• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

ЖАДЫМДА ЖҮРЕР СОЛ ЖЫЛДАР

Академиктер Манаш Қозыбаев, Әбдуали Қайдаров, Жабайхан 
Әбділдин «Ақиқат» журналының ұжымы арасында. 1996 жыл

 

Жанболат АУПБАЕВ,

«Ақиқат» – (бұрынғы «Қазақстан
коммунисі») журналының 1989-1991 жылдардағы жауапты хатшысы, осы басылымның 1996-1998 жылдардағы бас редакторының бірінші орынбасары

 

Менің бұл журналға жұмысқа шақырылуым 1986 жылдың ақпан айындағы мынадай жағдайға байланысты болды. Ол сол уақыттағы Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Кәкімжан Қазыбаевтың қызмет орнын ауыстырып, біз сөз еткелі отырған теориялық-саяси басылымға жетекшілік етуге келуі еді.

Осыған байланысты Кәкең жоғарыдан берілген тапсырма бойынша редакцияны жасартуға кірісті. Бұрынғы кәсіби журналист, баспасөздің барлық буындарындағы қызмет баспалдақтарынан байыппен басып өткен кәнігі маман бұл кісінің сондағы діттеген кадрларының қатарында «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген мен де бар болып шықтым. Бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов «Қазақстан коммунисінің» маған «құда түскен» жоғарыдағы хабарын естігенде қатты қиналды. Өйткені, өзі жұмысқа алып, өзі тәрбиелеп өсіріп, енді толыққанды маман болған мені басқа редакцияға жібере салу оңай ма? Бірақ қанша дегенмен ол кісі жасы үлкен Кәкеңнің айтқан сөзінен асып кете алмады. Аға әріптесінің өтінішін жерге тастамай, менің аталмыш журналға бөлім меңгерушісі болып баруыма келісімін беріп, сәт сапар тіледі.

Ашығын айтайын, бірі зейнет жасына келіп, екіншісі ол межеден асып кетсе де әлі жұмыс істеп жүрген сол кездегі журнал қызметкерлері қай жағынан алып қарағанда да мықты адамдар еді. Олай дейтінім, алдымен бұл аға буын өкілдері ХХ ғасыр басындағы ашаршылықты көрген, 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысып, сондағы от кешуден өткен жандар болатын. Содан соң олар сол алапаттан елге аман-есен келісімен, үстілеріндегі солдат шинелін шешпей, студент партасына отырып, білім алып, республикалық газет-журналдардағы небір қиын да күрделі жұмыстарды табандылықпен атқарған еңбек торылары-тын. Бәрінен бұрын өмір дегеннің не екенін әбден көрген бұл ағаларымыз  өте сауатты, екі тілге бірдей жетік қабілет иелері еді. Олар небір қиын құжат, іс қағаздары мен ресми материалдарды орыс тілінде еш қатесіз жазып, сол тілден қазақшаға мүдірмей аудара да беретін.

Сөзім құрғақ болмас үшін осы жәйтке байланысты бір мысал айтайын. Атақты Карл Маркс бар ғой. Міне, сол ақыл-ой алыбының «Капитал» атты түсінуге өте қиын, күрделі еңбегі 50-жылдар-дың аяғында ана тілімізге аударылып, оған осы «Қазақстан коммунисіндегі» ағаларымыз да атсалысқан екен. Журнал редакциясы табалдырығын аттаған 80-жылдардың ортасындағы біздің кезімізде жоғарыдағы кітаптың екінші басылымын жарыққа шығару туралы Партия тарихы институтында мәселе көтеріліп, соған әзірлік жүріп жатты. Сонда оған жауапты комиссия мүшелері бас редактор Кәкімжан аға Қазыбаевқа телефон соғып, содан ширек ғасыр бұрын «Капиталды» тәржімелеуге «Қазақстан коммунисі» қызметкерлері тарапынан қатысқан адамдарды сұрағаны бар. Сол кезде журналда ол жұмысқа ат салысқан 2 қызметкер қалған екен. Біз міне, осы ағаларымызды көрдік. Бірге жұмыс істедік. Айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, тәржіме саласындағы тәжірибелерін үйренуге тырыстық. Басшымыз Кәкеңнің еңбегі сонда, ол кісі редакциядағы бұл аға буын өкілдерінің қызметтеріне тиіспеді. Орталық Комитеттің редакция аппаратын жаңарт дегенін біз сияқты кадрлармен жасартқаны болмаса, Төлеубай Ыдырысов, Әбиболла Ахметов, Бекмырза Баймаханов, Орақ Смағұлов секілді ардагер журналистерді қысқартпады. Алаңсыз жұмыс істеулеріне жағдай жасап, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалды. Ал бұл кісілер бізді қиын жұмыстарға қалай үйретіп, көмектесті десеңізші!

...Ол уақыт елімізде 1985 жылғы қайта құру лебінің есіп, 1986 жылы өткен СОКП XXVII съезінен кейін жұрттың одақтағы жаңа өзгерістер дәуіріне аяқ басамыз деп желпініп жатқан кезі еді. Биік мінбелер мен түрлі жиындардағы демократия, жариялылыққа орай айтылып жатқан тың ой, озық идеялар жақсы-тын, әрине. Бірақ қай саладағы басшылар да бұған дайын болмай шықты. Ол сол кездегі үлкенді-кішілі мекеме иелерінің жаңалық атаулыны жатырқап, ескі жұмыс тәсілдерінің жалына жармасып алған әдеттерінен анық байқалатын. Партия директивалары мен үкімет қаулы-қарарларында: «Жеке басқа табыну зардаптарынан елді хабардар ету, репрессия кезіндегі жазықсыз жазалауды жариялы түрде көрсету, одан бергі тоқырау жылдарындағы томаға-тұйық тірліктен арылу жөнінде ашық айтылсын», – деген нұсқаулар беріліп жатқанымен, сондай дерек, мәлімет, анықтама сақталған ведомстволық орындар қорқасоқтап, редакциялардың өтініш хаттарын кері ысырды да отырды. Бұл баяғы: «Ертең заман қалай болады? Басымыз пәлеге қалмай ма?» – деген әсіре сақтық еді.

Міне, сондай өліара, өтпелі кезде біз бір кездегі республикадағы үшінші адам, бас идеолог Кәкеңнің қайратын көрдік. Қоғамдағы қатып қалған мұз тоңының баспасөздегі сірескен сеңін сөгу үшін ол кісі алдымен бәрімізбен ақылдаса отырып, кешенді жоспар жасады. Содан соң редакцияға құзырлы органдар: Орталық Комитеттің Насихат бөлімі мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің, бұрынғы өзіне бағынышты мекемелер: Партия тарихы институты және Бас архив басқармасының жауапты адамдарын шақырды. «Дөңгелек стол» басындағы сұхбат» деп аталатын осы отырыста: «Партиямыз бен үкіметіміз, – деп бастады сөзін Кәкең, – ел басқарудағы бұрынғы кеткен кемшіліктерді көрсетіңдер. Ондай солақайлық енді қайталанбасын. Ашып жазыңдар», – дейді. Біздің журнал қызметкерлері бұған дайын. Оған дәлел: сөз еткелі отырған тақырыпқа арналып жасалған редакцияның кешенді жоспары. Бірақ, өкінішке қарай, аталмыш іске сіздер әзір емес болып шықтыңыздар. Өтініш хаттарымызды кері ысырасыздар. Мәлімет, анықтама беру жөніндегі әңгімені ұзын арқау, кең тұсауға салып келе жатырсыздар. Сонда партияның алдымызға қойып отырған міндетін қалай жүзеге асырамыз? Орталық Комитеттің бізге жетекшілік етіп отырған бөліміне ертең не деп есеп береміз? «Тиісті мекемелер есіктерін тарс жауып алған. Кіргізбейді», – десек ұят. «Өтінішімізге құлақ аспайды», – деп шағымдану әбестік. Не істейміз?!

«Ақиқат журналының» ұжымы. 1997 жыл

 

– Мәселенің қойылысы дұрыс, – деді журнал бас редакторының сөзінен кейін ойланып барып тіл қатқан Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінен келген өкіл, полковник Әбдірахманов. – Осы басқосу алдында бастықтарыма кіріп, өзара пікір алысқанбыз. Сонда ол кісілер 1937 жылғы зобалаңда ұсталып, 1957-1960 жылдардағы ақталуға ілікпей, ұмыт қалған отандастарымыздың тізімін беруге пейілді екенін айтты. «Жариялауға жатпайды» деген грифі бар папкадағы сол деректерді марқұмдардың туған-туыстары біле ме, білмей ме, бұл белгісіз. Сондықтан аталмыш тізімді журналға әр облыс бойынша беріп тұрған дұрыс қой деп ойлаймыз.

– Ал біздің мекеме мұрағатында академик Сәтбаевтың Сталинге жазған хаты бар, – деп сөзге араласты осы кезде Бас архив басқармасының бастығы Сапар Байжанов ағамыз. – Бұл 1952 жылғы аласапыранда ғалымның қарсыластарының: «Ол күмәнді «Едіге батыр» жырын ел аузынан жазып алған ұлтшыл», – деген арызына байланысты Қанекеңнің Кремль басшысына берген түсініктемесі ғой.

– Бәрекелді! Дұрыс-ақ. Енді осы отырған бәріңізге бір сұрақ. 1932 жылғы ашаршылыққа байланысты жазылған атақты «Бесеудің хаты»... Содан кейінгі Тұрар Рысқұловтың да осындай жанайқайы... Бұлар қайда? Қай мекеме архивінде деп ойлайсыздар?

– Ол екі құжат та, содан соң Ораз Исаевтың Сталинге жолдаған 1933 жылғы хаты да бізде, – деді Кәкеңнің сауалына үн қатқан Партия тарихы институты директорының орынбасары Рақымжанов. – Басшылыққа хат жолдап сұратсаңыздар, өзіміздің аударып әрі қажетті түсініктемелерін жасап беруімізге әбден болады. Бірақ бәрін емес. Бір-бірлеп... Бұлардан бөлек.., иә, бұдан басқа институт ғалымдарының сіздердің басылымдарыңызға деп ойластырған бір тақырыбы бар еді. Ол – «Біздерді кім басқарып келді?» деген хроникалық зерттеу мақала. Құп көрсеңіздер оны жазуды Қарпықова деген ғылыми қызметкерімізге тапсырайық. Бұған қалай қарайсыздар?

...Жиналыс біткен соң келген қонақтардың сөздері мен уәделеріне қатты көңілденген Кәкең енді солардың беретін материалдарына байланысты бәрімізге тапсырма жүктеуге кірісті. Атап айтқанда, ғылым мен мәдениет бөлімінің меңгерушісі Тоқтарбек Қызықбаев Бас архив басқармасымен хабарласып отыратын болды. Насихат бөліміне жетекшілік ететін Болат Бабақов МҚҚ-дан жоспарланған дүниені қадағалауға көшті. Ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі маған Партия тарихы институтымен байланыс жасап отыру тапсырылды. Соның нәтижесінде журналға алдымен келген мақала «Сәтбаевтың Сталинге хаты» еді. Оны өзі де мықты журналист, Бас архив басқармасына барғанға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде көп жылдар редакторлық қызмет атқарған Сапекең, Сапар Байжанов ағамыз қатырып тұрып аударып, алғысөз секілді түсініктемесін де мықтап жазып, редакцияға өз аяғымен әкеліп берді.

Содан кейінгі біздің қолымызға іле-шала келіп тиген дүние 1920-1988 жылдар аралығындағы кеңестік Қазақстанға жетекшілік еткен бірінші басшылар туралы мақала еді. Оны оқып отырып қалай таңғалдық десеңізші. Себебі бұрын мұндай дерек дәл осындай жүйелілікпен еш жерде айтылып, жазылмаған еді. Рас, Қазақ энциклопедиясында аталмыш қайраткерлер алфавиттік тәртіпке байланысты әр томға шашырап орналастырылып, толық емес түрде берілгенінен хабарымыз бар болатын. Ал, 1985 жылғы «Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері» атты үлкен еңбекте ол мүлде жоқ-тын. Енді жаңа заман талабына байланысты Партия тарихы институтының ғылыми қызметкері әзірлеген мына қолымыздағы мақалада бәрі толық қамтылған болып шақты. Онымен танысқандағы тағы бір таңғалғанымыз, таңғала отырып қорланғанымыз сол өткен 68 жыл ішіндегі кеңестік Қазақстанды басқарған 18 адамның 3-еуі ғана қазақ, қалған 15-інің өзге ұлттар өкілі екендігі еді. Бұларды мысал ретінде бір-бірден ғана алып айтар болсақ: Пестковский (поляк), Костеловская (украин), Нанейшвили (грузин), Голощекин (еврей), Мирзоян (армян), Скворцов (орыс), Пономаренко (беларусь), Юсупов (ұйғыр) дер едік. Бұлардың ара-арасындағы 8 адам орыс пен украин ұлттарын құрайды. Ал қазақтардан ше? «Олар кімдер?» – дейсіздер ғой. Мұхаммедхафий Мырзағалиев (1921 ж.), Жұмабай Шаяхметов (1946-1954 жж.), Дінмұхаммед Қонаев (1960-1962 жəне 1964-1986 жж.). Жоғарыда айтылған «Сəтбаевтың Сталинге хаты» мен «Біздерді кім басқарып келді?» (деректер сыр шертеді) атты мақалалар журналда жарық көрісімен ел бұған гу ете түсті дейсіз. Олардың артын ала беріп оқырмандарға «Бесеудің хаты», сондай-ақ «Тұрар Рысқұловтың Сталинге хаты» жəне жол тартты. Одан кейінгі аталмыш жарияланымдарды Ораз Исаевтың Кремльге жолдаған жанайқайы жалғастырып, толықтыра түсті. Осы жерде атап айтатын нəрсе, ашаршылық жөніндегі бұл құжаттардың тəуелсіздік тұсында емес, өмірде Кеңес өкіметі əлі бар уақытта жарық көргендігі еді. Редакцияның осы қадамы республикамыздағы зиялы қауым өкілдері үшін өте зор оқиға болды. Ал аталған дүниелерді архивтің жабық сөрелерінен тиісті адамдар арқылы алдыртып, «Қазақстан коммунисі» журналына ғана жариялатқан бас редакторымыз Кəкең, Кəкімжан Қазыбаевтың еңбегі енді айтпаса да түсінікті ғой деп ойлаймын. Бұл жерде сол оқиғаға куəгер менің: «Қазақстан коммунисі» журналына ғана жариялатқан», – деген сөзді айрықша бөліп айтуымның өз мəні бар. Өйткені, көнекөздер ғана білетін жоғарыдағы сыни хаттар содан жарты ғасырдан кейінгі қайта құрудағы демократия, жариялылық дүмпуі арқасында 1986-1990 жылдары алғаш рет тек өзіміз сөз етіп отырған теориялық-саяси басылымда жарық көрген еді. Республикамыздағы өзге газет-журналдардың содан кейін де, қазір де өздері басып жүрген аталмыш материалдарды қайдан алғанын айтпай, үзіп-жұлып жариялап келе жатқандары «Қазақстан коммунисіндегі» сол мəтіндер. Осы арада: «Дереккөзге неге сілтеме жасалынбайды? Оны көрсету соншалықты қиын ба? Əдеп пен обал-сауап қайда?» – деген сөздер, амал жоқ, ойға оралмай қоймайды.

...Ол кез, яғни, 1985-1988 жылдар аралығындағы уақыт өте қиын кезең еді деп жоғарыда айттым. Иə, мінберлерде: «Қайта құру келді. Демократия мен жариялылыққа жол ашылды. Алға!» – деген ұрандар айқайлап айтылып жатқанымен, сөзден іске көшу оңай болмады. Өйткені, жұмыс істеп тұрған ескі жүйе елге бұрынғыша билік жүргізе беруді қалады. Ал уақыт талап еткен жаңа үдерістер негізіндегі іс-қимылдар түрлі бюрократиялық кедергілерге ұшырап, қоғамда қанат жая алмай жатты. Тіпті атқарушы буындардың ішінде ол уақытта: «Осы саясаттың аяғы қалай болар екен?» – деген күдік те жоқ емес еді. Бірақ көптің аты көп қой. Уақыт өте келе КСРО-дағы 290 миллион халықты рухани тұрғыдан демеп отырған орталық бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы «Известия», «Аргументы и факты», «Огонек» жəне «АПН» секілді газет-журнал, агенттік тарапынан жаңа үдеріске деген ұмтылыс байқала бастады. Оған одақтағы ғылым, білім, саясаттану саласындағы академия, институттардың озық ойлы басшылары мен мамандары қосылды. Сөйтіп аталмыш ұжымдарда қайта құрудың алға қойған міндеттерінен туындайтын жұмысты жеделдету, оның қозғаушы күші – адам факторын жандандыру батыл қолға алынды. Ал өзіміздің Қазақстанға келсек, ол уақыттағы сондай бастамашы буындардың бірі «Қазақстан коммунисі» журналының басшылығы болған еді. Оған редакция қызметкерлерінің 1986 жылдың наурызынан 1989 жылдың қазанына дейінгі атқарған жаңашылдыққа толы істері дəлел.

Жұрт біледі, 1989 жылдың жазындағы Мəскеуде өткен халық депутаттарының І съезінен кейін елдегі жағдай толық белгілі болды емес пе? Сондағы көз жеткен басты нəрсе одақтас республикалардың дербестікке қарай бет алуы дер едік. Тағы бір жаңалық: Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында СОКП жарғысындағы 6-бап құзыретінен айырылды. Осыған байланысты Орталық Комитет газет-журналдарға деген қатаң көзқарасын өзгертті. «Саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған» олардың бұрынғы қорқыту, үркіту тәсілдері орнына енді бұлар бұқаралық ақпарат құралдары мекемелерін шығармашылық орта, ағартушылық орын жəне рухани құндылықтардың насихатшысы деп біліп, редакцияларға бұйрық беруші емес, кеңесші орган ретінде қарай бастады. Осы еркіндіктен кейін қазақ баспасөзінің бағы жанып, атақ-даңқтары дүркірей көтерілді дейсіз. Солардың қатарында қазіргі «Ақиқат», бұрынғы «Қазақстан коммунисі» журналы да бар-тын. Уақыт сыйлаған бұл мүмкіндікті біз сөз еткен басылымға 1989-1994 жылдары жетекшілік еткен Камал Смайылов, 1994-1996 жылдары бас редактор болған Сарбас Ақтаев ағаларымыз өте жақсы пайдалана білді. Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы жəне бастамашыл, оған қоса таусылмас тың идеялардың қайнар көзі бола білген бұл кісілер жоғары жаққа жалтақтамай, еркін қимылдады. Оны аттары аталған баспасөз ардагерлерінің сол 90-жылдардағы журнал беттерінде қалдырған қолтаңбалары анық дəлелдейді.

Нұр-Сұлтан

            

1430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз