• Ел мұраты
  • 20 Қыркүйек, 2021

ЖАҢА ҰРПАҚТЫҢ ОЙЫН ОЗЫҚ ЕТЕР

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

Махамбет атындағы Батыс
Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор[1]

 


[1]          

Ақпараттық сайттарға жүгінсек, журнал (француз тілінде journal) – мерзімді басылым, бұқаралық ақпарат құралдарының бір түрі. Журналды мекемелер, қоғамдық және шығармашылық ұйымдар, ғылыми қоғамдар, академиялар, университеттер, сондай-ақ жеке меншік иелері шығара алады.

Салыстырмалы тұрғыда қарасақ, журнал газетке қарағанда оқиғаларды кең көлемде баяндап, деректерге тереңірек талдау жасайды, өзінің ұстанған көркемдік бағытына қарай қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал етеді. Журнал – мерзімділігі жағынан аптасына, он күнде, екі аптада, айына, екі айда, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет шығатын басылым. Мазмұны жағынан қоғамдық-саяси журнал, әдеби-көркем журнал, спорттық журнал, сатиралық журнал, өндірістік-техникалық журнал, ғылыми-көпшілік журнал, библиографиялық журнал болып, оқырмандарына қарай бұқаралық және оқырмандардың белгілі бір категорияларына (балаларға, жасөспірімдерге) арналған салада бөлінеді. Бұқаралық, қоғамдық-саяси және әдеби-көркем журналдарда ақпараттық, публицистикалық, көркем шығармалар, танымдық, сәндік, көркемөнер туындылары сипатындағы материалдар, фотосурет түрлері мен бейнелеу өнерінің туындылары; ғылыми-көпшілік, ғылыми-ақпараттық журналдарда ғылыми-зерттеулерге қатысты мақалалар, аннотациялар, ғылыми хабарлар; спорттық және өндірістік-техникалық журналдарда басылым арналған салаларға қатысты материалдар, ал сатиралық журналдарда сын-сықақтар, фельетондар тағы басқалар басылады. Бұл орайда кез келген журналды көркем-техникалық безендіру ісі графика мен полиграфияның даму деңгейіне бірден-бір байланысты.

Дүниежүзіндегі тұңғыш журнал Францияда 1665 жылы 5 қаңтарда «Журнал де Саван» атауымен жарық көрген. Осы жылы Англияда, 1668 жылы Италияда, 1682 жылы Германияда журналдар шығарыла бастады. Алғашқы журналдар негізінен әр түрлі кітаптарға шолу жасап, көркем әдебиет, ғылым, көркемөнер, дін салаларындағы жаңалықтарды баяндаумен шектелген-ді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында журналдың негізгі түрлері қалыптасты. Көпшілікке арналған аралас мазмұнды, безендірілген журналдар көбірек шығарылды. Мәселен, орыс тіліндегі тұңғыш журнал «Месячные исторические, генеологические и географические примечания в Ведомостах» (1708-1742 жж.) «Санкт-Петербургские ведомости» газетіне қосымша ретінде жарық көрді. 1913 жылы Ресейде 1331 журнал, оның ішінде орыс тілінде 1222, Ресей халықтарының тілінде 82, шет ел тілдерінде 27 журнал шығып тұрған.

Қазақ тіліндегі алғашқы журнал – «Айқап». 1911-1915 жылдар аралығында басылымның 88 саны жарық көрген. «Айқап» қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайы, тарихы, мәдениеті мен оқу-ағарту ісі, тілі мен әдебиеті хақында келелі сөз қозғаған, шығармаларының дені ғылыми әрі көркем туынды түрінде жарияланған журнал болды. Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасында басылып тұрған. Редакторы – М.Сералин. «Айқаппен» бірге «Ақмола» журналы да (1911-1916 жж.) шығып тұрды. Кейіннен «Садақ» (1917 ж., татарша-қазақша), «Айна» (1918 ж.), «Мұғалім» (1919 ж.), «Қызыл Қазақстан» (1921-1929 жж., қазіргі «Ақиқат» журналы), «Шолпан» (1921-1924 жж., қазіргі «Таң-Шолпан»), «Темірқазық» (1923 ж.), «Жас қазақ» (1923-1924 жж.) «Жас қайрат» (1923-1924 жж.), «Сәуле» (1923-1924 жж.), «Сана» (1923-1924 жж.), «Жетісу әйелі» (1924 ж.), «Лениншіл жас» (1925-1927 жж.), «Таң» (1925 ж., қазіргі «Таң-Шолпан»), «Әйел теңдігі» (1925-1934 жж., қазіргі «Қазақстан әйелдері»), «Жаңа мектеп» (1925-1933 жж., қазіргі «Қазақстан мектебі»), «Пионер» (1925-1956 жж.), «Кедей айнасы» (1926-1929 жж.), «Терме» (1926 ж.), «Жыл құсы» (1927 ж.), «Жаңа әдебиет» (1928-1932 жж., қазіргі «Жұлдыз»), «Жаршы (1929-1930 жж.), «Балға» (1932 ж.), «Екпінді тілші» (1932-1933 жж.) сияқты журналдар жарық көрді. 1956 жылы «Ара», 1958 жылы «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Балдырған», 1960 жылы «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде»), 1978 жылы «Пионер», 1987 жылы «Арай», 1994 жылы «Ұлағат», 1996 жылы «Заң», 1997 жылы «Алдаспан», 1998 жылы «Амазонка», 2000 жылы «Қазақстан» және тағы басқа журналдар шыға бастады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында демократиялық құндылықтардың берік орныға бастауына байланысты мемлекеттік және жекеменшік журналдар саны көбеюде. Ғаламтордың (Интернет) пайда болуына орайлас онлайн журналдардың да барлығын еске саламыз. Қысқасы, әлемдік деңгейдегі журнал іспетті мерзімді басылымның жарық көруі тарихының қысқа үзіктері осындай.

Бүгінгі ғасырлық тарихы бар «Ақиқат» басылымы – ұлттық қоғамдық-саяси журнал. Басылым адал оқырмандарына сенеді. Көп оқырман авторларының бірі ретінде мен «Ақиқат» журналына сенемін. Ақиқатты айтады. Ұлттық парызды парасатпен пайымдайды.

Уақыт талабына, сұранысына сай замана жетістігі ретінде туындаған түрлі ақпараттық сайттардан шұғыл қажетті мәліметтерді алармын, әлеуметтік желілер тұлға атаулының алғашқы мезеттегі ой-көзқарасын аңғартар, десек те мен «Ақиқат» сынды басылымдардың парасатты пайымына сенемін. Сол себептен де дәстүрлі басылымдарды оқудан бас тартпаймын. Біздіңше, жаңа ұрпақтың ойын озық етер, ілгері кеткен жұрттар қатарына қосар – дәстүрлі «Ақиқат» сынды басылымдар. Бүгінгі жас тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы терең ұлтына «Ақиқат» сынды басылымдар ауадай қажет. Себебі небір қиын-қыстау уақытта да халықтың еңсесін тіктетер, жігеріне жігер қосар, жарқын келешекке ұмтылдырар ұлтымыздың қадірлі баспасөзі болғаны сөзсіз. Не десек те, ақиқаты – жылағанның көз жасын сүртіп жұбатқан да, қиналғандарға демеу болған да, елді менсінбей ұлықсығандарды сабасына түсірген де, тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғаған да – қазақтың ұлттық баспасөзі.

«Ақиқат» журналы – ғасырлық белесті еңсерген қазақ баспасөзінің ардагер басылымы. «Ақиқат» - тарихи-тағылымдық шежіресі бай басылым. «Ақиқат» – көпшіліктің ықыласына бөленген басылым. «Ақиқат» – оқырманға ой салып, көкірек көзін ашатын сарабдал басылым. «Ақиқат» – халық өмірінің айнасы. «Ақиқат» – қазақ халқының болмысына, дүниетанымына жақын тақырыптарды қозғай алған, рухани байлықты дәріптеген, ғылым мен білімді ту етіп, ізгілікті арқау еткен бірегей басылым. Бүгінгі «Ақиқат» журналы – өзіндік ұлттық келбетін айшықтауда ақиқаттың, шындық пен шынайылықтың үлгісін насихаттауға бағыт қойған басылым. Бүгінгі «Ақиқат» журналы – мемлекет дербестігінің нығаюына өзіндік сүбелі үлес қосушы басылым. Демек, «Ақиқат» - ұлтымыздың қабырғалы басылымы. «Ақиқат» – ұлттық рухты басылым. Қысқасы, бүгінгі «Ақиқат» журналы – қазақ руханиятының шамшырағы. Бүгінгі «Ақиқат» журналының мемлекетшілдік, отаншылдық һәм ұлттық сананы қалыптастыру жолындағы тер төге жасап жатқан қажырлы еңбегіне тәнтімін.

Мені басылымның «Редакторлық сараптамасы» ойлантады. Жақсы мағынада. Авторы – «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев. Әркез ойлы материалдар ұсынады. Мақалалардың қай-қайсысы да оқырманын ойлантып тастайды. Ойланбасыңа қоймайды. Басылым міндеті де өз оқырманын ойланту емес пе?

Бүгінгі таңда Тәуелсіздік – басты байлығымыз. Бұған дау бар ма? Мәселе – осы қасиетті ұғымды кімнің қалай түсінуінде, алақанға сала аялай қарауында, қасиетін ұғынуында. Зиялы ойшыл журналист бауырымыз Дәуіржанша айтсақ, «Ұлттық рух – тәуелсіздігіміздің негізгі темірқазығы. Ұлттық рух болмаса, мемлекетті де, тәуелсіздікті де сақтап тұру қиын»... «Тірлігіміз шикі, ақылымыз күйкі болмасы үшін, ұлттық ұстанымнан, темірқазықтан айырылмау маңызды»... «Қазақтың рухани жаңғыруы тоқтамауы керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы де ұлтымызды белгілі бір биіктерге бастайтыны белгілі. Кешегі тарихымызға қарасақ, көп дүниені жоғалтыппыз. Оларды түгендеу, рухани дүниелерге басымдық беру дәл бүгін қажет болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұның бір себебі – жаһанданудың тигізіп отырған теріс ықпалдары мен салдары ұлттық құндылықтарымызды көмескілендіре бастады. Бірақ, жаһандануға басыбайлы ырық беруге болмайды. Ол үшін ұлтымыздың әлеуеті, өзін-өзі тануы, тарихын білуі, салт-дәстүрін ұстануы өте қажет. Қазір біз күнделікті тұрмыста салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ұстанбай кеттік. Дәстүр-салтын терең ұстанатын қазақ ретінде емес, жай ғана адам, азамат ретінде ғана ғұмыр кеше бастағандаймыз. Бұл да жаһанданудың біздің санамызға тигізіп жатқан әсері демеске лажымыз жоқ. Ал қолданылмаған дәстүр-салт бірте-бірте ұмытылатыны белгілі. «Рухани жаңғыру» аясында осылардың барлығын қалпына келтіруіміз керек»... «Қазақтық намысымызды алға салып, ата-бабаларымыз көрсеткен жолды бағдар етіп ұстап, жақсы қасиет, жақсы мінез, жақсы қарекет иесі болсақ, бір жақсының жарығы мен сәулесі мың адамға рухани демеу болмас па»... «ХХІ ғасырдағы қазақ баласының ізгі арманы – білімді болу, не нәрсені үйреніп істесе де ыждаһаттылықпен кірісу, өз ісінен нәтиже шығару, іскерлік қабілеттерді терең меңгеріп, еліне адал еңбегімен қызмет ететін білікті маман атанумен байланысты болса ғана, озық жұрттың баласы тәрізді жарқырай көрінеді» (Төлебаев Д. Тәуелсіздік – басты байлығымыз // Aqiqat, №1, -5-8-б.б.); «Жастар қай заманда, қай ғасырда болмасын, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады»... «Негіз қазақтың бүгінгі жастары кешегі Алаш арыстарының салған сара жолынан, отаншылдық көзқарастарынан барынша үлгі алуы керек. Алаш мұраты – қазақ халқына аянбай қызмет ету, елдің сана-сезімін өсіріп, ешкімнен кем түспейтін, қалыс қалмайтын өркениетті өмірге қол жеткізу еді ғой»... «Шын мәнінде еліміздегі талантты жастар тасада қалмауы керек. Талантты ұл-қыздар үшін еленбей, назарсыз қалып қоюдан, дарыны бағаланбай, қоғамға да, мемлекетке де қажет болмай қалудан асқан қиянат жоқ шығар. Осындай жағымсыз дүниелерге жол бермес үшін жастарды рухани және әлеуметтік тұрғыдан көтермелеудің, қаржылық жағынан тарықпайтындай өмір сүру деңгейін арттыруға Үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінуі керек»... «Бүгінгі таңда қазақ жастарының кітап оқудан алыстап бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Қолына смартфон емес, кітапты жиі ұстайтын жастарымыз көбеймесе, қоғамдағы жастардың рухани-моральдық деңгейі де жыл сайын төмендей береді. Қазақ жастары, шын мәнінде, озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуды көздесе кітап оқудан қол үзбеулері керек»... «Еліміздегі білім беру жүйесінің жұмыс нәтижесі, сапалық көрсеткіші – қаншама талантты оқушының жолын аштың, қаншама дарынды жасты қатарға қостың, сонымен өлшеніп, бағалануы тиіс. Өйткені, бұлар – ұлтымыздың интеллектуалдық байлығы. Ал онсыз мемлекетіміз өркендемейді»... «Мемлекеттің болашағын айқындайтын барометр – өскелең ұрпақ, жалынды жастарымыз. Төрткүл дүниені дүрліктірген пандемия мен жаһандық дағдарыс адамзат санасында сілкініс тудырғаны анық. Рухани құндылықтардың қадірі артып, әлемді құтқарудың жолы ғылымға келіп тірелді деген болжамдар айтылуда. Бұл заңды құбылыс. Заман талабына сай жастарды ғылымға баулу – өзін сөзсіз ақтайтын бағдар» (Қырымбек Көшербаев) (Д.Төлебаев Елге қызмет – жастарға серт // Aqiqat, №2, -7-10-б.б.); «Тіл – рухани жаңғырудың өзегі»... «Жаңғыру ең алдымен өткен тарихыңды танудан басталады. Жоғалтқан ұлттық құндылықтарыңды табудан басталады. Жаңғырудың барша рухани болмысы тіпті ғасырларға ұласар қуат-қайнарымен де астасып жатуы да ғажап емес. Осындай тарихи сәтті басымыздан кеше отырып, ұлттық жаңғыруға тірек болатын негізгі мәселелерді де талқылап отырудың мән-маңызы ерекше»... «Әрбір елдің кемел жетістігі оның тілдік факторларымен де айқындалып отырады. Тіл бар жерде ғылым бар, тіл бар жерде өркендеу бар»... «Тіл ұлт жүрегінің бір бөлшегі»... «Жаһандану – ұлт тіліне де қауіп төндіреді. Демек, мұндайда біз өз тілімізді он есе, жүз есе қорғауға күш салуымыз керек. Қазір тіл мәселесінде жайбарақат отыратын заман емес. Мәселені тамыршыдай тап басып, кірпік қақпай, көз ілмей отыратын заман. Шекараның күзетшісі болатыны сияқты, тілге де күзетші керек. Ал түп мәніне үңіліп қарасақ, тілдің басты күзетшісі халықтың өзі болуы тиіс. Шынтуайтына келгенде, тілден асқан байлық жоқ. Бүгінгі «байлық» деп жүргеніміздің бәрі тілдің жанында жай нәрсе болып қалуы мүмкін. Өйткені, тіл ұлттың басты байлығы. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, қазақша түсінісіп отырғанымыз қандай бақыт. (Төлебаев Д. Рухани һәм тілдік жаңғыру // Aqiqat, №7, -4-8-б.б.), т.б.

Басылым бетінен сүзіп алынған бұл ой түйіндері – журналдың бас редакторының пікір-көзқарасы ғана емес, күллі басылымның кредосы іспетті үкілеген қағидасы да.

P.S. Міне, құрметті оқырман, біз осымен журналдың мерекелік материалдар топтамасын тәмамдап отырмыз. Мерекелік шығарылымға орай өздерінің естелік мақалаларын, құттықтауларын жолдаған барша азаматтарға, қаламгер ағаларға, әріптестерімізге, ниеттес, тілектес жандарға зор ризашылығымызды білдіреміз. «Ақиқат» журналы Тәуелсіз еліміздің іргетасының нығаюына, әрі қарай дамуына, рухани-мәдени тұрғыдан өркендеуіне, қоғамдық ойдың кемелденуіне үлес қосуын жалғастыра береді. Уақыт ақиқатын, заман сөзін жүйелі әрі дәйекті жеткізу жолында шығармашылық жетістіктерге бірге жете берейік.

Құрметпен,

«Ақиқат» журналының ұжымы

493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз