• Еркін ой мінбері
  • 29 Қазан, 2021

ТЕХНОЛОГИЯ ӘЛЕМІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Ерте заманнан-ақ адам нақты міндеттерді шешу үшін табиғатта бар заттарды түрлендіріп, әртүрлі көмекші құралдарды жасағаны белгілі. Егер осы көмекші құралдар тарихына қысқаша тоқталып, адамзат дамуын тарихи үдеріс ретінде қарар болсақ, онда ХХ ғасырға дейін техниканың жаңаруы мен экономиканың дамуы баяу, яғни экстенсивті жолмен жүргенін байқаймыз, ал ХХ ғасырда ғылыми-техникалық революциясы кезеңінде даму қарқынды (интенсивті) жолға түсті.

XX ғасырдың бірінші жартысы мен осы ғасырдың ортасында, технологиялық серпінді дамудың негізін қалайтын ақылға қонымды машиналар туралы көптеген ғылыми болжамдар – гипотезалар жасалды. Осы идеялар математикалық, техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылым­дар салаларында ауқымды білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Зерттеуші ма­ман­дар тірі ағзалардың жүйке жүйесін, оның ішінде адам миын зерттеуде үлкен жетістіктерге жетті. Математикада алғашқы ЭЕМ –электрондық есептеу машиналары өмірге енгізуге мүмкіндік беретін алго­ритмдер теориясы пайда болды.

XX ғасырдың ортасында, атап айт­қанда 1956 жылы, жаңа ғылыми бағыт ретінде пайда болған «Жасанды интеллект» ұғымын, американдық ғалым Д.Маккарти Дармут университетінде өткен конференцияда ұсынды. Адамның саналы қызметімен қатар өз бетінше ойланатын және мақсатты әрекет жасайтын жүйе – ЖИ, яғни жасанды интеллект туралы қарқынды зерттеулер өз бастауын сол уақыттан алады.

Ғылыми әдебиеттерде әлі күнге дейін ЖИ-нің немен айналысатыны, зерттеу пәні туралы бірегей қалыптасқан, ортақ шешімге келген пікір жоқ. Қазіргі уақытта жасанды интеллектіге (Artificial intelligence, AI) түсіндірме беретін бірнеше анықтама қалыптасқан:

– дәстүрлі зияткерлік деп саналатын адам қызметі түрлерінің шеңберіне сай келетін аппараттық немесе бағдарламалық модельдеу міндеттері қойылатын және шешімін табатын ғылыми бағыт;

– дәстүрлі түрде адамның айрықша құзіретіне жататын функцияларды интел­лектуалды жүйелердің орындауы. Бұл ретте зияткерлік жүйе – дәстүрлі шығармашылық деп саналатын, белгілі бір пән саласына тиесілі міндеттерді шеше алатын техникалық немесе бағдарламалық жүйе, ол туралы білім осындай жүйенің жадында сақталады;

– компьютерлік ғылымдар кешеніне кіретін ғылым, оның негізінде құрылған ақпараттық технологияларға арналған технологиялар. Бұл ғылымның міндеті есептеуіш жүйелер мен басқа да жасанды құрылғылар арқылы ақылға қонымды ой мен іс-әрекеттерді жасау болып табылады.

Мамандардың зерттеу жұмыстары «жа­санды интеллект» терминіне дерек­көздерде бірдей емес, әртүрлі түсіндірме берілетінін көрсетеді (ол бастапқыда есептерді шешудің адам парасатына тән тәсілдерін алгоритмдік іске асыруды зерттейтін информатика бөлімін білдіреді). Нәтижесінде жасанды интеллекті зерттеудің түрлі бағдарламалары пайда болады. Бұлар:

– адамның зияткерлік қызмет саласына жататын функцияларын орындауға қабілетті компьютерлерді жасау;

– ми субстратын модельдеу (нейро­компьютерлер) негізінде адам интеллектін модельдеу әрекеттері;

– өзін-өзі оқытып, эволюциялық жетілуге қабілетті жасанды құрылғыларды жасау. Бұған, ақыл-ойдың ғылыми тұрғыда зерт­телуіне зоопсихология, психология және кибернетика үлкен серпін берді.

А.С.Егоров пен С.П.Макаровтың «Жасанды интеллекті жасаудың бағыттары мен әдіс­тері» мақаласында қазіргі таңдағы ЖИ дайындаудың негізгі екі тәсілі ерекшеленеді:

Прагматикалық бағыт немесе төменгі ЖИ – жоғары деңгейлі психикалық үдерістерге ұқсас сараптамалық жүйелерді, білім базаларын және логикалық қорытынды жүйелерді құру: ойлау, ой жүгірту, пайымдау, сөйлеу, эмоциялар, шығармашылық және т.б. Бұл ретте, егер жүйенің істеген жұмысының нәтижесі белгілі бір дәрежеде сарапшы қызметінің нәтижесіне сәйкес келсе, онда осы нәтиженің алынған тәсілдеріне қарамай оны зияткерлік деп тануға болады. Мұндай тәсілде компьютерде қолданылатын құры­лымдар мен әдістердің адамның ұқсас жағдайларда қолданатын құрылымдары мен әдістеріне барабарлығы туралы мәселе қойылмайды, нақты міндеттерді шешудің соңғы нәтижесі ғана қаралады.

– Биондық бағыт немесе өрлейтін ЖИ – нейрондық желілер мен эволюциялық есептеулерді зерттеу. Егер жүйе адам миының үдерістерін  болжап бейнелейтіндей негізге сүйенсе, онда мұндай жүйенің тапсырмаларды шешу нәтижелері адам алатын нәтижелерге ұқсас болады. Интел­лектуалды мінез-құлық биологиялық элементтер негізінде, сонымен қатар нейрокомпьютер немесе биокомпьютер сияқты алдын ала жасалған есептеу жүйе­лерінде модельденеді.

Осы бағыттарға сүйеніп, ЖИ-ді практика жүзінде іске асырудың жекелеген әдістері бар. Бұларға жатқызуға болатындар:

– Ойлау үрдістерін символдық модельдеу. ЖИ саласындағы негізгі бағыттардың бірі. Ол білім беру модельдерін әзірлеумен, сараптамалық жүйелердің өзегін құрайтын білім базасын құрумен байланысты. Білім алу мен құрылымдаудың модельдері мен әдістерін қамтиды. Пайымдауларды модельдеу символдық жүйелерді құруды білдіреді, олардың кіре берісінде белгілі бір міндет қойылған, ал шығатын жерінде оның шешімі талап етіледі. Әдетте ұсынылатын тапсырма формалданған, алайда шешім алгоритмі жоқ немесе ол тым қиын және күрделі еңбекті қажет етеді. Бұл бағытқа: теоремалардың дәлелі, шешім қабылдау мен ойын теориясы, жоспарлау және диспетчерлендіру, болжам жасау кіреді. ЖИ-ді жүзеге асырудың төменгі тәсіліне сүйенеді.

Табиғи тілдермен жұмыс. Жасанды интеллект және математикалық лингвис­тиканың ортақ (жалпы) бағыты. Ол ком­пьютерлік талдау және табиғи тілдерді синтездеу мәселелерін зерттейді. Жасанды интеллектіге қатысында талдау тілді түсінуді, ал синтез – адами сауатты өлшемге сәйкес келетін мәтінді іздестіруді, тудыруды білдіреді. Табиғи тілді өңдеу өте маңызды бағыт болады. Осы бағыт шеңберінде қол жетімді көздерде бар мәтінді өз бетінше оқып, табиғи тілді өңдеуге жеткілікті болатын білім алудың мақсаты қойылады. Табиғи тілді өңдеудің қандай да бір тікелей қолданылуы ақпараттық іздеу мен машиналық аударманы қамтиды. ЖИ-ді жүзеге асырудың өрлемелі тәсіліне сүйенеді.

Машиналық оқыту (ағылш. machine learning, ML) – есептің тікелей шешімі емес, ол көптеген ұқсас есептер шешімдерін қолданып оқыту үдерісінің өзіндік ерекшелігі болып табылатын ЖИ әдістерінің тобы. Бұл ЖИ дамуының басында пайда болған негізгі бағыттардың бірі еді. Машиналық оқыту бөлімі математикалық статистика әдістерін, желілерді оқыту әдістерін және олардың құрылымы топологияларының түрлерін біріктіру нәтижесінде өмірге енеді. Машиналық оқытудың міндеті жұмыс кезінде жүйенің өз бетінше білімін жетілдіруі арқылы, адам қызметінің түрлі салаларына байланысты кәсіби міндеттерді шешуді автоматтандырудан тұрады, Ол адамның сөзін, ым-ишарасын, бейнелерді анықтау, қолжазбаны тануы кезінде ең көп таралымын табады. Машиналық оқыту технологиясын пайдалану, қоғам өмірінің барлық салаларында үлкен көлемдегі деректерді жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл жүйелер өрлейтін ЖИ тобына жатады, өйткені, өзін-өзі жетілдіретін нейрондық желілерді пайдаланады.

Жасанды интеллектіні биологиялық модельдеу (үлгілеу). Осы тәсілді ұстанушылар адам мінез-құлқының ер­ек­­шелігі, оның оқу мен бейімделуге қабі­леттілігі тек биологиялық құрылымның және қызмет ету ерекшеліктерінің салдары болып табылады деп санайды. Осы саладағы ЖИ технологиялары өрлеуші ретінде қолданылады. Сондықтан бұл модельге бірнеше бағытты жатқызуға болады.

1) Геометриялық фигураларды тану немесе объектілерді кластерлеу сияқты, тақ және күрделі проблемаларды шешу үшін пайдаланылатын нейрондық же­лілер. Нейрондық желілер үйреншікті мағынада бағдарламаланбайды, олар өзін-өзі оқытады. Атап айтқанда оқу, жетілуге деген мүмкіндік дәстүрлі, адам бағдарламалайтын алгоритмдер алдындағы артықшылықтардың бірі болып табылады. Оқыту үдерісі барысында нейрондық желі, қабылданатын және шығарылатын мәліметтер арасындағы күрделі тәуелділікті анықтауға, сондай-ақ оларды қорытуға қабілетті. Сондықтан алдыңғы таңдауда болмаған немесе белгілі бір себептерге байланысты бұрмаланған деректер негізінде дұрыс нәтиже беруі мүмкін.

2) Агенттік – бағдарланған тәсілдің негізгі міндеті автономды бағдарламалар құру болып табылады. Осыған сәйкес, интеллект – зияткерлік машинаның алдына қойылған мақсаттарға жетуіне мүмкіндіктер беретін есептеуші бөлігі. Мұндай машинаның өзі сенсорлардың көмегімен айналасындағы әлемді сенсорлар арқылы қабылдайтын және атқарушы механизмдердің көмегімен қоршаған ортаға әсер етуге қабілетті интел­лектуалды агент болады.

Робот техникасы – техникалық ойдың ең танымал бағыттарының бірі. Бұл – адам еңбегін автоматтандыруға арналған электротехникалық құрылғылар туралы ғылым. Робот техникасы мен ЖИ салалары тығыз байланысты. Осы екі ғылымның біріктірілуі ЖИ-нің тағы бір бағытын құрайтын ақылды роботтарды жасауға мүмкіндік береді. Роботтарға зияткерлік нысандарға айла-шарғыны, күрделі қимылдарды жасау және адамның араласуынсыз қозғалысты дербес жоспарлау үшін қажет. Осы ЖИ-нің технологиялары төменгі және өрлейтін салаларда жүзеге асырылады. Бұл сала­лардың дамуына байланысты, ғалымдар мен инженерлердің шешуге тырысатын, ЖИ-ні енгізудің көптеген техникалық проблемалары туындайды. Зияткерлік машиналардың мұндай проблемасы: машинаның көруі немесе үш өлшемді көрнекі ақпаратты барабар сақтау болуы мүмкін. Осыдан, робототехника бүгін, ЖИ технологияларын жоққа шығармайтын, бірақ әр түрлі (негізінен технологиялық) себептерге байланысты оларды толық енгізуге әзір емес инженерлік ғылым.

Білімді ұсыну. ЖИ саласының басты міндеті, білімді қалай да сақтауды үйренуі, бағдарламалардың ақпаратты мағынасына жеткізе өңдеуді және мүмкін болғанынша адам интеллектісіне ұқсастыққа жетуі болады. ЖИ зерттеушілері когнитологиядан (когнитология – таным теориясын, когнитивті психологияны, нейрофизиологияны, когни­тивті лингвистика мен жасанды интеллект теориясын біріктіретін Пәнаралық ғылыми бағыт) білім беру теорияларын пайдаланады. Білім ақылға қонымды мінез-құлыққа қол жеткізу үшін пайдаланылатын болғандықтан, білім беру пәнінің негізгі мақсаты логикалық қорытынды үдерісін жасауға мүмкіндік беретін, яғни, білімнен білімді құру тәсілдерін іздеу болып табылады. Осы саланың технологиялары төменгі және өрлейтін ЖИ-де іске асырылады.

Зерттеудің басқа салалары. Қазіргі уақытта ЖИ-нің жаңа үлгілерін практика жүзінде қолдануды іске асыру қарастырылуда. Көптеген жұмыстар атқарылған, олардың әрқайсысы іс жүзінде дербес бағыт болып табылады. Бұған ЖИ жүйелерінің машиналық шығармашылығы, (кескіндеме, музыка), компьютерлік ойындардағы ақпараттық қауіпсіздік пен ЖИ зияткерлік жүйелері мысал болады. ЖИ дамуының болашағы кванттық компьютерді жасаумен тығыз байланысты, өйткені, жасанды интеллектінің кейбір әрекет принциптерінің қасиеттері кванттық компьютерлермен ұқсас болатыны айқындалып отыр.

Қазіргі әлемде ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулер өзінің өзектілігімен көзге түседі. Сарапшылар мәліметтеріне сүйенсек, олардың қарқынды дамуы адамның күнделікті өмірі мен өндірісті түпкілікті өзгерте отырып, келесі технологиялық революцияға алып келеді. Tractica» анали­тикалық компаниясының болжамына сәйкес, жасанды интеллект технологиясының әлем­дік нарығы 2016 жылы 1,38 млрд доллар болса,  2025 жылға қарай 59,75 млрд-қа дейін өседі.

Машиналардың одан әрі жетілдіріле түсетіні белгілі, бұл зерттеушілер алдына келесі сұрақтарды қояды: «Машиналар адамнан ақылды бола ала ма?» «Егер оның ақыл, парасаты басымдыққа ие болса, ол қашан жүзеге асады?». Гипотетикалық сәт, уақыт мезеті келгенде, техниканың соншалықты қарқынды және күрделі дамитыны сонша, оның адам түсінігіне сыйымсыз болатыны болжанады. Ғылыми әдебиеттегі бұл құбылыс «технологиялық сингулярлық» деп аталады. Сингулярлық себептердің бірі – ЖИ өмірге енгізуден және оның әртүрлі көріністерінен байқалады. 1965 жылы ағылшын математигі И.Гуд технологиялық сингулярлықтың келесі сипатын береді.   Ол: белгілі бір уақытта, жасалған машиналардың ішіндегі ең қуаттысы, өзінен де ақылды келесі машинаны жасаған кезде, қандай да бір«интеллектуалды жарылыс» болады дейді (Иванов А. Искусственный интеллект: испытание творчеством).

Заманауи  жағдайда  осы саланың жаңашыл мамандары  ЖИ технологияларының сенім­ділігін, қауіпсіздігін және ашықтығын қамта­масыз етуге талпынады. Мысалы, 2018 жылдың басында жасанды интеллект бірнеше жарқын табыстарға қол жеткізіп, экономикалық өмірдің әртүрлі салаларына енді. Осы сала жетістіктерін негізге ала отырып, жасанды интеллект алгоритмдерін қолданудың келесі мысалдарын келтіруге болады. IBM: медиктерге ауырған адамның ауруы белгілеріне диагностика жасауға және емдік шаралар ұсыныстарын; заңгерлерге құқықтық нормаларға сәйкес нақты жағдай­ларды жіктеуге, хирургиялық рәсімдерді жоспарлау үшін бейнелерді, ағза мүшелерін тануға және жіктеуге мүмкіндік береді; теміржолшыларға жолдардың құрамдары мен металдың шаршауын бағалауға ар­нал­ған қызметтер ұсынады; онлайн-дүкендер тұрақты клиенттерге тауарларды нақты ұсыну үшін машиналық оқыту механизмдерін пайдаланады; роботталған дербес мұражай гидтері экскурсия өткізіп, көрмеге қойылған заттарға байланысты келушілердің сұрақтарына жауап бере алады; қазірдің өзінде әскери салада дербес шешім қабылдаудың келесі белгілерін көруге болады: таяу әуе шабуылына және ракетаға қарсы қорғаныс кешендері адам операторлар қозғалысы жылдамдығының баяулығына байланысты оларды шешім қабылдау тізбегінен шығарады, ал қазіргі заманғы кемелерге қарсы қолданылатын, дүркіндете атылатын зымырандарға нысаналарды маңызына қарай бөліп, алатын орнына байланысты ажыратып атуға мүмкіндік береді.

Зерттеушілер жұмыстарында осы сала­ның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының болжамды болашағы туралы мәліметтер келтіріледі. Мысалы жақын арада, 2020 жылға қарай ем алушының ағзасына дәл араласуды талап ететін хирургия, соның ішінде микрохирургия автоматтандырылады деп күтілуде. 2016 жылы ағзаның жұмсақ тіндеріне ота жасауға қабілетті «STAR» робот технологияларының көрсеткіші ретінде ұсынылды. Бейнелерді тануда табысқа жеткен кезде, барлық хирургиялық тіндерге ота жасау тәртіптерін роботтауға болатыны күтіледі. Бұл хирургияны қол жетімді етуге және емші дәрігерлер  жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Осы саладағы ЖИ мүмкіндігінің тигі­зетін әсері өте үлкен. Мысал ретінде Қытай ауруханаларымен ынтымақтаса отырып, Baidu компаниясы әзірлеген Fundus Machine – ЖИ жүйесін алуға болады. Ол көз түбінің дәл таңбаланған бейнелерін көп мөлшерде зерттеген, 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар, нақты деректерге негізделген құрылымды пайдалана отырып түсіндірмелер берілетін, кәсіби офтальмологтың нәтижелерімен салыстырылатын диагностикалық дәлдікке қол жеткізді. Зерттеу мен талдау бар болғаны 10 секунд уақытты алады.

Сарапшылардың есептеуінше, таяу жылдары AI-технологиялардың кең көлемді дамуы мен қолданылуын күтуге болады. Мысалы, «Gartner (Gartner – ақпараттық технологиялар нарығында маманданған зерттеу және консалтингтік компания) алдын ала болжам деректері бойынша, жаһандық AI-технологиялар нарығы 2018 жылы $1,2 трлн құрады, ал 2022 жылға қарай ол $3,9 трлн-ға дейін өседі». Жасанды интеллектінің дамуы бизнес-ортаны түбегейлі өзгертетіні мәлімденеді. Нарық ресурстарды тиімді басқаруды талап етеді және компьютерлік ақылмен қателерді талдау, деректерді жіктеу, бейнелерді тану сияқты функциялар табысты орындалады, алдын ала талдаумен айналысады және бизнес-үдерістерін (логистикалық тізбектерді қарапайым оңтайландырудан бастап, жаңа дәрі-дәр­мектердің жасалуы кезеңін қысқартуға мүмкіндік беретін биохимиялық үлгілеуге дейін) жеделдетуге көмектеседі.

Қазіргі уақытта, ЖИ саласы сарапшылары, оны пайдаланудың салдары туралы мәсе­лелердің барлық өмір салаларын қамтитынын атап айтады. Демек, проблемаларды тек нағыз мамандар ғана талқыламай, оған әрбір қоғам, академиялық мекеме, әрбір компания және әрбір адам өз қызметіне орай ат салысып,оның қазіргі уақыт пен болашақ ұрпақтың өміріне қалай әсер ететінін ескеруге міндетті. Осыған орай, берік көпжақты әріптестік қатынастарды дамыту және қоғамның тіршілік әрекетінің барлық салаларына ЖИ әсерін зерттеу жобаларының іске асырылуы өте маңызды.

Жасанды интеллект әлеуетінің эконо­микалық қайтарымы зор: PwC  (PwC, «прайсуотерхаускуперс») — консалтинг және аудит саласында қызмет көрсететін компаниялардың халықаралық желісі) зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай ол шамамен 16 трлн АҚШ долл. құрайды. Дегенмен, ЖИ қандай шығындарға және тәуекелге бел байлауға мәжбүр етеді? Шын мәнінде болуы мүмкін әлеуметтік салдарына алаңдамай, ЖИ өмірге енгізуге бола ма? ЖИ-ні неғұрлым кең қолдану арқылы тұрақты даму мақсаттарына қалай қол жеткізуге болады?

ЖИ байланысты өмірде орын алған өзгерістерді есепке алсақ, жақын болашақта көптеген мамандықтарға жойылып кету қаупі төніп тұрғаны көрінеді. Мысалы, жуық шамамен алғанда, жақын арада роботтар кредит беретін мамандардың 98%-ын ауыс­тырады, ал орта заң қызметкерлері жұмысының 94%-ын компьютерлер орын­дайтын болады. «Орын алатын осындай оқиғаға дайын болу және тұтас кәсіпорындар немесе салалардың маңызын жояры алдында адам өзіндік ойлауын қайта құруы қажет. Бұл үшін ең жақсы мамандар құрамын жинаған тиімді. Сыртқы қолдауға ие болу, қоғам өмірінің аумалы-төкпелі жағдайларына тез бейімделуге ұмтылатын компаниялар үшін пайдалы. «Маған маркетинг гуруы Дэвид Огилвидің сөздері ұнайды, – дейді Бранч. – Егер жақсы маманды кездестірсең, оны кім екеніне қарамай жалда. Қажет болса, жалақыны өзіңе қарағанда көбірек төле... Айтылған жайт, дарынды немесе тәжірибелі адаммен ынтымақтастықтың артықшылығын мойындауды білдіреді». Бұдан басқа, Бранчтың пікірінше, бүгін қажет болса жеке адамдар мен компанияларға, сырттан келетін мамандар көмегіне жүгіну немесе команданы пайдаланудың қажеттігін мойындау, нарыққа бейімделу үдерісін жеделдетеді. Бұл жалғыз, жеке әрекет етуден гөрі үлкен табысқа қол жетудің бірден-бір мүмкіндігі болады.

Егер бәсекеге қабілетті болып қалғымыз, уақыттан озып жұмыс істегіміз келсе, біз өз ойлауымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Тек осы арқылы ғана, біз өзімізге жаңа мүмкіндіктер әлемін аша аламыз. Бұрын-соңды болмаған әлеуметтік өзгерістер кезінде бәсекеге қабілетті болудың үш басты шарты бар: Олар:

– өзіңіздің ойлауыңызды өзгертуіңіз;

– үлкен жетістікке жету үшін шағын нәрседен бастауыңыз;

– өзіңізге білікті мамандарды тартуыңыз (Юдковский Э. Искусственный интеллект как позитивный и негативный фактор глобального риска).

Қазіргі жағдайда ЖИ-нің қол жеткізе алатын мүмкіндіктерін нақты болжау қиын. Дегенмен, оның келесі негіздерінің алға қойылған міндеттерді атқаруда шешуші рөлге ие бола алатыны белгілі: климаттың өзгеруі; биологиялық алуан түрлі тіршілік және оны сақтау; әлемдік мұхитты салауатты жағдайда ұстау; су қауіпсіздігін қамтамасыз ету; таза ауаны қорғау және ауа райын тұрақтандыру мен табиғи апаттардың алдын алу мүмкіндігі. Алайда ЖИ жетістіктерін тиімді пайдалануды экономикалық дамудың тиімсіз жақтарын жоюдың бағдарламасы ретінде қарастырмай, оны ғаламшардың жай-күйін, адам құқы мен әл-ауқатына әсер ететін негіздік себептерді анықтаудың кешенді мүмкіндігі деп мойындаған абзал. Дегенмен, сарапшылар, бүгінгі таңда екі маңызды проблемаға сілтеме жасайды: бірі, кейбір жұмыс, мәселелерді адамның араласуынсыз атқаруға, жасауға болмайтыны; екінші, бәрін орындайтын мінсіз ЖИ-нің ғылыми болжамы болғанымен,  әзірге оның өмірге енгізілмейтіндей қиял екендігі. ЖИ-нің дамуына арналған зерттеулер, адамзаттың әлі де болса, оның әлеуетін іске асыруға кепілдік беретін, неғұрлым жетілдірілген үдерістерге қол жеткізудің бастапқы сатысында тұрғанынан мәлімет береді.

Бүгінгі таңда жасанды интеллектінің өмірдің әртүрлі салаларында қолданылуына орай,  «төртінші өнеркәсіптік революция» деп аталатын әлеуметтік өзгерістердің басталуы туралы сөз орынды. Жасанды интеллектінің озық технологиялары арнайы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, осылайша адам мүмкіндіктерін арттырады. Джохен Бербнер, Қазақстандағы McKinsey & Company компаниясының басқарушы серіктесі, былай дейді: «AI технологиялары мен терең сараптаудың 2030 жылға дейін Қазақстанның ЖІӨ-нің 5-6% жылдық өсіміне  мүмкіндік беретін негізгі факторлардың бірі бола алады. Бұл еңбек өнімділігінің артуына байланысты, жұмыспен қамтудың өсу қарқынының бәсеңдеуі жағдайында экономикалық өсудің маңызды факторына айналады».

ЖИ саласындағы білімді кең көлемді жетілдіру ҚР-дағы маңызды проблемалардың бірі екені анық. Осыдан қоғамдық және жеке секторларда, тақырыпқа байланысты шешім қабылдайтын мекемелердің, ЖИ әлеуетін жақсы түсінуі және өз мүддесіне тиімді пайдалана алуына мемлекет барынша қолдау көрсеткені абзал. McKinsey & Company сарапшылары тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіне жасанды интеллект технологиялары мен терең талдаулар жүргізудің жыл сайынғы әсері 2018 жылғы бағамен салыстырғанда 5-тен 7 миллиард долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтады.Қызмет көрсету саласында да осын­дай нәтиже 9-дан 13 миллиард долларға жетуі мүмкін. Білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және қорғаныс сала­ларында тиімділік салыстырмалы түрде төмен, дегенмен жылына қосымша 1-2 млрд. АҚШ доллар (2018 жылғы баға бойынша) халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға айтарлықтай көмек болып көрінеді.

Экономикалық даму әлеуетімен қатар, жасанды интеллект технологиялары мен терең сараптаулар азаматтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарта алады. Мысалы, қазірдің өзінде әлемде көру қабілеті нашарларға арналған навигациялық жүйе бар, бұл өмір сапасын едәуір жақсартуға және 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Қазақстанның көру қабілеті нашар топқа жатқызылған 25 мыңнан астам тұрғыны үшін, мұндай жүйенің пайдалы болары сөзсіз.

Әрине, Қазақстанда әлеуметтік сұра­ныстың өсуі жағдайында жаңа техно­логияларды меңгерген зерттеушілер, инженерлер мен бағдарламашылар жетіспейді. Осыдан ЖИ және онымен байланысты технологиялар тудыратын проблемаларды азайту үшін:

– білімге деген көзқарасты қайта қарастыру. «...тиімді жаңа технологияларды енгізуді қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдылары бар мамандар қажет болады. Қазақстанда 2030 жылға қарай 5-10 мың мәлімет талдаушылары, 20-25 мың деректер жүйесін жасаушылар, 2-5 мың мәліметтер зерттеушілері (деректерді зерттеушілер) дайындалып, жұмыс істеуге қабілетті болуы керек. Бұл еңбек нарығынан жұмыс іздеушілердің мұқият зер салуына болатын үлкен мүмкіндік.

Мемлекет пен бизнестің бірлескен күштеріне оқу жоспарларын жаңарту және болашақ мамандарға қажетті дағдыларды ұсыну тәрізді әрекеттерді қажет етеді. Жұмысқа қабілетті адамның мамандығын жетілдіру, әр түрлі кәсіпорындарда қысқа мерзімді білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру тиімді, ал өзін-өзі дамытудың жаңа жолдарын іздеу әр адамның деңгейінде өзекті болып қала береді;

– ЖИ зерттеулерімен айналысатын өнеркәсіптік және академиялық орта мамандары арасында білім алуға және білім алмасуға ықпал ететін ойластырылған инновациялық бағдарлама қажет. ЖИ технологияларын қолдану және терең­детілген талдау әлеуетін пайдалану үшін мемлекет, жеке бизнес және ел тұрғындары тарапынан бірлескен жігерлі іс-әрекет қажет.  Мемлекет технологиялық инновацияларды енгізуі үшін қажетті инфрақұрылым мен ортаны қалыптастыруға жауапты. Сондай-ақ жеке сектордағы осындай технологияларға ірі тапсырыс берушісі ретінде, ЖИ жаңа технологияларын әзірлеуге және тереңдетілген сараптау жүргізуде мемлекеттің рөлі айтарлықтай. Жеке бизнес енгізілген ЖИ технологияларын және тереңдетілген талдауларды кеңінен пайдалануда қолжетімді деректерді құрылымдауға және таңбалауға елеулі үлес қоса алады. Инновациялар қарқынын арттыру үшін Agile әдістемесін жаппай енгізу, технологияларды пайдалану мүмкіндігін жүзеге асыруға ықпалын тигізеді. Жұртшылық арасында күнделікті өмірді жеңілдету үшін технологияларды қолдану әдеттерін қалыптастыру, сондай-ақ сандық жұмыс әдістерін меңгеру туралы айтуға болады;

– қоғамдық қатынастарды жетілдіруге және ЖИ-нің жеке адамға және тұтас қоғамға тигізетін әсерін түсінуге ықпал ететін проблемаларды мұқият сыни талқылауға көшкен абзал.

Жасанды интеллектіні жауапты пай­да­лануды қамтамасыз ету және осы технологияны жетілдірудің жолдарын қарастыру, дамыған елдердің өмірінен үлгі алып, өзіміз өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаны өзгертуге, жетілдіруге болатыны айғақ. Оның шығармашылық әлеуетті ашуға және адамның өзіндік маңыздылығы мен мақсаткерлік сезімін күшейтуге қабілетті қуатты құрал болып табылатынын дамыған елдердің бүгінгі мүмкіндіктері көрсетіп отыр.

Қалас Жамалов,

философия ғылымдарының докторы

 

 

3281 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз