• Еркін ой мінбері
  • 20 Желтоқсан, 2021

«НЕТКЕН ҒАЖАП... БҰЛ ӘЛЕМ!»

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Жанболат Аупбаев! Бұл есім қалың қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ағамыз республикалық басылымдарда алымды журналистігімен қатар басшылық қызметтер атқарып, қажырлы әрі жемісті еңбек етті. Журналистика жампозының қаламынан туған мақалалар, очерктер, эсселер, тың тақырыптарды арқау еткен зерттеулер жұртшылықты әрдайым елең еткізіп, жазған дүниелері халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жанболат ағаның есімі «Ақиқат» журналының ұжымы үшін де қадірлі. «Қазақстан коммунисі» журналында  мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев бас редактор болған жылдарда Кәкеңнің орынбасары болып, журналдың дамуына сүбелі үлес қосты. «Ақиқат» деп аталған сонау тоқсаныншы жылдарда бас редактордың бірінші орынбасары лауазымында журналдың қазақ баспасөзі кеңістігінде айшықты орын алуына үлкен еңбек сіңірді. Үстіміздегі желтоқсан айының 24-і күні Жанболат Әлиханұлы мерейлі 70 жасқа толады. Редакция ұжымы атынан ағамызды шын жүректен құттықтай отырып,  деніне саулық, отбасына амандық тілеп, таяуда ғана жарық көрген төл еңбегі «Табиғат терезесі» атты кітабы жайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Халық жазушысы,  ұлтының  сүйікті  суреткері    Шерхан  Мұртазаның «Бір кем дүние» атты туындысы талай адамның қолында, қойнында жүр. Сол көкшіл кітапта «Туған жерің» дейтұғын тәмсіл бар. Түгел келтірсек, бүй дейді: «Тілші менен сұрайды – Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – деп. Мен: – «Наурызкөк, қарлығаш, тағы басқа құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырымды артқа қалдыра ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой, – деймін. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен безінген тұлпар оңбас».

Мінекейіңіз, Мұртазаңыз осылай түйеді. Ойын. Ойтолғағын.

Айтулы журналист, қарымды қаламгер, ізгі жүректі, ізденімпаз ініміз Жанболат Әлиханұлы Аупбаев сирек тақырыптарды тауып жазуға маманданған қаламгер. Соның бірі де бірегейі оның көп жылдардан бері табиғат əлемінің таңғажайып сырларын творчествосына берік орнықтыруы. 1975 жылы «Лениншіл жас» газетінен басталған бұл үрдіс 1992-1996 жылдары «Халық кеңесінде», одан 1999-2018 жылдары «Егемен Қазақстанда», қазір «Ана тілі» апталығында жалғасып келеді. Автордың ұзақ уақыт бойғы осындай табанды ізденісінен туған деректі-танымдық дүниелер таяуда «Сенім» баспасынан жеке кітап болып та шықты. Ол «Табиғат терезесі» деп аталады.

Оған еніп отырған әрбір дүниені оқыған сайын толқисыз. Тебіренесіз. Күрсінесіз. Қуанатын тұстарыңыз да аз емес. Алайда табиғат анаңыздың тағдырына деген алаң көңіліңіз байыз таппайды. Жанболаттың жазуындағы табиғат таңғажайыптарынан жан жүрегіңізге ұя салатын таңдай қақтырарлық тағылымдар ғана санаңызға сәуле құйып, жылу дарытады. Жұбатады. Әлденеге үміттендіреді. Иландырады. Сендіреді.Табиғат ананың төл перзенті делінетін, Алла тағала айрықша сүйіспеншілікпен жаратқан адами затыңыздың кейде, кейде ғана емес, көп реттерде айуандық, қатыгездік танытып, туған анасына ойланбай-ақ опасыздық жасайтынын, жаратылыс жауһарларын жапыра жойып жатқанын жазыңқырайтын тұстарында Жанболат та шырылдайды, оқырманның да шырқырайтыны анық. Ондай тұстарда толғаныс-тебіренісіңіз түңіліске айналып кететіндей күй кешесіз. Шерағаңыздың түнере түйілетін күрсінісіне салып: «Бір кем дүние...» – деумен тынасыз.

Көрнекті  қаламгер,  зерделі зияткер Сауытбек Абдрахманов жазғандай, әлемнің небір әйгілі жазушылары мен журналистері «тұнып тұрған таза да тұмса табиғаттың қойнау-қойнауына тікелей өздері барып, бәрін өз көздерімен көріп, өз таным-түйсігімен ақ қағаздың бетіне төгілдіріп түсірген». Мұндай дүниелер әрине, Сауытбек сараптағандай, «жыл өткен сайын табиғат анамыздан алыстатып, жанымызды жүдетіп бара жатқан мына жаһандану дәуірінде айрықша аяулы».

Жанболат Аупбаевтың «Табиғат терезесі» кітабындағы әрбір туынды міне, осындай айрықша аяулы. Таңғажайып тағылымдарға толы. Біз бұл жинаққа енгізілген дүниелердің көпшілігін мерзімді баспасөз беттерінен бұрын оқығанбыз. Енді қайталап оқудың рахатына бөлендік. Қандай да бір құнды шығармаларды қайталап оқымақтың, сағынысып табыспақтың кереметтігі хақында айтқандар, жазғандар аз емес. Ешқашан ескірмейтін, қайталап оқыған сайын жаңаша қырлары жарқырап көрінетін, бұрын байқамаған жақтары менмұндалап шыға келетін жазбаларды жарататындар – Жанболат сияқтылар. Себебі Жанболат сындылардың жаратылысында жалғандық жоқ. Жалқаулық жоқ. Журналистің, жазушының жаулары сол жалғандық пен жалқаулық қой. Жобалап, нобайлап жаза салу Жақаңның табиғатына жараспайды. Жанболат Аупбаев дегенде тынымсыздықтың, ізденімпаздықтың, деректілік пен дәйектілікке тұнып тұратын мәністі мақалалардың, сапарнама, жолжазбалардың ойға оралатыны осыдан. Қандай мақаласы, очеркі, толғам-толғанысы, тағысын-тағылары болсын, ең әуелі танымдық құндылықтарымен жан-жақты мағлұматтарға малынып, мәнер құрайтындығымен айрықшаланады. Қай, қандай дүниесінде де дүниежүзілік деңгейдегі салыстырмалы сандар, беймәлім мәліметтер, талдамалы цифрлар мен фактілер, тек өзі ғана іздеп тапқан, барып көрген, куә болған жағдаяттар, табиғат ананың туындылары: өсімдіктердің, жан-жануарлардың, өзен-көл, тау-тастардың жағдайлары және өзгеше өзекті мәселелер сараланып, сарапталады. Ұтырлы ұсыныстар алға тартылады. Амалсыздықты аңғартып, әттеген-айға әкеліп тірейтін тұстары да кездеседі. Таңғажайып тағылымдарыңыз, міне, осындай-осындайлардан туындайды.

«Алакөлде бір құс бар». Атының өзі Алакөліңізге ертіп әкетердей еліте әсер-лендірер. Ә дегеннен-ақ Әуезов туралы естеліктен үзінді келтіреді. Ол естеліктің авторы – Алексей Пантиелев. Мұхтар Әуезовпен бастайды. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы Ернар Мұхтарұлына елжірей аялдап, оқырманды да баурап ала жөнелер. Пантиелев пайымына парасат үстейтін автор Аупбаев аңғарымпаздығына тәнтісіз. «Құйтақандай құсқа зәбір көрсетуге жүрегі дауаламаған кешегі бала және өзінің өмірлік жолын табиғат аясындағы қанатты құстар әлемінен тапқан бүгінгі ғылым өкілі» турасында аз-кем ғана айтып, әке мен бала арасындағы табиғи тамырластықтың тереңінен сыр аңғартады.

Жә, жадағайлатпай айтар болсақ, Жанболат жолға, кезекті сапарға шыққан. Ернар Мұхтарұлы Әуезовті Алакөлден іздеп таппақ. Әлі жолыққан жоқ. Серіктестерімен сұхбаттасады. Ара-арасында Ауп-баевқа ғана тән стильмен түрлі дерек-дәйектерді байқамаған болып-ақ санаңызға сіңіре бастайды. Алакөлдегі экспедиция мү-шесі Нұрлан Ах-метжановтың айтуына қарағанда жер шарында құстардың 8 мың 600-ден астам түрі бар екен. Соңғы ғылыми деректер бойынша Қазақстанда олардың 478 түрі кездеседі. Ал Алакөліңіз – қанаттылардың көбіне қолайлы мекен. Құстар миграциясы, сақина салу сияқты қызықтарға қанығасыз. Алакөліңіз 181 түрлі құстың қонысы екендігіне қызығасыз. Қазақтың қараторғайы 1230 шақырым жолды ұшып өтеді екен. Аляскадан Гавай аралдарына дейін 3600 шақырымды қонбастан ұшатын қоңырқанат жылқышы құстар ше?! Экспедиция мүшелері әр маусым сайын Алакөліңізден 1300-1500 құс балапандарына сақина кигізетін көрінеді. Қоладан жасалған белгіде арнайы серия, нөмір, таңба бар. Алакөлдің құстары Африкаға, Оңтүстік Шығыс Азияға, Үндістанға, Пәкстанға, Иранға барып қыстап, туған жеріне қайта оралады. Шерхан Мұртаза мәністегендей ұғым.

Ақырында авторыңыздың өзі де, оқырман да Ернар Әуе­зовке жолығады. Оқиға одан сайын қызықтыра түседі. Жақаңның суреттеуінде Мұхаңның ұлы Ернар ерекше: «құрыштан құйғандай тіп-тік, көзі дөп-дөңгелек, қызылшырайлы жігіттің көп сөйлемейтін, сөйлесе шиырып-шиырып келіп лықсытатын сезім бұлқыныстары көп адамдарда кездесе бермейтін бір ерекшелікті танытқандай». Сол Ернар Әуезов біраз жыл бұрын нақ осы Алакөлде су құстарына сақина салып жүрген кезде, оның орталық аралдарынан сыртқы пішіні қара басты өгіз шағалаға ұқсас құстардың үлкен тобын кездестіреді. Ернар оларды одан сайын бақылап, зерттеп, анықтай бастайды. Сөйтсе, бұл құстар өгіз шағалаға мүлдем ұқсамайды екен. Институт лабораториясында тапжылмай жұмыс істейді. Ернарыңыз ерінбейді. Жалықпайды. Пікірталастар жүреді. Жер жүзіндегі құстар жайында жаһандық жинақтарды, сирек басылымдарды саралайды. Сараптайды. Әуезовіңіз ақырында Алакөлге тағы да барып, ғайыптан пайда болған әлгі тосын құстың түрімен шындап шұғылдануға бел байлайды.

Жанболат Аупбаев жаңағы құстың түрін Ернар Мұхтар­ұлына зерделеп, зерттетіп қойып, оқырманға тағы да таным­дық деректер мен дәйектерді шебер ұсынады. Швед саяхатшысы Свен Гединге еріп, Моңғолияға кетесіз. Э.Ленберг, Ч.Вори сынды ғалым орнитологтармен танысасыз. Ресейдің Чита облысындағы Борун-Торе көліне дейін хабардар боласыз. Мұның бәрін журналист-жазушыңызға Ернардайын ғалымыңыз айтып отырыпты. Сөйтсе, бұл қоңыртөбеліңіз шағала да, олардың дүниежүзінде кездесетін 14-тен астам түрінің ешқайсысы да, тіпті бұлардың гибриді де емес екен.

–  Біздің лабораториямыздың қызметкерлері көрнекті ғалым-систематиктердің көмегімен оның өз алдына дербес құс түрі екенін дәлелдеп, бұл қанаттылар өкілінің өте сирек кездесетіндігіне қарай отырып «реликт шағала» деп атауды ұйғарды, – дейді Ернар Әуезов.

«Қазіргі таңда бұл құс дүниежүзі бойынша екі-ақ жерден бой көрсетіп жүр. Біздің елімізде ол Алакөлде ғана бар. Осыны ескере келіп реликт шағала Бүкілодақтық және қазақстандық «Қызыл кітапқа» енгізілді де, оның жазғы мекені Тасты, Орталық аралдары мемлекеттік заказник болып жарияланды», – дейді автор.Бұдан  әрі жоғарыда келтіргеніміздей, адамдардың айуандық әрекетін де айтады Ернар. Қайбір жылы Тасты аралында қолдарына бір-бір шелек ұстаған бейсауат жандардың үстінен түсіпті. Ернар Әуезовіңіз. Жағалаудағы қайықтарында шүпірлеген құс жұмыртқалары... Реликт шағалаңыздың жұмыртқаларын аямай, айуандықпен жинағандар өздерінің діни мейрамдары – пасхаға арнап, қайықты қайыстыра толтырып әкетуге үйренген екен.

«Алакөлде бір құс бар» туындысының соңында автор балалық шағына, ата-ана ақылына, құс қасиеті мен киесіне оралып соғады. Аз-кем ғана аялдап, өзі де мазасызданады, оқырманға да ой салады.

Біз әуелгі дүниесіне әдейілеп, ұзағырақ тоқталыңқырадық. Таңғажайып тағылымдар дегенімізді аңдата түспекке. Жанболатыңыздың барлық жазбаларында да шамамен осындай-осындай тосындықтарға тап боласыз.

«Қаратаудың жабайы жүзімі» мына бізге тіпті таныс. Етене. Сол Қаратауыңыздың бір бөлігі Бөкейтау баурайында, Пістелітау бауырында, Бозторғай асуының аузында туып-өскенбіз ғой. Қаратаудың түстік тұстарындағы асуларда алып ағаштарға асылып өсетін жабайы жүзімді жастайымыздан жеп өскенбіз. Сондықтан да Жанболаттың мына мақаласындағы жабайы жүзімді жақын деп отырмыз. Автормен бірге тағы да жабайы жүзімнің қыр-сырына қанығып, ақшылтым-қышқылтымдығына қарамай, «бір жегенде жүзін жеп, бір-бірлеп үзіп жемейтін» әдетімізді еске аламыз. Тұт, шетен, тобылғы, жабайы алма, таупісте, кәтіреңкі, таушие, доланаларды сағынып жүргенде, солардың бәрімен табысқандай, Бозторғай асуына барып қайтқандай күйге бөленгендейміз.

Тағы да ризасыз авторға. Жабайы жүзіміңізді жан-жақты таныстырады. Таңырқатады. Тамсандырады. Қаратаудың ғажап орманын, оның төл байлығы – жабайы жүзімнің түп-төркінін тереңдетіп әкетеді. Алматыға оралып, академияға, ғылыми-зерттеу институттарына, Ботаника институтына хабарласады. Сөйтсе, біздің елдің ботаниктері бейхабарлау көрінеді. Бау және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан ғана Мәденов Эдуард деген ғалым жігітті әзер табады. Эдуардпен бірге Грузияға, Түрікменстанға шолу жасайды. Жабайы жүзіміңіздің Қаратау қойнауындағы сұрпы да ғажап құбылыс, табиғат ананың сыйы, оны көздің қарашығындай сақтау керек деген түйінге келеді мақала иесі.

Жанболаттың «Ләйлек келеді.... Ләйлек!» деген дүниесін оқығанымыз күні кеше ғана сияқты. Осынау мақалаға еліктеп, талай жас журналистер де әжептеуір әрекеттенген. Ләйлек іздеген. Кейбіреулері тапқан. Көпшілігі кезіктіре алмаған. Бақыт құсы ғой ол. Келес, Сарыағаш жақта, Ордабасы, Арыс атыраптарында, Сайрам, Манкент төңірегінде байқалып қалатыны бар.

«Балалық шағын ұмытқан адам – біткен адам», дейді дүниежүзілік бір данышпаныңыз. «Ләйлек келеді... Ләйлек!» мақаласының мәніскері Жақаң да балалық шағына барып қайтады. Ләйлекті айтып отырып, балалық бал дәуренді ойламауыңыз мүлдем мүмкін емес қой. Шарын өзенінің бойындағы елден, Қарқара жайлауына көшердегі жағдайынан ләйлекке байланысты бір аңыз әңгіме келтіреді. Жанұзақ деген малшының шаңырағына көктемде ләйлек ұя салған екен. Жұрт жайлауға көшерде бір киіз үйдің жығылмай тұрғанын көреді. Жанұзақтың үйі. Ол кісі ләйлектің ұясын бұзбайды. Туырлық, желбауды ғана жинап алып, жайлауға итарқа жаппамен шығады. Жанболат балалық шағына барлау жасап алып, қайтадан Келеске, жолсерігі Кеңесбайға оралады. Әлікен Талқанбаевтың ауласындағы ләйлекті зерттейді. Алматыға оралып, ерінбей, жалықпай зоолог ғалымдарды мазалайды. Украина, Қиыр Шығысқа ой-қиялыңызбен барып келесіз. Әлемнің қай елінде қанша ләйлек бар екенін, қай мемлекетте қанша ұя есепке алынғанын ежелеп түсіндіретін авторға қалайша алғыс білдірмейсіз?!

Жанболат жазбалары бірінен бірі өтеді. ««Айболит» атайды» алыңызшы. Мақаланың басында қарлығаштайын қасиетті құстың ұясын, сол ұядағы балапандардың әрекеттерін, адамнан жасқанған балапандар анасының аянышты ахуалын баян еткені ерекше әсер етеді. Себебі, тап осындай оқиғаларды біз де бастан кешкенбіз. Айта кетейікші. Талай жыл ауылда тұрдық. Қарлығаш жыл сайын барлық үйлерге дерлік ұя салатын. Бала кезімізде байқайтынбыз.

Кейініректе кейбір шаңырақтарға ғана бауыр басып, ұя салатын болды да, көп үйлерге жоламайтынға айналды. Әйтеуір қайда барсақ та, қай ауылға көшсек те, біздің үйіміз қарлығаштың ұясынан құралақан қалған емес-ті. Тіпті облыс орталығы Шымкент шаһарынан әзер дегенде пәтерге қол жеткенде ше! Жұртта жоқ ұя біздің есігіміздің үстіңгі жағында пайда болды. Қатты қуандық. Өкінішке қарай, бертініректе қарлығаш бізден де қашқандай. Шынымен-ақ пенделік пейіліміз басымданды ма, мейіріміміз кеміді ме, кім білсін-ай, кім білсін. Қарлығаш атаулының азайып кеткеніне сүйеп құтыламыз, әйтеуір...

Ал «Айболит» атайға» оралайық. Шиелі дейтін шеткері аудандағы Жолекең – Жолмұхамед Әлиакпаровтың «Айболит» атанғандығы туралы туынды бұл. Аяғы жараланған аяулы тырна. Қажып-қалжыраған құстың ақырында адамнан көмек күтуі. Жолекеңе жолығуы. Сол тырнаны асырап, аялап күтуден басталған тірлік. Ит талап, үйірінен қалып қойған ақбөкен лағы, артқы аяғын оқ талқандаған түлкі, қақпанда қалған қасқыр, топшысы сынған үкі, қырғауыл...

Пенделігі басымданған, пейіл-пиғылдары бұзылған адамдар «Айболит» атанған атайыңызды түсіне бермейді. Мазақтайды. Мысқылдайды. Күледі. Өсек-аяң айтады. Жамандайды. Көршілері темір торда тұрған бөлтірікті айырмен шаншылап өлтіріп те кетеді. Бір жақсысы, жас өскін, жаңа ұрпақ Жолекеңді жақсы түсінеді. Әкейдің әрекетін бағалай біледі. Үйірсек тартып, үлгі-өнеге тұта бастайды. «Мен осы хайуанаттарды өсіріп, одан бір пайда табайын деп жүрген жан емеспін, қарағым. Қарт адаммын. Бұрынғыдай атқа мініп, туған дала төсін ерсілі-қарсылы шарлап жүретін кез алысқа кетті. Даланы, құмдағы малды, ауылды аңсағанда осы жан-жануарларға, олардың жанарына қараймын. Сонда бойым жеңілденіп қалғандай болады. Осы бір тіршілік иелерін мәпелеп күтудің өзі, жараларын емдеп, қатарға қосудың өзі қарт адам – маған үлкен жұбаныш. Қайталап айтамын, сен олардың көздеріне қарашы. Түсіне білген адамға соның өзінен үлкен сыр түюге болады», – дейді Жолекең.«Айболит» атай.

«Міне, кішкентай ғана түлкінің көзі мен темір тор жанында оған қызықтай қарап тұрған алаңсыз сәбидің жанары. Табиғат пен адамның жанары деуге болады оларды. Адамның көз жанары жайлы көп жазылды. Әдетте, хайуанаттарда ойлау қабілеті жоқ дейміз, сондықтан олардың көзқарастарынан да ештеңе аңғара бермейміз. Бұл, әрине біздің жалпы түсінігіміздегі ұғым. Дегенмен, Жезқазған жеріне бір жолым түскенде оқ тиген ақбөкеннің өмірмен қоштасар сәтіндегі жанарын көргенім бар. Оған қарауға адамның дәті шыдамайды екен. Нарынқол ормандарының бірінде қарама-қарсы ұшырасып қалған бұғының мөлдір көздері де әлі есімде», – дейді авторыңыз. Бұдан әрі Жақаң ғасырлар бойы адам баласының хайуанаттарға дұшпандық жасап келе жатқанын, қамқорлығы да жоқ еместігін, алайда аз екенін екшейді. Аңдардың қатты қиналғанда, қауіп төнгенде адамды паналайтынын, кейде адамдардың да хайуанаттардан жұбаныш табатынын ойға түсіріп, санаға салып береді. Қайтадан қарлығаш пен тырнаның оқиғасына оралып, жан-жануарлардың жанарларына жанашырлықпен назар тігуге үндейді.

«Өзіміз өмір сүріп отырған осынау жұмыр жер бетінде адамзат баласына етене жақын не десек ол – өсімдіктер әлемі деп жауап берген болар едік», – дейді-дағы Жанболат өсімдіктер дүниесін «Дермене» деген туындысымен бастайды. Дерменеңіз де тек Оңтүстік Қазақстанда ғана өседі. Жер жүзінде жусаныңыздың жүздеген түрлері бар. Бірақ дүрри-гауһар дүниеңіз – дерменеңіз өзге жақтарда жоқ. Жерсінбейді. Еуропаның бірер елдері біздің осы Оңтүстік Қазақстанымыздағы дерменені өздеріне талай мәрте апарыпты. Егіпті. Сеуіпті. Бір таңғаларлығы, дермене өнбеген. Өспеген. Цирктеріңізге ешқашан көнбейтін көкбөрі тұқымы секілді дегдар дерменеңіз де үйренбеген.

Жақаң дерменені діттемектің алдында ағаштардың қасиет­теріне, жапырақтары мен жемістерінің дәрілік-дәру­мендік өзге-шеліктеріне тоқталады. Үйеңкіге. Шырғанаққа. Содан бара-бара дерменеге мінездеме береді. Қазекемдер дермененің артықшылықтарын қой малы арқылы біліпті. Дерменесі қалың далаға жайылған қой тұяқ арасының қиылып кететін ақсақ ауруынан, қотырдан жылдам жазылатын болған. Арық-тұрақ қой-ешкі дерменелі жерде тез оңалған. Бірте-бірте адамдардың өздері де дерменені түрлі-түрлі дерттерге қарсы дауа ретінде пайдаланбаққа кіріскен.

«Бұл аңыз ба, әлде шындық па? Шындық. Олай деуімізге 1884 жылы дәл осы аймаққа, атап айтқанда, Шымкентке неміс капиталистерінің негізгі шикізаты дермене болып табылатын сантонин заводын салуы. Ол қазіргі Қазақстан территориясындағы тұңғыш завод, ал дүние жүзі бойынша сантонин шығаратын бірден-бір кәсіпшілік еді. Өйткені оған қажетті өсімдік Қазақстанның оңтүстігінде өсетін дермене болатын. Басқа жерде бұл шөп өспеді және жерсінбеді. Өлкенің шалғайлығын қиынсынған неміс фармацевтері артық шығынды азайту мақсатында дерменені Германия-да өсіру үшін көп әуреленді. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Бөгде жерді менсінбеген дала өсімдігі Еуропа топырағына тамыр жаймай-ақ қойды», – деп жазады Жақаң.

Дермененің жаңадан ашылған қасиеттері, қазіргі заман­дағы жағдайы жайында журналист талай-талай мәселе­лер қозғайды. Қазақ мінезді қайран дерменеге қайран қалған күйіңізде Антарктидаға қарай сапарға шығасыз. Данабек дейтін дара кейіпкермен бірге.

Антарктида құрлығындағы аяздың теңдесі жоқ. Жаға­лауында 50, ал оңтүстік полюсінде 88 градусқа дейін суық. Данабектің даралығы сонда, ол Антарктидадағы ғарыш сәулелерінің интенсивтілігін теңіз деңгейінде және стратосферада өлшейді, зерттейді. Данабек бүй дейді: «Есімде ерекше қалған нәрсе – ондағы қоршаған ортаның әсіресе, Антарктида ауасының шырышы бұзылмаған тазалығы. Біздің құрлыққа қарағанда ондағы күн сәулесі өте айқын. Күн шапағы ол жерге бозамықтанбай және әлсіремей, керісінше, бояуы ашық күйде келіп жетеді. Ондағы айсбергтер ғана емес, сонымен бірге жай мұздардың мөлдірлігі мені қатты таңдантты. Табаныңмен басып тұрған кез-келген алаңның қарын жеңіңмен үйкеп жіберіп, үңіле қалсаң, оның астындағы 15 метрге дейінгі нәрсенің бәрі мұз бетінде жатқандай ап-анық көрінеді. Осының бәрі қоршаған ортаның тазалығынан ғой деп ойладым іштей».

Данабектің әңгімесі де, Антарктиданы аяндай баян етер авторыңыздың жазбасы да жарқын. Жаңа. Ескірмейтін жаңалықтар.

«Эверест экспедициясы» да ғажап сырлар шертеді. Ең биік шыңдарды бағындырғандар жүйелі түрде, тартымды түрде хикаяланады. Заманымыздың заңғары, теңдессіз ойшылы, бірегей білімпазы Әбіш Кекілбаевтің өзі: «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз», деген ғой. Көрдіңіз бе? Мына «Эверест экпедициясын», жалпы жер жүзіндегі таулар мен шыңдар, биіктерді бағындырған батырлар туралы баяндарды оқығанда Әбекеңнің әлгі сөзі ойыңызға орала береді. Жанболат альпинист Қазбек Уәлиев сынды саңлақпен кездеседі. Сырласады. Талай тағдырларға тоқталады. Сан-алуан оқиғаларды ортаға салады. Қазбек Уәлиев пен Валерий Хрищатый өте күрделі, қиын да қауіпті жағдайда Эверестке шығады. Соңғы 500 метр жерге 15 сағат жұмсайды. Биіктікте болжанған желдің жылдамдығы 30-35 метрдің орнына секундына 40 метрге жетеді. Қатты шаршаған жолдастары үшін сонау 8500 метр биіктіктегі бесінші лагерьде кездес-кен Эрвант Ильинский мен Сергей Чепчев өздерінің Эверестке көтерілу ниеттерінен бас тартып, достарына көмектесіп, олармен бірге төмен түседі. Мінекейіңіз, жолдастықтың, достықтың қалтқысыздығына мысал! Өнеге!

«Аязда өскен жидекте» Аягөздегі Ақтүбек мүйісіндегі жемісі қысты күні пісетін жидек ағашы – шәңкіш жайы әңгімеленеді. Автор сол ағашты іздеп барады. Табады. Танысады. Қыста пісетін жемісін жеп көреді. Нарынқолда да өсетін түрін еске түсіреді. Әдетінше небір деректерді келтіріп, ақырында ғалымдар мен мамандарға жүгінеді. Жалқауланбайды. Жалған жазбайды. Үстірт ашпайды. Ақтүбекпен және Нарынқол нақыштарымен ғана шектеліп қалмастан, Жамбыл өңірі жаққа тартып отырады. Жаңа тақырыпты қаузайды. Сондағы «Көккөлдің құпиясы» – Жанболаттың шеберлігін жаңа қырынан танытады. Құпияны бірден ашпайды. Сыздықтата сыр тартып, жіптің бір ұшын оқырманға ұстатып қойып, жетелейді де отырады. Мына жерде сездірер дейсің. Түк те сездірмейді. Осы тұста құпияның бір шеті білінер дейсің. Білінбейді. Мәскеудегі ғалымдардың хаттарын шебер пайдаланады. Сондай шыдамдылығына қайрансыз. Енді қашан?! Деп, шыдамыңыз шегіне жетеді. Аупбаев асықпайды. Саспайды. Көккөлде ешқандай айдаһар жоқ екен. Айдын түбіндегі, яғни, тұңғиық табанындағы шұңқыр-шұқанақ – сифондар қорқырап тыныс алатын болып шықты. Сол кезде көл беті аунақшиды екен. Тағы басқа да тосын құбылыстар, құпия қимылдар пайда болады... Сөйте тұра, солай дей келе жазбагер оқырманды ойлантып: «Мүмкін, бұдан басқа да жұмбағы бар шығар. Оны зерттеу алдағы күндердің еншісі», – деп үміт жетелеткізіп барып тәмамдайды. Бұл-дағы шеберлік.

Келесі бір жазбасына көшесіз. «Алып ағаш» деп аталады. Латвия өңірін неге әңгімелейді? Деп ойлайсыз. Себебі, алып ағаштың қайда екенін білесіз. Жақаң әрине, Балтық жағалауын бекер-босқа алмас. Салыстырмаққа шебер пайдаланар. Бір өзі бір шоғыр орман боп тұрған алып ағашқа барасыз. Автормен ілесіп. Мұқан ақсақалдың сырына қанығасыз. Алып ағаштар туралы талай мағлұматтар біліп, жан әлеміңіз байып, небір цифрларға бас шайқайсыз. Бас шайқап, бәйтерекке қарайсыз. Қиялмен... Кенет тағы да табиғат анаға жасалған қатігездікке кезіктіңіз. Жақаңмен бірдей ызаға булығасыз. Автор алыстағы аудандық газеттің жігітіне алты ай өткен соң қайта хабарласып, алып ағаштың жағдайын сұрайды ғой. Сөйтсе, алыбыңыз жапырақ жайыпты. Жайқалыпты. Бір өзі бір ормандай... Алайда, таяуда үлкен бір бұтағын әлдекімдер кесіп әкеткен...

«Хан Тәңірі» – перзенттік пафоспен өрілген өзгеше дүние. Мұқағалидың жыр жолдарымен, Шерхан Мұртазаның өтпей қалған ұсынысымен басталады. Шерағаң қашанғыдай керемет тілек білдірген көрінеді. Кезінде Астанадағы бір биік ғимаратты «Хан Тәңірі» және біреуін «Ақжайық», үшіншісін «Алтай» деп атайық деп. Өкінішке қарай, өтініші өтпеген екен.Автор «Хан Тәңірі» тауына деген тамсанысы мен таңданысын әр тұста әдемілеп, әдіптеп кестелейді. Бәрібір біреулер секілді сол күйі ұзаққа сілтеп кетпейді. Кілт үзе қойып, өз стиліне салады. Әлем жүзіндегі жауһарлардан мысал келтіреді. Сүйікті тауын, құзар шыңын кімдердің зерттегенінен, кімдердің жазып-сызғанынан хабардар етеді. Семенов Тянь-Шаньский, Н. Северцов, А.Каульбарс, А.Куропаткин, А.Краснов пен И.Игнатьев қашан келді? Не деді? Орыс ғалымдарын былай қойғанда, біздің бірегей шыңымызға келіп көруді венгр зоологтары да, итальяндық альпинист-ғалымдар да, немістер де армандапты. Бәзбіреулері армандарына қол жеткізіпті. Небір қызықты оқиғаларды бастан кешіпті. Әсіресе, неміс ғалымы Г.Мерцбахер бірнеше мәрте жорық жасаған. Шың басына шықпаққа әрекеттенген. 1902 жылы 5500 метрге дейін көтерілген. Келесі жылы Инелшік мұздығының шығыс жағына жеткен. Шегінген. Хан Тәңірі жол бермеген. «Мұз құрсаулы мұнара» міз бақпаған. Мерцбахеріңіз сонда: «Альпинистік әуестенушілік әуресін көтермейтін жер», – деп жазып, тағы да кері қайтқан екен.

Жанболат одан әрі талай жорықтарды жайбағыстап жазып, Хан Тәңіріге кімдердің, қалай шыққанын қызықты да әсерлі әңгімелейді. Неге екенін қайдам, мына бізге ешкімнің шыға алмағаны, бағындырмағаны жөн секілді сезіле береді. Бізге Мағжан ақынның: «Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай; Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай! Еріксіз ер түрікті ойға аларсың; Көкке асқан Хан Тәңіріне қарай-қарай!» – дегені қымбат. Мұқағалидың: «Шыңның мен ұнатамын биіктігін; Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн. Түндігін түртіп тұрған көк аспанның; Кәнеки, Хан Тәңірінен иықты кім?!» дегені қымбат. Жақаң да іштей Хан Тәңірінің бағынбағанын қалайтын болуы керек, Мағжанның, Ілиястың, Мұқағалидың жыр шумақтарын келтіреді. Қысқасы, бұл жазбада біз меңзегеннен, біз байқағаннан басқа да талай-талай нәрселер бар. Оларды тәптіштей бермелік. Оқырманның өзі оқысын. Ойлансын.

Осы кітапқа еніп отырған «Неткен ғажап...Бұл әлем!» де қара сөзбен жырланған дүр дүние. Оқта-текте Оралха­ныңызды (Бөкей) да ойға оралтар. Жанболаттан бір байқа­ғанымыз, ол қысты айрықша жақсы көретін секілді: «Қыс – бала ұғымында, қарға адым қысқарған күн сәулесі. Қыс – бала ұғымында, қиялыңа қозғау салған асыл арман әлемі. Мынау аппақ кеңістік, мөлдір табиғат суреттері тіршілік иесін өзіне еліктірмей қоя ала ма?», – деп тебіренеді. Осы жырының соңын: «Қияннан қылыш сынығындай болып, ілмиіп ай туғалы да біраз уақыт болған. Жұлдызқұлақ аспан қазіргі сәтінде қыстың қыршаңқы аязымен демігіп тұр. Таулы өңір тылсым тыныштықпен манаурап, қараңғы түнде қалғып барады. Неткен ғажап мынау сырлы дүние...» – деп тәмамдайды.

Жаңа Жақаңның эссе мақаласын өлеңге балап, «қара сөзбен жырланған» деуіміз де бекер емес. Бізге салсаңыз, туған жер табиғатының журналистикадағы бірден-бір толағай жыршысы да Жанболатыңыз. Иә, сонау бір жылдары қасиетті қалам әлеміне аса бір сырбаз кішіпейілдікпен қадам басқан Аупбаевыңызды әуелде ақын ретінде танығанбыз. Есімізде. Сайрап тұр. «Лениншіл жасыңызда» өлеңдері шығатын. Студенттік шағында. Жұртбаев Тұрсын секілді тұғырлы ғалым досы: «Жанболаттың өлеңді жазбай кеткенінен қазақ поэзиясы мықты бір ақыннан айырылды», деп өкінгенін де еміс-еміс естігенбіз. Оқа емес. Қазақта ақын көп. Есесіне табиғат тамашаларын асқан ақынжандылықпен шынайы суреттеп, төгілте жырлап, жазатын журналист қаламгер келді. Қазақ әдебиеті деген аталы ауылға. Соған қуанамыз. Ризашылық білдіреміз.

«Ізденімпаздық менің де бар өнерім», деп айтқан ғой Мұқағали ақын. Қаламгерлерге ізденімпаздық тән. Соның үлгісін Жанболат Аупбаевтың соңғы уақытта «Ана тілі» апталығында жарияланған «Ерен», «Каспий теңізіндегі аң», «Жұмбақ жер», «Марс пейзажы», «Көгілдір таулар», «Жетісу жұмбақтары» атты тамаша тағылымды дүниелерінен көреміз. Ерен ағашын өмір бойы назарынан тыс қалдырмай зерттеп келген. Каспий итбалығын көруге сонау 1976 жылдан бері Атырау, Маңғыстауға бір-екі емес, оншақты рет сапар шеккен. Зайсан ойпатындағы қызылкүлгін түсті Қиынкеріш аңғарының құпиясын ашуға да біраз уақытын кетірген. Ал Жетісудағы Айғайтөс пен Айғайқұмға бір емес, бірнеше рет барған. Міне, осындай жанкешті ол. Ақыры жоғарыдағы тақырыптарды жеріне жеткізе жазып шыққан.

Мәдидің ертоқымын ерекшелей кетер «Сарыарқаның Сетон-Томпсоны», «Петропавлдағы пальма» туралы да біраз қызықтар аңғартқымыз бар еді. Алайда, сөзіміз біршамаға барып қалғандай. «Елім менің ертегідегі» Шерқала, Шарын, Қыземшек, Мұзтау, Бөрітостаған, Жетіотау, Қоңырәулие, Сарқырама, Сауран, Қазығұрт, тағы басқа да ғажайыптар хақында да осы «Табиғат терезесінен» қарап таңырқарсыз.

«Табиғат терезесі» – Жанболат Аупбаевтың қаламгерлік қарымын танытатын, оқырманның танымын дамытатын, табиғат анаға, туған жерге деген сүйіспеншілік сәуле дарытатын кітап.

ШЫМКЕНТ

5634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз