• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2021

ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ: БАСЫМ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран-Астана» университетінің профессоры,

ғылымтанушы, білімтанушы, руханияттанушы

 «Өркениет» пен «мәдениет» деген – бұл екі ұғымның көптен бері, шын мәнінде, «жалпы әңгімеге» айналғаны рас: оларды кім сөз етпейді дейсіз. Оларға адамзаттың жазба тарихында сансыз кітаптар, кітапшалар, мақалалар, диссертациялар, оқулықтар, оқу құралдары және энциклопедиялық басылымдар арналған. Олар әлемнің түрлі тілдерінде жүздеген, мыңдаған анықтамаларға (дефиницияға) ие. Бір таңғалдыратыны сол – оларды бір-бірінен айшықты түрде ажырататын мәндік анықтамалары мен маңызды айырмашылықтары туралы нақты түсінік әлі жоқ: олар бір мәнді ұғымдар ретінде немесе болмашы айырмашылықтары бар ұғымдар ретінде немесе басқа тарихи жағдайларда біреуінің (мәдениеттің) екіншісіне (өркениетке) байланысты «дамуы» ретінде қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, оларды түсінуде алаңсыз шатасушылық бар. Осыған байланысты, ең алдымен, осы екі іргелі жалпы ғылыми, оның аясында әлеуметтану категорияларының және олардан туындайтын «көшпелі мәдениет» және/немесе «көшпелі өркениет» категорияларының мазмұны мен арақатынасын түсініп алған жөн. Заманында Р. Декарт айтқандай: «Сөздерді дұрыс анықтаңыз, сонда ғана сіз әлемді түсінбеушіліктен жартылай құтқарасыз», сонымен қатар, «олардың шынайы мағынасын ашу үшін ұғымдарды дұрыс салыстыру керек» (Н.Н. Трубников).Сонымен, осы материал авторына, көшпелілердің ұрпағы ретінде, мәдени-өркениеттік теория мәселелеріне арналған көптеген батыс әдебиеттеріндегі жалпы көшпелі қоғам және, атап айтқанда, көшпелі шаруашылық «прогрессивті» адамзатқа ештеңе бермеген (немесе ештеңеге тұрмайтын) өте қарапайым әлеуметтік жүйе ретінде ұсынылатындығы ерекше ерсі көрінеді.

Көшпелі қоғамды мәдениеттің бірде-бір түріне, тіпті «қоғамның өркениеттік түрлерінің» қайсыбіріне жатқызудан бас тарту, атап айтқанда, оны Арнольд. Тойнби мен басқа да көптеген «еуропоцентристік» зерттеушілердің жеңіл-желпі ұғым ретінде түсіндіргені жөн бе? А. Тойнбидің көшпелілерге (номадтарға) деген кереғар көзқарасы оның мынадай тұжырымдарынан айқын көрінеді: «осылайша, уақыт өте келе тарихи оқиғалар алаңына басып кіргеніне қарамастан, көшпелілер, шын мәнінде, тарихсыз қоғам болып табылады» [1, 334-бет].Назар аударып қараңызшы: қоғам бар да, бірақ оның тарихы жоқ! Мұны қалай түсінуге болады? Тарихсыз қоғамды қайдан көрдіңіз? Қандай қарама-қайшылық! Қандай қарабайыр пікір! Бұл – «көшпелілік феноменін» (номадизм) онтологиялық (болмыстық), гносеологиялық (танымдық), методологиялық (әдіснамалық), эпистемологиялық (білімдік), аксиологиялық (құндылықтық) және праксиологиялық (іс-тәжірибелік) қырларынан зерделеу мен ұғыну тәсілдерінің синергетикалық бірлігі аясында, оның ішінде «теориялық тарих» – тарихнама тұрғысынан терең де жан-жақты зерттелмеудің нәтижесі. Осы маңызды мәселенің мән-жайын аталмыш екі іргелі категорияның көмегімен зерделеп анықтау ісі әлде де болса жолға қойылмаған. Енді тақырыпты теориялық-әдіснамалық жағынан ашуға көшейін.

Қазақтардың көшпелі қоғамы, ең алдымен, «өркениет» және «мәдениет» ретінде, сәйкесінше, осы аталған іргелі әлеуметтану категориялары аясында және солар арқылы зерделеніп қабылдануы қажет. Сонымен қатар, отандық және шетелдік әдебиеттерде бұл қабылдау, атап айтқанда, «Шығыс мәдениеті» мен «Шығыс өркениеті», «Батыс мәдениеті» мен «Батыс өркениеті», «Көшпелі (номадтық) мәдениет» және «Көшпелі (номадтық) өркениет» деген атаулармен әртүрлі нұсқаларда орын алады. Олардың өзара қатынасы қандай? Қазақстанның өткеніне – қазақтардың көшпелі қоғамына – осы ұғымдардың негізінен қайсысы дұрыс қолданылуы қажет? Бұл жерде қазақтардың көшпелі қоғамына қатысты кейбір зерттеушілердің – «Көшпелі өркениет», ал басқаларының «Көшпелі мәдениет» деген атауларды қолданатынын ескерген жөн.

Әуел бастан «культура» және «цивилизация» терминдерінің этимологиясы мен қазақ тіліндегі баламалары қандай екенін, олардың қаншалықты дұрыс-бұрыс екендігін анықтап алайық. «Культура» (латын тілінде coltere, сultura) дегеніміз – қоныстандыру, өсіру, бағу, егу, күту, көбейту, өркен жайдыру, өркендету, баптау, тәрбиелеу, қалыптастыру, дамыту. Яғни, культура табиғи үдерістермен байланысты болатын құбылыс. «Цивилизация» (латын тілінде сivilis) – «қала», одан қалалық, қала тұрғыны, азамат, азаматтық (мысалы, «цивилистика» – азаматтық құқық) деген қосалқы ұғымдар туады. Яғни, цивилизация – жасанды үдерістермен байланысты болатын құбылыс. «Культура» қазақ тіліне – «мәдениет», ал «цивилизация» «өркениет» деп аударылып кеткен. Осы терминдердің этимологиясы мен мағынасына сүйене отырып, автор бұл аудармаларды қате деп санайды. Латын тіліндегі «культура» атауы (термині) – өсіру, бағу, егу, күту және т.б. қазақтың «өр» сөзінен туындаған (өре, өру, өріс, өрен, өркен, өрлеу, өркендеу) «өркениет» сөзіне (атауына) сәйкес. Ал «цивилизация» латынның «сivilis» – қала және арабтың «медина» – қала, шаһар деген сөзінен шыққан «мәдениет» (маданиат, мадинат) сөзіне (атауына) сәйкес келеді. Айтпақшы, арабтардың өздері «цивилизацияны», яғни қалалық өмір салтымен байланысты барлық нәрсені – «маданиат» (ортағасырлық ұлы араб ойшылы және ғалымы Ибн Хальдун – «хидара»), ал «культураны» (өркениетті) «харс» деп атайды. Осыдан келіп, аталмыш терминдердің қазақ тіліндегі аудармаларын: «Культураны» – «Өркениет», «Цивилизацияны» – «Мәдениет» деп түзеткен жөн. Және осы мақалада әрі қарай автор культураны – өркениет, цивилизацияны – мәдениет деп қарастырады.

Ресейдің әлеуметтік ғылымындағы «өркениет» («культура») және «мәдениет» («цивилизация») ұғымдарының мәні туралы көзқарастарда да сәйкессіздіктер бар. Менің ресейлік әріптесім «Оңтайлы даму теориясының» авторы, Шаруашылық философиясы академиясының толық мүшесі Е. В. Шелкопляс түрлі авторлардың көзқарастарында сәйкессіздіктер болған барлық жағдайда да оларға ортақ нәрсе болады деп санайды. Айталық, «культура» (өркениет) ұғымының мәні қоғамның рухани бағдарлары, макро-тарихи кезеңде (мыңжылдықтарда) ұзақ және аса ұзақ мерзімді мәнділіктер ретінде сақталатын оның мифологиялық және діни идеяларының жиынтығы болып табылады. «Цивилизацияның» (мәдениеттің) мәні – құндылықтарды тек қайталама (стереотип), іс жүзінде маңызы жоқ әдет ретінде қабылданатын адам болмысының негізінен қысқа (күнделікті) және орташа (жеке өмір ауқымында) мәнділіктерін жүзеге асырудың ұдайы өзгеріп отыратын тәсілдері. Платон ашқан «Құдай идеяларын» күнделікті, өзімшіл мақсаттар мен ыңғайлылық («идеялардың көлеңкелері») деңгейіне дейін сөзсіз жеңілдету заңы бойынша мәдениет өркениеттің жоғары идеяларын материалдық әл-ауқат пен ыңғайлылықтың жеңілдетілген мақсаттарына дейін ақырындап төмендетеді. Дамудың осы кезеңінде өркениеттердің сарқылуы және мәдениеттердің жойылуы орын алады» [2;3].

 «Өркениет» пен «мәдениеттің» аталмыш авторлық кейбір жеке сипаттамаларымен келісе отырып, біріншіден, профессор Е.В. Шелкопляс, барлық басқа зерттеушілер сияқты, «өркениет» пен «мәдениет» ұғымдарының арасында маңызды да айшықты айырмашылық жүргізбейді деп есептеуге бейілмін. Бұл жерде мен оқырман қауымға осы ұғымдардың этимологиясы (пайда болуы) мен семантикасына (мағынасына) сүйене отырып, қарастырылып отырған категориялардың анағұрлым мәндік анықтамаларын (дифиницияларын) ұсынамын. Сонымен «Өркениет» – бұл адамның және адамзат қоғамдастықтарының табиғи тіршілік ету ортасымен – Жер-Ана табиғатымен – тікелей байланысты және онымен үйлесімді болатын іс-әрекеті мен өмір сүру салты. «Мәдениет» – бұл адамның және адамзат қоғамдастықтарының жасанды тіршілік ету ортасымен, яғни, қаламен тікелей байланысты және табиғатпен үйлесімсіздік байланыста болатын қызметі, іс-әрекеті, өмір сүру салты.

Екіншіден, басқалар пайымдағандай, бұрын-соңды өркениет те, мәдениет те антропогендік іс-әрекеттің нәтижесінде түбегейлі жойылған немесе алаңсыз құрыған емес (олардың құруына әкелетін өте үлкен табиғи апаттардың болуы – өз алдына басқа әңгіме, дегенмен олардан да қандай да бір «сынықтар мен іздер» қалатын). Ежелгі өркениеттер мен мәдениеттердің түр-тұрпаты өзгере келіп, өздерінің ерекше өміршеңдігі мен сабақтастығының арқасында олардың «жұғын-жұрнағы» бүгінгі күнге дейін сақталды, өйткені олардың әрқайсысы адамдар мен олардың қауымдастықтарының ерекше өмір салты болып табылады. Бұрындары тек нақты адамдар, адамдар тобы (тұтас халық емес), сондай-ақ империялар, мемлекеттер, патшалықтар, королдіктер, қағанаттар, хандықтар, халифаттар, сұлтанаттар және т.б. адамзат қоғамдастықтарының белгілі бір (нақты) институционалдық формалары жоғалып, жойылып отырды. Шындығында, жер бетінде өмір сүретін барлық тайпалар, этникалық топтар мен ұлттар (жер бетінің 7.8 миллиард халқы) жоқтан пайда болған жоқ қой, олар да белгілі бір халықтардың қандай да бір ұрпақтары және бір кездері біздің планетамызда қалыптасып орын алған өркениеттер мен мәдениеттердің «тасымалдаушы-өкілдері» болып табылады. Сондықтан «белгілі бір өркениеттің жойылуы (соңы)» және «белгілі бір мәдениеттің құруы (соңы)» деп айту қисынсыз, тіпті дұрыс емес деп санаймын. Олар әлсіреп, басқа бір сапалы түрде орын алып өмір сүрмек. Әрі қарай, мен ойдың негізгі арқауына ораламын. Бұл жерде табиғат пен қоғамдағы циклдер теориясын басшылыққа алған жөн [4].

Сонымен, қазақ тілінде культураны – өркениет, цивилизацияны – мәдениет деп қарастырып, менің пайымдауымша, жалпы қазақтардың көшпелі қоғамы үшін «Көшпелі өркениет» деген сөзтіркес (формула) қолданылған жөн. Қазақтардың көшпелі қоғамына қатысты «Көшпелі мәдениет» ұғымы (формуласы) тек шектеулі ауқымда ғана, яғни қаламен және қалалық (отырықшы) өмір салтымен байланысты шамада ғана қолданылады.

Бізге белгілі болғандай, қазақтардың бұрынғы тыныс-тіршілігі (тіршілігін қамтамасыз ету) шағын қоныстарда және, сирегірек, қалаларда қысқа мерзімді маусымдық қыстауларда болатын бір бағыт (маршрут) бойынша жыл бойы төрт маусымдық (қыста – қыстауда, көктемде – көктеуде, жазда – жайлауда, күзде – күздеуде) циклдық көшпелілікке негізделген болатын. Сонымен қатар, қазақтардың өмір сүруін қамтамасыз ету тәсілінің өзі, яғни «номадтық өндіріс тәсілі» – материалдық тұрғыдан да (ұзақ мақсатты сұрыптау (селекция) жұмысы арқылы өнімді түліктің (малдың) жаңа тұқымдарын шығару, өсіру, тарату, малдың түрлері бойынша олардың қозғалыс мерзімі мен кезектілігін белгілей отырып, төрт түлік малды оңтайлы көшіру жолымен нәрлілігі жоғары жайылым оттылығын сақтау), әлеуметтік-рухани тұрғыдан да (бүкіл өмір салты, дүниетанымы, құндылықтары, этноменталитеті) тұтастай алғанда өздерінің атына лайық ата-бабаларының мыңдаған жылдық асқақ өркениетінің және ішінара мәдениетінің заңды нәтижесі, оңтайлы жүзеге асу көрінісі. Мен дәл осы жағдайлармен, атап айтқанда, орыстілді ғылыми әдебиеттерде «культура жизнеобеспечения» – «өмір сүруді қамтамасыз ету өркениеті» («цивилизация жизнеобеспечения» емес) және «культура жизнеобеспечения казахов» – «қазақтардың өмір сүруін қамтамасыз ету өркениеті» («цивилизация жизнеобеспечения казахов» емес) [5] сияқты сөзтіркестердің (ұғымдардың) пайда болуын түсіндіремін [6, Б.53-60.].

Бұл пайымдаулар мынадай жалпы қорытынды жасауға мүмкіндік береді: негізінен жалпы қазақтардың көшпелі қоғамына қатысты «Көшпелі мәдениет» («Кочевая цивилизация») атауы емес, «Көшпелі өркениет» («Кочевая культура») атауын (ұғымын) қолдану дұрыс та орынды деп санаймын.

«Өркениет» және «мәдениет» категорияларының мәні, мазмұны, мағынасы мен атқарар қызметі «басымдвқ (доминантты) белгілер» әдісі бойынша көпжылдық салыстырмалы талдаудың (компаративистиканың) нәтижесінде анықталды. Автор көпөлшемді қағидат бойынша оларды бір-бірінен анық ажыратуға, олардың өзара байланысын анықтауға және сонымен бірге «өркениет пен мәдениеттің болашағы қандай?» деген сұраққа жауап беруге қажетті олардың айшықты ерекшеліктерін бөліп қарастырды. Бұл тәсіл адамдарға «армандаудың» мәні неде, адамдар мен адамзат қауымдастықтары негізінен неге – ізгілікті салт-дәстүрлерге ме (традицияларға) немесе әсірежаңашылдыққа ма (модерн мен постмодернге) – олардың қайсысын негізге ала отырып дамуға көбірек талпынуы керектігін, яғни олар негізінен өркениетке (культураға) немесе мәдениетке (цивилизацияға) басымдық беріп, олардың қайсысына ұмтылуы керектігі туралы ойлануға мүмкіндік береді (1-кестені қараңыз).

Кестеде «Өркениет» пен «мәдениеттің» авторлық көпқырлылық сипаттамасы берілген. Автор өзі ұсынған дихотомияның (екіжақтылықтың) құрылымын құрудың ұтымды дәлелі мен қатаң қисынын (логикасын) бұл жерде арнайы ашып қарастырмайды. Ол – болашақтың еншісінде. Жоғарыда аталған екі іргелі категорияның аталмыш салыстырмалы белгілерін осы материал оқырмандарына және барлық мүдделі тұлғаларға кері байланыс арқылы жемісті пікіралмасу жасайды деген үмітпен «ой тудыратын тақырып» ретінде ұсынылады.

Осылайша, «Өркениет» – бұл шынайы тұтас (толық, үйлесімді, өзгешіл) адамның тереңнен нәр алатын күретамыры мен өзегі, адамзаттың сақталу шарты. «Мәдениет» – біржақты (бірөлшемді, үйлесімсіз, өзімшіл) адамның түбірі мен өзегі және ол әлемдік мәдениеттің қазіргі антропоцендік қозғалысы мен бейадами сипатының барынша күшею үрдісін  түсінбеген жағдайда адамзаттың жойылуына алып келеді. Өркениеттің өзгешілдігі (альтруизмі), яғни әлеуметтілігі – адам мен адамзат қоғамының маңызды да айшықты қасиеті және олардың күн көрісі мен шынайы өркендеуінің негізгі шарты. Мәдениеттің өзімшілдігі (эгоизмі) – қазіргі жалған либерализмнің мәні, өркениеттілікке қарсы, сондықтан да ол болашақта қауіпті де апатты. Демек, Өркениеттің әлеуметтік альтруизмі басымдық (доминантты) сипатта болуы керек те, ал Мәдениеттің «пайдалы эгоизмі (индивидуализмі)» деп аталатыны – егер адамзат күн көріс жасап қана қоймай, өркендегісі келсе – бағынышты (рецессивті) сипатта болуы керек.

ӨРКЕНИЕТ ПЕН МӘДЕНИЕТТІҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ

(БАСЫМ БЕЛГІЛЕРІ)

ӨРКЕНИЕТ

(КУЛЬТУРА)

МӘДЕНИЕТ

(ЦИВИЛИЗАЦИЯ)

1

Өркениет – дүниенің тетігі табиғат (природоцентризм)

Мәдениет – дүниенің тетігі адам (антропоцентризм)

2

Өркениет – идеалисшіл, идеалды- рухани

Мәдениет – материалисшіл, материалдық-заттық

3

Өркениет – органикалықты

Мәдениет – механикалықты

4

Өркениет – табиғилықты

Мәдениет – жасандылықты

5

Өркениет – құдайшыл (ғалам негізінен Жаратушының ісі, ол мүлтіксіз, кемшіліксіз, кемел) 

Мәдениет – ғылымилы (ғалам негізінен Жаратушының ісі емес, ол жетілмеген, кемшілікті, бейкемел)

6

Өркениет – әдемілік, сұлулық, көркемділік тән («табиғи тұрпайылылықтың сұлулығына» ұмтылады)

Мәдениет – түрсіздік, сиықсыздық, ұсқынсыздық тән (сән-салтанатты, жылтырақ, кейіпсіздік сәнділікке ұмтылады)

7

Өркениет – дәстүрлілі (традицияшыл)

Мәдениет – жаңғыртылулы (модернишіл)

8

Өркениет – адамилылық, халықтылық

Мәдениет – азаматтылық мемлекеттілік

9

Өркениет – ұжымдық-жергілікті

Мәдениет – типтік-жаһандық

10

Өркениет – өзгешілдік (альтруистілік)

Мәдениет – өзімшілдік (эгоистілік)

11

Өркениет – айшықтылық, өзгешелілік, қайталанбас нәрсе («Өркениет – бұл Мен», яғни бірегейлілік)

Мәдениет – ұқсастылық, бірізділік, қайталанатын нәрсе («Мәдениет – бұл Біз», яғни біркелкілік)

12

Өркениет – жұмсақ, икемді

Мәдениет – қатты, икемсіз

13

Өркениет – эндогенді (ішкі сапасы)

Мәдениет – экзогенді (сыртқы сапасы)

14

Өркениет – үйлесімді

Мәдениет – үйлесімсіз

15

Өркениет – тұтастық тән

Мәдениет – бөлшектілік тән

16

Өркениет – үздіксіз (үздіксіздік тән)

Мәдениет – үзік-үзік (дискреттілік тән)

17

Өркениет – тағаттылы (толерантты)

Мәдениет – тағатсыз (бейтолерантты)

18

Өркениет – адамның рухани-жан сезімімен байланысты

Мәдениет – адамның тән-дене болмысымен байланысты

19

Өркениет – синкретикалы

Мәдениет– бытыраңқы

20

Өркениет – бірбағыттылық-жұмылмалылық (синергиялық) тән

Мәдениет – әртараптылық-бірікпеушілік (бейсинергиялық) тән

21

Өркениет – жекедаралық (индивидуальность) тән

Мәдениет – ағындылық (поточность) тән

22

Өркениет – бейресми-тұлғалық

Мәдениет – ресми-азаматтылық

23

Өркениет – асықпаушылық, жайбарақаттылық тән

Мәдениет – асығыстық, жеделділік (шұғылдылық) тән

24

Өркениет – өнегелілік (адамгершілікке, ішкі өнегелілік қағидаттарға негізделген)

Мәдениет – заңдылық (заңдылыққа, сыртқы заңнамалық нормаларға негізделген)

25

Өркениет – мейірімді (көптеген мейірімді данышпандар)

Мәдениет – кекшіл (көптеген зұлым данышпандар)

26

Өркениет – қарапайым, сыпайы, кішіпейіл

Мәдениет – ымырасыз, менмен, мақтаншақ

27

Өркениет – мазмұнды (бейресмилі)

Мәдениет – формалды (ресмилі)

28

Өркениет – тыныш

Мәдениет – шулы

29

Өркениет – терең (тереңге, тұңғиыққа ұмтылады)

Мәдениет – таяз (биіктік пен көлемге ұмтылады)

30

Өркениет – ішкі мәніне көңіл бөледі (эссенциализм)

Мәдениет – сыртқы көрінісіне көңіл бөледі (феноменализм)

31

Өркениет – сезімталдылық-ділділік (ментальділік) тән

Мәдениет – ұтымдылық (ақылға қонымдылық) тән

32

Өркениет – пайымдаушы-жасампаз (табиғат заңдарына сәйкес)

Мәдениет – белсенді-бұзушы (табиғат заңдарына қайшы)

33

Өркениет – қанағатшыл өндыргіш-тұтынушы

Мәдениет – қанағатсыз өндіруші-тұтынушы

34

Өркениет – болмыстың даналығына ұмтылады (болмысты бейнелеп-ұғынудың ең жоғарғы сатысы)

Мәдениет – болмыстың қисынына (логикасына) ұмтылады (болмысты бейнелеп-ұғынудың аралық сатысы)

 

35

Өркениет – ұят, өнегелілік, әдептілік тән

Мәдениет – ұятсыздық, өнегесіздік, әдепсіздік тән

36

Өркениет – этнос пен ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілетін-егілетін меметикалық кодтарының, яғни дүниетанымдық, білім-тәрбиелілік, өнегелілік-ділдік жүйесі

Мәдениет – этнос пен ұлттың болмысына сырттай енгізілген фенотиптік «кодтарының», яғни жасанды белгілері мен қасиеттерінің жиынтығы

37

Өркениет – метафоралық, аллегориялық, символдық белгілер тән

Мәдениет – логикалық, нақтылық, натуралистік белгілер тән

38

Өркениет – мұраттылықпен (идеалдармен), құндылықтармен, бейнелермен, мәндермен жұмыс істейді

Мәдениет – мақсаттылықпен, эталондармен, стандарттармен, жобалармен, мағыналармен жұмыс істейді

39

Өркениет – биіктікке, ұждандылыққа ұмтылады

Мәдениет – тұрпайылылыққа, ұждансыздыққа ұмтылады

40

Өркениет – парыз, борыш, борыштылық (ішкі ынталандыру күші) тән

Мәдениет – міндет, міндеттілік (сыртқы қозғаушы күш) тән

41

Өркениет – адамның табиғи құқығы (адам боп туу құқығы) тән

Мәдениет – адамның жасанды, азаматтық-заңнамалық құқығы тән

42

 

Өркениет – «жеткіліктілік парадигмасынан» туындайды: жеткіліктілік кезіндегі «жетіспеушіліктің» себебі қоғамдық қатынастардың қайшылықтарында жатыр (марксизм, саяси (әлеуметтік) экономия)

Мәдениет – «жетіспеушілік парадигмасынан» туындайды: жеткіліктілік кезіндегі «жетіспеушіліктің» себебі –«ресурстардың шектеулілігі» және халық санының шексіз өсуі (мальтусшілдік, экономикс)

43

Өркениет – «шаруалық» (шынайы, табиғи-ырғақты) ойлау тән

Мәдениет – «индустриалды», «постиндустриалды» (бейшынайы, жасанды-шашыраңқы, виртуалды) ойлау тән

44

Өркениет – баяу және мұқият (негізделген) ойлау тән (Д. Канеман бойынша 2-ші ойлау жүйесі)

Мәдениет – шапшаң және шұғыл (асығыс) ойлау тән (Д. Канеман бойынша 1-ші ойлау жүйесі)

45

Өркениет – үнемді

Мәдениет – ысырапшыл

46

Өркениет – өсіреді, жетілдіреді, егеді, дамытады, ойлап табады

Мәдениет – дайындайды, салады, чиптейді, клондайды, цифрландырады, ойдан шығарады

47

Өркениет –тәлімгерлік жасайды (тәлімгерлік)

Мәдениет – еріксіз көндіреді (мәжбүрлеушілік)

48

Өркениет – жалықтырмайды (ризашылық білдіретін балалардың сүйікті анасы сияқты)

Мәдениет – жалықтырады (сүйікті ата-аналардың қыңыр баласы сияқты)

49

Өркениет – білім береді, бағыттайды, кеңес береді

Мәдениет – сызбанұсқа береді, көрсетеді, бұйрық береді

50

Өркениет – күрделі дүниетаным (адамның әлемге қатынасының ең жоғары формасы)

Мәдениет – жеңілдетілген дүниеге көзқарас (адамның әлемге қатынасының аралық кезеңі)

51

Өркениет – әлеуметтендіру (әлеуметтілік, жалпыға ортақ олжа табу, ұзақмерзімді мұраттар мен мақсаттар)

Мәдениет – капиталдандыру (рыноқтық, жеке пайда табуды көздеу, қысқамерзімді мақсаттар)

52

Өркениет – махаббат (шынайы), сүйіспеншілік тән

Мәдениет – табынушылық (соқырсенімге, қызғаныш пен қорқынышқа негізделген) тән

53

Өркениет – қуанышпен, жүректен шыққан «жүрек сыйы – риясыз қайтару» қағидатына негізделген

Мәдениет – «сатып алу – сату» («сен маған – мен саған») сезімсіздік қағидатына негізделген

54

Өркениет –барабар (тең) айырбас

Мәдениет – барабарсыз (теңсіз) айырбас

55

Өркениет – беделдің күшіне ұмтылады

Мәдениет – күштің беделіне ұмтылады

56

Өркениет – кумулятивті, біртіндеп біріктірілген

Мәдениет – бейкумулятивті, үзік-үзік қиюластырылған

57

Өркениет – эволюциялы

Мәдениет – революциалы

58

Өркениет – реформашыл, негізін сақтай отырып қайта құру

Мәдениет – сальтацияшыл, негізін өзгерте отырып қайта құру

59

Өркениет – түпнұсқамен әрекет етеді

Мәдениет – симулякрмен (көшірмемен) әрекет етеді

60

Өркениет – субъектінің тіршілік ету ортасына қатты тәуелді түрде болатын құбылыс

Мәдениет – субъектінің тіршілік ету ортасына нашар (кейде мүлдем) тәуелсіз түрде болатын құбылыс (мысалы, жоғары технология)

61

Өркениет – салыстырмалы емес: «жоғары», «орта», «төменгі» өркениет жоқ

Мәдениет – салыстырмалы: «жоғары», «орта», «төменгі» мәдениеттер бар

62

Өркениет – реттелген (болжамды)

Мәдениет – ретсіз (болжау мүмкін емес)

63

Өркениет – шекті ойлайды, қанағатшылдық тән

Мәдениет – шексіз ойлайды, қанағатшылдық жоқ

64

Өркениет – моно (поли)гамия

Мәдениет – некесіздік, некеден тыс, бір жынысты неке

65

Өркениет – көп (алуан) түрлі, көп сарынды болып келеді

Мәдениет – бір түрлі, бір сарынды болып келеді

66

Өркениет – сим(поли)фония

Мәдениет – коко(моно) фония

67

Өркениет – бейбітшіл, досшыл

Мәдениет – қақтығысшыл, соғысқұмар

68

Өркениет – полилектика (жанжақтылық, жалпыға ортақ мәмлеге келу) тән

Мәдениет – моно(диа)лектика (біржақтылық , қарама-қайшылықтылық) тән

 

69

 

 

Өркениет – пікір алмасу (дискуссия) тән, яғни айтыскерлер жеңімпаз болуға ұмтылмайды

Мәдениет – пікір таластыру (полемика) тән, яғни айтыскерлердің бәрі жеңімпаз болуға тырысады

70

Өркениет – ынтымақтастықтың гуманистік педагогикасы (ұжымдастық) тән

Мәдениет – бөлінудің авторитарлық педагогикасы (элитарлық) тән

71

Өркениет – бейсаясатшыл

Мәдениет – саясатшыл

72

Өркениет – «Өткеніміз-Қазіргіміз – Болашағымыз – бәрі біртұтас» формуласы бойынша шынайы тарихи өзіндік сана қалыптастырады.

Мәдениет – «Тек қана Қазіргіміз бар, Өткеніміз және Болашағымыз жоқ» формуласы бойынша бұрмаланған, бейтарихи өзін-өзі тануды қалыптастырады

73

Өркениет – мәңгүрттікке, зомбилыққа қарсы тарихи жадты сақтайды

Мәдениет – тарихи жадтың жоғалуы (мәңгүрттік, зомбилық) тән

74

Өркениет – түзу (вектор)

Мәдениет – ирек (зигзаг)

75

Өркениет – мәдениеттің ізашары, мәдениеттен бұрын орын алған құбылыс

Мәдениет – өркениеттің өкшебасары, өркениеттен кейінг орын алған құбылыс

76

Өркениет – Мәдениетті байытады, жақсартады

Мәдениет – Өркениетті әлсіретеді, кемітеді

77

Өркениет – энтропияға қарсы, (эсхатологиялы емес, апокалиптикалы емес)

Мәдениет – энтропиялы, (эсхатологиялы, апокалиптикалы)

78

Өркениет – сингулярлыққа қарсы тұрады

Мәдениет – сингулярлыққа ұмтылады

79

 

 

Өркениет – адам бойындағы шынайы адами қасиеттерді байытады және дамытады.

Мәдениет – адам бойындағы шынайы адами қасиеттерді кемітеді және шаяды.

80

Өркениет – әлемді қорғаушы, сақтаушы

Мәдениет – әлемді бүлдіруші, жоюшы

 

 

Салыстырмалы кестеден көріп отыр-ғанымыздай, өркениеттің басым белгісі – бұл адам бойындағы шынайы адамилық қасиетті байытады және дамытады, яғни, шын мәніндегі тұтас, ұлы Абай айтқандай, «толық адамды» (адамзатты) қалыптастырады және Мәдениетті жақсартады. Мәдениеттің басым белгісі – бұл адамның бойындағы шынайы адамилық қасиетті әлсіретеді, тіпті күйретеді, яғни, біржақты адамды (адамзатты) қалыптастырады және Өркениетті тоздырады, бұзады. Мәдениет өзінің қазіргі айрықша қарқын алып бара жатқан сыңаржақ жаhандық тарихи үрдісімен (трендімен) орасан зор қауіп туғызады. Егер де оның «жойқын тәбетіне» қалай да болса кедергі жасамаса, онда ол жоғарыда аталған сипаттамаларымен, «құндылықтарымен», мән-мағыналарымен еш қиындықсыз Өркениетті, демек жақын болашақта шынайы адамшершілікті «өлтіреді». Адамзаттың мұндай жағымсыз болашағы (ішінара тіпті қазіргі ахуалы) әр кезде «Еуропаның құлдырауы», «Батыстың ақыры», «Тарихтың соңы», «Өсу шегі» («Рим клубы»), ал соңғы уақытта адамзаттың жоғалуына алып келетін «Технологиялық сингулярлық», «Антропоцен», «Алтын миллиард» («Золотой миллиард»), «Covid-19 індеті» сияқты «қорқынышты» атауларға ие болды.

 Меніңше, Өркениет пен Мәдениет арасындағы байланыс символдық түрде библиялық ағайынды екі кейіпкердің – Әбіл (Авель) мен Қабылдың (Каин) арақатынасына ұқсас келеді. Белгілі болғандай, Әбіл (Авель), автордың пікірінше, көшпелі малшы ретінде болашақ Өркениеттің «негізін қалаушы» болған, ал оның бауыры Қабыл (Каин) – отырықшы егінші ретінде болашақ қоныстар мен қалалардың, яғни Мәдениеттің «негізін қалаушы». Сол сияқты Қабылдың көреалмаушылықтан ағасы Әбілді өлтіргені де мәлім жағдай. Осыған байланысты, мақала авторын соншалық алаңдатарлық сезім мен жайт мынада: жалпы жақын-алыс болашақта, «Мәдениет» жоғарыда айтылған басымдық белгілеріне сәйкес барынша «қанатын жайған» кезде (Құдай бетін әрі қылсын!), ол өзінің Өркениет-Анасы мен Адамзат-Әкесін өзінің «өзімшіл» құшағында «тұншықтырып», бұл өрескел жағымсыз оқиға биік мәртебелі Өркениетпен, демек, жалпы Адамзатпен қайталанбас па екен?» деген тылсым сұрақ туындайды, мазалайды.

Автор осы мазасыз ой-болжамның орынды-орынсыздығын оқырманға қалдырады. Осыған байланысты, «либералдық» батыс мәдениеті елдерінің халқына қарағанда, қазақ халқына (орыс халқына да [7]), негізінен, рухани игіліктерді, өмірдің ұзақ та жалпы мәнін, өркениет құндылықтарын бағалау тән екенін атап өту маңызды. Бүгінгі таңда «либерализм құндылықтарын» жақтайтын субъектілердің, негізінен, өмірдің қысқа, материалдық, жеке-өзімшіл «мағыналар мен құндылықтарға», мәдениеттің «ғажайыптылығы» мен «мезеттік қолайлылығына» аса назар аударатындығын, басқалар туралы және өздерінің болашағы туралы ойлауға бейіл емес екендігін байқау қиындық тудырмайды.              

Өркениеттің ұраны: «Адам ретінде өсіп-өне отырып, ұзақ ғұмыр кешейік!» («Бұрынғымыз-қазіргіміз-болашағымыз тұтастығы тұрғысында өмір сүрейік!»). Мәдениеттің ұраны: «Тұтынушы ретінде бүгінгі күнмен өмір сүрейік!» («Бүгінгі күн аясында өмір сүрейік!»). Соңғысына өздерін «мәдениеттімін» деп атайтын адамдар, қазіргі оқулықтар және «жылдам», тіпті «лезде байыту»-дың көптеген «сәнге айналған» курстары қазіргі жастарды осылай үйретеді!? Осыған байланысты ақын А. Вознесенскийдің: «Егер адам бүлініп жатса, барша прогресс (ілгерілшілдік) атаулының кертартпа болғаны!» деген даналық сөздерін еске түсіру артық болмас.    Автордың пайымдауынша Қазақстан қоғамын, тіпті  қазіргі бүкіл әлемдік қоғамдастықты рухани жаңғырту ісінде мақалада айтылған ойлар – Өркениет пен Мәдениеттің басымдық (доминанттық) сипаттамалары негіз ретінде басшылыққа алынып жатса құба құп болар еді. Сонымен қатар, Өркениеттің векторлық, ал Мәдениеттің иректік сипатта болатындығын да әсте естен шығармаған жөн. Тағы да: Өркениеттің негізінен халық, тіпті адамзат дәстүрімен, ал Мәдениеттің модернмен (постмодернмен) тығыз байланысты екендігін ескерген жөн.

Қорытындылай келе, автор зерделі де талапшыл оқырманға жоғарыда көрсетілген (өзара орайласатын және бірін-бірі толықтыратын) Өркениет пен Мәдениеттің өздеріне тән басымдық сипаттамаларының әр тармағын мұқият ашып, оларды үйлесімді жүйеге келтіру ісі болашақтың еншісінде екендігін  ескертеді. Сонымен қатар: автордың «модернизмнің жалпы теориясына», сондай-ақ осы жерде ұсынылған өркениет пен мәдениет жайлы тұжырымдамалық көзқарасына қызығушылық танытқан оқырмандар оның бұрын шыққан басқа да еңбектерімен таныса алады [8] және оларды осы басылым беттерінде талқылауға шақырады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

. Тойнби А.Дж. Исследование истории. Возникновение, рост и распад цивилизаций. Пер. К.Ж. Кожурина.– М.:АСТ,  2009.

2. Шелкопляс Е.В. Современная российская наука о новом патриотизме в России. Психология социальной жизни: Учебное пособие спецкурса по социальной психологии / Под общ. ред. д.ист.н., проф. А.А. Федотова – Иваново, 2016. http://rodina21.ivvu.ru/category/biblioteka/

3. Шпенглер О. Закат Европы: Очерки морфологии мировой истории. Т.1. Образ

4. Алиев У.Ж. Циклы и кризисы в природе и обществе: попытка теоретико-типологического осмысления проблемы. Сб. "Циклы и кризисы в жизни общества". //Материалы респ. научно-практической конференции 20-24 ноября, 1999 г. -Алматы, университет «Туран», 1999.

5.Маркарян Э.С., Арутюнов С.А. и др. Культура жизнеобеспечения и этнос. Опыт этнокультурологического исследования (на материалах армянской сельской культуры). Ереван: Изд-во АН АрмССР, 1983. С.53-60.и действительность. – Минск. «Попурри», 2009.

6. Алимбай Н., Муканов М.С., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов (очерки теории и истории). Алматы: «Ғылым», 1998.

7. Бердяев Н.А. Истоки и смысл русского коммунизма. – М.: Наука, 1990.                                                                                 

8. Алиев У.Ж., Концепция модернизации в контексте трех типов общества: традиционного, гражданского, гуманистического. Сб. "Модернизация: мировой опыт и современный Казахстан". Алматы, ч. 1, университет «Туран», 1995; его же: Какая модернизация нужна для России сегодня? Ренессанс философии хозяйства / Под ред. Ю.М. Осипова, Е.С. Зотовой. – М.: ТЕИС, 2011; его же: Культура и цивилизация. Кочевая цивилизация или кочевая культура? Алиев У.Ж. Историология: благостные размышления политэконома, науковеда, эпистемолога. Астана: университет «Туран-Астана», 2014.

1282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз