• Тарих толқынында
  • 18 Қыркүйек, 2021

ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАҒАН

Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, талантты биші

 Тойған Ізім жайлы толғаныс

Ұлттық мәдениетіміздің қалыптасып, өркендеуіне айрықша үлес қосқан тұлғалардың арасында атақты биші, балетмейстер Тойған Оспанқызы Ізім ерекше орын алады. Оның есіміне қазақ елі ғана емес, өркениетті мемлекеттердің талғампаз зиялы қауымдары да әбден қанық. Ол бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында ұлттық би ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты, профессор. Қазіргі таңда киелі сахналарда, атақты ансамбльдерде өнерімен биікке көтерілген майталмандардың ішінде оның тағылымын алмаған шеберлер кемде-кем. Өнер саңлағының мерейтойы қарсаңында ардақты тәлімгерге көкейде жүрген сауалдарымызды қойып, болашақ бишілерге өнеге боларлық мағыналы ғұмыры жайлы сөз қозғауды жөн едік.

КИЕЛІ ТОРҒАЙ – АТАМЕКЕНІ

Меніңше, бүгінгі кейіпкерімізді білмейтін қандастарымыз жоқтың қасы. Өйткені, қазақ халқының биі жайлы сөз болғанда оның аты-жөні, бейнетқорлығы арқасында бағындырған асулары көз алдымызға келіп тұра қалады. Жақында өзім сырттай бір көруге құштар болып жүрген мәдениет саласының мақтанышымен сөйлесу барысында бұрын белгісіз көп жайтқа көзім жетті. Ең алдымен айтайын дегенім, сұхбаттасым ешкімді жатырқамайтын, рухани бай, әу баста таңдаған кәсібінің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін жетік білетін сұңғылалығымен таң қалдырды. Сөзге шешендігі, нені болсын жүрек сүзгісінен әбден өткізіп барып, баяндайтын білімпаздығымен, өнерді кие тұтатын әрі оның құдіретін терең сезінетін қасиеттерімен бірден баурап алды. Ал би жайлы толғанысы тыңдаған жанды еш жалықтырмайды. Сондықтан одан тағылым алған әріптестері мен студенттері не деген бақытты еді деген пікірде қалғанымды жасырмаймын.

Әңгіме барысында оның ата-бабасы, ата-анасы, тәрбиеленген ортасы жөнінде де өткен жылдар мен күндерге қысқаша саяхат жасады. Тойған Оспанқызының айтуына қарағанда, аталары мен әкесінің түп негізі Торғай өңіріндегі ұлтымыздың бағына туған біртуар азаматтарды берген Жангелдин ауданындағы Ақкөл деп аталатын киелі елді мекеннен болып шықты.

Сонау халқымыздың басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау, нәубет жылдары қаракөз бауырларымыз күнкөріс, тіршілік қамымен жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен жоқ па? Мұның ет жақын туған-туысқандары көршілес жатқан Ақтөбе облысына қоныс аударды. Сондағы ағайындармен қоян-қолтық араласып кетті. Жергілікті қазақтар бұларды жатсынған жоқ. Көшіп барған үлкенді-кішілі қауым жаңа ортаға тез сіңісіп, әрқайсысы жеке-жеке шаңырақ көтерді. Ұл-қыздарын өсіріп, құда-құдандалы болды. Сөйтіп, тамырларын тереңге жайды.

Ізім атамыздан тараған Оспан ағамыз жастайынан еңбекке бейім еді. Еті тірілігі және мінезінің жайсаңдығымен айналасындағы қауыммен тез тіл табысты. Ондағы өмір көрген ардақты ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз бұл әулетке сыйластық танытты. Отбасының тірегі, тепсе темір үзетін азамат осы өңірдің аяулы қызы, үлкен мен кішінің қадірін білетін, салт-дәстүрімізді жоғары қоятын Балдай есімді бойжеткенмен тағдырын қосып, отау көтерді. Ерлі-зайыптылар ә дегеннен білек сыбана еңбек етті. Уақытпен санасу дегенді білмеді. Отағасы жас кезінде мал дәрігері ретінде де жұртшылыққа жақсы танылды. Содан кейін қазақтың ежелден келе жатқан үйреншікті кәсібі – мал шаруашылығына бет бұрып, шопан атанды.

Осы қиындығы мен қуанышы қатар жүретін мамандықтың қыр-сырын игеріп алды. Жазда жайлауда, қыста қақаған бет қаратпас боранды күндерге қарамастан қыстауда ғұмыр кешті. Сол кеңестік кезеңде қоғам малын өсірушілерге қойылар талап жоғары болатын. Отардан шығынға жол бермеді. Көктемгі сақпан, яғни қой төлдету, жүн қырқу және басқа да науқанды жұмыстардың бел ортасында жүрді. Мұндай тынымсыз шақтарда оның жанынан сүйікті жары табылып, қаншама ауыртпалықты бастан өткерді.

Талай азаматқа толарсақтан саз кештірген Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті жақындатуға өзінің үлесін қосты. Қазақ жігітіне тән қайсарлық пен батылдық көрсетті. Соған орай алған марапаттары да баршылық. Майданнан аман-есен оралған соң бейбіт өмірде де сол баяғы мал шаруашылығындағы жұмысын одан әрі жалғастырды. Оспан аға мен Балдай апа тіршіліктегі байлығы мен бақыты шаңырақтағы төрт перзенті деп есептеді. Олардың жастайынан еңбексүйгіш, елі мен халқының қамын ойлайтын білікті мамандар болып қалыптасуына көп көңіл бөлді.

Кешегі сұм соғыс кезінде қалың қарды белден кешіп, мұз жастанған қиын сәттер, жыл он екі ай жауын-шашынды, аязды шақтары мал соңында жүру оңай ма? Бәлкім, соның да әсері болды ма, шаңырақ иесі елу алты жасында дүниеден өтті. Бір отбасын айрандай ұйытып, асырап отырған Осекеңнің күтпеген жерден қайтыс болуы әулетке жеңіл тиген жоқ. Күйеуінің бар жағдайын жасап, қолдаушысы болып отырған анасы небәрі отыз екі жасында жесір қалды.

«Басқа түссе баспақшыл» демекші, жүрегі нәзік, кішіпейіл апамыз ұл мен қызын қатарынан қалдырмау үшін барлық қиындыққа төзімділік танытты. Көрген тауқыметін балаларына сездірмеді. Жұмыс таңдамады. Осындай табандылықтың нәтижесінде әкелерінің орнын жоқтатпады. Тек көңілді жабырқатып, жүрекке салмақ түсіргені – үйдің үлкен ұлы Молдағазының ғұмыры қысқа болды. Одан кейінгі Серғазы – қазіргі таңда теміржол саласының білікті маманы. Отбасындағы бір қызына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне Әлия деп есімін қойды. Ол да өсе келе халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Өзі өте бауырмал, ата-анасының атына ешқашан кір келтірген емес.

БИГЕ ЕРТЕ БЕЙІМДІЛІК  ТАНЫТТЫ

Бұл күндері руханиятымыздың мақ-танышына айналған Тойған Оспанқызы өзі тәрбиеленген әулеттегі екінші перзент екен. Әкесі Оспан ән мен күйді ерекше ықыласпен тыңдайтын. Жұмыстан босаған кездері қолына қара домбырасын алып, күй шертіп беретін. Сонда бұл әлі кішкентай болса да оның әуені мен ырғағына қызығатын. Өзін өнердің құдіреті баурайтыны соншалықты, еріксіз ұйып тыңдап қалатын. Елгезек те қағілез бұл отбасындағы балалардың арасында өнерге ойын баласы кезінен бейімділік танытты. Мектеп қабырғасында жүргенде домбыраны тез үйреніп, оркестрге де қатысты. Хорда нақышына келтіріп ән де айтты. Тіпті өз қатарларымен бірге спорттың бірнеше түрімен шұғылданып, шеберлігін шыңдады. Міне, осының бәрі мұны кейін шыдамдылыққа, қиындықты бағындыруға тәрбиеледі. Жұдырықтай жүрегі өнердің киелі екендігін айқын сезді.

 Тойған әпкеміз өнердің бір түрі – биге деген бейімділігін сонау білім ордасының 5-сыныбында оқып жүрген кезден танытты. Оны өз көзімен көрген таныстары: «Оспан мен Балдайдың бұл қызы тәжірибелі ұстаз кездесіп, осылай тынбай еңбектенсе, одан түбі ауыз толтырып айтарлықтай мықты биші шығады» десті.

Ол уақытта облыс орталықтарында алыс елді мекендердегі шопандардың ұл мен қыздарына арналған мектеп-интернаттар жұмыс істейтін. Тойған Оспанқызы  Ақтөбедегі дәл осындай білім ордасында тәрбиеленді. Интернатқа бесінші сыныптан бастап қабылданды. Осы жерде мұның би өнерімен шындап айналысуына мүмкіндік жасалды. Үйірмеге қатысып, таным көкжиегі кеңейе түсті. Нағыз биші атану үшін алға талпынып, маңдай терін төгу қажеттігін түсінді.

 АЛМАТЫ – МӘҢГІЛІК ЖҮРЕГІНДЕ

Кешегі шашына ақ бантик таққан балауса қыз үшін білім ұясындағы қимас жылдар да артта қалды. Сол шақта мұның құрбыларының алдында «Енді кім болам?» деген заңды сұрақ тұрды. Алайда ол көп ойланып, толғанған жоқ. Ақтөбедегі облыстық филармонияның жанындағы белгілі әнші Геннадий Шульга жетекшілік ететін концерттік бригадада бишілік қызметке кірісті. Мұндағы жұмыс істеген кезеңнің оның өмірінде алар орны ерекше. Ұжымда жүріп еңбек етуді үйренді. Би өнерінің ерекшеліктеріне назар аударып, мамандықтың шыңына кәсіби білім алу арқылы қол жеткізе алатындығын ұғынды.

Бірде қолына жұртшылық сүйіп оқитын басылым түсті. Ондағы Алматыда эстрада-цирк студиясы ашылатындығы жайлы мақала көзіне оттай басылды. Содан уақытты созбай Алатаудың баурайындағы әсем қалаға аттанды. Шаһардың қақ ортасындағы оқу орны өзі секілді дарынды жастардың білім ордасына айналып, осы жерден «Балет артисі» деген диплом алды. Сөздің орайы келгенде, студияның ашылуына Қазақстанның халық артисі, қыздар арасынан тұңғыш көркемсөз оқу шебері Гүлжиһан Ғалиеваның айрықша еңбек сіңіргендігін атап өткен жөн. Тойған әпкеміз би бөліміне қабылданып, басқа құрбылары секілді оны ойдағыдай тәмамдады.

Әрине, бойжеткеннің асыл арманы орындалғандағы қуанышын ешкім де тілмен айтып жеткізе алмас. Эстрада-цирк студиясы нағыз тәлім алу, кәсібін жан-жақты меңгеру мектебі болғандығы айдан-анық. Бұларды уақытпен санаспай шеберлікке баулыған ұстаздар Мелентина Габель, Михаил Шатловский, Гуляфруз Қияқовалардың сіңірген еңбегі өзгелерге үлгі боларлық. Олардың шәкірттерімен жұмыс істеудегі әдіс-тәсілі, адами қырлары бұлардың жадында сақталып қалды. Бұл тәлімгерлер республикамыздың бір аймағындағы Ақтөбеден келген бойжеткеннің бойындағы қабілетті бірден байқап, оған тынымсыз еңбек, ұдайы ізденіс жасауға бағыт-бағдар беріп, би өнеріндегі көпке беймағлұм жайларды меңгеруге жұмылдырды.

Бұл да тиянақты шәкірт бола білді. Олардың айтқанын қалтқысыз орындап, оқу барысында алған теориялық білімін репетиция кезінде тәжірибемен ұштастырды. Ұстаздарының сенімін толық ақтады. Одан әрі жоғары білім алу мақсатында сол жастық шағының куәсі болып өмірінде өшпес ізін қалдырған Алматы қаласындағы мемлекеттік театр және кино институтына оқуға түсті. Осы оқу орнында Қазақстанның халық артисі, би өнерінің тарланы Болат Аюхановтың шеберханасында тәлім алды. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын тұлға бұл жерден болашақ ғұмырына рухани азық болар мамандық – хореограф-режиссерлікті меңгеріп шықты.

 

ӨЗАҒАНЫҢ ШАПАҒАТЫНА БӨЛЕНДІ

Бәлкім, зиялы қауымның жадында болар, 1970 жылы бұрынғы Торғай облысы құрылды. Оның орталығы Арқалық шаһары болды. Жаңа облысқа жан-жақтан кадрлар шақырылды. Солардың қатарында Алматыдағы республикалық эстрада-цирк училищесін аяқтаған көркем бойжеткен Тойған Оспанқызы Ізім де болды.

Торғай өңірінің жұртшылығы қазақтың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, ғалым, мәдениет саласының нағыз жанашыры Өзбекәлі Жәнібековті әрдайым ардақ тұтады. Оның есімін кейінгі өнерсүйер жастарға өнеге етеді. Оның өзіндік себептері де аз емес. Өзекеңнің Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалуы жергілікті ағайынға бұлтты аспаннан жарқырап шыққан күндей болды. Ол жауапты қызметке келісімен руханият саласын көтеруге барын салды. Осындағы талапты да талантты жастарды қолдап, демеді. Кезінде бауырларымызға арман болған қаншама ансамбль құрылып, алыс-жақыннан келген білікті мамандармен толықты. Ол ұлтымыздың би өнерін дамытуды мақсат тұтқан Тойған әпкеміздің бойындағы дарынын бағалап, оның бишілік қарым-қабілетін жарқырата көрсетуге барлық жағдайды туғызды.

Арқалық шаһарындағы облыстық филармонияның жанынан «Торғай әуендері» жастар эстрадалық және «Шертер» фольклорлық ансамбльдерінің негізін қалады және жеке бишілік қызметін атқарды. Сол кезеңдері аталған өнер ұжымдары талай концерттер қойып, көпшілікке танылды. Тіпті «Шертер» фольклорлық ансамблі дүниежүзін аралап, гастрольдік сапарларда болды. Қазақтың мәдениетін асқақтатты.

Бишінің қайталанбас дарынына тәнті болып, оның кәсіби шеберлігін өздеріне үлгі тұтып, тығыз сыйласқан мәдениет саласының тарландары арамызда ғұмыр кешіп жатыр. Солардың бірі – әншілік қабілетімен бүкіл республикамызға белгілі Отаркүл Мұқатова. «Қазақтың биі хақында әңгіме болса, ұлы тұлғалар Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова секілді таланттардың жолын жалғастырып келе жатқан, яғни бұл күндері елордадағы ұлттық хореографиялық академиядағы профессор Тойған Оспанқызына тоқталмай өте алмаймыз. Ол, ең алдымен, айналасына нұрлы сәулесін шашып, таудай талабы мен дарыны, жанарында жастыққа тән жалыны бар бойжеткендерге шапағатын тигізген ұлағатты ұстаз. Оның кәсіби деңгейі өте жоғары. Сол үшін өнердің білікті мамандарынан лайықты бағасын алған. Шәкірттері оның бай тәжірибесінен үйреніп, қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің мәдениетін өркендетіп келеді. Ол жүрегі дархан, мейірімі мол, ұлттық салт-дәстүрімізді бойына мол сіңірген аяулы жан. Оның намысшылдығы, өнерде жасандылықты сүймейтін адалдығы, әу баста ұнатқан мамандығына шын берілгендігі мені әрдайым шексіз қуанышқа бөлейді. Мерейтойын атап өткелі отырған бесаспап маманның әлі де болса талай асуды бағындырып, өскелең ұрпаққа өнері мен өмірі өнеге бола беретіндігіне сенімдімін» деген Отаркүл Мұқатованың пікірі өнерсүйер қауымға ой салары хақ.

Республикамызға танымал әнші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин де Тойған Оспанқызы жайлы шынайы лебізін білдіре келіп:

– Мен биші әрі балетмейстер Тойған Ізімді ерекше ілтипатпен әрі мақтанышпен өзгелерге өнеге етіп отырамын. Ол бүкіл саналы ғұмырын тың ізденістермен қазақ халқының би өнерін дамытып, насихаттауға арнап келе жатқан қазақтың ардақты қызы. Апамызбен жүздесіп, сырласа қалсаңыз, жан сарайыңыз түлеп, ерекше күйді бастан кешесіз. Әңгімесін тек жалықпай тыңдай бергіңіз келеді. Өйткені, ол тек сахна шебері ғана емес. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, тарихы мен мәдениетіне өте жетік. Қайда қызмет атқарса да өз ортасының көркі болды. Қаншама жылдар Алматы шаһарында тер төгіп, әріптестері мен шәкірттерінің жүрегіне рухани нәр септі,–деді ол.

АБЫРОЙ БИІГІНЕ КӨТЕРІЛДІ

Оның өмірбаянына назар аударатын болсақ, әйгілі биші болумен қатар педагогтік қызметте де алғы шептен көрініп келе жатқандығын көреміз. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін сонау сағымдай бұлдырап қалған айшықты кезеңдерге шегініс жасап көрелік. Ол жоғарыда баяндалған Торғай өңіріндегі «Торғай әуендері» жастар эстрадалық және «Шертер» фольклорлық ансамблінің негізін қалап, жеке биші ретінде қызмет атқарғаннан кейін қазіргі Ақмола облыстық филармониясының «Армандастар» деп аталатын ансамблінің іргетасын қаласуға да қомақты үлесін қосты.

Қос өңірдегі жергілікті ағайынның қошеметіне ие болған қазақтың айтулы қызы ғұмырының біраз жылдары өткен Алматыға шеберлігі әбден шыңдалып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алғаннан кейін келді. Жаңа орта, көркем шаһарға табан тіреген соң өзінің өнер үшін туған майталман екендігін баршаға дәлелдеді. Алайда қол жеткенге ешқашан да болдым, толдым деген емес. Қайта биші мамандығын жетік меңгерген өзі секілді саңлақтар әрдайым алға ұмтылып, биіктен көрінуге тиіс екендігін іс жүзінде көрсете білді. Бұл қалада қазақтың мәдениетінде өзіндік орны бар Ықылас атындағы республикалық музыкалық аспаптар мұражайының «Сазген», мемлекеттік «Алтынай» фольклорлық би ансамбльдерінің қалыптасуына сіңірген еңбегі де ерекше атап өтерліктей.

Биші болу – ол тек сахнаға шығып, жиналған қалың жұртшылыққа өнер көрсету ғана емес, мұнда кәсіп иесінің талап-талғамы, киген киімі, қимыл-қозғалысы, образды сомдай білуі назар аудартпай қоймайды. Сондай биіктен табылу үшін әрбір әріптесімен жеке-жеке жұмыс істеді. Оған қаншама қажыр-қайрат, біліктілік және сезімталдылық талап етілді десеңізші.

Тойған Оспанқызы еңбекқорлықтың жарқын үлгісін танытты. Бір биді шығару үшін уақытпен санаспай, таңертеңнен кешке дейін репетиция жасады. Қарамағындағылар да ұстаздарының шексіз төзімділігіне, халықтық биді жоғары деңгейде шығармай қоймайтын табандылығына қайран қалатын. Осы мысалдардың өзі оның жауапкершілікті жоғары сезінгендігін байқатады емес пе?

Онымен сұхбаттасқан кезімізде бұл күндері еңбек өтілі 53 жылды еңсергенін білдік. Сол сынаптай сырғып өткен кезеңнің 27 жылын киелі сахнада қазақтың биін билеуге арнады. Қалған мерзімде бай тәжірибесімен шынайы шеберлігін үйлестіретін педагогикалық және ғылыми жұмысқа бет бұрды. Ол өзінің оқытушылық жолын алдымен Алматы қаласындағы №138 өнер лицейінде бастады. Содан кейін А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде шәкірттер тәрбиеледі. Бұл оқу орны көпшілікке талай бишіні дайындаған білім ордасы ретінде жақсы таныс. Оны аяқтаған жастар өнердегі үлкен қайраткерлерге айналды. Тұлғаның мақтан ететіні, осы оқу орнынан кейін кезінде өзі білім алып, түлегі атанған Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк өнері колледжінде қызмет атқару бақытына ие болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапкерлерге дәріс берді.

Содан кейін халық арасында кеңінен танылған мәдениет қайраткерін өзге де беделді жоғары оқу орындары өздеріне қызметке шақырды. Мәселен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық және Қазақ ұлттық өнер университеттерінде кафедра меңгерушісі болды. Осындағы әріптестеріне қай жағынан болсын ғибрат көрсетіп, өнерге құштар жастардың ең қадірлі тәлімгері атанды десек, асыра айтқандық емес.

Педагогтың, яғни ұстаздық еткен жанның еңбегі әрқашан да шәкірттерінің халық үшін атқарған ізгі істерімен өлшенетіндігі жұртшылыққа мәлім. Кезінде оның тәлімін алып, шеберлік мектебінен өткен Татьяна Попова бұл күндері мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында қызмет атқарады. Қазақ биін терең меңгергендігі әрдайым үлкен сахналардан көрсетіп келеді.

Ұлттық мәдениетімізде «Наз» халық биі театрының орны бөлек. Осы ұжымның басшысы Еркебұлан және бас балетмейстер Хадиша Ағынбаевтарды кім білмейді? Олардың қарым-қабілетін еліміздің талғампаз жұртшылығы мойындады. Театр өз саласы бойынша жүлдегерлердің қатарында.

Тойған Оспанқызы би өнерінде жеке басының жайын күйттеген жан емес. Ұзақ жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін өзгелермен бөлісу мақсатында байтақ еліміз бен жеріміздің аймақтарына жиі сапарға шығады. Өңірлердегі би ансамбльдерінің репертуарының қалыптасуына қолдау көрсетеді және би қойылымдарын қояды. Тілге тиек ететін болсақ, Астана және Қарағанды филармонияларындағы би ансамбльдерінің шығармашылық жағынан ұдайы өсіп, деңгейлерінің көтерілуіне өз қойылымдары арқылы айтарлықтай үлесін қосқан бақытты балетмейс-тер ретінде де есімі халыққа мәлім.

Ол Қостанай қаласындағы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Фахрутдинов басқаратын «Карнавал» би ансамблімен де тығыз байланыста. Солтүстікте жатқан осы шаһарда болып, өнер ұжымына шеберлік сыныптарын өткізді. Мұндағы хореографтарға нақты бағыт-бағдар берді.

Өнертану ғылымы кандидатының Ұлттық хореографиялық академиясының жанындағы әлемге әйгілі биші Алтынай Асылмұратова басқаратын Қазақ ұлттық биінің ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі әрі тәжірибелі профессоры ретіндегі атқарып жатқан қызметінің өзі бір кітапқа арқау болмақ. Ғалымның хореография өнеріне байланысты ана тілінде жазылған бірнеше оқулық пен ғылыми еңбектердің авторы екендігін де осы салада жүрген ізденімпаз жандар жақсы біледі.

Көрнекті биші «Қазақ және шетел хореография өнерінің тарихи даму кезеңдері», «Классикалық биден екі сабақ үлгісі», «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» деп аталатын оқулықтарды әріптестері Әлпеш Құлсейітова және Айгүл Құлбековамен бірлесе жазды. Өзі де көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі», «Уақыт және би өнері» деп аталатын құнды кітаптарын баспалардан жарыққа шығарды. Одан басқа да танымдық, ғылыми мақалалары беделді басылымдарда жария-ланып, өнер саласының мамандары іздеп жүріп оқитын рухани дүниелерге айналған.

ӨНЕР ҚОНҒАН ШАҢЫРАҚ

Қалың жұртшылық Тойған Оспанқызы Ізімді атақты биші, балетмейстер, қазақ биін дүниежүзіне танытқан аса дарынды тұлға әрі өнер қонған киелі шаңырақтың ұйытқысы, мейірімді ана және сүйікті қамқор әже ретінде мәртебе тұтады. Егер оның отбасы және заман талабына сай өсіріп отырған ұрпақтары жайлы айтпасақ, жазып отырған рухани дүниеміз толыққанды шықпас еді. Өйткені, ол қазақ әйелі ең алдымен, өз шаңырағында бақытты болуы керек деген қағиданы берік ұстанатын инабатты жан.

Ерекше тоқтала кететін бір жайт, оның ғұмырлық серігі Үсен Мақан да кәсіби биші болатын. Ерлі-зайыптылар Алматыдағы эстрада-цирк студиясында бірге оқыды. Осында жүріп бір-бірін ұнатып, жеке отау көтерді. Олар 35 жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешті. Өздері студияны тәмамдаған соң, Арқалық қаласында қол ұстаса еңбек етті. Олар елімізде тұңғыш рет жұп болып халық биін сахнаға шығарды. Бұлар «Қазақтың фольклорлық-этнографиялық билері» деп аталатын бағдарламаны жасап, шетелдерден келген қонақтардың алдында өнерлерін көрсетті.

Шындығына келсек, мұндай биік мәр-тебеге кез келген жанның жете бермегені айдан-анық. Қайран ағамыз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Үсен Мақан 2010 жылы кенеттен дүние салды. Оның адамгершілік қырлары артында қалған әріптестеріне қашан да үлгі-өнеге. Ерлі-зайыптылар өнер сапарымен дүниежүзінің бірқатар қалаларында қазақтың би өнерін асқақтатып, мәдениеттің хас шеберлері екендігін дәлелдеді. Олардың Үндістанда, Непал корольдігінде, Қытайда асқан шеберлік танытуы қос өнерпаздың деңгейінің қандай жоғары болғандығына жарқын айғақ.

Тойған әпкеміз шынашақтай бала кезінен қазақтың ежелгі халық ауыз әде-биетіне жетік болды. Ол өзі өскен ауылдағы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әже-леріміз жиналған жерлерде батырлар жырын жалықпай оқитын. Үлкен кісілердің ақ батасын алған шақтары әлі күнге дейін есінде. Кейін өсе келе көркем әдебиетке ден қойды. Өз саласына байланысты шығармаларды да жалықпай оқыды. Ол кітапханасы бар үйді рухани бай шаңырақ деп есептейтін ұрпақтың өкілі. Кітап оқыған адамның жаны сұлу, тілдік қоры мол болып келетіндігін жасырмайды. Болашақта биші атануды армандайтын қазақ қыздарының бойынан инабаттылықты, білімділікті, намысшылдықты, ұлт-жандылықты, ана тіліне жанашырлықты көргісі келетіндігін жасырмайды.

Үсен ағамыз бен Тойған апамыз қос ұлына тағылымды тәрбие берді. Тұңғышы Айбек бұл күндері Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұрады. Кенжесі Жәнібек әке-шешесінің жолын қуды. Ол Алматыдағы хореография училищесі мен Мәскеудегі хореографиялық академияны тәмамдады. Ұзақ жылдар бойы КСРО халық артисі Майя Плисецкаяның (Орыс Империялық балеті) театрында жетекші балет солисі, содан кейін осы өнер ұжымының бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Оны әріптестері «Педагог-балетмейстер» ретінде құрмет тұтады. Ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, педагогика ғылымының магистрі, беделді байқаулардың лауреаты, қазіргі таңда елордамыздағы Қазақ ұлттық хореография академиясында дәріс береді. Осы өнер саласына байланысты фестивальдардың ұйымдастырушысы.

Қазақтың ұлттық биінің білгірі Тойған әпкеміз екі ұлынан төрт немере сүйді. Қолындағы немересі Салих балдан тәтті тілі және сүйкімді қылықтарымен әжесінің еркесі. Әжесі күнделікті жұмысынан кейін осы алтын асықтай сүйікті немересіне жеткенше асығады.

Өмірден көріп жүргеніміздей, атақ пен абырой еңбекқор адамды өзі іздеп табады. Тойған әпкеміздің ұзақ жылғы жемісті еңбегі лайықты бағасын алды. 1987 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі құрметті атағына ие болды. Сонымен қатар, «Еңбек ардагері» медалі және «Ы. Алтынсарин», «Халық алғысы» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ ол кезінде Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік ХІІ фестивалінің дипломанты, Белгиядағы халықаралық би фестивалі және І республикалық бишілер байқауының жүлдегері атанғанын да өнерсүйер қауымның біліп жүргені артық болмас. Халқының ардақ тұтар асыл қызы би өзінің жастай таңдаған өнері ғана емес, ғұмырының мәні екендігін, өнердегі асқар биіктерге, адал еңбек, маңдай терімен, үздіксіз оқу-тоқумен көтерілгендігін дәлелдеді.

Биыл мерейлі 70 жасқа толғалы отырған өнер майталманының кезінде киелі сахнаға шығарған әсем де аса тартымды билері мен қойылымдары мәдениетіміздің алтын қорына енді. Елімізде қазақтың биі 1965 жылдан бері Алматыдағы хореографиялық колледжде, бертінде жоғары оқу орындарына пән ретінде оқытылады. Тәлімгер-педагог тынымсыз ізденістің арқасында 2006 жылы ұлтымыздың біртуар театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевтың ғылыми жетекшілігімен өнертану ғылымының кандидаты атанды. Бұл да оның өміріндегі шуақты сәт екендігі даусыз.

Одан біреулер «Жастық шағыңыз қайта оралатын болса, қандай кәсіпті таңдар едіңіз» деп сұраса, бұл еш мүдірместен: «Әрине, қазірдегідей биші болар едім, өйткені, мен оның шыңына көтерілдім, өнерім мені халыққа танытты, ұлтымның намысты қызы атандырды, өзімді шексіз бақытты етті» дер еді.

Мақсатсыз адам болмайды. Оның арманы – болашақта қазақ тілін еркін білетін балеттанушы мамандарды тәрбиелеу. Сөйтіп, осы мәдениет саласын көпшілікке таныта алатын білікті жастарды оқытып шығару.

Өнердің ерекше түрі – би ханшайы-мы қазір нағыз кемел шағында. Оны еліміздегі барша әріптестері өз кәсібінің шебері ретінде құрметтейді. Шәкірттері өзін мақтаныш тұтады. Адамда одан артық қандай қуаныш пен бақыт болушы еді. Ұлтымыздың биін ғұмырының мәніне айналдырған Тойған Оспанқызына мықты денсаулық, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейміз!

Оразалы ЖАҚСАНОВ

2851 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз