• Ел мұраты
  • 20 Желтоқсан, 2021

БОЛАШАҚҚА КЕРУЕН ТАРТҚАН МҰҚАҒАЛИ

Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық, тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тілі, тарихы, шежіресі, салт-дәстүрі, діндік наным-сенімдері болсын, оның сан мың жылдық бастан кешірген қым-қуыт, күрделі, бұраң жолдарымен байланысты туып және дамып, адамзаттың даңқты мәдениет қазынасынан енші алып, әр дәуірдің ұзақ керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған.

Тарихи тұлғалардың мәртебесі қолдан жасалмайды, «Таза алтынды мәңгі дат шалмайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген дана халқымыздың сөзінде терең мән жатыр. Табиғат та бұл өмірге дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Сол таланттар дүниеден әлдеқашан өтсе де бәйгеден жалғыз озған құлагердей ауыздығын шайнап, жарыс көмбесінен дара көрінген бейнесі көз алдыңа дәл қазіргідей елестесе, жер жүрегін дүрсілдеткен тұяқтарының дүбірі күні бүгінгідей ел құлағында сан мәртебе жаңғырып, қайталанып естіліп жатады. Сол нағыз дүлдүл ардагерлеріміздің қайсар рухы үлкен ақыл-парасаттан, халыққа деген адал еңбегінен, тура адамдық жолға түскен кемелділігі мен кемеңгерліктің қасиетінен келген.

Өмірге келген барлық жан иесі есейіп-ержетеді, қартаяды, өледі. Дүниеде мың жасаған пенде болған емес, нағыз мың жасайтындар халық жүрегінде терең тамыр тартып, ұрпақтан-ұрпаққа есімі аңызға айналып, атақ, даңқы әлемге аспандап, бір ауыл, бір аймақ, бір өлке, бір мемлекет емес, күллі адамзатқа ортақ рухани мұра қалдырған санаулы өнер әлемінің жарық жұлдыздары ғана десек, тарих алдындағы шындықты бұрмаламай-ақ сөйлеген бо-ламыз. Уақыт атты әділ төрешінің сынынан өткен шын тарих деген, міне, осы. Біз сөз етпекші болған біртуар ақын Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының маңдайына жазылған қайталанбас ұлы тұлға.

Қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаев өзінің ұлттық рухқа бай жарқыраған жақұттай жырлары арқылы ханның да, қараның да көңілін толқытып, күллі қазақ баласы жасаған ұлан-ғайыр өлкеге, шексіз де, шексіз кеткен сахараға, айбатты әсем қалаларға, тіршілік отын маздатып жағып жатқан миллиондаған ақ боз үйлердегі қарашаларға дейін сапар шегіпті...

Мұқағали Мақатаев тар жол, тайғақ кешу, бұраң тағдырды басынан кешіре жүріп елімен тілеулес, мұңдас, сырлас, тағдырлас болып өтіпті. Шын мәніндегі бақыт – адамның өнері мен талантынан келеді. Болашаққа керуен тартқан Мұқағали жырлары таза алтындай жарқырап, нұрлы сәулесімен оқырмандардың күн шалмаған көңілін жылытып, өз мұрасының баға жетпес қымбаттылығын, асылдығын әйгілеп, қазақ поэзиясының сұлу қасиетін, парасатты құдіретін қара ормандай халқына мойындатып кетіпті. Сол үшін Мақатаев әлем қазақтарына аты аңызға айналып, беделі мен мәртебесі аса жоғары XX ғасырдағы қазақ поэзиясының алтын тізгінін ұстаған, ғажайып сәуле шашқан ұлт рухының теңдессіз алып жыр жұлдызына айналды.

Атақты әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдолов «Әр адам – зерттелмеген кен, оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, сол кеннің көзін ашу керек» деген кемеңгер сөзін айтқан еді. Мұқағали мұрасы да сол көзі ашылмаған, зерттелмеген құпиясы мол кен секілді.

Сыншы В.Белинский лирикалық өлеңнің ерекшелігі жөнінде: «Поэзия – өмірдің әрі мен нәрі қайнап қорытылған жамбысы. Ол бақшада құлпырып тұрған роза гүлді сипаттамайды. Оның дөрекі заттық жақтарын алып тастап, хош иісін, әсем құбылғыш бояуын алады да,осылардан жаратылыстағыдан да әсем өз розасын жасап шығады» деген еді.

Поэзия жасампаздығы – күрделі де қиын асуы бар адам жанын зерттейтін машақатты суреткерлік өнер. Сондықтан Мұқағали ақын:

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Ақын болсаң, ақыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа, – дейді.

«Әдебиет – халықтың рухани байлығы» (Ғабит Мүсірепов) болғандықтан адамзаттың өзін-өзі тани білуіне,тәрбиеленуіне жәрдемдесуді мақсат етеді. Ұлттық ерекшелік көркемөнердің барлық саласымен қабысып жатады. Ұлттық ерекшелік, ұлттық рух, ұлттық бояуы болмаған әдебиет өлі әдебиет болады. Мұқағали да дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстыра отырып жасампаздық жаратқан қазақ поэзиясының маңдайалды суреткері.

Мақатаев өз поэзиясында ұлтымыздың ұзақ тарихы барысында қалыптасқан салт-дәстүр, діндік танымдық-сенімдерді терең меңгеріп, оқырмандарына рухани ләззат бағыштап, өнер иесіне тән қасиетімен жан тазалығы, сұлулық, адалдық, парасаттылығы арқылы қызыл тілінен бал тамызып лириканың асыл жауһарын сыйлады. Ақын «Қариялар азайып бара жатыр» атты жырында: 

Ақиқатты айқындап жариялар,

Бара жатыр азайып қариялар.

Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын,

Бара жатыр сарқылып дариялар, деп, қатары азайып бара жатқан дана қариялар туралы тереңнен ой қозғап, ұрпақ ауысып, дәуір жаңаланғандығы жайлы тағдырлы сөз айтады. Өйткені, адам дүниеге келеді, өсіп-өркендейді, қартаяды, өледі. Міне бұл өмір заңдылығы. Мұқағалидың шынайы өмірді жырлаған таза, мөлдір, сұлу, ұлттық рухқа бай лирикаларынан, оның суреткерлік ұлылығын байқауға болады.

Мұқағали – қазынасы мол күрделі ақын. Біз оның алтын қазыналы поэзиясының күрделі кенін әлі толық зерттей алмай келеміз.

Атақты орыс ақыны А.С.Пушкин «Көне астрономияның, физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің түсініктері, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн санап өзгеріп, алмасып жатқанда нағыз ақындардың шығармалары тап-таза, мәңгі жас қалпында қала береді» деген ұлағатты сөзін айтқан болатын.

Ұлы классик ақынның жырлары әлем қазақтарына керуен тартып миллиондаған оқырмандардың жүрегінде жатталып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақ болуының сыры неде, оның суреткерлік өнерінде қандай керемет сиқырлы күш бар деген заңды сұрау ойымызға орала береді. Туған халқынан заңғар-заңғар бағалар алған, қазақ поэзиясының өркендеуі мен гүлденуіне ерекше үлес қосып, үлкен белеске көтерген Мұқағалиды қалай тану, зерттеу жүргізу, оның қатпары қалың поэзиясының құпиясын ашу туралы өз ойымды оқырман қауыммен ортақтастыра кетуді жөн көрдім.

МҰҚАҒАЛИ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТІЛ

САПТАУ ШЕБЕРЛІГІ

Халық тілінің қайнар көзі сан ғасырды бастан кешіру барысында қалыптасқан ауыз әдебиетінің алтын қорынан бастау алады. Сондықтан тіл халықтың баға жетпес асыл байлығы. Әрқандай халықтың жазба әдебиеті ата- бабаларымыз жаратқан ұшан-теңіз мол ауыз әдебиеттен нәр ала отырып дамиды. Сол үшін орыс халқының әйгілі жазушысы Максим Горький «Сөз өнері ауыз әдебиетінен басталады», – дейді.

Ауыз әдебиеті – халық тілін үйренудің мектебі. Халық тілін үйренудің алтын бесігі болған ауыз әдебиеттен үлгі алған Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтанберді Сарыұлы, Бұқар Қалқаманұлы қатарлы өкілдік сипатқа ие от ауызды, орақ тілді жыраулар дүниеге келді.

ХІХ ғасырға келгенде қазақ әдебиеті өзінен бұрынғы замандар әдебиетіне ұқсамайтын аумалы-төкпелі тарихты бастан кешірді. Дәл осы тұстарда Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы қатарлы ұлы тұлғалар қазақ өлеңін жыраулық дәстүрден ақындық дәстүрге қарай бетбұрыс жасады. Әсіресе ұлы ақын Абай төл әдебиетіміздің тілін жүйеге келтіріп, қазақ поэзиясының мазмұнын байытып,түрін молайтып, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерді.

ХХ ғасыр ішінде қазақ әдебиеті орасан биік бір белеске көтеріліп дамыды. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай бастаған ұлы көштің жалғасын Мағжан, Қасым, Мұқағали, Төлеген қатарлы жыр жұлдыздары жалғады. Мұқағали Мақатаев аты аталған жыр жұлдыздарының ішінде қазақ поэзиясының тіл байлығын дамытып, өзіндік бір биік белеске көтерген шоқтығы биік дара тұлғалардың бірі еді.

Қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі ұлттық құбылыс. Сыпыра жырау мен Асан қайғыдан бері қарайғы жыраулық мектепті Махамбет пен Дулат аяқтаса, Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында жалғасын тапты. Қан кешкен қасіретті ұрпақтың өксік аралас өкінішті Қасым жырларынан көрініс тапты. Соларға деген бүкіл халықтық махаббат жыршы қауым тарапынан шын сырымен шынайы жырға деген керемет құштарлықты оятты. Сондай құдіретті тасқынның бой бермес ересен күші барша алапат болмысымен көрініп, айналасына жақұт шашқандай мәз-мейрам еткен жойқын өнегесін Мұқағали шығармаларынан танимыз. Бүгінгідегі қазақ рухы алдың-күлдің тіршіліктен жалығып кеткенде Мұқағали жырларына үңіледі. Оның мейлінше табиғи шумақтарынан жанына дауа табады. Оның үнсіз жыми-ғанына да халық жадырап, «қағаржып үнсіз жылағанынан» да халық тебіренгендей, халық күңіренгендей болады. Ол халық болмысымен бірге қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс, ұлы ақын» («Қазақ әдебиеті», 2011 жыл, 22-шілде), – деп жазған екен.

Мұқағали Мақатаев қазақ халқының тіліне шынайы мұрагерлік еткен әрі халық тілін байытып, қазақ поэзиясын тың белеске көтерген ұлы ақын. Оның қай жырларын оқысаңыз да халықтың асыл жауһар сөздері өз орнын тауып құлпырып тұрады. Ақынның:

Өлмесін деп берген ғой тауды маған,

Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған, – деген өлең жолдары кімді болса да суреткердің тіл шеберлігіне еріксіз бас изетеді.

Мұқағали халық тіліне бай ақын. Ол халық тілінің асыл жауһарын өз жырында жаңаша қабылдап, өлең жазудың өресін ерекше биік белеске көтерген сөз зергері.  Мұқағали поэзиясында «қара», «ақ», «көк», «жасыл», «сары», «боз», «тарғыл» қатарлы сөздердің жиі қолдануынан өзіндік дара ерекшелігі менмұндалап тұрады. Бұл пікірімізге дәлел ретінде ақынның бірнеше өлең шумағын мысалға алайық. Ақынның «Қап-қара, ғажап, сиқырлы» атты жырында:

Қап-қара, ғажап, сиқырлы

Қашпаңдар қара бояудан!

Қандырып уыз-ұйқымды,

Қап-қара түннен оянғам.

Қап-қара түнді көрдім де,

Жап-жарық таңға кездестім.

Қарасыз, сірә мен мүлде,

Аппақтың нарқын сезбеспін, – деп «қара» сөзі бірнеше рет қайталанып тұрса да әр өлең жолына әр беріп, өң беріп, өз оқырманын тіл құдіреті арқылы баурайды. Сондай-ақ ақын «қара» мен «ақ» сөзін алмастыра қолданып, оқырман қауымға өмір туралы үлкен ой тастайды.

Мұқағали қазақтың қара өлеңіне өзгеше бояу, өзгеше түс беріп, кемелдендіріп, жаңаша үлгіде дамытты. Ақынның:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып,өзіне қайтарамын, – деп айтқаны осының айқын мысалы.

Тілдің көркем әдебиеттегі маңызы өте зор, әр суреткер тек көркем сөз өнері ар-қылы ғана адам жанын зерттейді. Жыр жүйрігі Мұқағалидың «көк», «боз» сөздерін қолдануынан мысал келтіре кетейік.

Көктем де келер,

Құстар да жетер, ән салып.

Көктер де шығар,

Көгілдір нұрға тамсанып

(«Көктем де келер»).

Боз атқа мініп,

Боз тауға, мүмкін, шығарсың.

Боз көйлек киіп,

Бозарған таңда тұрарсың.

Боз айдай балқып,

Бозарған көкте тұнарсың.

Бозарған, жаным,

Боз түске неге құмарсың?!

(«Қажыдың, қарғам»).

Қазақ әдебиетінің жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев поэзиясы ұлттық рухқа тамыр тартып, адам сезімінің құпия сырларын ашып, сыршылдығын, шыншылдығын әйгілеп жатады. Мысалы:

Жақсаттанды демейсің, сүйем десем,

Табынатын тәңірім,ием де сен.

Адам болып күн кешу қиын маған,

Арқа тұтып өзіңе сүйенбесем.

Немесе:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Мұқағали халықтың жыр асылын тіліне ұйытқан киелі ақын. «Мұқағали нені жырласа да жүрегіңе жеткізе, құлақ құрышын қандыра, жаныңды тербете жырлайды» (Нұрғиса Тілендиев).

Мұқағалидың «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлеңін оқып отырып, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген ұлағатты сөз ойыма орала береді. Ақын өлеңдерінен өз дәуірінің бейнесі, ауыл адамдардың нағыз қазақы тірлігі елестейді.

Дариға, домбырамды берші маған,

Жаныма келші, жарым, келші, балам!

Бейуақта іңірдегі көңіліме,

Күй болып күңіреніп енші, далам, деген өлеңінде ақын нағыз қазақ болып әлемге жар салады. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді», – деп тектен-текке айтпаған.

Мұқағали Мақатаев поэзиясы – қазақтың құнарлы топырағында өсіп-өніп жетілген халық тіліне бай мәңгілік поэзия. Ол өз дәуіріндегі қазақ ақындарының ішінде шоқтығы ең биік, мәртебесі ең жоғары, оқырманы ең көп ұлы ақын. Бұған ғалым Мырзатай Жолдасбековтың: «Мұқағали бүтін бір ғасырдағы қазақ поэзиясын биіктетіп кетті», – деген сөзі куә.

Мұқағали Мақатаев өлеңдері ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай еуроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңнің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, түрлендіре байытты да, сонымен қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашып, ұлттық поэзияның шашасына шаң тимес тарланбозы ретінде мәңгілік ұялап қалды. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық дәстүрлерімен шынайы құнарландырды.

Мұқағали тілі – нағыз халық тілі. Ақын халықтың ана тілінің кәусар бұлағынан қанып ішті. Халықтың бай тіліне мұрагерлік етті, ұлы тұлға Махамбеттен жыраулық үлгі алса, алып Абайдан ақындық дәстүр қабылдады.

Мұқағали тілі – көздері ашылып зерттелмеген, халық байлығына айналып кеткен асыл қазына.

ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНІҢ МҰҚАҒАЛИ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТЕРЕҢДІГІ

Мұқағали Мақатаев поэзиясы әлем қазақ-тарына керуен тартып, қиырды шарлап кетті, ол киелі жырдың құдіретті күші арқылы өзінің сан миллион оқырмандарының жүрегінен жол тауып, мойындатып, артына мәңгілік өлмес жырын қалдырып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, артына алтындай мұра тастап кеткен Мақа-таевтың арамыздан аттанып кеткеніне де 45 жыл өтсе де ұлт рухының сәуле шашқан жырлары мәңгі жасайды!

Ешікім қайталамас киелі жыр жазған Мұқағали Мақатаевтың ардақты есімінің ел ауызында аңызға айналып, жылдардың өтуі мен беделі мен мәртебесінің асқақтап биікке көтерілуі, ақынның қазақ даласының құнарлы топырағының ұшан-теңіз ауыз әдебиетінің алтын бастауынан сусындап жетілген парасат иесі екенін дәлелдейді. Сол үшін Мұқағалиды әдебиет танушылар «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» деп тектен-тек айтпаған.

Біз аса теңдесі жоқ ақын Мұқағалидың поэзия әлемінің қыры мен сырына үңілу үшін ақынның әрбір өлеңін мұқият назар сала зерттеуіміз қажет. Заманымыздан шыққан ең үздік суреткер «Қазынам бар» атты жырында:

Қазынам бар.

Тәуекел, сатсам ба екен?!

Өзіңдікін өзгеге сатсаң бөтен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба  екен ?!

Қазынам бар.

Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады біреулер, жек көреді.

Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін!

Алам десең, алдымен зертте мені, – деп айтуында үлкен сыр жатыр.

Мұқағали Мақатаев – туған халқының атағы мен даңқын аспандатқан, көз жетпес зеңгір көктің биігінен дара көрінген санаулы жарық жұлдыздың бірі. Оның поэзиясының сыры – ешбір суреткер қайталай алмайтындығында. Өткен күнге зер салып қарасақ, тағдыр сынынан сүрінбей өткен жыр патшасы аталған Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарих-шежіре, діндік сеніммен біте қайнасып кеткен. Сондықтан оның аты әлем қазақтарының жүрегінен терең орыналды.

Биыл қазақ поэзиясының Хантәңірі аталған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы. Өлеңде де, өнерде де шекара жоқ. Мұқағали қазынасы – адамзатқа ортақ мұра. Біз адамзатқа ортақ мұра болған Абай поэзиясын қалай танысақ, Мұқағали поэзиясын да солай тануымыз керек.

Ұлы суреткердің «Райымбек! Райымбек!», «Аққулар ұйықтағанда», «Моцарт. Жан азасы», «Бала шақтан – болашаққа» атты сүбелі дастандары мен «Үш бақытым», «Мен таулықпын», «Поэзия», «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін», «Қабағы таудың қатулы», «Бір адам өлсе», «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Қара өлең», «Түсіме тау кіреді» және басқа шоқтығы биік ұлттық рухқа бай шығармалары әр қандай оқырманға терең ой салады.

Қазақ ұлты – тарихы ұзақ сан ғасырды бастан кешіру барысында өзінің баға жетпес шұғылалы мәдениетін жаратқан халықтардың бірі. Қай халық болсын оның тарихы мен мәдениеті қатар өмір сүреді.

Қазақ ұлты – салт-дәстүрге бай халық. Ата-бабаларымыз «Бесігіңді сақта, салтыңды сатпа», «Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа» деп, ұрпақтарына ұлағатты тәрбие жүргізіп отырған. Кемеңгер, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, – деп айтқаны, халқымыздың тал бесіктен жер бесікке дейін өлең қуып өскен ұлт екенін аңғартады.

«Жоқтау жыры» – қазақ халқының өте ертеден жалғасып келе жатқан тұр-мыс-салтына байланысты дәстүрлердің бірі. Халық ауыз әдебиетінде «жоқтау» шығарушылар әуелгіде ақын-жазушылар мен өлең жазуға қабілеті бар адамдар болса, кейінгілер бұрынғы жоқтауларды жаттап алып, оны қайтыс болған адамның өміріне жанаспайтын жерлерін алып тастап, кейбір мазмұндарын қосып жоқтау жырын құрастырған. Ақын Абайдың «Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дейтіні, осы «жоқтау жыры».

Ұлы сөз зергері Мұқағали Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасы» атты дастанында:

Бір күндік сәуле....

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,

Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой! – деп бес күндік жалған өмірді өз шығармасына арқау етіп және оны суреттеп жеткізеді, бұл кез келген ақынның қолынан келе бермейді. Мұқағалидың «Моцарт. Жан азасы» атты жоқтау жырындағы тіл шеберлігі, ой тереңдігімен кемелдігі, кейіпкердің жан дүниесі, мазмұны, құрылымы жағынан жан-жақты жетілген шоқтығы биік шығарма деп кесіп айтуға болады.

Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз са-намайды,аққан жұлдызға қарамайды» деген ырымдар мен тыйымдар көп болған. Осындай ырымдар мен тыйымдарды ұлттық құндылықтар ретін де балаларына үйретіп, себебін түсіндіріп отырған.

Жұлдыз туралы таным-сенімдер түркі текті халықтарға негізінен ортақ жал-пыласқан. Соның ішінде қазақтар жұлдызды киелі санаған. Бұл туралы ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов «Қазақтар жұлдыздардың жер бетіндегі бақытқа әсер ететініне сенеді. Халық арасында көк күмбез жайында әңгімелер де баршылық. Енді біреулерінің пікірінше әрбір жұлдыз жер бетіндегі әр адамның жанымен байланысты. Адам өлген соң оның аспандағы жұлдызы да ағып түседі. Аспаннан ағып түскен жұлдыздарды көрген қазақтар: – менің жұлдызым жоғары, – дейді немесе ернін жыбырлатады. Болып-толған бақытты адамның жұлдызы жанған дейді» («Шоқан Уәлиханов шығармалары» Алматы, 1985 жыл, 179-бет), – деп баяндаған.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Бір адам өлсе» атты жырында:

– Бір адам өлсе,

Бір жұлдыз қоса сөнеді, –

Бір кезде біреу осылай маған деп еді.

Есімде әлі біреудің былай дегені:

– Бір адам туса,

Бір жұлдыз бірге келеді, - дейді.

Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» атты шығармасы экологиялық ортаны қорғауды арқау етілген, халықтық дәстүрмен бірлестіре жазылған шоқтығы биік поэма.

Ақын халқымыздың аққуды атпауы, өлтірмеуі, егер оны атса, өлтірсе жаман болады деген ырымын ескеріп, оқиғаның соңғы шешімін поэманың үшінші бөлімінде қарт жылқышы аузынан былай сөйлетеді:

Әй,балам!

Болмады ғой,болмады ғой,

Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.

Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,

Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!

Мін атқа, қайт ауылға, тағат қыл да,

... Білмеймін сор аттың ба,бақ аттың ба?!

Аққуға кезенерде, ырым жасап,

Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?

Мұқағали Мақатаевтың «Aққулар ұйық-тағанда» атты поэмасы ананың жалғыз ауру баласынан, «Жетім көлдің» аққуынан айрылған қайғылы трагедиямен аяқтайды. Мұқағалиды халықтың салт-дәстүріне жүйрік ірі ақын дедік. Ұлтымыз бүгінгі күні де аққуды ізгілік нышаны ретінде ардақтап келеді. Халық арасында әлі де аққудың қауырсынын бесіктің басына немесе балалардың омырауына, тақиясының басына ырымдап тағып келген салт-дәс-түрі бар. Ал бұрынырақта бақсы-балгер, абыздар аққудың терісін басына киіп, оған сыйынатын әдеттер болған. Қазақта адам қайтыс болғанда оның бала-шағасы, туыс-туғандары зарлы әуен шығарып, дауыс айтып жоқтайтын салты болған. Осындағы мұңлы әуен аққудың зарынан келген деп қарайды.

Мұқағали ғұмыры да зарлы аққу тағдырына ұқсап кетеді. 

Мұқағали жырына арқау болған аққуды қазақ халқы ізгіліктің нышаны деп қарайды. Киелі құс аққу албаты жерге, кез келген көлге қона бермейді. Ол су таңдап, жер талдап қонатын қасиетті, пәк құс. Егер жылда аққу келіп мекендеп жүрген бір көлге немесе жерге аққу аяқ астынан келмей қалса, сол өңірде бір жаманшылық болады, не жұт жүреді, не соғыс болып ел тыныштықтан айрылады. «Жетімкөл» сондай сұмдық тағдырды бастан кешіреді. Ақынның «Aққулар ұйықтағанда» атты поэмасындағы мұңлы әуен аққудың зарынан келген. Егер жұп аққудың бір сыңары өліп қалса немесе мерген біреуін атып алса, енді бір сыңары мәңгі басқа бір жұпқа қосылмай, өмірден сұңқылдаған күйде өтеді екен. Мұқағалидың әрбір өлең шумағы сай-сүйегіңді сырқыратады, аққудың зарлы әуенін естисің, өйткені, Мұқағали зары мен аққу зары үндесіп жатады.

Ақынның «Наурыз айы туғанда» атты өлеңі ұлтымыздың ата дәстүрін тақырып етіп жазылған шығарма. Наурыз – қазақ халқы өте жоғары бағалап, қастерлеп өткізетін тарихы ұзақ ұлттық мерекелердің бірі. Наурыз – жаңа жыл мен жаңа күн басталған қасиетті күн. Қазақ күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы, әр жылдың 22 наурызында күн мен түн теңеліп, ұлыстың ұлы күні наурыз басталады. Халқымызда наурыз көже, ет, сүт, су,тұз, бидай, құрт, жеміс сияқты жеті түрлі дәмнен жасалады. Наурыз күні басқалармен ренжісуге, көңілге тиетін ауыр сөз айтуға тыйым салынады. Өйткені «Жыл басы қалай басталса, соңы да солай болады» деп ырым жасаған.

Қазақ дәстүрін тереңінен зерттеген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Наурыз айы туғанда» атты жырында:

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда, деп өлеңмен өрнек түйіп, ұлыстың ұлы күнін ерекше қастерлеп ұлағаттайды.

Біртуар дара талант иесі Мақатаев поэзиясында ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйым, тарих-шежіре, тіл, дін, т.б. ұлттық өркениетке қатысты мазмұндар молынан кездесіп жатады.

Мұқағали Мақатаевтың «Сәуір айы» атты жырында:

Ақ нөсер, өткіншісі – бәрі дайын,

Сабылып келген мына сәуір айын,

Құтты көріп, дихандар құптағанмен,

Малшылар салып отыр сары уайым, – деп сәуір айындағы сахарадағы халық тірлігін сөз етеді. Ақын жырында айтып отырған сәуір айын халық «көкек айы» деп те атайды. Сәуір – наурыздан кейінгі ай. Бұл мезгілде қар еріп, су тасып, күн жылына бастайды. Ағаш бүрлеп, көк қаулап өседі. Дихандар егін егіп, малшылар жаппай мал төлдетеді. Жарлының ауызы аққа тиіп, уызға тойып, құс жұмыртқалай бастайды. Халық «Наурыз келмей жаз болмас, сәуір болмай мәз болмас» дейді. Ұлы суреткер Мұқағали «Сәуір айы – қазақтың тәуір айы» дегенде халықтық дәстүрдің даналығы айтылған.

Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген екен. Сол тарих шежіресін тасқа жазған ұлттардың бірі қазақ халқы.

Тарих жолы – қым-қуыт күрделі, алысқа керуен тартқан ұзақ сапар. Ұлтымызда болашақ ұрпақтарға тарих-шежіре үйрету дәстүрі ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиет. Халықсыз шежіре де, тарих та болған емес. Ақиық ақын Мұқағали «Алтын адам» атты жырында:

Кім болды екен алтынды аптайтындай,

Алтын жиған шонжар ма, жатпай-тұрмай?!

Кім де болсаң,

Ей, пенде!

Күн кештің ғой,

Ажал келсе алтының сақтайтындай,

Алтын табыт ішіндей жатпайтындай... – деп ежелгі заман тарих қатпарынан сыр шертіп, аты аңызға айналған алтын адам туралы өз оқырмандарына үлкен ой тастап, көне тарихтың жұмбақ сырын білуге жетелейді.

Ақын өлеңнің ең соңғы шумағында:

Шежіремді ұрлапты,

Зулапты күн.

Ғасырлардан бір ызың тыңдап  тұрмын.

Алтын адам шынымен қазақ болса,

Білген екен құнының қымбаттығын! – деп, аумалы-төкпелі заманда жамау-жасқау түскен, бүгінге басы аман, бауыры бүтін жетпеген ескі тарихымызды ойға салады. Ақын «Алтын адам» жырында жалғанды жалпағынан басып, алтын тағына мәз болған ханның да, қараның да бұл дүниеден өтетін өмір заңдылығын шебер суреткерлігімен жеткізе жазған. Мұқағали мұрасы – көзі ашылмаған, зерттелмеген үлкен кен секілді. Біз ұлы классик ақынның тұтас поэзиясына зер сала қарасақ, ұлттық салт-дәстүрмен жаңашылдықты өзара ұштастырған аса дарынды парасат иесі екенін байқаймыз. Мұқағали поэзиясы – ұлттық салт-дәстүрмен сабақтасып, біте қайнасып, тереңге тамыр тартып кеткен ұлы поэзия, оның поэзиясы ұлттық құндылықтарды білуге өз оқырманын баурап, үйретуді парыз еткен, тәрбиелілігі күшті, дәстүр мен жаңашылдық идея қорытылған, парасатқа бай, ешкім қайталамас, өзіндік даралығы бар ғажайып құбылыс қалыптастырған үлкен сөз өнерін үйрететін мектеп. Мұқағали жыр әлемі – күллі қазақ даласының көгінде самғап, өз оқырмандарының жүрегіне күшті ұлттық рухтың нұр сәулесін шашып кетті...

Қазақ әдебиетінің заңғар классик ақыны Мұқағали Мақатаев өзі жазған күнделігінде: «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім одан әрідегі ұрпақтардың туысымын» дейді. Міне ақынның осы жазбасынан өз тағдырын алдын ала болжаған әулиелігін білуге болады.

Сөз жияр

Мұқағали Мақатаев әулие ақын, оның әулиелігі ұлт рухына терең тамыр тартқан қасиетті поэзиясының құдіретінде жатыр. Ұлт рухының қайнар көзі – ұлттың тілі мен салт-дәстүрімен сабақтасып жатқан алтын шынжыр іспетті. Әр халықтың өзіне тән ұлттық рухы болады. Сол ұлттық рухы арқылы әрбір ұлт бір-бірінен парықталып тұрады. Шетелдік аты әйгілі қайраткерлердің бірі Нельсон Манделаның «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген тағдырлы сөзі кімге болса да үлкен ой салады. Қазақтың тілі мен дәстүрін аман сақтап қалған Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сияқты тұлғалар екенінде талас жоқ.

Мұқағалидың атақ-даңққа жетуі, ұлттың рухқа бай жырларының тереңге тамыр тартуы туған халқының ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен сусындауы болса, кіндік қаны төгіліп, кір жуып өскен Аспантау елінде жасаған алдыңғы буын өнер жұлдыздарынан өнеге алған, киелі өнер сабақтастығымен жалғасын тауып жатыр. Мұқағали Мақатаев – қасиетті Аспантау жайлаған елдің өнер мектебінен оқып, мықтап тәрбие алып жетілген, жыр теңізін сапырып өткен, тағдыр қайталай дүниеге әкелген сол ұлы тұлғалардың жалғасы.

«Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дейді дана халқымыз. Аспантау етегін жайлаған жұртта Мұқағалидан ілгері жасаған өз дәуірінде атағы аспандаған киелі өнер сөздің майталмандарынан Қабай жырау, Құланаян Құлманбет, Албан Асан Барманбекұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Маралбайұлы, Шалтабай Алпарұлы, Рыскелді Сауданұлы, Шарғын Әлғазыұлы, Қойдым Дарубайқызы, тілінен сөз асылы ұйыған шешендерден Жанғабыл Әтекеұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Қашаған Әуелұлы, Сабаншы Сәйбек, күйші-әншілерден Қожеке Назарұлы, Егінбай Алтыбаев, Сәдіқожа Мошанұлы, Қапез Байғабылұлы, Сыбанқұл Қалбасұлы, т.б. беделді тұлғалар өткен. Осы өнер жұлдыздары шоғырының ұлт рухының күн шұғыласына шағылып, жылт-жылт етіп шашыраған нұр сәулесі бар. Мұқағали осы киелі құнарлы топырақтан жаралған дара тұлға.

Мұқағали – қазақтың жыр мәдениетін ең биік деңгейге көтерген кемеңгер ақын. Белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Қазақ жырының Хантәңірі» атты мақаласында: «Мен өзім біліп-таныған бергі ақындардан Мұқағалиға тең келетінін көргем жоқ. Мінсіз поэзияның нағыз жасаушысы да сол Мұқағали болатын. «Өлең маған аққудың қанатынан келеді» деген еді ақын. Мұқағали қолына қалам алып, толғанып, қиналып өлең жазбаған. Мұқағалиға расында өлең қонған, өлең түскен, Алладан жыр аяны, жыр баяны келген кісі. Періштелі ақын. Мұқағалидың өзі де өлең, сөзі де өлең, қаны да өлең, жаны да өлең. Мұқағали өлеңдерінің құдіретті, құздан құлағандай кесек, ірі, мұхиттың түбіндей терең. Табиғаттың өзіндей таза, бұлақтай мөлдір, гауһардай жарқырап, тасыған өзендей сарқырап, дулығалы батырдай бұрқанып, тұла бойынан жыр төгіліп, тұратыны сондықтан», – деп, Мұқағалидай жыр киесі бар ақынға ерекше жоғары бағасын берді.

Аумалы-төкпелі тағдырдың сынағынан сүрінбей өткен тағдырлы жырдың иесін тарих өзі қазақ халқының маңдайына сыйлады. Ақынға өлеңнің киесі Аспантау елінен қонған. Ешкім қайталамас мәңгілік жыры арқылы Аспантау елінің Мұзбалағы күллі әлем қазақтарының арасына керуен тарттып кетті.

Күллі әлемге даңқы кеткен қасиетті Хантәңірі бар асыл қазынасын құшағына басып шексіз ойға батып тұр, сол тарихы ұзақ ата Хантәңір шыңының ең биік заңғарының алтын төрінде Мұқағали Мақатаев деген қазақ ақыны малдас құрып отыр, Жаратушы дүниеге екі Хантәңірін қатар сыйлапты. Мұның біреуі – ұлы табиғат тарту еткен алып Хантәңірі, енді бірі – қазақ халқы сыйлаған адамзаттың Хантәңірі аталған, өр тұлғалы ұлт рухының сәулелі жарық жұлдызы – Мұқағали Мақатаев.

Жыр патшасы Мұқағали арамыздан ерте аттанып кетсе де, халықтың мәңгілік мақтанышына, мәңгілік мерейіне айналды. Туған халқының аяулы ақыны туралы Әбділда Тәжібаев: «Мұқағали сынды биік шыңның етегінде тұрғанымыз анық, ұзақ, өрлеу жолы әлі алда» деген өте әділ бағасын айтыпты.

Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаның атын тарих өзі алтын әріппен жазып қалдырды. Мұқағалидың мәртебесі – жалғыз қазақ халқының ғана мәртебесі емес, күллі түркі тілдес халықтардың заңғар шыңының ең биік төрінің алтын тағынан орын алған мәңгілік мәртебе.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

1963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз