• Ел мұраты
  • 01 Қараша, 2021

АҒЫМШЫЛ АЗАЙМАЙ ОЙ АҒЫНЫ ТАЗАРМАЙДЫ

Интеллигенцияның атрибуттарын көзінен тізіп отыруға уақыт кем; бұл таңды таңға ұрып созылатын абайдиалогтардың еншісі. Оңайлатып келтесінен, желкесінен қайырса, интеллигенция, ол, жігерге өрілген этика – ой-сана (Қарындас болғанмен ой басқа, сана басқа, ал сананың соры, тереңдер біледі, - жаңғыздық). 30-жылдарға дейінгі қазақ жұрты бұл үшеуіне асып төгілмей-ақ қойсын, кенде болған емес. Ақыны – батыр, батыры – ақын болған халықтар да ілуде біреу. Қазақ, кейде, екеуін де тас шеңгелмен қатар-қабат ұстаған (бұл бірегейліктің соңғы – соңғы ма, ақырғы ма? – көрінісі Баукең, Бауыржан Момышұлы). Ал отыздан кейінгі алпыс жылда осы үш баптың біріншісі – жігері, бар жігерін жансауғаға, матблага мен мансапқа жұмсап әбілет басып қалса қайт дейсіз? Этика – жағымпаздыққа, ой – тезис жаттауға айналса қай жаратқанға жалбарын дейсіз? (қырғын қызық: Гегельде ғой: тезис – антитезис – синтез; бізде антитезис атымен жоқ, бірақ синтез шыға береді). Дей тұрғанда, бүгінгі қазақ интеллигенциясының жасырынғандай боп жүріп жасағанын-жазғанын, жинағанын-тергенін, әлеуметтік жанарындағы шелдің жұқарып келе жатқанын көрмеу әбестік болар еді. Соның өзінде – дүмшелеу болғанмен ішінде мен де жоқ емес шығармын – оған, интеллигенцияға алдымен наразылық айтылады; туа бітті миссиясын ұмытқаны айтылады; системаның әрі серігі, әрі сесті оппоненті емес қолжаулығы болғаны, болып жүргені айтылады; балалайкалық найгрышқа әзерден жарарлардың скрипка мен симфониялық оркестрге концерт жазар менмен кердеңдігі – амбициясы айтылады; Абай контекстіндегі партиягершілікке (бүгінгі аранжировкасы: регион – облыс – жүз – ру – ата – бөле-мөле – жиен-миен – бықи-тықи...болады – рухания лейкемия) аянбай бой алдырғаны айтылады; керісінше, жершіл демесін деп ойлы жігіттердің обалына қаларлар айтылады; ұлттық сананың өзіндігін кемерлеуге тісі батпас болған соң дәдәм Гегельдің көп диірменнен өткен концепцияларының қайсыбіріне кейде комментарий; кейде һәшия жазып мәктәб көтермек болған «фәлсәфистер» айтылады. Дәл осыны қадап айтқан жөн, себебі, отаршылдықтың тепкісін ғасырлар бойы үзбей көріп қатты мертіккен ұлттық қазынаны – баба мирас боп қалған Қаратау – Ұлытау – Алатау – Арқа, Атырау – Алтай, Мойынқұм – Қызылқұм боп келетін, сағат-уақыттың үш бірдей белдеуін оранған жерің мен көгіңді, суың мен нуыңды (су атаулы әл үстінде, ал, ну қалды ма?) иелену де, иемдену де мүмкін емес. ...Екі ғасырдың жүзі молынан өтті – біз өзі ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; алып келдің, барып келдің этносы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзі жұмсап үйренбеген өзінің жұмсалғанын өнер деп ұғады; майысқақ Қаратай болса бір жөн, жорға Жұмабайшылап, тізгін тілеп құлдырағанды бақ деп, бақыт деп ұғады. Интеллигенция халықтың белінен тамған задасы болса, ол да әрине бел-бесік, тас-тұғыр, жаялық-жайлауынан әлденебір болымсыз «нақ-нақ»-тарды алмай тұра алмайды. Алайда, алу бар да, сол шеңбердің шідерінде қалып қою бар. Хас интеллигент – үзеді. Көсеулігін тастап көсемдікке барады. Бұл ретте – қазақтың жаңа тарихынан – ойға кім, кімдер оралар еді? Шоқан – Абай, Ильминскийлердің жетегінде кеткенмен Ыбырай Алтынсарин оралар еді; сонсоң 10-20 жж.бұрқ ете қалған «бір жеңнен қол, бір жағадан басты» ұстанған, ана аймақ-мына аймақтың емес бүткіл ұлттың зарымен тыныстаған, әрқайсысы Академияның бір-бір институтына тұрарлық көксерек топ – Әлихан Бөкейханов, қос Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Н.Төреқұлов, Ә.Ермековтер, әредік-әредік түсіңе кіріп аян беріп жүрердей қайран Ақаң, Ахмет Байтұрсыновтың шарасы жоқ, амалы кем азғана айналасы, Мағжан мен Тұрар-аға Рысқұлов оралар еді. Бұл кісілер аттанып кеткен соң қазақ қауымы гуманитарияның тақырына отырып қалған жоқ па? Аллаға шүкіршілік, оққағарлары бар екен, әйтпеген күнде «продразверсткаға» Мұқаң – Әуезов пен Ғабең – Мүсірепов ілініп кеткенде не болмақ еді?...Қадау-қадау осындай тұлғалар болмаса, қазақтың өзегі қашып, өрімі тарқатылған қамшысын кім көтермек еді? Бұғана топшысынан шорт сынған қанат-қаламына кім оташылық жасап, қазы сылауға салмақ еді?

...Интеллигенция дегенде, сөз бар ма, көпті күстәналауға болмайды. Мен тек интеллигенцияның басым тобының психикасымен де, физикасымен де ағымдағы ағынға аңсары ауып тұрарын айтам. Зады, ағымшыл азаймай ой ағыны тазармайды.

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Болмыспен бетпе-бет» кітабынан,

Алматы, «Жас Қазақ», 2001 жыл

 

1357 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз