• Ел мұраты
  • 18 Қыркүйек, 2021

ТАҒДЫРЫҢДЫ ТАҢДАЙ АЛАСЫҢ БА?

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ

жазушы-журналист

Әуелі, «тағдыр» дегеннің не екенін білеміз бе? Бұл сұраққа «Адамның туғаннан өлгенге дейінгі бастан кешетін бүкіл өмірі оның тағдыры» деп екінің бірі айтуы мүмкін.  Рас, солай, бірақ бұл айтқан  тағдыр дегені «тағдырдың» жартысы ғана.  Себебі,  Хақ дінге сенбейтін, мына өмірін ғана мойындайтындардың тағдыр туралы айтатын сөзі осы. Ал, шын мәнінде адамның туғанға дейінгі және өлгеннен кейінгі тағдыры деген тағы да бар.

Туғанға дейінгі дегеніміз, әлгі адамның әу бастағы жаралған рухы, оның ата-баба, әке-шеше және қандай ортада  туғаны, ал өлгеннен кейінгі дегеніміз, артында қалатын ұрпағы мен жақсы яки жаман атағы да кейінгі тағдыры болып саналады. Бірақ, бұл да тағдыр туралы осы дүниелік адами қағида ғана. Ал екі дүниені қамтитын толық тағдырдың бұрынғы, қазіргі, кейінгі дейтін жағдайын  Хақ дінде ғана керемет саралап түсіндіреді.

Осыдан келіп, адамның өзі таңдай алатын және өзі таңдай алмайтын тағдыры деген анықталады.

Адамның өзі таңдай алмайтын тағдырға оның қашан туатыны, қай жерде туатыны, қандай ұлт-нәсіл боп туатыны, қандай әке-шешеден туатыны, ұл-қыздық жынысы кім болатыны, қабілет-қарымы қаншалықты екені, дене-мүшесінің шама-шарқы яки әлді-әлсіз болуы, сымбатты яки сұрықсыз болуы.., міне, бұл адамның еш уақытта өзі таңдай алмайтын тағдыры.

Егер осы аталған тағдырды адам біткен өзі таңдай алғанда әрине, өзіне ұнаған ең жақсысын таңдайтыны сөзсіз. Бірақ жоғарғы аталғандардан адамға не бұйырса, адам соны қанағат етуге мәжбүр. Қанағат етпеуге шарасы жоқ. Мінеки, біреудің асқан мықты батыр не елден асқан дана болуы, ал біреудің қорқақ-ынжық не ақылы қу құлқынынан аспайтын жасық болуы, өз таңдауы емес екені осыдан-ақ анық байқалады.

Хақ дінде мұны «біреуіңді біреуіңнен артық еттік, бірің басшы, бірің қосшы болу үшін» деген мағынадағы аяттармен түсіндіреді. Олай болса, Хақ діннің үкімі бойынша бұндай өзің таңдай алмайтын тағдырға да адам қанағат етуге, мойынсұнуға тиіс. «Неге анау қолбасшы, мен неге жай атқосшымын?» дей алмайды.

Себеп, Ұлы Жаратушы басқа мақлұқаттан артық етіп, өзінің таңдап жаратқан адам-пендесіне адам өзі таңдай алатындай тағдырды да сыйға тартқан. Сөйтіп, кім болса да өз Жаратушысына өкпе-наз айта алмайтындай тағдыр-хикметін нәсіп еткен.

Сонда адамның өзі таңдай алатын тағдыры деген не? Ол оның балиғат жасқа толған соң өз көңіл қалауымен таңдай алатын мына өмірінде кезігетін барлық нәрселер деген сөз. Ең қарапайым түрде айтсақ, күнделікті ұсақ-түйек қарекеттен бастап, мамандық таңдауына, жар таңдауға дейінгі басқа да таңдаулар оның тікелей өз еркіндегі нәрселер екені даусыз.

Алайда бұның бәрі осы дүниедегі таңдаулар. Нағыз таңдау адамның уақыт өлшемі болмайтын мәңгі дүние, яғни ақырет әлемі таңдауы екені Хақ дінде анық айтып, ескертілген. Ұлы Жаратушы қауымдарға пайғамбарлар жіберіп, мәңгі дүниеге дайындалу үшін өзінің жіберген үкімдерін орындауды бұйырған. Егер бір Құдайға ғана мойынсұнып, өз пайғамбарына бағынып, осы бұйрықты орындаса Жәннат дүнесіндегі мәңгі рахатқа кенелетінін сүйіншіле, егер бұйрыққа қарсы шықса, Жәханнам тұрағындағы мәңгі азапқа ұшырайтынын ескерт дейді.

Міне, бұл адамға берілген ең негізігі, ең маңызды таңдау. Сондықтан да Хақ дінде адамдарға мынандай нақты хабар, мәнді түсініктер беріледі. «Мына дүниедегі ең қымбат мал-мүліктерің де, үлкен әулет, көп бала-шағаларың да тек уақытша сынақ үшін берілген. Ал, нағыз жетістік, соңғы табыс мәңгі дүниеде ғана» дейді.

Сөйтіп, оны өткен қауымдардың басынан өткен оқиғалармен Құранда дәлелдейді. Әулеті мыңдаған жыл бойы билік-мансапта үстемдік құрған, байлығымен әлемді таңғалдырып, таудай алып пирамидалар салған перғауын өзіне арнайы жіберілген Мұса пайғамбарды мойындамайды, оның көрсеткен қаншама таңғажайып дәлелдерін «сиқыр» деп сенбейді. Ал оның елдегі сенімді ғалымдары Мұсаға қарсы ғылыми сиқырлық көрсетсе де, пайғамбардың алдында Құдайдың таңғажайып дәлелінен жеңіліске ұшырайды (Перғауынның сиқыршыларының әкелген арқан-жіп-таяқтарынан құбылып шыққан қорқынышты жылан бейнелерін Мұса пайғамбардың айдаһарға айналған асатаяғы түгел жалмап жұтып қояды).

Сол сәтте әлгі перғауын сиқыршылары «Мұсаның құдайына мойынсұндық» деп, хақ дінді қабылдайды. Өзін-өзі құдай санаған Перғауын «Сендер менің рұқсатымсыз Мұсаның құдайына табынғандықтан, аяқ-қолдарыңды шауып, дарға асып азаптап өлтіремін!» деп қорқытса да олардың көкірек көзінің ашылғаны соншалық, «Біз енді, сенен қорықпаймыз! Мұсаның табынған Құдайының жақсылығына қауышамыз» дейді.

Ал перғауын болса, Мұса өзінің асатаяғымен Қызыл теңізді Құдайдың хикметі арқылы қақ жарып яхуди қауымын теңізден аман-есен өткізгенін көріп, өзі оларды қуып артынан түскенде теңіз суына батып тұншыққан жантәсілім сәтте ғана «Мен Мұсаның Құдайына мойынсұндым» дейді. Бірақ жан алқымына келген сәттегі иманы қабыл етілмейді. Құдай Тағала оған: «Сен енді мәңгі дүниеде жәханнам азабын шегесің, тек денеңді ғана құтқарамын» дейді (Мыңдаған жылдардан кейін, Құдайдың уәдесі хақ болып, Қызыл теңізден табылған перғауынның денесі қазіргі кезде Ұлыбритания мұражайында сақталуда).

Бұған қарағанда, жоғарыда айтылған бұл дүниедегі байлық пен мансаптың маңызды емес екені, Құдай жолына жұмсамаса оның мәңгі дүние үшін ешқандай пайдасы жоқ екені айдан-анық көрініп тұр. Ал Ұлы Жаратушының пенде баласына деген әділдігі де ақылмен ойлағанды еш күмәнсіз сендіреді. Мәселен, өзін-өзі құдай санаған, шектен шыққан перғауынға да арнайы пайғамбар жіберіп ескерту жасайды, обалда қалмасын дейді. Жіберген пайғамбарына «Перғауынмен жұмсақ сөйлес, бәлкім түсінер, жөнге келер» дейді. Хақ дінге келуіне кеңшілік береді, бірақ перғауын асқан тәкаппарлықтан дұрыс таңдау жасамай, ең ақырында өзін-өзі сорлатады.

Ал мына дүниеде, билік пен байлық тұрмақ бас еркі де жоқ құлдың мәңгі дүниеде Жәннат әлемінің тұрғыны болатыны алдын-ала сүйіншіленеді. Мекке мүшіріктерінің құлы болған Біләл хақ дінді бірден қабылдағаны үшін Исламның алғашқы азаншысы деген даңққа ие болып, ақырет дүниесінде мәңгі бақытқа кенелетіні сүйіншіленген. Олай болса, Ұлы Жаратушының адамның өз еркінен тыс таңдаған таңдаулары тек хикмет екені, ал адамның өз еркіне қалдырған таңдаудың ең маңызды таңдау екені осылай анықталады. Яғни, он екі мүшесі бүтін, ақыл-есі толық кім болса да, қай ұлт болса да өз таңдауы арқылы, яғни соңғы Хақ дінді қабылдауы арқылы ғана мәңгі бақытқа жете алатыны әбден айтылған.

Алайда қазірге дейін адамдардың арасында «жазмыштан озмыш жоқ» деген нақыл сөздің дұрыс түсінілмей келе жатқаны тағы бар. Былайша айтқанда, Құдай Тағала пенде баласының басына не жазса сол болады, адамның бұған еш шарасы жоқ деген теріс түсінік қалыптасқан. Расында бұл нақыл сөздің бір ғана дұрыс мағынасы бар, ол адам жазылып қойған ажал сызығынан еш уақытта аса алмайды дегені.

Ал теріс түсінік дегеніміз, адамның өз тағдырын өзі таңдай алмайды деуі. Шындығында, Ұлы Жаратушы адамға бұл дүниеде өз тағдырын таңдау үшін «жеке қалау еркін» берген.

Жеке қалау еркін іске асыру үшін бұл дүниеде себептерді жасауды, әрекет етуді адамның өз қолына қалдырған. Адам себептерді іс-әрекет арқылы іске асырса, Ұлы Жаратушы оны жаратады. Яғни, адам нені іске асыратын әрекет етсе сол болады, жамандық жасаса жамандық жаратылады, жақсылық жасаса жақсылық болады.

Сондықтан, «тағдырға не жазса сол болады» деген сөздің де ақиқаты мынау: Ұлы Жаратушы, бұл әлем жаралғанға дейін өзінің сүйіп жаратқан пенде баласының бүкіл тағдырын Ұлы Тақтаға (лаухул махфузға) жазып қойған. Онда адамға солай жаса деп емес, адамның солай жасайтынын алдын ала білгендіктен жазған.

Мысалы, біреудің алдына алма мен ішімдік қатар тұр дейік. Құдай алманы жеуді бұйырды, оны халал деді, арақ ішуден тыйды, оны харам деді. Енді осы бұйрықты бұзып арақ ішіп мас болса, кісі өлтіріп қылмыскер атанса ол адамның өзінен екені даусыз ғой.  Міне, «жазмыш» дегені осы. Мұны мұсылман халық «жазмыштан озмыш жоқ» деп дұрыс пайымдаған. Тіпті Ұлы Жаратушы бұл өткінші дүниеде болатын бүкіл тіршілік тынысын да түгел қамтып, Ұлы Тақтаға жазғаны Құранда айтылады.

«Сансыз жапырақтың ағаштан қалай, қашан түсетінін, қараңғы топырақ астында көміліп жатқан жалғыз дәнектің қалай, қашан көктейтінін, маса екеш масаның да кімді шағатынын...» түгелдей қамтыған, жазылмай қалған ешбір нәрсе жоқ дейді.

Осы «ұлы жазудың» қаншалықты ғаламат екенін, «егер жер шарындағы бүкіл теңіз сия болып, сансыз ағаштар қаламға айналса да Құдайдың сөзін жазып тауыса алмайды» деп сипаттайды. Әрине, мұндай ұлы хабарды адам баласы айта алар ма?! Бұның адамның сөзі емес екені айдай анық көрініп тұр.

Олай болса, өзінің қабілеттілігін өзінің құдіреттілігі санайтын, қолына берілген уақытша билікті шексіз биліктей сезініп тәкаппарланатын, молаға алып кете алмайтын мол байлықты өзінікі санайтын сырқат санадан сақтану барлық сақтанудан да маңдызы екенін білсе, адам өз тағдырын өзі таңдай алатын мүмкіндігі бар дегенді айтуды мақсұт еткен едік.

 

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз