• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2021

ПАРАСАТ ҚАЙДА БОЛСА, ҰЛЫЛЫҚ СОНДА

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Арғы тарихымызға зер сала қарасақ, еліміздің тәуелсіздік алуы оңайлықпен қолға келген жоқ. Тарих талай-талай ғасырды артқа тастап, ата-бабаларымыз ұзақ армандаған ұлы тәуелсіздік қазақ халқының маңдайына жазылды. Өйткені бір ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, діні сан ғасырғы ұзақ жолды бастан кешіру арқылы қалыптасады.   Тарих қатпарының іздері-қасиетті жер ана құшағында адамзат баласы біле алмаған қазынасы мол ашылмаған алып кен сияқты. Қазақ халқы сан-санақсыз жойқын ұрыстарды, ат ауыздығымен су ішкен, ер басы сайда қалып, етікпен су кешкен зар заманды бастан кешіре жүріп жер тұтастығы мен ел тұтастығын аман сақтап қалды.

Қазақ ұлты – тарих сахнасынан өте ерте бой көрсеткен, озық өркениетке ие байырғы түркі халықтарының бірі. Тарихи құжаттарда жазылуынша ертедегі қазақтар сонау есте жоқ ескі замандарда мемлекет құрып, заң шығарып, салтанатты түрде билік құрған, 400-ге таяу үлкенді -кішілі қалалар салған, Ұлы Жібек жолының ашылуына зор үлес қосқан ықпалды ел болған. Ертедегі ата-бабаларымыз әлемдегі іргелі, етекті елдермен кейде шекісіп, кейде бекісіп, кемелді ақыл-айласымен, жауынгерлік рухымен бейбітшілік үшін күрес жасап, жер шарындағы ең көркем ірі аумақты иелеп, дербес мемлекет құрып, соңғы ұрпақтарына мұра ретінде қалтырып кетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік туралы «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: Қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білудің, содай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келсіммен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарихи тасқынның астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіре алды» деген сөзі кімге болса да үлкен ой салады.   

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында Қазақстан елі әлем тарихынан өзіндік орын алды. Елбасы ортаға қойған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы - азаматтық теңдік, еңбек сүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімге құрмет ету, зайырлы ел сынды идеялардың жауһарынан қортылған.

Мәңгілік ел болу - тәуелсіздіктің алтын діңгегі. Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алғаннан бері елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын жетілдіруде, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда, оқу-ағарту, денсаулық, малшаруашылық, егіншілік, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда, алуан түрлі реформалар жүргізуде ел үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мен бұл мақаламда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқарудағы елеулі еңбектері туралы тоқтала кетуді жөн көрдім.

Әлем таныған тұлға

Халқымыздың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор үкімет жарлығы қолында бар кісі керек... екіншісі – ол адам есепсіз бай болу керек» деген дана сөзін айтқан еді. Абай атамыздың осы айтқан алтын сөзінде терең мән жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күллі дүниеге ерте танылған ірі саяси тұлға һәм дипломат. Ол 2019 жылы 9 маусымда мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін, әлемдік БАҚ беттерінде, газет-журналдарда, радио-телевидениясында, тор сайт-блогтарында осы ірі саяси тұлға туралы көптеген сараптамалық - мақалалар жарияланды. Бұдан оның дүниеге танылған лауазымды саяси тұлға екенін байқауға болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сонау 1970 жылдардың ортасында кеңес заманында-ақ ел басқару ісіне белсенді түрде араласа бастаған. Осыдан кейінгі тәуелсіздік дәуірінде ол сыртқы істер министрі, Премьер-министрі, Парламент сенатының төрағасы т.б. лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғашқы таныстығы туралы «1984 жылы Қытайға бардым. Қытай тілінен аударма жасауға көмектескен жас жігіт болды. Ол – Қасым - Жомарт Тоқаев еді. Қасым-Жомартпен алғашқы кездесуім осылай болды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан сыртқы істер министрлігіне білікті маман қажет болды, Қасым-Жомарт Кемелұлын сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне шақырдым. Сол кезден бері бірге жұмыс жасап келеміз. Сіздерге мұның барлығын менің бұл адамды қаншалықты жақын танитынымды түсінсін деп айтып отырмын. Адамды барынша жақын тани түсу үшін, оны жан-жақтылы зерттеу қажет, дос ретінде, жолдас ретінде, неге қызығатынын білу керек» деген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – тоқыраған жылдардың қиын өткелінен сүрінбей өткен саяси тұлға. Мемлекет басшылығына сайланғаннан кейін, АҚШ, Қытай, Ресей, Германия секілді көптеген ірі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда белсенділік танытып, көрнекті рөл ойнады. Әсіресе, 2019 жылы қыркүйек айының 11 күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс сапарымен барған Тоқаевты өте ыстық ықыласпен қабылдады. Қабылдаудан кейін «ҚХР мен ҚР-ның бірлескен мәлімдемесіне» екі ел басшылары жеке-жеке қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл реткі мемлекеттік сапарында Қытайдың ақпарат құралдарында «Қазақстанның жаңа президенті – қытай халқының көне досы», «Қазақстан президенті Қытай, қазақ екі тілде сұхбат беріп, дүниені таңғалдырды», «Қытай тілін жатық сөйлейтін мемлекет басшысы» т.б. хабар-мақалалар беделді басылымдарда кеңінен жарияланды. Міне, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниежүзіне танылған мемлекет қайраткері әрі лауазымды дипломат екенін дәлелдейді.

Мен Қытайда жүрген кезімде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемелдің Ұлы Отан Соғысының ардагері, қазақ елінде атағы бар жазушы-журналист, бірнеше кітаптың авторы екенін білетін едім. 2018 жылы Алматы облысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында белгілі жазушы Кемел Тоқаев атындағы жаңа бақтың ашылуын салтанатты өткізген еді. Бұл халықтың Кемел Тоқаевтың елі үшін істеген ізгі істерінен үлгі алу негізінде өткізген іс-шаралары әрі ол кісіге көрсетілген үлкен құрметі еді.

Қасым-Жомарт көзі ашық, көкірегі ояу оқымысты отбасында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Қасым-Жомарт әкесі Кемел Тоқаевтың жазушылығы мен адамгершілік жолын ұстанған жақсы қасиетінен үлгі-өнеге алып жетілді. Осындай жақсы тәрбиенің жемісін көрген саяси тұлға қазірге дейін 9 кітап, қыруар мақалалар жазып жазушы болып жетілді. Қасым-Жомарттың анасы Тұрар Шабарбаева болса Алматы шет тілдер педагогикалық институтында қызмет істеген. «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дегендей, жақсы ата-ананың тәрбиесінде Қасым-Жомарт ағылшын, қытай, француз, т.б. тілдерді жетік игереді. Қасым-Жомарттың талай-талай мемлекеттік, халықаралық үлкен марапаттарға ие болуымен бірге, шетелдегі абыройлы ұйымдарымен әйгілі университеттердің «Құрметті профессоры» болуы, ата-ананың еңбегінен бөле қарауға болмайды.

Қырғызстан Қорғаныс министрлігі жанындағы қоғамдық бақылау кеңесінің төрағасыТоктогул Какчекеев «Қасым-Жомарт Тоқаев ой-өрісі кең, Батыс, Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстіктің саяси технологияларын меңгерген тұлға. Сондай-ақ ол саяси басқару мен халықаралық қатынастар салаларының бірегей маманы. Бүгінде мемлекетті басқару үшін міндетті түрде осындай білім қажет» деген жоғары бағасын берді.

Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін өзіндік қиындықтарға толы сәтте қолға алды. Соған қарамастан, екі жылдан астам уақытта қыруар жобаларды жүзеге асырды. Мысалы: кепілсіз несиеге алған тұрмысы төмен Қазақстан азаматтарының қарызы кешірілді. Мұғалімдердің жалақысы жоғарылады. Микро және шағын бизнес үш жылға дейін табыс салығынан босатылды, ұлттық сенім кеңесі құрылып жұмыс істеді, әйелдерге, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, есірткі тарту, мал ұрлығы және де өзге ауыр қылмыстылардың жазасы қатаңдастырылды, шетелдіктердің көші-қон мекемесіне келіп тіркелуі алынып тасталды, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы тіпті жанданды.

Рухани жаңғыру – ұлт өркениетін дамытудың жантамыры

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамы­рынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жанының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген керемет сөзін айтқан еді.

Мемлекет басшысы Тоқаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаны ішкерлей зерттеп, ұлттық өркениеттің дамуына тікелей басшылық етіп, аса көрегендік танытып отырды. Өйткені, «Рухани жаңғырудың» ұлт өркениетін дамыту мен гүлдендіруде маңызы өте зор.

2019 жылы 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастырумен «Азия қаламгерлерінің 1 форумы» өте салтанатпен өтті. Бұл форумға 38 елден 300-дей беделді ақын-жазушылар қатысты.

Бұл – одақ тарихындағы Азия-Африка жазушыларының басқосуынан кейінгі ең үлкен шараның бірі ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Нақтап айтқанда, бұл кемелді шара қазақ әдебиетінің да­муына үлкен бұрылыс әкелетіні даусыз. Форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келіп, құттықтау сөзін сөйлеуі қазақ қаламгерлеріне биік мәртебе әкелді. Міне, бұл Мемлекет басшысының адамзат өркениетіне көрсеткен ұлы құрметі мен ыстық ықыласы еді. Тоқаев форумдағы сөйлеген сөзінде: «Ұлы дала елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Бұл ретте, Сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді», ؘ– деп тебірене тіл қатты.

Елін сүйген мемлекет басшысының кемелділігі мен кемеңгерлігін туған халқының тіліне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, мәдениетіне, тарихына, өркениетіне қолдау көрсетуінен байқауға болады. Мен қазақтың киелі тарихи Отаны – Қазақстан еліне келгеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт өркениетіне үлкен қолдау көрсеткен асыл қасиетін байқадым.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумдағы сөйлеген сөзінде тағы да «Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек» деген салмақты көзқарасы қалың қаламгерлерге қайталай ой салумен бірге, оларға рухани жақтан шабыт сыйлады. Бір мемлекеттің рухани өркениетінің дамыған, дамымағандығы сол елдің жалпы мемлекет сапасымен тікелей қатысты болады.

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Нұрлан  Оразалин әлем таныған мемлекет қайраткері туралы «Біз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев есімді аса көрнекті мемлекет қайраткерін әр кезеңде, әрқилы тарихи оқиғалардың тұсында алыстан да, жақыннан да көрген адамдар санатынанбыз. Ол кісінің сөз бен істің арасына сызат түсірмес тектілігіне, «уәдені құдай аты санар» бекзаттығына, екі сөйлеуді білмейтін ер мінезділігіне, замана болмысын тереңнен танып, болжай білер біліктілігіне, бастаған ісін жеріне жеткізер қайсарлығына, кең ойлап, кең пішер саясаткерлігіне, ұлтының ұлы құндылықтарын жан-жүрегімен бағалай білер азаматтығына сан мәрте көзіміз жеткен. Президентіміздің сөз бен іс арасындағы бірлік жайлы айта келіп, ел ішін цифр­лармен алдаусыратпай, нақты біткен істермен қоғам бүтіндігін қамтамасыз етуге, экономикалық дамудың көрінісін уәдемен емес, біткен іспен бедерлеуге шақырғаны халық ойынан шықты. Барымызды сақтай отырып, баянымызды өрістетуге бағыттар ашық, айқын ұсыныстар мен тапсырмалар мол болды. Соның бірі, бірегейі – елдің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірер, ел болашағы мен ертеңін қалыптаса бастаған әлемдік өзгерістердің күнгей-көлеңкесін ескере отырып, стратегиялық міндеттерді шешуге, ұлттың ұлы құндылықтарын дамытуға ықпалы мол қоғамды саяси трансформациялау процесі. Қоғамды саяси трансформациялау дейтін тамыры терең, тағылымы мол процесс. Бұл процестің қанаты қалай кең болса, ауқымы да соншама зор екені айтпай-ақ түсінікті. Түптеп келгенде, «трансформациялау» дейтін ұғымның төркінінде саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырумен қатар, ұлттың «Рухани жаңғыру» атты іргелі бағдарламасына өріс ашу жолдары жатқаны да ақиқат»(«Ана тілі» газеті, 11-17 маусым, 2020 жыл, 7 бет), - деп ой толғапты. Кезінде үзеңгілес жолдас болған Н. Оразалиннің бұл әділ бағасы Тоқаевтың халқы үшін аянбай еңбек ететін, ұзақ жыл қызмет істеу барысында ел басқару өнеріне ерекше ысылған, қолынан көп іс келетін, мәртебесі биік мемлекет басшысы екенін аңғаруға болады.

Абайтанудың алтын көпірі

Мен «Ана тілі» газетінің 2020 жылы 16-22 қаңтарда жарияланған Қасым-ЖомартТоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бірнеше рет қайталай оқып шығып қатты қайран қалдым. Қатты қайран қалуым Абай идеясын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен сабақтастырып баяндаған парасатты ойлары болды. Автор мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихына өшпес із қалдырғаны сөзсіз.Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деген парасатты ойын айтады. Абай сынды ғұлама, ойшыл, ақын дәл бүгінгі жаңа замандағы XXI ғасырдағы қазақ елінің ең биік алтын төрінде малдас құрып отыр, әне сол ұлы Абай күллі әлемге қазақ болып тіл қатып, алыс болашаққа мәңгілік керуен тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделісі», «Жаңа қоғамның жанашырлығы», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» қатарлы үлкен мәселе ортаға қойылып, Абайтанумен ХХІ ғасырдағы Қазақстанды жан-жақты мұқият талдау жасалған.

Аталған мақаланың «Ұлттық болмысының үлгісі» атты бөлімінде Қазақстанның тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасына мұрагерлік етіп және оны дамытуды мақсат ете отырып, тереңнен сөз қозғайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қара ормандай қалың халыққа: «Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор», – деген үндеу тастайды.

Бұл мақалада автор: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа санасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», – деп баса дәріптейді.

Абай қазаққа ғана емес, күллі әлемге танылған кемеңгер тұлға. Көрнекті әдебиетші Асқар Сүлейменов «Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деген болжамын біліп айтқан екен. Ұлы ғұлама, ғалым, жазушы Мұхтар Әуезов «Ал, қазақ, мешел болып қалмасын десең, тағылымыңды, бесігіңді түзе», – деп тектен-тек айтпаған. Со үшін ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқы ұлы Абай парасаты арқылы тағылымымызды, бесігімізді түзеп, болашаққа керуен тартамыз. Мақаланың «Мемлекет ісінің мүдделесі» бөлімінде автор: «Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау барынша ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал», – дейді.

Қазақ халқы сан-санақсыз жойқын ұрыстарды, қан кешкен зар-заманды бастан кешіре жүріп 1991 жылы ғана тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрды. Біз тәуелсіз Қазақстанды қадірлеуіміз, тарихи Отанымызды көзқарашығымыздай қорғауымыз керек. Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев:

«Екі Отан жоқ,

Жалғыз Отан – мекенің» деген жыр жолында отаншылдықтың ұлы идеясы қам­тылған. Мемлекетті қорғау, билікті құрмет ету – елдік пен ерліктің белгісі.

Президент мақаласының «Жаңа қоғам­ның жанашыры» бөлігінде: «Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандары, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын   үлгі   етеді»,   –   деп   ой   түйеді.

Бір ұлттың ұлттық өркениетін сол ұлттың тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті сақтап тұрады. Әсіресе бір ұлттың ана тілі ерекше маңызды орынды ұстайды. Тілі жоқ, мәдениеті жоқ ұлттан үміт жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық тіл туралы: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақты Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деген керемет сөзін айтқан еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласының «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлігінде: «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбас-шылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше» – дейді тебіреніп.

Ұлтымыздың тарихы мен өркениетінің қайнары тым алыста жатыр. Бұл туралы айтылып та, жазылып та келеді. Алайда кей зерттеушілер қазақ халқының тарихы қысқа, қазақ атауы ХV ғасырда пайда болған деген жаңсақ көзқарастар да белең беруде. Бұған қазақтанушы, Қытайдың тарихшы ғалымы Су Бихай «Үйсін ұлысы екі хан патшалығы тұсында Батыс өңірдегі халық саны ең көп ұлт болып, Манас өзенінің батысынан, Балқаш көліне дейінгі Іле өзені, Шу өзені, Ыстықкөл аралығындағы ұлан-байтақ өңірде көшпелі мал шаруашылық тұрмысын өткізген. Қаңлы ұлысы мен Үйсін ұлысы қазақтың басты түп төркіні болып, сол кездің өзінде Үйсін-Қаңлы одағын қалыптастырды» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл, тамыз, 209-бет) , – десе, аты әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов: «Тек мынандай мысалдың өзі-ақ тарихымызды менсінбеушілердің кеудесін басып, үнін өшіреді де, өзіңнің кеудеңді көтереді: «Біз ең кемінде, 2200 жылдың алдында іргелі де күшті ұлыс болғанбыз», сол шақтағы Алтайдың алтыны мен Чаң-Анның жібегіне оранып, үйсіннің сүйек тағына Парфияның кілемін жауып қойып, билік құрған Елжау күнби өзімен үзеңгілесе алмайтын талайларға жаны ашитын, әрі күлетін», – деп өте дұрыс айтқан.

ХХІ ғасырдағы Қазақстан әлемдегі елдермен өркениет алмастыратын «Ұлы жібек жолының» қақпасы, халықтарға танылған өркениеттегі елдердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хакім Абай арқылы қазақ өркениетін күллі әлем елдеріне насихаттап отыр. «Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», – дейді Президент.

Мемлекет басшысы Тоқаев осы мақала­сының «Торқалы тойдың тағылымы» атты ең соңғы бөлігінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойында істелетін маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларын Ағылшын, Араб, Жапон, Испан, Италиян, Қытай, Орыс, Түрік, Неміс, Француз тілдеріне аударып, әлемге насихаттануды айтады. Сол жылғы мерейтойға орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара болатынын да мақалада тілге тиек етілді.

Абай қазақ халқынан шыққан ең ұлы, ең бақытты ақын. Өйткені, ол қазақтың ақ қалпағымен әлемге танылып, өз халқының баға жетпес рухани кемеңгеріне айналды. Мемлекет басшысы мақаласының ең соңында: «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақ­стан­ды осындай биіктерге жетелейді» деген философиялық қортындысын жасайды.

Президенттің «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп айтқан сөзінің ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқы үшін маңызы өте зор деп қараймын. Мемлекет басшысының тәрбиелігі күшті, шоқтығы биік мақаласын тебірене оқып отырып, қазақтың атақты Абылайханы айтқан «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмедік» деген дана сөзі ойыма оралады. Әлемге танылған тұлға Тоқаевтың бұл мақаласы ХХІ ғасырда жасап жатқан Қазақстан халқына Абайтанудың алтын көпірін салып берді. Сол Тоқаев салған алтын көпірден қалай өту, қазақты әлемге таныту, көкірегі ояу Қазақстандық азаматтардың шаруасы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаланың мазмұны бай, көп жақтылы болып, оның кемелдігі мен тереңдігін мына жақтан аңғаруға болады.

1. Мақалада абайтану барысы жан-жақтылы зерттелген, тың көзқарас айтылған, ғылыми қуаты күшті шығарма.

2. Мақалада отаншылдық тәрбие, тіл, салт-дәстүр, ұлттық өркениет Абай шығармаларының жауһарымен тоғыстырып баяндалған.

3. Шығармадағы тіл саптау шеберлігі оқырмандарын иландыру қуатына ие, Абай арқылы XXI ғасырдағы өмір сүріп жатқан Қазақстан халқына бағдар көрсетіп беретін құнды оқулық.

4. Әсіресе өнер иелерін Абай шығар­маларынан үлгі-өнеге алып сара туынды жаратуға жігерлендіреді.

5. Мақалада Абайдың «Толық адам» болу идеясын жан-жақтылы зерттеу алға қойылған.

Жинақтап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев  – ел басқару ісінде өзіндік сара жол салған, дүниедегі озық мәдениеттен хабары мол, Абай сынды ұлы даланың ғұла­маларынан үлгі-өнеге алған, ұлт өркениетіне аса құрметпен қарайтын көреген де, білімді, парасатты мемлекет басшысы.

Жаңашыл басшы

...Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазақ елінде шешім табуға тиісті алуан түрлі қоғамдық мәселелерге жан-жақтылы жауап берді. Соның ішінде әлемді жаулап алған індеттің Қазақстанға таралуы, ұлтымыздың ең қымбат байлығы болған ана тіл мәртебесін көтеру, той тойлап, әндетіп, ақша шашатын ұлтымыздың жағымсыз қылықтары т.б. мені қатты толғандырды.

Әлемді жаулап алған індет Қазақстанға келіп жетті, қазір дүниенің түкпір-түкпіріне тараған коронавирус күннен-күнге өршіп барады. Ал Қазақстанға да бұл індет қорқынышты үрей әкелді. Осы індет кесірінен халық өз табысынан айрылып, жұмыссыздық көбейді, шағын және орта бизнес, ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, еліміз бойынша елді мекендер мен қалаларда карантиндік шектеу шаралары әлі жалғасуда, халықтың тіршілігі күннен-күнге төмендеп, мемлекет экономикалық дағдарысқа ұшырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы реткі сұхбатында қазіргі кездегі халыққа қиындық көрсетіп отырған індеттен аман-сау өту, Қазақстандағы әрбір отбасын сабырлыққа шақырып, карантин қағидаларын қатаң сақтауға, тазалыққа мән беруге, тәртіпке бойсынуға жол көрсетіп берді.

Сұхбаттың бір ұтымды жері – Мемлекет басшысы ел басына түскен ауыр тағдырдың шындығын жасырмай айтты. Ол ел иесі ретінде жар құлағы жастыққа тимей, індетке қарсы әдіс-шара қарастырды, халыққа шынайы пайдалы шешімдер қабылдады. Аласапыранға салған індет себебінен табысынан айрылған әр адам басына 42 500 теңге жәрдемақы бергізіп отырды. Талай рет өзі тіке ақпарат құралдары арқылы халыққа індеттен сақтану туралы насихат жүргізіп отырды. Яғни, бұны Президент Тоқаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев күллі дүниеге ерте танылған ірі саяси тұлға һәм шебер дипломат екенін жоғарыда айттық. Көрші Қытай халқы оны көне дос ретінде құрметтеп, жоғары бағалап келеді. Әлемді жаулаған індет тараған кезде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Басыңа іс түскенде досыңның кім екенін білесің», – деп тектен-тек айтпаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев – тәуелсіз Қазақстанды құру жолында көрнекті еңбек сіңірген әрі ұзақ сыннан сүрінбей өткен басшылардың бірі. Ол мемлекет басшысы болған екі жылдан астам уақыттан бері шын пейілімен халық үшін қызмет етті. Көненің көзі, тұлпардың қалған тұяғы, аты әйгілі Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін ел тізгіні де лайықты тұлғаға бұйырды. Бұны – халықтың сенімі деп бағалауымыз керек... Елдің бірінші басшысы болу – үлкен мәртебе әрі салмағы зілбатпан жауапкершілік. Пайым-парасаты, білім, тәжірибесі ел тізгінін ұстауға жететін азамат қой, Құдай абырой берсін!» деген ақ тілегін білдірсе, Еуропа парламентінің танымалы депутаты Тьерри Мариани «Дипломатиялық жұмыс тәжірибесі бар президенттің қай саланы болсын дөңгелетіп әкететініне күмәнім жоқ. Сенатты басқарған кезде Тоқаев мырзамен бірнеше рет кездескенмін. Сондай-ақ ол Парижге де келген еді. Халықаралық деңгейде ол кісінің беделі жоғары. Қазақ халқы дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын» деген жоғары бағасын берген еді.

Тоқаев – ат үстінен гүл көретін саясаткер емес, әр істі өз ақылы мен парасатына салып істейтін ұзақ жыл сыннан өткен реформашы. Тоқаев Қазақстан Республикасының Прези­денті болып сайланған кезде ҚХР-ның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемешісі Гің Шуаң «Президент Тоқаев Қытай халқының сырлас көне досы. Қытай жақ Қазақстанның мемлекет құрылысы істерінде үздіксіз тың нәтижелер жаратуын үміт етеді және дос ел Қазақстанның гүлденіп-көркеюін тілейді. Біз Қытай мен Қазақстан сынды екі елдің жоғары деңгейдегі достық қарым-қатынасын сақтайтындығына сенеміз», – деп ақ тілегін айтқан еді.

Иә, тәуелсіз ел болу ата-баба­лары­мыздың ұзақ ғасырлар бойы сарыла күткен ұлы арманы еді. Қазақ тарихы мен шежіресінің дерегі б. з. д. I-II-III ғасырлардан басталады. Қазақтың түп атасы деп қаралып келген сақ, ғұн, үйсіннен тартып есептесек, қазірге дейін 20-30 ғасырдың жүзі болғанын тарихи құжаттар өзі дәлелдеп береді.

Қытай халқынан шыққан аты әйгілі қазақтанушы ғалым Су Бихай мырза қазақ деген атауға тоқталып «Бір қыдыру адамдар қазақ атауы XV ғасырда қалыптасқан деп қарайды. Амалиятта бұл-тарихи шындыққа жанаспайды... мұнан VII ғасырдан бастап қазақ деген аттың тарихи кітаптардан орын алғанын анық көруге болады» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы тамыз, 8-бет), -дейді. Міне бұл ежелгі Қытай патша ордасында жазылған қазаққа қатысты деректер негізінде шығарылған қорытынды.

Алаш ардақтыларының көрнекті өкіл­дерінің бірі Мыржақып Дулатұлы «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзі бізге терең ой салады.

Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Мәңгілік ел, Тәуелсіздік ұғымдарымен астасып жатыр.           

Бірінші, Ұлттық құндылықтарды қорғау және оны дамытудың әр қандай жер басып жүрген азаматтардың ортақ парызы. Ұлттық құндылығы болмаған халық өзінің ата қанына сіңген қасиетінен айрылады. Халқымыздың ұлттық құндылықтарының тамыры тереңде жатыр, сол үшін ұлттық құндылықтарды көз қарашығымыздай аялап, қорғауымыз керек. Автор мақаласының алғашқы бөлігінде еліміздің үш он жылдықтағы міндеттерін анық белгілеп, қуатты мемлекет құруды ашық ортаға қойды. Мемлекет тағдырын арқау етіп жазылған бұл мақалада «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау-барлық өркениеттер жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», -дейді Президент.   

Дана халқымыз «Ұрпаққа басқұр қал­ғанша, қазыналы дәстур қалсын», -деп өсиет қалдырған. Бір ұлттың басты белгісі оның ана тілі, салт-дәстүрі, ғұрып-әдеттері арқылы дараланып тұрады. Дәстүр-ұлтымыздың баға жетпес асыл жауһары. Сондықтан халқымыздың «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деген ұлағатты сөзін есімізде берік сақтаумыз керек.

Екінші, Мемлекет басшысы бұл мақа­ласында ұлттық тарихқа өте мән бергендігі әрі тарихты жүйелі, кемелді, терең зерттеуді анық айтқан. Тоқаев сөзінде «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық тари­хы­мыз әлі толық жазылған жоқ», -деп шындықты жасырмай айтады.

Автор тағы да «Әрбір халық өзінің арғы -бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттық жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деп тарихшылар мен зерттеушілерге нақты бағдар көрсетіп береді.         

Көп тарихымыз кер заманның кесірі­нен келмеске кетті. Аумалы-төкпелі замандағы соғыстың, ашаршылықтың салдарынан тарихымыздан, тілімізден, салт-дәстүрімізден айрылдық. Халқымыз ежелден тартып, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізсе де, «Атамыз – Алаш» деп ұрандап, ата жауына қарсы тұрып елін, жерін көзқарашығындай қорғап келді. Ұлтымыздан шыққан кемеңгер хан, сұлтан, би-шешен, батырлар саяси мүддені көзде ұстап, түбіміз бір, тегіміз бір, барлығымыз бір атаның баласымыз деп, туысқандықты, бауырмалдықты дәріптеп, «Атымыз -Қазақ» деген идеяны халық санасына сіңіріп, қиын-қыстау кездерде бір тудың астынан табылып, алты бақан алауыз болудан сақтанып, береке-бірлікке ұйыстырып отырған.

Аумалы-төкпелі замандарда ұлттық тарихымызға көп жамау-жасқау түсті. Бізге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тарихымыздың кем-кетігін қайта толықтаудың кезеңі келіп жетті. Қазақтың атақты үш биінің бірі Төле би Әлібекұлының «Өсетін ел тарихын тасқа жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген сөзінде үлкен ой жатыр.       

Үшінші, автор мақаласындағы «Баба-ларымыздан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген сөздерінен Отанды сүюдің ұлы идеясы байқалып тұр. Ұлағатты халқымыз «Әркімнің өз жері – Мысыр шаһары», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық», «Өз елім, өлең төсегім», «Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз» т. б. мақал -мәтелдер шығарып, ата-бабаларымыз соңғы ұрпақтарға аманат етіп қалдырған қасиетті мекенді ерекше қастерлеген.  Қазір қалың халық басты назар аударып отырған қоламталы мәселелердің бірі қасиетті жерімізді қалай қорғауда болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Тоқаев «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – Қазақ-тың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды», – деп жердің ешкімге сатылмайтынын кесіп айтып, бұл мәселенің соңғы нүктесін қойды.

Мемлекет басшысы бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған «Нұрлы көш» бағдарламасын жалғастырып келеді. Шетелден тарихи Отанға оралған сан мыңдаған этникалық қазақтар азаматтық алуына, тұрмыстық жақтан көмек көрсетіп отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 11 қыркүйекте Қытайға іс-сапарымен барды деп айттық қой. Міне, сол кездерде Қытайдағы тарихи Отанын аңсаған этникалық қазақтардың төбелері көкке жеткендей қуанды. «Аққуы көлін аңсайды» дегендей, Тоқаевтың шапағаты тиіп, көп өтпей тарихи Отанға оралдым.    

Аты әйгілі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Жиырманыншы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасіретті ғасыр» деген сөзі есімізге түссе өткен заманда ата-бабаларымыздың қасіретті күндері ойымызға оралады.      

Мен 1916 жыл және 1930 жылдардағы екі реткі үркінде Қытайға қашқан елдің ұрпағымын. 1918 жылдың күзінде Кеңес үкіметінен жеңілген ақ патшаның 85 әскері Шәлкөде жайлауында бейғам жатқан Диқанбай болыс ауылын қанды қырғынға ұшыратады. Содан кейін біздің ауылдың тоз-тозы шығып, бағы тайып, берекесі қашты.

Менің әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов 1928 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Лабасы (Іле басы) жайлауында дүниеге келген. 1932 жылғы ақсүйек ашаршылықта ел үркіншілікке ұшырап, әкесі Сәрсенбай 4 жасқа жаңа ғана келген баласын қоржынға салып алып, Қытай шекарасын асуға мәжбүр болыпты. Атам да, әкем де өз туған Отанын қайта көре алмай арманда дүниеден аттанып кетті. 

Халқымызда «Тағдыр қайталанады» деген таным бар. Сол тағдыры қайталанып, Қытайдағы неше жүздеген қандастарымыз арт-артынан тарихи Отанға оралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» деген керемет сөзі бізге үлкен ой салады.       

Екі реткі үркінде атамекенін тастап қашуға мәжбүр болған елдің бір бөлегі соңынан қуған орыс әскерлерінің оғынан жазым болса, арғы бетке өткеннен кейін, шекара күзеткен қалмақтардың тонауына ұшырап, аса ауыр тағдыр кешті.         

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел тағдыры мен жер тағдырына қатысты қоламталы мәселелер сөз болып, тәрбиелігі күшті, қоғамда атқаратын маңызы зор отаншылдық идеяны ортаға қойды.

Төртінші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына әр реткі Жолдауы мен мақалаларында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру туралы өзінің кемелді ойларын айтып, бізге үнемі бағыт-бағдар көрсетіп келді. Мемлекеттік тіл мәртебесінің беделін көтеруде елімізде жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың да үлкен жауапкершілігі бар деп қараймын.     

Автор мақаласында «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы», – деп өте анық айтқан. Шетелдік ақылмандардың бірі Нельсон Мандела «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес», – дейді. Тіл мен мәдениет – әр халықтың сан ғасырда өздері жаратқан баға жетпес байлығы. Тіл мен мәдениеті жоқ ұлт өлген ұлт, ұлттық құндылығынан айрылған халық, қан тамыры тіршіліктен тоқтаған ұлт. 

Қытай қазағынан шыққан әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатовтың «Рухсыз мемлекет пен ұлт өміршең болмайды» деген керемет сөзі бар. Біз ел болып, есімізді жиып, етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздік алғалы 30 жылдың жүзі болды. Біз тәуелсіздігімізді қадірлей, бағалай білуіміз керек, сонда ғана Мәңгілік ел болу арманымыз сәтті түрде жүзеге асатын болады.

Ұлы ғұлама-ғалым Жүсіп Баласағұн «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда» деген керемет сөзін айтқан еді. Тоқаев сонау кеңес заманынан бастап ел басқару ісіне араласқан ірі тұлғалардың бірі. Оның ел басқару өнерінен парасат, ұлылық, білімділік, биіктік мен мұндалап тұрады. Тоқаев қара ормандай халқына сенді, халық та оны қолдады. Сол әділ таразы болған халқымен бірге мемлекет басшысы Қазақстанның даңқын әлі де биіктете береріне сенімім мол.

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

3260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз