• Тарих толқынында
  • 22 Қыркүйек, 2021

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы-публицист: ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ШЫН ШЕЖІРЕСІ

«Ақиқаттың» бес редакторы. Солдан оңға қарай: Жұмабек Кенжалин, Камал Смаилов, 
Нұрмахан Оразбек, Сарбас Ақтаев, Ахат Жақсыбаев

 

Белгілі публицист, білікті редактор, қарымды қаламгер Сарбас Ақтаев – ұлт баспасөзінің бүгінгі ардагері. Республикалық жетекші газет-журналдарда басшылық қызметтер атқарған. «Ара-Шмель» журналы, «Жетісу» газеті, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жемісті еңбек еткен. Тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде тыңнан түрен салып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Халық кеңесі» газетінің алғашқы бас редакторы болған. «Ақиқат» журналын басқарған. Журналдың мерейтойы қарсаңында Сарбас ағамызға сәлем бере бардық. «Ақиқат» журналының мән-маңызы, тарихы, онда жұмыс істеген тұлғалар жөнінде біршама сыр шертті, кеңінен ой толғады.

– Жалпы, жүз жасаған бұл журналды көненің көзі ғана емес, тарихымыздың шын шежіресі деп бағалауға болады. Алғашқы кезде бұл журнал «сықиған саясаттың» басылымы болмаған сияқты. Өйткені, сонау алғашқы адымдарының өзінде өлең-жырлар, әңгімелер, сықақтар жарияланған. Тұңғыш бас редакторы
Абдолла Асылбековтің өзі өлеңдер жазып, ашаршылық жөнінде ащы шындықты жайып салған қаламгердің бірі еді. Ал енді сол редакторлар толқынының ішінде күні бүгінге барлығымыздан бір мойын биік тұлға ол – Смағұл Сәдуақасов. Смағұл
Сәдуақасовтай батыл редактор, жалпы біздің қазақ журналистикасында, меніңше, болмаған. Смағұлдың «Қазақстан коммунисінде» жариялаған очерк-суреттемелерінің өзі керемет қайсарлықтың, ешкімге бас имейтін кісіліктің қасиеттерін паш етіп тұрады. Мәселен оның Қостанайға барған жол сапарының бір жазбасы қазірге дейін мықты көркем туынды деңгейінде. Отаршылдық психологияда жүрген елдің тұрмыс-жағдайын, хал-ахуалын суреттеген. Отарлық психологиядан қалай ажыраймыз деген мәселені қозғап, толғаулы пікірлер айтқан.

Менің «Ақиқатқа» келуім де заңдылық сияқты ма, қалай. Бірде сол кездегі бас редакторы Кәкімжан Қазыбаев маған орынбасар болып келсейші деп қолқа салды. Кәкең екеуміз «Жетісуда» төрт жыл бірге жұмыс істеген едік. Мен бас редактордың идеология жөніндегі орынбасары болдым да, ол кісі бас редактордың орынбасары болды. Бұл қызметінен кейін Орталық комитетке нұсқаушы болып кетті. Біздің арамыздағы жолдастық, қаламгерлік қарым-қатынас ешқашан суыған жоқ. Кәкең өмірден өткенде орнына «Ақиқатқа» бас редактор болып Камал Смайылов келді. Кәмекең алымды журналист еді. Оның тұсында «Қазақстан коммунисі» журналының атауы «Ақиқат» болып өзгерді. Жалпы, мен бұрынғы қалыптасып қалған атауларды өзгертуді онша құптай қоймаймын. Мысалы, «Егемен Қазақстанға» өзінің бұрынғы «Еңбекші қазақ» дегенінен артық атау таппаймын. Сонымен, Кәмекеңнің бас редакторлығы тұсында Алаш арыстарының біразы ақталды. Журналдың беті, мазмұны сол кездегі рухани сұранысқа орай түрлене түсті. Басылымда Ғарифолла Есім, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Құлбек Ергөбек, Тұрсын Жұртбай сынды ғалымдар еңбек етіп жүрді. Мен басшылық қызметке келгенде бұрынғы бағытты жалғастыра отырып, қосымша жобалар енгізуді ойластырдым. Шоқан Уәлихановтың қазақ тіліне аударылмаған еңбектерін қазақшалап, жариялай бастадық. Аударма жұмысына өзім кірістім.

«Тұғыры биік тұлғалар» айдарын ашып, жаңа өмірді жасауға атсалысқан жақсылар мен жайсаңдар, ұлт үшін, халық үшін қажырлы еңбек еткен Абдолла Асылбеков, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин сияқты қайраткерлер туралы мақалалар басылды. Олардың бағыты бөлек болғанымен, мақсаты – қазақ халқының азаттығын, рухани өрлеуіне үлес қосу болды ғой. «Ардагерлер – арамызда» айдары бойынша Бәйкен Әшімов, Сағидолла Құбашев, Шаһмардан Есенов, Кенжебек Сағындықов сияқты Кеңес заманындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жөнінде материалдар берілді. Мұндағы менің көздеген мақсатым – бұлар түн қатып, түс қашып жүріп қаншама қызмет етті. Бір тиын да артық еңбекақы алмады. Сөйтіп жұмыс істесе де, бір жылы сөз естімей кетті.

Қазақ тарихындағы ел аналарының рөлін, қадір-қасиетін жан-жақты насихаттау мақсатында «Қазақ ханымдары» айдарын аштық.  «Қанжар-қалам» деген жобамыз болды. 

«Ақиқатты» әлі күнге дейін сіресіп қалған саясаттың журналы деп ойлайтындар бар. Сендердің ендігі міндеттерің – сол пиғылды жоққа шығару. Рас, жасырмаймыз, сонау Кеңес заманында саптыаяққа су құйып, сабынан қарауыл қараған кезде, бұлтартпай, партияның хақ жолымен жүрмесең, көсемдерден дерек-дәйектеме алмасаң, мақалаңды «партияның басшылығы мен Үкіметтің саясатын қолдай отырып», деп бастамасаң, мұныңды саяси сауатсыздыққа жатқызатын кездер де болды. Бұл уақыттың ықпалы журналдың стиліне әсер еткені сөзсіз. Мұны жасыруға болмайды. Осындай қасаң қағидаларды өзгерту үшін журналистиканың түрлі жанрларын қолдану керек болды. Хат түрінде, очерк түрінде жанды дүниелер жазуға тура келді. Осы жолда қызмет істедім. Тілдің сол кездегі қасаңдылығы кезінде, тақырыптардың таптаурындығы кезінде, кілең партия ұйымының басшыларын сөйлететін, көсемдердің баяндамаларын басатын кездер де болды. Бірақ ол кездің өзінде де журналистер қарап отырды деуге болмайды. Ол стильді де меңгеріп алған журналистер болды. Біз оларды қолдауымыз керек. Мен өзім журналда жүргенде, мәселен, журналдың бұрынғы басшылары жөнінде материалдар жазғызып, солардың еңбегін ұмытпауымыз керектігін қаперде ұстадым. Бұл журналдың негізгі бағыты – тарихи-тағылымдық мәселелер болуы керек. Осының ішіне кәдімгі тарихың да кіреді. Тәлім-тәрбиең де кіреді. Ара-тұра өмірдегі келеңсіздіктерге де тіс батырып қоюға болады.

Журнал – тарихи дүние. Ғылыми атақ қорғағанда, газетке шыққан мақала есептелмейді, журналға жарияланған мақала есептеледі. Осының өзі-ақ журнал қызметкеріне жауапкершілік жүктейді. Жалпы, мен журналистика үшін ақындығымды құрбан қылған адаммын. Әдеби шығармашылыққа бел шешіп кірісетін кезде, қызмет бабымен өсіріп жіберді де, соған лайық боламын деп, көп дүниеден айырылып қалғанымыз сол. Қаншама жоспар бар, қаншама идея бар еді. Сондықтан шама келгенше шығармашылық жағын да ұмытпау керек. Қазір сендердің өз ойларыңды, пікірлеріңді ашық айтуға мүмкіндіктерің мол. Бірақ, мүмкіндігіміз бар екен деп, шектен шығып кетуге де болмайды. Көп дүниені қарапайым пәлсәпамен, астарлап-ақ жеткізуге де болады. Бүгінгі бір түсінікке таң қаламын. Журналисті бір пәлеқор адам деп ұғатын болып алыпты. Шын мәнінде, журналист ол ойындағысын ірікпей ашып айтатын қайраткер. Жалпы, мен «Ақиқатта» жұмыс істегеніме ризамын. «Ақиқатқа» мен алпыстан асқанда емес, елуден асқанда келсем, көп дүние тындырады екенмін. Журналға публицистиканың лебін, екпінін әкелдім-ау деп ойлаймын. Кейінгі жылдары да бұл басылымнан қол үзгенім жоқ, араласып тұрдым. Көптеген мақалаларым, очерктерім жарық көрді. Журналдың мерейтойы құтты болсын, айналайындар, – деп түйіндеді әңгімесін Сарбас Ақтаев ағамыз.

Ұлт баспасөзінінің абыз ақсақалына, аңыз адамына айналған Сарбас Ақтаевтың басылымға сіңірген еңбегі, айшықты қолтаңбасы айрықша екені сөзсіз. Біз де, «Ақиқат» журналының ұжымы атынан Сарбас ағамызды журналдың 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледік. 

Жазып алған

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

 

3428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз