• Ұлттану
  • 29 Қазан, 2021

ЖАЛАҢТӨС БАТЫР ЕРЛІГІ

Қазақстан тарихын Кеңес одағы кезінде жазу, айту мүмкін болмады. Бірақ сол кезде көнекөз қариялар мен ақсақалдар, батырлар туралы аңыз әңгімелерді білетіндер өте көп еді. Дегенмен, оларды айтуға тоталитарлық қоғам кедергі болды. Тек еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң ғана өткен тарихымызды жазуға мүмкіндік туды. Әсіресе Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Руха­ни жаңғыру» идеясы мемлекеттік деңгейде жүзеге асырыла бастады.

Ежелгі қазақ жерінің көнеден басталатын бай тарихы бар екенін ғалымдар Кляшторный мен Сұлтанов ғылыми еңбектерінде жазды. Олар қазіргі Қазақстан жерінде ата-бабалары көшпенді Арилар елі, Сақтар (Скиф), Ғұндар, Түркілер, Шыңғыс хан және т.б. мемлекеттер мен империялар болғанын дәлелдейді [1]. Ғалым Оразақ Сұмағұл осы жерде қазақтың ата-бабалары тұрғанын, оның төрт мың жылдық тарихы бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейтін тарихи еңбектер жазып, дәлелдеп берді [2]. Осы ата-бабаларымыздан қалған Сарыарқа аймағында, Қарағанды жерінде ХVІІ-ХVІІІ ғасырда елін-жерін қалмақтардан қорғаған, халық арасында тарихи аңызға айналған Соқыр Жалаңтөс батыр туралы тарихи деректерде және ежелден келе жатқан дала ауыз әдебиетінде атадан балаға жеті атаға дейін шығу тегін үйрету дәстүрі жалғасып отырған. Жалаңтөс батыр туралы біраз еңбектер жарық көрді. Соның ішінде кейінде шыққан «Жалаңтөс батыр» еңбегі бар [3].

Атадан балаға аңыз боп жеткен Соқыр Жалаңтөс батыр туралы тарихи деректер мен халық арасында аңыз боп кеткен әңгімелер негізінде біраз еңбектер жазылған. Бірақ мен өзім естіп-тыңдаған дерегім бойынша, ХХ ғасырдың 80-жылдары аузы дуалы ақсақалдар мен көнекөз қариялардың айтулары бойынша, қызықты деректер мен ой пікірлер және аңыз әңгімелер халық арасында кең тараған. Бұл кезде батырлар туралы айтып, жазу болған жоқ. Сондықтан Соқыр Жалаңтөс батыр туралы көне қариялар ойларын қалдырып кеткен. Солардан З.Кәрімжан, Т.Құдайберген, А.Рахымберлі сынды ақсақал аталарымыздың аңыз әңгімелеріне және ой-деректеріне  тоқталайық.

Арғұн, Қаракесек, Майқы би, Сарым, Құлықтан – Жалаңтөс пен Танат. ХХ ғасырдың 80-жылдары шежіреші Кәрімжан ақсақал атамыздың айтуынша, Қарағанды мен Ақтоғай тас жолының сол жағын Сарымдар, оң жағын Әлтеке елі жайлаған. Бұл тарихи шындыққа сәйкес келеді. Өйткені Қарағанды іргесінде Соқыр Жалантөс батыр мазары тұр. Одан әрі Жидебай батыр, одан кейін Шабанбай би, әрі жүрсең т.б. ата-бабалар жалғаса береді.

Құлық (Жансары) руының қыстауы – Жамшы өңірі, Қызылтас (Бірлестік), Қаратал таулары болса, ал жазғы жайлаулары – қазіргі Қарағанды жеріндегі Соқыр өзенінің бойы, Саран, Майлыбұлақ (қазіргі Майқұдық) болған. Майлыбұлақтан әрі солтүстік-шығысында Сармантай, Мұрат, Қаржас, т.б. рулармен шектесіп жатқан. Кейіннен ХХ ғасырдың басынан бастап, патшалық Ресейдің отарлау саясаты солтүстіктен, батыстан қазақ жерін ығыстырып, қыспаққа алғанда Жалаңтөс батырдың Құлық руы жайлауға көшпей, қыстауда қалып қойған.

Көнекөз қарияларымыз Жалаңтөс батыр туралы аңыз әңгімелерді көп айтатын. Мен өзім де аңыздарды жақсы көріп, бар ынтаммен беріле тыңдайтынмын. Бұл – ХХ ғасырдың 80-жылдары болатын. Атам А.Рахымберлі мен үлкен нағашым Т.Құдайберген ақсақал Жалаңтөс батыр туралы айта келіп, Құлық руында ол жайлы Алматы қаласында тұрған З.Қәрімжан ақсақалдан керемет білетін ешкім жоқ дейтін. Мен осыны есте сақтап қалдым. Алматыға 1986 жылы әкем Сағынтай мені оқуға апарғанда Кәрімжан атамыздың үйіне мені ертіп барып таныстырды. Одан кейін әр сенбі-жексенбіде барғанымда Кәрімжан атамыз жеке өз бөлмесінде сал- серілер сияқты ән салып, қиса мен Жалаңтөс батыр бабамыз туралы аңыз әңгімелерді   маған   айтып   отырды. Жалаңтөс батырдың тұлға-бейнесі ұзын бойлы, кең иықты, сүйегі өте ірі болған. Оған қоса алдына жан салмайтын көкпаршы болғаны жөнінде ұзақ  айтуға болады. Әсіресе Жалаңтөс батырдың қазіргі Қарағанды қаласы маңында қалай соқыр батыр атағанына тереңірек тоқталып, Кәрімжан ақсақал былай деп әңгімеледі: «Бұл кез қазақ жерінің тарихында Жоңғар шапқыншылығы болып жатқан кезең болатын. Осы кезде қалмақтар Құлық (Жансары) руының жазғы жайлауын жаулап алып, өзен жанынан қорған салып, қалмақтардың әскербасылары жиналанатын соғыс штабына айналдырып жатқан. Соған қарағанда көктем айлары болуы керек. Бұл жайында Құлық (Жансары) руының қыстаулары мен көктеулері (жазғытұрым деп те атаған) қазіргі Ақтоғай ауданы мен Жамшы өңірі, Қызылтас (Бірлестік), Қаратал жерлеріндегі қыстаудағы Құлық руының халқына суық хабар жетеді. Құлық руының ақсақалдары жиналып «халық құрылтайын» ашып, екі мәселе күн тәртібіне қойылады: Біріншісі, Жалаңтөс батырды қолбасшы сайлап, әскер жинап, қалмақтармен соғысу үшін жиналған сарбаздарды әскери жаттығуларға дайындап, көшпенділердің ат  үстіндегі «Бес қару» әскери өнерін үйреніп жаттықтыру. Екінші мәселе, басқа да көршілес рулармен қоса Сарымдағы Құлықтан басқа руларды бір әскери қолдың астына жинауды Жалаңтөс батырға жүктеп міндеттеу. Осы «Халық құрылтайында» қалмақпен соғыста Жалаңтөс батыр мыңбасы, әскери қолбасшы, сардар болып тағайындалады. Жалаңтөс батырдың бұлай арнайы дайындалуына себеп болған жағдай – қалмақтардың Қарағанды жерінде әскери қорған мен қамал салып алғандығы. Сондықтан осы әскери қамалды бұзуды Жалаңтөс батыр басты әскери соғыс нысанасына алып, оны құртуды мақсат етеді.

Осылай Жалаңтөс батыр елім, жерім, халқым, ата-бабалар аруағы үшін деп қалмақтарға қарсы соғысқа аттанады. Жалаңтөс батырдың қалмақтармен соғысқа дайындалып жатқанын басқа батырлар да естіп, көмекке келеді. Көптеген рулардан белгілі батырлар мен сарбаздар соғысқа қатысады. Бұл шайқасты басқарушы Жалаңтөс батыр басқа батырлармен кеңес өткізіп, қалмақтармен соғысты қалай жүргізу қажеттігін пысықтайды. Соғыс: 1.Оң; 2.Сол; 3.Орта қанат болып, үш бағытта жүргізіледі. Мақсат – орта қанат тікелей шабуыл жасап, сол жақ пен оң жақ қанат арқылы қоршап алып, қалмақтар қамалын бұзып, басып алу болды. Оған қоса қалмақтардың әскербасылары жиналатын соғыс штабын түпкілікті жою Жалаңтөс батырдың басты соғыс ұстанымына айналды. Осылай Қарағанды қаласының жанында қолбасшы, әскери сардар Жалаңтөс батыр қалмақтарға қарсы шабуыл жасап, бұл шайқас бірнеше күнге созылады. Алайда,соғыста қалмақтарды жеңіп, олардың әскери қамалын басып алу қиын болды.

Бірақ Жалаңтөс батыр қамалды қалайда бұзу үшін өзінің жекпе-жек әскери өнерін көрсететінін басқа батырларға айтып түсіндіріп, өзі бүкіл сауыт-сайманын киіп, тұлпар болып туған ақбоз атына мініп, қалмақтар қамалына шабуылды бастайды. Жалаңтөс батыр осы шабуылда соғыс шебін бұзып, қалмақтың әскери қамалына беттеп, «Аруақ» деп айқайлап жекпе-жек дегенде қалмақтың бір батыры оған қарсы шығып, жекпе-жек шайқас басталады. Осы кезде ақбоз атын ойнақтатқан Жалаңтөс батыр бар қаруын асқан шеберлікпен қолдана отырып, қалмақ батырын соғыс алаңында өлтіреді. Іле-шала ізіне ерген сарбаздарына ұран тастап, қалмақтың қамалын бұзып кіруге бет алады. Тастан салынған қамалды бұзып кіргенде қалмақтың мергені Жалаңтөс батырды садақпен көзден атады, бірақ сонда да Жалаңтөс батыр шабуылды тоқтатпай, қамал ішіндегі қалмақтармен айқасып, тас-талқан етіп жеңіп шығады.

Жалаңтөс батыр көзіне кірген жебесімен қалмақтарды жеңіп шығып, өз сарбаздарының арасына келіп: «Менің көзімдегі жебені кім жұлып алып тастайды» дегенде ешкімнің батылы бармайды. Сол кезде Жалаңтөс батыр өзі қалмақ қамалының жанындағы өзенге атпен түсіп, сарбаздардың көзінше көзіне тиген жебені өзі жұлып алып, өзенге лақтырып жібереді. Осыдан кейін өзенді халық «Соқыр» деп атап, халық арасында тарихи аңызға айналып кеткен. Қазір бүгінгі Қарағанды қаласының оңтүстік-шығысындағы саяжайлар арасымен ағатын бұл өзен бұрынғы атауымен «Соқыр» өзені деп аталады. Жалаңтөс батыр осы шайқастан кейін Соқыр Жалаңтөс батыр атанады.

Бұл – шамамен ХVІІІ ғасырдың 20-25 жылдары болатын. Осы жеңістен кейін бұл соғыс «Соқыр өзеніндегі шайқас» деп аталып кетеді. Бұдан соң Соқыр Жалаңтөс батыр қалмақтарды жеңіп қана қойған жоқ, осы қалмақтардың қазіргі Павлодар облысы, Жасыбай көлінің маңайында орналасқан Хонтайшы патшасына көзінің құнын төлету үшін соғыс шабуылдарын ұйымдастырды. Бұл шабуылдарға қалмақтардан зардап шеккен көршілес халықтар қосылып, оған қоса басқа да ру батырлары Соқыр Жалаңтөс батырға көмекке келіп жатты. Осылай жау қалмаққа қарсы арнайы әскери қосын құрылып, оның қолбасшысы, сардары болып Соқыр Жалаңтөс батыр сайланды.

Қалмақтармен шайқаста талай рет жек­пе-жекке шыққан Соқыр Жалаңтөс батыр өзінің шебер әскери өнерін көрсетті. Соғыс алаңында күш атасы екенін дәлелдеп, қалмақ батырларын ат үстінен жұлып алып өлтіріп, жеңіске жетті. Хонтайшы патшалығы бейбіт келісімге келіп, Соқыр Жалаңтөс батырдың көзінің құнына қалмақ патшасы өзінің ең сұлу қызы – Ақсұлу деген қызын берген. Сөйтіп, Соқыр Жалаңтөс батырдың көзінің құнына келген қалмақ патшасының қызы Ақсұлу – батырдың үшінші әйелі болып, қазір үрім-бұтағынан тараған ұрпақтары бар.

Осы Павлодар облысындағы қазіргі Жасыбай асуы бұрын Жалаңтөс батыр асуы деп аталған. Сондықтан Жасыбай атауынан бұрын Жалаңтөс батыр асуы аталуының себебі мынада деп, көнекөз қария атамыз Кәрімжан айтқан аңыз әңгімесін жалғастырамыз. Жоғарыда айтылған Соқыр Жалаңтөс батырдың көзінің құны үшін қалмақтарға жасаған жорық соғыста қалмақ батырымен жекпе-жекке шығып, оны жеңіп, шайқастағы ерлігі үшін және Жалаңтөс батыр жеңіске жеткен жерді «Жалаңтөс батыр асуы» деп халық атап кеткен. Кейніннен Жасыбай асуы деп аталып жүр. Соқыр Жалаңтөс батырдан басқа Павлодар обылысында Жалаңтөс батыр жоқ. Мұндай пікірлер шындыққа сәйкес келмейді. Бұл мәселені бөлек мақалада қарастырамыз [4].

Соқыр Жалаңтөс батырдың текті үш әйелі болған: Бірінші әйелі –Тобықты руынан Жібек. Екінші әйелі – Қаз дауысты Қазыбек бидің қызы Маңқан. Үшінші әйелі – көзінің құнына алған қалмақ қызы Ақсұлу. Осы үш әйеліне байланысты және Соқыр Жалаңтөс батырдың шайқастары мен әскери жорықтары туралы мәліметтерді ХХ ғасырдың 80 жылдары айтып кеткен көнекөз қариялар мен ақсақалдар ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отырған. Рулар шежіресін және тарихи аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды жақсы білетін аталарымыз – Кәрімжан Зейнешов, Құдайберген Төлеуұлы, Рахымберлі Аяғанұлы және басқалар солардың қатарынан саналады. Жалпы, шежіре, тарих үзілмеуі керек. Тегіңді білу – тектілік тегендей, қазақтың тектілігінің бір негізі осында жатыр.

Еркін АЯҒАН,

Е.Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алматы «Рауан» 1992, С.19

2.О.Смағұлов, А.Смағұлова «Происхождение казахского народа». Астана-2018.

3. Жалаңтөс батыр. Жинақ. Алматы – 2014. Б.134

4. Зейнешов Кәрімжан. «Құлық Соқыр Жалаңтөс батыр шежіресі мен тарихи қолжазбалары» (ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы қолжазбалар).

 

2446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз