• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

ҰСТАЗДАРЫМНЫҢ ҰСТАЗЫ БАСҚАРҒАН БАСЫЛЫМ

Самат ИБРАИМ,

жазушы-публицист

2009 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторлығына ұсынылған кезімде ойланып көрейін деп бірден келісім бере қойған жоқпын. Оның өзіндік себептері де болған еді, ең бастысы республикамыздағы бұқаралық ақпарат құралдары ішінде тоқсан жылға жуық тарихы бар, талай марғасқа қаламгерлер бас редактор болған беделді журналға басшылық етуге тәуекел жасай қою оңай шаруа емес-тұғын. Ұлттық қоғамдық-саяси, ғылыми-интеллектуалдық бағыт ұстанатын басылымның алға қойған мақсаты да, көтерер жүгі де тым салмақты екені белгілі. Оның үстіне авторлары да, оқырмандары да  шетінен білімді де білікті, талғампаз да талапшыл екені тағы бар. Кешегі кеңестік дәуірде сырт көзге партиялық көзқарас ұстанғанымен ұлтжанды бас редакторлары, қарымды қаламгерлері ұлтымыздың өткені мен болашағын бір сәт естен шығармағанын сол кездің оқырмандары жақсы біледі. Жетпісінші, сексенінші жылдары «Қазақстан коммунисі» журналын басқарған қазақ журналистикасының марғасқалары Құрманбек Сағындықов пен  Мұқан Мамажановты көре қалдық. Диплом жұмысымның тақырыбы Бауыржан Момышұлының «Арпалыс» кітабының аудармасы туралы «Құрманбек Сағындықов – аудармашы» болғандықтан майдангер әрі қаламгер Құрманбек ағамен кездескен сәттерім ұмытылмастай есте қалды. Ірі денелі, алды кең, әңгімешіл кісі екен, әлдекімдей сызданбай, кіммен болса да жатсынбай, өзімен терезесі тең адамдай көріп, еркін сөйлеседі екен. Сөз арасында «Бауыржан, Әбділда Тәжібаев үшеуміз құрдаспыз, мектеп-интернатта бірге оқыдық. Бауыржан бала кезінде бұйығылау болды, соғысқа барғасын батыр болып кетті ғой» деп балалық шағын есіне түсіріп мәз болып күліп алды. Интернат өмірі маған да жақсы таныс еді, сірә, бала кезден қайратты Құрманбек құрдастарын қорғап жүрсе керек. Қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына, кадрлар легін даярлауда өлшеусіз үлес қосқан, тек журналистік шеберлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ғана емес, А.С. Пушкинді, Л.Толстой мен басқа да классиктерді, К.Маркстің «Капиталын» қазақ тіліне аударған атақты аудармашы ретінде Құрманбек ағаның руханият әлемінде өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасы қалды. Ал көзі тірі кезінде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының үйінде болып, батырмен кездесуім өз алдына бір әңгіме.

Қазақ журналистикасының тұғырлы тұлғаларының бірі, аталған басылымның бас редакторы Мұқан Мамажанов 1982 жылы ҚазМУ-да дипломымды қорғарда мемлекеттік комиссиясының төрағасы болды. Ол өзінен бұрын «Қазақстан коммунисі» журналына басшылық еткен Құрманбек ағаны ұстаз тұтып, оған ерекше құрметпен қарайды екен. Бұл бас редакторлар басылымға басшылық еткен жылдары журналдың даңқы дүркіреп тұрды. Ұстаздарымыз Тауман Амандасов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қабижан Құсайынов Құрманбек ағаның редакторлығын да, журналистік шеберлігін де жоғары бағалап, «біздің Құрекең» деп үнемі айтып жүретін. Сондықтан студент кезімізде «Қазақстан коммунисі» журналын ұдайы оқуды, курстық жұмыс жазғанда әдебиет ретінде пайдалануды басты назарда ұстайтын едік.  «Лениншіл жас» газетінің батыс өңірдегі меншікті тілшісі болып жүргенімде 1988 жылы маусымда Алматыға іссапармен жиналысқа келген едім. Құрманбек ағаның қайтыс болғанын естіп, «Егемен Қазақстан» газетінің Гоголь көшесі бойындағы жаңа ғимаратындағы қазақ журналистикасының алыбымен қоштасуға қатыстым. Кезінде Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер театрының (ТЮЗ) шығыс бетіндегі үйінде болып, Баукең туралы, журналистика, аударма жөнінде әңгімелескен Құрманбек ағаны соңғы сапарға шығарып салып, ұстаздарымның ұстазымен осылай қоштасып едім... Шығармашылығынан диплом қорғаған, өзін ұстазы санайтын, үлгі-өнеге тұтатын, Алматыдан үш мың шақырымға жуық жерде еңбек етіп жүрген жас журналистің абыз қаламгерге Алланың топырақ салуға бұйыртуы кездейсоқтық па, әлде шәкірттің, кейінгі толқынның аға толқын өкіліне деген шынайы көңілі ме, әйтеуір бір тылсым күш әсер еткені сөзсіз еді.

Аталған басылым еліміз тәуелсіздік алған жылдары атауын «Ақиқат» деп өзгерткен соң, бұрын айтылмай келген ақиқаттар айтылып, жазылмай тасада қалып келген тақырыптар көтерілді. «Лениншіл жаста» қызмет еткен жылдары редакторымыз болған Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың «шіркін, осындай кеңшілік заман орнағанда аз ғана уақыт болса да газетіме редактор болсам ғой, мұндай еркіндік те, мүмкіндік те ол кезде болған жоқ қой» армандаған тұсы осы кез ғой.

Сол тоқсаныншы, одан кейінгі жылдарда «Ақиқаттың» бас редакторлары болған Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек тәрізді қазақ журналистикасының сардарлары басылымның кескін-келбетіне, мән-мазмұнына айтарлықтай өзгеріс жасап, парасат-пайымының көкжиегін кеңейтті, сөйтіп тәуелсіздіктің рухани сұранысын тап басты. Ал аға толқынның бастап берген көш-керуенінің жүгін аудырмай ілгері апарудан асқан жауапкершілік жоқ шығар. Менің аталған басылымды басқаруға «сенімдеріңізге рахмет» деп бірден бас шұлғып келісе қоймауымның басты сыры осында жатыр еді.

1994 жылы Ақпарат министрлігінде жауапты қызметте болған жазушы-журналист Қуандық Түменбаев телефон шалып, «бізге келіп кетсең» деді. Ол кезде «Халық кеңесі» газетінде бас редактордың орынбасары болып жұмыс істейтінмін. «Министрдің тапсырмасымен шақырттым. Бізге жұмысқа келуге қалайсың?» деді. Әрине, сол кездегі өлшеммен қарағанда, бұл жауапты қызмет еді. Өзімнен бес курс жоғары оқыған, бүгінде қазақ прозасының  көрнекті өкілі атанған белгілі жазушы Қуандыққа өзімше сылтаулар айтып, бұрынғы жұмысымды істей берейін дедім. Шынымды айтсам, журналистиканы қимадым. Осы арада сәл шегініс жасай кетсем деймін. 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңестің органы болып бірінші нөмірі жарыққа шыққан «Халық кеңесі» газетінің алғашқы бас редакторы Сарбас Ақтаев мені жұмысқа шақырып, парламент тілшісі етіп тағайындады. Сарбас ағаның басшылығымен өзіміз басылымды айтақыр жерде ұйымдастыру жұмысынан бастағаннан ба, әйтеуір бүкіл ұжым болып жұмылып, газеттің мазмұнды шығуына бар күш-жігерімізді салдық.  Өкінішке орай, 1996 жылы «Халық кеңесі» газеті «жабылды», бас редакторы Жұмабек Кенжалин «Ақиқат» журналының басшылығына тағайындалды. Аталған газет басшысының бірінші орынбасары Жанболат Аупбаев Жұмекеңнің орынбасары болып кетті де, ал мен бір айдан кейін ҚР Бас прокуратурасының  жаңадан ашылған «Заң және заман» - «Закон и время»  журналының алғашқы бас редакторы қызметіне кірістім. ҚазМУ-да диплом жұмысымның жетекшісі болған, кейін бір басылымда жұмыс істеген Жәкең «саған берген көмегім әрі байғазы болсын» деп «Моңғолиядағы қазақ генералы» атты қазақ ұшқышы туралы очеркін ұсынды. Жұмекең мен Жәкең «Ақиқаттың» тақырыбын одан әрі кеңейте түсуге білек сыбана кірісті. Журнал шығару табиғаты мойын бұрғызбайтын газеттегідей қарбалас емес, ойға алған идеяларды зерттеп, безбендеп жүзеге асыруға уақыт та, мүмкіндік те мол. Журналистикамен көзін ашқан қос қаламгер бұл басылымға талай жаңалықтар алып келді. Ізденімпаз, журналистік шеберлігі әбден шыңдалған Жанболат ағамыз тың тақырыптарды қозғауға, журналды оқырмандарға жақындата түсу үшін басылым мінезін «жұмсартуға» көп еңбек сіңіргенін әріптес, оқырман ретінде көріп, біліп жүрдім. Жұмабек Омарұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болғанда маған «бізге қатысып тұрсаңызшы» деген соң азды-көпті жазғандарымды ұсынғанмын.

Сонымен қабырғаммен кеңесіп, «Ақиқатқа» жұмысқа келуді жөн көрдім. Соның алдында ғана «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры болып тағайындалған Жұмабек Кенжалин әріптесіммен ақпарат   айдынында қайта кездестім. Жұмекең қуана қарсы алып, «басшылықпен ақылдаса келе сіздің кандидатураңызға тоқталғанбыз, өзіңізге бұрыннан таныс шығармашылық ортамызға қайта оралуыңызбен құттықтаймын!» деді. Сосын сөз арасында елеусіздеу «одан кейін тағы бір ойымыз бар, оны кейін көре жатармыз» деп сұрақ қойғызбай әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып жіберді. Ақпарат министрлігі Тіл комитетінің басшысы Бауыржан Омаров пен құрамында алты басылым бар «Қазақ газеттерінің» басшысы Жұмекең мені «Ақиқат» ұжымымен таныстырды. Ұстазым Сарбас аға сөз алып, «Самат шәкіртім, журналистиканың ыстық-суығын көрген қаламгер, ең бастысы ол жазатын редактор» деп айтқаны есімде қалыпты. Басылымның жаңа басшысына қай жерде болсын сын көзбен қарайтыны айқын, бұрынғы редакторымның бұл сөзі маған кәдімгідей қолдау болып көрінді. Қараймын, қазақ журналистикасының мықтылары осы журналға жиналған десе болады, олар – Сарбас Ақтаев, Адам Мекебаев, Бегділда Алдамжаров, Ораз Қауғабаев, Қыдырәлі Қойтаев, Серікқали Хасан. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының есімдері елге мәшһүр, шығармаларын жұртшылық сүйіп оқитын қаламы қарымды қаламгерлер. Әрқайсысы «менмін» деген тұлғалар. «Опырай, мынадай атақты қалам иелерін басқару оңайға соқпас» деген ой санамда жылт еткендей болды.  Бірақ отыз жылдай журналистік қызметімде бас редакторларымнан алған тәрбием мен тәжірибем көмекке келер деген сенім де көңіл түкпірінен демеу берді. Олардың әрқайсысы бір-бір мектеп еді ғой. Атап айтқанда, олар – Қуандық Батыров («Нарын таңы» Исатай аудандық газеті), Құмар Кенжеғалиев («Атырау» облыстық газеті (бұрынғы «Коммунистік еңбек»), Сейдахмет Бердіқұлов («Лениншіл жас»), Уәлихан Қалижанов («Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Сарбас Ақтаев («Халық кеңесі»), Жұмабек Кенжалин («Халық кеңесі»). Алғашқы лездемеге жан-жақты дайындалдым, әр жылдардағы журнал тігінділерімен тағы бір танысып шықтым, жаңа жоспар жобасын жасап, басылымда көтерілетін тың тақырыптар табу, жаңа айдарлар ашу, әр өңірден авторлар тарту тәрізді мәселелерді қамтуға күш салдым. Лездеме ойдағыдай өтті, бұдан бұрын біраз жыл бойы «Заң және заман» журналындағы жинаған жұмыс тәжірибем көмекке келді. Ұжымда Бегділда Алдамжаров ағамызды мінезді қаламгер дегенді естігенмін, ол басқосу соңында «журналистиканы бір кісідей біледі екенсің, тапсырмаңды айта бер, орындаймын» деген сөзі кейін әріптестік, ағалы-інілі сыйластыққа жол салды деп айта аламын. Басқа да аға толқын өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп журналдың ойдағыдай шығуына кірісіп кеттік. Жұмабек Омарұлы басылымға редактор болып келгенімде «тағы бір ойымыз бар» дегенінде мән бар екен, арада көп уақыт өтпей «Ана тілі» газетінің бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат «Астана» журналына басшылыққа ауысып, Астанаға қызметке барды. Ал мен «Ана тілі» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. «Ақиқат» журналының  басшылығына жас ғалым әрі қаламгер Мұхит Салқынбаев келді. Арқалы ақын, белгілі журналист Аманхан Әлімұлы ағамыз басылымға басшылық еткен жылдары өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Міне, қазір журналды жас журналист Дәуіржан Төлебаев басқарады.  «Жас келсе – іске» деген, біз де жастарға сенеміз, ұрпақ сабақтастығы осылай жалғаса береді.

Биыл өзінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толып отырған атақты басылымның мерейтойы құтты болсын! Ұжым мүшелері мен басылымның қалың оқырман қауымын осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, егемен еліміздің бүгінгі шежіресін өріп, ертеңіне сара жол салып жатқан игілікті іске сәттілік тілейміз.

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз