• Ел мұраты
  • 29 Қазан, 2021

Мәселенің шешімі - экономиканы әртараптандыру

Сейілбек Мұсатаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Президентіміздің биылғы Жол­дауы әлемдік, аймақтық және ішкі саясат пен экономикадағы дағдарыстың ушыққан сәтімен тұспа-тұс келіп отыр. Былтырдан бері пандемияға ұласқан коронавирус та түрлі штамдарға мутацияланып, толқын-толқынымен өршіп, әлем­дік экономикалық дағдарысты тереңдете түсуде. Жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, қуаң­шылық пен орман өрттері сияқты стихиялы табиғи апаттар да жығылғанға жұдырық болып отыр. «Жұт жеті ағайынды» деген осы шығар. Оның үстіне Ауғанстаннан АҚШ армиясы мен батыстық анти­террористік коалиция күштерінің шығарылуы, Тәліптердің ауған жері мен мемлекет билігін басып алуы әсерінен халықаралық деңгейдегі тағы бір дағдарыс ошағы пайда болды. Бұл өз кезегінде Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты бұзу ықтималдығы бар экстремизм мен терроризмнің, есірткі мен қару-жарақтың таралуы, босқындардың көбеюі сияқты қауіп-қатерлерді туындатып отыр.

Президентіміз ел халқына арнаған жаңа Жолдауында короновирус пандемиясымен күресу және оны еңсергеннен кейінгі кезеңдегі ұлттық экономиканы жандандыру мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе соңғы кез­дері халықты әбден қажытқан қым­батшылықтың тиылмауы мен  оған әсер етіп отырған факторларды атап көрсетіп, Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны қалыпты деңгейден асырмау туралы тапсырма берді.

Шынында, Мемлекет басшысы атап айтқандай, еліміздегі инфляцияға арқау болып отырған себептердің ішінде:

– ел экономикасының шикізаттық бағыттан арыла алмауы, экономиканы диверсификациялаудың әлсіз жүруі;

– еркін бәсекелестіктің болмауы, экономиканың маңызды салаларын мо­нополиялардың жаулап алуы;

– тауар өндіруші мен тұтынушының арасында оңай пайда табуды көздейтін алыпсатарлар мен делдалдардың көбейіп кетуі;

– ауыл шаруашылық өнімдерін шығару мен тереңдетіп өндірудің тоқырауы;

– банкердің ауыл шаруашылығы мен тауар өндірісін несиелеуге құлықсыз болуы, керісінше, шетелден әкелінген импорттық тауарларды сатып алуға арналған тұтынушылық несие берудің қарыштап дамуы;

– халық тұтынатын тауарлардың жаппай шетелдерден импортталуы;

– жалпы агроөнеркәсіп кешені, жеңіл және тамақ өнеркәсіп салаларының құлдырап, заман талабынан артта қалуы сияқты шешімі табылмай келе жатқан проблемалар көп.

Бұл аталған проблемалар корона­дағдарыс жағдайында одан сайын асқынып, халықтың әл-ауқаты мен сатып алу қабілетін төмендетіп, мемлекеттің жүзеге асырып жатқан әлеуметтік саясатының тиімділігін азайтып жатыр.

Инфляция – нарықтағы тауардан айналыс­тағы ақша көлемінің еселеп артық болуынан туындайтын құбылыс. Тауар жетіспей, дефицит туындап, сұраныс көлемі ұсыныстан артқан сайын қымбатшылық күшейе беретіні де нарықтың қатал заңы. Сондықтан, қарапайым заттар экономикасын дамытпай, халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің басым бөлігін өзіміз өндірмейінше, қымбатшылықтан көз ашпайтынымыз анық болып тұр. Яғни, инфляцияны ауыздықтау өте ауқымды, кешенді мәселе, бұл кейбір әкімдер сияқты базар аралап, сатушыларға бағаны көтермеу туралы нұсқау беруімен шешілмейді. Ондай көзбояушылық әрекеттен өз-өзімізді алдағаннан басқа ешбір пайда жоқ. Мәселенің шешімі – экономиканы әртараптандыру, экономиканың шынайы салаларын дамыту, отандық тауар өндірісін жолға қою, монополистер мен делдалдарды шектеп, еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестікті жандандыру.

Жер көлемі бойынша әлемдегі ал­ғашқы ондыққа кіретін Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дұрыс жолға қою, агроөнеркәсіп кешенін дамыту өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселеге жолдауда ерекше көңіл бөлінген. Ауыл шаруашылығын заман талабына сай озық технологиялармен жабдықтау, жер ресурстарын ұтымды қолдану мен су ресурстарын үнемдеп пайдалану арқылы бітік өнім алу, эколо­гиялық таза азық-түлік өндіруші ел ретінде танылу, Қазақстанда қордаланған көп мәселені шешуге арқау болары сөзсіз. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфляцияны ауыздықтау, ауылдық жерлерді жандандыру, жұмыссыздықпен күрес, шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауылдан қалаға қарай жөңкілген жосықсыз урбанизацияны реттеу, ірі қалаларға түсетін әлеуметтік-экономикалық кернеуді азайту сияқты толып жатқан мәселелерді шешудің жолы.

Президент өзінің жолдауында осындай көптеген өзекті мәселелерге ерекше назар аударып, коронадағдарыстан қалжыраған ұлттық экономиканы қалпына келтірудің сара жолын ұсынып отыр. Ендігі мәселе осы жауапты міндетті ел болып жабыла жүзеге асыру.

 

1273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз