• Ұлттану
  • 20 Қараша, 2021

ЖАС ТАЛАНТТАР ЖАМБЫЛ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Жамбылдың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жаңа фестиваль басталды. Бұл – жастарға арналған заманауи жоба. Музыкалық фестиваль отандық хип-хоп индустрияның ең үздік талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстырып, үлкен форматта өткізіліп жатыр. Жоба Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен өрнектелді. Іс-шараға өнер жолына енді қадам басқан фестивальдің қатысушылары мен есімі көпшілікке танылған жас әртістер қатысты. Олардың қатарында Kyle Ruh, Ziruza, Ray,  Nei1tron,  Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko бар. Бұл ізгі шара кейін Алматы облысындағы Қарақыстақ және Жамбыл ауылдарында орналасқан Сүйінбай мен Жамбыл музейлерінде жалғасын тапты. Ұлы ақындардың рухына тағзым етіп, музейлердегі құнды жәдігерлермен танысты. Әнші Зирузаның айтуынша, бұл іс-шараның рухани құндылығы жоғары: "Ақындардың туған жері – Алматы облысындағы Қарақыстақ және Жамбыл ауылдарында орналасқан бұл музейлерге алғаш келуім. Жамбыл ақын мен оның ұстазы Сүйінбайдың бай мұраларына қатысты көптеген жаңа мәлімет алдым. Біз сияқты жас буын үшін бұл нағыз өнегесі мол іс-шара болды" деп жеткізді жас әнші. Жастардың айтуынша, Жамбыл жырлаған өзекті тақырыптарды бүгінде қазақстандық жас рэперлер көтеріп, жаңа форматта ұсынуда. Сондықтан ақынның туындылары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Іс-шара аясында жас әртістер Қарақыстақ ауылының ардагерлер ансамблінің өнерін тамашалады. Еске салсақ, «Жыр алыбы – Жамбыл» фестиваліне өнердің жолына енді қадам басқан жас музыканттар қатысады. Қатысушылар Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелді. Іріктеу кезінде қатысушылардың артистік шеберлігіне, сөз саптауына, мәтін идеясының ерекшелігіне, вокалдық қабілеттеріне баса мән берілді. Қатысушылар арасында Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдері: орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар бар. Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтуде. Жаңа фестивальдің мақсаты – Жамбылдың мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, Қазақстан аймақтары арасында кәсіби-шығармашылық байланысты нығайту. ​​​​​​20 қараша күні сағат 18:00-де Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында фестивальдің гала-концерті өтті.

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы