• Ұлттану
  • 29 Қазан, 2021

ҰЛТ АЗАТТЫҒЫН ҰЛЫҚТАҒАНДАР

Берік Нұрмұхамедов,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

Тәуелсіздікке тәу етіп, тұғы­рымыздағы текті бақ екендігін сәт сайын еске алып, еркіндік еңсесінің самалы самайымызды өпкеніне отыз жыл болды деп бөркімізді ас­паннан әрі атып, қуанышымызды көңіліміздегі атан түйеге артып бір жасап жатырмыз. Бәрі игілігі икемді іс. Құрбандықсыз ештеңе келмейтін өмір, өз заңын адамға жер әлем жаралғалы көзінің шарасына тақап дәлелдеп келеді. Ел Амангелдінің атқа мініп, Кейкінің құс мылтығы талай кадет корпустарын тәмамдаған орыс офицерлерін көздемей-ақ, құстай ұшырғанын біледі. Ел алдындағы ба­тырлар қашанда бұқараның бұла жадында. Бірақ осы тұста қазақтың азаттығына азаматтық борышын атқа қонып та, таққа қонып та тигізген кей тұлғалар тарихтың тасасында қалыс қалатын кездер бар. Ол кездегі цензура – тектілікті тасаға тығып, тасадағыларға төбеден тас атқан саяси жүйенің жүгені. Шүкір одан ада болдық. Орақ пен балғаның дәуірі келмеске кетті. Тарихты аршып, ақтарып алақайлап, мәңгілік елдіктің алғышарттарын бекем бекітіп жүр­міз. Сол белгісіз батырлар мен тарихта төлқұжаты бар сардарлар егемендіктің еншісімен ашылып, ұрпақ зердесіне ұсынылып, насихатталуы керек.

Ешкім ешкімнің тарихын түгендемек түгілі, аузына су тамызбайтын заманда тәуелсізбіз деп жүрген отыз жылдық аралықтың талай қан мен жанның селдері арқылы келгені «тик-токтағы» жастарды былай қойғанда, осы елді мекен еткен жаранға ұсынылуы тиіс.

1916 жылғы 25 маусым күні шыққан жарлық бойынша елдің ат мініп, қару ата алатын жастағы жігіттерін қара жұмысқа аламыз, тізімін тапсырыңдар деген жарлық жамағат-жұрағатты ала тайдай тулатып, әрі-сәрі күйге түсірген болатын. Және бұған жер-жердегі ақ патшаның заңды өкілдері болып саналатын болыстарға қыркүйек айының басына дейін ғана уақыт беріп, елді үгіттеп, көндіріп, арасынан 19 бен 43 жас аралығындағы жігіттерді жинап беру жүктелді. Патша экспансиясының пропагандалары қай заманда да билікке ашкөздікпен ұмтылған торғайдай топқа ғана өтіп отырғаны белгілі, ал қарапайым бұқараны тыраулатып, титықтатып жіберетін. Бұл жолы да солай болды. Үгіт-насихат жұмыстарын қай деңгейде жүргізгені беймәлім, бірақ, ел өз баласы мен ағасын, әкесін жаудың өтіне, окоп қазуға үзілді-кесілді жібермеуді шешкен болатын. «Өлсек өз туған топырағымызда жан тапсырамыз» деген қағидаға берік бекінді. Қазақ елінің түкпір-түкпірінде осындай қарсылыққа ұшыраған патшаның жарлығы, бұрыннан өздерінің қыл бұрауына қарсы елдің кеңірдекке кептелген ашуына тап болды. Жылдар бойы алым-салықпен, ішкі Ресейден айдап әкелген келімсектеріне ата-бабасынан мирас болып, жердің мөрленген актісі әкесінің моласы болған ұжданы бар ұлыстың жерін күшпен әперіп, әбден зәрезап күйде ұстап отырған халықтан ақшаны алып, малды алып, жерді алып, енді қалғаны адам ресурсын алуына көпшілік көнбеді. Көпке танымал тарихта, мектеп бағдарламаларындағы оқулықтарда Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс пен Жетісудағы халық дүмпулерінің жаңғырығы ғана еміс-еміс насихатталып, жазылып жүр. Қалған қарсылық ошақтары түтінін ішке бүгіп, тарихтың тезегіне айналып әлі жатыр. Қазақтың ұлан-ғайыр жері әр түкпірі мен шоқысы, ел отырған қоныстардың барлық дерлік өңірі шарпыған бірен-саран ғана білтелі мылтығымен шектеліп, отты қаруы болмаса да кеудеде қайнаған қарсылықтың әр жерде қызара маздап жатқан шоққа кенеттен тиген желдің екпініндей бірден бұрқ еткізген жалынның астында қалды.

Біз баян еткелі отырған осы жаңғырығы жанды елестерге жетелейтін жылдардың Ақтөбе облысы, қазіргі Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ жерінде орын алған оқиғалары болмақ. Осынау шежірелі тарихтың парағы жергілікті жігіттердің атқа қонып, қару сілтеген, бір жұдырықтай жұмылып, сес болған шақтарының көмескі ақтаңдақ іздері жазылған жазба бар. Бұл жазушы, журналист Жиенғали Тілепбергеновтың «Жұмағазы хан» әңгімесі. Сол көтеріліске қатысқан батырлар мен жүзбасы, мыңбасыларының өз ауыздарынан алынған сұқбат түрінде жазылған жұмыс. 1926 жылы хатқа түсіріп алынған. Күллі қазақты дүрмекке салған жылдардың шаңы басыла қоймаған, ел есінен алысқа кетпеген шақта қағазға түскен жазба. Бұл жергілікті жігіттердің бас көтеріп, орталарынан сенімді хан сайлап, ынтымаққа бірігіп, тұтастықпен ту көтерген амалдары аттан ауып қалмайтынына іспен барған сәт еді. Шегінерге де жол жоқ болатын. Көнсең өз атамекен жұртыңа жат, тегіңе түйір қатысы жоқ бірінші дүниежүзілік соғыстың отты ортасынан бір шығарады. Көнбесең патшаның атты әскері зеңбірегін сүйретіп ажал добын шашады. Қазіргі Ақтөбе өңіріне қарасты Әйтеке би ауданының аумағында орналасқан Қарабұтақ жерінің 1916 жылы өткен тарихи іздерді зерделеп, ақтаңдақ тұманның тасасына тасталған бір қауым ел мен бес мыңға тарта атқа қонған жігіттердің тәуекелінің анығын айшықтап, кеңінен таратып жазалық.

Осы күнгі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ жері сол уақытта Ырғыз уезінің Бақсайыс болысына қараған мекен еді. Көршілес, еншілес Белқопа, Талдық, Темірастау болыстары болды. Патшаның дала қазақтарын басқару ережесі бойынша әр болыста 10-12 ауылдың бары жазылған болатын. Аталмыш болыстардың орталығы болып Ырғыз уезі саналды. Қарабұтақ жеріне де қаннен қаперсіз жазғы жайлаудың мерзімінде отырған шақта патшаның жарлығы қаһарлы пәрмен болып жетіп келді. Ел шошып, үрейленіп қабылдаған еді. Бақсайыс болысы болып бекітілген Бірәлі Жүсіпұлы жігіт берем деп ояздан «алтын қалпақ» награда алған деген хабар ауыл арасын желдей есті. Жігіттер бір тықырдың таянғанын сезіп, 10-15-тен ат үстінде ауаланып, топтанып жүре бастайды. Патшаның жігіт бересің деген айы қыркүйек. Қыркүйекке бес күн қалғанда болыс Бірәлі қасына Ешжанұлы Байшолақ, Игілікұлы Қораз, Шоңқыұлы Қанатбай, Елешұлы Нұрмағамбет деген байларды ертіп, шабары ретінде Тұрғанұлы Сарыны алып, Ырғызға аттанып кетеді. Ойлары ел араларынан жігіт берер емес, уездің басқармаларынан ақыл сұрамаққа. Осы жайттан кейін ел тіпті дүрлігіп, тақымын қыса түсті.

Бір зауалдың төнгені анық екенін сезген жігіттердің жиналған қарасы 100 қаралы кісіге жуықтап қалады. Сөйтіп Бақсайыс болысының 3-ші ауылында тұратын өжет болмысты азамат ЖҮРГЕНҰЛЫ ЖҰМАҒАЗЫҒА жігіттер келіп ақылдасады. Бақсайыс болысының ақсақалдары кеңес құрып, ақылман саналарымен сараптай келе жергілікті батыр жігіт, Кіші жүз Әлімнен Төртқараның Құламанының Ақбота аталығынан ЖҰМАҒАЗЫ ЖҮРГЕНҰЛЫН ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Жар етіп сүйгені, артынан ерген баласы жоқ, өз алдына дара жігіт: «Сендер үшін, ел үшін басымды өлімге байладым!» деп уәдесін береді. Ілгеріде «Қазақты орысқа бағындырмаймын!» деп соғысып өткен ел есіндегі баһадүр Орақ батырдың сарала туын ешкі сойып, қанына малып туын көтереді. Өгіз сойып, ақсақалдармен ақылдаса отырып, Хан ордасы болып қазіргі Қарабұтақ ауылының іргесіндегі ҮЙМОЛА мекеніне тігеді. Патша жарлығына қарсы бұқара арасынан бірлік нығайып, бес-ақ күнде 500 қол атқа қонып, даяр тұрады.

Бес кісіден тұратын Жұмағазы ханның уәзірлері тағайындалып, бекітіледі. Олар: Бисақалұлы Төлеген, Сұлтанұлы Тілеуберген, Үкібайұлы Балшықбай, Ниеталыұлы Ыдырыс, Қожамұратұлы Сәми. Ханның жаушылары болып Жұбаниязұлы Айдарлы қожа, Ниеталыұлы Ыдырыс, Тілепұлы Нияз хан атасы болып сайланады. Жауынгерлерге арнайы шашақты найза дайындап, табылған мылтықтарды жөндеуге арнайы Жоламанұлы Боқан деген ұстаны алдырады. Ел-елге, жер-жерге жаушы аттандырып, ел ауаланып, көтерілістің салқын лебі еңку-еңку есіп тұрған шақ болатын. Бес мыңға тарта жауынгерге мыңбасылар мен жүзбасылар, онбасылар бекітіліп, әр он жауынгер бөлініп қос тігеді. Күніге әр жігіт үйінен бір тоқты әкеліп, азық қылады. Ханға дара қос тігіліп, кеңес құрады. Кеңес қорытындысы бойынша Жұмағазы хан Бақсайыс болысы Бірәліге қыркүйектің 5-і күні найзамен қаруланған 75 жігітті аттандырады. Бұл қосынға басшы етіп Қобжанұлы Оспан, Ниеталыұлы Ыдырыс, Ожанұлы Арманды сайлайды. Ондағы бұйрық: «Болыс орысқа ел ішінен жігіт берем дегенді доғарсын, тел азаматтарын қағазға түсірген тізімді дереу отқа жақсын! Патшадан алған марапаттарын алдыма әкеліп, тізе бүксін!» деген мәнерде өрбиді. Келген жігіттердің райын байқап, ханның бұйрығының ауанын аңғарып Бірәлі болыс: «Орысқа қарсы шыға алмаймын, істер ісімді жасадым!» деп қалың топтың ығына жығылып, хан бұйрығына көнбейді. Осы сәтте жауынгерлердің күш қолданатынын сезген болыс, қара атымен жолындағы жігіттерді ұрып, қаша жөнеледі. Ұшқыр ат ешкімге шаңын да ілестірмей оза шығады. Бірақ, Құлымбетұлы Баймағамбет қуып жетіп өлтіріп, өртеп жібереді. Осылайша, іс насырға шауып, болыстың жер жастанғанын естіген жергілікті байлар Есжанұлы Байшолақ, Қораз Кеншімбайұлы, Шоңқаұлы Қанатбай, Кенжеұлы Қонақбай Ырғызға қашты деген ақпарат та тарайды. Жергілікті жігіттер қашқан байлардың үйірінен сарбаздарға 250 жылқы алады. Бұл қыркүйектің соңғы күндерінде орын алған оқиғалар болатын. Осы кезде Ақтөбеден бұл бастамашы топты жазалаушы 80 солдаттан тұратын отряд келе жатыр деген хабар да келіп жетті. Ханның барлаушыларынан патшаның сарбаздары Бөгетсайға таяп қалды деген дабыл қағылғанда Жұмағазы хан қол астындағы жігіттерден іріктеп 500 жігітті аттандырады. Қолбасшы етіп Балшықбайұлы Салқайды бекітеді. Патша әскері Қарақұдық деген жерге бекініп, тосқауыл құрмаққа әрекеттенгенде, бұлардың алдын тосуға келе жатқан 500 жігіт Белқопаға келгенде күзгі қою қараңғы кеште үйіріліп, қалың тұман айналаны бөгіп, таяқ тастам жердің мұнары белгісіздікке ұласады. Сөйтіп, табиғаттың тұманы мен әзір қауіптің төне қоймасына сенген беймарал сарбаздар қоян қуып, орыс әскерінің арасына қалай ентелеп еніп кеткенін сезбей де қалды. Мылтықтың тасыр-тұсыр жаңғырған дауысы, сойылдасқан жігіттердің жанына батқан үні, беймаза тыныштық пен арпалыстың демде басталған үнінен үркіген жылқылардың шуылы ымырт даланы даңғаза шуға салып, соғыс басталды. 500 жігітті бастап келген қолбасшы Балшықбайұлы Салқай оққа ұшады. Көтерілісшілерден тағы бір жігіт жер жастанып, 4 жылқы өледі. Патша әскерінен 2 кісі өліп, 4 ат арбасымен, киім-кешек, қажетті заттарымен қолға түсіп, қалғандары қашып құтылады. Осы жеңіске желпінген сарбаздар осы сапарының демімен Қарабұтақ қаласын басып алады. Ондағы телефон, телеграф сымдарын үзіп, орталықпен байланыс құралдарын түгел жояды. Көтерілісшілердің бұл дүмпуінен сескенген Белқопа болысының орыс хатшысы Метрей Ырғызға қашып бара жатқан жолынан жігіттер қуып жетіп, ұстап, өлтіреді. Көтерілісшілер желпініп, өз істерінің патша үкіметіне біршама қарсылық болып ұласқанын ұғынып, қосын құрып, әрі қарай дайындықтарын пысықтап, бір қауіптің келеріне әзірлік үстінде жүреді.

Заманында Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп ұлттық болмыстың ерекшелігіне мекен етуші жер-су ортасымен қабыса жатқандығын аңғарып, осы жұрттың тұла бойындағы қасиет табиғатымен ұштасып тұрғанын қапысыз мойындап кеткенін айтамыз. Қазақ сахарасының халқы өне бойына өз өркениетін қандай жағдайда да жаңғыртып отырған. Сонау зұлматтың запыраны болған «Елім-ай» осы тұжырымның бір қолтаңбасы болса керек. Қарабұтақ жерінің елдігіне, патшаның экспансиялық қорлығына қарсылық білдіріп, орталарынан жан беріп, соғысқа бекінген топтың да арасынан өлеңге салып, жауынгерлік топтың арасына таралған фольклорлық туындылар тараған. Солардың бірі кезекті мәтінде өрбиді:

«Есіктің алды қия тас,

Қиын екен бауырлас.

«Патша, солдат» дегенде,

У болады ішкен ас.

Қаратаудың қабағы,

Бауырында ойнар жабағы.

Елде қалған кемпір-шал,

Әлдекімнің тамағы?!

Есіктің алды жас қайың,

Жапырағын баспайын.

Алыс жолға кеткенде,

Балалықты тастайын.

Қарабұтақ жайласаң,

Сазына бие байласаң.

Ой-хой, дәурен, күндер-ай!

Бұрынғыдай ойнасаң.

Қара судың қабағы,

Бетінде ойнар шабағы.

Күншілік жерден көрінген,

Күнсұлу-жанның тамағы» – деп келетін ел ауызында сақталған фольклорлық жыр үлгілері ер мен елдің басы сынға түскен топалаң шақтардың сюжетін жанды бейнедей бір өлеңнің аясына сыйдырып, шебер суреттеп тұр. Бұл бас көтерген топты басып жаныштауға Ақтөбеден 1000 адамнан тұратын патша отряды шықты деген суыт хабар қазан айының соңына таман Үймолаға бекінген Жұмағазы ханға да жетеді. Хан алыс жақын маңайдың бәріне жаушы мен хабаршыларын аттандырып, соғысқа қамдануды мәлімдейді. Көтерілісшілерге көмекке Ырғыздың Қызылжар, Темірастау болыстарынан көмек келіп, Жұмағазы әскеріне қосылады. Сол кездегі Ырғыз өңіріндегі Қызылжар болысының ханы болып Тайшым Орысұлы билік етеді. Тайшым ханнан Шоқпарлы батыр Кемпір мен 200 салт атты жауынгер Жұмағазы хан қосынына келіп қосылады. Талдық пен Темірастау болыстарының ханы Сейсекен ханның баласы Бүркіталы Сейсекенұлы бас болып 100 жігіт келеді. Барлығы 4200 жауынгерден тұратын қосын сарала туын желбіретіп, Үймоладан Жұмағазы хан патша әскеріне қарай аттанады. Ақтөбеден шыққан 1000 сарбаздан тұратын орыс отрядын Нестеров деген әскери шенді бастап келеді. Олар Бөгетсайдан өткенде Жұмағазы жасағы Белқопадан шығып, екі жақ Қарақұдық деген жерде түйіседі. Патшаның 1000 сарбазын Жұмағазы ханның әскері айнала қоршап алады. Осы сәтте Абылай заманынан әріден қалыптасқан соғыс қағидасының бірегейі жекпе-жек өнерін меңгерген алып тұлға, сауыт-сайманы жарқырап, қолында шоқпары бар Кемпір батыр ортаға жалғыз өзі шығып, келген жазалаушы 1000 адамнан тұратын жасақтан өзіне ат үстіндегі жекпе-жекке қарсылас шақырады. Орыстан ешкім шықпайды, дәті барып. Отряд начальнигі болып келген Нестеров деген әскери шенді, сол заманда да осындай жүйенің сақталып қалғандығына таңданып, жаужүрек жігіттердің қазақ даласының түкпір-түкпірінде жер басып жүргендігін еріксіз мойындап: «Япырмау, мынау, қай жұрттың адамы? Қазақтың бәрі мұндай бола берсе, орыстың несі қалады…» депті деген аңызы мен ақиқаты аралас әңгіме осы заманға да жеткен.

Патша әскерімен соғыс, қазақтың ертеден қалыптасқан майдандық мента­литетін ХХ ғасырда қайталағанын деректерден байқаймыз. Себебі көтеріліс батыры болып, Шоқпарлы баһадүр, Кемпір батыр ойқастап жүреді. Шоқпарының салмағы 2 пұттық өлшемде. Қазіргі масса бірлігімен есептегенде 32 кг. Осындай жойқын күштің иесі барша сарбаздың бас батырына айналары сөзсіз. Жалпы далалық әскери мәдениет бір көшбасшы мен батырдың дара қол мен жол бастауына көп тәуелді құрылым екені бұрыннан мәлім жағдай. Патша отрядынан 4 жарым есеге жуық сан басымдығы Жұмағазы хан әскері 1000 орыстың жасағын түгел қоршап алады. Жекпе-жек деген далалық рыцарлық соғыс өнерінің түріне мүлде ешкім суырылып шығып, 32 килограмдық шоқпарды аспанға айналдырып тұрған Кемпір батырға дауалап келуге дәті шыдамайды. Көп қорқытады деген тәмсілдің тарихқа айналып кетуіне бірер сәт қана қалып тұрғанда, орыс отрядының ішінде жол бастап әкеліп тұрған қазақтар Жұмағазы хан әскерінің сырын әскери қолбасшыларына ескертеді. Әйтпегенде, патша әскері түгел қаруларын тастап, көтерілісшілердің қарқынынан жасқанып, берілуге сәл-ақ сезімде тұрған болатын. Тіпті берілуге бекінген де еді. «Қазақта мылтық жоқ, адамын өлтірсең қашады» деп екі жақты оқ жаудыруға итермелейді. Сөйтіп орыстар мылтығы мен отты қару зеңбіректен доп шашады. Орыс әскері бір жерге топталып алып, қарсы шапқан Жұмағазы хан әскеріне оқ жаудырады. Соғыс үш күн, үш түнге созылады. Борап тұрған оққа жалаң найзамен шапқан талай марқасқа жігіттер білектің күшін дұшпанға дарытып үлгермей жер жастанып, аты бос кейін шауып жатты. Қай қазақтың даласында болса да қорқынышты түсіне айналған отты қарудың ажал байлаған добы орта ғасырлық қарумен жасақтанған жергілікті жігіттердің дегбірін қашырып, адам шығынын көбейткен сайын, кейін шегіне береді. Бұл жолы да осы сценарий қайталанып, қазақ қолы шегініп, орыс отряды жолындағы жұрттың қыстауларын ту-талақай етіп тонап, өртей бастайды. Осы қарқынымен отты қаруға сүйенген отряд Қарабұтақты алады. Елге қырғидай тиіп, бар қаһары мен өшін қарапайым бұқарадан бар азуын батырып, қырғынға ұшыратады. Мал мүлкі тоналған жігіттер ханның бұйрығына бағынбай ел-елге, өз қоныстарына тарай бастап, көтеріліс толық күйреуге ұшырайды. Бұл жердегі жеңіліске себепші бірінші фактор орыс отрядының ішіндегі адамдардың жергілікті жұрттың қару сапасы мен қоғамдық-әлеуметтік психологиясын білетіндігі, оны әскери кадет корпустарында арнайы соғыс өнері мен тактикасын ғылыми түрде саралап оқыған әскер басшылығына жеткізуі. Екінші фактор орыс отрядының қолындағы сол замандағы озық қару мылтық пен зеңбіректің болуы. Жауынгер басына бір-бір мылтықтың болуы үлкен басымдық еді. Жергілікті ақсақалдарға жеткен әңгімелер бойынша Жұмағазы хан зеңбірекке қарсы адам шығынын азайту үшін байлардың үйір-үйір жылқысын алдыға салып айдап, артынан жауынгерлерді ертіп, бір үйме болып бекініп алған орыс отрядына қоян-қолтық ұрыс дистанциясын жақындатып алуға тырысқан тактика да қолданған. Бірақ, ен даланың желден өзге сыбыр естімей, алаңсыз жайылған қыл құйрық асаулар, ғұмырында алғаш естіген отты қарудың ғаламат жаңғырығынан қатты шошып, кейін қарай шегініп, үйір жылқының артына жасырынып жақындап келе жатқан сарбаздарға соқтығысып, мәселені тіпті қиындатып жіберген. Қарудың тең еместігі рөл ойнап, патша шенділеріне Жұмағазы ханның осал тұстарын баяндаған топтың жымысқы саясатының салдарынан, «алдыға түс, айдауға жүр» деген басыбайлы экспансияға қарсылық толығымен күйреуге ұшырады. Желтоқсанның ызғарлы күндері көтерілісті ұйымдастырған жігіттер мен Жұмағазы хан, барлығы 15 адам Орынборға айдалып кетеді. Үй жайлары мен мал-мүлкі түгел тонауға ұшырап, талан-таражға салынған. Бұл жігіттер 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ғана бастарына азаттық алып, босап шықты деген мәлімет журналист, жазушы Жиенғали Тілепбергеновтың деректі жазбасында кездеседі.

Әлем сол шақта химиялық қару қол­данып, зеңбіректерін зар еңіретіп тұрғанда дала төсіндегі аңғал батырлық, бұла күш, еркіндікті аңсау, ат үстіндегі намыс қазақты қашанда қазақтыққа жетелеп тұрады. Ол қазақтық – азаттық. Азаттықты көксеп, еркіндікке ентелеген елден 5 мыңға жуық азамат аз уақыттың ішінде жауынгерлік жолға сапқа тұрып үлгеруі. Сыртқы өктем күшке қарсылық таныту қоғамдық сананың тізе қосып бірлікке келуі ер мен елдің еркіндігін алуға ұмтылуы әлеуметтік мүдденің жоғары категориясы деп бағалауға тұратын аксиома. Қоғам бір сәтте сілкініп кетуі аса бір қыл бұраудың соңғы демді әзер алдыру сәтінде тулайтын амалы болса керек. Патшалық ресейдің сыртқы жаулармен ұдайы соғыс жағдайында болу саясаты дала қазақтарына да оңай тиген жоқ. Алым-салық пен титықтатып, ақыры аяғында балаңды жат жердегі соғысқа апарамыз, тізімін бер деген бұйрыққа ел басын шұлғып бұл жолы көнбеді. Сөйтіп, алапат көтерілістер қазақ даласын шарпып кетті. Қолында сойылдан басқа қаруы жоқ қазақтың бас көтеруі амалсыздықтан еді. Атқа қонбасқа шара қалдырмаған экспансиялық саясат, сонау ен даланы еркін жайлап, біреуге соқтығысып тиісу өңі түгілі түсіне еніп жүрмеген Жұмағазыдай елдің ерлерін бостандыққа деген ынтызарлығына жігерін үстемелеп, еркіндік деген арманын үркердей жақындатып та жіберген болатын. Бірақ, заманауи үлгідегі қару ұлы даланың жұртына алыс дүние еді. Осы әскери әлеует тұрғысындағы теңсіздік жеңілістердің себебі болғаны жалғыз бұл жолы ғана емес. Талай жігіттің ат үстінде опат болуы еркіндікті тартып аламыз деген сенім мен үміт сәулесінің үзенгіні басып отырған азаматқа дарытқан дауылпаз үні шығар. Қашанда тәуелсіз күн мен сана, қоғам еркіндігі қымбат. Ұлттың азаттығы ұлықтала беретін құндылық. Берекенің басы еркіндік. Оны талай қамытты мойнымен көтерген қазақ жақсы біледі. Қарабұтақтың Жұмағазы ханы мен Қызылжардың Кемпір батыры тарихтың ақтаңдақ алқабында елеусіз жатқан тұлғалар. Олардың бастамалары мен ерлік істерін осы күні, тәуелсіздігімізді қайтарып алғанымызға отыз жыл деп, мағыналы жылдар есебін еншімізге бекітіп жатқанда ескеруіміз керек ұғымдар. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тәмсілді осы көтеріліс қаһармандарына да айтып тұрсақ, өткен тарихты ұлықтағанымыз болар. Тарих еш уақытта шартты райда жазылмайды. Сондықтан, қазіргі құндылық – тәуелсіздік мәңгілік қастерлі болғай.

 

2085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз