• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ – САЯСИ ЖАҢҒЫРТУ ІСІ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Елімізде саяси реформаларды жаңғырту ісіне қатысты тағы бір маңызды белес еңсерілді. Ол – ауыл әкімдерін сайлау науқаны ойдағыдай өтті. Ауыл халқы өз таңдауын жасады. Лайықты деп тапқан үміткерлерін таңдап, «екі тізгін, бір шылбырды» солардың қолына аманаттап тапсырды. Ел аманаты – ауыр жүк, жауапты міндет. Демек, жаңадан сайланған ауыл әкімдері мемлекет алдында ант қабылдап, сайлауалды бағдарламаларында уәде еткен міндеттерін орындауға кірісті. Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау туралы мәселе  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында күн тәртібіне қойылып еді. Қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында көп жылдан бері талқыға түсіп келе жатқан мәселеге іс жүзінде Президент Жолдауында нүкте қойылып, биыл ол маңызды саяси бастама өмірлік көрініс тапты.

Демократиялық, ашықтық, пікірлер алуандығына ден қойған қоғамның саяси тұрғыда дамып, кемелденуі ұзақ мерзімді үдеріс екенін ескеретін болсақ, ауыл әкімдерін сайлау науқанына да көңіл бөлгеніміз – елдік бастаудың жақсы нышаны, нәтижелі көрінісі деп есептеуімізге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында айтқандай, саяси саладағы реформаларымызды жаңғырту ісі бүгінмен тоқтап қалмайды, ол жалғаса береді. Осы орайда мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Әлбетте, реформалаудың өзі байыпты жүргізілгені жөн. Ел билігі осындай ұстанымда. Саяси жаңғырту ісін қолға алмаған елдің дамуы өз арнасынан тежеліп, тұйықталып қалатыны мәлім. Демек, ауыл әкімдерін сайлау ісі – бүгінгі уақыттың сұранысынан туындап отырған маңызды дүние.

Естеріңізде болса, Президент былтыр ауыл әкімдерін сайлау маңыздылығына қатысты былай деген еді:   «Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру болып табылады. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олар-дың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» деді.

Жалпы, ресми билік ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Өйткені бұл сайлаудың артында – ауыл тағдыры тұрғанын ел де, билік те жақсы түсінеді. Оның үстіне ауыл әкімдерін сайлауды тұңғыш рет өткізіліп отырған соң, ол мәселенің орындалуы қалай болады, ел-халық ішінде дүрдараздыққа алып бармай ма, лайықты үміткерлер таңдап алына ма деген мәселелер әркімді-ақ ойландырмай қоймасы анық. Бұл жерде тағы да ескеретін мәселе: электораттың саяси деңгейі, танымы қандай? Көлденең көк атты ел басқару ісіне орта жолдан килігіп кетсе, не болмақ? Ауыл әкімі атану біреулер үшін жай ғана атақ-даңққа айналып, артынша істің берекесін кетіріп, халық сенімінен шыға алмай жатса, атқарушы биліктің атына сын келмей ме. Ауыл әкімдерін сайлау науқанына қатысқан ел ұсынылған кандидаттардың қызметі мен сайлауалды бағдарламаларын жан-жақты сараптап, өздерінің таңдауын жасады деп білеміз. Әрине, ауыл әкімдерін сайлаудағы алғашқы тәжірибе болғандықтан, артық-кем тұстар, кемшіліктер кетіп жатар. Бірақ, ең бастысы бұл саяси жаңғырту ісіне осы жылы қадам басқанымыз әбден орынды болды. Себебі бұл науқан ауыл әкімдерін сайлап қана қоймай, ауылдағы ағайынның саяси даярлығы мен машығын да белгілі бір деңгейге көтерді. Алдағы уақытта олар әкім сайлау мәселесіне басқаша көзбен қарайтыны сөзсіз. Нәтижесінде саяси көзқарастарының ауданы кеңейіп, ауылдардағы тіршіліктің ширауына, серпін алуына оң септігін тигізеді. Яғни, ауылдың өмірі өз қолдарында екенін түсініп, елдік үлкен шаруалардан тыс қалмайды.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде «Ақордада» кеңес өткізгенде осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болатынына тоқталды.

– Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік. Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады, – деді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі.  Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан, тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды» деп тұжырымдады.

Осы орайда мына мәселені байыптап алғанымыз жөн сияқты: кез келген сайлау науқаны – қоғамның, елдің өміріне қан жүгіртеді. Сондықтан, «Ауыл әкімдерін сайладық, одан не өзгереді?» деген жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек. Ауылда қордаланып қалған мәселелер аз емес. Оларды шешуге тыным таппай жүгіретін де ауыл әкімі. Ауыл әкімінің белсенділігіне, қайраткерлігіне, жеке азаматтық қасиеттеріне, саяси сауаттылығының дәрежесіне көп нәрсе тікелей байланысты. Елдегі жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды жақсы түсініп, ел-халыққа адал қызмет етейін деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүретін әкімдерді көргенде жаныңыз сүйсінеді. Осындай азаматтарды тәрбиелеп шығаратын да елдің өзі, яғни халықтық мектеп. Сайлау өткізілмесе, жоғарыдан тағайындала беретін болса, әкімдер тек қана өзін тағайындаған жаққа жалтақтап, халықтың мұң-мұқтажын елең қылмай жүре беруі әбден мүмкін еді. Шын мәнінде, бұл осы күнге дейін солай болды да. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, ауыл әкімдерінің барлығы бірдей ауыл өміріне жанашырлық танытты деп айта алмас едік. Кейбіреулері «ауыл әкімі» деген мансапты уақытша орынтақ деп түсініп, әрі қарайғы өсу, жоғарылаудың трамплині сияқты көрді. Үш-төрт жыл шыдап, әйтеуір өз міндетімді атқарып кетсем болды деген ниет-пиғылды ұстанғандар ел өмірін жақсарта ала ма. Өзіміз де ауылда өстік, мысалы. Ауыл өмірінің проблемаларын бір кісідей білеміз. Ауыл өмірі күн шықпай тұрып басталатынын, содан қас қарайғанша қызу тіршілік жалғасатынын, көп нәрсе – ауыр еңбекпен жүзеге асырылатынын білеміз. Осындай кезде ауыл әкімдері шабандық танытып, өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарай алмай жатса, олардың тарапына айтылатын сынның көкесі сонда болады. Ал тағайындалған әкім мен халықтың өзі сайлаған әкімнің арасы жер мен көктей. Тағайындалған әкім: «Мені сайлаған сіздер емес» деп шіренеді. Ал сайланған әкім: «Дұрыстап жұмыс істемесем, келесі сайлауда ел таңдауы маған түспей қалар ма екен» деп қолдан келген бар шаруасын атқаруға тырысады. Шынтуайтына келгенде, ауыл әкімдеріне деген талап жыл санап өсіп келеді. Бүгінгі ауыл әкімі елмен тіл табыса білетін шешен, ділмар, дипломат, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болса тіпті жақсы. Ел тарихын жақсы білетін, өзі басқаруға келген ауыл тұрғындарын құрметтейтін, алдыңғы толқын аға буынмен де, орта буынмен де теңдей сөйлесе алатын, жастардың да көзқарасын ескеретін заманауи әкімдер ғана ауыл келбетін ажарландырып, оң дүниелерге бастамашы бола алады. Осындайда «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген ұлағатты сөзді ескерусіз қалдыра алмаймыз. Өз буына өзі семіріп, мемлекеттің өзіне сеніп тапсырған аманатына қиянат жасап жүрген кейбір әкімдерді көргенде, әттеген-ай, санасы ел басқарудың парқына әлі де жете алмай жүргені ғой деген ой келеді. Өтпелі кезеңдер ауылдардағы ахуалдың нашарлатып кеткені рас. Инфрақұрылымы ескіріп, тозығы жеткен ауылдар заман көшіне ілесе алмай қалды. Бұрындары гүл-гүл жайнаған ауыл өмірінің сиқы қашып, берекесі кеткен соң, мұндай жерде халық қайдан тұрақтасын. Қалалық жерлерге қоныс аудармағанда қайтеді. Бүгінгі ауылдарды толғандырып отырған өзекті мәселе – жұмыссыздық, жастардың азайып кеткені, қолайлы өмір сүруге деген қажетті ресурстардың қалыптаспай отырғандығы. Ауыз су проблемасы мен жайылымдық жерлер аясының тарылуынан да жапа шегіп отырған ауылдар қаншама. Айта берсек, шешілмеген мәселе көп. Ал осындай шаруаларды реттеу, сансыз сұрақтарды шешу – ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Елдегі болып жатқан саяси реформаларды жұртшылыққа жеткізу, байыпты түсіндіру де ауыл әкімдерінің алдында тұрған қат-қабат шаруалардың бірі.

Көтеріп отырған тақырыбымызға азды-көпті тұздық болсын, құрметті оқырман. Осы мақаланы жазардың алдында  90-жылдардағы қиын-қыстау уақытта ауыл әкімі болған азаматпен сөйлесіп, ауыл әкімдерінің жұмысы туралы пікірін сұрап, өз тәжірибесімен бөлісуін өтінген едім. Саяси тәжірибесі шыңдалған,  ауыл халқы сыйлап, құрметтейтіндей бедел-дәрежесі бар әлгі азамат «Біздің кезіміздей емес, қазіргі әкімдерде істейтін көп жұмыс жоқ қой» деп айтып қалды. «Себебі жол салып беріп жатқан – мемлекет, мектеп тұрғызып жатқан – мемлекет, бала-бақша салып жатқан – мемлекет. Барлығын мемлекеттің өзі істеп беруде. Ал біздің кезімізде олай болған жоқ. Біз нағыз қиын-қыстау кезеңді басымыздан өткіздік. Барлығына өзіміз жүгірдік. Қандай шаруа болса да, халық үшін атқардық» деді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» сол бір заманда ауыл әкімдері нағыз жанкешті еңбектің бел ортасында болғаны сөзсіз. Өйткені мәселе шаш-етектен еді. Ал бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше ғой. «Елу жылда ел жаңа» демекші, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам бастық. Демек, бүгінгі ауыл әкімі – мемлекеттік шенеунік болып қана қоймай, елдің мұң-мұқтажын шешіп қана қоймай, идеялық, рухтық тұрғыда халықты толғандырған барлық мәселелерді өз назарында ұстауы қажет. Халқымыздың 40 пайызы ауылдарда, елдімекендерде өмір сүретінін ескерсек, елмен етене жұмыс істеу – әрбір әкімнің алдында тұрған қасиетті парыз. Мұны сезінетін ақ адал азаматтар осы сайлауда қара үзіп келгендердің арасынан көптеп шығарына кәміл сенеміз. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Былайша айтқанда, әрбір мемлекеттік шенеуніктің қызметі елдің көз алдында өтіп жатады. Олардың жұмысына деген халықтық бақылау да бірте-бірте күшейеді. Арықтан су ақпай қалса, әкімді кінәлай салатын әдетіміз тағы бар. Демек, жаңадан сайланған ауыл әкімдеріне өз жұмысын бүгінгі заманның талаптарымен ұштастыра отырып харекет ететін заман туды. Биылғы сайлау міндетті түрде өз нәтижесін береді. Бұл орайда ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу жөнінде ресми билік өте дұрыс әрі уақытылы шешім қабылдады деп есептеймін. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында әрі қарай аудан, кент әкімдерін сайлауға көшетінімізді айтты. «Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз. Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетейік, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды реформалау мынадай бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталмақ: Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ашық мемлекеттік басқару қағидаты ретінде енгізу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру; азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейту;  Атқарушы және заңнамалық өкілеттіктерді төменгі деңгейге кезең-кезеңімен беру; ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде партиялардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамыту. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 730 әкімі сайланды. Елімізде Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны ретінде тіркелген. Яғни, ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы тартылды. 2 346 ауылы әкімі тікелей сайлау арқылы анықталды. Жаңа нормалар енгізілгеннен кейін олардың бәрі бұрын ұсынылған қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. 2021 жылдың соңына дейін 775 әкімді сайлау жоспарланған.

Еліміздегі ауыл әкімдерін сайлау қарсаңында белгілі журналист, саясаттанушы Құбаш Меңдіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында «Саяси жаңғыру ауылдан басталады» деген тақырыппен арнайы пост жазып, сөз арасында Батыс Қазақстан облысындағы сайлауалды жағдайды да, үміткерлердің даярлығын да тілге тиек етіпті. Құбаш Меңдіғалиевтің пікірі бойынша, ауыл әкімін сайлау дегеніміз ауыл аманатын арқалайтын, ауылдағы ағайынның жауапкершілігін шыңдайтын сайлау. Бұл – алдағы уақытта биліктің жоғары деңгейінде тікелей сайлауға жетелейтін аса маңызды қадам.

– Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. ҚР Президенті Қ.Тоқаев атап өткендей, 25 шілдедегі ауыл әкімдерін сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сондықтан да, саяси жаңғырудың дәйекті де, сәтті өтуі ауылдағы ағайынның саяси ерік-жігеріне, белсенділігіне, жауапкершілігіне байланысты. Саяси сарапшы ретінде өзім тұратын өңірдегі сайлауалды ахуалды бақыладым. Пандемия салдары сайлауалды коммуникацияға салқынын тигізгенімен, кандидаттар мен электораттың етене араласуына, үгіт-насихат үрдісіне кедергі бола қойған жоқ.

Ертеңгі саяси додада Батыс Қазақстан облысында 31 ауылдық округ әкімдері сайланады. Ауыл әкіміне үміткерлері көбіне сол ауылдың тұрғындары және тұрғылықты округте бірнеше жылдық еңбек өтілі бар, білімді де, іскер азаматтар екені байқалды, олардың сайлауалды бағдарламалары да нақты әрі қарапайым, ауыл тұрғындарының көкейіндегі түйткілдерді көтере білген. Аспандағы айды әперем деген көпірме уәделер көзге түспеді, дегенмен болашақ әкімдердің иығына артылар аманаттың жүгі ауыр, ауылдың қордаланған мәселелері өте көп. Әлемдегі пандемия аграрлық саланың жетекші сала екенін, ауылдың экономикада айрықша рөл атқаратынын көрсетті. Сондықтан да ауылдың әлеуетін дамытпай, ел өркендемейді. Президентіміз Қ.Токаев өзінің алғашқы Жолдауларында «қуатты ел болу үшін қуатты аймақтар болуы керек» деп аймақтағы жұмысты күшейтуге ерекше маңыз берген еді. Ауыл әкімдерінің сайлауы алдымен өңірлердің өркендеуіне бағытталған, бұл игі реформаны Президент тікелей бақылауында және халық та үлкен сенім артып отыр.

Меніңше, ауылдың болашақ әкімдері өзіне берілген өкілеттігімен қатар аграрлық салада лайықты менеджер бола білуі керек, инфрақұрылымы жасақталған заманауи тұрпатты ауылды қалыптастыру, ауылдағы кәсіпкерлік пен жеңіл өнеркәсіпті дамыту, салауатты өмір салтын дәріптеп, мәдени өмірді жандандыруға күш-жігерін аямау қажет.

Ауыл әкімін тікелей сайлау ауылдағы ағайынның осындай қадау-қадау мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді, ауыл мен аудан, облыс деңгейіндегі түйткілдерді бірлесіп еңсеруге жағдай жасайды, – деп қорытындылапты сөзін Құбаш Меңдіғалиев.

Ал белгілі блогер Айгүл Орынбек «Фейсбуктегі» парақшасында ауыл әкімдерін сайлау – тарихи сәт екенін айтыпты. Елде өзгеріс жасағысы келетін азаматтарға неге ауыл әкімі лауазымына үміткер ретінде сайлауға түспеске деп ұран тастапты. «Иә, бұрындары ауылдарда интернет жоқ, бүкіл бюджетті ашық көре алмайтын едік. Талан-таражға түсіп жатса да көрмейтінбіз. Себебі, ашықтық болмады. Ал қазір ше? Бәрі өзгерді. Президентіміздің өзі халық алдындағы ашықтықты, биліктің әділдігін қолдап отыр. Жағдай да жасалуда бұл үшін: бәрі ашық, бәрін елге көрсетуге мүмкіндік бар! Шүкір! Естеріңізде шығар, таяуда ғана «өз руының адамын, өз құдасын тағайындайын деп жатыр, Айгүл ханым!» деп Бәйдібек ауданына қарасты бір ауыл тұрғындары тыныштық бермеген еді, әділдік іздеп! Енді неге бұл сайлауда ауылдағы ағайын үнсіз отыр? Түсінейікші енді... Бүгінгі сенің таңдауың – бұл сенің болашақ ұрпағыңның таңдауы! Сөз басында айтқанымдай шалғайдағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен етене таныспын. Аралап, өзім жиі барам! Сенсеңіз...Ауылда әлі күнге кітапхана, мәдениет үйі, спорт мектептері жоқ! Олардың бәрі КСРО-мен бірге ізім-қайым жоғалып кеткен. Енді солардың бәрін қайтару керек! Нағыз талантты жастар ауылда, елімізді әлемге танытатын чемпиондардың да жағдайын жасауымыз керек! Ол үшін ертеңгі саяси науқанға көз жұмып, салғырт-атүсті қарамауымыз керек! Тағы да айтамын ауыл әкімдерін өзіміз сайлау керекпіз! Президентіміз  Қ.Тоқаев бізге керемет мүмкіншілік берді.  "Өзгерісті қалайсың ба? Онда өзіңнен баста! Сайлауға бар, таңдау жаса! Әкіміңді таңда" – деп жатыр! Бұдан артық бізге не керек?! Мойындау керек, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ, бұл реформа – дұрыс әрі дер кезінде жүзеге асқалы отыр. Ұтымды шешім. Соған қуанамын. Ел үшін, атамекен жерім үшін, келешек ұрпақ үшін қуанамын! Ең бастысы, бұл науқанда жауапкершілікті жіті сезіну маңызды, нәтижесіне уақыттың өзі сарапшы. Тек өзгерістерді енгізу өз қолымызда! Ауылды дамытқың келсе, әкім сайлауынан қалма!» депті Айгүл Орынбек.

Қорыта айтқанда, биылғы ауыл әкімдерін сайлау бастамасы қоғамды бір серпілтті. Біріншіден, сайлауға белсене қатысқан азаматтар, үміткер ретінде тіркелген кандидаттар, сайлау туралы өз көзқарасын білдірген белсенділер, қоғам мүшелері көп болды. Демек, ауыл әкімін сайлау мәселесіне қалың ел бейтарап қараған жоқ. Өйткені ауыл тағдыры – ел тағдыры. Ауылдың көркеюі – еліміздің көркеюі. Олай болса, ендігі үміт – жаңадан сайланған ауыл әкімдерінде. Салыстырмалы түрде алсақ, олардың саны онша көп те емес шығар. Бірақ, бір әкімнің өзі бір ауылды дамытып, өркендетуге күш салса, бұл да жақсы нәтиже, маңызды қадам. Екіншіден, бүгінгі заманда ауылға деген баршамыздың қарым-қатынасымыз өзгеруі керек. Ауылдар – қайнаған шаруашылықтың көзіне айнала білуі керек. Қалалықтардың көзқарасымен қарағанда ауыл артта қалған провинция болмауы керек. Ауылдарға заманымыздың жаңа тынысы қажет. «Болашағы жоқ ауылдар» деген суық сөзден арылатын мезгіл жетті. Ауылдарда неге болашақ болмауы керек? Жергілікті жерлерде жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, әкімдер сауатты іс-қимыл жасаса, ауылдарға аудан орталықтары тиісті дәрежеде көмек көрсетсе, ондай ауылдардың міндетті түрде болашағы болады.

Иә, жаңадан сайланған ауыл әкімі!  Ел Президентінен бастап, өзіңді таңдаған ауыл халқы үлкен үміт артып отыр! Құлшына қызметке, еміреніп еңбекке кірісетін сәтің осы! Ауылыңды алға сүйрейтін көшбасшы да өзің! Сенім мен қайрат, жігер мен жалын барда алынбайтын қамал жоқ. Ескілік көзқарастан арылып, ауылға жаңа заманның жаңа көзқарасымен қарай біл. Құрғақ уәдеден гөрі нақты істерге ықтиятты бол. Жұртшылықтың күтетіні де нақты істер екенін жадыңнан шығарма!

1401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз