• Ұлттану
  • 20 Желтоқсан, 2021

БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ

Тәуелсіздік – әрбір елдің басты құндылығы әрі баға жетпес байлығы. Ең алдымен, тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті ұғым. 2021 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне 30 жыл толып отыр. Осы отыз жыл аралығында Қазақстан керегесі кең, терезесі тең, өз алдына дербес, бәсекеге қабілетті, зайырлы мемлекет болып қалыптасты. Қазіргі таңда еліміздегі егемендіктің көрінісін халықтың әлеуметтік жағдайының өсуінен және мемлекеттің  қарқынды дамуынан көруге болады. Халқымызға бейбітшілік процесін  орнату кезінде, біз тәуелсіздіктің мазмұны мен дәрежесін үнемі жадымыздан шығармауымыз қажет. Себебі тәуелсіздікке апарар жол күрделі болды. Көптеген ғасырлар бойы қазақ халқы тәуелсіздік пен егемендік алу үшін күресуіне тура келді.1991 жылы 16 желтоқсанда әлем картасында жаңа атау – Қазақстан Республикасы пайда болды. Отыз жыл аясында Қазақстан әлем жұртының алдында өзінің даңқты ел екенін мойындата білді.  Өз алдына жеке ұлт болып, егемендігін алған еліміздің өз президенті сайланып, ұлты мен ұлысы тату-тәтті өмір сүріп, салты мен дәстүрі жанданып, мәдениеті мен экономикасы қарқынды дамыды.

Тәуелсіз елдің алғашқы Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміздің көркейіп, өркендеуіне Елбасымыздың қосқан үлесі орасан. Бейбітшіліктің алғашқы күндерінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев көршілермен арадағы шекара проблемаларын шешуді басымдық ретінде айқындады.Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Бұдан басқа, мемлекет әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізу процесін іске қосты, ДСҰ құрамына кірді, жанжалды жағдайларды шешуде тиімді делдал қызметін атқарды, БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құрудың Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауына бастамашылық етті, 2017-2018 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелікке ие болды. «Бір ел – бір тағдыр» қағидатына негізделген Қазақстан халқының келісімі мен бірлігі туралы көшбасшымыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты еліміздің іргетасының қалыптасуына әсер етті. Егемендік жылдарында Қазақстан экономикалық дамуда, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруда, демократияның берік негіздерін қалауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Елбасымыз баршамызды Қазақстанның ұлттық рухын – салт-дәстүр, патриотизм, жаңару мен жеңіс рухын нығайтуға шақырды. Бүгінгі күні мемлекет пен қоғам алдында сапалы жаңа мақсаттар, міндеттер, басымдықтар тұр және оларды іске асыру біздің Негізгі Заңымыздың әлеуетін күшейту арқылы мүмкін болады. Әрине, біздің еліміздің үш онжылдықтағы барлық жетістіктері Елбасының егемендігі мен көреген сыртқы және ішкі саясатының арқасында мүмкін болды. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті –  Қ.-Ж.Тоқаевтың кезекті мақаласын мұқият зерделей отырып, тәуелсіздіктің құнды асыл мұрамыз екендігін, оның  қоғамымыз үшін өзектілігін атап өтуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің міндетіміз – гүлденген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру», деп нақты айтты. Әсіресе бұл аумақтық тұтастық пен мемлекеттік егемендікті нығайту мақсатында мызғымас құндылықтар болып табылады. Бұл тұрғыда белгілі қазақстандық конституционалист профессор Е.Е.Дүйсенов «егемендік» терминін қолдануды ұсынады, өйткені, тәуелсіздік мемлекеттік биліктің бірлігі мен үстемдігімен қатар мемлекеттік егемендікті құрайды. Мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ету жүйесінде тәуелсіздік тұжырымдамасы мен іс жүзінде жүзеге асырылуына үлкен мән беріледі және  кең мағынада түсіндіріледі:

1) мемлекеттің халықаралық аренадағы толық дербестігі. Бұл дегеніміз қоғамның, мемлекеттік институттардың, басқа да экономикалық, саяси құрылымдардың сыртқы қысымға бағынбай даму жолдарын таңдау еркіндігі;

2) мемлекеттік билік институттарының өз құзыретіне кіретін әлеуметтік, экономикалық, саяси даму мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда, ел ішінен мемлекеттік билік пен басқарудың жекелеген субъектілерінен келетін кез келген озбырлықтан, араласудан, мәжбүрліліктен бөлек әрекет ету мүмкіндігінің болуы.

Тәуелсіздік, бұл саяси тәуелсіздік және мемлекеттің халықаралық қатынастарда тәуелсіз субъект ретінде әрекет ету қабілеті, мемлекеттік биліктің бірлігі мен үстемдігімен қатар, жоғарыда айтылғандай, біздің мемлекетіміздің егемендігінің негізін құрайды. Демек, егемендікті оның тәуелсіздігін, ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асырудағы басқа мемлекеттердің ықпалынан тәуелсіздігін сипаттайтын мемлекеттің меншігі ретінде қарау керек. Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біздер шынайы бақытты жандармыз. Ендігі мақсат, осы еркіндікті баянды ету біздің басты парызымыз. Тәуелсіздік – мемлекет пен ұлт тарихындағы ерекше бет, қазақ халқының сан ғасырлық арманы. Жыл сайын 16 желтоқсанда біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Тәуелсіздік бұл байырғы өткен бабаларымыздан бері сақталып  келе жатқан ұлы жеңістің тартуы. Сол себепті, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өз ана тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға құқылы.

Қорытындылай келе, Қазақстанның тәуелсіздігі «Қазақстан-2050» ұлттық стратегиялары мен бағдарламалары, «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «Үшінші жаңғыру», «Рухани жаңғыру» Ұлт жоспары, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары шеңберінде қазақстандық қоғам өмірінің түрлі салаларын ауқымды жаңғырту негізінде кемелденген болашаққа ұмтылды деп айтуға болады.Тәуелсіздік – қазақ халқының, ата-бабамыздың бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дарыту қажет, себебі кешегі өткен бабаларымыздың аңсауы болған, ал бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Ұлтымыздың асыл мұрасы болып саналатын тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді көркейту – келешек ұрпақтың басты міндеті деп есептейміз.

Нажия Калишева,

заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті

 

2169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз