• Ұлттану
  • 29 Қазан, 2021

«...ЖАННЫҢ МЫЛҚАУ МІНӘЖАТЫ»

«Бүкіл қазақ даласы ән салып

 тұрғандай сезіледі маған»

Г.Потанин 

Егер әлі де болса әлсіз рухымыз оянып, намыс найзағайы ойнап, кеудемізде ар-ожданның құйттай жұғыны қалса уәжге тоқтап, сөзге қонақ берген уәжіп. Ащы шындық айнасы алдарқатуға уақыт қалдырар емес. Қайта, жансебіл екен аясы кең, өресі биік, мазмұны бай әрі терең ұлттық ән-күй өнері. Қанша қақпайласа да құрықтауға көнбей бір тұтам уыстан шығып, әйдік әлемге еркін қанат қағып самғап кетті. 

Қазақтың аспаны мен айдынындағы аққуларға үн қосып шырқалған әндері, түз тұлпарларының күміс тұяғынан туған күйлері адамзат мәдениетінің құрамдас үлкен бөлігіне айналып бара жатқанына ешкім күмән келтіре алмайды. Парасат перзенті жалғыз Димаш (Дінмұхаммед) Құдайбергеннің пассионарлық қызметі мен әншілік, күйшілік шеберлігі неге тұрады? Дөңгеленген дүниенің төрт бұрышы оның қазақы бітім-болмысынан шыққан құйқылжыған әуезді қошеметтей қарсы алып, дуылдата қол соғып жатса, кеудені қалай қуаныш кернемейді. Тек оны тіл-көзден сақтағай. Мұхит асып алыс Америкада көрерменді тамсандырып, Қытай, Ресей, Украинадағы, жер шарының басқа пұшпақтарындағы салтанатты саз шерулері соның бастама айғағындай. Мұңая білген қазақ қуана да біледі. Қаршадай баласының толағай табысына төбесі көкке жетіп аруақтанды.   Енді басын бәйгеге тігіп, аламанға кеткен асыл арғымақтың аман-саулығын тілеп, тақымын қысып отыр. Айналайын-ай!

Сондағы халық әні деп Димаш Құдайберген шырқайтын «Дайди-дау» мынау:

Хат жаздым қалам алып Сізге, еркем,

Жүзің бар он төртінші айдай көркем.

Есіме сен түскенде, беу, қарағым,

Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.

Шынымен менен, достым, қалғаның ба?

Мойныңа айырылысуды алғаның ба?

Екеуміз айырылмастай болып едік,

Қайтейін уәдеңнің жалғанына.

«Қазақпарат» баспасы 2015 жылы шы­ғарған «Қазақ әндері» жинағында (559 бет) бұны Мағжан Жұмабаевтың туындысы деп береді (құрастырған М.Лақбаева). Ол неге сүйенді? Бұндағы мөлдір мұң, күйініш пен сүйініш, нәзік нақыш, саз бен наз, «қайтейін» дейтін опыну өзекті өртейді. Қапысыз құрбыға айтылған жан сыры ұйытады.

«Дәуір-кітап» баспасы (2014 жыл) жарық көрсеткен қызыл кітаптың І томында оны сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлының меншігіне жатқызады. «Гауһартас», «Ақбұлақ», «Мақпал», «Алқоңыр», т.б. ғажап әндердің авторына күмән келтіру емес бұл. Бәлкім, салыстыру мұратқа жеткізетін шығар:

Хат жаздым қалам алып Сізге, еркем,

Жүзің бар он төртінші айдай көркем.

Есіме сен түскенде, беу, ғашық жар,

Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.

Қайырмасы:

Жан қалтамда қос өрік,

Сәулем, саған мен серік.

Ала көрме лаулаған,

Ғашық отын сөндіріп.

Шыныңмен менен, достым,

                                      қалғаның ба?

Қайғыға көңіліңді салғаның ба?

Екеуміз айырылмастай болып едік,

Таңданам  уәдеңнің жалғанына.

Қайырмасы.

Бірден ашығын айтайық, қайырма бұл әннің жаратылысына келмейді. Әлдеқайдан қаңғып келгені  байқалады. Солғын сезім суреті. Нәніпәтір кісінің сөлекет сөзі. Жамау. Екінші шумақтағы «Ғашық жар», «Қайғыға көңіліңді салғаның ба?», «Таңданам» зорлап енгізілген жолдар тәрізді. Қуғын көріп, қашқын кейпінде жүрген адамның құралы қаламнан гөрі қанжар, қылыш, сойыл, дырау қамшы, мейлі қимас досындай домбыра да болуы мүмкін. Қапелімде кезбе қолына қағаз, қалам мен сия түсе қойды ма екен. Сонымен халық әні, Сегіз серінің, иә Мағжан Жұмабаевтың жан-жүрегін жарып шыққан әннің сазы мен сөзі кімдікі? Егер шынымен өмір сүріп, патша үкіметінің ұзын құрығына ілінбей, қақпанға түспей, қашып-пысып жүріп, «Гауһартас», «Ақбақай», «Ғайни», «Мақпал», т.б. сықылды сырлы, нұрлы әуезге толы әйгілі әндерді шығарып, небір дастандарды жырлаған жан болса анықтама сықылды «Қазақ музыкасы» көптомдығына неге енбеген? Сонда білдей бір институттың ғалымдары, өріп жүрген маман өнертанушылары бір тұлғаның өмірбаянын анықтап, шығармашылығын зерттеуге мұршасы жетпегені ме? Қандай болса да анықтау керек еді. Әдебиет пен өнердің М.О.Әуезов атындағы институты бұл тақырыпқа нүкте қояды деп ойлаймыз?! Сегіз сері болған ба, жоқ па? С.Торайғыров, Жаяу Мұса, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев туындылары қалай туған? Әнші, жыршы  қайдан келді? Әлі күнге дейін біздің мамандар барды бар, жоқты жоқ деуге  жүрегі дауаламайтындай. Соншама уақытта бір тоқтамға келуге болады ғой. Егер тарихи дерек көздері расталса, қазақ мәдениетіне ол артықтық етпейді. Қайта осындай тұлғалар жетпейді.

Дәлдүріштер өз ыңғайына қарай бұрмалап, алтын қазық әннің сөзін өзгертіп айту, буынын жұтып қою, басқа мақамға көшіп ықшамдап, берекесін кетіріп, бұтарлап, мүкамбара етіп созып, сөйтіп шығарма сықпытының сілікпесін шығару дағдыға айналып бара жатқандай. Асқанға тосқан болмай тұр. Обалы сол, бұдан ешкім айылын жимай келеді. Сондай-сондай ақау-кемшіліктерді байқаған қазақ сатирасының азуы алты қарыс сары тіс сардары Ғаббас Қабышұлы композитор әрі қаламгер Ілия Жақановқа қолқа салып, назхат жолдапты. Одан бүгінгі қазақ әндері мен күйлерінің айналасында болып жатқан жағымсыз жайларға тыйым салуға қол ұшын созып, қайрат танытуды өтініпті. Енді кімге сенеді?

Ал, І.Жақанов ұлттық әндердің жарқын жаратылысын ашып, талдап, насихаттауда аз еңбек етіп жүрген жоқ. Ол Ақансерінің «Балқадиша», Жаяу Мұсаның «Ақшолақ», «Шама», «Бүркітбай», өзге де әндері сазды сағынышқа орап, жүрек көзіне жеткізеді. Тек өңмендей сұғынып «Мен жаздырып едім», «Бас көз болып едім» сияқты бөстекі ұғымдар жайлап барады. Оның қажеті жоқ. Ау, радио не теледидар осы салада жауап беріп отырғанда ол әркімнің істейтін шаруасы емес пе? Оның үстіне азаматтығы болса қайтіп оған жаны ашымайды? Бұлттан күн шыққандай рух дидарын ажарлап көрсету міндеті. Қанша мақтан тұтып, көкке көтергенмен Димаш, Рухия, Мақсымдарға әлі де халық әні мен күйлеріне қамқорлығы мен жанашырлығы жетіспейді. Ағылшын, француз, неміс, орыс және басқалардың әндері олардың орындауына зәру емес. Басты назар мен ықылас төл туындыларда болғаны ғанибет. Тарихы терең, жаратылысы жарқын қазақ әндерін ұсына білсе қандай игі? Сонда тыңдармандар да құшырлана құлақ қойып рахаттанып отырар еді. Тек соған құштарлық әлемі арта түскені абзал. Сол аяда «Дайди-дау», «Самалтау» кімнің әндері дейтін дау туғаны бізге жараспайды. Эстраданы сылтауратып халқына ғасырлар бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан әндер мен күйлердің құлағын құнтитып, мұрнын шұнтитып, көзін шығарып, басын жару құқы ешкімге берілмеген. 

Әңгімеміздің әлқиссасы қазақ ән-күйлері болғаннан кейін жалғаса береді. Ол рухи әлемге әркім әрқалай келеді. Жалпы, өнердің қайсы түрі Тәңір тілімен сөйлейді? Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жұмыр басты пендеге тіршіліктің тылсымы бұл. Қаншама қарама-қайшылыққа толы таным-түйсіктерді таразылап, сан сапалақ ой теңізін сапырды, уақыт безбеніне салды. Ләппайшыл пікірге жығылмай, шалқар шабыткер Шекспирге шәк келтіріп, саздың сайыпқыран сандалкері Бетховенді шығармашылық пен шеберлік шыңы – тағынан тайдыра жаздап, сынап-мінеп тұқыртып, тарының қауызына тыққыштады. Орыс сөзінің ұлы ұстасы музыканы «...жанның мылқау мінәжаты» (тыңдағандар А.Горький, С.Н.Танеев, т.б.) деп ұғынып, бәрібір дүйім дүниеге ғашық көзбен қарады. Еділден ары өтіп, бері өтіп жүріп, татар, башқұрт, ноғай, қазақ ән-күйлерін құлағы шалмауы мүмкін емес. Бірақ, үндемей қалды. Адам болмыс-бітімін терең түсінетін ол неге бүйтті?..

Адамзатқа Фридерик Шопен, Адам Мицкевичтей перзенттерін сыйлаған үлкен жүректі алақандай Польша ұлт-азаттық үшін күресте уақыт көшінен кенде қалған емес. Варшаваны, соның бәрін қиып, елуден енді асқан Александр Викторович Затаевич 1920 жылы Қазақ АСР алғашқы астанасы Орынборға біржолата ат басын бұрды. Әулетінде алтын көмбенің үстінен түскенін байқамаған да болар. Бірте-бірте рухи қазынаға тап болғанына көзі  жетіп, орасан бай ән-күй байлығына қайран қалды. Бұл бүкіл халықтық іс-шараға ұласқандай. Өнерпаздарды былай қойғанда, бұл әлеуметтік қозғалысқа белсене қатысып, ұлы даланың ұл-қыздары жұдырықтай жұмылып ұйымшылдық танытты. «Қазақтың бір әні – бір опера» дейтін биік ұстанымдағы А.В.Затаевич басқа ешнәрсеге алаңдамай жұмысқа қызу кірісті. Бернияз Күлеев пен Иса Байзақов ондаған ән жаздырды. Ахмет Байтұрсынұлы – 13, Жүсіпбек Аймауытов – 29, Сәкен Сейфуллин – 7, Бейімбет Майлин – 17, Сәбит Мұқанов 10 саз шығарманы нотаға түсіруге қолғабыс көрсетті. Жас ғалым Қаныш Сәтбаев та бұл науқаннан қалыс қалған жоқ. Министрмін деп шіреніп тұрмай темір халком Т.Жүргенов алты әннің тұсауын кесті. О.Жандосов – 4, Ә.Жангелдин – 3, Ғ.Мұратбаев – 2 әуездің бағын ашты. Шынында да қазақтардың белсенділігі, ұйымшылдығы мен ұжымшылдығы керемет еді.

1925 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақтың мың әні» кездейсоқ туа қалған кітап өнімі емес, лезде көркемдік құбылысқа айналды. Пролетариаттың батагөй жазушысы есептелетін Максим Горький жылы лебіз білдіруге асықты: «Вот передо мной сборник «Тысяча казахских-киргизских песен», они положены, на ноты, оригинальнейшие их мелодии – богатый материал для Моцартов, Бетховенов, Шопенов, Мусоргских и Григов будущих».

Оған маэстро Ромен Роллан үн қосты: «Они (песни) не показались чуждыми, я нахожу их... родственными нашей европейской музыкальной флоре...  каковою она была, пока ученая музыка не заглушила в ней элемент народности». Бұл ой-пікірде ұлылық ұшқындары жатқан жоқ па?

Дегенмен баяғыда өлген қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқан болып жанталасып қайтейін, біздің бар байлығымыздың игілігін неге тек шетелдіктер көреді?  Өкінішке қарай ұлттық музыканың бағалаушылары мен жағалаушылары, зерттеушілері де солар Е.Брусиловский, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, т.б.

Уақыт алдында күбіжіктейтін тұсымыз жоқ. Біз өзі қандаймыз? Неге өнбес дауды қыздырып, оны қууға құмармыз? Барды жоқ, болмағанды болды деуге үйірміз. Тарих қолдан жасалмайды. Қанша бұрмалап, өзіңе икемдегенмен ол иілмейді. Одан сірескен тайыз танымның тоңы жіби ме? Мысал жетіп артылады. Бір кезде Абай Жетісуға келді ме? Төлегенді кім өлтірді? Біржан-Сара айтысы болды ма? Қазақтан Нобель сыйлығын кім алады? «Дударай» мен «Самалтау» кімнің әні?, т.б. біраз дүрліктіріп, жалықтырып барып, өршімей басылды. Онсыз да қазақ ән мен күйінің көрген құқайы аз емес. А.Байтұрсынұлына «Аққұмды», Ж.Аймауытовқа «Қызыл бидайды», М.Жұмабаевқа «Дайди-дауды» неге қимай жүрміз әлі? Теріскей көршілер түбі шикі «Құйты жылдар хикаясы» мен «Игорь полкінің жырын» қалай қызғыштай қориды. Ана бір жылы О.Сүлейменовтың «Аз и Я»-сы шыққанда СОКП саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев болмағанда қайтер еді? Олардың тайлы-таяғы ұлардай шулаған жоқ па? Шынайы қай шығарма болса да құлқын құдығына қиюға болмайды.

Ашаршылық пен жоқшылық қиын-қыстауында А.В.Затаевичке қамқорлық білдіріп, барынша көмектескен ақын-жазушылар аз ба? Жалғыз Бейімбет Майлиннің  өзі 15 әнді нотаға түсірткізеді. Жиырма бірінші жүзжылдықтың басында «Қазақпарат» баспасы «Қазақ музыкасының» көп томдығын жарық көрсетті. Зерттеушілер мен маман ғалымдардың еңбегін жоққа шығаруға болмас. Қанша шам алып іздесең де Сегіз сері «Мұхаммед Қанафия Баһрамұлы жоқ онда. Артынша «Дәуір» баспасы (2016 ж.) әлі еліне белгісіздеу Сегіз серінің қалың екі томдығын (38 б.т.) жариялады. Аз жылда көктен түсті ме? Ол қайдан шықты? «Гауһартас», «Алқоңыр», «Мақпал» және басқа сөз бен ой сүрінетін әндердің иесінің жоқтығы қалай? Академия мен оның институты неге бұған назар аудармайды?

Қазақ музыкасының тарихы қайдан басталады? «Аңшылар әнінен» бе? жоқ, «Елайырылған» күйінен бе? Әлде бақсы-балгерлер, құшынаштар сарынынан ба? Қордаланған көкейкесті мәселелер шашетектен...

Былайғылар бізді қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, төрт құбыласы түгел сай болуы керек деп пайымдайтын шығар. Ащы ой азабын тартып, жанталасып жүргенімізді қайдан білсін. Тіпті құйтымдай сандуғаш құстың жүрегі ыстық болуы күмәндандырмай ма. Сана санға бөлініп сансырағанда ауқинаны сапқа қосқан сиқырлы сөз. Орыс ойының алыбы оны «жанның мылқау мінәжаты» десе де музыканың аты музыка. Есеңгірегенде емдейді, құлазып құлдырағанда қолтықтап демеп қуат береді. Біз қай бау-бақша бұлбұлының дауысын естіп жүрміз? Кезінде Әміре Қашаубаев өнердегі талап пен талғамның биік деңгейін көрсетті. Күләш те, Бибігүл де, Ермек пен Әлібек те қанша атақ-даңққа жетіп, атақ-абыройға бөленсе де ешкімнің өті жарылмайтын шығар, ол шеберлік шырқауына жете алған жоқ.

Қазақ әндері мен күйлерінің иесі де, киесі де халық. Бірақ қазір оны қадағалап отыратын жанашыр жоқ, аялы қамқоршыға ен тағу мүмкін болмай тұр. Академик Ахмет Жұбанов кезінде топталып, жинақталып келе жатыр еді. Оны да көп көргендей бізге. Басқа жолбикелер (құдай кешірсін!) батыл шешім, бұлтартпайтын тұжырым айтуға асығар емес. Біржан-сал мен Ақан серітану біршама жолға қойылғандай. Қаншама ақын, сал-сері іздеусіз жатыр. Жарылғапберді, Пішән, Сапалай және басқалардың ортаға оралуы уақыт күттірмейді. Солардың ілкі алды қатарында жүретін Үкілі Ыбырай көп қиянат көріп келеді. Бір баспа неден секем алып қорыққаны беймәлім, Үкілісіз Ыбырайдың әндерін шығарыпты. Құрастырушылар «Майдақоңыр» мен «Жаймақоңырды» жиі шатастырады.

«Ақансерінің «Майдақоңыры»:

Жігіттің падишасы Әмір-Темір,

Бозбала әнге салсаң қайғың кемір.

Кешегі бес болыстың кеңесінде (?),

Шығарған Ақансері «Майдақоңыр».

Сұлу ат, жақсы әйел – ер қанаты.

Жігіттің болып өстім бозтайлағы.

Қағаз шәй, ащы насыбай – ерге қуат,

Күйіңе түсіреді қай-қайдағы.     

 Үкілі Ыбырайдың «Жаймақоңыры»:

Жігіттің падишасы Әмір-Темір,

Бозбала әнге салсаң қайғың кемір.

Кешегі бес болыстың сиязында

Жайқалтып Ыбырай салған «Жаймақоңыр».

Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,

Жүйрік ат өрге салса өршеленер.

Бозбала жастық шақта ойна да күл,

Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер.

Обал-ай, бірінші шумақ Ақан серінікі екені көрініп тұрған жоқ па? «Жаймақоңырдың» басқа бір нұсқасында:

Жігіттің бір қызығы сауықты өмір,

Шырқатып әнге салсаң қайғың кемір.

Кешегі бес болыстың жиынында (?),

Жайқалтып Ыбырай салған «Жаймақоңыр».

Міне, ақиқаттың ауылы осында жатқан сықылды. Әйтпесе, ұстаз бен шәкірт жарысса да бір-біріне қиянат қылып, бәсірелік үшін жиендік жасамайды. Шығыс поэзиясындағы нәзиралықты бетперде етіп, сылтауратуға болмайды. Реті келген соң айта кетелік, бұндағы Әмір-Темір, әсіресе, Алтынорда мен Түркияны, ислам әлемін қақсатып, әлсіретіп, бірсыпыра ел-жұртты жаулап алған жойымпаз, атышулы Ақсақ Темір емес, Шоқан Уәли нағашы жігіттерінің біреуі. Үкілі Ыбырайға (Сандыбаев 1858-1932 жж.) рақымсыз әлімжеттік жетіп артылады. Оның «Гәккуін» қымсынбай қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекке» еркін пайдалануға қаймықпай, ал, өзінің «Қараторғайын» өзіне қайтаруға қалай қимаймыз? Сырдың да, қырдың да әні емес, бұл үкілі Ыбырайдың «Қараторғайы». Әуені анау, мәтіні мынау деп бұтарлаудың керегі жоқ.

Иісшіл НКВД жандайшаптарының тұзағына түсіп, әнші абақтыға қамалыпты. Түрме терезесі алдындағы ағашқа ұшып келген қараторғай сайрап, қамкөңіл сарғайып отырған тұтқынның есіне қай-қайдағы жайларды түсіреді... Құс болсаң жібектен бау тағар едім... Кісінің жан-дүниесін қозғайды. Іңкәр сезім. Ұяң үміт. Аңсар. Тәтті қиял. Әлдекімге ақтарған жан сыры. «Қараторғай» солай туды деседі. Болса болар. Ол қидалап үшінші жақпен айтуға көнбейді. Оның басқа әлеуетті әндері болмаса бірсәрі. Неге біз бүйректен сирақ шығаруға бейім тұрамыз осы? Көп зерттеуші «Қараторғай» Үкілі Ыбырайдың әні екенін мойындап жүр емес пе? Енді несіне кежегеміз кейін тарта береді?  

...Қалай десек те 1925 жылы Мәскеуде шыққан А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» – ғылыми-танымдық мазмұнын жой­майтын, қайта құндылығы барған сайын арта беретін ғаламат ерен еңбек. Оның қасында «Рухани жаңғырудың» атын жамылып жарық көрген «Мың ән», «Мың күй»,  («Ой» продюсерлік орталығы, 2010 ж.), «Ұлы даланың көне сарындары» (2019 ж.)  жіп есе алмайды. Нөпір басылымдардың санын көбейткен. Тұңғыш халық артисі бас­тырған кітапқа әр саз, туындының мекен­жайы, айтушысы, тіпті орысша жолма-жол аудармасы келтіріледі. Халық қамын ойлау деп осыны айт. Тыңғылықтылық пен табандылық танылады. Біз сол көл-көсір  қазына байлықтың мұрагеріміз. Қайсысын ұсынсақ та жаһан жұртшылығының алдында қысылып-қымтырылатын жайымыз жоқ.

Қазақтың жүзі жарқын, табиғаты таза әндері мен күйлері жаңа жиырма бірінші жүз жылдықтың табалдырығын аттап, болашаққа бет бұрды.  

Олардан мәңгіліктің үні естіліп тұр.

– Жол болсын!

– Әлей болсын!

Аян-Сейітхан

 НЫСАНАЛИН,

жазушы 

 

 

1303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз