• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2021

ЖАМБЫЛДЫҢ СҮЙІКТІ ШӘКІРТІ

Ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласы теңіздей шалқыған ақындық өнердің де иен өлкесі болғанын бұрын-соңды талай өнертанушылар, ақындар, зерттеушілер бірауыздан мойындап, ағынан жарылып, адал лебіздерін айтып кеткен. Өзге көп өнердің ішінен әсіресе тапқыр сөзге, төкпе өлеңге, қиыннан қиыстырған шешендікке ерекше ден қойған халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл» деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ тұжырымдаған. Сөз қадірін білген ел ерекше сәтті айтылған «іші алтын, сырты күміс» өлең туындыларын ауыздан-ауызға таратып, кейде түпнұсқаның өзін ажарландырып, өткірлей түсіп отырған. Сондықтан да халықтың көңілінен шыққан, өмір шындығын барынша ұтқыр бейнелеген сөздер ғана ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткен.

Кейінгі буынға аттары белгісіз болып, мұрасы халық қазынасына айналып кеткен ертедегі небір дарынды жандарды айтпағанда, бертініректегі Кеңес дәуіріндегі өмір сүрген ақындардың да тағдырында әлгі айтқан ауыз әдебиетіне тән заңдылықтың әсері болғанын көрмеу мүмкін емес.

Сол ақындардың бірі аты жұртшылыққа жақсы таныс болған Үмбетәлі Кәрібаев.

Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы деген ауылында (кейіннен Үмбетәлі ауылы) шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Кәрібай өте қарапайым адам болған. Шешесі Бөпежан тойларда суырып салып өлең шығаратын кісі болған.

Үмбетәлі жастайынан өлең-жырға құмар болып өсті.

Оны мына бір өлең жолдарынан аңғаруға болады:

Шапырашты - әсілім,

Айқым деген – нәсілім.

Әйтек деген - арғы атам,

Кәрібай – менің өз әкем,

Үмбетәлі - шын атым.

Сөз айтпаймын жасырын.

Он төрт жасқа келгенде,

Оқыдым ілім, тәсілін.

Он бес жасқа келгенде,

Домбыра болды ғашығым.

Өлең болды көбіне,

Он жеті жастан кәсібім.

Қыр соңынан қалмадым,

Секілді менің ғашығым.

Оның ақындық өнерге деген құштарлығы жыр алыбы Жамбылмен танысқанынан кейін шарықтай берді. Ол Жамбыл дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оның жақын досы, шәкірті, жаны сүйер інісі бола білді. Жасынан Жамбыл жырларын сүйіп өсіп, жатқа білген Үмбетәлі ақын шығармашылығын халық арасына таратты, өзі де ақындық өнерде соған еліктеді. Жамбыл да Жетісудың көп ақындарының ішінен Үмбетәлінің үздік талантын бірден таныды, оны шәкірт етіп қасына ертіп жүрді, ақындық өнерге баулыды. Жиын-тойларда өзіндік суырып салма ақындық, айтыскерлік өнерімен көзге түсіп, сындардан сүрінбей өтіп, Жамбыл үмітін ақтады, өзінің талантын мойындатты. Сөйтіп Жетісу ақындарының ішінде Жамбылдан кейінгі құрметке ие болды.

Ақын өзінің ұлы ұстазы Жамбылмен бірге заман қуанышын толғайды, ақын ағасын құрметке бөлеген халық туралы айтады. Жамбылдың орден алуындағы толғауында ол:

- Дарынды Жамбыл сен едің,

Өлеңге диқан кең едің.

Қадіріңді білгенге,

Асқар таумен тең едің.

Айналаңда біз - қайық,

Сен бір үлкен кеме едің.

Үлгі нұсқа тастарсыз,

Көпті көрген көне едің.

Үмбетәлі – тегеурінді, кең тынысты төкпе ақындардың алдыңғы қатарында орын алған дарын иесі екенін әр тараптан тануға болады.Мұны оның:

Сұрасаң менің атым Үмбет едім,

Жеріме жүрген-тұрған міндет едім.

Айтысар ақын болса шықсын бері,

Түлкідей қызыл алтай індетемін, - деген сөздері де анық сездіреді.

Ауыз әдебиетінің шығармаларында өмірдің шытырман қайшылықтары мен қалтарыстары тәптіштеп көрсетілмей, халықтың үміт-арманына сәйкес келетін ақиқаттар ғана екшеліп  алынатыны ежелден белігілі. Фольклор туындыларында жақсылық атаулы асқан сеніммен, өршіл, асқақ бейнеленсе, жұртшылық жек көретіннің бәрі жеріне жеткізе таңбаланатын. Халық поэзиясы дәстүрінде толғайтын төкпе ақындардың өлеңдерінде ізгілікті биікке көтеріп, жамандықты жаныштап айтатын сарынның қалыптасуы да осыдан.

Ол өз кезеңінің тақырыптарын жырлағанда қалай да өлең кілеміне қайталанбас кестелер тізуге талаптанады. Бұрынғы патша, байлар үстемдігі құлап, езілген еңбекшіге азаттық туғанын шаттана жырламаған ақын жоқ. Үмбетәлі сөздері солармен сарындас бола отырса да жарасымды шеберлікпен өзіндік үн болып шығады.

Құлаттым сұм патшаның өкіметін,

Өзімен бірге жоқ қып декретін.

Басынан бейнет кетіп, дәулет жетіп,

Күн туды еңбекшіге жетілетін.

Нағыз ақындықтың белгісі өзге ешкім таппаған көркем суреттерді қолдануда ғана емес, сол баламалардың жаңа сәйкестігін қиыстыруда ғой. Бұл ретте Үмбетәлі ақынның өлеңдерінде осындай табиғи тосын ізденістер жемісі көрініп отырады.

Ауыз әдебиет халықтың рухани және тарихи тіршілігімен бірдей жасасып келе жатқан қоғамдық елеулі құбылыстардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы басынан кешкен қуанышы мен қайғысы, жақсы өмір, бақытты дүние туралы үміт, арман-мақсаттары, тіршілігі, тәуелсіздігі жолындағы ерлік-күрестері, сүйіспеншілігі мен өшпенділік сезімдері – барлығы ақындардың өлең-жырларында, дастандарында бейнеленген.

Үмбетәлі Кәрібаевтың «Патша мен ұрылар», «Марқа», «Төрт өнерпаз хикаясы», «Бақтыбай», «Қисық батыр мен Кемпірбай», «Малшы», «Қуат», «Мәлібек» атты дастандары бар. Бұл дастандары халықтың бай ауыз әдебиетінің дәстүрін берік ұстағанын танытады.

«Төрт өнерпаз хикаясы», «Патша мен ұрылар», «Қисық батыр мен Кемпірбай» атты дастандары аңыз-ертегілер сюжетіне құрылған. «Малшы», «Қуат», «Мәлібек» сияқты дастандарында ел билеушілер мен байлардың үстемдік қылықтарын әшкерелеп, оларға қарсы күресіп, теңдікке жеткен заман жасаушыларын жырлады. «Бақтыбай» дастанында Бақтыбай Жолбарысұлы (1835-1916) басынан кешірген елеулі жәйттерді тілге тиек еткен. Бақтыбайдың Тезек төремен қақтығысы, сөз сайысы ақынның баяндауында қызықты да көркем. Бақтыбай ақынның алдында Тезек төренің тізе бүгуін ұтымды көрсетеді. Сөз өнерінің құдіретін мадақтайды.

«Патша мен ұрылар», «Төрт өнерпаз хикаясы» деген толғауларында ол көне ертегілік әңгімелерді қайта жаңғыртады. Осының алғашқысында еріксіз ұрлыққа барған өнерлі қайсар жандардың шын жағдайын түсініп, кеңшілік жасаған патшаның парасаттылығы ғибрат етіледі. Қайырымдылық, бірсөзділік, мәрттік ел билеушілерге қажет мінез екенін ерекше көрсетеді. Аңыз әңгімелерді қайта тірілтіп жырлайтын шайырлардың салтымен жаңа көркемдік тұжырымдар айтуға ұмтылуы ақынның шығыс поэзиясымен таныс болғанын аңғартқандай.

Сол дастандарының ішінен «Төрт өнерпаз хикаясы» атты дастанына қысқаша тоқтала кетсек, мұнда қолынан бәрі келетін шебер, алтын қолды төрт өнерпаздың басынан кешкен оқиғалары туралы баяндалады.

Онда:

Ел айтқан ертегі бар әңгімені,

Мал табу, жер көру ме, әлденені.

Ісімен елі жұртын таң қалдырған,

Кезіпті төрт өнерпаз дүниені.

Бірі ағаштан түйін түйетін ағаш шебері болса, екіншісі киім тігетін шебер, үшіншісі зергер, төртіншісі тапқыр ғалым. Әрқайсы әр қаладан шыққан. Төртеуі бірігіп сапарға аттанады. Жапан далада бейқамдық қылмайық деп түнде бір-бірден күзетке тұруға келіседі. Бірінші ағаш ұстасы күзетке тұруға келіседі. Үшеуі ұйқыға кеткенде, іші пысқан ол ағаштан бір мүсін жасады. Ақын былай деп жырлайды:

Шаршаған басқа үшеуі қалды жатып,

Қарайып тартты кеугім, күн де батып.

Жасады ағаш шебер бір керемет,

Көрген жанды қойғандай таңырқатып.

Кезегі біткенде келесі тігіншіні оятты. Тігінші оянса сондай талдырмаш денелі, әдемі қыз мүсіні тұрады.

«Жасаса мұны былай ағаш шебер,

Таңырқап деген шығар бізді көрер.

Жалаңаш ағаш қызды жасандырсам,

Керек-ті тігіншілік мендегі өнер», - деп ойланған тігінші Қызды үлде мен бүлдеге орандырды. Қымбат баға асылдан киім тікті. Сұлу бұрынғысынан да ажарлана берді.

Тігінші бітірді де барлық ісін,

Құлпыртты тоты құстай қыздың түсін.

Кезекке зергершіні оятады,

Деді де «өзі табар ендігісін».

Зергер болса үстінде бағалы маталардан тігілген киімі бар қызға тек білезік, сырға, алқа жетіспей тұрғанын көріп, дереу алтын, күмістен гауһарлап, соларды соға бастайды. Сәулесі жарқыраған асыл тастар жарқылдап одан әсем бола бастады.

Келтіріп сымбатына, сәулетіне,

Жан қарап тойғысыз ғып келбетіне.

Дамылдап төсегіне өзі жатып,

Оятты ғалым досын күзетіне.

Ғалым оған кітаптарын ашып оқып, әдемі аруға тек жан кіргізу жолын қарастыра бастайды. Сөйтіп аруға жан береді.

Таңертең тұрса ай десе аузы, күн десе көзі бар ару төрт өнерпаздың қасында тұрады.

Содан өнерпаздар аруды көре сала таласа бастайды. Бірі оны ағаштан шауып мүсінін жасағанын айтса, екіншісі оған киім тіккенін, енді бірі оған зергерлік бұйымдар жасағанын айтып даурығысады.

Сөйтіп ханға келіп әділ шешімін айтуды сұрайды. Хан бірақ оларды дұрыс түсінбей қызды ұрлап кеткен ұрылар деп, жендеттеріне бәрінің басын алуды бұйырады.

Сонда үш өнерпаз өздерінің жасаған еңбектерін айта бастайды. Бірақ әдемілігіне сонша қызыққан хан қызды өзі алмақшы болады.

Сол кезде ханның сарайына ағаш қызға жан берген ғалым кіріп келеді.

Сол ханның ғалым кірді ордасына,

Өнерпаз арашашы жолдасына.

Орда іші су сепкендей тына қалды,

Ғалымның көз салды да тұлғасына.

Сөйтіп ол болған жағдайды ханға баяндайды. Ол үшін ешкімнің қанын төгіп өлтіру керек емес. Бұл тек ағаштан жасалған мүсін ғана дейді төртінші ғалым өнерпаз.

Соны айтып шығып кетті өнерпаздар,

Үн қатпай қала берді отырғандар.

«Әттеген-ай!» деп қалды ынтыққандар,

Жұлмалады таспиығын сопы-молда...

Бұл дастан негізінен ертегі және аңыз желісімен жазылған. Оқуға жеңіл, тілі түсінікті.

Үмбетәлі Кәрібаевтың дастандары халықтық эпикалық жырлардың дәстүрін жалғастыруда едәуір маңызды.

Ақын ағасы Жамбыл, өзімен үзеңгілес достары Кенен, Иса, Нартай, Есдәулеттердің ақындық үлгілері оған белгілі дәрежеде әсер етті. Солардың ортасында ол жыршылық-ақындығын кемелдендірді. Кенен ақынның Үмбетәліге:

Желдірме таңдайыңнан жыр төгілген,

Деуші еді елің сені қара жорға, – деуі де осыдан. Ақын өз туындыларымен қатар көптеген халық ақындарының дастандарын, өлең-жырларын жатқа айтқан.

Олай болса батыр мен ақын халықтікі деген сөз шынайы өмірден алынған. Батыр елін, жерін, халқын қорғаса, ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсысын елге танытады. Қай ақынның шығармашылығына назар аударсаңыз да, елінен шыққан батырлардың ерлігін, халқының бақытты өмірін, тұрмысын жырлайды.

Ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі Сағынғали Сейітов: «Үмбетәлінің жалпы ақындық өнерінің ұшталуына Жамбылдың ықпалы мықтап тигендігін атап айтпау мүмкін емес тәрізді. Жамбылды ол кісінің өзі ылғи құрметпен еске алып, ардақты ұстазым деп аузынан тастамайды. 1924 жылы екеуі бір жиында аздап айтысып та қалады. Жыр ақсақалының сондағы тапқырлығын, шашасына шаң жұқтырмас жүйрік екенін Үмбетәлі осы күнге дейін әңгімелеп отырады. 1936 жылы Жамбыл Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғанда, оған алдымен өлең арнағандардың бірі Үмбетәлі болуының өзі кездейсоқтық емес-ті», - деп жазады өзінің «Жыр жолымен» атты еңбегінде.

Үмбетәлі ақын былай деп жырлайды:

Дарынды, Жамбыл, сен едің,

Өлеңге дихан, кен едің.

Қадырыңды білгенге

Асқар таумен тең едің,

Айналаңда біз – қайық,

Сен бір үлкен кеме едің.

Үлгі – нұсқа тастарсыз,

Көпті көрген көне едің.

Сенің айтқан жырыңда

Өрісті елдің даңқы бар,

Гүлстанға айналған

Бақытты қазақ халқы бар.

Жамбылдың хатшыларының бірі болған ақын Әбділда Тәжібаев: «Ғажайып жыр бұлағы – Жәкеңнің мектебінде талай тамаша талантты ақындар бар. Соның ішінде әсіресе, мен үшін айрықша құрметтісі екеу: бірі Кенен, екіншісі Үмбетәлі. Кененді әуезділігі үшін, Үмбетәліні ақпа-төкпелі жырының шымырлығы үшін жақсы көретін едік», - деп жазады бір естелігінде.

Жазушы, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлының бастамасымен 2006 жылы Үмбетәлі Кәрібаевтың тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинақта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалалар бөлімінің қызметкері Тоқтар Әлібеков төте жазудан аударған ақынның еш жерде жарияланбаған өлеңдері берілді. Кейіннен 2009 жылы 120 жылдығына орай Нағашыбек Қапалбекұлы мен ақынның ұрпағы Мұхит Кәрібаевтың құрастыруымен 2 томдық жинағы шығарылды. 2014 жылы ақынның туғанына 125 жыл толуына орай Нұрлан Әбдібек пен Өмірбай Өмірзақовтың құрастыруымен 3 томдық жинағы шығарылды.

Үмбетәлі ұлы Жамбылдың ең сүйікті шәкірті атанып, Жамбылдың көптеген шығармаларын жатқа айтып осы заманға жеткізумен де ерекшеленеді. Сол себептен Жамбыл оған былай деп бата берген екен:

Мен сені келіп едім сынағалы,

Бұйырған алып жүрмін сыбағаны.

“Қара жорға” деп саған ат қоямын,

Сөзімнің осы болсын тиянағы

– деп жырлауы оның өз заманының шоқтығы биік ақын екендігін көрсетсе керек.

Ендеше ақынның ақпа-төкпелі жыр-дастандары ешқашан ұмытылмақ емес. Халқымен бірге жасай береді. Өйткені ол халық ақыны, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың сүйікті шәкірті.

Салтанат ӘШІМОВА,

 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  докторанты

1762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз