• Тарих толқынында
  • 29 Қазан, 2021

ҚИЫР ШЫҒЫС МАЙДАНЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР

  Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Екінші дүниежүзілік соғыс жапон милитаристерін жеңумен аяқталды. Бұл адамзат тарихында ең әділ соғыс болды деп бағаланды. Жанкешті ерліктің арқасында КСРО халықтары дүниежүзілік тарихи жеңіске жетті.  1941 жылы 13 сәуірде Кеңес Одағы Жапониямен бейтараптық жөнінде бес жыл мерзімге келісім жасады. Алайда Манчжурия жерлерін басып алған жапон милитаристері кеңестік Қиыр Шығысқа басып кіруге даярлығын жалғастыра берді. Деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдар аралығында Қиыр Шығыстағы Забайкалье, Хабаровск және Приморье округінің шекара күзетшілері 10810 жапондық шекара бұзушыны, 1,5 мың тыңшы агентті, 9 мыңдай қылмыскерді қолға түсірген. Демек, кеңес-герман майданында кең көлемде соғыс жүргізген Кеңес мемлекеті Қиыр Шығыста жапон агрессиясына қарсы  әскери қарулы күштерін ұстап тұруға мәжбүр болды.

1945 жылы 9 мамырда Германиямен соғысты жеңіспен аяқтаған Кеңес Одағы Жапония мемлекетімен  нейтралитет пактісінің күшін жойып, 1945 жылы 9 тамызда Кеңестік Армия Солтүстік – Шығыс Қытай, Солтүстік Кореядағы Жапонияның Квантун армиясына қарсы сұрапыл соғыс бастады. 5 мың шақырым кеңістікке созылған бұл әскери операцияға 1,5 млн кеңестік әскери күш жұмылдырылды.

Антижапондық соғысқа қатысқан қиыршығыстық кеңес жауынгерлерінің қатарында қазақтың ұлдарымен бірге  қыздары да жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Қиыр Шығыс майданында  аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) құрамында Орал өңірінен шыққан қазақ қыздары десантшы Ермекова Қаламсия, әскери байланысшы, барлаушы, күзетші қызмет түрлерін атқарған Әзима Ниязғалиева, Мүслима Үмбетова, Қалампыр Ахметова, Қаным  Алмағамбетова, Үмітай Есқалиева, машина жүргізген (шопыр) Слухия Сарқұлова болды. Осы орайда  ел басына күн туғанда ерлермен бірге 18-20  жастағы қыз-келіншектердің қолдарына қару алып, өз еркімен майданға аттануының өзі батырлық   деп санаймыз. Оқырман үшін айта кететін жайт,  журналдың өткен сандарында жарияланған мақаламызда кеңестік қыз-келіншектердің майданға 1942 жылы 3 рет мобилизациялағанын айтқан едік. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің  бұйрығымен  1942 жылы 25 наурызда жүргізілген алғашқы мобилизацияда 100 000 комсомол қыз әскери-әуе қорғаныс бөлімдеріне, ал  15 сәуірдегі екінші мобилизацияда  30 000  қыз-келіншек  әскери әуе күштерінің байланысшылар  қызметіне алынады. Бұдан  кейін 18-сәуірдегі үшінші мобилизация бойынша  40 000  қыз-келіншек майдан даласында әкімшілік-шаруашылық (қоймашылар, әскери машина, трактор жүргізушілер, аспазшылар, есепшілер) қызметін атқарып жүрген ер-азаматтарды  алмастыруға және атқыштар дивизиясы құрамына алынады. Әскер қатарына шақырылған қыздардың бір тобы 1,5-2 айлық оқу-жаттығуларынан  өткен соң, ал әкімшілік-шаруашылық  қызметіне алынғандар майданға бірден жөнелтіліп отырған. Сондай-ақ қыз-келіншектердің  физиологиялық, биологиялық, пси-хологиялық  ерекшеліктеріне қарай оларды майданға мобилизациялаудың өзіндік ерекшеліктері де болды.   Мәселен,   18-25 жас аралығындағы, 5-7 кластық білімі бар,  отбасын құрмаған,  қарамағында жас балалары және қарт ата-анасы жоқ  қыз-келіншектер әскер қатарына алдымен алынған.

Жоғарыда айтылғандай, Кеңес Одағында қыз-келіншектерді әскер қатарына мобилизациялау туралы КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің  жарлығын  Бүкіл Одақтық Лениншіл жастар одағы қолдап, 1942 жылдың көктемінен бастап  ел ішінде комсомол жас қыздар жаппай митингілер өткізіп, өз еркімен майданға сұранып үндеу  көтергені туралы «Ақиқат» журналының алдыңғы № 5 және 7 сандарында жарияланған мақаламызда айтқан едік. Тарихи деректерге қарағанда, 1942 жылдың шілде айынан бастап, жауынгер қыз-келіншектер Қиыр Шығыс майданына аттандырылған. Алайда  олардың нақты саны жөнінде статистикалық дерек көзге түскен жоқ.

Дегенмен, Орал облысы бойынша Қиыр Шығыс майданына  аттанған қыздар туралы деректер бар. Мәселен, қиыршығыстық майдангер ана Қаламсия Ермекова: «1942 жылы соғысқа Оралдан 200 қыз аттандық» десе, Қаным Алмағамбетованың ғұмырбаянында: «Оралдан 1 эшелон қызды тиеп Қиыр Шығысқа алып кетті» деп жазылған. Ал осы эшелондағы қыздар арасында болған жауынгер Суворова Валентина Петровнаның естелігінде: «В июле 1942 года призвана в числе 300 девушек из Уральск и районов в армию... Из Уральск эшелон был направлен на Дальний Восток. К трем вагонам на каждой большой станции прицепляли по 2-3 вагона с девушками, так что в Хабаровск прибыло уже 52 вагона. Девушек распределили по частям зенитчиков, летчиков, пулеметчиков, пехотинцев, связистов и поваров»  деп жазады. Демек, осы деректер негізінде қазақстандық мыңдаған жауынгер қыздың  Қиыр Шығыс майданына қатысқандығы туралы  болжам жасауға болады.

Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекованың жауынгерлік өмірі туралы естелік әңгімесін 2010 жылы  бейнетаспаға түсіріп алған едік. Ардагер ана майданда халық батыры Б.Момышұлымен кездескені туралы да айтқан еді. Қаламсия Ермекқызы 1921 жылы Орал облысы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, жастайынан тіршілік тауқыметін көріпөскен майдангер ана балалық шағы туралы: «1921 жылы аламан уақытта дүниеге келіппін. Әкеміз дүниеден ерте озып, бес баламен қалған анамыз байлардың есігінде жалданып жүріп, жоқшылық, аштық – осылардың бәрінен бізді аман алып қалған. Өміріміз өте қиын болды. 1932 жылғы аштықтан да колхоздың сиырын сауып жүріп, тағы да сол анамыз аман қорғап қалған»  дейді.    

Осылайша аяулы ананың арқасында бойжетіп, 1940 жылы Жымпиты ауылының орта мектебін, кейін Орал қаласындағы мұғалімдер дайындайтын училищені тәмамдаған жас қыз ағаларымен бірге анасына серік болып, ауылдың түрлі тірлігіне араласа бастайды. Алайда алаңсыз бейбіт өмірдің шырқы тағы да бұзылып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Екі ағасы соғыстың алғашқы күндері майданға аттанып, хабарсыз кетеді.

Қаршадайынан қандай қиындықты да қаймықпай қарсы алуға үйренген жас қыз анасының қарсылық білдіргеніне қарамастан, екі ағасының кегін алмақшы болып өз еркімен майданға баруға бел байлайды. Әуелі Жымпитыдағы екі айлық өзін-өзі қорғау (самозащита) курсын оқып тәмамдаған Қаламсия аудандық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры «он күндік жол азығыңызды алып келіңіз» деген шақыру қағазын алады. Сөйтіп, 1942 жылдың қыркүйек айында Оралдан майданға аттанған қыздардың арасында Әзима Ниязғалиева, Мүслима Үмбетова, Қаным Алмағанбетова, Қаламсия Ермекова сияқты қазақ қыздары   болды. Жауынгер Қаламсия ана: «Майданға жөнелтілген бізді сапқа тұрғызып, вокзалдағы есік терезесі аңғал-саңғал қызыл вагонға алып келді. Қызыл вагон демекші, біз мінген поезда өкпесіне суық тиіп, 6 ай демалыстан соң қайтадан Қиыр Шығыс майданына бара жатқан Қасым Аманжолов та бар екен. Оның:

Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым, менің Оралым,

Қол созып қызыл вагоннан

Үстіңнен өтіп барамын» – деген өлеңін перронда тұрып біз де тыңдадық деген еді.

Қаламсия Ермекова маршал Р.Я.Малиновский басқарған  Қиыр Шығыс майданының десантшылар армиясының құрамында Жапония басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Жауынгерлік өмірі туралы Қаламсия ана: «Қалың орман арасында десантшы да, барлаушы да болдық, түнгі күзетте де тұрдық. Самолеттерді күзетеміз. Жау біздің күзетте тұрған жауынгерлерді, офицер шенділерді ұрлап алып кетіп, оларды өзімізге қарсы үгіттейтін болды, бірақ мен одан аман қалғанмен, екі рет ауыр жарақат алдым» дейді.

Майдангер ананың жастайынан өмірін өлеңмен өрнектейтін ақындық қабілеті бар. Өзінің майдан даласынан елге жазған сондай бір хатында:

«Мекенім жерден қазған ұзын барақ,

Ауыр іс, өтіп жатты уақыт санап,

Туған жер бәрінен де қымбат екен,

Аңсаймын батыс жаққа күнде қарап» деп, қыз жүрегінің туған жерге деген сағынышын жеткізсе, енді бір хатында Отан алдындағы жауынгерлік міндетін былайша өрнектейді:

«Оқ аттым, мен жауларға халқым үшін,

Байқадым минут сайын жаудың күшін

Суық жер, қараңғы түн ауыр тиді,

Секірдім самолеттен парашютпен.

Аман өттім лаулай жанған қалың                                

                                                            өрттен,

Күзеттім жау өткізбей шекарадан,

Қорғадым Отанымды шын ниетпен.

Жері су, қалың орман, тауы биік,

Басында ойнайды екен марал, киік.

Күзетте снарядтың оғы тиіп,

Емделдім Хабаровск қаласында», – деп өлең жолдарында көрсеткендей, бірде шекараның түнгі күзетінде тұрғанда басына снаряд жарықшағы тиіп ауыр жарақаттанған Қаламсия  Ермекова Хабаровск қаласындағы әскери госпитальда 2 ай жатып  шығады.               Майдангер ана жауынгерлік өмірін еске ала отырып, есінде ерекше сақталған мына бір оқиға туралы: «Күздің суық бір күні біздің десантшылар батальоны шұғыл сапқа тұрғызылды. Жорыққа аттанатын шығармыз деп ойладым. Қолбасшылар арасынан бір адам шапшаң адымдап, біздің батальонға таяды. «Араларыңда қазақ бар ма?» – деген сұрақты естігенде әрі таңданып, әрі қапелімде абдырап қалдым. Өйткені қазақ тіліндегі дауысты естімегелі біраз болды ғой. Саптың ортасында тұрған мен оның қазақ екенін қапелімде байқай алмай қалып едім. Бір қадам алға шығып «Мен қазақпын», – деп дауыстадым. Жақындап келді де, «Сен қалмақ емессің бе?» – деді. «Жоқ, қазақпын. Орал облысынан келдім», – дедім. Кейін білдім, бұл есімі алты алашқа мәлім болған Бауыржан Момышұлы екен. Бізбен штабта да әңгімелесті. Маған қарап: «Біз, қазақ – батыр халықпыз, намысты, инабатты халықпыз. Халық туын жоғары ұстау керек. Понятно?» деп маған тесіле қарғанда, қолымды шекеме апарып «Так точно» дегенім есімде. Қазір бір өкінетінім, тұрмыстың ауырлығынан мына тұрған Алматыға барып, Бауыржанды тірі кезінде көріп сәлемдесе алмадым», – деп мұңайған еді.  Майдангер ана шөбересінің есімін Бауыржан атапты. Бауыржанның болашақта әскери академияда оқып, батыр атасындай әскери маман болғанын армандайтынын айтқан еді.

Жауынгер Қаламсия Ермекова соғысты 1945 жылдың 15 қыркүйегінде Владивостоктың Березовка деревнясының маңында аяқтап, елге аман-есен оралды. Жауынгерлік ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысы» ордені және мерекелік «Жуков» медалімен марапатталады.  Майдангер ана елге жеңіспен оралған соң, бейбіт өмірге араласып, балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет етеді. 1946 жылы Панфилов дивизиясының құрамында барлаушы болған кіші сержант, соғыс ардагері Машаев Самиғолламен шаңырақ көтеріп, қос ардагер отбасында бес бала тәрбиелеп өсірді.

Десантшы жауынгер ана 96 жасқа қараған шағында 2018 жылы 9 мамыр мерекесі қарсаңында дүниеден озды.

 

Қиыр Шығыс майданында әскери көлік жүргізген қазақ қызы

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со-ғысында қазақтың ұлдарымен қатар қыздары да жауынгер, қаһарман халықтың ұрпағы ретінде өздерінің Отанға деген адалдығын әлемге паш етіп, қазақ халқының ұлттық мінезі мен қасиетін дүниежүзіне танытты. Алайда Қиыр Шығыс майданына қатысқан қазақ қыздары ұзақ уақыт көпшілікке беймәлім болып келді. Қазақстан тәуелсіздігінің арқасында ғана архив құжаттарының ашылуы, соғыс ардагерлері естеліктерінің, ғылыми зерттеу еңбектердің кеңінен жариялануы нәтижесінде ғана олар туралы айтыла бастады.

Солардың бірі – Қиыр Шығыс майданында Квантун армиясын талқандауға қатысқан әскери көлік жүргізуші  Слухия Саркулова. Бүгінгі қазақ қоғамында қыз-келіншектердің автокөлік жүргізуі үйреншікті үрдіс болса, соғыс жылдарындағы қыздар үшін бұл әрине, сирек құбылыс болатын.

Саркулова Слухия Жұмағұлқызы 1923 жылы 9 мамырда Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Кейін ата-анасы Камен ауданына қоныс аударады. Сұрапыл соғыстың басталар алдында ғана, 1941 жылы 15 маусымда төрт кластық білімі бар Слухия Переметное ауылындағы жүргізушілер курсына оқуға жіберіледі. 1942 жылы 15 қаңтарда курсты тәмамдап, ауылға келген соң ол техника жөндеушісінің (механик) көмекшісі болып жұмысқа кіріседі. Сөйтіп көлік жүргізуші қыз 1942 жылы жазда өз еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады.

Жауынгер С.Саркулова Хабаровск өлкесінде №189 автокөлік полкінің №600 санды  ұшақтарға қызмет көрсету батальонында әскери машинамен мина, снарядтар тасыды, бомбалаушы ұшақтарды сүйреп қыздырды. С.Саркулованың жауынгерлік өмір жолы туралы жазған ғұмырбаянында: «Әскери өмірім Қиыр Шығыста Хабаровск өлкесінің Иман қаласынан басталды. Кеңес Армиясы қатарында 1942 жылдың 23 маусымынан ұшақтарға қызмет көрсету батальонында қызмет еттім. Соғысты Жапон елінің Ханкель портында аяқтадым. Жарақатым жоқ. Шенім – ефрейтор. Соғыстың алғашқы кезеңінде орыс тілін білмей қиналдым. Бірақ орыс полктастарым маған үнемі көмектесіп отырды. Майданда көрген қиындық пен азапты күндерім ұмытылмайды. Бір күні қасымдағы шофер Анна Фадеева екеуміз 3 күн адасып, бөлімшені зорға тапқанымыз әлі есімде. Ас-сусыз адасып жүргенде жолдан жапон галетін (ұннан жасалған печенье) тауып алып жегенбіз. Галет уланған болып шықты. Мен қатты ауырдым. Бірақ Анна мені далаға тастамады. Жолдағы бір ауылға апарып, әрең дегенде сүт тауып әкеліп емдеп, есімді жиғызды» , – деп жазады.

Жауынгер С.Саркулованың Қиыр Шығыс майданынан қара өлең шумақтарымен туған елге, бауырларына жазған  сағынышты хаттары да   сұрапыл соғыстың көп жайттарын аңғартқандай. 

 

РУШАНҒА

Жирентай,

шапқаныңды  көре алмадым.

(Екінші жол көрінбейді - Авт.)

Бір туған, бірге өскен жалғыз ағам,

Сенімен амандасып қала алмадым.

Көгершін, көкке ұшып кеткенің бе?

Дүние, мынау бастан өткенің бе?

Бір туып, бірге өскен жалғыз ағам,

Шынымен амандаспай кеткенің бе?

Дүние-ай, мынау бастан жалғаның  

                                                                   ба?

Басымнан өтіп дәурен қалғаның ба?

Бір жүрген ойнап, күліп жалғыз аға,

Сізбенен амандаспай қалғаным ба? 

Слухия

1.06. 1942

 

Орман тау аралары тұман басқан.

Айырылып қайран елден мен адасқан.

Сарғайып саналмаған күндер өтті,

 

Сайрандап қуанатын күн бар ма екен?!

Зарланып жаттым түнде, жаттым 

                                                             жылап,

Айырылып тумалардан болдым ғарып.

Азғана науқасымнан  мен айығып,

Сайрандап жүретұғын күн болар ма?

Жазылып науқасымнан барамын да,

Есіме өткендерді алармын да,

Осымен азғантай сөз мен бітірдім.

Көп сәлем Слухия жазамын да.

16.1.1943 жыл.

АХМЕТКЕ

Ахмет, салған хатың бүгін алдым

Танысып амандықпен мен қуандым.

Конвертпен үш бұрышты қызыл қағаз

Көруге амандасып мен жыладым.

Ахмет, көп болды ғой хат келмеді.

Көңілің не себепті қалып еді.

Алғасын үш бұрышты сенің хатың

Қайтарып хат салуға тура келді.

1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қойып, дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Ал Қиыр Шығыс майданында әскери көлік жүргізген С.Саркулова 1945 жылы аман-сау елге оралды. Бейбіт өмір тіршілігіне араласып, ауылда ветеринарлық санитар, далалық бригада есепшісі сияқты түрлі қызметтер атқарған ол 1950 жылы коммунистік партия қатарына өтті. 1953 жылы 3 наурызда өзі тұратын Подтяжки ауылдық кеңесінің председателі болып тағайындалған ол, бұл қызметін зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін  25 жыл бойы атқарды.

Өмірден түйгені көп, қарапайым жауынгер ана бірнеше рет облыстық, аудандық маслихат депутаты болып сайланып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Майдангер С.Саркулова Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен қатар қоғам қайраткері ретінде «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және 1973 жылы «Социалистік жарыс жүргізушісі» белгісімен марапатталды.  Осылайша ел үшін еңбек етіп, халық құрметіне бөленген Слухия Жұмағұлқызы 1998 жылы 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Түйіндеп айтқанда, Қиыр Шығыс майданына қатысқан Қаламсия  Ермекова, Слухия Саркулова сияқты жауынгер аналардың өнегелі өмір жолы бүгінгі жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің  басты құралы, үлгі өнегесі  болып табылады.

Жауынгер қос құрбы

 

Ел басына күн туған сын сағатта ер­лер­мен бірге қолына қару алып, Орал облысының Жымпиты ауылынан Қиыр Шығыс майданына бірге аттанған қос құрбы Әзима Ниязғалиева мен Мүслима Үмбетова туралы біреу білсе, біреу білмейтіні  анық.  Өйткені, олар туған жердің топырағын қорғауды әркімнің міндеті санап, өздерінің жауынгерлік өмір жолдарын көпшілікке  ерекше мақтанышпен айта бермеген. 1983 жылы жазғы демалыста жүрген студент шағымда аудан орталығы Жымпиты ауылына іздеп барып, майдангер қос құрбымен жүзбе-жүз кездесіп, естеліктерін қағазға түсірген  едім. Әрине, ол кезде суретке түсіру, дыбыс жазудың қазіргідей техникалық мүмкіндігі жоқ, жауынгер аналарды ауыл орталығындағы  мәдениет үйіне апарып, естелік суретке түскен едік (1-сурет). Ұлт тарихын кеңінен ұлықтауға мүмкіндік болмаған кешегі тоталитарлық  жүйе тұсын­да, Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақтың батыр  қыздары туралы осындай ізденіс барысында  жиған деректерім үшін, бұл күнде  әрине, қуанамын.

Өмірде әр нәрсенің өзіндік себеп-салдары болатыны сияқты, сол кезде оң-солын танып үлгермеген маған  жауынгер қазақ қыздары туралы мәлімет жинауды тапсырып, бағыт сілтеген жан менің ұстазым еді. 1981 жылы Гурьев педагогикалық институтында тарих факультетінің І курсында  оқып жүрген бізге дәріс оқыған ұстаз К.Төлентаева маған ерекше назар аударды. Ол өзінің бос уақытында, кейде демалыс күндері, мені жатақханадағы өз  бөлмесіне шақырып, менің өз бетімше ізденіс жасауыма ақыл-кеңес берді,  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің  теориялық әдіс-амалдарын үйретіп,  ғылымға жетеледі.  Маған «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан әйелдері» деген ізденіс жұмысының тақырыбын  ұсынды. Осы тақырып бойынша берілген тапсырмаларды қадағалап,  жазып әкелген  дүниелерімді асықпай оқып, түзетулер енгізіп отыратын еді. Осы күні ойласам, мен сол ұстазымның ықпалымен институт қабырғасынан бастап-ақ ғылыми ізденіс жұмысына бейімделіп, студенттердің республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциясына үзбей қатысып,   үшінші курста жүргенде  Гурьев (Атырау) облысы Мақат ауданында тұратын жауынгер ана Жәния Берниязова туралы алғашқы  тырнақалды мақаламды жариялаған екенмін.

Сөйтіп, Кеңес Одағының Батыры атан­ған Шығыс жұлдыздары М.Мәметова, Ә.Молдағұлова есімдерінен басқа да жа­уын­герлік ерлік жасаған ұшқыш, танкист, барлаушы,  партизан, мерген, т.б. майдангер қазақ қыздары туралы мәліметім молайып, кеңейген  сайын мен бұл тақырыпқа қызыға түстім. Менің бірқатар жауынгер аналардың мекенжайын анықтап, олармен байланысып,  тарихи деректер қорын жинақтауыма сол кездегі «Лениншіл жас» газеті, «Қазақстан әйелдері» журналы редакциялары көп көмегін тигізді.

Енді тақырыбымызға қарай ойысып, жауынгер аналар туралы айтсақ.  Мүслима Үмбетова 1923 жылы, ал Әзима Ниязғалиева 1924 жылы Орал облысы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Бір көшенің бойында көрші тұрған олар мектепке бірінші класқа бірге барады. Мүслима соғысқа дейін ауылда есепші болып жұмыс істейді. Ал Әзима ауылдағы он саусағынан өнер тамған атақты ағаш шебері Ниязғалидың отбасында тәрбиеленіп өскен ерке қыз еді.

Жер дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс басталған соң, бірге ойнап өскен қос құрбы өз еркімен майданға сұранып, Жымпиты аудандық әскери комиссариатына өтініш береді. Майданға құрбысымен бірге  кетуді ойлаған Әзима комиссариатқа жазған өтінішінде жасын бір жасқа ұлғайтып, туған жылын 1924 жыл деп көрсетеді.

Сөйтіп, өтініштері қабылданған құрбылар 1942 жылы 22 маусымда, яғни, Ұлы Отан соғысының басталғанына бір жыл өткенде өз еріктерімен соғысқа аттанады. Олар Қиыр Шығыс майданындағы №120 артиллериялық   әуе шабуылынан қорғану  полкінің құрамына алынады. Жауынгер қыздар Владивосток, Лесозаводск қалалары үшін жапон милитаристерімен болған ұрыстарға қатысады.  Бұдан басқа жауынгер қос құрбы Уссури өлкесіндегі қалың орман арасына жасырылған  әскери самолеттер мен әскери базаларды  күзетіп, сондай-ақ зениттік батареяның оқ дайындаушылары болады. Жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы адалдығы мен тындырымдылығы үшін жауынгер қыздар Қиыр Шығыс майданы қолбасшысының Алғыс хатына ие болады. 1944 жылы қазан айында  взвод командирінің көмекшісі, кіші сержант Мүслима Үмбетова коммунистік партия қатарына алынады.

Ардагер аналар майдандағы өмір жолдары туралы естеліктерінде: «Әсіресе Уссуридің қатал қысы мен күзгі лайсаң жаңбырының астында тұрып, самолет қарауылдаған кездер аса қауіпті болатын, түн қараңғысы енген шақта кірпік қақпай тұратынымыз естен кетпейді. Біз бәрі де Отан үшін, бәрі де туған ел үшін емес пе, несіне аянамыз деп намысқа тырыстық», –  дейді.  

Сөйтіп, майданда «Отан қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер қос құрбы, 1945 жылы тамыз айында аман-сау елге оралады. Жоғарыда айтылғандай, 1983 жылы Жымпиты ауылына барып, майдангер аналармен кездескен сәтімде Әзима апайдың: «Үйге келсем, соғысқа кетерде кесіп тастап кеткен тоқпақтай екі бұрымымды анам төрге іліп қойыпты», – деп тебірене отырып айтқан әңгімесі әлі күнге жадымда сақталып қалыпты. Кейін сол  қос бұрымды аудандық театр артистері арнайы келіп, Әзима апайдан сұрап алып кетеді. 

Елге оралып, бейбіт өмір тіршілігіне араласқан жауынгер Әзима Ниязғалиева 1946 жылы соғыс ардагері, №189 гвардиялық атқыштар полкінің аға сержанты, байланыс бөлімшесінің командирі, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Арон Қонақбаевпен отау құрып, 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, «Ардақты ана» атанды. Майдангер Әзима ананың келіні Гүлшат Қонақбаева: «Менің енем ерекше адам болды. Қарапайым, мінезі жұмсақ, өте балажан, қонақжай, адал адам еді. Мені қызындай көріп, тәрбиеледі», – дейді. 

Майдангер Әзима Ниязғалиева 1988 жылы бұл пәниден бақилық болғанға дейін Жымпиты ауданы орталығындағы №166 (қазір №19 кәсіптік лицей) техникалық  училище қызметкері болып абыройлы еңбек етті.

Ал Мүслима Үмбетова соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласып, Жымпиты аудандық Кеңесі атқару комитетінің құрамында, одан кейін аудандық, ауылдық байланыс бөлімшелерінде   оператор,  1963 жылдан 1978 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін  «КПСС ХХІІ сьезі» атындағы кеңшарда байланыс бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ардагер  ана 1998 жылы 76 жасында өмірден озды.

Қалампыр Ахметова

Қиыр Шығыс майданында антижапондық соғысқа қатысқан  жауынгер қыздардың бірі – Қалампыр Ахметова. Ол  1920 жылы 1 маусымда Жымпиты ауданы Маркс ауылында дүниеге келген. Ағасы Жәрдем екеуі ата-анасынан жастай жетім қалып,  балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы 16 жасында ауыл баспаханасында әріп теруші болып  еңбек жолын бастайды. Кейін кітапханашы қызметін атқарады. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады. 89-авиациялық полк  құрамында 120-әуе қызметін қамтамасыз ету батальонында әскери міндетін атқарады. Майдангер ананың мектеп оқушыларымен кездесудегі сөйлеген сөзінде: «...Мен  өзім сұранып армия қатарына алындым. Біз Отанымыздың қиыр шеті Владивосток жағында, Приморьеде  қызмет еттік. Әуелі авиациялық, кейін зенит бөлімшесінде қатардағы солдат болдым. Біздің Қиыр Шығысымызда Сталинград түбінде жеңілуімізді тілеп, егер батыста жеңілсе тарпа бас салуға жапон самурайлары әзір отырды. Сол себепті  1945 жылы фашистерді Берлинде талқандағанда, одақтастар келісімімен Қиыр Шығыста Жапонияны талқандау міндеті тұрды. ...Біз бұл соғыста жапон армиясын тас-талқан етіп жеңдік. Міне, осы соғыстың  шет жағасында мен де болдым. Қолыма қару алып атыстым. Өз үлесімді қостым. Баянды бейбітшілікті қамтамасыз ету жолында қазір де бар күш-жігеріммен еңбек етудемін. Пионерлер! Сіздердің де еңбекті мынау кіші, мынау ұлы деп талғамай, еңбекке етене араласып, сапалы білім алып, тәртіпті болуға шақырамын!», –  деп    жас ұрпақты өнегелі өмір сүруге  үндейді. 

«ІІ дәрежелі  Ұлы  Отан соғысы»  орде­німен,  мерекелік «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған жауын­гер Қалампыр Ахметова елге жеңіспен оралған соң бейбіт  өмірге белсене араласады.  Соғыс ардагері Иманғалиев Исмағұлмен отау құрады. 

Майдангер ана зейнет демалысына шыққанға  дейін  Жәнібек ауылындағы  мектеп жатақханасының бас аспазы  болып еңбек  етті. Күш-қуатын, ақыл-парасатын  елінің игілігі үшін жұмсаған  ардагер ана 2001 жылы 1 наурызда дүниеден өтті. 

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың қасіретті оқиғасы – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлермен бірге толарсақтан қан кешіп, жауынгерлік ерліктің үлгі-өнегесін көрсеткен қазақтың батыр қыздарын бүгінгі жас ұрпақ мәңгілік мақтаныш етеді.

Автор Б.С. Боранбаева майдангер аналар Ә.Ниязғалиева (сол жақта) М. Үмбетовамен  бірге . Жымпиты ауылы. 1983 жыл. 9 тамыз.

 

 

 

 

3214 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз