• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2021

АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ - АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІККЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін сайлауға қатысты қоғамдық сауалды жария етті. Осы сауалды іске асыру шеңберінде заң қабылданды, ол бірінші кезекте аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді, сондай-ақ көрсетілген сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін көздейді. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің өткен тікелей сайлауын қоғамды демократияландыруға, саяси бәсекелестіктің күшеюіне және жер­гілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару шеңберіндегі неғұрлым ашық саяси процеске ықпал ететін елеулі саяси реформалардың нәтижесі ретінде сипаттауға болады.

Өткен ауыл әкімдерінің сайлауы саяси жүйені реформалау процесіндегі оң қадам болды және қазақстандықтардың саяси үдеріске жоғары қызығушылығын көрсетті, деп атап өтті сарапшылар. 730 орынға 2 мыңнан астам кандидат өз кандидатураларын ұсынды.  «Пассивті сайлау құқығын қолданудағы осындай белсенділік (азаматтардың билік органдарына сайлану құқығы) халықтың саяси процеске жоғары қызығушылығының көрсеткіші болып табылады,-дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина. – Сонымен қатар, ауыл әкімін жанама таңдаудан тікелей дауыс беруге көшу аясында біздің еліміз халықты шешім қабылдау процесіне неғұрлым толық тарту үшін маңызды қадамдардың бірін жасағанын атап өту маңызды. Тікелей сайлау өткізу кейіннен сайлаушыларға жаңа әкімнің жұмысына өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді».

Сонымен қатар, сарапшы сайлау­шылардың жоғары белсенділігіне назар аударды. Кейбір аймақтарда қатысым 90%-дан жоғары болды, бұл оның айтуынша, ауыл тұрғындарының саяси оқиғаға ерекше қызығушылығын көрсетеді. «Сонымен бірге, сайлаушылар болашақ әкімді таңдауда өте жауапты болуы керек, өйткені бұл жай ғана әрекет алгоритмі емес: «келді, көрді, дауыс берді». Бұл өз ауылының болашақ дамуын таңдау, ол сайлауалды бағдарламасын және өздері дауыс беретін адамдардың бэкграундын зерделеуді талап етеді», – деп атап өтті И.Рыстина. Сондай-ақ, бюллетеньдерге «барлығына қарсы» бағанын қосу – азаматтарға балама позицияны білдірудің тиімді құралын ұсынды. Өз кезегінде ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу қоғамдық-саяси жүйені ырықтандыру бағытындағы үлкен қадам екенін атап өтті. «Біріншіден, бәсекеге қабілетті және ашық сайлау науқаны жергілікті мәселелерді білетін және оны шешудің кілтін таба алатын ең құзыретті және жауапты кандидаттарды әкім лауазымына сайлауға мүмкіндік цбереді, – деп атап өтті сарапшы. – Екіншіден, сайланған әкімдер халықтың сенімін ақтауға бар күшін салады. Ауылдықтармен байланыстың тиімділігі жергілікті әкімшіліктердің басшыларын электораттық қолдаудың кейінгі деңгейінде тікелей көрініс табатын болады. Үшіншіден, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауының енгізілуімен елдің ауылдық аумақтарындағы жергілікті биліктің іс-әрекетіне қоғамдық бақылау құралы пайда болады. Яғни, ауыл тұрғындары ауылдық аумақтардың өзекті мәселелерін талқылауға қатысуға және әкімдерден сайлау алдындағы уәделерінің орындалуын талап етуге мүмкіндік алады». Сонымен қатар, С.Ахметжанов ауыл әкімдеріне тікелей сайлау өткізу жер­гілікті жерлердегі басқарушылардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтардың рөлін күшейтуге ықпал ететініне назар аударды. Сондай-ақ, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер деңгейіндегі электоралдық науқан атқарушы биліктің жоғары деңгейлерінде осындай сайлауды өткізу үшін негіз қалайды.

Өткен сайлауда кандидаттардың да, сайлаушылардың да жоғары белсенділігіне ӘЭСИ сарапшысы Арман Тоқтышақов назар аударды. «Көптеген өңірлерде қатысу 70-80% – дан асты, – деп атап өтті ол. – Ауыл әкімдерін сайлау сайлау процесін реформалаудың алғашқы сатыларының бірі екенін түсіну маңызды, өйткені 2024 жылы аудан әкімдері сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Өткен ауылдық сайлаудың маңыздылығын талдай келе, ең алдымен, олардың басты артықшылықтарының бірі азаматтардың өз елді мекендерін дамытуға қатысуын кеңейту болды деп айту керек». Сарапшының айтуынша, өткен ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды нәтижесі халықтың нақты түсінігін қалыптастырады деп санауға болады: олардың ауылының дамуы олардың азаматтық белсенділігіне байланысты. Өз кезегінде жергілікті мемлекеттік басқару органдары халықтың өзекті проблемалары мен сұраныстарына неғұрлым бейім болады.

Тұтастай алғанда, қазіргі демократиялық өзгерістерді биліктің мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі тікелей және дәйекті әрекеттері деп санауға болады, бұл «еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді.

Ұлан БОЛАТҰЛЫ

1100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз