• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2021

БӘУКЕҢ ҚАДІР ТҰТҚАН АРХИВ ІСІ

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ

М.Х.Дулати атындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, "Бауыржантану" ҒЗО-ның аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымының магистрі

Биыл Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толды. Архив қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Осы айтулы мерекені тойлаудың мемлекеттік саяси, ғылыми-тарихи  маңызы бар. Қазақтың мемлекеттік архив жөніндегі таным-түсінігі өткен ғасырдың басынан бастау алады. Олай дейтініміз ең алғашқы мемлекеттік архив 1921 жылы 1 қыркүйекте Қазақ АКСР-ның астанасы Орынбор қаласында құрылған. Бүгінгі таңда архив қойнауы бірнеше ғасырлық тарихқа толған ірі қорлары бар стратегиялық маңызды мемлекеттік мекемеге айналған.«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері 2004 жылдан бастап күні бүгінге дейін Алматы қаласында орналасқан архивте жұмыс жасап, оның бай қорларындағы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты материал-дарды жинап, жанрларға бөліп, жүйелеп 30 томдық шығармалар жинағын «Өнер» баспасынан шығарды. 31,32-ші томдары басылғалы жатыр. Бауыржан Момышұлы жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқының ішінен шыққан дара тұлға.

  Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтеріліп, даңқты қолбасшы деген атаққа ие болды. Биыл қазан айында Москва үшін болған шайқасқа 80 жыл толды.

1956 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жазушылық жолға түсіп, қазақ әскери әдебиетінің көшбасына шықты.

Бауыржан Момышұлы 1932 жылдан бастап 1956 жылға дейінгі аралықта 24 жыл Кеңес Армиясының құрамында әскери қызметін адал атқарып, 45 жасында запастағы полковник шенімен әскерден біржолата кетті. Бауыржан Момышұлына лайықты әскери қызмет пен генерал шені және Ерлікке жеткен жолдары көп болса да көзі тірісінде бұйырмаған Совет Одағының Батыры деген атақ Кеңес үкіметі тарқардың алдында ғана 1990 жылы 11 желтоқсанда берілді. Бәукең әскери қызметтен кете салысымен қалған өміріндегі күресін әдебиет майданына арнайды. Яғни жазушылық жолға түседі.

Бауыржан әсілі әскерде жүріп те жазушылықтан қол үзбеген. Оған оның 1942 жылы 22 ақпанда бір түнде болған шайқасты қаз қалпында табаны ескірместен жазып қойып, кейін Калинин қаласындағы әскери академияда оқытушылық қызметте жүргенде сол жазбасын өңдеп, 30 000 дана тиражбен 1956 жылы шығарған «Бір түннің оқиғасы» деген кітабы куә.

Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары - архив құжаттарына негізделіп, документке құрылған шығармалар. Мәлік Ғабдуллинге жазған бір хатында: «Құдай бар, архив бар. (Есть бог, есть архив). Мен құдай мен архивтің құлымын»,-дейді Бәукең. Демек, Бауыржан не жазса да жауынгерлерінің аруағының алдында, тарих, халық алдында шындықты жазған реалист жазушы десек болады. Әскери қызметтен біржолата запасқа кетіп бара жатып Бәукең сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңес Одағының Батыры, Маршал Георгий Константинович Жуковқа хат жазған. 1955 жылы 28 желтоқсанда жазған сол хатында екі өтінішін баяндайды. Біріншісі, жазушылық жұмыспен айналысу үшін Мәскеу, не Алматы гарнизонынан 3 не 2 бөлмелі пәтер беруді; Екіншісі, Кеңес армиясы орталық архивіндегі материалдарға кіріп, жұмыс істеуге рұқсат алып беруін өтініпті. Ондағы мақсаты архивте отырып, болашақта жазатын кітабына қажетті бар материалдарды шөміштеп сіңіріп алып, сонан соң кітап жазуға отыру болса керек. Александр Альфредович Бектің «Волоколам тас жолы» (оны Баукең қазақшалап «Арпалыс» деп атаған – Ә.Н.) кітабының ұзақ жылдар бойы жалғасы жазылмағанына қатты ренжіген Бауыржан, сол кітаптың жалғасын өзі жазуға білек сыбана кіріседі. Ол үшін өзіндегі бар материалдарға тағы да архивтік қосымша материалдар қажет болған. Сондықтан Бәукең Мәскеудегі әскери архивке кіріп, еркін жұмыс жасау істеу үшін  Г.К.Жуковқа хат жазған екен. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас» деген атпен «Арпалыс» романының жалғасы ретінде жаңа романды дүниеге әкеледі. Бұл туралы бауыржантанушы Мұхамеджан Кәтімхан былай дейді: «Айта кететін бір жағдай Б. Момышұлы мен А. Бектің арасындағы болған келісім шарттың бұзылуында  осындай жағдайлар бар. А. Бек романын өзі жазған жоқ, оны Б. Момышұлының айтуы бойынша жазып шықты. Бұл жағдай жөнінде 1943 жылы КСРО Жазушылар Одағының мәжіліс залындағы өткен Тихонов басқарған комиссияның қортындысы, сондай-ақ 1944 жылы 10 қаңтарда өткен жазушы Лейтес басқарған мәжілістер осының толық айғағы болып табылады...

    Б.Момышұлының бұл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Жоғарыдағы айтылған архивтік деректерді республикалық орталық мұрағаттан және Мәскеу қалалық мұрағаттарынан табуға болады». Бауыржан Момышұлының: «Мен де живой (тірі-Ә.Н.) архивтердің біреуімін. Менің көрген-білгендерім «ол дүниеге» бір тиынға керегі жоқ, бұл дүниеге керек шығар деп ойлаймын», - деп жазғаны бар. Баукең өмір бойы жиған-терген материалдарын өз қолымен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне өткізген. Оның бүгінгі тірі куәсі - профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Бәукең өзінің қолжазбаларын, фотолары мен хаттарын, т.б. академияның қабырғасында оқыған әскери тактикалық лекцияларын алғаш 1943-1944  жылдардың желтоқсан-қаңтар айларында демалысқа елге келгенде Қ.Сәтбаев басқаратын академияның архивіне өткізген. Кейін сол жердегі қордан Мұхтар Әуезовке жазған сегіз хаты жоғалған соң, ол жерден алып Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне өткізген екен. Қазір Б.Момышұлының жеке 1432 қоры әр жылдары жаңа табылған материалдармен толығып келеді. Бауыржан Момышұлының көптеген қолжазба блокноттары, суреттері мен ой-пікірлері, жазысқан хаттары, кино-видео мен радиодағы дауыс жазбалары, т.б. мұралары еліміз бен алыс-жақын шетелдердің әртүрлі архивтерінде үнсіз жатқанын да айта кету керек. Баукеңнің отбасылық және жеке адамдардың қолдарында да жарық көрмеген тың материалдары жетерлік. Бауыржан Момышұлының: «Біздің қазақта екі архив бар: Бірінші архив – қағаз бетіне түскен нәрселер. Ол жағынан  біз бай емеспіз. Қағаз бетіндегі  архивке көлденең көз түсіне де бермейді. Екінші архивіміз – орысша айтқанда, живой (тірі-Ә.Н.) архив. Яғни, біздің өміріміздің басы-қасында  болған, отына жанып, суына түсіп, ыстығына еріп, суығына тоңып, тірі  жүрген қайраткерлер» деген тамаша пікірі бар. Осы ойын ары қарай сабақтай келе, Бәукең: «Ашық айту керек, екі архивімізде де кемістіктер аз емес. Қағаздағыларына біз көлденең көзбіз дедік. Қағазды біз жинай да білген емеспіз, жиналғанды оқуды да біле алмай жүргеніміз даусыз. Ал, енді живой архив жағынан әңгіме қозғасақ, іс жүзінде табыстарымыз аз емес. Бірақ сол табыстарымызды қорыта келсек, олардың барлығы біздің мүмкіншілігіміздің көп дегенде он-ақ процентінен аспайды... Сол себепті тіл жағынан шала сауаттылығыммен арпалысып жазуға кірістім. «Әттең! Жас жағынан ең кемінде бес жыл резервім болса, әдебиеттің теориялық саласын бір институтта өтіп алар едім» деген арман менімен бірге жатып, бірге тұрады. Барына шүкір етуге мұқтаж болып жүрмін. Одан да айырылып қалмайын деген қауіп мені асықтырады. Өлім жоспарланбайды ғой... Жоғарғы сөзімде живой архив деп едік. Отан соғысы жөнінде қағаз архивтен гөрі біз тірі архивке бай едік. Олардың естелігін уақтылы жинап алуға кірісуді біз он бес жыл бойы еске салып отырдық.

     Біз үшін тірі архивтің – естеліктердің өте бағалы екені даусыз. Тірі архив ұзақ өмір сүре бермейтінін бәріміз де білеміз. Соны біле отырып, оны жинау, естеліктерді қағаз бетіне түсіріп алу жағынан салақтық істеп, әлі күнге дейін жөнді ұйымдастырмай жүргеніміз өте өкінішті» дейді.

Осылайша, Бауыржан Момышұлы – құпиясы әлі толық ашылмаған архив адам! Бауыржанмен аралас-құралас болған адамдардың жеке қорларымен және үй архивтерінде, басқа да елдердің архив қорларында әлі де жарияланбаған Бауыржан Момышұлы жайлы көптеген материалдар баршылық. Сондықтан солардың бәрі келешекте көпшіліктің көз-айымына айналса деген тілегіміз бар.

1504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз