• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2021

КӨСЕГЕНІҢ КӨКЖОНЫ - ТҰНЫП ТҰРҒАН ТАРИХ

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазады Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында.

Туған жерін жүрегінің түбінде әлдилеу – әрбір адам баласының табиғи қалпы. Қаратаудың оңтүстік-батысын Сырдария, солтүстік-шығысын Талас өзендері алаптары алып жатыр. Қасиет қонған киелі Қаратаудың Жамбыл облысының Сарысу мен Түркістан облысының Созақ аудандарындағы сондай көркіне көз тоймайтын жер – Көсегенің Көкжоны (базбір кезде жергілікті тұрғындар қысқартып «Көкжон» немесе «Жон» деп атай береді – С.О.). Ол Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір. Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан ені 20-30, ұзындығы 110-120 км келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егістіктері мол, сандаған мөлдір бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты бай аймақ. Бұл аймақ жөнінде ықылым заманнан қалған аңыздар бар.

Желмаяға отырып, қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Асан қайғы баба Қа-ратаудың қырқасындағы көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап:

Басқаның бәрін қисаң да,

Көкжонды, шіркін қимайсың.

Өңгеріп алып кетер ем,

Ат сауырына сыймайсың, – деген екен. Осы бір шумақтың өзі Көкжонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп жазған болатын. Қазақ қашанда жерге себеп-салдарсыз ат қоймаған. Сол жерде өткен оқиғаларға байланысты, болмаса бедер-сипатына қарап, дәл және нақты әдемі ат қойған.

«Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», - деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, біз туған жердің тарихын, табиғатын құрметтеуді, қастерлеуді толық қалыптастыруға тиіспіз.

Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір «Көсегенің Көкжоны» аталатын жерұйық өңір жайлы талай қазақ жазушылары мен ақындары (Майкөт Сандыбаев, Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Бақберген Сәуірбеков, Аян Нысаналин, Исраил Сапарбай, Пернебай Дүйсенбин, Дулат Шалқарбаев, Төлеу Үшқоңыров және т.б.) қалам тербеп, сыр тартып, жырларына қосқан.

Қаратау жотасында жатқан Көсегенің Көкжоны атты бұл өлкенің тарихы өте бай, тіпті сонау ІІ ғасырдан басталады десек те қателеспейміз.Тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов қазыналы Қаратау бойын ұзақ жылдар зерттеген ғалымдардың бірі. Оның «Қаратаудың ортағасырлық керуен жолдары» атты еңбегінде мынадай жолдар бар: «…Жүргізілген зерттеу жұмыстарымның барысында Ұлы Жібек жолының Қазақ жері арқылы өткен тармағының бағытын анықтап, Шу, Талас өңірлері мен Қаратаудың, Сырдарияның орта ағысындағы ежелгі, ортағасырлық керуен жолдарының бағыттарын зерттедім. Олардың қатарында Шу жолы, Хан жолы, Телкөл жолы, Ұлы жол (Көсегенің көкжоны) және осы жолдармен байланысты Сырдың бойындағы ортағасырлық қалалардан шығып, Қаратаудан асатын 20-ға жуық керуен жолдарының бағыттары бар.

Көсегенің көкжоны жолы. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, Қаратаудың үстіндегі теңіз деңгейінен 1000-1500 м биікте жатқан, күнгей мен теріскейге ағатын өзендер бастау алатын жотаның үстімен жүрген бұл жолдың басы Теріс өзеніндегі өткелдің сол жағасында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан басталған.

Ол Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан Теріс, Үлкен сай, Жосалы, Саясу, Белбұлақ, Тікасу, Үлкен Арбатас, Арбатас, Кіші Тамды, Қарашасай, Қарашат, Бесағаш, Бала Шабақты, Теспе, Байжансай, Арыстанды асулары мен шатқалдары арқылы өтетін жолдарды кесіп өтеді».

«Қазақ халқының 40 ғасырлық тарихы бар» деп, белгілі тарихшы Оразақ Смағұлов бекер айтып жүрмеген болар. Өйткені қазақ тарихы жайлы қазір «тарихшылардың атасы» атанып жүрген Геродоттан бастап көптеген жиһанкездер жазып, қағазға түсірген. Мысалы, ежелгі Рим ғалымы үлкен Плиний «Ежелгі Яксарттың арғы жағында Скиф тайпалары өмір сүреді. Оларды парсылар «Сақтар» деп атайды. Скиф халықтарының саны шексіз, олардың ішіндегі атақтылары сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар, асийлер, аримаспилер» – деп жазған. Сақтар үшке бөлінген: Тиграхауда сақтары (үшкір қалпақ киетіндер), хамоворга сақтары (сусын дайындайтындар) және пародария сақтары (өзеннің арғы жағындағы сақтар). Археолог-ғалым, профессор Мадияр Елеуов те сақтарды Жетісу, Сыр бойы және Дала сақтары деп үшке бөледі. «Олардың үшке бөлінуі тек орналасқан шекарасына ғана тән. Әйтпесе, бәрінің түбі бір. Парсы патшасы Кир соғысуға келгенде және Александр Македонскиймен (мұсылман әлемінде ол патша Зұлқарнайын делінеді) соғысарда да бір-біріне жаушы жіберіп, одақтасып отырған. Сондай шайқастардың бірінде массагеттердің патшайымы Тұмар (Томирис) ханым жан-жаққа жаушылар жіберіп, «Кең далада жолығып, ақылдасайық, кеңесейік» деп сәлем айтқан. Сақтардың көсемдері Көсегенің Көкжонында үш күн ақылдасып, жауды Талас жерінде қарсы алайық деп пәтуа жасасқан. Тұмар ханымның одақтастарын неге Жонға шақырып, ақылдасқаны қазір белгілі. Себебі Кир патшаның жер қайысқан қолымен суы мол, жыныс-жықпылы көп Сыр бойында шайқасу тиімсіз екеніне көзі жеткен. Өйткені сақ жауынгерлері шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктерімен иен далада шайқасқанда қандай мықты жауды да жеңе алатын.

Ия, Көсегенің Көкжоны арқылы ықылым заманнан сандаған керуен жолдары өткен. Жаугершілік, аласапыран заманда талай қақтығыстар болып, Қаратаудың қара тастары қанға боялған.

«Көсегенің Көкжоны», «көсеге» деген атау неден, қалай шыққаны, оның нені меңзейтіні әлі күнге жұмбақтау. Қазақта «Көсегең көгерсін!» деген жақсы тілек білдіріп, жастарға бата беретін дәстүр сақталған. Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі – құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі – теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз. Сірә, көне дәуірде Сыр өзені мен Талас-Аса өзендері теңіздей шалқып жатқан тұста қарт Қаратаудың жота-дөңестері әлгілерді екі бөліп жатқан болар. Бұл аймақ ежелгі теңіздің табаны екендігіне ғылыми дәлел жетерлік. Келе-келе топан су тартылып, таудың үсті көк­орай шалғынға, табиғаты әсем аймаққа айналған сияқты. Көсегенің Көкжоны деген атауды сол дәуірлерде өмір сүрген ежелгі сақтардың, түркілердің қолдануы мүмкін.

Қаратау – тұнып тұрған тарих. 2018 жылдың 1 маусымы күні жолым түсіп, Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен басқармасының сол кездегі бастығы Мұратқали Сәрсеновтің кабинетінде болдым. Кабинетте Қаратау өңірінің сан түрлі тастарының жиынтығы бар екен. Соларды қызыға қарап тұрғанымда қасыма   келген   Мұратқали   мырза:

– Мына тасқа зер салыңызшы, Сәке, – деп менің назарымды қолындағы шағын көкшіл тасқа аударды. Тастың бетінде әлде көбелек немесе өрмекші ме, жабысып тасқа айналып, таспен бітісіп кеткенін байқадым.

– Қонаққа келген академик Ғаппар Ерғалиевке көрсеткенімде ол таңғалғанын жасырмай: «Жершарының пайда болғанына 4,5 миллиард жыл болды деп жүр қазіргі ғалымдар. Мүмкін, онысы, рас болар. Осы аймақ көне заманның көзін көрді. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді. Таудың тастарына көз салып көріңдер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді, – деп еді белгілі ғалым. Зерттелмей жатқанжұмбақ дүниелер әлі қаншама?! Мына тас Қаратау өңірінің біз білетін тарихын одан әрі кеңейте түсті. Бұл мыңдаған ғасырлық тіршіліктің куәсі ғой. Қаратаудың қойнауы тарих көмбесі, зерттей түсу керек, зерделей түсу керек екен.

Қаратау өңірінің көне тарихы мен ортағасырдағы керуен жолдарын зерттеген профессор Мадияр Елеуов: «Көсегенің көкжоны жолы. Оңтүстік – шығыстан солтүстік – батысқа қарай созылып жатқан, Қаратаудың үстіндегі теңіз деңгейінен 1000-1500 м биікте жатқан, күнгей мен теріскейге ағатын өзендер бастау алатын жотаның үстімен жүрген бұл жолдың басы Теріс өзеніндегі өткелдің сол жағасында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан басталған. Ол Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан Теріс,Үлкен сай, Жосалы, Саясу, Белбұлақ, Тікасу, Үлкен арбатас, Арбатас, Кіші Тамды, Қарашасай, Қарашат, Бесағаш, Бала шабақты, Теспе, Байжансай, Арыстанды асулары мен шатқалдары арқылы өтетін жолдарды кесіп өтеді. Арыстанды өзенінің жоғарғы ағысына жеткенде жол екіге бөлінген.Оның негізгі сұлбасы Үшбас төрткүлі мен елді мекенінен, Бабаата қаласынан өтіп Шолаққорғанға жеткенде, Қаратаудың теріскейі арқылы өткен керуен жолына қосылған, ал Арыстанды өзенін жағалап бұрылған тармағы Есіктас тауының солтүстік беткейімен өтіп, Қарасу өзеніне жеткенде, Испиджабтан шығып Шаян арқылы Шолаққорғанға өткен керуен жолын кесіп өтіп, Қаратаудың күнгей беткейі арқылы жүрген Ұлы жолға қосылған», деп жазады. Міне, Көкжон тарихын білгісі келген кісіге тың дерек.

Көсегенің жонында Үшбас деген шүйкімдей ауыл бар. Үшбас атауы ауылдың күншығыс жағын қоршап тұрған үш таудан алынған. Бастөбе, Ортатөбе, Аяқтөбе деген әр тау-төбенің өз жеке аттары бар. Бұл көптеген көз жасындай мөлдір, таза, мол сулы бұлақтардан (Бәйімбет, Қаракөз, Майбұлақ, Тасбұлақ, Шырымбет, Әулиебұлақ және т.с.) басталып, Созақ өңіріндегі емдік қасиеті мол Қызылкөл көліне құятын Үшбас өзенінің соңы. Шілденің ыстығында өзен суы азайғанымен, көктемде қыста мол түскен қардың еріген суына жаңбыр-жауын қосылып, буырқанған тау өзеніне айналатын, тіпті ағысы ат өткізбейтін тентек мінезі бар. Кей кісілер кезінде өзен жағасы қалың тоғай болған дейді. Болса болған шығар, қазір де солардың жұрнағы ретінде әр тұстан өзен бойынан көкжелек ағаштарды кездестіруге болады.

Қорғантөбе, Қарауылтөбе, Қоңыртөбе, Қамыр әулие, Аққырқаның, ескі зираттар мен қорымдардың сырын кім біледі? Неге анау бір таулы қыратты Аюсоққан, екіншісін – Бүркітті, үшіншісін – Арыстанды, төртіншісін – Бұзаушоқы, әне бір суы мол, шөбі шүйгін жалпақ сазды Бәйімбет сазы (бұл сазда кеңес дәуірінде біраз жыл жазғы аудандық пионер лагері болыпты), басқа бір күнгей беттегі сазды Үркімбай сазы (белгілі ғалым, академик Марс Фазылұлы Үркімбаевтың бабаларының жайлауы) деп атаған? Қаратау сілемдеріндегі Бүркітті мен Итауыз деп аталатын қақпа арасында қалмақ шапқыншылары мен қазақтар арасында кескілескен үлкен ұрыс болыпты деген аңыз әңгіме, сірә, бекерден-бекер айтылмаған болар… Ол жерде жоңғарлар қырғынға ұшырап, жеңілістің ащы дәмін татып, тарыдай шашылып, тоз-тоз болып кетіпті. Ол жер қазір «Қалмаққырған» деп атануы осы тарихи оқиғаның куәсі секілді.

Біраз әндердің авторы, сазгер, ақын Төлеу Үшқоңыров бүкіл саналы ғұмырын Сарысу ауданында өткерді. Ойы озық, көңілі ояу азамат көп жылдар ішкі істер органында еңбек ете жүріп, ән жазуды, жыр жазуды, өңір тарихын қағазға түсіріп жүруді де ұмытпады, естеліктер жазды, бірнеше кітап шығарды. Оның жазған бір мақаласында мынадай мәліметтер кездеседі: «Белгілі сазгер Төлеу Үшқоңыров та ел аузындағы деректер негізінде Қаратау өңіріне қоныстанған аталар жөнінде өз мақаласында біршама қызықты деректер келтірген. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылы болған Жоңғар шапқыншылығында қырғынға ұшыраған халықтың қалғаны Шу, Талас өзендері мен Қаратауды тастап Сыр бойын паналайды. ХІХ ғасырдың басында олар өздерінің байырғы қоныстарына қайта оралады. Бірақ, соның артынша-ақ қалмақтар Шу, Талас бойына Қаратау өңіріне басып кіреді. Оларға қарсы Сеңкібай батыр бастаған «Төбет батыр» атанған Әйтімбетұлы Қанай, Абызұлы Тағай, ожырай Шешенбай, Тулақ, Байтығай ұлдары Санбай, Кенкібай, Шелекұлы  Оразәлі батырлар өз аталарынан қол жинап, қалмаққа қарсы тұрады. Осы ұрыста Шешенбай, Тулақ, Санбай, Тағай батырлар ерлікпен қаза болады. Олар туралы Оразәлі батырдың әкесі, соғысқа қатысқан Шүлкеман жырау жырында мынандай үзінді бар:

Көкжоны Көсегенің кең, шұрайлы,

Сыйлаған ерен батыр Сеңкібайды,

Батырын қалмақтардың жер қаптырған.

Қарап-ақ жекпе-жекте немқұрайды.

Ел үшін өлмек батыр, тумақ батыр,

Қапыда аттан түсті Тулақ батыр…

Қазақтың көкке малған қылышынан,

Көп қалмақ жержастанды, шулады ақыр.

Шешенбай ән мен жырға шалқар еді,

Құмары жауға шапса тарқар еді.

Бірі ұшып, бірі жайрап қалың қалмақ,

Сазайын қан майданда тартар еді.

Кенжебай Байтығайдың кенжесі еді,

Маңайдан табылмаған теңдес бегі,

Айбыны арыстандай батыр болды,

Майданда сау қайтпаған бездескені…

Қаратау халқы Сыр бойынан қайта кел-генде ежелгі қоныстарының Асан қайғы іздеген Жерұйыққа айналғанын көреді. Қарт Қаратаудан жамырай аққан Үшбас, Бүркітті, Шабақты өзендері мен Аса, Талас өзендерінің мол суы Қаратау мен Көкшеқұм арасын сексен көлге айналдырып, аққу ұшып, қаз қонған, балығы тайдай тулаған, жолбарысы мен елігі, қасқыры мен қабаны тағы басқа аңдарының неше түрі қалың ну қамысты жайлаған екен. Көкше құмның сексеуілі Қаратаудың теріскейіне дейін өсіп тұрған.

Біздің аталарымыздың қонысы Жайылма мен Маятас ит тұмсығы өтпейтін ну орман екен. Бұл жайлы атам Үшқоңыр, ауылдың көнекөз қариялары айтып отыратын. Осы заманғы қуатты техникалармен  игерілмеген жерлерді сол кездегі ата-бабаларымыз оны кетпенмен, ағаш соқамен-ақ игергенін аудан аумағындағы арық-атыздар, орман-тоғандар дәлелдесе керек. Атап айтқанда, Саудакент бойындағы Шотан мен Шахан арықтары, Талас бойындағы Қатын жарма, Құжығыр тоғаны, Шешенбай арықтары, Шу бойындағы Ожырай арықтары осының мысалы болмақ. Бұл өңірде табиғат байлығы мен қатар, егін және мал шаруашылығы, қатты дамиды, ел молшылыққа кенеледі. Осы молшылықтың шет жағасын көрген. Кіші жүз рулары алшын, тама, жағалбайлы ертеде-ақ қыз беріп, қыз алып, аралас-құралас болған, - деп баяндайды.

Көне қариялардың әңгімелеріне сенсек, Қаратау сілемдерінде ит тұмсығы өтпейтін ну орман, сулы өзендер мен бұлақтар мол болған. Сондықтан шығар, Ақтоғай, Талдыбұлақ, Көлмекөл, Батпақсу, Көктал, Байжансай, Қарашат және т.б. аттардың соңғы кезге дейін сақталып қалғаны. «Жері байдың, елі бай» дегендей, осы өңірде мыңғырған мал өсіріп, тоған байлап, каналдар тартып, арықтар қазып, егін еккен, сөйтіп молшылыққа кенелген ата-бабаларымыздың ерен еңбегіне тәнті боласың.

Көктем айларында бүкіл қыраттар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. Қызыл кітапқа енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, сары жауқазын гүлдер – тау қызғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындарыерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізіліп, олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, селекция арқылы қызғалдақтың ондаған (баз бір мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсіріп, Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.

Тарихы терең Көкжонда ХХ жүз­жылдықта колхоздастыру кезеңінде Сары-су ауданы бойынша бар болғаны екі-ақ орта мектеп болған. Оның бірі аудан орталығы Саудакентте болса, екіншісі Көкжондағы Үшбаста болған. Соңғысының жанында интернат болып, сол аймақтағы ауылдардың балалары білім алған. Олардың арасынан Р,Ерсейітов, А.Сәрсенбаев және т.б. азаматтар мектептен кейін жоғары білім алып, көп жылдар ел басқарған.

Еліміздің тарихында есімдері қалған алғашқы тау-кен инженерінің бірі, Алматы-дағы политехникалық институтының үйым-дастырушысы әрі алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаев, Түркістан қаласы атқару комитеті бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының бастығы болған Ағабек Байдуллаев осы жондағы Қаратас, Үшбас ауылдарының тумасы. Өкініштісі, екеуі де 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен. Олардың ұрпақтары қазір де осы өңірде тіршілік етіп жатыр.

1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі көтеріліп, сол жылдың көктемінде Түркістан әскери оқругының бір топ әскерден демобилизацияланған жігіттері үндеу көтеріп, Көкжон өңіріндегі бірнеше колхоздардың басын біріктіріп, «Түркістан» (қазіргі Ә.Бүркітбаев ауылы) тың астық совхозының негізін қалады. Палаткалар тігіліп, алғашқы үйлердің қазығы қағылып, құрылыс қызу басталды. Даладағы бозторғайлар әніне сандаған тракторлар мен автокөліктер моторларының үні қосылып, кең даланы тербеп, тың игеру жұмысы қызды.Келер 1955 жылы аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов осы тың игеріп жатқан шаруашылыққа атын бұрып, 2-3 күн бойы елмен, жермен, жастардың ерен еңбегімен танысып, дидарласып, тың игерушілердің тұрмыс-тіршілігін «Түркістан осылай туған» атты әдемі очеркке сыйғызып, оны облыстық және республикалық газеттерге жариялатты. 

«Ана бір жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезов Оңтүстік сапарында осы өлкені аралап жүріп адасқанда Көсегенің көкжонына шығып, мақпал қою түнде Темірқазыққа қарап жол тауып тұрып, әуелі тұлдыр жалаңаш деп ойлайтын Қаратаудың қойнауы бастау-бастау көз, тал-дарақ, шүйгін шөбінің көптігіне керемет қай­ран қалыпты. Бұнда, расында да, не өспейді? Көржайлаудан Мыңжылқыға дейін дәрілік өсім­діктердің алты жүз түрі қа­сиетті топырақта тамыр тартып, гүлдейді екен: Берікқара терегі мен Торлан құмдақ шөбі, Талас берпі мен Өгем баданы. Піскем сарымсағы мен Жетімтаудың жамбасжуасы, кендірше мен шөмішкүл, усасыр мен кекіре, сасыққурай мен шөлмасақ, дермене мен жаужұмыр, сарыандыз бен көбенқұйрық, түктіаяқ гүлкекіре мен қызыл-көк таусағыз, ассүттіген мен сасыр жаратылыстың жомарт жанынан жаралғандай. Қара­тауда бұлардың 5700-ге тарта түрі барлығы айтылады. Балауса көктемде баурайларда бәйшешектер пырдай болып бүр жарып, ерте көкөзекте наурызектер нәумізік тіршілікке нұр беріп, көп ұзамай қырда қызғалдақтар теңізі қаулап көкжиекке атбасады. Пау, шіркін-ай!..», - деп таңғалады ақын Аян Нысаналин мен академик Бәйдібек Төлепбаев.

Ақын Несіпбек Айтұлының «Бердіқожа батыр» атты поэмасында Көкжон туралы мынадай жолдар бар:

Көсілген Көсегенің көк жонында,

Шырылдап Ботбай, Шымыр шабылғаны.

Қосылып Есенқұл да бір жағынан,

Тыныштық кетті ойдағы, қырдағыдан.

Жайыл да айналасын жайпап жатты.

Жазушы Дүкенбай Досжан «Зауал» романында (Алматы, 2011) «...Былай шыға ат басын жіберді. Барлығып, қазық қажап тастаған жарау жүйрік адыр бетімен сырғи жөнелді. Қарсы беттен ызыңдап жел соқты. Көз алдына бұлдырап сағым кілкіді, тұяқ тиген жер­дей бұлдырық ұшты. Доскейдің көзінен жас парлады. Қалтасынан орамалын алып аттың жанарын сүртті. Сол шапқаннан, кәрі жылқышы Көсегенің көк жонынан өтіп Қарынжарық шатқалына кірген. Шабыс бәсеңдеген секілді. Тізгін тартып, жалпақ бір тасты тесіп, қайнап шығып жатқан бұлаққа түсті. Атқа су ішкізген жоқ. Кәусар тіс жарар мұздай екен. Қос қолымен көсіп ап сімірді кеп. Тұла бойынан тер шықты. Еңсесін көтеріп маңайына қарады. Құлындарын шұрқыратып ақжал биелер, сері мінез айғыр, соңында тай, жабағысы бар үйір жылқы құлап келеді. Қиыс бұрылып бұлақ арнасынан олар да су ішті. Дүр-дүр сілкінді. Кертөбел тай шетке ойнақтап шықты, мылтық сүмбесіндей жіңішке, құлағы қияқтай, Жал-құйрығы сүзілген, көз құртын жейтін кілең сәйгүлік...» дейді.

Ал белгілі ақын Исраил Сапарбай «Ұлы көш» деген жырында:

Көш келедi!

Көпшiлiк, нанасың ба?!

Арасында – ардағың, алашың да!

Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық

Ұлан-ғайыр қазақтың даласында!

Көш келедi!

Жұртым-ау, сенесiң бе?!

Көсегенiң жонында,

Белесiнде.

Айбарынан батырдың пақыр ығып,

Айдарынан ақынның жел есуде!, -дейді.

Жазушы Пернебай Дүйсенбин «Табиғаты ерек Жон өлкесінде (Көсегенің Көкжонын жергілікті халық қысқартып кейде Жон деп атайтыны бар – С.О.) Ақпанбет бұлағы бар. Кезінде осы өңірде мергендігімен аты шыққан Асан деген мерген кісі болыпты. Домбыра тартып, ән салатын серілігі де болса керек. Атқан аңының тең жарымын әл-ауқаты төмендерге үлестіретін сақылығы да бар.

«Бұлағын Ақпенбеттің арқыраттым,

Басына арқар сойып жарқыраттым.

Көк шалғын майсасында аунап жатып,

Шалқытып, шырқап әнге судай тастым.

Бұлағы Ақпенбеттің шекер балдай,

Ішкен жан мейірленіп қағар таңдай.

Кір жуып, кіндік кескен, қайран Жоным,

Кеудемде шырағымсың жаққан шам­дай», дей келіп, ел аузында сақталған осы жыр жолдары арқылы Көкжонның адам қызығарлық табиғатын, атамекенге деген ерекше құрметін суреттейді. 

Көкжон туралы ақын-жазушылардың еңбектерінен біраз мәліметтер алуға болады. Мысалы, қазақтың белгілі классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов Баба-атадан келіп, алғашқы еңбек жолын осы «Үшбас» колхозында есепші-табелшік болып бастаған. Ол туралы ол өзінің аяқталмай қалған «Жизнь в скитаниях» деген орыс тілінде жазған әдеби естелігінде келтіреді («Тұлпар тақылеттес тұлға», Алматы, «Білім баспасы», 2008, 260 бет).

Жондағы Арыстанды аулының маңында Ш.Уалиханов атындағы тарихи тұрақ бар. Ол палеолит дәуірінің ескерткіші болып саналады. 1958 жылы профессор Х.Алпысбаев басқарған археологтар тобы қазба жұмыстарын жүргізіп, 6 мәдени қабат аршылып, тың мағлұматтар алған. Әрбiр мәдени қабат палеолит дәуiрiнде адамдар тұрақты бiрнеше рет мекендегенiн көрсетедi. Қабаттар сары топырақ арқылы бөлiнген. Мәдени қатпарлардың 10 метрге дейiнгi қалыңдығы он мыңдаған жылдар бойы бұл жер алғашқы адамдардың өмiр сүруiне өте қолайлы мекен болғандығын айғақтайды. Тас құралдары шақпақ және халцедоннан дайындалған. Қазба барысында бiрнеше мың тас бұйымдары, екi жағынан өңделген шапқы құрал, қырғыш, жонғыш, кескіш және т.б. аршып алынған. Тұрақты мекендеушiлердiң негiзгi кәсiбi бизон, бұғы, киік, жылқы аулау және өсімдіктер тамырын, жемiс-жидектердi теру болған. Мұны тас құралдарымен қоса шыққан осы жабайы жануарлар сүйектерi көрсетiп бердi. Шақпақ тас пен халцедон қорының жақын маңда көп болуы тұрғындарды еңбек құралдарын жасауға қажеттi шикiзатпен қамтамасыз еткен. Тас бұйымдарды өңдеу үшiн сүйектен, мүйiзден жасалған құралдар да пайдаланылған. Қазба жұмыстары кезiнде ошақ орындары да аршылған. Странтиграфия сақталған осы тұрақ материалдары тас дәуiрiндегi көптеген мәселелердi шешуде мол мүмкiндiк бердi. Мұндай ескерткiштердегi тас бұйымдардың мерзiмiн Уәлиханов атындағы тұрақ материалдарына қарап анықтауға болады. Тұрақты адамдар мустье дәуiрiнен бастап, кейінгі палеолит ақырына дейiн мекен еткен. Уәлиханов атындағы тұрақ – отандық археологияда байырғы адамдардың өмiрiнен, шаруашылығы мен тұрмысынан мол мағлұмат беретiн бiрегей ескерткiш болып табылады.

Жоғарыда аталған Үшбас ауылы төңі-регіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауылтөбе, Ақжар Х-ХІ ғасырлардан қалған қорған-қамалдар, ежелден келе жатқан тарихи орындар. Мысалы, Қамыр әулие кесенесі Үшбас ауылынан 2-3 шақырымдай жердегі ескі бейіттер ортасында дара тұр. Сырт көрінісінде ерекше сәулет жоқтың қасы. Қабырғалары күйдірілген төрт бұрышты қызыл кірпіштерден төрт құлақты етіп қаланған. Айтушылар бұл ІІІ ғасырдың туындысы дейді. Кезінде төбесі күмбезделген көрікті кесене болыпты, уақыт келе жауын-шашыннан, зілзаладан бірнеше рет бұзылып, жергілікті азаматтардың қолымен қалпына келтірілген екен. Ешкім оның алғашқы көрінісі қандай болғанын кесіп айта алмайды, алғашқы суреті еш жерде сақталмаған. Қазіргі кесененің қалыңдығы 60 см, күйдірілген, салмағы жеп-жеңіл екі қатар қызыл кірпіштен қаланған, төбесі ашық. Ені 4,6, көлденеңі 6 метрге жуық, биіктігі 2,2 метрден асады. Кесене ортасында қызыл кірпішпен қаланған бейіт бар. Ертеректе бейіт басында бетінде арабша жазуы бар ақ мрамордан белгі болған екен. Оны бір зерттеушілер «орталыққа апарып, не жазылғанын зерттеп, қайтарамыз» деп алып кетіп, содан кері қайтармапты. Оны кімнің алып кеткені, онда не жазылғаны еш пендеге белгісіз. Ерте кезден Қамыр әулие басына бала көтермей жүрген әйелдер, басына қиындық түскен жандар, денсаулығы сызат берген сырқаттар келіп, дұға оқып, садақа беріп, әулие басындағы бұлақтан су ішіп, басына түнейтін болған. Қазір де сол дәстүр жалғасып келеді.

Қамыр әулие осы Көкжон аймағында аңызға айналған тарихтың бір сәулесі. Сол қасиетті орынды қастерлеп, жаңғырту біздің, қазіргі ұрпақтың міндеті. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына сұранып тұрған қасиетті орынның бірі – Қамыр әулие кесенесі. Қамыр әулиені көпшілік болып қолға алып, жергілікті атқару органдарының көмегімен оған реставрациялық жұмыс жүргізіп, сәулетшілердің ұсынысына сай ежелгі қалпына келтірсек, артық болмас еді. Киелі орындармен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Сарысу ауданының көлеміндегі Қамыр әулие, Шоқай датқа және де басқа қасиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, басқа жұртқа да әйгілеуді назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.

Ия, киелі де қазыналы Қаратау өңірі ықылым заманнан бері не көрмеді, не естімеді, басынан нелер кетіп, не келмеді. Ғасырлар бойы қаншама оқиғаға, тарихқа куә болды. Тарих әлі жалғасып жатыр. Өңір жыл өткен сайын өзгерістерге ұшырауда. Қырат бойында қаздай тізіліп тұрған жел электростанциясының заулім бағаналары, игеріліп жатқан фосфор кеніштері, тау беткейлеріне тартылған асфальт жолдар және т.с.с. жағымды өзгерістер халық игілігіне жарап жатса неге марқаймасқа!

Қорыта айтқанда, Жамбыл облысының Туризм басқармасы, Сарысу ауданының басшылары біз көтеріп отырған мәселеге бейжай қарамай, назарларында ұс­тап, туристерді тартатын ішкі туризм бағдар-ламасына қасиетті Қаратау бойындағы шұрайлы аймақ – Көкжон өңірін енгізгені артық болмас еді.Туған өлкеміздің кешегі және қазіргі тарихын кейінгі жастар біліп жүргені абзал.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

 Тараз қаласы

1724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз