• Ел мұраты
  • 18 Қыркүйек, 2021

«Өмір өткелдерін» парақтағанда...

Биыл – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігімізге 30 жыл. Мемлекет өміріндегі, халық шежіресіндегі маңызды белес. Тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен халықтың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, биік армандарға қол создыратын құдыретті күш дер едік. Сонымен қатар тәуелсіз ел қашанда дербестігін көзінің қарашығындай сақтап, мықты да айбынды мемлекет болу жолында аянбай тер төгеді. Өйткені, егемендіктің туын қолына берік ұстаған елдің жүретін жолы да, бағыты да айқын. Өзгелермен иық теңестіре отырып, олардың да сөзін тыңдай біледі, өзінің де ой-пікірін өткізе біледі. Қандай саясатты ұстанып, қандай мұрат-мақсаттарды ел дамуында арқау етемін десе де, дербес шешім қабылдай біледі. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста, сол замандағы түрлі қиыншылықтарға қарамастан, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар дағдарыстарға әкеп соқтырғанына қарамастан, азаттық алған халқымыздың көңіл-күйі, рухы жоғарылап, қандай ауыртпалықтарға да шыдай білді. Елдің жарқын келешегіне сенді.

Иә, қазір біз тәуелсіздіктің 30 жылдық межесінде отырып, өткен кезеңдерге жиі ой жібереміз. Осы кезеңдердегі қоғамның жаңғыруы, адам санасының өзгеруі тәрізді әртүрлі жағдаяттар болып жатты. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» (Астана: Фолиант, 2005 ж.) атты сұхбат кітабын оқи отырып, Қазақстанның Кеңес одағы тұсындағы, сондай-ақ Тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі кезеңдердегі алуан түрлі саяси оқиғаларды қаншалықты деңгейде басынан кешіргенін сезінесің. Ел Тәуелсіздігінің, егемен мемлекетіміздің бастауында болған Елбасының атқарған жанкешті қызметі, Көшбасшылық жолы, шын мәнінде, қайран қалдырарлықтай. Қаншама түйткілдерді даналықпен шеше білгенін аталған кітапты парақтай отырып, түйсінгендей боласыз. Енді осы еңбектегі өзімнің көңіліме әсер еткен жайларға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ерекше тоқталып өтуді жөн көрдім. Айтулы сұхбат кітабында Елбасы сол бір кезеңді былай деп еске алады: «Тәуелсіздік біздің бәрімізге зор жауапкершілік жүктейтінін әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізу басты міндет болды ол кезде. Үш жүз жылдай уақыт бойы өзіміздің қалай өмір сүретінімізді өзіміз айқындай алмай келген едік. Енді империясыз, тоталитаризмсіз соны өзіміз шешуіміз керек болды. Бостандық қолға тиді екен деп бостан босқа масайрай берудің еш жөні жоқ еді. Бостандық өздігінен елді тойындырмайды да, киіндірмейді де, қалтаға ақша да салып бермейді. Тек өз күшімізге сенбесек болмайды. Әрине, бұл бізге өзімізден басқа ешкім қарайласпайды, атымен көмектеспеді деген сөз емес. Ядролық қаруды жоюда да, жекешелендіруді жүргізуде де ақыл-кеңесіне құлақ асқан адамдарымыз болды. Кейіннен менің өтінішім бойынша Астана салуға қаржылай қарасқандарға да, Конституцияны әзірлеуде жәрдемдескендерге де разылығымызды айта жүреміз. Бірақ, дегенмен, негізгі ауыртпалықты өзіміз көтергеніміз, ең қиын түйіндерді өзіміз тартқанымыз анық. Оның үстіне біз бұрын дотациямен өмір сүріп келген республикамыз. Мұның өзінің себептері бар. Бізде шығарылатын өнімнің 97 пайызының иесі Орталық болғаны рас, бірақ Орталық жойылғаннан кейін ол өнімдер өтуін өздігінен жалғастыра бермейді ғой. Бұрынғы шығындарымызға армияны ұстау деген сияқты жаңа шығындар қосылып жатты. Тәуелсіздіктің басты тірегі – экономика. Бәрінен бұрын осы жағын қамдауды ұйғардық. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген тұжырымдаманы ұстанатынымызды жария еттік» дейді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Иә, Тәуелсіздік жариялау бар да, бүкіл қым-қуыт шаруаларды, өзекті мәселелерді шешу бар. Ел болу оңай емес. Мемлекеттің негізін қалау, барлық дүниелерді қайта құру, жөн-жобасын айқындау жеңіл нәрсе емес. Әсіресе, Орталыққа тәуелді болып келген Қазақстан сияқты ел үшін дербес экономикалық саясат бағдарын жасақтау да қиын. Бұл орайда Ұлт Көшбасшысы нақты ұйымдастыру шаруаларына келсек, алдымен билікті нақпа-нақ бөлісудің басын ашып алу керек болғанын тілге тиек етеді. Сонда ғана атқарушы органдардың үйлесімді басқару жүйесін құруға мүмкіндік туатынын атап өтіпті. Тәуелсіздік жас мемлекеттің саяси жүйесін, мемлекеттік билік аппаратын да қайта жасақтау міндеті күн тәртібіне шығатыны түсінікті ғой.

Сол кезеңдердегі едәуір өзгерістер мен қиындықтарды кезінде белгілі көсемсөзші Әбіш Кекілбаевтың ойлы да, тұжырымдамалық мақаласынан оқығанымыз бар еді. Сонда Әбіш Кекілбайұлы: «Күні кеше ғана сияқты еді. Оған да төрт жыл болыпты. Пәлен күнге созылған парламент дауы да аяқталды. Дауыс берілді. Басым көпшілік егемендікті жақтады. Алаң толы жастар қабылданған құжатты сол бойда жариялауды талап етті. Бір топ депутаттар алдына барып оқып берді. Қомсынғандар да табылды. «Бірден тәуелсіздік жариялау керек еді. Мұндай егемендіктің қажеті қанша?» десті олар. Бірақ қандай егемендіктің де әбден қажет екенін келесі жылдың тамызы көрсетіп берді. Аяқ астынан жарияланған төтенше жағдай тек Мәскеудің аумағымен шектелді. Егемен республикаларға ықпал ете алмады. Күллі кеңестік кеңістіктегі азаматтық соғысқа айналып кетуі әбден мүмкін саяси айла-шарғы жаңа егемендік сынды құқықтық тосқауылға тап боп, тоқырап қалды. Оған сол жылы қоңыр күзде одақтық парламент пен республика парламенттері делегациялары бірлесіп өткізген мәжілісте әбден көзіміз жетті. Қабылданған қорытынды құжат империя-лық құрылымдардың хәлі мүшкіл екенін айқын аңғартқандай еді. Алайда, жағдайды одан әрі шиеленістіре түскісі келетін күштердің де аз емес екендігі байқалады. Таптық идеология патриоттары баспасөз залына жиналып, үсті-үстіне мәлімде қабылдап жатты. Ұлы державашыл күштер әжетхана алдындағы вестибюльдерге жапырласып, желпіне сөйлеп тұрған Владимир Жириновскийге ауыздарын ашып бақты. Сөйтіп, қоғамды одан әрі реформаландырудың тізгіні орталықтан біржола кетіп, шет аймақтарға, бұрынғы одақтас республикаларға көшті. Егемендік кепілі болып табылатын президенттік институттар құрылды. Олар бүкілхалықтық дауыс беру жолымен сайланды. Қазақстан да өз Президентін сайлап, өз тәуелсіздігін жариялады. Оны әлемдік қауымдастық бірден мойындады. Тәуелсіздікті заңды жолмен бекіткен Жаңа Конституция керек болды. Белая Вежада бас қосқан Кеңестер Одағының тарихи құрылтайшылары одақтан шығатындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп, әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан үлкен империя күйреді».

Иә, Әбіш Кекілбайұлының бұл жазбасы арқылы сол бір күрделі кезеңнің сыр-сипатын анық аңғаруға болатындай. Иә, мұның барлығын жайдан жай тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Кейінгі ұрпақ, әсіресе, жастар осы кезеңнің қандай болғанын түйсінуі керек. Мұның барлығы тек қана тарих емес, егемендігіміздің қалыптасу тарихы. Ұлт ретінде, мемлекет құраушы халық ретінде азаттығымыздың уығын қадап, қазығын қаққан тарихымыз.

Ойымызды әрі қарай Елбасының «Өмір өткелдері» кітабындағы маңызды тұжырымдарға тоқтала отырып, жал-ғастырайық. Нұрсұлтан Әбішұлы былай дейді: «Жоғары Кеңесті кәсіби Парламентке ауыстыру қажеттігі де айқын болатын. Депутаттардың саны орынсыз көп еді. Олар жылына екі рет қана келіп, дауыс беріп кетіп отыратын. Жергілікті кеңестердегі жағдай да сондай-ды. Аппараттары әбден далиып кеткен. Істерінен нақты нәтиже жоқтың қасы. Қайта құрудың қызды-қыздысымен көтерілген «Барлық билік Кеңестерге берілсін!» деген ұран сол ұран күйінде қалған. Кеңестер іс жүзінде сол билікті қолға алуға да, жүзеге асыруға да қабілетсіз болып шықты. Одан кейінгі шаруа ұлттық алауыздықты, елдің тұтастығына қарсы қадамдарды уағыздайтын партияларға, қозғалыстарға тыйым салу қажеттігі еді. Қазір жұрт таңданатын шығар, сондай да болып па еді деп. Иә, бәрі де болған. Тәртіпті, заңдылықты сақтауды да қатты құнттау қажет еді. Қазақстандықтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете отырып, ұлтаралық келісімді сақтау, саяси тұрақтылыққа мемлекеттік саясаттың басты қағидаты ретінде басымдық беру маңызды еді. Басқа да аса мәнді міндеттер көп болатын. Дегенмен, бірден қолға алатын, бірден қолға алмаса болмайтын міндеттер осылар деп шештім. Осыларды жасамайынша Қазақстанды бүгінгі өркениет арнасына түсіру де мүмкін емес еді, бағаны ырықтандыру да, қаржы саласын сауықтыру да, жекешелендіруді жүргізу де, нарықтық инфрақұрылым қалыптастыру да мүмкін емес еді, қысқасы, экономикалық жаңғыртудың басты мәселелерін шешу бұларсыз жүзеге аспайтын».

Осылайша Елбасы мемлекет алдында тұрған келелі шаруаларды жіпке тізгендей атап көрсетті. Шынтуайтына келгенде, аласапыран, алмағайып уақыт еді ғой. Ел экономикасы тұншығып, шаруа шатқаяқтап жатты. Қиындықтан шығар саңылау табудың өзі оңайға соқпады. Елбасының жоғарыдағы сөздерінен анық аңғаратынымыз – Қазақстан дамудың дербес жолын іздеді. Ол жол экономиканы нығайтып қана қоймай, Тәуелсіздігімізді мықтап қалыптастыруға бағытталуы тиіс еді. Бүгінде көптеген мақсаттарымызға жеттік. Қоғамдық қарым-қатынастар өзгерді, нарықтық жүйеге көштік. Әрине, қазіргі кездің өзіне тән проблемалары баршылық. Оларды да бірлік пен ынтымағымыздан айырылмасақ, шешеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы сұхбатының бір тұсында қиын-қыстау заманда өзіне қолдау көрсеткен халыққа шексіз ризашылығын жеткізеді. «Ең бастысы, халқымыз, айналайын, халқым сол бір қиын күндерде де даналығынан таймады, сабырлылығынан айнымады. Зарығып көрген тәуелсіздігінің алғашқы белесінде тіпті ашқұрсақ жүруге де бейілді болды. Қазақстандықтар маған сенді. Сайлауға дейін де өйтемін де бүйтемін, үлде мен бүлдеге ораймын демегенімді, қайта қиындыққа қарсы қайрап салғанымды бағалады. Алда қиын күндер тұрғанын айтқанымды ескерді. Ақыры бұл елеулі проблеманы де елді ереуілдетуге жеткізбей еңсеріп шықтық». Ақиқат сөз. Осыдан артық не деуге болады. Халқымыздың Елбасына көрсеткен қолдауы, Елбасының туған халқы мен елін жаңа бағыттарға бастауы, – бәрі де ауызбіршілік арқылы, ынтымақ пен береке арқылы жүзеге асып жатты. Тарихтан талай мысалдарды көрдік қой. Елі мемлекет басшысына сенбесе, мемлекет басшысы елін дұрыс жолға бастай алмаса, мұның соңы қандай қиыншылықтарға әкеп соқтыратынын. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алған кезеңдерден бері ел іргесі аман, азаттығымыздың көк туы аспанымызда желбіреп тұр.

Барлығы да алғашқы қадамнан бастау алады. Жүретін жолымыз қайсысы еді? Бұл орайда Елбасы өз сұхбатында: «Біздің жүрер жолымыз тәуелсіздіктің алғашқы бірер жылында белгіленіп үлгергені, әрине, біздің үлкен бағымыз» дейді. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар, тың тұрпатты қоғамдық қатынастары бар қуатты егемен мемлекет құруға кіріскен тұста біз бұл қоғамның басты байлығы адам, елдегі игіліктің бәрі адам мүддесі үшін жасалады деп жария еткенімізді тілге тиек етеді.

- Ал адам мүддесі тұрғысынан қарағанда қандай тұғырнамалар бағалылау еді? Социалистік тұғырнаманы алайық. Қазір ғой бұл тұғырнаманың жақтастарының азайғаны, ал ол кезде социалистік идеялар миллиондаған адамдардың жүрек төрінен орын алып тұрған еді. Оның таңданатын да ештеңесі жоқ. Нарық келіп, баға бетімен жіберіліп, дүниенің бәрі қымбаттап, күні кеше жетіп тұрған айлығың шайлығыңа да жетпей, күні кеше алып тұрған зейнетақың айлар бойы қолға тимей кеткен кезде адамның қазірше базарынан басқа ештеңесін көре қоймаған капитализмнен гөрі өзі тегін оқыған, пәтерді тегін алған социализмді артық көруі көкейге әбден-ақ қонымды емес пе? Қонымды. Оның үстіне Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдарында қуатты өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жасалғаны, жаппай сауаттылыққа қол жеткені деген сияқты даусыз артықшылықтар тағы бар. Сонымен бірге, біз социализм тұсында алапат ауқымды дағдарыстарға тап келгенімізді де ашық айттық, ашып көрсеттік, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Өмір өткелдері» кітабын, шын мәнінде, Тәуелсіздік жолымыздың шежіресін жан-жақты сипаттаған қомақты еңбек деп бағалауымызға болады. Бұл еңбек, әсіресе, осы кезеңде құнды бола түсуде. Өйткені, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында көп дүниелер ой елегінен өткізіліп, бағамдалып жатыр емес пе. Осы тұрғыдан келгенде «Өмір өткелдері» сұхбат кітабын оқи отырып, бүгінгі жетістіктеріміздің бастауында талай маңызды жайттардың тұрғанын аңғармау мүмкін емес. Ерекше атап айтарлық бір мәселе бар. Сұхбат кітапта мемлекет басынан өткізілген бірнеше дағдарыстың тілге тиек етіліп, соған нақты бағаның берілуі. Олар: экономикалық дағдарыс, саяси дағдарыс, ұлт мәселесіндегі дағдарыс, экологиялық дағдарыс. Осылардың барлығына Елбасы сұхбатта байыпты түрде баға беріп, өз көзқарасын жеткізеді. Енді аталған сұхбаттан үзінді келтірейік: «Алдымен айтатынымыз – экономикалық дағдарыс. Орталықтандырылған жоспарлы экономиканың нарықтық экономикадан түпкілікті жеңілгенін бүкіл әлем көрді. Одан кейін айтатынымыз – саяси дағдарыс. Халық билігі деп жарияланғанымен, билік ат төбеліндей аз топтың қолына шоғырланғанын, ол топ қабылдаған шешімдердің елді қандай жағдайға жеткізгенін барша жұрт көрді. Тағы бір айтатын дағдарыс – ұлт мәселесіндегі дағдарыс. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақстандықтарға бұл дағдарысты түсіндіріп жату артық еді. Тағы бір дағдарыс – экологиялық дағдарыс. Семей полигоны мен Арал қасіретінен кейін бұл дағдарысты да біздің адамдарға түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Имандылық немесе парасат дағдарысы туралы да айтуға болады. Сол тұста социалистік мұраттар көбіне мысқыл шақыруға айналған еді. Қысқасы, осылардың бәрін ойластыра келгенде біз социалистік тұғырнаманың негізінен күні өткеніне көз жеткіздік. Қоғамдық пікірде дәстүрге, халықтыққа сүйенуге шақырған сөздерге де құлақ асылып тұрды. Дәстүрдің орны бөлекше. Халықтық терең тамырларға тартудың жөні де ерекше. Әйтсе де, өткен замандардың саяси идеялары мен идеологиялық символдары жақындап келе жатқан жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа толық жарай бермейтіні де айқын еді. Либералдық идеялар да танымал болып тұрды. Либералдық мұраттар, либералдық идеология, шынтуайтына келгенде, ең алдымен Батыс өркениетінің жемісі, оның сан ғасырлық дамуының нәтижесі. Оларды өркендету үшін орныққан жеке меншік керек, адамдардың бойында дарашылдық психология басым болуы керек, мықты демократиялық саяси институттар құрылуы керек. Оған дейін қай заман? Оның үстіне ол құндылықтарды Қазақстанға сол қалпында көшіре салуға тағы болмайды. Қысқасы, социалистік көзқарастардың да, дәстүрлі көзқарастардың да, либералды көзқарастардың да құндылықтарын жоққа шығармай, бәрін елеп-екшеп келіп, Қазақстанға идеологиялық тұғырнаманың өзіндік жолын іздестіру қажет деген ойға тоқтадық. Сонда қоғамның топтасуын нығайтуға тұрақтылық пен азаматтық келісімнен, экономиканы дамытуға жаңғыру бағытынан артығы жоқ болып шықты. Қазақстанды жаңғырту әр азаматтың еркіндігінің, сол арқылы тұтас қоғамның тұрақтылығының басты шарты болып шығатынын пайымдадық. Қазақстан қазір де сол тұғырнаманы ұстанып келеді. Әрине, бұл біз ашқан жаңалық та емес, біз алғаш түскен жол да емес. Жан баласы жүріп көрмеген жолға түсіп көргенбіз, одан әбден аузымыз күйген. Ел тағдырына эксперимент жасаудың жөні жоқ. Біз әлемдік өркениет жолына түстік. Адамзат ұстанатын құндылықтарды ортақ қазына санайтын елге айналуды көздедік. Бірақ, біздің үлкен бір ерекшелігіміз болды, оған қоса үлкен бір қиындығымыз болды. Біз нарыққа көшуге тиісті едік. Біз әрі мемлекет құруға тиісті едік. Оған қоса қоғамды демократияландыруға тиісті едік. Ең қызығы да, ең шыжығы да – осының бәрін бір мезгілде жүзеге асыруға тиісті едік. Біз осы үш міндетті қатарластыра атқара алған елміз. Мұның бәрі оңайға түскен жоқ. Ақыл-ойды да азаптады, жүйкеге де салмақ салды». 

Қадірлі Шерағаң, Шерхан Мұртаза тәуелсіздік жайында толғанып, ой сабақтаған сәтінде: «Тәуелсіздік біреу. Ол біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен Алланың ақ нұры. Оған адал ниетті адамдар бәріміз тіреу болсақ қана заман түзелер. Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті. Қиыншылық жолын қиялап өтіп, жайдарман жерге де жетерміз. Әйтеуір бір Құдірет әдейі қиянкескі қиыншылық кездестіретін көрінеді ғой. Баяғы Аюб пайғамбарды сынағаны сияқты. Ақыры Аюб барлық сынға шыдап, Құдайдың мейіріне бөленген дейді. Біз не көрсек те, Көк туымыз қолымыздан түспесе екен. Көк тудан ажыраған күні тағы да тулақ боласың. Тәуелсіздік – жаңа шығып келе жатқан күн. Елдің емес, жас мемлекеттің емес, өз қарақан басының қамын ойлаған жемқорлар, парақорлар, Қазақстан байлығын талан-таражға салған сатқындар! Жаңа шығып келе жатқан Күнді көлегейлеп, бұлтпен бүркемелеп, тұмшаламаңдар!» деп жазғаны есімізде.

Олай болса, Елбасымыз бастап, халқымыз қолдап, даңғыл жолға түскен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы баянды болсын! Егемен мемлекетіміз әрі қарай дамып, өрлеп, көркейе түссін деген ниет-көңілімізбен бүгінгі мақаламызды тұжырымдайық.

  Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз