• Еркін ой мінбері
  • 29 Қазан, 2021

УАҚЫТ ҚҰРСАУЫНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

(ғылыми-эссе)  

Біз адамзат қауымы, Жер бе­тінде жаралғалы бері уақыт құр­сауындамыз. «Уақыт құрсауы» ұғымын да сол құрсаудың өзімен өлшеуге мәжбүрміз: Күннің шығып батқанын бір күн, яғни, бір тәулік дейміз. Тәулікті жиырма төрт сағатқа бөліп, бір сағатты алпыс минүтке, бір минүтті алпыс секүнтке шартты түрде бөлгеміз. «Жарықтың бір секүнтте жүріп өтетін жолы» деп аталатын «жарық жылдамдығы» деген салыстырмалы жылдамдық өлшемі де осы уақыт құрсауындағы уақыт өлшемінен туындаған. 

Осы өлшем бойынша жарық фотондары Күннен жер бетіне дейін сегіз минүттен сәл астам уақытта жетеді, ал Айдан бір секүнттей уақытта келіп үлгереді дейтін теория бар. Сөйтіп, жарықтың бір секүнтте жүріп өтетін қашықтығын шамамен үш жүз мың шақырым деп есептеп, бір жылдағы, яғни, 525 600 секүнттің ішінде жүріп өтетін жарықтың жолы бойынша «жарық жылы жылдамдығы» дейтін өлшемді шығарып келеді.

Осылайша, біздің галактиканың кеңдігін және біздің галактикадағы Күнге ең жақын жұлдыздың ара қашықтығын осы «жарық жылы» деген өлшеммен шамалап, адамзат өзінің астрономиялық өлшемін жасап алған.

Алайда, осы жер шары құрсауындағы өлшемді шетсіз-шексіз әлемнің өлшемі етіп алу ақылға сыйымсыз. Оның ақиқатқа сай емес екенін, қазіргі кезде әбден қалыптасып кеткен мына өлшемдерден-ақ білуге болады. Біздің ғарыштағы жалпы мекеніміз халық тілінде «Құс жолы», астрономияда «біздің галактика» деп аталады. Біздің Күн осы галактикадағы көп жұлдыздардың бірі ғана. Ғарыш кеңістігіндегі біздің галактиканың да өз орталығы бар. Оның құрамындағы бүкіл жұлдыздар да, Күн де сол  орталықты айналады. Біздің галактикада шамамен 100 миллиард жұлдыз бар!

Осы галактикада біздің Күннен он есе, жүз есе үлкен жұлдыздар да бар жә­не жүз есе кіші ергежейлі жұлдыз да бар екені анықталуда. Соның бәрінде өз  ғалам­шарлары айналып жүрген болуға тиіс дейді астрономдар. Біздің Күн осы галактика жүйесінің орта тұсында өзін қоршаған сегіз ғаламшарын ертіп галактика орталығын айналып жүр. Галактика орталығын бір айналып шығу үшін біздің Күн жүйемізге 250 миллион жыл қажет болады екен. Осы сұмдық ұзақ уақытты «ғарыш жылы» деп атайды. 

Астрономдардың болжамы бойынша, Күн жүйесі жаралғаннан бері жиырма төрт ғарыш жылы ауысқан, олай  болса Күн жүйесі «жас жігіт» секілді деген сөз. Галактиканың кеңдігін «жарық жылы» деген өлшеммен ғана түсінуге болады.

Егер галактика кеңдігіне километрді қолдансақ, ондай санды жазуға шамамыз жетпес еді.  Біздің галактиканың бір шетінен келесі шетіне дейін жарық жүз мың жылда жүріп өтеді. Мың жыл емес, он мың жыл емес, жүз мың жыл бойы зымыраған жарықтың жүріп өтер уақыты осындай дейді.

Біздің галактикадағы Күнге ең жақын жұлдызға дейін жарық төрт жарым жыл зымырайды. 

Сонда, осы өлшемдер бойынша мұны былай пайымдауға болады:

Біздің галактиканы біздің ауыл десек, Күн жүйесіндегі ғаламшарлар үй ішіндегі заттар секілді, ең алыс ғаламшар (Нептун-Көкжұлдыз) есіктің алдындай жерде де­ген сөз. Ең жақын жұлдыз ауланың ішін­де, ал галактика орталығы ауланың қақпасындай қашықта, галактиканың келесі шеті ауылдың шетіндей десек ақылымызға жеңіл келеді. Шексіз-шетсіз ғарышта біздің галактикамыздан басқа тағы да біздің галактика секілді үш миллиард галактика қазір есепке алынғаны айтылуда. Иә, мұның бәрін соңғы елу жылда пайдалана бастаған радиотелескоп арқылы ғана ашуға мүмкіндік туды.  Егер біздің галактикаға ұқсас галактикалар болса оның әрбірінде миллиардтаған жұлдыздар болуға тиіс. Бірақ, галактикалардың да соншама көп түрі бар екен, шар тәрізді, шоғырланған, шеңберленген, шашыраған, спираль секілді, тағы мәлім емес түрлер де болуы мүмкін. 

Астрономдардың болжамы бойынша, осы галактикалар да миллион-миллионнан топтасып жеке галактикалар жүйесін құрған болуы да ықтимал дейді. Олар да бірлесіп бір үлкен орталыққа бағынған болуы ықтимал. Ондай жүйені «метагалактика» деп атайды. Егер, олай болса, ол метагалактикаға жарық қанша уақытта жете алады деген сұраққа оның ең шетіндегі галактикаға жарық тоғыз миллиард жылда жетеді деп есептеген. Алайда, Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы бойынша, әлем секүнт сайын кеңеюде деген теория тағы бар. Сонда, әлемнің шегіне, ғарыштың соңына жету мүмкін емес секілді. Оны былай пайымдауға болады, шексіз әлемді сахара шөлі десек, біздің галактика сол шөлдегі бір түйір құмдай ғана деген сөз!

Бұл өлшемдердің бәрі алғашында мате­риалистік теория бойынша, яғни, ғылыми дейтін категориямен жасалып қойған, әлі де сол бойынша алға жылжуда.  Осы қалыптасқан өлшемдермен әлемнің жаралу уақытын есептеп табамын деудің өзі күлкілі емес пе!

Жоғарыдағы өлшемдер бойынша, ең шеткі галактика қалыптаспай тұрып шыққан жарық сәулесі жерге тоғыз миллиард «жарық жылы» уақытымен қазір жетіп жатыр екен деу далбаса сөз ғой.  Ғылымда айтылып жүрген әлемнің бастауы «Ұлы жарылыстан» (винбанг) бері қарай деудің өзі де қазіргі уақыт өлшеміне ешқандай сай келмейтінін түсіну қиын емес.  Себебі, біз өзіміздің жердегі уақыт құрсауымен пайымдайтын қасаң түсінікке әбден байланғанбыз, осы танымнан шыға алмаудамыз.  Міне, осы материалистік қасаң таныммен жер бетіндегі тіршіліктің бастауларын да өлшеп, динозаврлар  дәуірін, адамзаттың жаралу кезеңін есептеуіміздің қазіргі кезде қате екені археологиялық қазбалардан әшкереленуде.

Сонда да, осындай өздері пішіп-кесіп қойған өлшемдеріне сай келмейтін қандай нәрсе болса болды «аномалия» деген атау таға салатын материалистік әдет қала қоятын емес. Шын мәнінде, адам жердің уақыт құрсауынан шыққан кезде бұл қалыптасып қалған өлшемдер мүлде күшін жоятынынын қазіргі ғылым мойындауға мәжбүр. Өйткені, уақыт өлшемінің негізі ғаламшарлардың айналысымен есептелетіні белгілі болған. Онда, адам жер орбитасынан шыққан кезде-ақ, жер бетіндегі уақыт өлшемі өзгереді, уақыттың басқа өлшемі басталады.  Мәселен, Айдың шығыс жақтан жіңішке болып туып, дөңгелене толып қайта жіңішкере таусылып аяқталуын «бір ай» дейміз. Жер шарының Күнді бір айналып шығуын «бір жыл», яғни, «Он екі ай» деген маусымдық мерзіммен атаймыз (Құранда осы өлшем жердегі адамзатқа тән деген аят бар).

Және Күн жүйесі айналыс кезінде өз жазықтығында (эплиптика) тұрақты көрінетін он екі шоқ жұлдызды қиып өтетін жылдарға созылған уақытты көшпелі халықтар «бір мүшел» деп атаған. Осы бойынша, он екі жылға он екі жануардың атын қойып, туған баланың уақытын қай жануар жылында туғанымен белгілеп алып, қанша жыл өтсе де жасаған жасын дәл анықтайтын еді. Мұны «жыл қайыру» деп атайтын.  Өйткені, көшпелілер уақыт есебін күннің батып-шығуымен емес, айдың тууымен, ай тоғыстарымен есептейтіндіктен уақыт есебін өте дәл анықтайтын ілімге жеткен болатын (Құранда Күнді тіршілік үшін жарық пен жылу беретін шырақ, Айды уақыт есептейтін нұр етіп жараттық дейтін аят бар). 

Былайша айтқанда, қазір григориан күнтізбесі деп аталатын күннің шығып-батуымен есептелетін жыл уақыты 33 жылда бір жылмен кейін қалатыны дәлелденіп қойған. Ал, «мүшел есебі», «ай есебі», «тоғыс есебі» еш қателіксіз екені әлдеқашан мойындалған ақиқат.  Мұның себебі неде? Себептің бәрі, материалистік жалған көзқарастың адамзатқа үстемдік құрып, Құран бойынша келген ақиқаттың ескерусіз қалуында, ұмыттырылуында.

Материалистік теория тек қана қалып­тасқан уақытты бағдар қылады. Олар өткен шақ, осы шақ, келер шақ деп айта тұра, осы уақыт кезеңдерін анықтауда іліми тұрғыда дұрыс  жолға жете алмаған. Содан да, материалистер «өткен шақты» тек қана жер қойнауынан табылған азды-көпті қазбалардың түрі бойынша негізге алып, бәрін қолмен қойғандай етіп, өзгермейтіндей көріп, қатырып тастайды. Осыны «ғылым» деп тастай қатады. 

Ал «қазіргі шақты» үстемдік құрып тұрған саясат көзімен өлшеп оған да таскенедей жабысады (Мәселен, эволюционизм, дарвинизм, диалектикалық материализм, т.б.). «Келер шақты» тек еш негізсіз қияли жобамен тұспалдайды (Маркстік «Ғылыми коммунизм», «Советтік коммунизм» деген секілді қазір күлкіге ұшыраған теориялар). Ал, Құрандағы өлшемдер уақыттан тыс. Құран бұл дүние жаралғанға дейінгі уақытсыз кезеңді және бұл дүние аяқталған соңғы мәңгілік бақи кезеңді қамтыған абсолют өлшеммен сөйлеген. Және Құран өтпелі уақыттың үш шағын да өзіне түгел сыйғыза алған. Сүрелердегі бұрынғы замандарды суреттеген қиссаларда өткен шақ та, осы шақ та, келер шақ та бір сәтте қатар  баяндалады. Бұндай керемет синтезбен замандарды саралап айтуға адамның ақыл шамасы жетпейді. Сансыз жұлдыздар мен ғаламшарларды қамтыған миллиардтаған галактиканың шексіз кеңістіктегі ақыл жетпестей қашықтығын, біздің тұрақ болған жердің мүлтіксіз қозғалысын, Бір Басқарушы ғана реттеп тұрған ғажап құбылыс екенін іліми деректермен тек Құран ғана ашықтап бере алады. Міне, осылайша нағыз уақыт өлшемін Құран адамзаттың ақылына сай етіп өз сүрелерінде баяндайды. 

Құранда Ұлы Жаратушы «әлемді ал­ты күнде жаратты» деген аят бар. Бұл аталған алты күннің Жердің алты күні емес екені анық. Ғарыштың алты күні, яғни, жоғарыда баяндалған «метагалактика айна­лысының күні» екенін түсіну қиын емес. Өйткені, «Хажы» атты сүреде Құдайдың жанындағы бір күн сендердің жердегі мың жылдарыңмен  тең деуі, тағы бір сүреде мұндағы бір жыл сендердің жердегі елу мың жылдарыңдай деуі осы өлшемді меңзегені. Ал, адамзаттың жердегі уақыт құрсауында екендігін дәлелдейтін сүрені Құранның ғажабы деуге болады. Өйткені, жердегі уақыт құрсауы бойынша ғарыш қашықтығын есептейтін астрономдар егер, қандай да бір ғарышаралық аппаратпен адамды ең жақын жұлдыздың ғаламшарына ұшырса, оның өмірі жетпейді дейді.

Расында, солай ма? Олай емес екенін Құран «Исра» (Түнгі сапар) сүресіндегі таң­ғажайып оқиға бойынша жоққа шығарған. Адамзаттың ақырғы пайғамбары Ұлы Жаратушының қалауы бойынша, Меккеден Палестинадағы Ақса мешітіне, одан кейін шексіз ғарыш кеңістігіне сапар шегеді. Сүреде пайғамбар әлемнің соңғы қақпасына, яғни, шегіне жетті, оған дейін Жәбрейіл періште жолдас болды, одан ары Алла Тағаламен жүздесті, дейді.  Мұны, Ислам сенімінде «Миғраж оқиғасы» деп атаған. Оған иманға келген көкірек көзі ашық адамдар ғана сенген. Ғайыпқа сенбейтін сол замандағы дінсіздер мен осы заманғы атеистер де бұл таңғажайып құбылысқа сенбейді. Өйткені, олар күнде көзбен көріп жүретін көріністі ғана мойындайды. Сөйте, тұра сол заманғы Мекке мүшріктері «Миғраж оқиғасын» тексеріп көрген. Олар Ақса мешітінің жағдайын пайғамбардан с.а.у. сұрағанда, ол бәрін көзбен көргендей айтып берген. Бірақ, көкірек көзі көр болғандар таңғажайыпты – сиқыр, дәлелді – көзбояу деп аптал, ақиқатқа қарай аттап баспайтын болғаны Құранда әбден айтылған еді.

Ал, мұндағы айтпағымыз, жердегі уақыт құрсауымен біз, бүкіл құбылысты, уақытпен егіз шексіз кеңістікті,  осы екеуін жалғайтын жылдамдықты өлшеудің қате екенін жеткізу еді. Оның дәлелі «Миғраж оқиғасында»  «Түнгі сапарға» шыққан пайғамбар әлемнің шегіне жетіп, өз үйіне оралғанға дейін жатқан төсегі де суымаған, құлаған құмырадағы су да толық төгіліп бітпегені туралы риуаят жеткені біздің осы дүниеде уақыт құрасуында екенімізді де қоса дәлелдеп тұрғандай. Әрі осы өте қысқа мерзімде көрген-білгені туралы әңгімені ең сұңғыла деген бірнеше сахбаларына Мұхаммед с.а.у. айлар бойы әңгімелегені, ол кеңесті сырттай тыңдағандар мүлде түсіне алмайтындай аса терең мәнді болғаны «уақыт құпияларын» жасырған ғылыми сыр екенін Құранның тылсымына бойлаған ғұламалар ғана аңғара алса керек.

Өйткені, шетсіз кеңістікті де, ондағы саны шексіз ғаламшарларды да, олардың айналысын өлшейтін уақытты да жаратқан Ұлы Жаратушы болғандықтан, жаратылған адамзат Оның теңдессіз ілімінің алдында бас игеннен басқа шарасы жоқ.

Абай МАУҚАРАҰЛЫ,

жазушы-журналист

 

1531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз