• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2021

АҚТӨБЕ ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ЖАУЫНГЕР ЕЛЕСІ

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,

гуманитарлық ғылым магистрі

Ырыздық-дәм таусылмаса қырық жыл қырғынның болғаны, оқтың қарша борағаны, талша мойынның қылша жүдегені пенде баласына әсер ете қоюы екіталай дүние. Үстіне тау құлап кетсе де, ажалсыз адамдар өлмейді деген осыдан да болар. 1942 жылдың қаңтар айының 9-ы күні әскер қатарына алынған жауынгер жайындағы бір тұмшаланған тұнжыр естелікті баян етіп көрелік.

Қазақтың даласынан қан майданға жауынгер жинап, алып империялар арасындағы қақтығысқа, қанды қасаптың қақ ортасына жасты да, жасамысты да еріксіз апарды. Ұлттық болмыстың өзгеріске ұшырап, талай ұлтқа қаймақ болған жайсаңдарды, елге бас болған тектілерді, ат мініп ұлт көшін бағдар қылғандарды, білім алып, жаңаша сауат меңгергендерді түгел тып-типыл қырып бітіргесін, қызыл үкімет өз саясаты мен идеологиясын географиялық мекендерге ғана емес, халықтың санасына да жүргізе бастады. 1916 жылы патшаның әскер қатарына 19-43 жас аралығындағы жігіттерді жауынгерлікке бермейміз деп қарсы болып атқа қонып, талай дүмпулермен дүр сілкінген елдің еңсесі әбден құлаған шақта «Ленин біздің атамыз», «Сталин ұлы көсем» сынды ұрандарды анасының ақ сүтіне жаудырған алғыстай саудыратып жіберді. Сөйтіп, шындығы әлі беймәлім майданның бел ортасынан талай жастар бір-ақ шықты. Талайы шейіт болып кетті, талайы фашистік лагерлерде жан тапсырды, талайы оқ атып үлгермей әскери жасағымен тұтқынға түсіп, отанын сатқан деп әрісі жиырма бес жылдан арқалап кете барды. Енді талайының тағдыры мүлде белгісіз арнада, хаты да, хабары да, дүниеде бары мен жоғы белгісіз күйде, артындағы үміттің үркерін таң атқанша сөндірмей, тілеп жататын іздеушілерінің ғана көңілінде өмір сүріп жатты. Соның бірі біз сөзге тізіп, сөйлемге арқау еткелі отырған Ескендірұлы Сағынай. 1914 жылдың тумасы. Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданына қарасты мекендерде ғұмыр кешкен. Артында анасы мен жалғыз қарындасы ғана қалып, өздерінің өмірінің соңына дейін 1943-жылдың ақпан айында Мәскеудің түбіндегі Клин қаласынан келген хатқа үмітін артып өткізген. Одан кейін лүп еткен ошар, үп еткен хабар ұшты-күйлі жоқ болып, оттың басының сенер биігін күтумен өткен. Соғыс аяқталысымен-ақ анасы мен қарындасы жергілікті аудандық әскери бөлімнің табалдырығын тоздырып, сұрау салумен болады. Жалғыз ғана жауап алатын, «із түссіз жоғалған» деген. Тіршілікте үмітке сену тәтті, бірақ тым ұзақ күткен сезімнің салмағы жеңіл емес. Бұндай адами сезімдер мен пенделік сағыныштарды қазақ даласының түкпір-түкпірінде мыңдаған, тіпті миллиондаған шаңырақтардың басынан өткізгендігі жасырын емес. Барлық айыпты «сұм соғыс» деп бір ғана атауға жаба салу сол заманның да, қай уақыттың да әдетіне айналғаны қашан... Сарсаңға түскен тағдыр, бір ғана хатқа үңіліп, күніне мың-миллион мәрте оқып, көңілінде талай алаң мен үміттің қақтығысын өткізіп, жүректегі толқыныс пен қорқыныштардың бел ортасында бой көрсету, әр таңды бүгін келіп қалар деп атырып, әр кешті тағы да хабары болмады-ау деп батырған қоржын үйдің, жалпылдақ шамының астында отырған екі пенденің бір аңсарын асыға күткен үмітінің үлесі мен титықтаған, алабұртқан, маздаған, мұңайған, дүниені сол бір парақ хатты пырақ қылып, ғайыпқа самғаған тәтті көңілдердің ащы азабына кім жауапты?! Дүниедегі оңай сауалдардың жауабы қиын болатыны несі екен...

Үйде жалғыз ұлдың түйір хабарын тосқан шеше байғұс алаң көңілі аспанға бір мініп, бір түсіп, ақ жаулығына сәби сынды уыз арманын ақ шаштарымен көмкеріп тағатсыздана күтіп отырды. Сол баяғы жауаптан өзге хабарды күтеді. Пенде шіркін, жаңалық пен жақсылыққа құмар жаратылыс емес пе?! Адамдық астарлы сезімдер осындай ұзақ үмітті үкілеп күткенде тіпті тулап кететінін тірі көңілді әр адам сезеді. Бірақ, аналық арман дүниелік мезеті мен межесіне жете алмады. 1961 жылы талай бейнет пен талай нәубетті, күтумен өткен ғұмырдың баянын тәмамдап, дүниеден өтіп кеткен. Дүниеде жақынын күткен сәтпен сол уақыт өлшемінің өзегінде жатқан сол заманның адамдары ғана түсінер нәзік те өксікке толы сезім иірімдерін қазіргі жаһан түсіндіре алмасы анық. Бұндай тағдырлар әлемді қоя тұра, қазақтың әр екінші үйінің бір ағайынының әулетінде орын алған сюжет екені рас. Бір бейбіт күні осындай ақтаңдақ, сонау ауылдың бір қырында төмпешік болып қалған тағдырлардың естелігін жаңғыртып, оқырманға ұсыну, бүгінгі қоғамның тағзымы болар бәлкім, егер оны атқара алса...

Жалғыз қарындасы күнде құмалағын салып, жақсылыққа жорып, жалғыз ағасының жаңалығын тосқан алаң көңілі бір күндері тіпті қуанып, үмітінің дәл ертең орындалатыны іспетті, төбесі көкке жетіп, желпініп қуанып, жеті нанын таратып, сандықтағы жаңа көйлегін шығарып, бір абыр-сабыр күйдің сезімдік сүйемелдеуінің ырғағына сүйеніп, сырлы бір қалыптың қалтарысынан жәутеңдеген үмітінің үнсіздігіне әуен біткендей, адамдық арман деген тәйірі орындалатын құбылыс екен ғой сірә, деп қапылып та қалған еді. Оған себеп, Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданына қарасты Көрпе деген ауылдан Ахмет деген кісі Қарақалпақстанда тұратын туған қарындасының шақыртуымен, шұғыл шаруасын бетке алып, Ақтөбенің әуежайынан бір-ақ шығады. Бір ұшақтар қонып, келесі әуе кемелері кеңістікке әзірленіп тұрған мезетте өз ұшағын бетке алып бара жатып, есімін айтқан жаққа қарай қалады. Сөйтсе, Сағынай екен. Оның естен шыққаны қай заман. Одан бері талай су тасып, талай қар басып, соғыстың аяқталғанына да 27 жыл өткен болатын. Ширек ғасырдан кейін, із-түзсіз жоғалған жігіттің Ақтөбенің әуежайында ұшырасуы бұл дүниенің күтпеген жүздесуі. Өзінің тұтқында болғанын, қаз-қатар тізілген адамдарды екінші ұшаққа итпен қоршап тиеп алып бара жатқанын бір сәттік қана сюжет аясында айтып үлгереді. Қайдан, қайтіп, қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейтінін, елге сәлемін дауысын жаңғыртып қана үлгеріп қалады. Басқа хабар да, ошар да, өзге хат та, жауапта жоқ. Осы оқиғаның желісін елге келіп күтіп отырған жалғыз қарындасына сол ауылдан бір әжей келіп, сүйіншісін сұрап, қуанышпен жеткізеді. Қарындасы Ескендірқызы Сыпайы бір жаңалықтың болғанын жақсылыққа жорып, енді келетінін бек үмітпен күткендей еді. Бір баяғы жартас сол күйінде қаздиып қатып тұрған күйі жылжымады. Жартастан да жаңғырық шығады, ол да жансыз дыбыс. Сол секілді алып-ұшып аудандық әскери бөлімнен ағасының хабарын сұрап қарындасы бір-ақ шығады. Кеңес үкіметі деген өзі құпияға құрылған, адам тағдырының тәлкегі аса құндылыққа санала бермейтін, совет адамы деген қызыл империяның дегеніне жығылып, орақ пен балғаның мәртебесін қандай жағдайда да сайрап тұратын, субъективтіліктен алыс, жеке үнің мен үрдісің, адами арман тілектің орындалуына ор қазбаса, жолдама ұстататын ұжым емес секілді... Із-түзсіз деген жауапты ұртына тығып, ауданнан бес шақырым фермада жатқан қоржын үйіне жаяулап, еңсесінің езілген күйі баяу аяңдай түседі. Бұл 1967 жылдың жазы еді. Қолында жалғыз ғана 1943 жылы алған хаты ғана. Осы хатты 2000 жылдың жазына дейін сақтап, өзі елу жыл тұрған ауылынан көшерде отқа өртеп, барлық үміті мен күткен сезімдерінің қат-қабат салмағын тілсіз жалынның құрсауына күйдіріп, тағат пен сабырдың, сенім мен төзімнің жолдарына нүкте қойған іспетті. Басқа амал да жоқ болған шығар, бәлкім... Адамның алпыс жылдай күткен құбылысын сол сезім иесінен басқа ешкім сөзбен түсіндіріп бере алмас. Адами сезімдер атан түйеге артатын жүк те емес. Сол қонысынан жаңа бағытқа беттеген ағасын алпыс жыл күткен ғұмыр да 2001 жылдың мамыр айында мәңгілік мекеніне аттанып кетті.

1967 жылы Ақтөбе әуежайына талай құпия ұшақ қонып, ұшқан шығар. Оны бір Құдайдан өзге ешкім білмес. НКВД-ның мұрағатында қандай мәліметтер шоғырының бары бұл дүниедегі пенделерге тағы қолжетімсіз. Құпияға құрылған жалған ұрандарды ұлықтаған кеңестік жүйенің адам тағдырларына қылған қисапсыз обалы бүгінгі есті адамды қынжылтып та жүр. Қазіргі заманауи ізденіс құралдарынан табылғаны ресейлік Мемориал сайтынан алынған бір жапырақ парақ қана. Өзге із бен белгі мүлде білінбейді. Ұрпақсыз, ұрансыз өткен бір әулеттің тағдыры мен тарихының қысқаша баяны осылай өрбиді. Егер, осы жауынгердің қандай да бір хабары мен ақпараты таныс қазақ болса, байланысқа шығуы сұралады.

2126 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз