• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2021

ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСА БІЛУІМІЗ КЕРЕК

 Елбасы еңбектеріне сүйене айтсақ, Тәуелсіздік – әлемдік тарихтың ағынында субъект болу құқығын сезінетін әрі соған жауап беретін халық болмысының жалғыз ғана нышаны. Біздің тәуелсіздігіміз қазақ ұлтының қоғамдық ойының қалыптасуымен және халықтың жан-жүрегінің аңсауымен демелген көпғасырлық ұмтылысының жемісі. Сондай-ақ, Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал. Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғыртуды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық. Ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық (Н.Назарбаев. Ақыл – парасат кітабы. Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. -75-86-б.б.).

 

Қастерлі құндылығымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауының салмағы бөлек, орны тым ерекше. Президент Жолдауы – Ұлт еңсесін көтерудің, ел өркендеуінің, рухани жаңғырудың айқын бағдары. Мемлекет басшысы егемендіктің жалаң ұран мен жалынды сөз еместігін баса айтып, бұл реттегі ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы дей келе, бұның басты көрінісін елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы мен жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы тұрғысында тұжырады. Ел Президенті берекелі бірлік пен еселі де қажырлы еңбек нәтижесінде кез-келген сын-қатерге дайын болуымыздың қажеттілігі баса айтылған халыққа арналған кезекті Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму; денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру; сапалы білім беру; өңірлік саясатты жетілдіру; еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру; саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау; ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың факторы секілді ел дамуының аса өзекті кесек те келелі мәселелеріне сыналай тоқталады.

Мемлекет басшысы  стратегиялық  мақсатымыздың Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту екеніне салмақ сала келе, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі әлі де төмен екенін қаперден шығармайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды»,- дей келе:«Отандық  IT-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс», - дейді. Демек, еліміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білудің жаңа цифрлық дәуірде геосаяси маңызға ие екендігін айтуы еліміздің кадрлық әлеуетін күшейтуді керек етеді. Олай болса, бұл тұста педагог мәртебесінің биіктеуіне бірден-бір алғышарт болар кәсіби педагогтарды талап үдесінде даярлауға ден қою аса маңызды.

Мемлекет басшысының: «Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді. Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс», - деп алаңдаушылық білдіруі өте-мөте орынды деп білеміз.

Ел Президенті: «Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде», – деп көкірек кере ұлттық медицина саласы ғылымының табыстарын мақтан ете отырып: «Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек», – дейді.  Демек, бұл ретте еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру» десек, жұртшылықтың, университеттің профессор-оқытушылар құрамының және студент жастарымыздың спортпен шұғылдануына кешенді жағдай жасалуы ауадай қажет-ті.

Халқымызда «ауруын жасырған арам өледі» деген тәмсіл бары аян. Осы тұрғыдан келгенде, Ел Президентінің ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретінін айта келе: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда, қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс», - деп бар шындықты мысқал жасырмастан шегелей айтуы құптарлық. Демек, бұның өзі білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар керектігін, олардың шәкірт бойына жаңа білімді сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиістігін айқындайды. Сондай-ақ Жолдауда толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшіре бастаудың қажеттілігі, өскелең ұрпақтың өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуі айтылмай қалмады.

  Президент Жолдауында еліміздегі жоғары білім беру орындары мен ғылымды дамыту мәселелері де көзден таса қалмайды. Бұл ретте Мемлекет басшысының: «Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті» деуі – жоғары оқу орындарының білікті кәсіби мамандарына қарата айтылған зор міндет. Президент: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек... Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн»,- деп айқын бағдар бере келе : «Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болуымен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз»,- деп түйіндеуі ойлантпай қоймасы анық.

Мемлекет  басшысы  Жолдауында қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін, бұл салада айтарлықтай нәтиже барын, қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда екеніне тоқтала келіп: «Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үдерісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі»,- деп баса айтуы көңілге қонады. Десек те, еліміздегі мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің даму деңгейі, осы жолдағы қол жеткен жетістіктеріміз де, әлі де қол жетпеген кем тұстарымыздың да, проблемалардың да бары бізге мәлім. Біздіңше, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы қазақ тілінің – мемлекеттік тілдің жетістігі тоқырап, болмаса, тоқтап қалмай, қоғаммен бірге алға жылжып келетіндігі. Десек те, орман өскінімен мықты. Өртенсе де, отаса да, қайтадан қалпына түсу мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда тілді сондай дәрежеге жеткізу әр қазақтың парызына айнала алмай келетіні өкінішті. Алдыңғы ұрпақтың соңында тасқын селдей тіл толқынын тулатқан күш әлі сезілмеуде. Жастарымыздың көше тілі – орыс тілін көп пайдалануы басым. Көзге ұрып тұрған осы кемдікті жою жолында тер төгуге тура келеді. Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы өз тұсында не  деп еді? «Жиырмасыншы ғасырға шейін түрік тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» деген-ді. Олай болса, ендігі кезекте кейінгі жаңа ұрпақ алдында ұятқа қалып, қызарып жүрмейік! Осы ой бізді жиі мазалайтыны рас.

Ел Президенті: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек», - дей келе,қазіргі ғаламтор дәуіріндегі бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатырғанын, бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда екеніне мазасыздық білдіріп,бұның аса қатерлі үрдіс екенін айтады.Демек, дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының тіректі ұстанымы,қарымды белсенділігі айрықша маңызға ие. Зиялыларымыздың еңбегі салмақты да салиқалы сөзімен және жас ұрпаққа өнеге болар нақты ісімен бағаланбақ. Міндеттің бастысы – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі де қасиетті құндылықтарды жаңа ұрпақтың бойына сіңіру.  Патриоттық, білімпаздық пен еңбекқорлық, ынтымақ-бірлік пен жауаптылық сияқты қасиеттерді дәріптеуге тиіспіз. Сондықтан да зиялы қауым ел болашағына әсер ететін әрбір елдік, жерлік, ұлттық мәселеден шет қалмауға тиіс.

 Президентіміз «Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуі тиіс» тұрғысында нығырлай айтады. Бұл – ел дамуын көздеп айтылған түйін. Әр қазақ, әрбір қазақстандық ойланса екен дейміз!

Түйіндей айтсақ, мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуінің қашанда айрықша маңыздылығы даусыз. Халық даналығына сүйенсек, ырыс алды – ынтымақ. Ынтымақ болмай, іс оңбас. Бірлікті ел бұзылмас. Бірлік болмай, тірлік болмас. Біле білсек, саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Бірлік, ынтымақ – байлық, бақ. Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, Ұйым жоқ болса, күйің жоқ. Кеңеспен шешкен шешімнің кемісі болмас. Олай болса, берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле.Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді. Шынтуайтында, ұйымдасқан ұтары рас. Ендеше, ағайын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын! Өсер елдің күш-қуаты қашан да берекелі бірлікте екенін ұмытпалық!

Абат Қыдыршаев,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

807 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз