• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2021

ТҰРАҚТЫЛЫҚ СЕНІМ МЕН ҚҰРМЕТТЕН БАСТАУ АЛАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі ұлтаралық татулық пен достық құндылықтарының қалыптасуына сүбелі үлес қосып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 21 қазан күні ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, маңызды мәселелер төңірегінде өз ойын ортаға салды. Алқалы жиында айтылған ойлардың тұжырымдарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

     • Бүгін бәріміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Тәуелсіздік мерейтойы – Қазақстан үшін аса маңызды тарихи белес. Біз осы жылдарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құрдық. Экономикамызды өркендеттік, халықтың әл-ауқатын арттырдық. Мұның бәріне берекелі бірлігіміз арқылы қол жеткіздік.

 • Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз.

 • Қазіргі заманда сын-қатерлер аз емес. Мұндай жағдайда біз жалпыұлттық бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Сонда ғана мемлекеттілігімізді нығайтып, жаңа белестерді бағындыра аламыз. Ассамблеяның жиырма тоғызыншы сессиясында Елбасы осы бірегей құрылымға басшылық жасау құқығын маған сеніп тапсырғанын білесіздер. Бұл шешімді қолдаған баршаңызға шынайы алғысымды айтамын.

• Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этностық топты қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі маңызы зор ұйымның жұмысына берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттік идеяның төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этностық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды.

Өкінішке қарай, этностық факторлар, ұлтаралық қатынастар, әсіресе дағдарыс кезінде түрлі қақтығыстың ошағы болуы мүмкін екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Оның деструктивті әлеуеті ақпараттық және гибридтік соғыстардың, жиі жасалатын популистік мәлімдемелердің, ашық арандатушылықтың қазіргі дәуірінде айтарлықтай күшейе түсті.

Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек.

• Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ауқымды этносаралық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық Аналар кеңесінің құрылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл Кеңес еліміздегі бірлік пен татулыққа негіз болып отырған құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Ұрпаққа отбасында дұрыс тәрбие беру – айрықша маңызды міндет. Сондықтан Республикалық Аналар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсету қажет. Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Әрине, бұл салада тәжірибеміз бар, соны одан әрі дамыта берген жөн.

Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін.

843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз