• Заманхат
  • 22 Қыркүйек, 2021

ІЗДЕНІС ЖОЛЫМДАҒЫ ОРНЫ АЙРЫҚША

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

Қонаевтанушы, «Ақиқаттың»
бұрынғы бөлім меңгерушісі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Алтын қалам» сыйлығының иегері

Менің шығармашылық ізденіс жолымда «Ақиқат» журналының алатын орны айрықша. Бұл басылымға келмей тұрып,тоқсаныншы жылдардың ортасында «Қарқараның қат қабат тарихы» атты танымдық мақалам жарияланды.

1997-2006 жылдардың ортасында «Жұлдызда» істедім. Кейін «Ақиқатқа» ауыстым. Осы екі басылым мен үшін есімде ерекше қалатын жылдардың белгісі. «Жұлдызда» жүргенде «Түркістан-1500» жыл халықарлық шығармашылық конкурстың жеңімпазы атандым. Ал, «Ақиқатта» шығармашылық ізденісім ерекше жалғасты. «Алтын қалам» сыйлығына ие болдым. Сол кездегі «Қазақ газеттері» АҚ директоры Мереке Құлкенов пен бас редактор марқұм Жұмабек Кенжалиннің салтанатты жиында құттықтап, сөз сөйлегенін ұмыту мүмкін емес. Дәл осы қуаныш қарсаңында «Таңғажайып Қонаев» кітабым жарыққа шығып, оқырмандар ықыласына бөленген едім. Өйткені «Жұлдызда» басталған Димекең жайындағы ізденіс «Ақиқатта» тіпті ерекше жалғасты. «Қонаевтың он екі қасиеті», «Екінші Меккедегі мінәжат», «Әлмерек және Меңліахмет», «Қожа Ахметтің қасиеттері», тағыда басқа тағылымды мақалаларымның шыққанына қазір қайран қаламын. Бас директор Мекең мен бас редактор Жұмекең мен үшін айтуға тіл жетпейтін ақылман әрі асқан парасат иесі еді. Жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтай қаламақыдан кенде қылмады. Өйткені ұжымда Димекеңе деген құрмет пен сүйіспеншілік, махаббат айрықша еді.Осы басылымда жүргенде «Ана тілі» газетіне жарияланған «Димекеңнің діндарлығы» жөніндегі эссе мақалам «Халықаралық Халифа Алтай» Қорының сыйлығына ие болды. Мұны тұңғыш рет айтып отырмын.Өйткені, дін өкілдері өткізген шара өте үнсіз өтіп, жаңалық жарияланбады. Тіпті, жаңылмасам хабар да берілген жоқ.Мен белгілі басылымға келгенде бас редактор, парасатты, білікті, қарапайым Жұмекең ұжымда ынтымақты, жақсы шығармашылық ізденісті жолға қойды. Лездемеде кеңесіп, тапсырма беретін. Менің тылсым дүние, дін тақырыптарын жақсы меңгергенімді біліп, сол бойынша мәселені меңзейтін. Кейде кейбір тақырып бойынша өзі телефон соғатын. Жаратылысынан дипломат Жұмекең «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» дейтін тәмсіл қағиданы ұстанды. Әлемнің талай елінде болып, төрткүл дүние жайында хабары көп ол жаһандануды жақсы білді. Сондықтан ұлттық мүддені бірінші қойды.

Ұжым өте ынтымақты болды. Әсіресе, наурыз, жаңа жыл мерекелеріндегі бас қосулар ғажап еді. «Ақиқаттағы» Айгүл, Эльмира, Назгүл қандай әдепті, бір үйдің баласындай шай ішіп, ақылдасып, әзілдесетіндері әлі көз алдымда тұр. Мен зейнетке шығуға үш жыл қалғанда редактор болып, менің «Бура молда» жайында жазғандарыма ерекше баға берген, «Заң» газетінде жүргенде мақалаларымды жариялаған, жақсы дос, тілектес ақын Аманхан Әлімұлы бас редактор болып келді. «Ақиқатта» Аманхан белгілі ғалымдарды редакцияға шақырып, дөңгелек үстел өткізіп, ұлттық құндылықтарды барынша насихаттады. Журналдың бөлім редакторы Серікқали Хасанның С.Меңдешов туралы жазғандары қатты ұнады. Тағы да басқа жазғандары бей-жай қалдырған жоқ. Қыдырәлінің өзінше бір тылсым әлемі болды.

Ол кезде қазіргі бас редактор Дәуіржан Төлебаев «Ана тілінде» болатын. Екеуміз ағалы-інідей шығармашылық байланыста болдық. Бірнеше рет менен Димекең жөнінде сұхбат алды. Бас редактор болып тағайындалғанда қатты қуанып, телефон арқылы құттықтадым. «Мен қазір Астанадағы авторларыңмын. Жазғандарыма қаламақы қой» деп әзілдедім.

Белгілі басылымда қызмет ете жүріп, мен төрт тақырыпқа қалам тарттым. Олар: дін, Қонаев, Түркістан және полигон. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қазақстан мұғалімінде» жүргенде атеистік қоғамда дін тақырыбына қалам тартып, әулие абыз Әлмеректі жарыққа шығардым. Жазған кітаптарым өз алдына. Басына кесене орнатылды. Ауыл, көше аттары берілді.

Тоқсаныншы жылдары Қонаев тақырыбын қаузадым. Менің жазғандарым бойынша игі рухани шаралар жалғасты. Ақиқатқа жарияланған бір мақаламда діндар ата атында мешіт салынса деп ұсыныс айттым. Алматыда мешіт салынды. Түркістан тақырыбы да мәреге жетті. Екінші Мекке облыс орталығы болды.

Әлемдік мәні бар полигон тақырыбына Олжастың «Халық Конгресі» газетінде жүргенде кірістім.Аталған басылымның экология және полигон бөлімінің меңгерушісі мен антиядролық жорық штабының мүшесі болдым. Сөйтіп, журналист әрі жорық сарбазы ретінде Мәскеудегі, Нью-Йорктегі, Антакиядағы қауіпті акция, шерулердің ортасында жүрдім. Мәскеуде бір күн қамалғанымыз әлі есімде.1993 жылы болатын. 1994 жылы БҰҰ-ға Петиция тапсырған, онда басын бәйгеге тігіп барған жеті еріктінің бірі мен болатынмын. Бұл жайында кезінде көп жазылды. «Ақиқатқа» да жарияланды.

Ақ парағыма қонған көгершін

Ұйымшыл ұжымда жүргенде 2009 жылы қызым Айнұр тұрмысқа шықты.Ұзатылу тойы үйімнің жанындағы «Керемет» атты мейрамханада жалғасты. Тойға Сарбас аға, Жұмекең бастаған менің жанұям сияқты ұжым түгел келді. Жақсы тілектер айтылып, ән мен күй жалғасты. «Керемет» мейрамханасындағы той шынында кереметті елестетті. Әулие Әлмеректің басында Димекеңді үнемі түсінде көретін көріпкел: «Аға, тойыңыз жақсы өтеді.Бесік көріп тұрмын. Қызыңыз үбірлі-шүбірлі болады.Топталып құстар ұшып жүр» деді. Көріпкелдің айтқаны келді. Айнұр қазір екі ұл мен екі қыздың анасы. Арада ұзатылу тойынан кейін қасиетті Қазығұртта келін түсіру тойы болды. Шымкенттегі Қонаев мешітінің имамы Дәулет қажы бата жасап, Қанат пен Айнұрға жақсы тілек тілеген еді.

***

Неге екенін білмеймін мен өмірде оқыс оқиғаларға,таңғажайып құбылыстарға тап боламында жүремін.Сондай бір тылсым құбылыс «Ақиқатта» жүргенде болды. Бірде сәске түс кезінде жалғыз өзім Серікқалидың бөлмесінде отырғам. Терезе ашық тұрған. Кенет терезеден менің алдымдағы ақ параққа түсі қара көк көгершін келіп қонды. Екі қанаты екі бүйіріне жабысқан құсты уыстап, ұстап алдым. Құс қолымда – дәлізге шықтым. Залда ойқастап Қыдырәлі жүр екен. «Қыдыр» деген атың жақсы, тегін адам емессің. Менің қолыма қонған мына құсты бір ырымыңды жасап сыртқа ұшырып жіберші» дедім. Ол «Орекеңнің қолына қонған құсты көріңдер» деп әр бөлмеге кіріп, соңында көгершінді оң жақ терезеден сыртқа қарай ұшырып жіберді. Құс басында төмен қарай құлдилап, соңында көкке көтеріліп, көзден ғайып болды. «Ақиқатта» жүргенде қолыма құс қонған оқиғаны енді жазып отырмын. Журналдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында. Осы басылымда жүріп Димекең жайында тоқтаусыз жазған мен зейнетке шыққан соң Астанаға қоныс аударып, қаладағы Қонаев көшесі бойынан үй алып, қазір елордада кемеңгерді реті келгенде насихаттап жүрген жайым бар. Естелік қасиетті Арафа түні қарсаңында жазылды. Мұны жақсылыққа жорып отырмын. «Ақиқаттың» оқырманы көбейе берсін деп тілеймін!

 

8299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз