қалды. Сол себепті қазақтың ұлттық тағдыры өзгешелеу қорғаныс механизмін қажетсінді. Саяси жүйеден айрылған қазақ бастан айрылған кеудеге айнала бастады. Ел бассыз қалған соң бейбастақ қоғамда тобыр саны күшейе бастауы анық. «Тобыр – белгілі бір ортақ мүддемен уақытша топтасқан адамдар жиыны. Тобырдың әлеуметтік құрылымы қарапайым: көсемінен және өзгелерінен тұрады. Дегенмен, тобыр жекелеген тұлғалардың жай ғана жиынтығы да емес. Зерттеушілердің пікірінше Тобырға тән жалпы сипаттамалар:

1.Әсершілдік. Тобырдың ішіндегі адам одан басқа адамға қарағанда әлдеқайда әсершіл. Олар көпшіліктің пікірін, сезімін, әрекетін неғұрлым тез қабылдап, ортақтасады;анонимділік – жеке тұлға өзін көптің ішінде танылмайтындай сезінеді. Тобыр біртұтас топ ретінде әрекетке барып, оның жекелеген мүшелері өзін жеке тұлға деп санамайды;

2.Тұтқиылдық. Тобыр құрамындағы адамдар болжамсыз мінез-құлыққа, эмоцияға бейім, олар көптің ішіндегі өз әрекеттері жайлы ойланып, сарапқа салмайды;

3.Қамсыздық. Тобыр құрамындағы адам топпен біртұтас қимылдайтын танылмайтын көптің бірі болғандықтан өздерін әлеуметтік бақылаудан, жауап-кершілік пен жазадан тыс сезінеді» деген түсініктерге саяды. Сондықтан қазақ халқы 1847-1904 жылдар аралықта бассыз, панасыз қалған сергелдең сананың күйін кешкені үшін өз бойындағы психологиясы, мінез-құлқы, дүниетанымында ауытқулар пайда болды. Сонда қоғамдық қатынастардағы психологиясында өзгерістер пайда болғаны анық. Ол кезде көзі ашық оқымыстылар пайда бол-ған өзгерістерге мұқият үңіліп, бақылау жүргізе алмады. Сол жылдардағы қазақ халқының тыныс-тіршілігін зерттеуге 1843 жылдан бастап қазақ даласына жасалған экспедицияға мүше болып, талай рет зерделі көзбен қазақ өмірінің бітім-болмысын терең тануға мүмкіндік алған поляк зерттеушісі  Адольф Янушкевич (1803-1856) өзінің Медеу Сапаұлы Cәрсеке орысшадан қазақ тіліне аударған «Күнделіктер мен хаттар» атты сапарнамасында қазақтың өмірін қоғамдық, әлеуметтік, әдеби-мәдени тұрғыдан зерделеп жазды (Янушкевич Адольф, Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар, аударған: М.Сәрсеке, Алматы: Жалын, 1979,-272 бет). Адольф Янушкевич 1843, 1846 және 1948 жылдары Омбыдан қазақ даласын зерделеп, саяхаттайды. Ол соңғы сапарында бес ай бойы Ертістен етегін қар басқан Алатауға дейінгі жерлерді аралап шықты. Оның зерттеу жазбаларында қазақ туралы тың дүниелер молынан бар. Бірақ біз Абайдың өскен отбасылық және қоғамдық ортасының  жағдайын жақынырақ тану үшін анық үш дәйекті байқаймыз. Бірі – қазақ халқының әлеуметтік ахуалы. Екіншісі – қазақ тілінің қоғамдық мәртебесі мен өрісі. Үшіншісі – Абай тәрбие көрген әке шаңырағы мен әкесінің қоғамдағы орны.

Автор Қарасу бойынан анасына жазған хатында қазақтар туралы былай деген: «Сарымсақтының жағалауынан жазған соңғы хатымда өзіміздің европалық-азиялық тілдесуіміздің тым ұзаққа үзілгеніне қапа болған едім. Тағдырдың маған берген әзірге үлкен бақытының өзі осы ғой. Алып Алатаумен қоштасар кез де жақындап келеді. Сендерден хабар алып, амандықтарыңды білуден басқа маған қымбат ештеңе жоқ болса, одан да күдер үзгендей болған едім. Бірде Аягөзге баратын жолдағы тау шыңына қарап тұрсам, менің көзіме көтерілген шаң мен артынша қойнауға құлдилай құлап келе жатқан қазақтар шалына кеткені. Бәріміз де оларға қарай жан ұшыра жүгірдік. Сенен хат алғанда дәл мендей қуанып, киіз үйге масайрап қайтқаны бола қойды ма екен? Әй, қайдам. Сенің және үй ішіндегі басқа адамдардың денсаулығына алаң болып, менің мазамды кетірген ойлардың бәрін де ұмыттым. Өзім сондай бір тамаша күндерімді өткізген және әр минут сайын Швейцария мен Италиядағы саяхаттарды әрқашан есіме түсірген қазақ Альпісімен енді қуана қоштастым. Бұдан он жеті жыл бұрын Медиоландағы кезімде цирктің алаңында, ломбард аспанының көгілдір шатырының астында халық ойындары болғанын, Комо мен Лаго-Маджораның таңғажайып жағаларынан келген мыңдаған әйелдер мен балалар бұл ойындарды тамашалап көргенін мен өзіңе жазғанмын. Европаға белгісіз өлкеге тағдыр айдап келген мен бүгін саған қолым тисе, қазақ бәйгесін суреттеп жазамын. Жетісуда мен оның куәсі болдым.

Етегін қалың орман жапқан Алатау әлі түн пердесін түрген жоқ. Ондаған қой, сиыр, жылқы қазірдің өзінде қасапшының пышағына түсіп, жайрап қалды. Қара халыққа арналған ет 50 қазанда төрт рет пісірілді. Қой майы, өрік, мейізден бұқар аспазы палау пісірді. Бұл – тек жоғары тап қазақтарына арналған тағам. Орасан үлкен сабалар мен торсықтарға құйып көрші ауылдардан қымыз және айран әкелінді. Күн де жарқырап шықты, жүз жылдық теректердің саясында сыңғырлап ағып жатқан Лепсінің бес сағасының суына жонын тосып, елжіреген қойнау да құлпыра түсті. Тау жоталарынан, шатқалдар мен сайлардан жатаған да шыдамды атқа мінген қазақтар ағыла бастады. Олар бір-біріне ұқсамайтын киім мен бөрік, қалпақтар киген.

Сағат 9-да сауыт киген маңғаз би шекаралық бастықтың киіз үйіне келді де, атынан түсті. Әскери туды киіз үйге таяу жерге қадады да, өзі жалаң қылышпен қасында күзетіп тұрды. Әне-міне дегенше біздің лагерьді қоршаған алаңға құлақты жара айқайлап, бірін-бірі басып-жаншып, үш жүзден астам салт атты сау ете қалды. Олар ұзындығы 15 қарыс найза, үскі, мылтық, айбалта, шоқпар, сойыл, садақпен, т.б. қаруланған. Бұл жабайы әскерді белгілі қазақ батыры Барақ сұлтан басқарады. Оның дене бітімі де, бет әлпеті де Запорожьенің қарт гетмандарын еске түсіреді. Оның күжірейген мойнынан, сірә, ешкім де басын жұлып ала алмас! Оның денесі граниттен қашап жасалған шып-шымыр. Арғы атасының зиратында жатқан дәу тасты 17 жасында-ақ орнынан көтеріп тастаған. Қазір 35 жасында зеңбіректі дөңгелегімен қоса бір-ақ қолымен орнынан қозғайды. Қайраты тасып, жалындап тұрған жас шағында ол қазақтан 5 мың қол жинап, Ұлы орданың үйсін руын быт-шытын шығарып талқандаған. Тек бір ұрыста ғана жеті жауын өз қолымен жер жастандырған. Ал былтыр қару-жарағы сай үш барымташы оған тұтқиылдан киліккенде, оның қолында қамшыдан басқа ештеңесі болмаған, соның өзінде ол анау үшеудің шыбын жанын шырқыратқан. Қазір бұл дала батыры қойдан жуас, сибандарды әй-шайсыз басқарып келеді, басқаларға қарағанда томаға-тұйық, әділ. Басқа сұлтандардан ақылды, тілді, оның үстіне ғұламалығы және асып тұр. Ол татарша оқып, жазып біледі. Әралуан қазақ руларының отрядтары тудың қасынан Барақтың басқаруымен бірінен кейін бірі өтіп жатты. Шекаралық бастықтың алдында бірнеше минут аялдап, содан соң бәрі қосыла өз руының ұранын, мәселен, «Абылай! Қаптағай. Ағадай! Барақ!» деп дауыстап, еліре құйғытып өтеді. Соңғы отряд алаңнан ұзағанда, алтынмен әдіптелген күрең қызыл шапан, бір өзі бір жылқыға бергісіз құндыз бөрік киген бас қолбасшы сұлтан иығындағы ұзын винтовкасын алып, пілтеге от тигізді. Орта орда көсемінің құрметіне мылтықтан бір дүркін оқ атты. Сосын өзінің әскерін екі жаққа бөліп, бізге қазақтың ұрыс ойындарын көрсетті. Қым-қуыт, ыза-қиқы, азан-қазан бұл шайқас Вальтер Скоттың мына екі жол өлеңін есіме түсірді:

Аласұрған ызалы жын-перілер

Зар еңіреп, түршігіп ұлығандай...

(Вальтер Скотт 1771-1832, ағылшын жазушысы, тарихи роман жанрының негізін салушы, ақын, тарихшы, адвокт). Бұл шайқастың тарсыл-гүрсілінен маңайдағы таулар ұзаққа дейін жаңғырытып тұрды. Көп кешікпей түс те болды, киіз үйден аттап шығартпастай күн шыжып қоя берді. Бәйге болатын жерге біз зауал ауған соң, тек сағат 4-те ғана шыға алдық. Қазақтарға беймәлім бір батырдың сүйегі жатқан жерге таудай етіп тас оба үйілген. Соның етегіне әдемілеп-ажарлаған көп қанатты, ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Олармен қатарлас симметриялы түрде жерге қадалған найзалар арасында биіктігі мен түр-түсі әрқилы ондаған шатырлар тұр. Мыңдаған қазақтар оба мен ойын-сауық өтетін жерді жауып кетті. Кілемдер мен ою-өрнекті текеметтер төселген ең үлкен үйде Орта және Кіші орда ақсүйектері дөңгелене отырды. 80 жастағы молда дұға оқыған соң, қонақасы тартылды.

Шай, палау, қой еті, қымыз бірінен кейін бірі кезегімен беріліп жатты. Жылқы мен басқа да мал еті тау болып үйілген жеке бір үйден беттері мен төстері жылт-жылт еткен, жалаңаяқ, белдеріне шейін жалаңаш, жиырма жігіт халыққа тамақ тасыды. Үйеме-үйеме табақтардан көзді ашып-жұмғанша саудыраған сүйектер ғана қалды. Ашқарақтар мен көрсеқызарлар қолдарына түскен қой мен жылқы сүйек-саяғын қойын-қоныштарына тығып, сумаңдап қайтадан табаққа аралас-ты. Бұндағы азан-қазан у-шуды суреттеу мүмкін емес. Ал анда жағдай бөлек, онда сұлтандар мен билердің құрметті алқа қотан жиыны, құдды бір ежелгі Римнің сенаторлары сияқты олар жасына, халық алдындағы беделіне қарай орналасып байсалды да байыпты отыр.

Жиналғандардың бәрі де жас әрі сүйкімді ақын толғауларына құлақ қойғандықтан, алабөтен әңгіме болған жоқ. Сөз өнері әкесі мен атасынан дарыған ол өзі көргенінің бәрін 10 жасынан бері жырға қоса бастаған. Ал бүгін қырда болған оқиғаларды естіп, ол аса бір шабытына мінген. Ақын еркін сілтеп, кең құлашты, бар өнерін төгіп аса маңызды жайттар туралы бірнеше сағат бойы жырлады. Жырды үсті-үстіне төккен кезде жыны қозып, еліре түседі. Жиналғандар оны аузын аша, көзін жұма тыңдайды. Жұрттың «бәрекелді, бәрекелді» деген дауыстары ғана жырын сәл бөледі. Ал киіз үйден шығысымен өнеріне таңдай қаққызған ақынның арқасына шапан жабылып, астына ат мінгізіледі.  Ақынның есімі – Орынбай. Жарайды, ол туралы қысқартайық.

Енді ат жарысына көз тігейік. Анау бір дөңеске найза шаншылған, ол – бәйгенің басталатын жерінің белгісі, бұрылатын тұс – бұдан он шақырым. Қазақ сәйгүліктері үшін бұл пәлендей алыс та бола қоймас. Бірақ әрлі-берлі тауды-тасты, ойды-қырды елеместен, жосылтып өту керек және де теңдессе, тек ливия ыстығы ғана теңдесе алатын аспан айналып жерге түскен мынандай аптапта бәйге өтеді! Алатау қарындай аппақ атқа мініп, жиырма жігіт жарысқа түсті. Бұрқ етіп көтерілген қалың шаң қас-қағымның арасында оларды көзден таса қылды. Тағы бір сәтте олар таяу дөңес үстінен жылт етіп көрінді де, жай оғындай қайтадан жоғалды. Тағаты жетпей, жаппай ынтыға күткен жұрт. Бір сағатқа тарта мерзім ішінде ұшып келе жатқан адамдар қара-құрасы дөңес үстінен қайтадан қылт етіп өте шықты да, тасқын судай ылдиға лап қойды. Аттар мен жігіттерді шаң бораны қайтадан жапты, бірақ қарақшы да жақын еді, аттар да қылаң бере бастады. Апырай, сөреден қайсысы бірінші болып өтер екен? Барша жұрт жарыс жолындағыларға тесіле қарап қалған. Бәрінің де көкейінде бір-ақ ой, ол – озу! Ақыры белгі тұсынан ақ көбікке малынған сайгүлік өтіп барып тоқтады. Аспанды басына көтеріп гу-гу еткен жұрт бағы жанған Құсбек сұлтанның жүйрігіне бас бәйгені берді. Құсбек бәйгесін сол бойда алды. Аттары қарақшыға соңырақ жеткен Бөлен сұлтан, Тана және Құнанбай билер құны төменірек бәйгелермен көңілдерін аулады. Бесінші бәйге үшін екі адамның арасында дау шықты. Олардың әрқайсысы өзінікін дұрыс деп санады. Осыған бола шаңқылдасып, керілдескен екеуінің ырың-жырыңын Барақ сұлтан пышақ кескендей тыйып тастады. Екеуін де байыппен тыңдап болған соң, ол біреуінің бетінен өзінің темірдей мықты қолымен салып жібергенде, анау жай оғы түскендей мелшиді де қалды. Екінші қолымен ол қытай кездемесін қарс айырып, екеуінің аяғының астына тастай салды. Геркулестің үкімін олар қыңқ етпестен қабыл алды.

Бәйгенің аяғы палуандар күресіне, қымыз толы шараның ішінен теңгеліктерді тіспен алып шығуға ұласты. Бұл өнердің соңғысы жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылып, күн батқанға шейін ақ-сүйектердің де, қара халықтың да көңілін сергітті. Күн көзінің сәулесі таудан асып жығылғанда, біз ойын-сауық өтіп жатқан жерден аттандық. Жиналғандар да аттарына мініп, жан-жаққа тарасты. Қазақтардың ұлан асыр жиын-тойынан қалған сүйек-саяқ пен қалған-құтқанға таласқан бүркіттердің, қарғалардың, қаршығалардың шаңқылдаған үні ғана тыныштықты бұзады. Зеңбіректердің гүрсілі мен жалын шашқан, ракеталардың тарсылы аспанды жаңғыртып лагерьдегі кешкі намаздан кейін жаңағы құстардың өзін тау-тас пен орман-тоғайға қуып жібергендей болды» (128-133 бб.)

«Семей бір кездегі Омбы облысының орталығы болған. Қазір Томск губер-ниясының Бийск округіне қарайтын ол Тобылдан – 1300 шақырым және Омбыдан 70 шақырым, Семей өзеншігінің ертіске құяр сағасында. 1716 немесе 1726 жылы осы аттас кішігірім бекініс 20 шақырымнан астам төменірек болған және жиі көтерілетін Ертіс суы шайып кету қаупі төнгендіктен, оның іргесі XVIII ғасырдың екінші жартысында көтерілген, дәлірек айтқанда, ол осы жерге көшіріп әкелінген. Жоңғарлардың қираған ескі қамалының орнына салынған бүгінгі Семейде 7000-ға тарта тұрғын бар, олардың көбі татарлар, ташкенттіктер, бұхарлықтар. Сондықтан шіркеу біреу, ал мешіт алтау немесе жетеу. Қазақ тілі барлық дерлік жерде қолданылады. Тіпті, мұндағы сән-салтанаты асқан россиялықтардың тең жартысы, біздің әйелдеріміздің французша сөйлейтініндей, осы тілде еркін сөйлейді.

 «Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» (сонда:188 бет).

Абайтанушы ғалым Жұмағали Ысмағұл (1928-2011) өзінің зерттеу жұмыстарында Абай дәуірі жайында елеулі ойларын жазып қалдырған. Онда:«XIX  ғасырдың орта шені. Орыс патшасының бодандығына кіргелі ғасырдан астам уақыт өткен кез. Сол мерзімнің өн бойына дерлік қыр елін ұзын арқан, кең тұсаумен алдарқатып ұстаған патшалық оны сыртқы жаудан аман сақтап, ішкі өміріне араласпайтын сыңай танытқанымен, бірте-бірте оның шекараларын айнала қоршап, ірі-ірі қалалар салып, тірек бекіністерін нығайтып алған-ды. Сөйтіп оның ішкі өміріне тікелей араласып, әкімшілік билікті үкіметтің өз қолына алуына жол ашылған. Соның алғашқы шарасы ретінде қазақ жерінде хандық билік жойылып, әр өңірде шағын көлемді округтер құрылған. Олардың билік басына аға сұлтан деген алдамшы атақпен хан тұқымының бас көтерер пысық мырзалары тағайындалған да, олар түгелімен ішкі қалалардағы үйез бастықтарына бағындырылған.

Қазақ даласында патшалықтың ашық отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы ұшқыны батыс өңірде сақталып қалған хан билігінің сарқытына қарсы XIX ғасырдың  отызыншы жылдары Исатай – Махамбет қозғалысы арқылы тұтанса, сол өрт бірден-бірге жалғаса келіп, қырқыншы жылдардың орта кезінде Арқадағы Кенесарының қайсар қарсылығына ұласқаны белгілі. Бірақ ержүрек батыр қаншама қайрат көрсетсе де, патшалықтың от қарумен жасанған жүйелі әскеріне төтеп бере алмай, оңтүстік өлкелерге қарай жылыстауға мәжбүр болған» (Жұмағали Ысмағұл; Алтын ғасырдың ақ таңы /. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 504 бет.374-348 бб.).

«Кенесарының қалың қолы қазақ даласының төскейінен төмен қарай жылжыған сәтте, Құнанбайдың екінші бәйбішесі Ұлжан ана қатты толғатып, үш күн, үш түн қиналғаннан кейін, шекесі торсықтай бір ұл туыпты. Қазақтың маңдайына біткен болашақ данагөйі, ұлы Абай дүниеге осылай келген екен» (348 б.).

«Абай әке мен ата сөзінің арасындағы кереғарлықтың шетіне шыға алмай жүргенде Мәскеудегі оқуын бітіріп, Халиолла інісі келе қалған. Ағасының екі ұшты ойына түсінік берген, Ресей үкіметінің қазақ елі жөнінде жүргізіп отырған саясатын ол былай түсіндірген:

«Біріншіден, қазақ орысқа қарсы тұрып ештеңе өндірмейді. Қазақ – бар өнерден, тірліктен махрұм қалған халық. Қазақты ұйқысынан оятып, ілгері бастау үшін орыс секілді қабырғалы, іргелі ел керек. Оның дінін алма, тілін ал. Өнері мен оқуын бойыңа сіңір. Кейінгі ұрпақ көзі ашық, сауатты болып өссін.

Екіншіден, орыс мемлекеті – үлкен империя. Ол күшпен жаулап алған елдерін еркімен жіберіп, бос отырғызып қоймайды. Жерді ру ыңғайымен пайдалану тәртібін бұзып, өздеріне ашығып сыймай жатқан шаруаларын орналастыру керек. Қазақты өзіне-өзін билетпеу үшін жаңа мемлекет аппараты құрылғалы жатыр. Енді қазақ өз жеріне өзі ие емес, оған сырттан келетін келімсек, орыстың қара шаруасы қожалық етеді. Оған жер-су, бар байлық тегін беріледі» (362-363 бб.).

«Көп ұзамай, осынау жат әңгіменің алғашқы зардабын Абай өз басы арқылы тартқаны бар. Қыстың орта кезінде ол қасына сенімді серігі Мауқайды алып, Семейге барған. Сол сапарында оның бірден байқағаны, қаланың бет әлпеті мүлде өзгеріп кетіпті. Жасынан өзі бауыр басып, еркін қызықтаған Семейі емес. Көшелері ерсілі-қарсылы сарт-сұрт ағылған аттылы-жаяулы әскерге толып кеткен. Халқы да бұрынғыдай емес, орыс-қазақ болып екіге жарылып алған. Ең сорақысы, орталық көшелерде қазақты еркін жүргізбейді, ол үшін қала әкімшілігінің арнайы рұқсат қағазы болуы керек дейді. Абай оны елең қылмай, Ертіс жағасындағы жаңадан ашылған кітапханаға қарай ат-шанасымен бара жатыр еді, көшеде пристав оны тоқтатып алып, ілгері өткізбей қойды.

–  Сен киргизсің. Бұратана елдің өкілісің. Нанбасаң ананы оқы, – деп пристав тақтайшада жазылған жарнаманы нұсқайды. Абай мойын бұрып, бадырайтып жазып қойған жарнаманы оқыса: «Киргизам и собакам входить воспрещается!» (363 б) деп жазулы тұр. Осы тұста ғалым Жұмағали Ысмағұлдың мына уәжіне: «XIX  ғасырдың орта шені. Орыс патшасының бодандығына кіргелі ғасырдан астам уақыт өткен кез»,- деп қазақ елінің бодандыққа түскен мерзімін шындыққа таяп жазғанын анық бір жазба дерекпен нақты айтуға болады. Ол дерек ағылшын суретшісі, жансызы Жон Кестль (1720-1742)  жазған: «1736 жылы кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы» атты еңбегі дәлел. Бұл кітап неміс тілінен Әлмағамбет Төрехан тарапынан қазақ тіліне тәржімаланып жарық көрді (Жон Кестел, 1736 жылы кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайқан сапар туралы»,-аударған: Ә. Төрехан, Алматы: Атамұра, 1996, -96 бет). Бұл еңбекке тарихшы, шоқайтанушы  Көшім Есмағамбетұлы (1938-2016) алғы сөз жазып, кітап жайында пікір білдірген. Онда: «Автордың орыс отаршылдық саясатын толық қолдайтынына, қазақтарды «жабайы», «қарақшы» деп санайтынына қарамастан күнделікте көптеген оқиғалар тарихи шындық тұрғысынан баяндалған. Олардың қатарына: патша өкіметінің башқұрт көтерілісшілеріне қазақтардың қосылып кетуіне жол бермеу шаралары; Кіші жүзге қалмақ елшілерінің келуі; Әбілқайырдың патша өкіметі Ералыны аманат ретінде төрт жылға жуық ұстап отырғанына наразылық білдіруі; Орынбор комендантының қазақтарды Ор өзенінің төменгі жағына малдарын жаюға рұқсат бермеуі және осы мәселеге байланысты Әбілқайырдың, өзі айтқандай, «тығырыққа тіреліп» отырғандығы; Сырдың төменгі ағысы маңайында, не басқа бір оңтайлы жерде бекініс салынса, Әбілқайыр онда орнығып алып, өзінің наразы болып жүрген қоластындағыларды да, басқаларды да, тіпті Хиуа мен Бұқарды өз әміріне қалтқысыз бағындырсам деген ниеті туралы хан мен Кестль арасындағы әңгімелер жатады» деп баға берген. Сондай-ақ еңбек жайлы былай: «Жалпы, күнделікте автордың жеке басына, өзінің қам-қарекетіне, аш-тоқ болғанына, көрген михнатына, т.б. көп орын берілген. Кэстль кейбір жерлерде асыра айтып, әсірелеп те жібереді. Патша ағзамға шын пейілмен берілгендігін, Ресей мүддесі үшін «ұланғайыр» еңбегінің өтемінің болмағандығын айтудан жалықпайды» деп пайымымен толықтаған. Қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, саяси-әлеуметтік жайдайын Абай кезеңінен жүз жылдан бұрынғы жазба деректерге сүйенер болсақ Жон Кестль (Jan Cassel) жазбаларына қоса, Алексей Иванұлы Тевкелевтың (1674-1766) «Күнделігі» атты еңбегінде оқып зерделеуге тиіспіз. Оның маңыздылығы – Әбілқайыр хан 1730 жылы Санкт-Петербургке Құтлымбет Қоштайтегі басқарған елшілер жіберген. Қазақ елшілердің патшамен кездескен сәтінде Алексей Тевкелев мырза да болған. Ресей патшасы Әбілқайырдың жіберген елшілеріне саяси жауап ретінде Алексей Иванұлы Тевкелев басқарған орыс елшілерін Әбілқайыр сарайына жіберді. Сондай кездесу мен саяхатта болған Тевкелев кейін 1760 жылы мың беттен астам жиған-терген және ойға түйген пайымдауларын «күнделік» етіп жазды. Онда қазақтардың саяси-тарихи, мәдени-қоғамдық, ру-тайпалық өмірімен танысуға болады. Әрине оның міндеті патшаның саяси мақсаты бағытында қазақтарды бодан халыққа айналдыру болды. Алексей Иванұлы Тевкелев мұсылман болған. Ол жұмысын әуелі тілмаш және елші болып бастады. Ол кезде аты-жөні: Құтлұғмұхаммед Мамаштегі болған кейін христиан дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертіп, орыстың жансызына айналып кеткен. Осы іштен шыққан жаудың өзі қазақтың орыс боданына айналуына орасан тыйымды болғанын және отаршылдар үшін орасан пайдалы болған. Алексей Тевкелевты  қазақтар «Теуіпкел» деп атағанын Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында жазған. Онда: « Қазақ жерінде – Тевкелевті Теуіпкел деп атап кеткен» (411 - бет).  (Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында, Алматы, «Көшпенділер» баспасы, 2006,-912 бет.)

Тарихшы ғалым Көшім Есмағамбет-ұлының тұжырымы бойынша Тевкелевтің «Күнделікте» қараған мәселелері:

1.Башқұрт-қазақ, қазақ-жоңғар қатыныстары;

2.Әбілқайыр хан және оның төңірегі (сұлтандар, батырлар, билер, рубасылар);

3.Әбілқайырдың орыс әкімшілігі жөніндегі ой-пікірі;

4.Әбілқайырдың алдына қойған саяси мақсат-мүддесі және әлеуметтік, саяси тірегінің әлсіздігі;

5.Жәнібек, Бөкенбай сияқты батырлар мен руластарының қазақ қоғамындағы рөлі;

6.Қазақ халқының түрлі әлеуметтік топтарының күнделікті өміріне, тұрмыс-салтына байланысты бай этнографиялық материалдар;

7.Кіші жүздің хайуанаттар мен өсім-діктер дүниесі, табиғаты, пайдалы кен қазбалары, т.б. мәселелер жайында ұтымды мәлімет береді. 1735-1736 жылы Тевкелев башқұрт көтерілісін басуға қатысты. Оның жазалаушы отрядтары 50 ауылды өртеп, 2 мыңдай адамды өлтірді. Бұл оқиға жөнінде XIX ғасырдың тарихшысы Владимир Витебский: «Тевкелевтің қол астындағы башқұрттарға озбырлығы салдарынан олардың арасында жаппай көтеріліс орын алды. Алайда ол көтерілістер Тевкелев тарапынан аяусыз жазаланды» - дейді. Башқұрт халқы сол қаралы күндер жөнінде «Тафтилау» атты лағынет жырын жырлап, ұрпағына мұра етіп қалдырды. Онда:

Жайнаған гүлдей өлкесін

башқұртымның,

Полковник Теуіпкел сен келіп

құрттың,

Ақ Еділдің жағасын отқа орап,

Башқұртымды өртеп, иығыңа

Алтыннан пагон тақтың.

Қара орманы бар шатқалды,

Түнгі дауылдай зарлаттың.

Жартасқа жаздым ұрпақ үшін

Мәңгілік қалсын қарғыс үн!

(Википедия – ашық интернет энциклопедиясы).

Сондай-ақ  қазақтың көшпенділіктен отырықшы қоғамға айналмауы да оның сауатсыз және ұйымдаса алмауына басты себеп болып келді. Сондай-ақ көшпенді тұрақты мектеп пен басқару орталықтан мақрұм болғандығы оның хандық жүйесі де біржолата күйреуге ұшырады. Сондықтан Ресейдің отаршыл саясатына  шығыс, орталық аймақтарындағы қазақ қауымдары бір-бірімен тығыз байланыста бола алмады. Оның саяси, экономикалық, қоғамдық қатынастары тұрақты, белгілі бір жүйемен жалғаса алмады. Сондай-ақ қазақ қауымдарын ұлттық мүддеге насихаттау істері мардымды нәтижелерге ұласа алмай жүрді. Қазақтардың елдік рухы қаншалықты мықты болса, көшпенділіктің салдарынан бір-бірімен ұйысу соншалықты әлсіз болды. Мәселен, қазіргі Маңғыстау бұрынғы Маңғышлақ тарихтың ежелгі дәуірінен бастап күні бүгінге дейін Иран, Анадолы, Кавказия, Ресей және Орталық Азияны бір-бірімен байланыстыратын алтын көпір іспеттес болып келеді. Бірақ XIX-шы ғасырдағы басынан өткізген саяси тағдыры мүлдем өзге кітаптың тақырыбы сияқты оқшауланып тұр.  «XIX ғасырдың екінші жартысындағы Маңғышлақ қазақтары» атты зерттеу еңбектің авторы, тарихшы Мәриям Сүлейменқызы Тұрсынтегі (1914-1990) аталған кітабынан көптеген деректі және маңызды мәліметтер берген. Оның осы зерттеу еңбегі Маңғыстау қазақтарының 1870 жылғы Иса-Досан көтерілісін арнайы мәселе ретінде қарастырған. Сондай-ақ  Қазақстанның 19 ғасырдағы тарихи мәселелері жөнінде жүздеген мақалалары бар. Олар зерделі зерттеушілерге қазақ қоғамын Абай дәуірін тануға әрі  мен одан жүз жыл бұрынғы саяси, әлеуметтік, мәдени-қоғамдық және экономикалық ахуалынан шынайы мағлұмат алуға айтулы әдебиеттер қатарында пайдалы бола алады  (М.С.Тұрсынтегі, «XIX  ғасырдың екінші жартысындағы Маңғышлақ қазақты» (Әлеуметтік-экономикалық және саясат тарихы мәселелері): Монография, Қарағанда; “Литера”, 2015, - 184 бет. Қазақша-орысша).

Қазақ даласының Абай дәуірін таныс-тыра алатын тағы бір шығарма «Томас, Люси және Алатау» атты еңбек. Оның авторы Жон Масси Стюарт. «Ол өзінің жеке саяхаттарымен ерекшеленді және Ресей мен бұрынғы Кеңес Одағында беделі жоғары болған. Ол жазушы, оқытушы, фотограф және қоршаған ортаны қорғаушы ретінде 1960 жылдан бері КСРО / Ресейде 30 рет болып, елді екі рет аралаған. Ол Ұлыбританияда, АҚШ-та, Францияда, Израильде, Канадада және Сібірде (он бір рет болған), өткен және қазіргі Ресейдің әртүрлі аспектілері бойынша дәрістер оқыды және академиялық мақалалар берді. Ол Ресейдің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Лондон бас-тамасын сақтау қорын бірге құрған және Қауымдастықтар палатасының экологиялық сұранысының маманы, кеңесшісі және НАТО-ның Сібірдегі Байкал көліндегі экотуризм жөніндегі кеңейтілген семинарының делегаты болды.

 Еңбегі әділетсіз ұмытылған адамның алғашқы және түпкілікті өмірбаяны: Томас Витлам Аткинсон (1799-1861), сәулетші, суретші, саяхатшы, автор және бигамист. Сібір саяхатшысы ретінде өмірінде танымал болған ол Цардың арнайы рұқсатымен Орал, Қазақстан және Сібірде жеті жыл ішінде, 40000 мильге жуық қашықтықты жүріп өтіп, 560 акварель эскиздерін жасап, олардың көбісі осында алғаш рет жарияланған. Көбісі драмалық декорациялар мен экзотикалық халықтар.

Ол егжей-тегжейлі күнделікті журнал жүргізді. Бұл сондай-ақ Люсидің, оның рухты және батыл әйелі мен олардың ұлы Алатау Тамшыбұлак туралы әңгіме. Оның екеуі де көптеген шытырман оқиғалары ыстық пен суықты бірге бөлісіп, атпен жоғары және төмен қияларда және қауіпті өзендер бойымен саяхаттап, үлкен жартастың жанынан қашып, әйгілі декабристермен достасып кеткені туралы. Кітаптың 3-тарауы ерлі-зайып-тылардың шексіз болып көрінетін (және көбінесе жолсыз және сусыз) қазақ даласы мен шөлін аралауына арналған. Саяхаттың сипаттамасы шын мәнінде қызықсыз, бұл олар өткен өте іш пыстыратын пейзаждың көрінісі және ешқандай түсініктемені қажет етпейді. Дастанның маңызды оқиғаларының бірі, сау (бірақ ерте туылған) ер баланың дүниеге келуі болды. Автордың айтуы бойынша, «дүниеге келу» шөлдің шетіндегі және Алатау тауларының етегіндегі Копал деп аталатын қазақтардың мекенінде орын алды. Баланың аты Алатауда содан келген. Кейінірек олар бұл ерекше, еске алу іс-қимылын Тамшыбұлақ номиналын - тағы бір жергілікті топонимді қосып, Аткинсон кіші жасөспірім өмірінің соңына дейін еске түсірді (Ол Гавай аралдарында танымал білім беру қызметкері және көрнекті азамат болып өседі). Жеті айдан кейін Томас Қытаймен шекаралас аймақты зерттеу үшін Копалдан кетіп бара жатқанда, ол өзінің күнделігінде: «Люси де, Мен де осы жер мен адамдарды шын жүректен жақсы көреміз. Біз барлығына қош бол деп айта алатын күнді қуанышпен қарсы аламыз». Олар қатаң ортада болса да, жылы қонақжайлылықты ұмыта алмайды.

Осы және өзге эпизодтардан басқа, үзінділерде жергілікті әдет-ғұрыптар, жерлеу рәсімдері, бала көтеру әдет-ғұрыптары, жергілікті халықтардың сарториальды және аспаздық әдеттері туралы көптеген мәліметтер бар. Люсиді этнографиялық мәселелер қызықтырса, ал Томас география мен геологияға көбірек қызығушылық танытып, мұны оның көптеген өнер туындылары дәлелдейді.

Олар 1849 жылдың күзінде Қазақстаннан кетіп, Батыс Сібірге оралды, қыстап, Барнауылда «қайнап» қайтты. Келесі жылдың маусымында олар шығысқа қарай бұрылды, бұл жолы өздерінің штаб-пәтері ретінде Байкал жағалауындағы Иркутскіді таңдап, жер аударылған бірнеше «декабристерді» таныды: олар 1825 жылы тірі қалған автократиялық режимге қарсы әскери көтерілістің мүшелері. Жоғары білімді бұрынғы армия офицерлері әуесқой, сәтсіз төңкерістен кейін тұтқындалды және олардың жүзден астамы ауыр еңбек пен Сібірге қуылды. Онда болған кезде көптеген адамдар Сібірдің интеллектуалды және ғылыми өміріне құнды үлестерін қосты. Аткинсондар өздерінің орыс революциялық интеллигенциясының осы көрнекті ізашарларымен араласу мүмкіндігін барынша пайдаланды». Бұл мәлімет ағылшын тіліндегі уикипедиядан алынды.

Жоғарыда берілген мәлімет пен қорытындылар Абай заманында қоғамды басқаруда саяси  жүйесінің аса қажет және маңызды екенін айғақтайды. Өйткені саяси жүйе жоқ жерде қоғам түптің түбінде жүнжіп кетеді. Сондай-ақ қоғамның қауымдасуы мен ынтымақ негіздерінің бірі – салт-дәстүр екенін көрсетеді. Негізінде қазақтың ұлттық болмысын оның әдет-ғұрпы мен ауыз әдебиетінің кең өрісте айналымда болғандығынан қалыпты күйде өмір сүре білді дей аламыз... Осы тұрғыдан қарағанда қазақ халқы өзінің ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріне берік болғанын аңғартады. Сондықтан басынған орыстың отарлау санасы қазақты өз жерінде өгейсіте қойған жоқ. Бірақ қазақтың ұлттық саяси психологиясының әлсірегенінкөруге болады. Және қазақтың ой-өрісіне жетекші бола алған Абайдай  ойшыл ақыны қазақ қауымының артықшылығы болды. Абай шектеулерге бой берместей ұлттық саяси санамызды әлемдік өріске жетеледі. Ол шығыс пен батыстың ойшыл өкілдерінің шығармаларымен қазақ әдебиетін нәрлендірді. Сөйтіп  келешек ұрпағына әлемнің тұтас ой кеңістігіне  назар салуға бағыт берді.

3360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз