• Еркін ой мінбері
  • 24 Тамыз, 2021

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҒЫ:  МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ НЕДЕ?

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,

Тұран университеті,

(Алматы қаласы)

Орталық Азия аймағы халықаралық қатынастар жүйесінде  геосаяси тұрғыда өте маңызды әрі өркениеттердің тоғысқан аймағы. «Орталық Азия» ұғымы ғылыми әдебиеттерде толық жүйелі түрде зерттелмегендіктен, ғылыми айналым мен қоғамдық талқылауларда бір-біріне қарама-қарсы дискурстар қалыптасуда.Осы тұрғыдан алғанда қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар жүйесіндегі «Орталық Азия» концепциясын ғылыми тұрғыдан талдау аса маңызды. Соңғы жылдары Орталық Азия аймағы («Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан» қалыптасқан бес мемлекет тұжырымдамасы бойынша) халықаралық қауымдастық тарапынан мүдделер тоғысқан аймаққа айналып қана қоймай, геосаяси маңыздылығы артып келеді. Біздің пікірімізше, бұл негізгі екі себепке байланысты. Біріншіден, аймақтың қуатты шикізат базасы және тиімді стратегиялық орналасуы.

Екіншіден, Орталық Азия елдерінде жаңадан қалыптасып жатқан мемлекеттік институттың жаңа мыңжылдықтың шы-найылығына  тез бейімделіп,  әлемдік саясат пен экономикаға сәтті  кірігуінің жалғасып келе жатқан көрінісі.

Алғаш рет «Орталық Азия» ұғымы 1843 жылы неміс географы Александр Гумбольдтың еңбегінде көрсетілді. А.Гумбольд пікірінше, бұл аймаққа «Алтайдан оңтүстікке қарай Гималайдың солтүстік беткейіне дейінгі аумақтар» кірді. Кеңес Одағы кезінде әлемнің саяси картасында «Орталық Азия» аймағы болған жоқ,  керісінше  «Орта Азия және Қазақстан» немесе «Орта Азия (Средний Азия)» термині біртұтас Кеңес мемлекетінің оңтүстік шекарасы шеңберінде қолданылды. КСРО саяси институт ретінде жойылғаннан кейін, жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттерді саяси ғылымдар тұрғысынан зерттеуде жаңа шекаралар мен терминологияны анықтаудағы маңызды кезең бастау алды. 1993 жылғы қаңтардағы өңірдің бес мемлекеті — Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Респуб-ликасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы басшыларының Ташкент қаласында кездесуі болды. Ресми кездесу барысында, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша кеңестік кезеңде қолданылған «Орта Азия және Қазақстан» ұғымынан бас тарту және «Орталық Азия» терминін қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданды .

Орталық Азия қазіргі халықаралық қа-тынастар жүйесінде маңызды рөл атқарып, әлемдегі ең ірі саяси қатысушыларының (Ресей, АҚШ, Қытай, ЕО) мүдделерінің қиылысу нүктесі, сонымен бірге әлемдегі ең ірі өркениеттер (Христиан, Конфуций және Ислам) құндылықтарының тоғысу әрі қақтығысу алаңы болып отыр. Орталық Азия – әлем картасындағы негізгі геосаяси аймақ ғана емес, оған бақылау орнату ірі дамушы экономикалар (ең алдымен Қытай) үшін логистика торабы мен стратегиялық шикізаттың басқа да түрлерінің жаһандық транзитін басқаруға және соның салдарынан олардың экономикалық өсуіне, жиынтық қуаты мен экспансия бағыттарына әсер етуге мүмкіндік береді. 2021 жылдың 11 қыркүйегіне қарай Ауғанстан жерінен АҚШ армиясының толық шығарылуы, аймақтағы Талибан қозғалысы ықпалының қайта артуына тұтастай Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне белгілі бір дәрежеде қатер төндіруде. Өңір халықаралық қатынастар жүйесінде бірнеше ғылыми дискурстар негізінде зерттелуде. Патшалық Ресей, Кеңес Одағы, Ресей Федерациясы тарапынан Орталық Азияны зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, әдетте, өте ұқсас: «периферия», пост-кеңестік мемлекеттер, бұрынғы «колония» елдері деп көрсетіледі. Алайда, Орталық Азия елдерін зерттеуге деген қызығушылық соңғы отыз жыл көлемінде батыстық ғылыми қауымдастық тарапынан арта түсуде. Орталық Азия ондаған жылдар бойы Кеңес Одағының құрамында болғандықтан халықаралық қатынастардың жеке субъектісі болған жоқ. КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық қатынастардың дербес субъектілеріне айналуы зерттеушілер-дің олардың сыртқы саясаты мен шет елдермен байланыстарына деген қызығушылығын арттырды. Орталық Азия өңірі қазірдің өзінде әлемдік ойыншылар мүдделерінің қақтығысуы ықтимал алаң болып отыр. Олардың ішіндегі ең ірілері – АҚШ пен ҚХР,РФ, Жапония, Оңтүстік Корея. Мысалы үшін, бүгінгі таңда АҚШ экономикалық даму қарқынында өзінің басты қарсыласы ҚХР ұтылып, оның тез өсіп келе жатқан экономикалық және саяси күшіне тәуелді болып келеді. Сондықтан АҚШ және жалпы «Батыстың» Орталық Азияға деген қызығушылығы соншалықты зор деп айтуға негіз бар.

Орталық Азия елдері  әлемдік қоғам-дастықтың халықаралық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұруының аса маңызды шептерінің біріне айналып, аймақтың өсіп келе жатқан халықаралық маңыздылығын және кез келген уақытта аймақтық категориядан халықаралық категорияға айналуы мүмкін сипатын зерттеу қажеттілігін көрсетеді. ХХІ ғасырдың басына дейін сыртқы саясаты енді ғана қалыптаса бастаған бұл мемлекеттер көп жағдайда әлемдік саясат пен экономиканың шетінде болды. Халықаралық қауіпсіздік саласындағы, халықаралық терроризм, ислам экстремизмі, есірткі саудасы және трансшекаралық қылмыстың басқа да түрлері түріндегі жаңа қатерлердің пайда болуына байланысты елеулі өзгерістер іс жүзінде энергия көздеріне әлемдік бағалардың күрт өсуімен тұспа-тұс келіп, әлемнің жетекші елдерінің саяси басшылығының, әскери және дипломатиялық ведомстволары мен іскерлік құрылымдарының және тиісінше Орталық Азияны зерттеуші-ғалымдардың қызығушылығының едәуір өсуін тудырды. Қазіргі кезде ғылыми қауымдастықта  бес көршілес мемлекетті сипаттайтын бірнеше ғылыми атау кездеседі. Олар: Орталық Азия, Орта Азия және Қазақстан, пост-кеңестік Азия, Үлкен Орталық Азия. Алайда аталмыш тұжырымдамалар арасында бірнеше ерекшеліктер мен ұқсастықтар бар. Бұл мақала барысында, жоғарыда аталған концепцияларды талқылай келе, Орталық Азия елдерінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтаймыз.

 

«Орталық Азия» аймағының қалыптасуы процесі. Орталық Азия – өркениеттер тоғысында

Орталық Азия елдерінде өзара тиімді саясат жүргізуіне бірден-бір кедергі – мемлекеттер арасындағы қалыптасқан проблемалар болып отыр. Орталық Азия өңірінің бірқатар ішкі проблемаларын, бірінші кезекте – кедейшілік проблемасын тез әрі тиімді шешу талап етіледі, олардың шешілуін кешеуілдету көптеген этно-саяси қақтығыстардың туындауына негіз болып, мемлекетішілік проблемалар сыртқы проблемаларға, өңірлік проблемадан халықаралық проблемаларға ұласуда.

Орталық Азия аймағының халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлін зерттеу кезінде әртүрлі авторлардың: сая-саттанушылардың, әлеуметтанушы-лардың, конфликтологтардың, халық-аралық заңгер-ғалымдардың және халықаралық қатынастар жүйесінің әртүрлі деңгейлерде, оның ішінде өңірлік деңгейде қалыптасуын зерттеумен айналысатын ғалымдардың бірқатар жарияланымдары зерттелінді. Қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесіндегі Орталық Азия аймағының рөлі мен орнын зерттейтін отандық дереккөздерді бірнеше негізгі топқа бөлуге болады. Бұл еңбектерде Орталық Азия елдеріндегі саяси қатынастар проблемаларына және олардың әлемдік және өңірлік көшбасшылармен өзара іс-қимылына талдау жасалған. Сонымен бірге, бұл жұмыстарда АҚШ, Ресей және Қытайдың Орталық Азиядағы мүдделерінің өзара тәуелділігі мен қарама-қайшылығының тұтас көрінісі ұсынылған. Орталық Азия алдында тұрған көптеген маңызды проблемалардың (терроризм, трансшекаралық қылмыс,  трансшекаралық өзендер, демаркацияланбаған шекаралар дауы) трансұлттық сипаты бар. Орталық Азияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлін талдау барысында Х.Маккиндердің тұжырымы аса маңызды. Орталық Азия геостратегиялық тұрғыдан өзге аймақтардан бірнеше формада ерекшеленеді. Аймақ Ресеймен, Қытаймен, Ауғанстан, Иран, Пәкістан орналасқан әскери-саяси турбуленттілік аймақта орналасқан. Үндістан, Парсы шығанағы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террористік  шабуылдан кейін Ауғанстандағы терроризмге қарсы операцияның басталуынан кейін аймақтың терроризмге, экстремизмге қарсы халықаралық күш-жігердегі және оларды қаржылық қамтамасыз ететін есірткі трафигіндегі рөлі едәуір артты.

Халфорд Маккиндердің «өзек» және «Хартланд» белгілері және Орталық Азия
республикалары

Ағылшын геосаяси ойшылы Мак-киндердің  пікірінше Орталық Азия аймағы римландты басқаруда ең маңызды аймақ болып табылады. Халфорд Маккиндер өз кезегінде Орталық Азияны басқаратын адам әлемде үлкен күшке ие болады деп атап өтті. Маккиндер теориясына сүйене отырып, «Орталық Азия бүкіл Еуразия қауіпсіздігінің кілті. Маккиндер схемасында «әлемнің осіне «қатысты анықталған екі негізгі нүкте бар деп көрсетеді. «Бұл Еуропа, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Шығыс Азияның континенталды» аймағы (спайкманның» Римланд «тұжырымдамасының негізі) және Америка, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Австралия және Жапонияның мұхиттық тоғысқан бөлігі болды. Маккиндердің теориясы бойынша, Шығыс Еуропаны кім басқарса, ол хартландты басқарады; Хартландты кім басқарса, әлемді-аралды басқарады; Әлемдік-аралды кім басқарса, ол әлемді басқарады. Бұл тұстағы «хартланд» Орталық Азия. Эдвардс пікірінше, теориялық негіздерге сүйене отырып, өзге «ойыншылардың» әрекетін ескермей жасаған геосаяси тұжырым әдетте тек идея күйінде қалып қояды деп қорытындылайды. О’Хара тұжырымы бойынша Орталық Азия 1991 жылдан бастап сыртқы державалар арасындағы ең басты бәсекелестік алаңына айналды деп, Маккиндердің хартланд идеясының өміршеңдігін қолдайды.Феттвейстің пікірінше, Маккиндердің идеяларын қазіргі Орталық Азияға қолдану өте орынсыз, өйткені аталмыш теориялар Орталық Азия елдерін жеке саяси, біртұтас аймақ ретінде емес, жекелеген мемлекеттерді дербес қарастырады. Алайда Орталық Азиядағы проблемалардың басым көпшілігі мемлекет аралық мәнде. Маккиндер теориялары, Орталық Азияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлін анықтауда баламалы көзқарас ұсынатындығы ақиқат.Маккиндер пікірінше Орталық Азия тұтас Еуразия алабының жүрегі, Еділ, Енисей, Сырдария сияқты өзендерге тікелей шығудың торабы. Себебі, бұл өзендер кең әлеммен байланыспайды, керісінше үлкен ішкі көлдерге қол жетімді емес, алып мұхитқа шыға алмайды. Осылайша, бұл «тірек нүктесі» теңіз күштерінің шабуылына іс жүзінде қолжетімсіз, бірақ сонымен бірге үлкен халықты қолдауға қабілетті болды.

Екінші бір көзқарас, Орталық Азия елдеріне тек қана ХХ ғасыр көзқарасында ғана баға беретін, өзара байланыс-ты Орта Азия және Қазақстан, пост Кеңестік Орталық Азия ұғымдары. КСРО ыдырағаннан кейін Ресей Федерация-сы тарапынан қарастырылған пост колониалды көзқарас. XIX ғасырда Ресей империясы 17-18 ғасырларда Сібір және Орынбор казактары отарлаған қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігін қоспағанда, Орта Азияның көп бөлігін жаулап алды. Орыс билігі кезінде Орталық Азия Түркістан Генерал-губернаторлығына (астанасы Ташкентте) және Дала генерал губернаторлығына (астанасы Омбыда) бөлінді. Бұхара әмірі мен Хиуа хандығы большевиктер жеңген кезде 1920 жылға дейін Ресей протекторатының астында автономды болып қала берді.1920-1930 жылдары Кеңес өкіметі кезінде Орталық Азияның аумақтық бөлінуі бірнеше рет өзгеріске ұшырады, тек 1936 жылы Кеңес Одағы бес тәуелсіз мемлекеттің Республика мәртебесін алды және олардың қазіргі шекаралары пайда болды. 1920 жылдарға дейін Орталық Азия экономикасы өзінің дәстүрлі аграрлық-бақташылық бейінін сақтап қалды, бұл өңір халқының басым түрде көшпелі және ауылдық сипатын көрсетті. Индустрияландыру 1930 жылдары Сталин дәуірінде басталып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар Орта Азияға эвакуацияланған кезде күшейе түсті. Сонымен бірге үлкен Ферғана каналы сияқты ірі суару жобалары жүзеге асырылды. Кеңес Одағының басқа бөліктеріндегідей, ауыл шаруашылығы 1930 жылдардың басында күштеп ұжымдастырылды. Орталық Азия аумағы сәйкесінше, дербес аймақ ретінде маңыздылығын жоғалтып, Кеңес Одағының перифериялық, аграрлық бөлігі сипатында ғана қалыптасты.Кеңестік Орталық Азияны жаңғыртудың адами шығындары орасан зор болды. Оларға 1920-1930 жылдардағы аштықтың бірнеше кезеңін, 1930 жылдардағы репрессия мен террор, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген саяси қарсыластар түрмеге қамалып, көп мөлшерде қайтыс болған еңбек лагерлерінің үлкен желісінің құрылысы (ГУЛАГ жүйесі деп аталады), сондай-ақ Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен халықтың жаппай қоныс аударуын жатқызамыз. Бұл процестер, аймақтың бірегейлігін ғана жойып қоймай, халықаралық қатынастар жүйесіндегі өз-өзін анықтау қабілетін өзгертті. Балтық және Кавказ аймақтарынан айырмашылығы, Орталық Азия республикалары кеңес дәуірінің соңында ұлт-азаттық қозғалыстардың алдыңғы қатарында болған жоқ. 1991 жылдың қарашасына дейін аймақ басшылары КСРО президенті Михаил Горбачевпен «жаңартылған» келісім бойынша келіссөздерге қатысты. Алайда, 1991 жылы желтоқсанда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, жергілікті саяси элита (Кеңес Одағы Коммунистік партиясының республикалық құрылымдарының бұрынғы басшылары) бұл мүмкіндікті қолға алып, коммунистік идеологияға емес, ұлттық негіздерге табан тіреген жаңа авторитарлық режим құра бастады. Біздің пікірімізше, тәуелсіздік алған кезеңде ел басшылығына бұрыңғы коммунистік лидерлердің келуі. Орталық Азия аймағының халықаралық қатынастар жүйесінде жеке тәуелсіз қатысушы емес, өзін өткенмен байланыстыратын «пост кеңестік» сипаттағы ел, аймақ ретінде көрсетуіне ықпал етті. КСРО ыдырағаннан кейін «Орталық Азия» термині саяси мәнге ие болып, аймақ ішінара жергілікті  халықтардың географиялық, этникалық, діни және тарихи қауымдастықтарының бірегейлігін көрсетті. Нәтижесінде, 1993 жылы қаңтарда, Тәжікстан астанасында, Бес Орта Азия республикалары басшыларының кездесуі кезінде  «Орта Азия» (Middle Asia) терминін пайдаланудан бас тартып және одан әрі «Орталық Азия» (Central Asia) атауын қолдану туралы шешім қабылданды. Осылайша, аймақ мемлекеттеріне географиялық жағынан ғана емес, саяси жағынан да Еуразия алқабында маңызды саяси ойыншы болуға алғашқы қадам жасалды. Әлбетте, мемлекет басшылары Орталық Азияны аймақтандыру, яғни, жаһандық, әмбебап стандарттар нысандары мен ережелері негізінде мемлекетаралық қатынастарды құру процестері жүретінін негізге алды.

Өкінішке орай, соңғы 30 жыл ішін-де өңірді аймақтандыру, бірегей «Еуропалық Одақ» немесе «Оңтүстік шығыс азяи елдері одағы» сипатындағы аймақ қалыптаспады. Орталық Азиядағы аймақтық құрылымдардың әлемдік тәжірибе көрсеткендей тиімді жұмыс жасамауының бірден-бір себебі, колониалдық саясаттың нәтижесі. Орталық Азия аймағында, аймақ елдерінің тәуелсіздік алғанына үш онжылдық өтсе де, кеңестік биліктің «белгісі» болып келе жатқан ауқымды бірнеше аймақтық, мемлекетаралық мәселелер жетерлік. Соның бірі, посткеңестік Орталық Азия мемлекеттері арасындағы территориялық толық шешімін таппаған мәселелер. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінде трансшекаралық өзендер, электр энергиясы тасымалынан бөлек, мемлекеттер арасындағы  мыңдаған шақырымнан асатын мемлекеттік шекараның демаркацияланбауы негізгі мәселе болып отыр. Әсіресе, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында ортақ дау тудырып отырған «Ферғана алқабы» мәселесі. Аймақта, Қазақстан мен Түркменстан Республикалары мемлекеттік шекаралары толықтай демаркацияланған басты елдер болып отыр. Алайда, Орталық Азиядағы «Ферғана алқабы» мәселесінің толық шешім таппауы тек қана Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері үшін ғана емес, тұтас аймақ елдеріне тікелей геосаяси қауіп пен қатердің көзі болып отыр. Орталық Азия елдеріндегі аймақішілік шекаралық даулардың шығу тегі мен қалыптасуы ХХ ғ.  20-30 жылдарында кеңестік басқару жүйесінің аймақтың саяси-этникалық ерекшеліктерін ескермей, тек транспорттық-логистикалық тұрғыда империялық саяси мүдде тұрғысында шекаралық бөлініс жүргізуі себеп.

Аймақ елдері тәуелсіздік алған кезеңнен бастап  шекаралық демаркация мәселелерін «мемлекетаралық келісімдер» арқылы шешуді қолға алды. Орталық Азия елдері арасында шекаралық демаркациялық мәселенің шешілмеуіне негізгі 2 түрлі себепке байланысты болды. Біріншіден, Кеңестік биліктің империялық-колониалды саясаты, екіншіден әлсіз ұлттық лидерлердің мәселені шешудегі қауқарсыздығы. Салыстырмалы түрде Қазақстан өзге орталық азиялық мемлекеттермен салыстырғанда шекаралық демаркация мәселесін аймақтағы ең ұтымды шешкен ел болды. Соңғы 30 жыл бойына Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан және Қазақстан арасында кең ауқымды, территориялық мәселелер бойынша  келіссөздер, саяси-экономикалық қы-сымдар, бір-біріне саяси талаптар қоюы сынды бірнеше саяси келіссөздер болды.Шекара мәселелерін бейбіт және ашық түрде шешу аймақтық қауіпсіздікке, экономикалық ынтымақтастыққа, этни-калық қатынастарға және есірткінің заңсыз айналымы мен діни экстремизмге қарсы іс-қимылға оң әсерін тигізер еді.ХХ ғасырдың 20-шы жылдары ортасында ресми Мәскеу өзінің Орталық Азия республикаларының әкімшілік шекараларын белгілеу барысында табиғи географиялық шекаралар мен этникалық бөлініс ұстанымдарынан барынша бейтарап жасады. Себебі, жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс тек ұлттық-этникалық сипатта қалыптасса, аймақтық сепаратизмге ұласу қаупі деп есептеді. Кеңестік жоспарлаудың жоғары орталықтандырылған сипаты, экономикалық және көлік бай-ланыстарының республика шекараларынан еркін айналымына негізделген болатын. Себебі елдер арасында мемлекет аралық шекара тек «тақта» немесе  кішігірім полиция заставасынан ғана тұрған болатын. Барлық факторлар уақыт өте келе, Орталық Азия республикалары тәуелсіз мемлекет болған тұста «мемлекет аралық шекаралық мәселелердің» негізін қалады. 

КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы Орта Азия Кеңестік республикаларының мемлекеттік шекаралары, республикаларды бөлген атаулы әкімшілік сызықтар мемлекеттік егемендіктің ең маңызды атрибутына айналды. Жаңа мемлекеттіліктің пайда болуы республикалардан егемендік пен режимдер үшін ресми аумақтық шеңберлерді талап етіп, бүкіл аумақта қауіпсіздіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етті.1920-30 жылдардағы ұлттық-аумақтық делимитация және одан кейінгі Кеңес өкіметі жылдары Орталық Азия елдері арасындағы өзара байланыста бірқатар аумақтық мәселелер шешілмей қалды және олар аймақтық қақтығыстарға себеп болды. Осылайша, қырғыз, өзбек  тәжік республикалары арасында таралған Ферғана алқабы әсіресе ресми сызықтардың қалай айқын бейнеленген ландшафт ерекшеліктері мен коммуникацияарға байланысты пайда болған анклавтар мен аудандардың санымен толықтырылған шекаралар іс жүзінде анклав немесе жартылай анклавқа айналды; атап айтқанда, Қырғызстандағы Ворух алқабына Тәжік тарабы мүдделі болса,  Қырғызстандағы Сох пен Шахимардан анклавтарына Өзбек билігі мүдде танытып келді.Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері (ОА) өздерінің мемлекеттік шекараларын реттеуге байланысты көптеген мәселелерге тап болуда, себебі сыртқы шекаралардан айырмашылығы, аймақ ішіндегі, әсіресе Ферғана алқабындағы шекараларды демаркациялау процесі әлі аяқталған жоқ. Бастапқы кезден бас-тап Ферғана алқабын бөлісетін елдер арасындағы қиын жағдайлар бойынша, Орталық Азиядағы екі мемлекет, атап айтқанда, Қазақстан мен Түрікменстан аумақтық даулармен байланысты проб-лемалардан айтарлықтай дәрежеде аулақ болғанын және олардың шекараларын белгілеу мәселесін шешкенін атап өткен жөн. Түркіменстан Өзбекстанмен (2000 ж. Қыркүйек) және Қазақстанмен (2001 ж. Шілде) байланысты келісімдерге қол қойды, ал Қазақстан бұл мәселені Өзбекстанмен (2002 ж. Қыркүйек), Қырғызстанмен (2001 ж. Желтоқсан) және Түрікменстанмен (2001 ж. Шілде)) келісімшарттар жасау арқылы шешті (Баумгартнер 2017). 2017 жылғы 10 қарашада Самарқандта өткен Орталық Азия мем-лекеттері сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан шекараларының түйісуі туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, бұл құжат осы үш мемлекеттің шекараларын заңды тіркеу үдерісіне нүкте қояды

Орталық Азия сыртқы саяси қаты-сушылар тарапынан бір жағынан логистикалық коридор сипатында, ҚХР тарапынан жаңа жібек жолы сипатында қарастырылса, келесі жағынан Еуроодақ  пен АҚШ тұрғысынан алғанда буферлік геосаяси аймақ ретінде қарастырылды.Орталық Азия мемлекеттерінің дамуында тұтастай алғанда оң динамика бар деп айтуға негіз бар. Саяси тұрғыдан нығайды, экономикада, соның ішінде мұнай-газ саласы мен гидроэнергетикада оң өзгерістер орын алуда, олардың сыртқы сауда және инвестициялық байланыстары кеңеюде. Орталық Азия елдері (Түрікменстанның бейтарап мәртебесі бар елдерді қоспағанда) ЕурАзЭҚ (Өзбекстан 2008 жылғы қазанда осы ұйымға мүшелігін тоқтатты, 2021 қайта келіссөздер жүргізілуде), ҰҚШҰ және ШЫҰ сияқты күш алатын өңірлік бірлестіктердің құрамына кіреді. Өңір атынан өкілдік ететін Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, 2017-2018 ж БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшелігіне сайлануы, Қазақстанның ғана емес, халықаралық саясаттағы тұтас аймақтың мойындалуы дей аламыз. Осылайша, Орталық Азия біртіндеп халықаралық саясаттың дербес және маңызды факторына айналуда. Орталық Азия рес-публикаларына қатысты американдық сарапшылар тарапынан ұсынылған геосаяси тұжырымдамалық модельдердің ішінде Үлкен Орталық Азия (ҮОА) тұжырымдамасы Орталық Азия аймағына Америка Құрамына Штаттарының сая-си ұстанымын түсінуде және Еуразия орталығының ықпалы мен бақылауының сақталуын түсінуде өте маңызды. Сонымен қатар, тұжырымдама авторлары Орталық Азия мен Ауғанстан және ҚХР ШҰАА біріктіре отырып Үлкен Орталық Азия ұғымын да талдайды. Яғни, «батыс» қоғамы үшін Орталық Азия аймағы пост кеңестік аймақ ретінде емес, еуразиялық коридор ретінде қарастырылады.  ҮОА (соңғы кезде C5+1 форматына ауысты) тұжырымының қалыптасуы аймақтағы күштер тепе-теңдігінің Ресей мен ішінара Қытайдың пайдасына өзгеруіне байланысты және екі державаның геосаяси сын-қатеріне барабар стратегиялық жауап беру қажеттілігінен туындады. Алайда, қазақстандық сарапшы Ю.Булуктаев пікірінше, аумақтың ортақтығы, тарихы, мәдениеті, этникалық тамыры, тілдік жақындығы, мұсылман әлеміне жататындығы түріндегі ортақ объективті негіздердің болуына қарамастан, Орталық Азияның аймақтық бірегейлігі өзінің толық қалыптасқан интеграциясынан әлі алыс, қалыптасу сатысында деп қорытындылайды.

Орталық Азия елдерінің интеграция тарихы

Қазақстандық ғалым М.Лаумулин, АҚШ-тың Орталық Азияға қатыс-ты сыртқы саясаты мен шетелдік саясаттану туралы монографиясында, «Үлкен Орта Азия» тұжырымдамасына кеңінен тоқталады. М.Лаумулин бұл тұжырымдаманы сипаттай отырып, онда аймақтың қауіпсіздігіндебатыстың мүмкіндіктері шектеулігі туралы тезисті алға тартады.

Яғни, Орталық Азия елдері ҮОА тұжырымдасы негізінде аймақтағы геосаяси қайшылықтардың алдын ала алады деп тұжырымдайды. «Соңғы 30 жыл бойына аймақтың халықаралық қатынастар жүйесінде дамуы, қалыптасуы аса маңызды трансформациялық кезеңдерді бастан өткерді. Өзбекстандағы, Тәжікстандағы, Қырғызстандағы, Қазақстандағы этносаралық, мемлекетаралық, су-экологиялық шиеленістің негіздері саясиландырып ғана қоймай, геосаясатқа да алып келуі мүмкін болатын сценарийді өңір басшылары, саяси ойшылдары ұғына алды. Мысалы, І кестеде көрсетілген Орталық Азия елдерінің ортақ мүдде айналасында белгілі бір деңгейде ұйыса алуы, аймақтық халықаралық қатынастар жүйесінде маңызда геосаяси ойыншы ретінде қалыптасуына алғышарттар жасай алды. Орталық Азияның даму тарихы мен посткеңестік кезеңдегі жаңа өзгерістер сырттан келетін қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндердің күшеюін алдын-ала айқындап берді. Әрине, бұл аймақтағы ықпал ету салалары үшін жетекші геосаяси ойыншылардың бәсекелестігін көрсетеді. Әрине, теориялық және тұжырымдамалық ережелер белгілі бір дәрежеде Орталық Азиядағы жетекші державалардың гео-стратегиялық мүдделерінің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы (ШЫҰ) аясында Ресей мен Қытай арасында аймақтағы ықпал ету салалары үшін күрес ұйым құрылған кезеңнен бастап орын алып келуде. Егер аймақта Қытайдың экономикалық артықшылығы айқындала түссе, онда Ресей  саяси ықпалға, тарихи қалыптасқан байланыстарға, дәстүрлерге және аймақтағы орыс тілді халықтың белгілі бір үлесіне ие екендігін алға тарта отырып аймақтағы белсенділігін ұстап қалғысы келеді. Орталық Азия елдері алдымен ішінара, аймақтық қалыптасқан мәселелерді шешуде ортақ ұстанымға келгенше, аймақты «үлкен ойыншылар» тарапынан геосаяси мақсатқа жетудегі құрал ретіндегі мақсаты маңызын жоймайды.

Осылайша, Орталық Азия республикалары дамуының қазіргі кезеңіндегі аймақтық, әлеуметтік-экономикалық, этносаралық, мемлекетаралық жағдайын Ресей, Қытай және АҚШ үшін аймақтағы үстемдік тұрғысынан бірдей мүмкіндіктер туғызуда. Алайда, геосаяси серіктестер арасындағы қалыптасқан «тепе-теңдік балансы» ШЫҰ аясында Ресей мен Қытай арасындағы уақытша ынтымақтастық формасында «әрбір елмен жеке байланыс» формасында паралельді түрде жүзеге аса беретін болмақ. Сыртқы ойыншылар белсенділігінің күрт өзгеріске ұшырауы мұнда автоматты түрде бәсекелестік пен жасырын қақтығыстың шиеленісуіне әкеледі. Қалыптасқан жергілікті және көп жағдайда баламалы қауіпсіздік жүйелері (бір жағынан, ҰҚШҰ – ШЫҰ, екінші жағынан НАТО жобалары) іс жүзінде жалпы тұрақсыздық пен өзара сенімсіздікті күшейтеді. Екіншіден, Орталық Азияны аймақтандыру оған кіретін елдердің ұлттық мүдделеріне қайшы келуі мүмкін процестерге жауап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Орталық Азияның қандай геосаяси қатысушылармен біртұтас экономикалық кеңістік құруы тиіс және мұның қаншалықты орынды болатыны туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Орталық Азия елдері әлемдік қауымдастыққа жеке тәуелсіз ел ретінде танылып, халықаралық институттарға мүше болып өзінің маңыздылығының артқанына 30 жыл ғана болғанымен, аймақ елдері соңғы мыңдаған жылдар бойы  өркениеттің ошағы, халықаралық сауда жолы мен логистика торабы болды. Аймақ елдерінің арасында шешілмеген проблемалардың барлығына қарамастан, Орталық Азияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлі мен орнына қатысты қандай да бір түрде, өңірдегі халықаралық қатынастар конфигурациясын қалыптастырудың тұжырымдамалық, институционалдық және технологиялық жақтары әзірге отандық та, сондай-ақ шетелдік саяси ғылымда да толық зерттеліп біткен жоқ. Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің әлемдік саяси жүйедегі рөліне жасалған талдауды қорытындылай келе, мынадай маңызды шарттамалармен қорытамыз:

* Орталық Азияның геосаяси ландшафтының қалыптасуы қазіргі кезеңде белсенді сатыда тұр;

* Өңірге оның ресурстық және стратегиялық тартымдылығына байланысты әлемнің көптеген жетекші елдерінің (Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея және т. б.) қызығушылығы артуда;

* Орталық Азия өңірінің әрбір мемлекетінің түпкі мақсаты қоғамның, қоғамдық қатынастардың бір түрінен — мемлекеттік жоспарлаудан екіншісіне — еркін нарықтық қатынастарға өтуін қамтамасыз ету болып отыр;

* Ұлттық мүдделерді қорғаудың және әрбір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі  – өңір және халықаралық ұйымдар шеңберінде көршілес мемлекеттермен ынтымақтастық арқылы іске асырылатын әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтастықты дамыту болып отыр;

* Тиімді сыртқы саяси байланыс жүргізу үшін барлық Орталық Азия мемлекеттеріне өңірішілік тайталасу саясатынан бас тарту, жалпы өңірлік даму бағдарларын табуға тырысу маңызды. Сонда ғана Орталық Азия елдері халықаралық қатынастар жүйесінің дербес қатысушы болып, әлемдік саясаттың объектісінен субьектісіне айнала алады.

4165 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз