• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ХАЛЫҚ САНАҒЫ: ӘР АДАМ МАҢЫЗДЫ

Дина ИМАМБАЕВА,

«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары

Ұлттық халық санағы – ауқымдылығы мен маңыздылығы өте зор мемлекеттік науқан. Бұл іс-шара халықтың нақты саны, жас құрамы, жыныстық құрамы, урбанизация дәрежесі, т.б. жөнінде тексерілген, негізделген ақпарат береді және ол мемлекеттің бүкіл саласында басқарушылық шешімдер қабылдау үшін аса қажет. Санақ мемлекеттің белгілі бір кезеңдегі даму деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Халықтың өсімі, тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты, жаңа өзгерістер, осының бәрі санақ арқылы анықталады. Бұл көрсеткіштер тек статистика үшін ғана емес, қазіргі және болашақтағы үдерістерді болжау үшін қажет. Санақ нәтижелері экономика, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, отбасы институты, миграциялық процестерді реттеу, жоспарлау үшін қолданылады.

Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі.Соңғы науқан 2009 жылы өткен болатын. 2020 жылға жоспарланған санақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Сол себепті кезекті халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. Санақ ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды». Бұл жолғы науқанның ерекшелігі – санақ өткізу процесі автоматтандырылған және оған заманауи сандық технологиялар енгізілген.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 1 мен 30 мау-сым аралығында өткізіледі. Бұл дайындық кезеңінде аудандастыру жүргізіледі, интервьюерлер тұрғын үйлер мен онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекенді аралайды.  Санақты аудандастыру әрбір елді мекеннің аумағын санақтың 2-кезеңін өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлуді білдіреді.

Екінші кезеңде ұлттық санақ басталады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады. Биыл халық санағы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі үй-үйді аралау. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қазақстандықтар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-санақтан өте алады. Мұнда азаматтар онлайн режимде сұрақтарға жауап береді.  Әрбір адам сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін сол нөмірге растау коды, сондай-ақ, санақтан өткеннен кейін оның санақтан өткендігі туралы SMS келеді. Үйге санақ жүргізетін қызметкерлер келген жағдайда, респонденттер осы хабарламаны көрсетіп, санақтан өткенін растауы қажет. Сондықтан, интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді. 1-30 қазан аралығында үй-үйді аралау арқылы тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі. Дәстүрлі санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі. Планшеттерді қолдану деректердің шынайылығына адам факторының әсерін барынша азайтады, ЖСН қолдану арқылы сенімділік деңгейін жоғарылатады және ақпараттың қайталануына жол бермейді.

Sanaq.gov.kzжүйесі тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.  Сонымен қатар egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны қолданып, санаққа қатысуға болады. Мобильді азаматтар үшін Aitu мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

Бюро деректері бойынша, онлайн және планшет арқылы сауалнама жүргізу үшін электронды санақ парақтары әзірленген. Онда әр азаматтың баспана жағдайы, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, туу, жұмыспен қамтылуы, күнкөріс көзі және тыныс-тіршілігінің шектелуі туралы сұрақтар қамтылған.  Барлығы –  87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ). 2009 жылғы санақта 73 сұрақ болған. Биылғы санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген. 

Санақ кезінде есепке алынатындар:

– халықты есепке алу сәтінде елдегі тұрғылықты жерінде жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– шетелде жүрген қазақстандық дипломаттар, ұзақ мерзімді қызметтік іссапарға байланысты 12 ай және одан көп уақыт шетелде жүрген Қазақстан азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда);

– Қазақстанда тұрақты тұратын, бірақ 12 айдан аз мерзімге қызметтік іссапарға, келісімшарт бойынша жұмысқа, оқуға шетелге уақытша кеткен адамдар;

– Қазақстанда тұрақты тұратын және шетелге уақытша демалуға, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонаққа кеткен адамдар;

- Қазақстанда тұрақты тұратын, халықты есепке алу сәтінде теңізде жүрген отандық балық аулау және сауда кемелеріндегі теңізшілер;

– тіркеу құжаттарын рәсімдеп үлгермегендер немесе тұрғылықты тұруға ықтиярхат алмағандарды қоса, шетелден Қазақстанға тұрғылықты тұруға немесе пана іздеп келген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– 12 айдан көп мерзімге шетелден Қазақстанға жұмысқа немесе оқуға келген қазақстандықтар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан аумағында уақытша (12 айдан аз) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан азаматтары.

Ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары;«Болашақ» бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан көп уақытқа шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан азаматтары; өз мем-лекетінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері;Қазақстан аумағындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары; өз мемлекетінің үкіметтік немесе өзге де делегацияларының және заңды органдарының мүшелері болып табылатын шетел азаматтары есепке алынбайды.

Халық санағының бюджетіне келсек, 2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 8,2 миллиард теңгені құрайды. Санақ кезінде бір адамға 430 теңге немесе 1,02 доллар жұмсалады. Ал 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 долларды құрады.

2021 жылғы санаққа жұмсалатын шығындардың төмендеуі цифрлық тех-нологиялардың енгізілуіне және санақ процесінің автоматтандырылуына байланысты.

Ұлттық санақ кезінде 1446 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Ол елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін.  Сонымен қатар, респонденттер кез-келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның http://stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.

Ұлттық санақты өткізу үшін 32 509 адам уақытша жұмысқа тартылмақ.  Бірінші кезеңде тіркеуші ретінде 4 562 адам, ал екінші кезеңде санақ жүргізетін интервьюер қызметіне 23 033 адам қабылданады. Жұмысқа алынған персонал арнайы дайындықтан өтеді. Уақытша қызметкерлермен өтеулі қызмет көрсету шарты жасалады. Санақ жүргізуші қызметкерлердің қолында көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады.

Санақ қорытындысы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны жөніндегі жедел деректер дайындалады. 2022 жылы алдын ала қорытындылар жарияланса, 2023 жылы халық санағының соңғы қорытындысы шығады. Санақ бірінші кезекте елдегі тұрғындардың саны жайлы ақпарат және тұрмыс жағдайын, этникалық құрамын анықтап береді. Мысалы 1999 жылғы санақ пен 2009 жылы өткен санақты салыстырғанда, халықтың жалпы саны 1 млн 27 мың адамға өсіп, этникалық құрамы біраз өзгерген. Сондай-ақ 2009 жылғы санақта компьютерлік сауаты бар халықтың саны 33% болса, жаңа санақта бұл көрсеткіш жоғары болмақ. Бұл жолғы санақта компьютер ғана емес, мобильді және ақпараттық технологияларды пайдалану жөніндегі ақпарат бар. 

Халық санағының нәтижелігі оның сапасына тікелей байланысты.  Сапалы жүргізілген санақ сапалы мәліметтер береді, болашақта мемлекеттің экономикалық жоба-жоспарларын дұрыс жасауға септігін тигізеді, әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.Демографиялық саладағы нақты жағдайды білу, экономика, мәдениет және білім саласында ары қарай қадам жасау үшін санақтың дұрыс жүргізілуі маңызды. Және де бұл науқанға әрбір азамат белсенді түрде қатысса, санақ нәтижелері де шынайы әрі пайдалы болмақ. 

1081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз