• Тарих толқынында
  • 20 Желтоқсан, 2021

ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ ҚАТАРЫНДА...

Сурет:azaquni.kz

Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен парапар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкендігін архив деректері айғақтайды. Адамзат тарихындағы алапат соғыс үлкен зардаптарға ұшыратып, көп адамдарды Отанынан ажыратып, миллиондаған адам-дардың өмірін қиды. Тарихымыздағы ақтаңдақтардың бірі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар жөнінде және Түркістан легионында қызмет еткен (әрине, көпшілігі өз еріктерімен емес) жерлестеріміз жөнінде өте аз мәліметтер білеміз.

Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, одан келіп алып кеңестік лагерьлерде қорлық көрсе, осы Кеңес тұтқынының тағдыры туралы лайықты сөз болмай келе жатыр. Әр адамның тағдыры үлкен хикая, ол ойыншық емес, оның ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама. Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айналысады, қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыстар жүргізіп жатқаны белгілі. Тұтқындардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмаған қабаттары жетіп артылатынын байқатса керек.

Сондай соғыс тұтқыны, кейін тағдырдың жазуымен Түркістан легионының жауынгері, испан партизандарының құрамында болған, елге оралған соң кеңестік азап лагерінің жеті жыл кермек дәмін татып келген Жұмажан Дәуітов 1920 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Маңғыстау ауданының Қарашағыр ауылдық кеңесінде дүниеге келген.

Жеті кластық білімі бар, қатардағы жауынгер Жұмажан Дәуітов 1942 жылдың қаңтар айынан Қызыл Армияның 196 атқыштар дивизиясының 863 атқыштар полкінің 2-ші атқыштар батальоны, 4-ші атқыштар ротасы құрамында Сталинград майданында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыс қимылдарына қатысты. Кейін 1942 жылдың тамыз айында 863 атқыштар полкіне қарасты 45 мм зеңбірек батареясына жіберілді. Майдандағы қиян кескі шайқастың барысында көп шығынға ұшыраған полк штабымен бірге жауынгер Ж.Дәуітов те жау қоршауына түсіп, тұтқындалады. Қыркүйек айында тұтқынға түскендермен бірге Дондағы Ростов облысында Миллерово қаласындағы әскери тұтқындарға арналған лагерьге әкелініп, онда екі айдай болады. Бұл лагерь «Миллерово шұңқыры» атауымен белгілі. Аталған лагерьде неміс әскери басшылығы әскери тұтқындарды ұлтына қарай бөлген соң, қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, тәжік ұлттарынан құрылған әскери тұтқындар тобымен Украинаның Полтава облысы аумағындағы Хороль қаласындағы лагерьге жеткізіледі. Қаладағы кірпіш зауыты, элеватор, мұнай базасы аумағында неміс оккупациялық әкімшілігі тарапынан екі концентрациялық лагерь ұйымдастырылды. Біріншісі бейбіт тұрғындар үшін, екіншісі кеңестік әскери тұтқындарға арналды. Лагерьдегі тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырыққабат пен қабығы аршылмаған картоптан тұрды. Бұл лагерьде неміс командованиесінің статистикалық есебі бойынша тек 1941 жылдың қыркүйек айымен 1942 жылдың 1 мамыры аралығында 37 650 кеңестік әскери тұтқындар аштан, суықтан, аурудан өлді. Лагерьде басқа да тұтқындармен бірге Жұмажан Дәуітов те немістердің арнайы ұйымдастырған дәрігерлік-бақылау комиссиясынан өтті. Бұндағы мақсат фашистік Германияның жоғары басшылығы тарапынан қолдау тауып құрылған Түркістан легионы қатарына денсаулығы жарамды әскери тұтқындарды тарту болатын. Дәрігерлік-бақылау комиссиясының әскерге жарамды қортындысынан кейін, ол Полтава облысындағы Лубны қаласындағы лагерьге ауыстырылады. Соғыстан кейін Ж.Дәуітов тергеушіге берген жауабында лагерьдегі тұтқындардың жағдайының адам төзгісіз, өте ауыр болуына байланысты, аштан өлмеу үшін амалсыздан көптеген әскери тұтқындар легион құрамына өтуге мәжбүр болды, олардың қатарында мен де болдым деп жауап берген. Кейін Украинаның Сумы облысындағы Ромны қаласында орналасқан кіші командирлер мектебіне оқуға жіберіледі. Ж.Дәуітов 1942 жылдың желтоқсан айында кіші командирлер дайындайтын мектепте оқып, оны 1943 жылдың сәуір айында аяқтаған. 1943 жылы аталған мектепті оқып жатқан курсанттарымен Германияның Нойгаммер қаласына ауыстырады. Оқуды аяқтаған соң Түркістан легионы құрамындағы 162 дивизиясының запастағы ротасына бөлімше командирі болып тағайындалады. Запастағы ротада ол 1 айдай, яғни 1943 жылдың 22 наурыз айына дейін қызмет етті. Қазан айында Германияның Нойгаммер қаласында ант қабылдады. 1943 жылдың қазаны мен 1944 жылдың наурыз айы аралығында Түркістан легионының құрамында Югославия және Италия партизандарына қарсы ұрыс қимылдарына қатынасқан. Кейін түркістандықтарды Адриат теңізі жағалауындағы бекіністерді қорғауға жібереді. 1944 жылы 20 мамырда ауырып, госпитальда жатып емделеді. Мюнхен қаласындағы дәрігерлік комиссияның қортындысы бойынша әскерге жарамды деп табылып, Тарн департаментінің басты қаласы Альби қаласына (Франция) Түркістан легионы құрамындағы жұмысшы батальонының 3-взводы құрамына қатардағы жауынгер ретінде жіберілді. Жұмысшы батальонында 1 ай 13 күн болып, 1944 жылдың 13 шілде күні Франция аумағында неміс-фашистеріне қарсы соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан испан партизандарына қашып барып, қосылды. Құзырлы органның тергеушісіне берген жауабында партизандармен барлауға шығып, олармен бірге Тулуза мен Лион қалалары аралығындағы 3 теміржол көпірін қиратып, жаруға қатынасқандығын, Монпелье мен Ниема қалаларына қатынайтын теміржол бойында 4-5 жарылыс ұйымдастырғанын, түнгі рейдтерге қатысып неміс гарнизондарына шабуыл жасап, 7 неміс солдатын тұтқындағандарын, өздері жақтан 2 партизанның жарақаттанғандығын айтады. 1-ші кеңестік партизан полкінің командирі, лейтенант Ишхнелидің Ж.Дәуітовке жауын-герлік және саяси жағынан үздік дайындығы мен өзін көрсете білгені үшін 1 мамыр мерекесіне орай алғыс жариялап, мөр басылған қағазы да іске тіркелген. Легионда өзімен бірге болған жерлестері туралы, 1927-34 жылдары Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған Елтай Ерназаровтың баласы Мырзабаймен бірге қызмет еткенін жауап парағында жазған. 1944 жылдың қазанынан 1945 жылдың маусымына дейін Францияның Тулуза қаласындағы әскери пунктінде болғандығын, кейін Қызыл Армияның трофейлік бригадасында болып, 1946 жылдың 26 маусым күні КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен армия қатарынан босап елге келеді.1948 жылдың 16 қаңтар күні Гурьев облыстық Мемлекеттік Қауіпсіздік басқармасы тарапынан РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 «б» бабы (әскери қыз-метші тарапынан сатқындық) бойынша тұтқындалған. Тұтқындалғанға дейін Маңғыстау ауданының «Чапаев» атындағы ұжымшарында есеп жүргізуші болып қызмет атқарған. 1948 жылдың 6 сәуірі күнгі Оңтүстік Орал әскери округі Әскери трибуналының шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ол КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының төрағасына 7 сәуір күні шағым арыз жазды. Шағымында қартайған әке-шешесі барын, соғыс алдындағы атқарған қызметтері туралы, испан парти-зандарымен бірге неміс-фашистерге қарсы ұрыс қимылдарына қатысқандығын, ол туралы үш тілде француз, испан, орыс тілінде жазылған анықтамасының бар екендігін, оның өз ісінде тігілгенін, соған назар аударылуын өтінеді. Барлық айыбын мойындап, қатаң жазаны жеңілдетуге өтініш етеді. Шағым арызын «келешекте таза, адал ниетті кеңес азаматы болатындығын көз жасыммен өтініп сұраймын» деп аяқтайды. 1955 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезінде басқыншылармен қарым-қатынаста болған кеңес азаматтарына рақымшылық жасау жөніндегі» қаулысына сәйкес лагерьден босатылып, елге оралған. 1962 жылдың желтоқсан айында Форт-Шевченко қалалық партия комитеті тара-пынан Ж.Дәуітовтың партияға өту мәселесі бойынша Гурьев облыстық Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті басқармасының бастығы Жангелдиновке жолдаған хатын-да бұрын партия қатарында және тұт-қында болғандығы, соттылығы жөніндегі мәліметтерді беруді сұраған. 1963 жылдың 26 шілде күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Гурьев облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Сейтқазиевтің Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің хатшысы А. Жаңбыршинға жазған қатынас қағазында Жұмажан Дәуітов КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының 1955 жылдың 17 қыркүйегіндегі «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезінде басқын-шылармен қарым-қатынаста болған кеңес азаматтарына рақымшылық жасау жөніндегі» қаулысына сәйкес жазадан босатылып, кешірімге (амнистия) іліккендігін және толық ақталмағандығын қаперге алу туралы жазады.

...Түркістан легионында болғандарды «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ, олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, болашақ үшін керек.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

1840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз