• Заманхат
  • 22 Қыркүйек, 2021

Бұл журналда еңбек ету – әрбір қаламгер үшін мақтаныш

Мұхитдин САЛҚЫНБАЕВ

Алаш арыстары негізін қалап, алаш идеясын ұлықтауға зор үлес қосқан бұл журнал жүз жылда талай белестен өтті. Осы уақыт ішінде аға басылым халықтың келешекке деген сенімін арттыруға, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған байыпты байламдарымен, салмақты ойларымен әрдайым биіктен көрінді. Ғасырлық тарихы бар қара шаңырақтың ұстаханасында кәсіби журналистердің шығармашылық мектебі қалыптасты. Қазақ журналистикасының небір майталмандары осы басылымда қажырлы еңбек етті. Тәуелсіздік жылдары Камал Смайылов, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбеков, Темірхан Медетбек, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим сынды көсемсөз шеберлері басқарған «Ақиқаттың» беделі артып, абыройы асқақтай түсті. Осындай айдарынан жел есіп тұрған басылымда еңбек ету кез келген қаламгер үшін үлкен мақтаныш еді.

Егемен еліміздің дербес саясаты мен ұлттық идеологиясын насихаттаған «Ақиқатқа» басшылыққа келем деген ой бізде болған емес. Мен ол кезде «Қазақ газеттері» ЖШС-і Бас директорының орынбасары қызметін атқарып жүргем. Бәрі аяқ астынан, күтпеген жерден шешілді. Таңертең жұмысқа келсем, сол кездегі «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Бауыржан Омаров елордаға жаңа қызметке ауысыпты. Ал оның орнына белгілі қаламгер Жұмабек Кенжалин тағайындалды. «Ақиқаттың» сол кездегі бас редакторы Самат Ибраим ағамыз «Ана тілі» ұлт газетіне бас редактор болды.

Менің кабинетім қабылдау бөлмесінің қарсысында болатын. Кабинетіме кіргенім сол еді, хатшы қыз бастық шақырып жатыр деп телефон шалды. Ойымда ештеңе жоқ, жаңа басшының қабылдауына бардым. Жұмабек ағамыз амандық саулықтан кейін «бүгінгі жаңалықты естіген шығарсың. Осыған байланысты өзіңді арнайы шақыртып отырмын» деп, ұжымдағы өзгерістер жайлы айтты. Тапсырма күтіп мен отырмын. Содан Жұмабек ағамыз «сен ғылым кандидатысың. Жазып жүрген дүниелеріңді көріп жүрмін. Араб тілін білесің. Қазіргі уақытта барлық салада шет тілін білетін мамандар керек. Әсіресе, «Ақиқат» сияқты тоқсанға жақындаған журналға шығыс тілін білетін жас ғалымдар қажет. Өйткені ХХ ғасырдың басында қазақ басылымдарының бәрі араб қарпінде басылған. Журналдың сол кездегі нөмірлерінде алаш арыстарының ұлттық мазмұндағы өткір-өткір материалдары жарияланды. Ол дүниелерді кітапхананың сирек қорынан алып, саралап салмақты мақалаларды жариялау керек. Бұл ғылым үшін де, келешек үшін де өте маңызды. Сондықтан өзіңді «Ақиқат» журналына бас редакторлыққа ұсынғалы отырмын», – деді. Не дерімді білмей, тосылып қалдым. Бұрынғы Орталық комитеттің, одан кейін Тәуелсіздік жылдарында аты дүрілдеп тұрған журналды басқаруға, шынын айтсам, жүрексіндім. Менің ойланып қалған қалпымды байқаған марқұм Жұмабек аға «сен қорықпа, басында өзім көмектесемін. Кейін өзің алып кетесің» деп ағалық қамқорлықпен жігер берді. Бас тартуға, тіпті, ойлануға мүмкіндік бермеді. Мен «Ақиқат»журналына осылайша бас редактор болдым.

Жаңа қызметке тағайындалған соң, Жұмабек ағаның ұсынысы бойынша, оның қоғамдық-саяси бағытымен қатар ғылыми басылым ретіндегі деңгейін де одан әрі көтеру керек болды. Басылымның қалыптасқан дәстүрлі бағытын жалғастыра отырып, ғылыми маңызды мақалаларды жариялауға мән бере бастадық. Журналдың шығармашылық ұжымы осы бағыттағы жұмыстарға бір кісідей жұмыла кірісті.

Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин сынды аға буын редакторлардың ақыл-кеңесімен, Қыдыралы Қойтай, Серікқали Хасан, Ораз Қауғабай, Сейілбек Мұсатаев сияқты ұжым қызметкерлерінің қолдауымен журналдың мазмұнын байытуға күш салдық. «Ақиқаттың» 90 жылдық мерейтойы қарсаңында алаш арыстарының ұлттық мемлекет құру бағытындағы, сол кездегі көтерген өзекті мәселелері туралы кеңінен жазып, зерттеуді қолға алдық.

Сонымен еліміздің жылнамасына айналған журналдың 90 жылдық мерейтойын өткізу біздің еншімізге бұйырды. Бұл мен бас редактор болған кездегі ең елеулі әрі маңызды оқиға еді. Осы айтулы дата қарсаңында журналдың алғашқы сандарында алаш ардақтыларының көтерген мәселелері, алғашқы айдарлары, қозғаған ұлттық проблемалары жөнінде іздену басты мақсат болды. Нәтижесінде сол жылдары бірқатар құнды материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Сонымен қатар жұмыс барысында «Қызыл Қазақстанның» алғашқы нөмірлері жоқ екенін білдік. Журналдың алғашқы екі саны неге жоқ деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Әрі-бері іздеп көріп едім, кітапханалардан таба алмадым. Журналдың 90 жылдығына орай осы екі санын іздеп, Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларынан сұрау салдық. Бірақ, «Қызыл Қазақстан» атымен 1921 қыркүйекте тіркелген басылым жоқ деген жауап алдық. Әйтеуір, табылмауы мүмкін емес деген ой көңілден шықпай қойды. Сонымен ұлттық кітапханадағы Сирек қолжазбалар қоры қызметкерлерімен бірлесе отырып, кітапханалар желісі арқылы жоғымызды іздеуді тоқтатпадық.

Бір күні Сирек қолжазба қорының меңгерушісі Зәмзаева Толқын қарындасымыз журналдың алғашқы саны табылды деген сүйінші хабарын жеткізді. Бұл ұлттық журналистика үшін, қазақ ғылымы үшін үлкен жаңалық еді. Ақжолтай хабар «Ақиқаттың» 90 жылдығына жасалған тамаша тарту болды. Журнал ұжымы үшін бұдан артық қуаныш жоқ еді. «Қызыл Қазақстанның» алғашқы нөмірінің электронды микрофильм нұсқасы қазір Ұлттық кітапхананың Сирек қолжазбалар бөлімінің алтын қорында сақтаулы тұр.

Журналдың мазмұнына, бағыт-бағдарына әсер еткен тағы бір жайт, сол жылдары еліміздің ғылым саласында қабылданған жаңа реформа еді. Бұл жаңалық бойынша бұрынғы ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын бекітетін жүйе өзгеріп, PhD атағын беретін ғылыми кеңестері құрылатын болыпты. Бұған дейін ғылыми диссертацияларын бекітіп қойған жас ғалымдар дәстүрлі жүйе бойынша қорғап қалуға ұмтылды. Ол кезде «Ақиқат» республиканың Жоғарғы аттестациялық комиссиясының ғылыми журналдар тізімінде болатын. Журнал ғылыми танымдық басылым ретінде беделді басылымдар қатарында еді. Онда жарияланған мақалалар ғылыми еңбектер тізіміне енгізілді. Осыған байланысты диссертация қорғауға талаптанған ізденушілер өз мақалаларын «Ақиқат» журналына жариялады. Сол жылдары редакцияға келіп түскен ғылыми мақалаларда есеп жоқ болатын. Мүмкіндігінше бәрін де шығаруға тырыстық. Сонымен журналда ғылыми мақалаларға едәуір орын берілді. Бұл жағдай журналдың ғылыми бағытқа бет бұруына кең жол ашты. Осылайша «Ақиқаттың» Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі арта түсті.

Дегенмен, журналдың «Заманхат», «Жақсы жүрген жерінде із қалады»,
«Тарихтан тәбәрік», «Тұлғалар тұғыры», «Рухани қазына», «Дүниетаным ділі», «Маржан сөз» сияқты айдарларымен басылған материалдар да оқырман қауымның көңілінен шықты деп толық айта аламыз.

Қорыта айтқанда, бізге дейінгі ағаларымыз салып кеткен журналдың сара жолын әрі қарай жалғастырдық деп ойлаймын.

Биыл жүзге толып отырған «Ақиқаттай» аға басылымның мерейі үстем болсын. Қазақ елінің көзі, құлағы һәм тілі болған ақпарат құралының шыққан биігі аласармай, заңғар биікке самғай бергенін тілейік. «Ақиқаттың» жүзжылдық мерейтойы мыңжылдыққа ұласа берсiн.

Қазақ баспасөзінің байырғы басылымы – «Ақиқат» журналының 100 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

 

8113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз