• Ел мұраты
  • 20 Желтоқсан, 2021

АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,

әл-Фараби атындағы

 ҚазҰУ-дің доценті

Интертекст проблемасы М.Б.Ямпольский, И.И.Арнольд, У.Эко, Ж.Женетт, Ю.Кристева, Ю.Н.Тынянов, М.М.Бахтин, Ф.Де Соссюр, Г.В.Денисова, Ю.М.Лотман, М.Л.Гаспаров сияқты көптеген орыс және басқа да шетел ғалымдарының еңбектерінде тұжырымдалғаны белгілі. Қазақ әде-биеттануында интертекст проблемасы А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Е.Турсунов, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, Ө.Күмісбаев еңбектерінен бастау алып, С.Ағыбаеваның, А.Әділованың диссертациялық жұмыстарында жүйеленеді. Сондай-ақ, О.В.Васильева, Н.Богатова, К.Воронкова, Ж.В.Бурцева, К.С.Бұзаубағарова сияқты авторлардың мақалаларында талданады. Интертекст тар және кең мағынада қарастырылады. Бір жағынан, интертекст мәтін ішіндегі мәтін сипатында айқындалады (мәселен, Ю.М.Лотманның жұмыстарында). Екінші жағынан – интертекстуальдылық табиғаты зерделенеді (мәселен, Ю.Кристеваның, М.Бахтиннің, С.Кибальниктің еңбектерінде).

Алайда бұлардан кейінгі лингвистердің қилы көзқарастарын түйіндей келсек, көркем мәтінде келтірінді құрылымдарды тар мағынада қолдану автордың оларды әртүрлі мақсатта пайдалануымен түсіндіріледі. Ал интертекстуальдықты кең мағынада түсіну шетелдік ғалым Ю.Кристеваның еңбектеріне байланысты екені көпшілікке аян. Дегенмен орыс әдебиетінің білгірі М.М.Бахтин көркем шығарманың диалогтық сипаты туралы пайымдай келіп:

«В любой момент развития диалога существует огромные, неограниченные массы забытых смыслов, но в определенные моменты дальнейшего развития диалога, по ходу его, они снова вспомнятся и оживут в обновленном (в новом контексте) виде» деп жазады [1, 445].

Ғалымның пайымдауынша диалогизм көркем мәтін құрылымындағы цитаталық байланыстарды да меңзейді. Шығарма сюжетіндегі образдарындағы ұқсастық пен үндестік жайы қазақ ғалымдарының да еңбектерінде ерте кезден-ақ сөз бола бастады. Қазақтың ғұлама ғалымы М.Әуезов «Әр жылдар ойлары» атты зерттеу еңбегінде нәзирагөйлік дәстүрді еліктеу мен аудармадан алшақ алып пайымдауының мәнін бүгінгі күн тұрғысында ескерсек болады [2].

Зерттеуші А. Әділова интертекстуал-дылықты кең мағынада түсінуді Ю.Кристеваның, тар мағынада түсінуді Ю.М.Лотманның еңбектерімен байланысты қарастырады. Интертекстуалдылық кең мағынада – мәтіннен алынған цитаталардың тоғысу кеңістігі, әр мәтіннің басқа мәтінді өзіне сіңіріп алуы және оларды трансформациялауы. Ю.Лотман көрсеткен «мәтін ішіндегі мәтін» белгілері өткен ғасырдың 60-жылдарындағы қазақ көркем прозасында, М.Мағауиннің, Т.Әбдіковтің, Ә.Нұршайықовтың романдарында цитаталық атаудан бастап, түрлі поэзиялық мәтіндерден келтірілген үзінділер, кейіпкер хаттары, күнделіктері, түстері сияқты келтірінді (интертекстуалды) элементтердің бірнеше түрі кездесетінін пайымдайды. Интертекстуалдылықты әдебиеттанудағы «жалпы орындар», «тұрақты формулалар» ұғымдарымен байланысты қарастырған еңбектерді атайды. Интертекстуалдылықты тұжырымдаудағы шетел ғалымдарының көзқарастарындағы қайшылықтарға тоқ-талады [3, 67]. Зерттеуші Б.М.Гаспаровтың, И.В.Арнольдтің, интертекстуалды байланыстар туралы пікірлері мен топтамаларын маңызды деп санайды. Қазақ көркем мәтіндеріндегі интертекстуалдық элементтерге: өзгертілген цитатаға, орыс тіліндегі эпиграфқа, жасырын цитацияға, аллюзияға, реминисценцияларға мысалдар келтіреді.

Әдебиеттану мен лингвистикада «интертекст», «интертекстуалды», «интер-текстуалдылық» терминдері төңірегінде қайшылықты пікірлер көп. Соған қарамастан қазіргі уақытта интертекстуалдық проблемасын зерттеу жүйелі түрде қолға алына бастады. Әрине аталған мәселе тіл мен әдебиет тоғысында қарастырылып келеді. Дегенмен, қазақ әдебиетіндегі интер-текстуалдық байланыстың түпкі бастауы фольклорда екенін де пайымдауға болады. К.С.Бұзаубағарова интертекстуалдық теориясы тұрғысынан қазақтың ұлы ақыны Шәкерім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жазуда «қазақ халқының эстетикалық, тарихи және этикалық тәжірибесіне сүй-енгенін» сөз етеді. Демек «Еңлік Кебек» поэмасындағы кейіпкерлердің тағдырлары, есімдері «Қалқаман-Мамырдағы» кейіп-керлерге ауысады. Автор эпостық негізді сақтай отырып өз шығармасына «өзгелік» сипаттар дарыта отырып, жаңа туындыны жазып шығады. Фольклорлық сюжет – архетип Шәкерім өңдеуінде әлеуметтік адамгершіл жаңа сипатты иеленеді. Шәкәрім поэмасына фольклорлық интертекст айтарлықтай ықпал еткенмен автордың тек өзіне тән қолтаңбасы да ерекше. Сондықтан, Шәкәрім шығармаларындағы фольклорлық дәстүрді зерттеуші: «В поэмах Шакарима много недосказанного. Герои всю боль, все муки уносят с собой. Но это уже сюжет для другого произведения. А физическая среда фольклора не знает сопротивления. Этой особенностью фольклорной поэтики интертекстуально характеризуются поэмы Шакарима. Особенности фольклорного мира как центральной категории в поэтики жанрово-обусловленного эпоса демонстрируют фундаментальную роль фольклорного интертекста» [4, 448], – деп жазады.

Қазақ әдебиетінің әралуан жанрла-рындағы интертекстің стильдік қызметі мен құбылыстарын жүйелеу арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі И.И.Ильиннің айтуынша, әр мәтін интертекст болып табылады [5, 207]. Олай болса, осы күнге дейін қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығын, ақындардың шығармашылық өнеріндегі үндестікті ғана терең танып қана қоймай, интермәтін поэтикасын зерделеудің де маңыздылығын аңғаруға болады. Әсіресе, интермәтін ерекшеліктері Абай мен Шәкәрім поэзиясынан да айқын танылады. Әрине, Абаймен үндеспейтін, Абайды өзіне үлгі тұтпаған ақын жоқтың қасы екені белгілі. Мәселен, Жамбыл мен Абайдың ақындық қасиеттеріндегі үндестіктер аз емес. Екеуіне ортақ мүдде – ұлт мүддесі. Екі ақын ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарға жаны күйзеледі. Тығырықтан шығар жол іздейді. Абай:

«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

О да қылған кедейге үлкен сыйы» [6,77], десе, Жамбыл:

«Сараң байдың үйіне қонақ келсе,

Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап.

Кедей жомарт үйіне мейман келсе,

Жалғыз қойдың тұрады басын байлап» [7,29], – дейді. Қытымыр байдың қылықтарына күйініп, кедейдің мүшкіл халіне жаны ауырады. Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақындардың, әсіресе Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция болып табылады. Көрнекті зерттеуші Зәки Ахметов: «Кедейдің тұрмыс жайын суреттеудегі Абай салған із Сұлтанмахмұттың поэзиясында толыса келіп, үлкен арнаға айналды. Дарынды ақын «кеудесін есік тескен» кедей бейнесін шебер мүсіндеп берді» [ 8,78 ], – деп жазады. А.Ахматованың «Белая стая» (1915) өлеңіндегі «қайыршы» реминисценциясы Бунин, Горький, Блок шығармаларындағы «қайыршы» сөзінің  тарихи мәнімен, олардың «қайыршы Ресейге» деген сүйіспеншілігін айғақтайтын азаматтық үнімен қалай ассоциацияланса [9,267], Жамбыл мен Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәні де солай шендеседі. Жамбыл «Әлемде бір жұлдыз бар» өлеңіне Абайдың «Үміт алыс, өмір шақ» деген оралымын интермәтін сипатында шеберлікпен сыналап енгізгенін де көруге болады. Ал, «қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ұлы Абайдың өлеңдеріндегі реминисценциялар мен интертекстуалдық байланыстардың да түп негізі халықтық фольклорда жатқандығын ақын поэзиясын індете зерттеген көрнекті ғалым Зәки Ахметовтің: «Қызарып, сұрланып» секілді өлеңдерінде жастардың көңіл-күйін, жан сырын, сезімін өте нәзік көрсететін махаббат лирикасының жаңа үлгілерін туғызған Абай қазақ поэзиясында қалыптасқан қыздың портретін арнайы, бажайлап суреттеу тәсілінен бойын аулақ салмайды. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңінде Абай сұлу қыздың портретін суреттеудегі халықтық үлгіні шебер қолданады» [8,83], – деген пайымынан да аңғаруға болады. Тіпті, З. Ахметов «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты халық поэзиясындағы «ұйқастардың кейбірі Абай ұйқастырған сөздермен әуендес, ал кейбірі (былқылдап, бұлтылдап, қылтылдап, сыңқылдап) дәлме-дәл келетіндігін де айқындайды [8,88]. Фольклорды айтпағанда, Абайға дейінгі XV-XVIII ғасырлардағы ауызша шығарылып, ауызша таралған, авторы белгілі ақын-жыраулар, би-шешендер шығармашылығының да Абай поэзиясына ықпалы болғаны анық. Абай поэзиясында орыс, араб, парсы сөздері әрқилы мәнде қолданылатыны әлдеқашан сөз болғаны белгілі жайт. Ал, ақын-жыраулар поэзиясындағы, шешендік толғаулардағы тәуелсіздік рухына толы ел бірлігі, ел жайы, жер құты, ақылды басшыны аңсау немесе өмір мен өлім, ақыл жайлы философиялық тұжырымдар Абай өлеңдерінде өзгеше өң, тың өріс табатындығы да интертекст құбылыстарына айқын мысал болатыны аңғарылады. Мысалы, Абай берекелі ел, құтты жер жайын: «Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқалып, Бұлғақтайды соқса жел» деп сипаттаса, би-шешендер: «Жер деген – байлық, Ел деген – халық. Жер сәні – мыңғырған мал, ағылған аң, Аққан су, жайқалған ну» [10,42], – деп толғайды. Абай «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде ақыл мен қайратты адамгершілікпен ұштастыра өнеге етсе, Абайды өзгеше жақын тұтқан шәкірті Шәкәрім бұл мәселеде үндестік танытады. Сондай-ақ, Абайдың әйгілі «Жаз» өлеңіндегі етістікті қолданудағы ерекшеліктеріне ұқсас сипаттарды Шәкәрім Құдайбердіұлының «Өлген көңіл, ындынсыз өмір» өлеңіндегі табиғат пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі ерекшеліктерінен де тануға болады: «Көшейін деп қыбырлап, Ел қыстаудан қозғалды» немесе «Қырдан ойға дүбірлеп, Жас балалар шуласты. Күншуақта күбірлеп, Кемпір-шал да сырласты» [11,87].

Ал, Абай шығыс ақындарынша: «Иузи-рәушан, көзі-гәуһар» [12,35],–десе, Шәкәрім өзгешелеу мақаммен: «Гауһардай көзі, бұлбұлдай сөзі, Жаннан асқан бір пері» [11,27], деп жырлайды.

Қорыта айтқанда, халық поэзиясының қайнарынан нәр алған, сондай-ақ, Абай поэзиясына етене жақын болып, оның үлгісі мен өрнегін өз шығармашылығында өзіндік түр, өзгеше мазмұнмен байытқан Шәкәрім өлеңдеріндегі интертекст құбылыстарын тану қажеттігі мәселесі туындайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Бахтин М.М. Эстетика словесного искусства. – М., 1979.

2. Ауэзов М.О. Собрание сочинений в 50-ти томах. Т. 4.– Алматы: Ғылым, 2001.

3.Әділова А.С. Қазіргі қазақ көркем шығармаларындағы интертекстуалдықтың репрезентациясы, семантикасы, құрылымы. Ф.ғ.д. дәрежесін алу үшін жазылған дисс. Алматы, 2002; 312б.

4. Бузаубагарова К.С. Фольклор и литература: к вопросу об интертексте // Проблемы поэтики и стиховедения: Материалы V Международной научно-практической конференции. – Алматы, 2009. – С. 444-448.

5. Ильин И.И. Современное зарубежное литеротуроведение. – М.: Интрада, 1999.

6. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы.Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. – 2005 – 296 бет.

7. Жабаев Ж. Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы. Алматы: Ғылым, – 1-т. 1996. – 312 б.

8. Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. Зерттеу.–2-бас.-Алматы: Қазақ университеті, 2009.-368 б.

9. Хализев В. Е. Теория литературы: Учебник. – М.: Высшая школа, 2005.

10. Әлменұлы Б. Шешендік сөздер.-Алматы: Ғылым,1993.-144б.

11. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер,дастандар, қара сөздер. Құраст. М. Жармұхамедов, С. Дәуітов. [А. Құдайбердиев]-Алматы: Жазушы: 1988.-560 бет, суретті,портр.

12. Абай «Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы.-Алматы: Жазушы.-Т.1: Өлеңдер мен аудармалар.-2005-296 бет.

1036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз