• Ел мұраты
  • 20 Желтоқсан, 2021

СТИЛИСТ ҚАЛАМГЕР

Текті сөздің зергері, қазақ драматургиясының падишасы Рахымжан Отарбаев – дара жазушы. Қазақ көркемсөзінің табиғатын ашып, құдіретін танытқан көрнекті жазушы өз оқырмандарына сүбелі сөзін, ордалы ойын арнаған талант иесі. Оның жазу стилі өзгелерден ерекше бөлек, ешкімге ұқсатпай өзінше жазады. Оның әңгіме-повестеріндегі әр кейіпкер – сиқырлы қаламының құдіретімен әсемделген, күнде көріп жүрген пенделер. Әр кейіпкердің мінезінің жақсылығы мен жамандығы, адалдығы мен арамдығы, қатыгездігі мен қамқорлығы да өзгеше. Оның тілі – өзге бір әлем. Қай шығармасын оқып бастасаң да, жұмбақ әлем ішіне енгендей боласың. Бұндай ерекшелігінің өн бойынан табылуы өзі айтқан бала кезден сәби болып дала кезіп ойнамай, ата сөзін тыңдағанының оң әсері шығар, бәлкім! «Аға» деп қасынан қалмаған, парасат пен сауаттылықты, жазушының озық үлгілерін өнеге ретінде түйдірген асыл ұстазы Әбіш Кекілбаевтың үлкен мектебінің қорытындысы шығар.

Оның басты кредосы – «жазғаның соқыр көретіндей, саңырау еститіндей жазу» деген Ғабит Мүсіреповтың ғибратты сөзі еді. Өзінің әзілдей айта кеткен «сөзикасы» – басына қонған бағы. Себебі оның әр туындысы астарлы, жұмбақ тілмен жазылса да, ойға қонымды, тілге жеңіл. Әңгімелерінің алғашқы сөйлемінен-ақ сол шығарма тұңғиығына бойлап, құдды сол мезетке уақыт машинасымен барғандай боласың. Әр іс-қимыл, оқиға көз алдыңда ап-анық, айқын бейнеленіп жатады. Дәл осындай ғажайып дарынды бойына қондыра білген ерекше туындыгерді қай жағынан зерделесек те аз шығар. Оның әр шығармасы жанымызға жақын дүниелер. Кең байтақ қазақ даласының көрінісі. Сонысымен де құнды шығар. Атақты француз философы А.Камю былай дейді: «Күрделі жазатындардың түсіндірушілері болады, қарапайым жазатындардың оқырманы болады». Осы айтылған екі дүниеде Рахымжан ағамызға дәл айтылған. Жазушы ағамыздың өзі айтқандай тәңір шынымен оның «тіліне бояу» дарытқан.

Рахымжан Отарбаев – ойлы жазушы, қазақ әдебиетінің асылы. Осындай дара адаммен бір дәуірде өмір сүріп, көзін көріп, бата алған біз бақытты ұрпақпыз.

Жазушы туралы бірер сөз айтып, тану үшін оның шеберханасына бойлаған абзал. Ал Рахымжан ағаның шеберханасына бір кіргеннен кейін қайта шығу қиын. Сиқырлы сөздері, ойға қонымды тіркестері сізді байлап тастайды. Рахымжан – стилист қаламгер. Оның әр кейіпкері сенің жаныңда жүрген адамдардың бір көрінісін көрсетері хақ. Мына заманның ащы шындығын күлдіре отыра жылатып жазған жазушының бірер әңгімелеріне тоқтала өтсек. Маған ұнаған әңгімелердің бірегейі – «Соңғы спектакль».  Өлім мен тойды шатастырып, ақшаға мастанған пенде бейнесін көрсетеді.  Аумалы-төкпелі заманда «ақша, ақша» деп жүрген  адамдардың, тек ақша тапсам болды деп жүргендігін күлдіре отыра жылатып жазған. Бас кейіпкер Тасеменнің дүниенің құлы екенін, негативті кейіпкер екенін әңгіменің алғашқы сөйлемінен-ақ байқауға болады. «Орта бойлы, жалпақ бет, жарғанат құлақ, жайдары немені бұл өңірде танымайтын адам кемде-кем» [1, 177]. Жақсы жанды «неме» деп айтпайтынын біз жақсы білеміз. Демек, бұл кейіпкер жағымсыз екенін ұғынамыз. Сонымен қатар, «Болмашы бір уыс қана ана ру көкелерін осылайша жоқтатқанда аспан мен жердің ортасын тіреп тұрған біз неге әкемізді былайша азалатпаймыз? Қай жеріміз кем?» [1, 186] деген сөйлемнен, қаралы үйдің шын мәнінде үлкен кісілерден айырылғанда өзіндік шын жүрекпен жоқтай алмайтынын, барлық нәрсені ақшамен сатып алуға болатынын көрсетеді.

«Нашақор жайлы новелла» атты пьесасы ХХ ғасырдың кеселді дерті нашақорлық тақырыбына арналған. Бас кейіпкер Жылқытай – құдайдан тілеп алғандықтан, әке-шешесі бетін қақпай өсірген жалғыз бала. Елірген нашақорлар тобына қосылған Жылқытайдың бір «доза» үшін шаңырақтың құтын қашырып, ата-анасының өмір бойы жиып-терген берекелі дүниесін үйден түзге – наша сататын алаяқ әйел Кәмилаға, заң қорғаушысы бола тұра қылмыстық істерге баратын полиция майорына таситын әрекеттері ойдан шығарылған дүние емес екенін оқып отырып түсінесің. Алаяқтардың арбауымен тура жолдан тайқып, кеселді ортаға түскен жасөспірімдерді түпсіз терең шыңырауға құлатып, ата-анасын өзіне қарсы қоятын пенделердің бар екені заман шындығы. Драманың соңғы эпизодын автор көзі көрмей қалған зағип жандарға арнаған. Нашақорлықтан емделуге ұзақ уақытын жіберген, тіршіліктен өз орнын таба алмай жүрген жандар арасында басты кейіпкер Жылқытай да бар. Ғасыр дертіне айналған нашақорлықты қоғамға алып келген кесел – бүтін адамзатты толғандыратын өзекті мәселе.

Жазушының «Бейбарыс сұлтан» атты тарихи драмасына үңілсек, сол заманның ащы шындығын көз алдыңа бейнелетпей қоймайды. Бұл драмада Дешті қыпшақтың он жасында құлдыққа сатылып кеткен жетім баласының қатардағы құлдан Мәмлүк мемлекетінің билеушісіне дейінгі өсу жолын суреттейді. Бейбарыс сұлтанның мазмұнды өмір хикаясын көркем суреттеген драмалық туындыда таразының бір жақ басына оның жеткен жетістіктері – атақ-даңқ пен билік тізгіні салынған болса, екінші басында ешқашан ұмытылмас туған жерге деген ұлы сағыныш сезімі мен жеке басының азаттығы жатары анық. Тағдыр тәлкегімен өзге елге сұлтан болуға мәжбүр Бейбарыстың туған елі мен жеріне өшпес махаббаты бәрінен биік тұрары да сөзсіз.

Қаламгердің кесек туындыларының бірі – «Бас» романы. Кітап мұқабасындағы суреттің өзінен-ақ жәй ғана бас емес, ұлт тарихының қатпарынан сыр шертер көшбасшыларға қатысты екенін ұғына-мыз. Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық көтерлістердің марғасқа көшбасшыларының қаншасының асыл сүйегі көмусіз айдалада қалды, қаншамасының денесінен басы кесіліп, тағдырлы аруаққа айналды. «Бас» романының аруақтарымыздың алдындағы ұлттық намысымызға үлкен сын болған қаралы кезеңдері суреттелген болатын. «Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбет аға? – деді алдында тұрған ақсүңке басқа қарап. – Сені жетіқат жер астынан қазып алдым. Үрлеп жан сала алмадым. Бірақ иісі қазақ зәру болған мәлике жүзіңді мүсіндедім. Маған риза бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біттім. Қайтамын Мәскеуге...» [2, 1]. Алғашқы жолдарын оқығаннан-ақ денең түршігіп, бір ысып, бір суисың. Қазақтың маңдайына біткен аруақты ақын, жыраулық дәстүрдің соңғы өкілі, батыр қолбасшы, Исатайдың сенімді серігі Махамбет батырдың бас сүйегі мен белгілі антрополог ғалым Ноэль Шаяхметовтің шеберханада отырып тілдескен монологынан басталады. «Көңіл-көмбеде не жатқан жоқ дейсің? Кешегі өткен Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай мен Ағыбай, Кенесарылар осы елге ортақ жақсылар ғой. Одан бергі Алашорда көсемдері ше? Ай, айтары бар ма? Осы арыстардың иісі қазақ даласы үшін жасаған жанкештілігін жазсаңыз, ақ қағаздың өзі сары майдай ерір еді?! Осы арыстардың азапты тағдырын, отбасынан ажырап, ұрпақсыз қалғанын, тіпті кәлләсінің өзі зар жылар еді?!» [3, 92].

Бұл жолдардан Кенесары ханның басына қатысты мәселенің көтерілгенін де айқын көреміз. Жалпы қазақ тарихында басы кесілген белгілі екі тұлға бар екені бізге мәлім. Бірі – белгілі көтеріліс қолбасшысы Махамбет Өтемісұлы болса, екіншісі – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Махамбет бабамыздың басы денесімен қайта қауышып, бірнеше жылдан кейін қайта жерленген тарихи бас болса, Кенесары ханның басы әлі күнге табылмай, елге қайтарылмаған. Бұл тақырыпты қозғаудың өзі кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы қарызы мен парызын еске салып, айқын көрсеткендей. Ал романды түгелдей оқып шықсақ, автор ұлттық тарихымыздағы денесінен басы кесілген ұлт көшбасшылары екеудің ғана мәселесі емес, жалпақ тарихтағы белгілісі бар, белгісізі бар, кесілген бастан бөлек, туған ел топырағынан жырақта көмусіз, жоқтаушысыз қаншама ата-бабаларымыздың жағдайын басты кейіпкерлер арқылы елдік мәселеге қосады. Романның сюжеттік желісіне Махамбет Өтемісұлының зерттеуге алынған бас сүйегінің сындарлы салқын саясат кесірінен, жауапкершіліктің жоқтығынан, санасыз салғырттықтан ескерусіз қалуы, жоғалып кету қаупі бар кезеңінде белді ақсақалдардың араласуымен елге қайтарылып, жерленіп, батыр рухының жай табуы шығармаға арқау болған.

Атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Рахымжанның әр жазғаны жүрекке жабар шындық» десе, Дулат Исабеков «Рахымжанның шығармаларында қаншама кейіпкер болса – соншама қайталанбас ғажайып образ бар» деген болатын. Шынымен өмірдегі болып жатқан сан-алуан құбылыстардың көкірек сүзгісінен өткізіп, көркем образ жасау арқылы өмір шындығының көркем бейнесін сомдау – шын суреткердің ғана қолынан келетін шеберлік. Ал қарымды қаламгердің  драмалық шығармалары – өз алдында ерекше бөлек құбылыс [4; 5].

Жанар Қабдірахимқызы,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

«Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері

Арсен Талғатұлы,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Отарбаев Р. Біздің елдің амазонкалары. – Астана: «Foliant» баспасы, 2012. -422 б.

2. «Ұлт болмысы» республикалық патриоттық әдеби-танымдық журналы, №3 (68),  2019 ж.

3. Акбулатов А. Қазіргі қазақ прозасындағы роман жанрының даму тенденциясы (ХХІ ғасыр). Оқу құралы. – Орал: «Шұғыла Принт», 2020. -188 б.

4. Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар. ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. –Алматы: «Evо Press», 2014. -708 б.

5. «Қазіргі әдебиеттану, тілтану мәселелері және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев шығармашылығы»  атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағы. М.Өтемісов атындағы БҚМУ. «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институты. Орал, 24 қараша 2016 ж.

1156 рет

көрсетілді

80

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз